С.Бегалин 1895 жылы 24 қарашада Семей облысы, Абай ауданы, Дегелең ауылында дүниеге келген. Қазақ жазушысы, балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. 1915 жылы Семей қаласындағы орыс-қырғыз училищесін бітірген. 1916 жылы патшаның жарлығына ілініп, майданның қара жұмысына алынған. 1929-1935 жылдары Дегелең болыстық атқару комитетінің председателі, Қарқаралы уездік атқару комитетінің мүшесі, бөлім меңгерушісінің орынбасары, аудандық халық судьясы болған. 1935-1956 жылдары «Темір жолшы» газетінде, ҚазССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтында, Қазақстан Жазушылар одағында жұмыс істеген. С.Бегалин әдеби шығармашылығын өлең жазудан бастаған. Жастарды еңбекке, өнерге, білімге шақырған алғашқы өлеңі «Қазақ бозбалаларына» 1914 жылы «Айқап» журналында басылған. Кейінгі кездері бейнелі ой тереңдігімен, лирикалық-романтикалық толғаныстарымен қазақ өміріндегі ұлы өзгерістерді, Ұлы Отан соғысындағы қазақ жауынгерлерінің қаһарман тұлғасын, туған жердің сұлу көркін шабыттана жырлаған «Қыран кегі» (1943), «Цимлян теңізі» (1953), «Таңдамалы» (1956), «Сыр қайнар» (1963) т.б. өлеңдер мен поэмалар, жас ұрпақтың өмір тануына, табиғат сырын ұғынуына ықпал ететін, отан сүйгіштік рухта тәрбиелейтін «Көксегеннің көргендері» (1948), «Ермектің алмасы» (1955,1985), «Сәтжан» (1947,1973, 1978), «Жас бұтақ» (1953), «Жеткіншектер» (1960), «Мектеп түлектері» (1961), «Шоқан асулары» (1971), «Қыран туралы аңыз» (1976), «Екі томдық шығармалар» (1979) т.б. әңгімелер мен повесттер жинақтары халқымыздың өмірінде болып жатқан жаңа өзгерістер, жаңа тұрмыс халық сүйіп құрметтеген жеке тұлғалар өмірін суреттейді. 1975 жылы Сапарғали Бегалиннің «Замана белестері» атты жаңа романы жарық көрген. Сондай-ақ, қазақ халқының ауыз әдебиеті үлгілерін жинау, сақтау, бағалау жөнінде жемісті қызметтер жасаған. Автор әдеби-ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысып, И.Байзақов, Д.Әлімбаев, Ш.Қошқарбаев, Қ.Терібаев, Т.Көлтіков сияқты халық ақындарының шығармаларын сұрыптап бастырып, олардың өмірбаяндарын алғаш жазған.
Ж.Жабаевтың өскен ортасы, ата-бабасы, алған тағлымы, мінез-құлық ерекшеліктері туралы «Жамбылдың ата-тегі, өмірі» (1946) атты ғылыми монография жазады. Тәттімбет, Әміре, Естай, Майра, Қажымұқан, Әбікен, Қалыбек өнерін кейінгі ұрпаққа таныстыруда да мол еңбек сіңірген. Т.Шевченко, А.Пушкин, М.Лермонтовтың жекелеген өлеңдерін, Д.Мамин-Сибиряк, Л.Соловьевтің кейбір әңгімелер мен повестерін қазақ тіліне аударған. С.Бегалин «Қаракөз», «Көктем», «Бесік жыры», «Ақ көгершін», «Сағындым сені сәулем-ай» т.б. 50-ге тарта өлеңдеріне ән шығарылған.
С.Бегалиннің «Замана белестері» атты көлемді туындысы автор көзбен көрген, бастан кешкен жағдайларға құрылған өмірбаяндық шығарма. Бұл романда оқиға 1910 жылдан басталып, 1928 жылдың науқанды кезеңімен аяқталады. Романдағы оқиғалар нақтылы өмір шындықтарына негізделген, оқиға желісі тартымды баяндалады. Роман он төрт бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімі «Сұр аттың сүргіні» деп аталады. Оқиға 1907 жылы Тәтімнің жалғыз сұр атының ұрлануынан басталады. Сол жылы Тәтім ауыл арасында ұрлықпен аты шыққан Жақсыбайды көріп, ол Тәтімнің астындағы атына сұқтанып, сатуын сұрайды. Қарсылық білдірген Тәтімнің аты бір күнде ішті-күйлі жоқ болып шығады.
Бұл романда Сапарғали Бегалин өз замандастарын, оның ішінде алуан түрлі қоғам, өнер қайраткерлерін көзден таса қалдырмай, өз шығармасына басты кейіпкер есебінде көріп, олардың жарқын бейнесін жасаған. Бұл романның негізгі мотиві – шын өмірдегі болған оқиғалар. ХХ ғасырдың басындағы ауыл тұрмысы, қала мен дала халқының адамгершілік межесіне жазушының көзқарасы таразыланып, шығарма бірінші жақтан баяндалады. Оқиға барысы автордың ішкі жан құбылыстарына орай, түйсіну, қорыту, бағалау әсерімен бейнеленген. Сондықтан да бұл шығармада сыршылдық ағым басым, нағыз халықтық мінездер мен ұнамды идеалдар терең сараймен суреттеледі.
Бұл романның барлық тарауларында ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі оқиғалар, өзгерістер, жаңалықтар жан-жақты әңгімеленеді. Автор белгілі қоғам қайраткері Мұқаметқали Тәтімов пен өзінің есі кіре бастаған балалық шағынан отызыншы жылдарға дейінгі қазақ өмірінің аса маңызды кезеңдерін байланыстыра шежірелеген. Дәуірдің түрлі тартыстары, қоғамдағы өзгерістердің мәнін ашуы, сан түрлі адамдардың мінезін көрсетуі, халықтың салты мен санасы, тіршілігі, психолоиясындағы өзгерістеді жіті байқап, білгірлікпен баяндайды.
«Замана белестері» романында қызықты оқиғалар мен оқырманға ғибрат беретін адамдар өмірін кеңінен суреттеген. Автор өзінің өмірінде таныған, араласқан адамдарының бәрін бірдей алмай, қоғамдағы орны бар, өмірі үлгі-өнеге болатын қаһармандарды таңдай білген.
Жазушының тай-құлындай тебісіп, жастайынан бірге өскен достары Жақия, Мұхаметқалилардың балалық шағынан бастап, ес жиып, күрес, еңбек, бақытқа жету үшін қажымай әрекеттенген қаһармандар дәрежесіне жеткізген. Жақия мен Мұқаметқалидың Тоқсанбай атының жалы мен құйрығының қылын кесіп алып, тұзақ жасауды ойластырып, ақыр-соңында екі ауыл қырғи-қабақ болып тынады. Оны жазушы былай әңгімелейді:
«Балалар алған қылдарын қойны-қоныштарына тығып, малдарын кезең асырып жайылымға жетті. Ширатылған екі буда қалың құйрығы кесілген көк ат селдіреп қалған құйрығын сипақтата қозғап, жайылымға жөнелді».
Автор романда өнер адамдарын ерекше сүйіспеншілікпен іш тарта суреттейді. «Өзіміздің елде Рахымбек деген аса бір өнерлі жігіт болатын. Сол Рахымбекті Дауыт өзіне басшы етіп ертіп келді, әрі әнші, сері, мінезі сондай сүйкімді, өзі сондай келісті сұлу Рахымбекті мен сондай жақсы көрем. Ол мені, өзінің ойындарын (асық ойыны, тағы бірнеше ұлт ойындарын) үйретті, өнерге баулыды», - дей келе, ең алғаш Абай атын осы Рахымбектен естігенін қызғылықты баяндайды. Сол кездегі Семей өңіріне аты әйгілі Кішкіл Қойшыбаев туралы да жылы лебізбен жаза отырып, оның өлеңді ауызекі ағыты сайрататынын көргені ойында өшпестей із қалдырғанын ерекше ілтипатпен жазады.
Бұл романның кей тұстарында ел өмірінің қиын жағдайы, бай, зиялы, саудагер өмірі кеңінен және нақты суреттелген. «...доңыз жұты бүкіл қазақ даласын ақсүйек еткен атақты жұт. Қайда барсаң жүген ұстап қалған, көгенін жинап алған, қосы жығылған ауыл. Жұт жеті ағайында дегендей, жұттан қалған қой-қозы ақсыз, төлін жарытпайды, ашаршылық. Малдан айрылған ауыл азаматтары пайда, кәсіп іздеуге Семей қаласына шұбыра бастады»,- дей келе, жұт артынан, шөп шүйгін болып, қалған ел аман-есен аузы аққа жеткенін нанымды баяндайды. Айналасына қамқорлықпен қарап, қайырымдылық көрсетіп жүрген Нұрғали мен Нәзипа Құлжановалардың өмірі туралы романда көп мәліметтер берілген. Екеуі туралы деректер сенімді, табиғи характерлерді сомдауға әсер еткен. Сапарғали Бегалин алғаш Семейге келгенде осы Құлжановтардың үйіне түсіп, Нұрғали ағасының қолында жүріп оқығанын үлкен құрметпен еске алады: «Менің осы мақтана айтып отырғанымның ерекше бір нәрі – Нұрекең мен Нәзипа жөніндегі үйінде тұрған бір жылдық өмірім еді. Өйткені, ол үйде Нұрекең мен Нәзипа жеңгейдің адамгершілік ерекше қасиеттерінің өзіме өнеге етсем, оның үстіне сол үйде тұрғанда жаңа заман сәулесіне ана тіліңді құрметтей оқитын газет-журнал болды», - деп бірінші рет Семей қаласында Құлжановтардың қазақтың ұлттық ойынын ұйымдастырғаны туралы да әңгімелейді.
Сондай-ақ, жазушы Қоянды жәрмеңкесіне барғаны, Рахымбек әншінің сүйгені Ыраштың соққыға жығылып өлгенін естігенін, ел ішін қайғыға қалдырған бұл оқиғадан Мұхаметқалидың да құлағдар болғаны айтылады. Бұл романда теңсіздік зардабын шеккен Ыраш бейнесі елеулі орын алған деуге болады. Автор әйелдің теңсіздігі қайғыға оқиғаларға апарып жүргенін терең, және әлеуметтік қайшылық бұтағын тарата түсіндіруге талпынған. Сүйгеніне жете алмаған Рахымбектің де апатқа ұшырағаны әңгімеленеді.
Шығарманың алтыншы тарауында Сапарғали училище бітіріп, семинарияға жолдама алады, қалыңдығы Сәлимаға үйленеді.
Атақты Қажымұқан Мұңайтпасов туралы тарауды да қызығып оқуға болады. Жазушы алғаш Қажымұқанды Семейде көреді. Оны былай суреттейді: «Нардай ерекше бітім, қалың қабақтан ойлана қарайтын қара көз, қалың ерін, жымырылған құлақ, барбиған балғын саусақтар бізге сондай бір тамаша көріністер». Балуанның өз аузынан Түркия мен Жапония еліндегі қажы атағанына ие болған палуан күрестері жайлы әңгімелетеді.
Романның барлық бөлімдерінде көбірек көрінген Нұрғали Құлжанов. Автор Нұрғалидың адамдық, азаматтық келбетін ашып көрсетеді. Ақтардың өшпенділігі күшейіп, бір түнде Нұрғали Құлжановты атып кеткендігі туралы өкінішпен жазады. Қазақ халқы үшін, бақыты үшін жан аямай қайрат-жігер жұмсаған Н.Құлжановтың қазақ тарихында қайраткер болғанын романшы нанымды жеткізе білген. Жазушы халық ортасынан шыққан, сол кезең жайлы мемуарлық үлкен шығарма жазуға құқылы екеніндігіне роман бойында дәлелдер көп. Ел өмірінде әртүрлі өзгеріс, сол кезеңдегі зиялы, кедей орташаның іс-әрекеті анық суреттелгенімен құнды. Осы қалың оқиғалар авторды бей-жай қалдырмай өсуіне, ғибрат алуына мол септігін тигізгенге ұқсайды. Өзінің ақтармен күреске қатысқанын былай баяндайды: «Соғыс бұрынғыдан да күшейді. Ақтар чехтардан мадиярлардан екпінді отрядтар құрып, шабуылды күшейтті. Біздің тәртібіміз нағыз әскери жағдайға көшті. Соғыссыз уақытымыз, өте аз. 1919 жылдың бас кезінде ақтарды ең мықты тобы Колчак басқарған Сібір өлкесіне ауысып, бізге үлкен-үлкен қысымдар туғызды», - дейді.
Бұл романның оныншы тарауында М.Әуезов туралы әңгіме қозғалады. Сол кездегі Мұхтар портретін жазушы көзімен былай суреттейді: «...кере қарыс, кең маңдайлы, ойлы үлкен көз, қараторы толықша жігітке назар тастап, сөз тосты. Ә, дегенде шешіле бастап кетпей, кібіртіктеп бастап, сөзін мәнерлі ырғақты үнмен ағытатын әдетін істеді». Романның әр тарауында кейіпкерлер өмірінің жаңа қадамдарын, бағдарын көреміз. Шын мәніндегі халық өмірінің шежіресі деуіміздің себебі, сол кездегі қазақ ауылындағы той, көкпар, қыз қуу, жерден теңге алу, ат үстіне тұрып ойын көрсету, жамбы ату ойындары кеңінен көрсетілген.
Романның алтыншы тарауында Әміре Қашаубаевты суреттеген тұстары тартымды әрі сенімді шыққан. Әміренің ел сағынып, жер сағынып, ағайын ортасына келгендегі сәттері Арқаның әсем бір кездерімен салыстырыла, сәнді бейнеленеді.
Әмірені ерекше сүйіспеншілікпен суреттеген автор: «Әміренің туған елі Дегелең болысына қараған Тарақты руы, оның ішінде «Атан», оның ішінде «Ала көз Шәку» деген атаның баласы екен. Әміренің әкесі Қашаубай Әміре туған кезде кедейлікпен сонау Қарқаралы маңында бір жекжатына барып, сонан Семей түсіпті. Әміре бұл сияқты өмірбаянын осы бір кездескен уақытта сұрап таныстым”,- дей келе, «Ағаш аяқ», «Екі жирен», «Қарға», т.б. Әндерін қызығып тыңдаған жұрттың ілтипатын, өзгеше өрнекпен жазады. Бұл тұстан әнші өмірінің кей кезеңдерімен елестер көз алдымызға елестейтіні сөзсіз.
Қорыта айтқанда, жазушы Сапарғали Бегалиннің «Замана белестері» романы санқилы өмір көрінісін, оқиға, деректерді қаз қалпында бере білген шығарма. 1910 жыл мен 1928 жылдар аралағындағы оқиғаларды беру арқылы қазақ халқының өмірі мен тағдыры, ескі және жаңа заманның қайшылықтары, автордың тебіреністері ашық берілгендігімен жазушының өмірге көзқарасы, толғамы, тұжырымы, іс-әрекеті арқылы ашылуы таныла отырып, «Замана белестері» салмақты стильде жазылған шығармалар сапына кіреді деуге болады.
К
Келешек кіріспесі
Т.Тілеуханов
Жазушы Төлек Тілеуханов “Келешек кіріспесі” атты романын қазіргі қазақ прозасында қалыптасқан әдеттегі үлгілерден өзгеше құрған. Мұнда автор жеке кейіпкерлердің күнделікті тұрмысы мен іс-әрекеттерін басынан-аяғына қарай қумалап, тәптіштей суреттеуге бой алдырмайды. Романның негізгі сипаты болып танылатын – адам психологиясын талдауға бірден бойлай еніп, әр жастағы түрлі мамандық өкілдерінің жан-дүниесін ашуға ден қояды.
Қазіргі дамыған социалистік қоғамымызда адамдардың сезім-сырлары да, ой-толғамы да, әлемді барлауы да бұрынғы кездегіден басқаша қалып алды. Олардың арасындағы тартыстардың өзі өзгеріп, адамгершіл ар, асқақ ой, асыл азаматтық тұрғы, адал жан сезім-сырлары, биік моральдық ождан, т.б. осылар сияқты адам бойындағы саналық қасиеттердің тартысы күн тәртібіне батыл қойылып отырғанын жазушы жақсы аңғарған.
“Келешек кіріспесі” романындағы жазушының суреттеу объектісі – негізінен интеллектуалдық қауым. Ойы өзекті, білімі терең, сезімтал адамдармен оқушыны жүздестіру арқылы олардың арман-тілектеріне, жан-күйлеріне ортақтастырады. Әр кейіпкердің өзіне жасаған психологиялық талдауы арқылы сол кейіпкерді ғана танытып қоймайды, оқушының да өзіне-өзі талдау жасауына, өзінің де, басқаның да болмыс-табиғатын танып-білуіне түрткі болады.
Адам бойындағы ізгі қасиеттерді, патриоттық сезімді, қоғамшылдық пен азаматтық борышты алға тарта отырып, автор бүгінгі замандастарымыздың ішіндегі озық, жағымды кейіпкердің жиынтық бейнесін жасауды мақсат еткен. Осындай жақсы қасиеттердің көрінісі бас кейіпкер Балбектің айналасынан ғана танылмайды, басқа да образдар арқылы тереңдей тиянақталып, жан-жақты суреттеледі. Мысалы, адалдық пен шынайылықты ту қылып ұстап, шындықтың жолы үшін өзінің бала кезден бірге өскен қимас досынан да ажырасқан Өмірбай ғалым; үлкенге де кішіге де ықыласты көмегін ала жүгіретін, еліне тек еңбегімен ғана емес, үлгілі тұрмыс-тіршілігі, өнегелі ақылымен де, пайда-көмек келтірсем деп жан ұшырып жүрген, сөз бен іске бірдей ұста Рызықберді: өзгенің бойындағы жақсы қасиеттерді сүйсіне дәріптеп, жамандық қылығы үшін кімді болса да аямай сынайтын, өзіне де, басқаға да сын көзімен қарайтын Әлімхан; ғылым мен еңбекті қатар ұштастырған, әзіл-оспақтың өзін де адамға бір пайдасын тигізуге жұмсауға тырысатын Шаяхмет, адам бойында жақсылықтан өзге ештеңе болуға тиіс емес деп сенетін, ақылы мен нәзіктігі қабат үйлескен Қырмызы; өзгенің бақытты болуы үшін өз бақытынан бас тартуға даяр, сезімді ақылға жеңгізген Балауса; тағы осы сияқты образдар біріне-бірі жалғасып, тұтасуы арқылы бас кейіпкер Балбекті әр қырынан аша, толықтыра түседі. Ол сан қилы өмір көріністеріне, әлемдік құбылыстарға, адамның сыр-сипаты, мінез-құлқы, іс-әрекетіне ой көзімен қарап, сананың сарабына салады. Өмірдегі де, адамдардың да шындыққа алдымен өзін тану арқылы жетуге бой ұрған Балбек өзіне де, өзгеге де үнемі психологиялық талдау жасап жүреді.
Адам бойындағы сөз бен істің, шын тұлғаң мен сырт жұртқа көрінер бейнеңнің арасындағы айырма-қайшылықтардың алғашқы белгілерін Балбек өзінің достары Рысбек пен Мүсілімнен байқайды. Рысбек пен Мүсілімнің Балбекке белгілі кейпі мен сыртқа танылған тұлғалары екі басқа. Рысбектің “сөзі - періште, өзі - сайтан”. Мүсілім де одан қалыспайды. Қара бастарының қамы, атақ шығарудың амалы үшін қандай әрекеттен де тайынбайтын Рысбек пен Мүсілімнің іс-қылықтарына Балбек талдау жасап қана қоймайды, күйзеле қиналады, бірақ көпке дейін тек ескертпеден, ой таласынан аса алмай жүреді. Тіпті солардың ауқымына түсіп кететін кездері де жоқ емес. Осы орайда Балбектің бойында жастық албырттықтың, пендеге тән осалдық пен қобалжулардың бар екенін автор орынды көрсеткен.
Романда Балбек пен қырлы сезімнің, үлкен толғаныстың адамы ретінде танылады. Сол толғаныстардың үлкен бір саласы етіп автор жолдастық қарым-қатынасты, достық сезімді алады. Балбектің бойындағы достық-жолдастық сезімдер әрі жүрек қалауы – адамгершілік белгісі; әрі адам ойының моральдық, философиялық көрінісі. Рысбек пен Мүсілімнің қайшылықтары мен жағымсыз қылықтарын ол ерте-ақ таныған адам, сүйтсе де, олардан көпке дейін ара-қатынастарын үзе алмай жүруінде терең сырлар барын ұғамыз. Рысбек пен Мүсілімді Балбек балалық пәк шағының куәсі деп қана емес, сол ыстық күндердің өзі деп біледі. Балалық дәурендері, армандары, сырлары – бәрі бірге өткен. Олардың жүректің осындай бірге қалыптасқан нәзік қылын оп-оңай үзе алмай толғаныс-тартысқа түсулері заңды. Себебі оның жүрегінде әрі қимастық сезім бар, әрі достықтың парызы бар.
Екіншіден, романдағы Балбек бейнесі өз бойына жақсылық пен жамандықты қатар сыйғызбақшы емес. Адам есейген шағында, дүниетанымның кеңіп, адамдық парыздың өскен шағында тек балалық әсермен, қимастық көңілмен жүре алмайтыны Балбек ашық ұғады. Әрине, сана мен көзқарастағы айырмаға мән бермеу көнбістік жасау – оған жат. Сондай-ақ Балбек достықтан қашуға сылтау да іздемейді. Қайта ол достықтарын нығайта түсуге... Мүсілім мен Рысбекке ықпал етуге тырысады.
Рысбек пен Мүсілімнің жасанды қылықтарын, көрсеқызар сезімдерін әшкерелеп, беттеріне басады. “Өмірдегі күрес” деген ұғымның біреулердің жағасына жармасып, сыбағасына таласу, табысын қызғану емес екенін тәптіштеп бағады. Ақыры, олардың өз жолдарынан қайтпасын білген соң ғана амалсыз ара үзеді.
Романдағы осындай достық сезім мен жолдастық қатынас балалық шағынан бірге өсіп, бірге жүрген, бұл күнде үлкен ғалымдар атанған Өмірбай мен Жолбосын арасындағы қарым-қатынасты параллель көрсету арқылы әлі терең сырлы, әрі астарлы суреттер, дара характерлер жасалады.
Достықтың арасына ешқандай жалғандықтың да, шарттың да жүрмейтіндігін, достықтың белгісі бір-біріне деген ықыластан, бағалаудан басталатындығын, идеал биігінен табысуларымен жалғасатынын Балбек - Әлімхан – Шаяхмет әрекеттері арқылы автор өз ойын бекемдей, өрбіте түседі.
Жазушы жасаған арманшыл адам жас бейнесі өзінің пәк сезімі дүниесімен де дараланады. Жалған жолға түсіп, жазықсыздың жанын жарламайды. Жастық сезімнің буына мастануға бойын билетпейді. Балбектің сүйіспеншілік пен махаббатқа деген көзқарастары биік моральға жауап берерлік, сана салмағына сай және тұрақты. Рас, оның бойында жастық желіктің көрініп қалатын тұсы байқалады. Автор Балбекті штампыға салып, періштеше бір жақты суреттей бермейді. Өмір жолы қалыптасу үстіндегі жас адамға тән азды-көпті қайшылықтар оның бойында да бар. Ажар деген қызға еліге қалуы, Бикен деген қыз алдындағы қобалжулары оның періште емес, адам екенін танытар табиғи құбылыстар. Ол қаһарман бойындағы нәзік сезімталдық пен жүрек қалауын іздеу жолындағы алас ұрған өмір көріністерінің елестері. Әр тұста оның арманшыл, жүрегі өзіне ғана арналған адам махаббатын іздейді.
Балбек образының үлгі берерліктей, ой-сезімге түрткі саларлықтай, өмірдің мән-мақсатына толғана қарарлықтай өнегесі қай қырынан алып қарасақ та баршылық.
Біздің кемелденген қоғамымыздың қазіргі жастарына тән терең толғаныс, өмірдің шағын құбылыстарынан бастап, әлемдік оқиғаларға дейін өзіндік философиялық түйін қорыту, сол өз көкірегінде қорытқан жеке түйінін белгілі шындықтармен салғастырып барып түсіну; замандастарымыздың жеке басын ғана құнттамай, өз қоғамымыздағы, әлемнің қиыр шетіндегі жағымсыз көріністің бәрін жүрегіне жақын қабылдап, жаны ауыратындығы сияқты азаматтық тебіреністерді Балбек образы арқылы да, романдағы авторлық позиция арқылы да жақсы таныта білген.
Романдағы негізгі желі Балбек бейнесінің айналасында өрбігенімен, автор әр кейіпкердің төңірегінде жеке-жеке проблемалар көтереді. Мысалы, Өмірбай мен Жолбосынның іс-қылықтары арқылы талант пен талғампаздықтың, іздену мен тоқыраушылықтың ара салмағын таразыға тартады. Осы мәселелердің салмағы мен ара жігі Жолбосын мен Марғаскиннің арасындағы айтыс кезінде ашыла түседі.
Өмірбай сияқты нағыз ғалым өзінің бұған дейінгі жетістігін қанағат тұта алмайды. Адамзат тарихын қайта ақтарып, басқаша тәсілмен қайда жазбақ. Тарих болғанда, адамзат өмірінің бізге белгілі тарихы белгілері мен қоғамдық құрылысын емес, өткен дәуір адамдарының бүкіл тіршілігінің барша қыр-сырын философиялық тұрғыдан бүгінгі ұрпаққа мүлде жаңа тұрғыда таныстыруды мақсат етеді. Тарих пен әдебиетті ұштастыру арқылы ертедегі дәуір адамдарынан бастап, бүгінгі күнге шейінгілерінің әрі тарихи, әрі көркем жанды бейнесін жасап, олардың жақсы қасиеттері мен істерін қазіргі қоғам керегіне, игілігіне жаратуға талпынады.
Өмірбай – шынайы ғалым, білім парасаты жоғары тұлға. Ол – жастық қызуын, романтикалық ұшқыр қиял жалынын бойында сақтаған адам. Ойы мен бойы толысқан, мақсаты үшін күреске белін бекем буған, тынымсыз әрекеттің, жалықпас ізденістің, жіті жігердің адамы. Басқа ғалымдарға тән құрғақ, бір бет характер емес, жан дүниесі де бай, оның бойында жалпы гуманистік пен ішкі сезім дүниесі ұштасқандай.
Автордың жағымды кейіпкердің өзгеше жаңа үлгісін көрсету мақсатын Әлімхан мен Шаяхмет бейнелері жақсы танытады. Олардың бірі – студент, екіншісі – жұмысшы.
Шаяхмет – жұмысшы табының жаңа өкілі. Еңбектің өнімділігін арттыру, сапасын шыңдау жолына жаңа әдістер іздейді. Адамдарды өзінше жаңаша ұйымдастыруға ұмтылады. Оның еңбекке де, еңбек адамына да көзқарасы келешек талабына сай ғылымға негізделген, жаңаша қалыптасқан. Оқуды, білімді құжат алу немесе қызметте жоғарылау үшін деп ойлайтындарға оның әрекеті мүлде қарсы. Білім-келешек керегіне ұштасып, адам үшін қызмет етуі абзал. Оқу, өнер-білім – адамды рухани өсіріп жетілдіретін, ақылын өсіріп, мамандығын арттыратын өмір қажеті, тіршілік қамы.
Балбек пен Қырмызының арасындағы бір-бірін үнсіз ұғысқан ішкі сезімдер әрі нәзіктігімен, әрі тазалығымен оқушы жүрегін ерекше баурайды. Бұлардың арасындағы жүрек тебіреністері, әрқайсысының өзінің жүрегімен арпалыстары, “көзбен көріп, ішпен білістері” өте нәзік, жазушы суреттеуінде бұлардың ара қатысы прозамен жазылған тамаша лирика деуге лайық.
Романдағы танылатын тағы бір ерекшелік - өмірді жай ғана суреттеу, адам табиғатын танытып, шындықты көрсету автор үшін аз сияқты. Әрбір образбен, әр көрініспен ашық та, астарлап та біздің қоғамымызға тән жоғары моральдық мәселелерді орынды көтеріп, шығарманың тәрбиелік мәнін, образдар салмағын арттыра түседі. Бұл – қазіргі талаптарға сай көтерілген өте қажет бастама. Кеңес азаматтарына тән жаңа мораль белгілерін жинақтау, оны өмірге енгізу – күні жеткен ең қажет іс.
Автордың портрет жасау, мінездеме беру тәсілінен де өзіндік ерекшелік байқалады. Жазушы кейіпкердің аты аталған бетте үйіп-төгіп оның портретін бірден таныстырмайды. Көбіне сол кейіпкерге тән белгілі бір ерекшелігін ғана бөліп алып, кейіпкердің іс-әрекет, мінез-құлқына орай орнымен ғана бірте-бірте суреттейді. Осыдан болса керек, шығарма сюжеті жинақы, артық-кем дерлік олпы-солпылық орын алмайды.
Романдағы әрбір кейіпкер әрекеттері терең толғанысқа негізделеді. Олардың ой-бойларына сай, характер әрекеттеріне лайық сөздерімен де дараланады. Парасатты адамдардың терең ойлары шешен толғаныстар арқылы ашылған.
Қорыта келгенде, “Келешек кіріспесі” романы - өзіндік бітімі, өзіндік пішіні бар, тақырыбы жағынан да, образдары жағынан да сонылықтың нышанын танытатын шығарма.
Комендант
Қ.Исабаев
Жазушы Қалмұқан Исабайдың “Комендант” атты кітабы жанрлық сипаты жағынан шытырман оқиғалы роман түріне жатады. Бір қызығы, осы шырғалаң оқиғалы романның өзі талай шырғалаңға түсті...
Кітап алғаш рет “Бетпе-бет” деген атпен, 9000 дана таралыммен 1963 жылдың аяғында шықты. Арада бір ай өтер өтпесте баспа директорына шақырылып, роман тақырыбының социалистік қоғам талабына сай еместігі себепті қатты айыпталды. Сөйтіп, “Орган қызметін дұрыс бейнелемегені үшін сауда жүйесінен алынып, тиражы жойылсын және қайтып шығарылмасын” деген актіге қол қоюға мәжбүр болады.
Атап айтқанымыз жөн, Қалмұқан Исабайдың “Комендант” атты романы кешегі Отан соғысы және одан кейінгі бүлінген шаруашылықты қалпына келтіру кезеңдерінің үлкен бір шындығын суреттейді. Шындығы дегенде, жазушы біреу-міреулердің естігендерін, әлдебір құжаттарды жиып-тергенін не қиялмен ойлап тапқанын емес, өзі қазанында қайнап, жүрегінен өткізгенін, көзі көріп, қолымен ұстағанын жазды. Роман оқиғасы екінші дүние жүзілік соғыс кезіндегі Алманияда өтсе, бұл қаламгер онда жастық дәуренін өткізді. Роман қаһарманы Шмальштадт қаласының коменданты болса, роман авторы Ильменау қаласының коменданты болды. Не қиямет қиындықтарды бастан өткерді. Соның бәрі қордалана келе Төлеген деген роман кейіпкерінің бейнесінде жинақталды. Төлеген тұлғасында сонымен бірге концлагерь тамұғынан азат етілген қайсыбір қазақ жауынгерлерінің тағдырынан да қалған белгі бар.
Төлеген соғыстан бұрын суретші өнерін қуды. Арнайы училищеде оқып жүрген жерінен майданға аттанды. Жазушының осы бір көзі ашық, көкірегі ояу кейіпкерге тоқталуының, бас қаһарман дәрежесіне көтеруінің мәні бар. Төлегеннің романдағы әрекет ортасы – шет ел, жат жұрт. Сюжет желісінің бағдары айқындала, анықтала бастағанда Төлеген иығына түсетін жүк салмағы оңай болмады. Концлагерьде неміс, орыс, латыш, т.б. ұлттар өкілдерінен құрылған жасырын ұйымның белсенді мүшесі ретінде бір көрінсе, өркениетті ел қаласында комендант қызметін ойдағыдай атқарып және өзгелерден озығыңқы тұруы тиіс. Және осының бәрі иланымды, нанымды, шындыққа сәйкес суреттелуі керек. Роман бағдарламасының сәтті орындалғаны сондай, Төлеген бұрын көрмеген, білмеген Еуропада өзінің ел жайлауында жүргендей емін-еркін сезінеді. Кей реттерде ол Батыстың жеке зиялыларынан уақыт талабын тереңірек түсінуі жағынан басым түсетінін де аңғартады. Роман өрнегіне осы жайлар табиғи өрілген. Қаһарман Төлеген “Бәрекелді! Тусаң ту!” дегізіп, оқушысын сүйсіндіріп отырады.
Романда жиі ұшырасатын және оның салмағын арттырып тұрған қаһармандардың бірі – профессор Клаус. Жаңа соғыс қаруын ойлап табуда алғырлығымен көзге түскен үздік ғалым. Шытырман оқиғалы романның қым-қиғаш оқиғаларының бір ұшығы осы оқымыстының төңірегінде жүргізілетін шет ел барлау орындарының тіміске әрекеттеріне тіреледі. Көрнекті неміс ғалымын өз жағына шығарып алу жолында Шмальштадт қаласының коменданты майор Төлеген Ақылов та бірқатар қам-харакет жасайды.
Соғыстан кейінгі Алманияның жағдайы белгілі. Кәсіпорындар жұмыс істеуден қалғалы қашан. Комендант болып бар билікті қолға алған екенсің, халықтың ендігі жағдайына сен жауаптысың. Осының бәрін түсінген Төлеген ішкі, сыртқы жаулардың құйтырқы әрекеттеріне тойтарыс бере жүре, халық шаруашылығын қалпына келтіру ісіне жанын салады. Қолға алған шаруаңның оңға басуы немістердің өздеріне тікелей байланысты. Халықты жұмылдырмайынша, көздеген мақсатқа жете алмайсың. Соған қалай жетуге керек? Осы мәселеде Төлеген профессордан кеңес сұрайды, қала жұртымен сөйлесіп беруді өтінеді. Екеуара мынадай диалог жүреді.
“Менен көмек сұрағыңыз келе ме?
Әрине.
Сіз маған бұйыра да аласыз ғой?
Неміс халқы “біреудің үйіне ақыл айта барма” дейді ғой, - деді Төлеген, - елді қалпына келтіру үшін неміс халқымен тізе қосысып жұмыс істеуіміз керек. Егер халықтың өкілі болып саналатын сіздей адамдарға бұйыра сөйлесек, арамызға суық леп кіріп, жақындаса алмауымыз мүмкін ғой”.
Қазақ әдебиетінде орыс ұлты өкілдерінің бейнесі көңілдегідей шықпайтыны жайында сыни мақалаларда жиі айтылады. Осы олқылықты жоюдың жолдары қайсы? Тіпті аса ірі жазушыларымыз да бұл сұраққа тиісті жауап таба алмай, сүрініп қалып жатады. Меніңше, байқаған кісіге Қалекең қоймаларында бірсыпыра назар аударарлық тәжірибе жинақталып қалған сияқты. “Комендант” романында, мәселен, орыс офицері Деденовтың характері сәтті сомдалған. Бұл – күрделі тұлға. Асыл қасиеттері де, абырой әпермейтін кемшіліктері де бір басына жетерлік. Міне, осы қайшылықтарымен-ақ капитан Деденов роман жүйесіне әдемі кірігіп, шығармаға тосын әр беріп тұр. Мейлінше адал, жүрегі жомарт Деденов бір жағы қызба, кей-кейде бұрқаған сезім жетегінде кетіп, теріс іс істеп қояды. Майор Төлеген Ақылов өзінің орынбасары, қай уақыт бас бермей кететін Деденовты ақылмен жолға салып отырады. Коменданттың бұйрығына қарамастан, Деденов солдаттарына немістерді жұмысқа күш қолданып шығара бастайды.
- Мұныңыз не? Халыққа неге күш жұмсайсыз? – деді Төлеген қатқын үнмен.
- Смоленскіде олар оқ жұмсаған... – деген кезде Деденовтің көзі үлкейе түсті.
Төлеген Деденов көзінен кек ұшқынын көргендей болды. Әлде осы әсер етті ме, келесі сөзі ол майда үнмен айтқан еді.
- Смоленскіге фашистер барған, ал Шмальштадқа кім келіп отыр?!
Деденов үндей алмай қалды. Аузына сөз түспей, көзін басқа жаққа аударып әкете берді”.
Роман кейіпкерлері Деденов пен Төлеген осылай бірінің характерін бірі ашып отырады. Әсіресе Төлегеннің істегі байсалдылығы, сабырлылығы, орынбасарының жөнсіздіктерін жоғары жаққа шағынбай және бастығыңмын деп қоқаңдамай түзетуге тырысатындығы қазақ жігітінің бейнесін шуақтандыра , қомақтантыра түседі.
Шырғалаң оқиғалы роман жанры – қазақ әдебиетінде әзірге сирек кездесетін түр. “Комендант” романының ерекшелігі – шығарма тартысының айырықша сипатында, халықаралық деңгейге көтерілетіндігінде. Мұнда “Интелледженс сервис”, ФБР, бұрынғы Гестапо агенттері қайшыласады. Кейде бір-бірінің алқымынан алса, кей жағдайда Төлеген Ақылов басқарған неміс қаласының бей-берекетін кетіруге әрекеттенеді. Яки Қ.Исабай романының материалының өзі жазушы қаламын шытырман шығарма жанры арнасына түсірген бе дерсің. Майор Төлеген Ақылов түрлі-түсті шпион, жансыздардың қилы-қилы айла-әрекеттерін әшкерелеймін деп жүріп, Шерлок Холмс кәсібімен айналысуға мәжбүр. Болмашы деталь, жай көз елей бермейтін уақ-түйек белгілер арқылы айлалы жаудың нелер жымысқы қылмыстарын ашып, көзінің жітілігімен, қырағы, тапқыш зерделігімен оқушысын қайран қалдырып, шығарма сюжетінің желісіне “байлап”, “көгендеп” қояды.
Сталиндік террор кездерінде көп-көп лауазым иелері небір адал азаматтардың қанын мойындарына жүктеді, жоғарыдан түскен әмірді мүлтіксіз орындаймыз деп әділ қазылықты белінен басып, кешіргісіз күнәға батты. Жасап отырғандары көрінеу қиянат, обал екендігін біле тұра, солай істеді, заңсыздыққа қарсы тұруға бойларынан, ет жүректен жігер таба алмады. Дәл осы типтес бір кейіпкерді біз Қалмұқан Исабай романынан да кезіктіреміз. Ол - Әмір деген қазақ жігіті, КГБ шенеунігі. Бұл бейшара шет елде қызмет етіп жүрген отандастарының арасынан қалайда жау іздеп табу үшін әуре-сарсаңға түседі. Мансап құрты да жыбыр қағып тиыш жүргізбейді. Шпион тапсаң – жұлдызың көбейеді иығыңда, деп мазалайды. Сондықтан Әмір өзінің суқи әдістерін қолданып, Төлегеннің оның айналасындағылардың соңына түседі. Төлегеннің басқа ізін аңдиды, оның әйелін салпаңқұлақ етуге жанталасады.
Құрметті оқушы!
Сіз дұрыс аңғарып отырсыз. Қалмұқан Исабай романының тауқымет шегуі дәл осы Әмір Байтасовқа байланысты. Күллі әрекеттері тіпті кеңес заңдарының өзіне томпақ келетіндігін біле тұра, Алмания жеріндегі кеңес комендатурасына істеген КГБ қызметкерінің ойына келгенін істей беретінін романда жан-жақты және ашық жазылған. Автор кезінде “тұтас КГБ-ні қаралағаным жоқ, бір адамды ғана әшкерелеуге тырыстым” деп ақталғысы келгенімен, сол кездегі Көркем әдебиет баспасы бас редакторының “бір адам бейнесінде КГБ жүйесін әшкерелеп көрсеттің” дегені шындыққа әлдеқайда жанасымды.
Бұдан қырық жыл бұрын баспадан шығып жалп етіп сөнген “Ажал құрсауында” (1961), “Бетпе-бет” (1963) романдарының шырағы қайта жанып, мына жаңа заманда “Комендант” (1998) деген атпен дилогия құраса – бұл фактінің әдебиетіміздің тарихы үшін үлкен маңызы бар. Мұның өзі, біріншіден, қазақ әдебиетіне абырой. Бұдан қырық жыл бұрын тоталитаризмнің оң көзіне тап беріп, еркіндік ауа үшін айқасқа түсу – бүгіндер ғана айтуға жеңіл. Екіншіден, Қалмұқан Исабайдың бұл романы суреттеп отырған заманының шындығын, арылмас қайшылықтарын бетке басып көрсету арқылы жаңа уақы зәруліктеріне қызмет етед диірменіне су құяды.
Қалмұқан Исабай – сақа жазушыларымыздың бірі. Биыл жетпістің бесеуін қайырып тастаған осы бір жағы суалыңқы, шүңірек көзділеу, жұқалтаң кісі әу дегенде қораштау көрінеді. Ал сөйлеп бергенде – шот майдайы жарқырап, мұрынды беті айбын беріп, көз алдыңда көрінеу зорайып бара жатады. Саңқылдаған аумақты даусы екі-үш мыңдық аудиторияға микрофонсыз еркін жетіп тұрғандай. Және сөзі дәмді, нақтылы, жаңалықтарға суарылады. Обьтың бұдан алты миллион жыл бұрын қазақ жерінен батысқа аққанын, егер Сібір өзендерін Аралға бұрса, табиғатқа зияны тимейтіндігін, бір бөшкеден бір кружка су алудан аспайтынын мен осы кісіден есіттім. Мына романында да сөзі дәмді, екпінді, тұжырымды. Ол – қайбір дөй романдардың он бетінде айтылғанды қарапайым сөйлеммен бір жолға сыйғызатын, әр сөзіне қуат дарыта білетін жазушы. Кейіпкерлерінің портретін жасағанда аузы-мұрнын санап түгендеп отыруға уақыт шығындамайды. Сырт келбетін бергенде де кейіпкер мінезін ашуды көздейді. “Әмір келіншек тұлғасынан көз айырмай шығарып салды. Есік жабылғаннан кейін де оның көз алдында мөлдіреген қара көз, қайқы кірпік, мәйегі аузынан шыққандай қып-қызыл еріні, түп-түзу семіз балтыры қалған еді. Солай тұрған бетінде Әмір жұтынып қалды”.
Бұл тәсіл екі қоянды бірден атып жығуға мүмкіндік береді. Әрі кейіпкер кескінін елестетеді, әрі келіншекке сұқтанған кісінің кейпі белгілі болып қалады.
“Комендант” романын ізденімпаз жазушының айтарлықтай табысы деуіміз керек. Біз Еуропа сахнасында қайрат көрсетіп жүрген қазақ жігітіне бір қол соқсақ, соның бейнесін қалауын тауып сомдай білген Қалекеңе екі қол соғамыз. Қазақ өзін ешқандай ұлттан жоғары тұрмын деп есептемейді, бірақ ешкімнен кеммін, төменмін деп те санамайды. Шытырман оқиғалы роман үшін бұл үлкен қорытынды екенін мойындауымыз қажет. Ұлы Вольтерден қалған бір сөз бар: “Зеріктірмейтіннен өзге жанрдың бәрі жақсы” деген (“Все жанры хороши, кроме скучного”). Қазақ әдебиеті үшін сирек жанр есепті шытырман оқиғалы роман жазып, шығармагерлік жолында тағы да бір белеске көтерілген Қалмұқан Исабайдың “Комендант” романы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығына ұсынылған шығармалардың аламан бәйгесіне түсіп отыр. Соған “Иә, сәт” дейміз.
Көк бөрілердің көз жасы
Т.Зәкенұлы
Тұрсынхан Зәкенұлы 1962 жылы Қытайға қарасты Шығыс Түркістанның Алтай аймағында туды. 1981-1986 жылдары Синьцзян университетінің тарих факультетінде, 1986-1990 жылдары Пекин орталық ұлттар университетінің филология факультетінде оқыды. 1993 жылы алғашқылардың бірі болып ата мекенге оралды. 1998 жылы Әл-Фараби атындағы қазақ мемлекеттік ұлттық университетінде “ХХ ғасырдың 40-шы жылдарындағы Шығыс Түркістан қазақтарының ұлт-азаттық қозғалысы” атты тақырыпта диссертация қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды. Сондай-ақ, 1994-1998 жылдары аталмыш университеттің шығыстану факультетінде сабақ берді. 2001 жылы ақпан айынан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің шығыстану кафедрасында жұмыс істеп келеді. Қытайдағы кездерінде тырнақ алды шығармасын 1983 жылы “Шұғыла” журналында жариялаған “Тян-шаньмен сырласу”, “Көшпенділер” атты өлең-поэмаларынан бастаған ол, кейін келе аталмыш журнал бетінде “Тәңірқұт”, “Сырда қалған сыбызғы”, “Гүлбаршын”, “Балқан тауға барғандар” атты әңгіме-хикаяттарын жариялады. Әсіресе, Ү ғасырдағы ғұн көсемі Аттила өмірінен жазған “Балқан тауға барғандар” атты хикаяты оның атын Шығыс Түркістан қазақтарына кең жайды. Сондай-ақ, ол Қашқардағы Қызылсу қырғыздарының арасынан халқымыздың ұмыт болған ерлік дастаны “Жеті қағанды” жинап, реттеп, баспадан шығарды. “Х-ХІХ ғасырлардағы Ойрат, Қытай және Қазақ қарым-қатынастары” атты көлемді монографиялық еңбек жазды, әрі Қытай ғалымы Су Бэйхайдың “Қазақ мәдениетінің тарихы” атты кітабын аударып бастырды. Қазақ даласының табиғаты мен тарихына деген құштарлық жас жазушыны оның өткені туралы көбірек ойландыратын. Халқымыздың сол бай тарихының елеулі бір кезеңін бүгінгі ұрпаққа көркем сөз құдіретімен жеткізу ойы да сол Пекинде оқып жүрген кездерінде туған еді. Сөйтіп, “Көк бөрілердің көз жасы” атты тарихи романның алғашқы тараулары 1991 жылы-ақ қағаз бетіне түсірілді. Бірақ, кейін келе көші-қон және жаңа ортаға бейімделу сынды түрлі себептермен оның жалғасы 1999-2000 жылдары ғана жазылып бітті. 2001 жылы Қазақстан республикасы мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі тарапынан өткізілген тәуелсіздіктің он жылдығына арналған жабық әдеби конкурста аталмыш шығарма бас жүлдені жеңіп алды.
Романда жалпы 50-ден астам негізгі және қосымша кейіпкер бар. Олардың негізгілері: Таян хан, Бұйрық хан, Құба-текін, Күшлік, Кетбұға, Тұғрыл хан, Сангүн, Жақамбы, Қадақ, Шыңғыс хан, Жамұқа, Жалаңаш, Кербезі сұлу бегім, Майқы би, Құншақ, Мұқали, Жебе, Тоқтабек, Шылауын, Қолтуған, Көксау Сауырық, Жоқұнан, Сәуке қарт, Ұлтуғаш, Сарал, Гөрхан, Күнке, Сани-Баян, Абусағит, Алаудин Мұхамет, Жошы, Хорезм шах Мұхаммет, Түркен қатұн, Тухадж, Арсылан хан, Баршұқ, Ғұсмайыл; Қосымша кейіпкерлер: Құлан қатұн, Көлсуат, Тетіксал, Тататұнға, Алақұс-тегін, Махмұт тай, Тазша бала, Теб-теңгір бақсы, Қасар, Сорқын Сары, Меңлік қарт, Айшық, Өсімті, Абашы, Ардемген, Дәру сал, Әрін сал, Түңке сал, Баян сал, Тағай, Шөгей, Омар Оғұл, Арыс Инал, Сұнақ-тегін, Сенгеле би т.б.
Роман ХІІІ ғасырдың басында Шыңғыс басқыншылығына байланысты туындаған айтулы уақиғаларды тарихи артқы көрініс (фон) еткен. Сол арқылы автор ХІІ соңы мен ХІІІ ғасырдың басындағы 20-30 жылдық кезеңдегі оқиғаларды көркем сөз құдіреті арқылы бүгінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат тұтқан. Бұл жолда жазушы халқымыздың басынан өткен сол бір уақиғаларды тек қатып-семген академиялық зерттеулерден гөрі, жалпыға бірдей ұғынықты және көркем образдар жасау жолымен жеткізуді әлде қайда ұтымды деп санағаны байқалады. Бұл ең әуелі әлем әдебиетінде пайда болып, кейін келе туған әдебиетімізде қалыптасқан үрдіс. Сол жолда өзіндік қолтаңбасы бар жазушыларды үлгі тұтқан автор оқиғаларды әдейі тыңнан іздейді. Қазақ тарихи романдарының хронологиялық шеңберінен алып қарағанда бұл туған әдебиетімізде әлі де қалам тартылмаған соны тақырып болатын. Бұл ретте автордың көркем образдар жасауға өздігінен сұранып тұрған сол тарихи тұлғалар мен оқиғаларды дер кезінде байқап, қаламына іліктіре білгені, көркем образдарды сәтті сомдауы шығарманың оң бағалануына әсер етті. Бұл тақырыпты аттап өту-түбі қазақ әдебиетіндегі тарихи роман жанрының толық қанды тұлғалануына салқынын тигізер еді. Тарихта орыс, француз, қытай, т.б. ұлт әдебиеттерінде Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары жайлы жазылған тарихи романдар легінің бар екенін ескерсек, бұл тақырыпта жазу қазаққа да жат емес-ті. Өйткені дүниені дүбірлеткен сол оқиғалар Қазақ жерінен басталған-ды. Соның бәрін көзбен көріп, Шыңғыс ханмен дос та, қас та болып қатар өмір сүрген тарихи тұлғалардың көбі дерлік қазақтың ата-бабасы болатын. Ендеше, олардың тікелей ұрпағы есептелетін бүгінгі буынның туған тарихы туралы тебіренбеуі, қолына қалам алмауы мүмкін емес еді. Сондықтан, романның бұдан алдын өзге тілдерде жазылып келген Шыңғыс хан тақырыбындағы шығармалардан бір өзгешелігі қазақ тарихына мейлінше жақындығы. Егер, әлем әдебиетінде аталмыш тақырыпта жазылған шығармалардың бәрі дерлік Шыңғыстың жеке басын және оның сырт елдерге жасаған шапқыншылығын, ұлдарының іс-әрекеттерін кең масштабта баяндауды мақсат етсе, мұнда Шыңғыс хан тек оқиғалардың тууындағы себепші фактор ғана. Оның есесіне сол кездің өзінде-ақ мемлекет дәрежесіне көтерілген қазақтың Найман, Керей, Меркіт, Уақ, Үйсін, Дулат, Қыпшақ, Қарлық ұлыстарының шапқыншылықтан бұрынғы және кейінгі кездегі саяси өмірі сөз болады. Бірақ, бұдан Шыңғысхан қазақ өмірінен мүлде оқшау қалады деген ұғым тумайды. Керісінше, Шыңғысқа қатысты тұстар қазақ өмірімен, сол кездің әлеуметтік-саяси бет-бейнесімен жымдастыра суреттеледі. Шыңғыстың саяси белсенділігінің шапқыншылық сипатына қарамастан, ол кезде Қыдырхан тауларынан Еділ бойына дейінгі байтақ даланы мекендеген көшпелі халықтардың ұлттық менталитеті негізінен ұқсас болатын. Оларды тек айырым этникалық белгілері ғана парықтандырып тұратын. Осы белгілермен қоса саяси мүдделер оларды бір-бірінен тәуелсіз мемлекеттік құрылымға топтастырған-ды. Сондықтанда а дегенде бұл тайпалардың біразы Шыңғыс шапқыншылығына батыл қарысы тұрды (Найман, Меркіт). Кейбірі оның “достық” саясатының шапқыншылық сипатын сезбей қалды (Керей, Уақ, Қарлық). Ал. Монғол жорығы өз дегеніне жеткеннен кейін жоғарыдағы жақындықтардың әсерінде қазақ тайпалары бірінші болып Шыңғыс қоластына сәтті біріктірілді. Бұл ұлан-ғайыр даладағы қазақ ұлыстарының саяси-этникалық тұрғыдан одан сайын бірігуіне жол ашты. Шығармада мұның бәрі өз лайығында орын тепкен. Романда сөз болатын геотарихи аумақ Орқын мен Қарақұрым тауына дейін созылып жатқан байырғы Қазақ даласын тұтасымен қамтиды. Сол арқылы автор Шыңғыс шапқыншылығы салдарынан қолдан кеткен ата қоныс – Орқын бойын еске салады. Өйткені бұл өңір сонау түркі заманында-ақ қазақтың арғы ата-бабалары ту тіккен қордалы қоныс болатын. Заманымыздың ХІІІ ғасырына дейін сол көне қоныста әлем бірдей таныған Найман, Керей мемлекеттері өмір сүріп келіп еді. Жойқын шапқыншылық оларды тәуелсіздігінен ғана емес, мың жылдар бойы тарихын тасқа қашаған ата қоныстарынан да айырды. Шыңғыс шапқыншылығының қазақ тарихы үшін оңды ықпалы болды деп қараған күннің өзінде де бұл ұмыт қалуға тиіс емес.
Романның “Көк бөрілердің көз жасы” деп аталуының өзі де содан дерек береді. Неліктен батырлықтың, тағылықтың символы болған дала көк жалы көзіне жас алуы керек? Оның басына не күн туды? Қадым заманнан қыр даланың иесі де, киесі де өзі болып емін-еркін жүргенде өзінен зорға кезігіп, мәңгі бауыр басқан ұйық жұртынан айырылса, бөлтіріктері жөргегінде тұншықса, күндіз-түні бір қалмай қыр соңынан салбуырын түссе, ол жыламағанда кім жылаушы еді. Демек, көк жал екеш көк жал да тұмсықтан қағылар, жаны жараланар күн болады екен. Ол бастағы дәуреннің тайғаны дерсіз. Ендеше, бөрілі байрақ көтеріп, Орқынды орталық еткен наймандарды көк бөрі киесімен өмір сүрген көне түріктердің өзі емес деп кім айтады. Демек, көк бөрілердің ауызын айға білеуі, көзіне мөлдірете жас алуы түркі баласының ендігі тағдырының алмағайып болатындығын меңзейді. Наймандардың Орқыннан аууы – түркі баласының бұл мекеннен соңғы рет кетуі еді.
Романның оқиға желісі ХІІ ғасырдың 90-шы жылдарындағы Найман, Керей хандығындағы ішкі билік тартысынан басталады. Бұрыннан өзге елдерге күш-қуатымен, байлығымен аты шыққан бұл мемлекеттердің ішкі алауыздығы сыртқы жаудың өктемдік жүргізуіне таптырмас орай болғаны тарихи шындық еді. Мысалы, Найман ханы Иманыш Білгі Бұқа хан өлгеннен кейін оның балалары Таян мен Бұйрықтың арасында болған тақ таласы, соның нәтижесінде бүкіл ұлыстың екіге бөлініп кетуі, Керей Оң ханның інісі Еркеқарамен болған күрестері түбінде бұл екі хандықтың жойылуына жол ашты. Бұл кезде Меркіт ұлысының қияттарымен болған өштігі де ұзақтан бар ата кекке айналып еді. Романда алдымен Шыңғысханның өз әкесі Ясукей кезінен қалған достық қарым-қатынастан тиімді пайдаланып, Керей Оң ханды өз жағына қалай тартқандығы, сөйтіп оны наймандарға қарысы қалай қайрап салғаны сөз болады. Бұл барыста Оң ханның әрі-сәрілігі, көңіл күйіндегі толқулары шебер суреттеледі. Бұл кезде найманның Бұйрыққа қарасты батыс бөлігі олардың тегеурінді шабуылына ұшырайды. Нәтижесінде Найманның мемлекет қуаты зор дәрежеде әлсірейді. Осы оқиғадан соң Бұйрық және Жамұқа бастаған монғолдарға қарсы одақтың шабуылы сәтсіз аяқталады. Есесіне Монғол күшейіп, өз одақтасы Оң ханды тақтан тайдырып, ұлысын тартып алады. Бұдан тіксінген Найманның таған ордасы Уақ ұлысымен бірлесіп шығыстан төнген қауіптің алдын алмақ болады. Бірақ Уақтардың қағаны Алақұс-тегін Таян ханның бұл ұсынысынан бас тартып, өз еркімен Шыңғысханға беріледі. Ендігі жерде тек өз күштеріне ғана сүйенген наймандар Таян хан мен Көксау Саурық батырдың басшылығында Шыңғыс қолына қарысы аттанады. Екі жақтың кескілескен шайқасы 1204 жылы көктемде Орқын өзенінің шығысындағы Қаңғархан тауында болады. Сол соғыста батыс бөліктегі наймандардың қолдауынсыз қалған Таян хан мерт болып, әскерінің басым бөлігінен айырылады. Талай жыл қол бастаған қарт батыр Көксау Саурық та сол соғыста қаза табады. Тек хан ұлы Күшлік ғана азғана әскерімен қоршауды бұзып шығып, Орқын мен Ханғай тауындағы бейбіт жұртты Алтайға қарай көшіреді. Ол Алтайға жетісімен ел-жұрттың бүтіндігі үшін хандық тақты әкесінің інісі Бұйрыққа өткізеді. Бұйрық та оның бұл әрекетіне іші жылып, Меркіт және бір бөлім Керей қолымен бірлесіп шапқыншылыққа қарсы күреседі. Алтайдағы соғыс бір жылға жалғасты. 1205 жылдың көктемінде Бұйрық соғыста қаза тапты. Ел тізгінін қайтадан қолына алған Күшлік қарсылық күрестерін Меркіт ханы Тоқтабекпен тізе қоса жүргізді. Ақыры монғолдардың тегеуірінді шабуылына шыдай алмаған олар Ертістен өтіп Тарбағатйға қарай шегінеді. Бұқтырма бойындағы үлкен шайқаста Тоқтабекке оқ тиіа, өлім аузында жатқанда балалары Шылауын мен Қолтуған әкесінің басын кесіп алып өздерімен бірге ала кетеді. Мақсат - әкесін жат жұртқа қорлатпау еді. Ертіс пен ата мекен Алтайды жау қолына тастап шыққан жұрт сол жылы қыста Тарбағатайды аса, Жоңғар құмын жағалай қыстайды. Олардың алды Еренқабырға бойлап, Боғда тауына, Бұлыңғыр (Тұрпан) етегіне дейін барады. Бірақ Шыңғыс ханға әлдеқашан тізе бүккен Бұлыңғыр патшасы Баршұқ олардың адамдарын қамап, зорлық-зомбылық көрсете бастайды. Бұлардан қайыр болмаған жағдайда наймандар мен меркіттер енді Жетісуды жайлаған қауғырастармен (Қара Қидан мемлекетімен) одақ құрды. Осы одақтан сескенген Шыңғыс хан он үш жыл бойы Жетісуға аттап баса алмады. Бұл аралықта қауғырастар ханшасы Күнкемен көңіл қосқан Күшлік олардың патшасы Желегуден билікті тартып алған еді. Ендігі жерде Күшлік үшін Хорезм шах Мұхаммет пен және түстіктегі Алты шаһар мұсылмандарымен жақсы қарым-қатынас орнатуға тура келді. Бірақ бұл қатынасты өз пайдаларына асырғысы келген ол елдер ылғида қулық-сұмдықтан ары аспады. Болашақта монғолдардан болатын басты қауіп ол одақтастарын толғандырмады. Олармен болған қарым-қатынаста Күшлік те қаңқызбалыққа жол берді. Соның салдарынан оның Жетісудағы қазақ тайпаларын бастап, Шыңғыс шабуылына қарсы жүргізген күрестері ақыр аяғында сәтсіз аяқталды. Бірақ ол Шыңғыс қолын жиырма жыл бойында Арқастан ары тосқан айтулы қолбасшы ретінде тарихта қалды. Романның соңғы тарауында Шыңғыс басқыншылығынан кейінгі кездегі қазақ ұлыстарының қайталай бірігуі, Жошы мен Шағатайдың Қазақ даласына хан сайлануы, Шыңғыс ханның өлімі т.б. жайлар сөз болады.
Құрылысы жағынан тұтас роман жиырма екі тараудан тұрады. Онда тарихта аты белгілі айтулы тұлғалармен қоса, шығарманың көркемдік шырайын арттыру үшін ойдан жасалған кейіпкерлер де кездеседі. Кейіпкер монологі, табиғат суреті, образдау, кейіптеу тектес көркемдік амалдар кең қолданылған. Бірақ жалпы оқиға желісі тарихи шындық аясында өрбиді. Сондықтан оны жазуға негіз болған сол дәуірге қатысты сенімді жазба деректер мен аңыз-әңгімелер, қария сөздері, батырлық жырлары, көнеден қалған жер-су аттары, түрлі кесенелер мен тас ескерткіштер еді. Оқиға желісінің қарапайым, шынайы әрі ұлттық бояуының қанық шығуы да автордың ұлттың тарихи дүние танымы мен бітім-болмысын, әдет-ғұрпын, тіл мәнерін терең зерттегендігінің нәтижесі.
Сондықтан бұл шығарма қазақ әдебиетіндегі тарихи романдар легінен өз лайығында орын алып отыр.
Көктөбе
Қ.Найманбаев
Қалдарбек Найманбаев 1939 жылдың 16-шы жұлдызында Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданы (бұрынғы Киров ауданы), Асық ата (бұрынғы Бағара) ауылында дүниеге келген.
1956 жылы орта мектепті бітірген соң Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті филология факультетінің журналистика бөлімін 1961 жылы тамамдап шыққан.
Еңбек жолын 1960 жылы (оқып жүріп) “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас Алаш”) газетінің редакциясында бастап, онда 1969 жылдың аяғына дейін қызмет атқарған: әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары. 1970-76 жылдар аралығында “Білім және еңбек” (бүгінгі “Зерде”) журналының бас редакторы. 1976-84 жылдары “Жалын” баспасының бас редакторы, директоры. 1984-86 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының екінші хатшысы. Одан кейінгі екі жылда авторлардың құқын қорғау республикалық агенттігінің төрағасы, “Ара-Шмель” журналының бас редакторы. 1988 жылдан “Жазушы” баспасының директоры, 1990 жылы Қазақстан Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланған. 1991-96 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының бірінші хатшысы, 1992 жылдан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқасы төрағасының бірінші орынбасары.
Қырық жылғы шығармашылық жолында жиырма кітап жазған. Оның ішінде екі роман, ондаған повестер мен әңгімелер бар. Бірнеше пьесаның авторы. Шығармалары жиырмадан астам тілдерге - өзбек, түркмен, қырғыз, орыс, беларус, украин, молдаван, татар, якут, башқұрт, армян, азербайжан, грузин, эстон, литва, латыш, болғар, словак, чех, неміс, қытай тілдеріне аударылған.
Бұл романды жазу жазушыға қиынға соққан жоқ. Өйткені, өзі жақсы білетін ауыл, ауылдың адамдары. Ең бастысы, адамдары, әрине.
Жазушы сонау кездің өзінде-ақ ауылдағы бүгінгі жағдайды жанамалап болса да болжап айтқан екен. Бұдан отыз-қырық жыл бұрын тәуелсіздік туралы ойлаудың өзі күпіршілік көрінетін күндерде ел, жер жайында ең алдымен, жазушы жұрттың күдіктене бастағанын көзі ашық кісі іштей сезетін. Сол күдікшілдердің бірі Қалдарбек Найманбаев болатын.
Екі кітаптың өнбойында да алып бара жатқан аласапыран оқиға жоқ. Сырт көзге бәрі де тіпті қоңырқай тіршілік болып көрінуі мүмкін. Шынында да бұл - боямасыз өмір. Жетпісінші жылдардағы ауыл тынысы, ауыл адамының бойындағы психологиялық өзгеріс. Бұл - ескі мен жаңаның күресі емес, басқа бір өзгеріс.
Романның басты кейіпкері – Тұрарбек батыр да емес, бай да емес, институт бітірген жас маман. Оқудағы соңғы жылы, үйленуі, кездейсоқ достарынан айрылуы, ауылға қайтуы – бәрі-бәрі оны өзінше бір сынақтан өткізгендей болған. Келгеннен кейін де жырғап кеткені шамалы. Тағы теперіш, тағы төңтеріс тірлік. “Сендейдің талайын көргенбіз, қайтер екенсің”, дейтіндей. “Білсең осы, білмесең, диірменге тартып ұнтақтап жібереміз...”
Үгіліп, ұн боп кету оңай. Ал, бас көтерсең, барар жер, басар тауың бар ма? Көлеңкесімен қорғайтын дөкей туысың... Әйтпесе, бәрін ақшаға сатып алатын алпауыт ағаң... Түк таппағанда, қайын-жұртың... Тіпті құрып кеткенде, бүгін көмектескен болып, ал, керек кезінде сені қолшоқпар ғып жұмсайтын достарың ше?
Мұның бәрінен Тұрарбек жұрдай болатын. Бары – жауаптылық пен жанкештілік. Соңғысына келгенде ол алдына жан салмайтын. Амал жоқ, сол бойы қоңырқай ауыл тіршілігіне бас-көз демей қойып кетті...
Екі кітаптың да сюжеттік желісін тәптіштеп жатудың қажеті бола қоймас. Себебі, оны оқыған оқырманға таныс болар. Одан да романның кейбір қыр-сырларына назар аударған жоқ секілді.
Ендеше, роман-дилогияның бүгінгі оқушыға әсері қалай?
Біз алдымен, большевиктер одан, кейін коммунистер партиясы деп аталған партияның басшылығымен жетпіс жылдай өмір сүрдік. Бұл жетпіс жыл бекер өткен жоқ. Және оны тарихымыздан сызып тастай алмаймыз. Сызып тастауға болмайды. Айтты-айтпады, сол жетпіс жылдың шындығы қай шежіремізде болса да қалуы керек.
Ал енді осы реттегі көркем ойымыздың өнегесі, тағылымы қандай? Ол кездің әдебиетін тек партияны марапаттаған, партияның қол шоқпары болған десек, бұл - бір жақты пікір. Рас, партиясыз күн жоқ, сондықтан оның сойылын соққандар көп. Сол арқылы атақ-даңққа жеткендер, сол арқылы үлкенді-кішілі таққа отырғандар да жеткілікті. Бірақ, соған қарап, жұрттың бәрі қолына қызыл жалау алып, шапқылап жүрді деу, әрине, артық сөз. Өйткені, сондай қиын кездің өзінде де шындық дейтін қылыштың жүзінен қорықпағандар да болды. Ашық кетпегенмен, партияның “кемеңгерлік” саясатын алға тарта отырып, жаңбыр-жаңбырдың астымен өз ойын, өз көзқарасын емеурінмен жеткізген жазушы аз емес.
Жалпы, өткен ғасырдың 50-80 жылдар арасы қазақ әдебиетінің құлашын кеңге жазған кезеңі болды. Небір айтулы туындылар дүниеге келді. Әдебиетіміздің бір талантты ұрпағы өсіп ер жетті. Кемеліне келді. Кемеліне келген соң тарихты да қопарды, тарихты қопара отырып, сол кезеңнің болмысынан шындық іздеді.
Ол кезең – жақсы шығармаларды тасқа басып шығарудың ең бір қолайлы да, өнімді кезеңі болды. Әрине, сол жақсы шығармалармен талай шикілі-пісілі дүниелердің де араласып кеткені шындық. Бірақ, әңгіме ол қойыртпақтар туралы емес.
Кезінде “Көктөбе” алпыс мың тиражбен де шықты. Және тез тарап, тез өтіп кетті. Ал, қазір алты мың тиражбен кітап шығару – қол жетпес арманға арналды.
Мұның бәрін айтып отырғанымыз, өткеннің сағынышы емес, роман-дилогияның өмірге келген кезеңінен қысқа бір елес.
Жазушылар шығармаларын жарысып жазды. Бұл бәсеке – жақсы бәсеке болатын. Кісіні ылғи қамшылап отыратын. Соның арқасында өмірге небір татымды дүниелер келді. Шындығын айтсақ, жоғарыдағы кезең, яғни сол отыз жыл қазақ әдебиетін кеңінен танытқан кезең еді. Алтын ғасыр демей-ақ қояйық, ал, күміс белес болғаны анық.
Жалпы, не нәрсені болса да шектеушілік, кісінің іштей қарсылығын туғызатыны сияқты, партиясыз ас батпайтын кезең, әсіресе, жазушы жұртты ізденіске итермеледі. Қиыннан қиыстырып жазуға жетеледі. Қаламгерлер қыспаққа түскенмен де жол тауып, тың ойларын жұртқа жеткізіп жатты.
Міне, тәуелсіздігімізде он жылдан асты. Бұл шындап келгенде біраз уақыт. Ал, осы уақытта жазушы жұрт қандай керемет шығармалар жазды? Ауыз толтырып айтарлық ештеңе жоқ-ау. Неге? Бостандық алдық. Шектеп жатқан, қолдан қағып жатқан ешкім жоқ. Сонда бастан кешіріп отырған заман туралы татымды туынды қашан шығады? Қанша сұрау салғанмен ондай шығарма жуық арада дүниеге келе қоймас. Өйткені, біз бұл заманды күні бүгінге дейін ұғып болғанымыз жоқ, електен өткізуге әлі ерте. Қазір шытырман оқиғалы бірдеңелер жазуға (детектив) болар. Ал, кеңінен көсілу қиын. Бұл жерде, әрине, тарихқа тереңдеп кеткендер туралы әңгіме жоқ. Тарихқа бұрын да көп жүгінгеміз. Енді шын зерттеушілердің күні туды.
Ендеше, біз әдебиетіміздің өткеніне әсіресе, ХХ ғасырдың екінші жартысындағы жетістігімізге ерекше назар аударуымыз қажет. Өйткені, бүгінгінің көп нышаны сол кешегі күннің шығармаларында бар. Тыңнан түрен салатын емес, өткеннің жақсы дәстүрлерін жалғастырса жөн болар.
Роман-дилогияға қайта оралайық. Осы туындыны жазушы бірнеше әңгіме-повесть ретінде бөлек-бөлек жазған. Оның екі-үшеуі мерзімді баспасөзде жеке шығарма ретінде де жарық көрді. Әрине, сюжет бір, кейіпкерлер бір. Тек, әр тарау өзінше бөлек. Ал, бәрі қосыла келгенде, басқаша бір бүтін көркем дүние шыққан.
Қазір қарап тұрсаң, ауыл туралы күдік шынға айналып бара жатқан сияқты. Неге екенін, ауыл алыстап барады, бізден. Жер емген жұрт қалаға жосылып жатыр. Жалпы, әлемдік танымға да, тәжірибеге де қарасақ, дамыған, төрт жағы құбыла елдердің көбі осындай аласапыран дәуірді бастан өткізді. Еңсесі биік көрінетін Еуропаңызда талай қыстақтар бос қалған. Қайбір елдің болмасын өсу, өркендеу жолында мұндай кезең болған. Әлі де болып жатыр.
Ал, Қазақстан да осыны бастан кешіріп отыр. Бұл шындық. Тек, біздің ұлттық болмысымыз бұл бұрылысқа төтеп бере ала ма? Өткен ғасырдың екінші жартысында әдебиетке келіп, талай-талай татымды шығармалар жазған ақын-жазушылардың түгелге жуығы ауылдан келген болатын. Олардың туындыларындағы басты тұлға да сол - ауыл адамдары. Сонда біз туған жерді қалай ұмытамыз?
Қазақи ұғымға келетін болсақ, ұлттық болмысымыз туралы сөз қозғайтын болсақ, ауылды айтпай отыра алмаймыз. Өйткені, қазақ үшін ауыл – қасиетті табалдырық. Әрбір қазақ үшін ауылдан ыстық жер жоқ бұл дүниеде.
Ал, қайталап, айтсақ қазір ауылдан күй кетті. Ауылды арақ жайлап барады. Ауылда немқұрайлылық, немкеттілік төрге шықты. Әрине, көпке топырақ шашып отырғанымыз жоқ. Әйтседе, романдағы жан айқай әлі сол жан айқай. Ауылда Жұрынбайлар бұрынғыдан да көбейіп кетті. Бастықтың есігін теуіп ашатын алпауыттар бүгінгі байлығын маңдай терімен тапқан жоқ. Өтпелі кезеңде орайын тапқандар. Ауылдағы Жұрынбайлардың қазіргі қулығына найза бойламайды. Бұрынғы ортақ меншіктегі жер, мал, құрылыс, техникалық құрал-жабдықтар солардың қолына тегін тиді. Ал, осы талапайдан ұлтарақтай жер тиген кембағал ағайын қаржы болмағандықтан сол болмашының өзін игере алмай отыр.
Ал, ел, жер деп еңіреген Тұрарбектер ше? Әлі еңіреп жүр. Ертерек “оңы-солын таныған” оның көп қатарлары Жұрынбайларға ілесіп кетті... Байып алып, басқа әнге көшті. Сонда мұны қалай түсінеміз? Ауыл азып бара жатқан жоқ па? Апырай, ауыл азса, қазақ қазақ болудан қалмай ма? Тамыры шіріген ағаш сияқты күндердің күнінде опырылып түспей ме? Жоқ, ол күндерді құдай бізге көрсетпесін.
Мүмкін емес, ауылдың азуы мүмкін емес. Қазақ үшін ауыл – қара шаңырақ, алтын бесік! Ендеше, ауылдан айрылмауымыз керек! Қалай, қайтіп? Роман-дилогияның авторы ойландыратын - осы сұрақ. Кезінде қаламгерлер ауыл құриды деп жаза алмады. Жазса, су түбіне кетер едік. Сондықтан күдігін, жүректегі жарасын бүркемелеп айтты. Ертең ауылға ие болатын осылар деп Тұрарбектерге сенді. Көкейдегі күдікті жанамалап болса да солардың аузымен жеткізбеді.
Бүгін осыны ойлағанда “апырай, жазғаны жақсы болған екен” деп шүкіршілік етесіз. Өйткені, қазақ қазақ болғалы қаланы некен-саяқ салса да, зәулім сарайларға сақтықпен қараса да, ұшы-қиырсыз даланы қолдан бермеген. Сол жолда қан төккен, тер төккен. Көп қазақтың күні бүгінге дейін қалада тынысы тарылатыны сияқты. Жас келіннің отауындай шаһар төрінде үлде мен бүлдеге оранып отырса да даланы аңсайтыны, ауылды сағынатыны да рас. Ендеше, өткен ғасырдың 70-ші жылдарындағы қазақ ауылының тыныс-тіршілігін толғаған роман-дилогия бүгін де қазақ әдебиеті дейтін дінаман лектің қатарында.
Достарыңызбен бөлісу: |