ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»



бет25/45
Дата04.11.2016
өлшемі7,54 Mb.
#109
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   45

Ш.Мұртазаев


Шерхан Мұртазаевтың “Қара маржан” романы – 70 жылдардың жемісі. Жазушы осы романы үшін Республикамыздың Мемлекеттік сыйлығын алғаны да бәрімізге белгілі.

Романның басты кейіпкерлері – Нариман Данаев пен Жарас Хамзин. Негізгі сюжеттік арқау, қосалқы оқиғалар желісі де осы екі кейіпкердің айналасында өрбиді. Жазушы шығармасында тікелей өндіріс мәселелерінен гөрі, осы өндірісте еңбек етіп жатқан инженер-техниктердің, қарапайым еңбек адамдарының өмірлік, тұрмыстық жағдайларына көбірек ден қойғаны қуантады. Яғни өндіріс мәселелеріне байланысты немесе соның тікелей әсерінен туындайтын адамдар арасындағы моральдық-әдептік байланыстарға, солардың шығу себеп-салдарына, яғни әлеуметтік-рухани табиғатына зерттеушілік көзбен қарап, байыпты баға береді, байсалды талдау жасайды. Нариман Данаев – инженер, яғни білгір маман, сонымен бірге өндіріс ұйымдастырушысы. Оның Соколов-Сарыбай комбинатында еңбек еткен жылдарының мақсатсыз, мағынасыз өтпегеніне көзіміз жетеді. Сол бұрынғы істеген жерінде меңгерген, жинаған іс-тәжірибесі және өндіріс басшысы ретіндегі ұйымдастырушылық шеберлігін осы жаңа орында, жаңа қызметінде, яғни Нәртас кенішінде де іс жүзінде көрсетуге, іске асыруға қабілетті, қолынан да келеді. Нариман бойындағы жақсы қасиеттердің – адамгершілік, азаматтық парыз, қоғамдық мүддені дұрыс түсініп, соны саналы өмірінің тірегі ету, моральдық тазалық, әдептілік мінеки, осының барлығы Нариманды қоршаған әлеуметтік ортада, сондағы қоғамдық жағдайда әр қырынан танылып жатуы заңды жағдай.

Ондай орта, ондай жағдай ретінде романда Нәртас кеніші, сондағы еңбек барысы, өндірістік мәселелер алынады. Ол – сонымен бірге жұмысшылардың да ортасы, аяғынан жаңа-жаңа тұрып келе жатқан өндіріс ортасы. Жаңа өндірістің шұғыл шешілуге тиіс мәселелері де көп, оның үстіне жоғары басшылық жақта басқан ізін аңдып отырған бақталасы, қарсыласы Жарас Хамзин отырғанда, Нариман үшін ойына алған ісін орындау, алдына қойған мақсатына жету оңайға түспейді.

Нариман үшін әсіресе қиын болып тұрғаны – жаңа өндіріске жауапты жоспардың берілгендігі. Ол мемлекет орындарында бекітілген, оны орындамау қылмысқа тең. Егер ол жоспар орындалмайтын болса, онда Нариман Данаевты өндірістің басшылығына қоюдың қажеті қанша еді? Осы шындықты азаматтық парызымен, адамдық арымен түсініп қабылдаған Нариман тар шеңберден, қысқан құрсаудан шығудың амалын іздейді. Көп ойланады, көп нәрсені қайта есептейді, қайта таразылайды. Сондағы тығырықтан шығар жол, табылған тиімді әдіс – карьердің жаппай жарылысы екен. Сонымен, “жаппай жарылыс” идеясы көп шындықтың бетін ашады, көп адамның бет-пердесін жұлып, кімнің кім екенін танытады.

“Жаппай жарылыстың” ұзаққа созылмаған сәтсіздігінен кейін Нариман Данаевтың өмірлік позициясы, азаматтық келбеті айқындалады, оның рухы күшті адам екендігі, әлеуметтік белсенді тұлға екендігі біржолата анықталады. Осы оқиға сонымен бірге Хамзиннің, оның тобындағы Ақыраптың, Әділдің де шын кейіптерін танытып, олардың ішкі жан-дүниесін, бар болмысын, адамгершілік табиғатын айна-қатесіз ашып береді.

Автордың роман кейіпкерлерінің моральдық-адамгершілік табиғатын ашу мақсатында пайдаланған осы логикалық-көркемдік дәлелін құптауға болады және де оның сәтті шыққанын айтуға тиіспіз.

Жалпы автор қандай тақырыпты немесе қандай тартысты алмасын, оны қалай суреттемесін, бәрібір түптің түбінде басты назар, негізгі арна кейіпкер табиғатына, кейіпкер іс-әрекетіне тірелетіні белгілі. Сондықтан да, өндіріс мәселесіне шығарма жазғанда, сол өндіріс тетіктерін, сол өндірісте болып жатқан әр түрлі, сансыз қосалқы эпизодтарды болсын-болмасын, келсін-келмесін жіпке тізіп, сағызша соза бергенше, қайта сол еңбек үстінде жүрген бір кейіпкердің болса да бірегей тұлғасын сомдауға, соның қайталанбас характерін ашуға тырысу керек. Яғни кейіпкердің ішкі жан дүниесіне тереңдей үңілу, олардың іс-әрекеттерінің, ой-сезімдерінің, мақсат-мұраттарының моральдық-әдептік негіздерін терең ашып көрсету қажет. Осы орайда “Қара маржан” романының жаңашыл, ерекше елеп айтар қасиеті оның кейіпкерлерінің қайталанбас кейбір көркемдік қасиеттеріне байланысты. Әсіресе, романның орталық кейіпкері Нариман – күрделі, тартымды образ. Ол бар болмысымен, бүкіл іс-әрекетімен өмірдегі күрделі мәселенің, яғни қоғамдық, рухани, әлеуметтік маңызы үлкен адамгершілік проблеманың бүгінгі өмірімізге сәйкес, соның рухына сай келетін әділ шешімін іздеу үстінде толғанады, өседі, күреседі, жеңеді. Образдың табиғи түрде өсуіне, дамуына, күрделенуіне автор баса назар аударған. Сондықтан да Нариман образын кейінгі жылдары өндіріс тақырыбы бойынша жарық көрген шығармалардың айта қаларлықтай табысы ретінде бағалауымызға болады.

Сонымен бірге жазушы кейіпкер мінезін даралап, оның ішкі жан дүниесінің қалтарыстарын, иірімдерін тереңірек ашу мақсатында оқыс эпизодтар мен жанама оқиғаларды көркемдікпен, өте ұтымды пайдаланады. Осы стильдік ерекшелікті, біріншіден, жазушының шеберлігіне тән өзіндік қолтаңбасы десек, екіншіден, шығарманың эстетикалық құнын көтеріп тұрған көркемдік компоненттердің бірі ретінде де қарауымызға болады.

Мысалы, осындай ұтымды эпизодтардың бірі ретінде шығармадағы асыранды арқар туралы оқиға мен “Домалақ ана туралы” аңыздың айтылатын тұстарын алып, соған назар аударсақ, анық байқаймыз. Осындағы асыранды арқар, оның ойламаған жердегі өкінішті өлімі туралы оқиға Жарас Хамзин бейнесін толығырақ ашуға, әсіресе осы кейіпкердің ішкі жан-дүниесін, адамдық қасиеттерін, моральдық келбетін нақты және типтік жағдайда көрсетуде үлкен көркемдік қызмет атқарып тұр. Аң аулау кезіндегі немесе асыранды арқарды атып алғаннан кейінгі Ақырап пен Жарас арасындағы диалогке және осы кейіпкердің ой ағымы мен сезім-күйлеріне көңіл аударыңызшы. Немесе Жарас Хамзиннің арқар атып алар алдындағы – аң атуға дайындалып жатқан тұсындағы Ақыраптың айтатын сөздерінде терең астар бар. Ал осы уақытта екінші бір кейіпкер Нариманның не ойлап, неге толғанып отырғанын байыптап көрелікші. Ол (Нариман) табиғат сұлулығына сыймайтын іс-әрекетке бастайын деп отырғанын, қала берді одан зорғысына да барып, бейкүнә табиғат перзенттеріне үлкен қиянат жасап, марал атайын деп отырғанын есіне түсіреді. Ал осы өзі жасырынып отырған жердің бір кезде көне тарихи оқиғаларға куә болған киелі жер екендігін, осы жер аттарының өзі де бір түрлі қызық, бір түрлі оқыс сезім, ойламаған түсініктер тудыратынын ойлап отырады да, мынадай тұжырымға келеді. “Біз сонда Қанды асудың бас жағында отырмыз-ау. Бір заманда бабаларымыз дәл осы шатқалда осы тау үшін, осы жер үшін, мынау аспан асты үшін қас-жауымен арпалысып, қасық қанын төккен. Мына қына, мүмкін, сол соғыста шейіт болған бабаның жүрегінен тамған қан шығар? Ал, біз болсақ сондай киелі тастарға мылтық сүйеп қойып, тасыраңдап отырмыз. Арқар атпақшымыз. Арқар атуға тыйым салынған. Бірақ өкіметтің сол әділ заңын бұзбақшымыз. Аңғал-саңғал алып тауда бір-ақ қорықшы бар. Ол қай жағына жетеді? Адамдардың қомағай тесіктерінің қайсысына тығын болады? Заң бұзылмас үшін арқарға әркімнің ар-ожданы қарауыл болса керек”.

Иә, аға ұрпақтың қан төгіс майданда қорғап, жеңіп алған әдеп заңын бұзбас үшін әрбір азаматтың ар-ожданы болуы керек екен. Ол қандай заң, жоғарыда кейіпкер аузымен айтылғандай тек қана арқар атпау заңы ма екен? Жоқ, ол ғана емес. Бұған біз ой көзімен, парасат биігінен қарасақ, ол заң деп отырғанымыз кең ұғым, тамыры тереңде жатқан ұғым. Ол заң ата-бабамыздан бермен қарай қалыптасып, жалғасып келе жатқан бүкіл адам баласының адамгершілік дәстүрі екен, ол – қала берді, өмір салты тәрбиелеп, қалыптастырған азаматтық парыз, қоғамдық мүдде, моральдық тазалық. Осының барлығының жиынтық атауы ар-ождан болып табылады.

Күрделі өндіріс, ірі кәсіпорын басшысына тән қасиет – жаңалыққа құштарлық, қоғам дамуын, уақыт ерекшелігін, мезгіл бедерін дәл танып, анық көре білу, қажет жағдайда шұғыл, әрі батыл шешімдер қабылдай алу қабілеттілігі, әрдайым істің көзін тауып, инициатива көтере білу және осы мақсатта көпшілікті үйіріп әкетер іскерлік пен белсенділік көрсету болып табылады.

Осы қасиеттерді романның бас кейіпкері, Нәртас кенішінің бас инженері Нариман Данаев тұлғасынан табамыз. Оның өндіріс ұйымдастырушысы ретіндегі әлеуметтік белсенділігі, Нәртас кенішінің өндірістік көрсеткіштерін жоғарылату, бекітілген жоспарды ойдағыдай орындап шығу мақсатында, яғни руданы мол әрі, үздіксіз өндіру үшін жаңа технологиялық әдіс – жаппай жарылыс идеясын ойлап тауып, соның орындалуына білек түре, бел шеше кірісуі осының белгісі болса керек. Әрине, осы инженерлік әдістің, технологиялық үрдістің өндіріс өмірінде аса маңызды, өте прогресшіл ғылыми-техникалық жаңалық болмауы мүмкін, және руданы көп өндірудің табылған тиімді әдісіне де жатпас, мүмкін ол бұрыннан бар, бұл күндері ескі әдіске айналған құбылыс болуы да ғажап емес. Бірақ романдағы көтерілген негізгі мәселе мұнда емес. Жалпы көркем шығарма ешқашан өмірдің көшірмесіне айналмайды, олай болса романдағы осы оқиғаға байланысты эпизодтардың көтерер көркемдік салмағын, характер ашудағы көркемдік қызметін және жалпы шығарманың тақырыптық-идеялық концепциясын айқындап тұрғанын айрықша атар едік. Олай болса, романға ана бір оқиғаны, мына бір эпизодты неге кіргізген, немесе кейіпкердің мына іс-әрекетінің қажеті қанша еді деудің орнына, соның қай-қайсысы болсын көркемдік қызмет атқарып тұр ма, әлде жоқ па, соған зер салған ләзім.

Сонымен, түйіндей айтсақ, “Қара маржан” романындағы “жаппай жарылыс” желісін авторлық мақсат пен негізгі кейіпкерлердің характерлік даралығына, тұтастығына алып келген тиімді әдіс және ұтымды көркемдік шешім деп бағалаймыз.

Қарға тамған қан



С.Бақбергенов

Соғыс уақыты. Қыс мезгілі. Роман гвардия лейтенанты Досов пен полк штабының бастығы гвардия майоры Ветков арасындағы әңгімемен басталады. 23-гвардиялық атқыштар полкінің майоры Ветков-кішкене көк көзді, орта бойлы, денесі тұтас, сом, әрі мығым, иманжүзді жан. Андрей Акимович Ветков гвардияда жақында болған полк лейтенанты Досов пен полк командирі Бугеевтің арасындағы келеңсіз жағдайдың мән-жайын білуге келген еді. Досов пен Ветков взводтың қорғаныс шебінен екі жүз метрдей ұзап, қалың ағаштың арасына еніп, күзгі шабуыл кезінде снаряд түсіп құлатқан жуан қайыңның көлденең түсіп, сұлап жатқан діңгегіне отырып ұзақ әңгімелесті. Досов өзінің қиын тағдырын қысқаша баяндай келе, Бугеевпен неге келіспей қалғанын түсіндірмекші болды. Бугеев Высокое селосын жаудан босатқан шақта Досовтың жарлықты өздігінше орындағаны үшін наразы болды. Содан бері Досовқа ананы бір айтып, мынаны бір айтып жала жаба беретін болды. Сөйтіп келе Досовты дуэлге шақырады. Екеуі де жараланады. Ветков оқиғаны бастан аяқ тыңдаған соң ағаш-ағаштың арасындағы кішкене сүрлеу жолдың біріне түсіп, штабқа қарай кетті. Досов блиндаксға қайта оралып, нардың үстіне шығып, шалқасынан жатты да өткен жаздағы үлкен жорықтарды есіне түсіріп, қалың ойға шомды. Үш күндік жорықта алғындағы ақ жолақ етігінің басына қарап, көз алдына жалпақ бет, қысық көз, сүп-сүйкімді ақ сары қыздың келбетін елестетті. Олар орманның биіктеу жеріне келіп бекініс құрған. Керзі етіктің қоншына тығылған ақ қалайы қасықтарын алып, жапатарамағай ботқаны бөлісіп жеді. Сергей Донской деген жауынгер барлығын күлдірді. Соғыстың алғашқы терін бірге төгіп, жаудың алғашқы оғына кеудені бірге тосқан достарын есіне түсірді. Алматыдан бір топ солдат келіп ротаға қосылған еді. Солардың ішінде Ақбота мен Бәкен деген екі жас жігіт бар еді. Досов Бәкенді ойлады. Бәкен әлі комсомол қатарына өтпеген екен, ол “егер алда-жалда қайтыс болсам, мені комсомолға мүше етуіңізді сұраймын” деп штабқа хат жазған еді. Жауды бекіністен қуып тастауға келген кезде оққа жығылған Бәкен қаза болғаннан кейін, сыртында Ильичтің келбеті салынған, ішінде Еңбек Қызыл ту және қызыл жұлдыз ордендерінің суреті бар сұр билет берілген.



Досовты Бугеевке қарсы шыққаны үшін 15 күнге түрмеге жапты. Досов түрмеден шыққан соң Бугеев онымен мүлде сөйлескен жоқ. Ветковтың көмегімен Досов байланысшы офицер етіп тағайындалды. Басқа қызметке ауысатынын естіген жауынгер Нәлқара Сатыбаев Досовқа сырын айтады. Ол өзінің Қырғызстандыкі емес екендігін, туған жерлері бір екенін айтты. Нәлқара әңгімесін аяқтай алмай қалды. Досов жаңа жауынгерлер ортасына тап болды. Досовтың ендігі жұмысы – құпия пакеттерді блиндаждарға жеткізу еді. Осындай тапсырма орындау барысында Досовтың мініп жүрген торы атына оқ тиеді. Қараңғы түнде ертоқымды қолына алып Досов жаяу бір блиндажға жетеді. Бұл блиндажда Нәлқараны кездестіреді. Жылқы етін сағынып жүрген болса керек, Нәлқара торы атты сүйреп әкеліп, соймақшы болады. Нәлқара өткен жолы аяқтай алмаған әңгімесін жалғастырады.Әңгіме оқ тиген торы ат жайында еді. Нәлқара зергер еді. Төре аулынан бір сұлуды алған Нәлқара әкесіне өмір бойы қарыз болып қалғанын айтты. Қонысбек деген байдың тоқалына арнап жүзік, білезік, алқа, шолпы соғады. Еңбегіне бозтарланның үйірінен таңдап жүріп, құлынды бие алады. Биені өсіріп, баптайды. Досовтың әкесі бапкер еді. Нәлқара сол кісіге биесін апарып көрсетеді. Бәйгеге қосу үшін қандай жем беріп, қалай баптау керек екендігін айтады. Нәлқараның бозтарланы бәйгеден озып келеді. Қонысбек орнына бірнеше ат бермек болып бозтарланын қайта сұрайды. Бар байлығы – сүйікті жары Наршагүл мен бозтарланы болған Нәлқара оған келіспейді. “Қуаныш пен бақытым, үлкен мерейім болған бозтарлан 1930 ж. сорым болды” деп Нәлқара әңгімесін тоқтатты. Таң атты. Нәлқара жылқыны сойды. Штабына қайта оралған Досов майор Матвеевке түнде болған жайды баяндап берді де, ат сұрады. Досов штабқа әкелінген он аттың ішінен бір атты таңдап, оған артист Панка деген ат қояды. Көктем келді. Бір күні кезекті тапсырмамен жол жүріп келе жатып салт атты әйелді көзі шалады. Әйелді үрейлендірмек болып, қасына жедел шауып барады. Жете бергенде аты құлап, Досов та жерге құлайды. Әлгі әйел капитан екен. Бір күні Досовты штабқа шақыртады. Генерал әлгі әйелдің Досовқа шағымданғанын айтады. Досов асханаға келгенде қабырғада ілініп тұрған “Комсомольская правда” газетінің бетіндегі “Я хочу жить” деген мақаланы байқап қалады. Оның есіне интернатта жүрген шағындағы газет-журналдарды қызығып ұрлағаны есіне түсті. Досов ақыры осы мақаланы бәкісімен ойып алып кетеді. Блиндажға оралған соң қараса бұл Баубек Бұлқышевтің мақаласы екен. Мақаладағы ойлар өзінің көптен бері айта алмай жүрген сыры сияқты болды. Мақаланы бірнеше қайталап оқып, ішіндегі 4-5 сөйлемді жаттап та алады. Оның ойын “жолдас лейтенант, сізді штабқа шақырып жатыр” деген дауыс бөліп жібереді. Көк дөненіне мініп Досов тағы жолға шықты. “Мақаладағы Жанна деген қыз, менің сүйген қызым екен” деп түйді ол. Кезекті сапардан оралған соң блиндажына келді. Офицер капитан Марковтың орнында плащ-палатканы жамылып біреу жатыр еді. Бұл жігіт түнімен Дробчинскиймен сырласты. Ол баласына жақында хат жазғанын айтты. Енді бұл жігітті штраф батальонына жіберіпті. Ақыры бұл жігіт өзінің ақ екенін дәлелдеп тынды. Досов кезекті бір тапсырманы орындап, қайтып келе жатқанда медицина қызметінің сержанты Эмилия Ивановна Калиновскаямен танысады. Бұл әйел Досовтың есіне ақылын айтатын жеңешесін түсірді. Көктемгі шуақ жауынгерлердің еңсесін көтергенімен, блиндаждың іші судың қансыған жаман иісі қолқаларын қапты. Жақында Алматыдан азық-түліктері мен арақ-шараптарын әкеліп берген еді. Алексей Дробчинский мен Досов асханаға келді. Бұнда отырғандар генерал Черниковтан сөз естіген болу керек, көңілсіз. Майор Матвеев иығы қуышып бұрышта жалғыз отыр. Генерал Черников күнде біреуді сілкілеп-сілкілеп алмаса көңілі көншімейтіндей еді. Бұл егер жігітке Бауыржан Момышұлынан басқа ешкім қарсы сөз айтпаған екен. Ол бірде генералға: “Арыстан боп ақырғанмен орманды билеп ала алмассың” депті. Осы сөз мақал боп тарап та кетіпті. Алексей екеуі асханада біраз отырды. Досов Алексейге Бугеев арасындағы болған жайды айтты.

Майор Матвеев жорық кезінде бір селодан дивизия штабының оперативтік бөліміне бір сары қызды ертіп келген еді. Бидайдың сабағындай алтын түсті қою шашы бар, орыс орманының аясындағы тұнық көлдей көк мөлдір көзді сары қыз Досовқа ұнады. Осы қыз келгеннен бері жігіттер тәуір киініп, күн сайын қырынып, таза жүретін болды. Шура атты бұл қыздың бар жұмысы – машинка басып үйрену. Майор Матвеев “бұл қызды қарындастарыңдай көріңдер” деді жауынгерлерге. Генерал Чернигов келіп жауынгерлерді сілкіп алды. Шураны көрген Чернигов ашуын ұмытып, Шураға киім тіктіруді бұйырды, Досов Шураны мастерскойға әкеліп генералдың бұйрығын айтты. Шура екеуі штабқа қайтты. Шура жол-жөнекей өзінің өмірін айтты. Анасы бомбалау кезінде қайтыс болған, әкесі соғыс басталған күні-ақ майданға кеткен. Бір күні Шураны генерал шақыртты. Жауынгерлер төбеліренінен жай түскендей болды. Шура генералға барып, кешке оралды. Ешкімнің көзіне қарамастан ширмаға кіріп кетті. Прокофьев дивизия штабының бастығына алғы шепке жіберуін өтініп, рапорт жазды. Бұдан кейін оны ешкім көрген жоқ, 19-полкте Бауыржан Момышұлының қарауында жұмыс істеп жүр деп естіді. Дивизия саяси бөлімі мергендердің бір жетілік семинарын өткізді. Оған әр полк, батальон, ротадан ең тәуір деген атқыштар келді. Орман арасындағы кең далада мергендер жарысы өтті. Жауынгерлердің ішінен Нәлқара Сабалақов бәрін таң қалдырды. Жаудың алғы шебіне түнде барып орналаспақ боп, Нәлқара, Алексей, Досов үшеуі түн ортасы ауа алғы шепке жол тартты. Нәлқара мен Досов бірнеше жау солдатының көзін құртты. Алексей Сабалақовты Нәлқара деп атады. Нәлқараны әйелі осылай атайтын еді. Досов өткендегі аяқталмай қалған әңгіменің жалғасын сұрады. Нәлқара әңгімені жалғастырды: Атымды Шалабек жетектеп кетпекші еді. Мен мылтығыммен қорқытқан соң Шалабек кете барды. Кешке Шалабек екі милиция ертіп әкелді. Милицияның алдына түсіп жолға шықтық. Жолда 2 миллицияны желкелерінен ұрып, үйіне мылтығын алуға қайта оралдым. Бір жасқа толмаған ұлымды Шалабек сабап тастапты. Баласы мен әйелін де алып Ожардың басындағы терең сайда жарты ай жаттым. Шалабектен кегімді алмақшы болып, Үшбаста жаттым. Үшінші күні түнде төрт салт атты жортып келеді, бұлардың біреуі – Шалабек. Шалабекті қаңбақша көтеріп, іліп алдым да, өрге тартып, шауып келе жатқан ат үстінен көкпарша лақтырып тастадым. Үшеуі Шалабекке қарай бет алды. Мен қашып кеттім. Әйелім мен баламды ауылға апарып тастадым. Қырғызстанда жүріп кейін соғысқа аттандым. Қуанышым болған бозтарлан сорым болды“. Олар штабқа қайта келді. Саша мен Досов кезекті тапсырмамен жолға аттанды. Коротшаново селосында бір үйге қонып шықты. Бұл үйдің иесі картамен Досовқа бал ашып, бәрі жақсы болатынын айтты. Досов әйелдің моншағын алып, құмалақ ашты. “Сіз келініңізді тығып қойыпсыз. Ұлыңыз бар екен. Одан ертең хабар келеді” деді Досовқа. Әйел жасырып қойған келіні Земаны алып шықты. Ертеңіне ұлынан хабар келді. Әйел Досовқа алғысын айтты. Тығыз пакетпен көрші дивизияға ескі досы Владимир Бараевты кездестірді. Қоштасар кезде Досовтың төс қалтасына Владимир бірдеңе салды. Шептен ұзаған соң Досов қалтасындағы затты алып қараса, ол – Ираклий Чхеидзенің алтын сақинасы екен. Көз алдына бұл сақинаның тарихы келе қалды. Жаңа жыл күні болатын. Калинин мінбеге шығып қаланы жаудан босатқандарды құттықтады. Ираклий Чхеидзе, Владимир Бараев, Досов үшеуі үстіңгі қабаты бұзылған үйдің астында түнеп шықты. Ең үлкені – Владимир Бараев чуваш ақыны. Ираклий жиырма бес жасар журналист. Үшеуі жорыққа аттанды. Жорықта Чхеидзе қайтыс болады. Қолындағы алтын сақинасын, партбилеті мен қаруын алып, Ираклийді жерге көмеді. Досов алтын сақинаны анасына тапсырмақ болған еді. Әркімге участок бөлінді. Досов өзінің жерлесі Аллаберген Белбозовпен танысты. Шабуыл кезінде ерлік танытқан кіші лейтенант Есмұқан Таймасов қайтыс болды. Досов аяулы досы, ержүрек Есмұқан жайлы ойлады. Досов штабқа қайта келгенде баяғы Нәлқараны кездестіреді. Нәлқара бұрынғы әңгімесін жалғастырды. Шалабек армияға алынбапты. Колхозға мүше болғысы келмеген кейбіреулер тауға кеп тығылып, “Нәлқараның жігіттеріміз” депті. Бірақ оларды Нәлқара танымайды. Артынан ұсталған кезде “Біз Нәлқараны өз қолымызбен өлтіріп, сүйегін өртеп жібердік” деген соң ешкім Нәлқараны іздемеген. Нәлқара Досовтан әйелі Наршагүлге хат жазып беруін сұрады. Нәлқара әкелік махаббаттан, әкелік жүректен шыққан сөздерін хатқа жазғызып, штабтағы почтаға берді. Шабуыл жиілей түсті. Досов қаңылтыр мен қапталған қойын дәптерін алып, бетіне ұзақ қарады. Есіне ағасы түсті. Бауыржан Момышұлын алты рет көргендегісін есіне түсірді. Андрей Акимович Ветковқа келгенде Бугеевті кездестірді. Осы жолы Бугеев пен Досов тіл табысып, бір-бірін кешірді. Екеуі күлісіп ажырасты. Досов Сорокинге асықты. Ол да мазасызданып күтуде еді. Генерал Черниговтың ауыр жаралы болғаны хабарланды. Ешбір жауынгер шошынған жоқ. Тек қана машинистка Шура жай ғана күрсінді. Алексей былай шыққан соң “жаралы болмақ түгіл өліп қалсын” деді. “Қайткенде де адам ғой, жек көрген адамыма өлім тілейтін қара ниеттігім жоқ” деді Досов.

23-полктен 30 адам Совет Одағының Батыры атағын алды. Бұл ешбір полктің тарихында болмаған. Гвардия полковнигі Сомов дивизия командирі болып белгіленді. Алда тұрған топтан бөлініп шығып, ту алдына жүгініп, ант берді. Бұл Отанға, партияға берген ант. Түс қайта шабуыл қайта басталды.



Қарғын

Д.Исабеков

“Қарғын” романы алғаш рет 1980 жылы “Жазушы” баспасынан жарық көрді. Кітап баспадан шыққан бойда жастардың сүйіп оқитын шығармасына айналды.

Романның негізгі оқиғасы Алматы қаласында өтеді. Негізгі идеясы – адам бойындағы шынайы махаббат, адал сезім, биік парасатты жан-жақты көрсету. Шығарманың басты кейіпкері – атышулы жас жазушы Жасын және жоғары оқу орнына енді ғана түскен стдудент қыз Бағила. Жасын Мәдиев – ойы алғыр, өмір шындығына жасқанбай тура қарайтын талантты жазушы. Оның Бағилаға деген шынайы сезімі де өз мінезі сияқты қайшылыққа толы, тіпті, ішкі жан-дүниесінің өзімен-өзі арпалысы кезінде байқаусыз жас қыздың арына тиетін де сөздер айтып қалады.

Олардың алғаш танысуы поезд үстінде өтеді. Мектепті жаңа бітірген Бағиланы әкесі Алматыға оқуға алып келе жатады. Оның әкесі Қаратай – ауданның бірінші басшысы. Әлдеқалай себеппен Жасын солар мінетін купеге жайғасқан екен. Әкесі мен қызы екеуі енді жайғаса бергенде газет-журналдарды құшақтап сырттан Жасын кіріп келеді. Аудан басшысы және оның төңірегіндегілер оған жақтырмай қарайды. Басқа купеге ауысуын сұрайды.

Жасын олардың дегеніне көнеді. Купеден шығып бара жатып, үлкен басшының жанындағы көптеген жандайшаптарға қарап: “Жарайды. Көндім. Сендерге жаным ашығандықтан келістім” дейді.

Купеде жігіттің бір бет қағазы қалып қойыпты. Онда жазушының ойлары, өмірге көзқарасы, құдайдай табынып келген әлемдік әдебиетінің классиктері жайлы сын пікірлері, олардың көркемдік әлеміндегі концепцияларына қарсы өз ойлары жазылыпты. Бағила осы бір сәттен бастап өз тәрбиесі мен пайымдауларына, өмірлік тұжырымдарына мүлдем жаңа бетбұрыс енгендей, бұрын өзі ойлап көрмеген мүлдем жаңа дүниенің есігін ашқандай болады.

Бағила университетке оқуға түседі. Бірақ ол бір жалт етіп жоқ болған қыран көз, сөзі мірдің оғындай өткір, өн бойынан батылдық пен қайсарлық, биік парасат шашып тұрған сол бір жігітті ұмыта алмайды.

Олар бір жыл өткен соң ғана таксидің ішінде қайта кездеседі. Жауын құйып тұрған соң Бағила кез келген машинаға қол көтеріп тұрған. Такси ішіндегі адамға көңіл бөлмей, ол баратын жерінің адресін айтады. Біраз ұзаған соң ол:



  • Сәламатсыз ба? – деген қоңыр дауыстан селт ете қалады.

Бұл жігіт сонау кезде өздері купеден қуып шыққан жігіт екен. Жігіт купеде қалып қойған қағазын сұрайды. Жай сұрап қана қоймайды, “өзім ұнатпайтын адамдардың қолында ойларым жазылған қағаз ғана емес, ұлтарағымның қалғанын да қаламаймын” дейді.

Бағила ашу-ызадан жарыла жаздайды. Өзін де, әкесін де жазғыра сөйлеген мына бейтаныс адамның алдында ол қорланып, машинадан түскенше асығады.

Қанша ұнатпағанмен, олардың арасында байланыс жібі жалғасады.

Келесі бір күні Бағила оның купеде қалып қойған бір бет қағазын әкеп береді. Олардың таныстығы осылай басталады.

Бір кезде өзі ұнатпаған бұл жігіт атышулы екі кітаптың авторы, жастығына қарамай әйгілі боп үлгерген жазушы Жасын Мәдиев екен.

Бағила Алматыдағы немере ағасы, университет профессор Сәргелдең үйінде тұрып оқиды. Ол – қызғаншақ, күдікшіл, мансапқор адам. Әйелі қайтыс болып, өзінен он екі жас кіші Мәликеге үйленген. Мәлике болса көрікті, сөз қадірін білетін, бірақ, өмірде жолы болмаған әйел. Жолы болмағандықтан да амалсыз осы Сәргелге тұрмысқа шыққан. Бағила оны Лике деп еркелетіп атайды. Лике болса Бағиланы “Сур” деп еркелетеді. Оны Мәликенің өзі: “Сен сурет секілді сұлусың, әрі Куприннің “Ольга Сур” деген әңгімесіндегі Сурға ұқсайсың” деп түсіндіреді.

Ол екеуі ежелгі достардай сырлас боп кетеді. Мәлике – дүниеге көңіл көзімен қарай білетін, жан-дүниесі кең де таза адам. Ол Бағиланы туған сіңлісіндей жақсы көреді. Өмір жайлы, махаббат жайлы, қазіргі адамдардың қулығы мен айласы жайлы, адалдық пен аярлықтың қандай болары жайлы көп-көп әңгіме шертеді. Сәргел болса – қызғаншақ, күдікшіл, сәл нәрседен секем алғыш. Әйеліне, немесе немере қарындасына біреу-міреу көз тастай қалса да қызғанады. Оның бұрынғы әйелі де оның осы қызғаншақтығынан көп азап шеккен. Тіпті, өлер алдында ол: “Ал, мен кеттім. Қызғансаң о дүниеге кел” деп қағаз жазып қалдырған.

Бағиланың әкесі – аудан басшысы. Алматыдағы көптеген басшыларды таниды. Сәргел болса оның беделін пайдаланып, докторлық диссертациясын жеделдетіп қорғамақ. Бағиланы үйінде тұрғызуында да осындай ішкі есебі бар.

Бағила кейіннен білді. Жасынның әйелі, екі баласы бар екен. Бірақ, ерекше бір сезім оны Жасынмен кездесуге ылғи да жетелеп тұратын секілді. Олар талай кездесті де. Бұрын ешқашан жігіт қасында отырып көрмеген Бағила Жасынмен тым жақын боп кетті. Бірақ, Жасынмен бірге жүру, онымен қатар отыру кей кезде жас қыз үшін азап сияқты боп көрінеді. Оның сөздері тікенектей өткір, үнінде кісі зәбірлейтін леп есіп тұрады. “Бұл қандай адам?” Жақсы көргені ме, жек көргені ме?” Екінші онымен кездеспеспін деп талай шешім қабылдаса да, телефоннан Жасынның қоңыр да байсалды үні естілгенде кездесуге қалай келісім беріп қойғанын өзі де аңғара алмайды.

Өзінің бұл ыстық сезімін тоқтата алмаған Бағила талай түнді ұйқысыз, қорланып атқарды. Бар сырласы – Мәлике. Ішкі сырын соған ақтарады. Мәлике болса: “Сезім деген солай, Сур. Ол өзіңе де бағынбайды. Махаббат деген – мойынға ілінген қамыт. Алтын қамыт. Әйел байғұстың көретін күні осы – азаптану, қорлану, жылау ақыры айналып кеп көну” деп өз өмірін жыр қып айтып кетеді. Жасынды ол да жақсы көреді. Өйткені, Жасын – биік интеллект, жоғары талғам иесі, қазақ арасында сирек кездесетін эрудит. Ол жан-жақты білімді. Тарихшылармен пікірлессе – білгір тарихшы, сазгерлермен пікір алмасса – білікті музыка маманы, суретшілер мен суретшілер арасында – аса білікті өнертанушы. Ол махаббат деген ең асыл сезімге де биік талғаммен қарайды.

Жасын болса, жас қызды ұнатып қалғаны үшін іштей азап шегеді. Тым жақындасып кетуге жас қыздың болашағын ойлап тартынады. Және оған бой үйреніп кетер деп қорқады. Тым биік, тым таза санап келген сезімдері күндердің күні үйреншікті нәрсеге айналып, кетер ме екен деп қорқады. Бірін-бірі ерекше жақсы көретін адамдар үшін ерекше сезім мен әрекет ойлап таппағаны үшін Жаратушыны да жазғырады.

Үш жыл ішінде ол Бағиланың тек үстіңгі ернінен бір-ақ рет сүйді. Соның өзінде айтқаны:



  • Ерніңнен неміс помадасының дәмі сезіледі, - деген сөз болды.

  • Бар айтайын дегеніңіз осы ма?

  • Иә, - деді Жасын кенет әлденеге ызаланып. – Бар айтпағым осы. Басқа ешқандай сөзім жоқ!

Бертін келе Бағила Жасынның өз ішкі дүниесімен арпалыс үстінде жүретінін, атышулы жазушы болғанмен, оның досы жоқ екенін, жалғыз екенін, өзгелерден оқ бойы озық болғандықтан сырласар тең таппай азап үстінде жүретінін аңғарды. Мұның жас қыз екенін ескермей, ауық-ауық арына тиіп сөйлейтіні де сол ішкі арпалыстың шарпуы екенін аңғара бастады. Жасынды түсінетін жалғыз өзі ғана екенін де ұғынды. Оның бойындағы қайшылықты сезім әдемілікке, сұлулыққа, тазалыққа деген ұмтылыстан туатынын, оның ұшы Адамды сүю деген үлкен арнаға тірелетінін ұқты. Жасынды сүю – бақыт емес, азап екенін де түсінді. Бірақ, оның ішкі ойы: “Несі бар, сол азап та мен үшін бақыт” деп, пенделік ойын парасатты ойы жеңіп келе жатқандай көрінді.

Талай кештер, талай оқиғалар артта қалды. Сәргел докторлығын қорғады. Той өтті. Бағила есейді. Оған ғашық болмаған адам жоқ. Суретшілер оның портретін де салып, сыйлай бастады. Әкесінің көмекшісі болса, күнде хат жазады. Сербота деген ақын жауып тұрған жаңбыр мен қарға қарамай Бағиланың жолын тосып жүреді. Бірақ, Бағиланың жан-дүниесі Жасынға ұмтылады. Жасынмен бірге болу, онымен тілдесу, тіпті үнсіз отырудың өзі жас қыздың жан-дүниесін байытып, өзгеше бір әлемге жетелей беретін секілді. Тіпті, онымен ренжісіп, екі-үш ай тілдеспей кеткен уақыттың өзі бос өткен өмірдей боп көрінді. Мына өмірде Жасынның орны бөлек, ол ерекше жаралған, бәлкім, жалқы біткен ерекше тұлға. Онымен қандай азапты жолға болса да бірге аттануға дайын.

Бірақ, Мәлике басқаша шешімге келді. Бұл сергелдеңнің аяғы болуы керек. Жанындай жақсы көретін Сур жүдеп барады.

Сәргел оларға Ялтаға жолдама алып береді. Ұмыту керек. Бәрі-бәрін де ұмытпаса болмайды. Бірақ, ол да шипа болмады. Ялтада жатып, Бағила бұрынғысынан да көп азапқа түсті.

Мәлике Жасынға телефон соқты. Тез келуін өтінді.

Жасын Ялтаға ұшып келеді. Сезім арпалысы мен сағыныш сазы бұл тұста мол суреттеледі. Сонау алыстан Бағиланың әкесі де, Бағиланың ықыласынан үміткер оның көмекшісі де кепті.

Әр түрлі мақсат, әр түрлі сезім, әр түрлі тағдырлар осы жерде тоқайласады.

Жасын мен Бағила оңаша.



  • Алматыға барған соң мен саған балмұздақ алып беремін, - дейді Жасын.

Тәтті сөйлеуді жек көретін Жасынның аузынан шыққан мынадай сөзге Бағила мырс етіп күліп жібереді.

  • Сіз?.. Балмұздақ? Сізге ол жараспайды...

Ол Бағиланың ернінен өмірінде екінші рет қана сүйді.

Өмірде мұндай тазалықты былайғы жұрт кеңкелес санайтын кеде, ондай адамның болатынын және сол адам өз өмірінен өле-өлгенше орын алатын болғанына Бағила өзін әрі бақытты, әрі әлжуаз, дәрменсіз сезінгендей.

Бірнеше сағаттан соң Жасын Алматыға ұшты. Ол биікте, жасыл қипаристердің үстімен ұшып келеді. Төменде күйініш пен сүйінішке толы жасыл орман.

Енді не болмақ?

Жерге түскен соң Жасын өмірі қайда бет бұрмақ?

Роман осындай күрделі сұрақтармен аяқталады.



Қасырет

К.Ахметбеков
Қазақ халқының басынан кешкен қилы езең, қиын тағдыры туралы тағы бір көркем шығарма дүниеге келді. Осы романның “Қасірет” деген атының өзі айғақтап тұр...

Роман авторы Кәрібай Ахметбеков – бүгінгі белді жазушыларымыздың үлкен ортасында жүрген қаламгер. Бұрын-соңды қазған шығармаларымен жұртшылыққа жақсы таныс оның әсіресе, “Ақ даласы” – айтулы туынды қатарына қосылып, баспасөз бетінде тәуір бағаланғанын да білеміз. Жазушы – роман-дилогиясында қазіргі қайта құру кезеңінің көкейкесті мәселелерінің бірі болып отырған ел мен жер тағдыры турасында батыл, жарқырата жазып, көкейде жүрген маңызды мәселелер төңірегінде ой тербеген болатын. Өз тақырыбын, өз жазу мәнерін, өз қолтаңбасын тапқан жазушының жаңа шығармасын оқу да, ол туралы ой қорыту да бір ғанибет қой. Міне, біз “Қасірет” романын осындай оймен қолға алған едік.

Роман жанрының басты белгісі қомпиған көлемі емес, көтерген мәселесінің көкейкестілігі арқылы анықталса керек. Алдымен ашып айтарымыз “Қасіреттің” нақ осындай қасиетке лайық екендігі. Шығарманың өне бойында өзгені, яғни, оқырманды жіпсіз жетелеп, еріксіз еліктіріп отыратын ой ағысы, сюжет желісі бар. Оның сізге бас алдырмай оқытатын оқиғасының қызықтығы емес, көркемдік кестесі келіскен пайым-парасатының биіктігі. Автор шығармасының архитектоникасын, оқырман ықыласын біржолата билеп алудың оңтайлы жолын, жазу формасын дәл тапқан. Сондай-ақ ол Бүгінгі өмір мен Өткен тарихты сабақтастыра суреттеу және оның байланысын барынша жымдастыру арқылы әдемі әдеби әдіс қолданған. Жазушының шығармашылық шеберлігінің шеңбері де осы тұста айқын аңғарылады. Ахметбеков стилінің сыршылдық сипаты – романның риясыз табысы дерлік дерек. Бұл әлбетте қаламы төселген, творчествосы толысқан кәнігі қаламгерде ғана болатын қасиет. Сондай-ақ оның ойы терең, тәжірибесі толымды екендігіне де жақсы мысал.

Романның бұл – бірінші кітабында аса көп көрінбесе де, ұзақ әңгімені бастап беріп, салған жерден сан алуан сауалдарымен,өмір-тіршілік жөніндегі өзіндік түсінік-түйсіктерімен көрініп, бейнесі көкейінде бірден ұялап қалатын Ертағы, түптің түбінде ұзын саны – 2-3 томнан тұрады-ау дейтін осы көлемді шығарманың орталық кейіпкері екендігіне күмәнсіз сенесіз. Ол бір дарияның бастау көзі сияқты. Ертағы – жазушының жан жолдасы, жан сырын жасырмай жайып салған жансерігі. Кәрібай осылайша шоқтықты шығармасына келісті кейіпкер тапқан. Романның оқиғасы да соның өміртарихымен қоса өріліп, өрбіп, шырқау биікке көтеріледі. Ол – Ертағы – орталық кейіпкер автордың аузындағы сөзін, көңіліндегі мұң-наласын, жүрегіндегі жарасын, ойындағы көкейкесті мәселелерді қағып алып, қағаз бетіне түсіріп, жұртшылыққа жеткізуге асығып жүрген абзал дос. Ертағы әп дегеннен-ақ көзге ыстық, көңілге жақын тартылып, онымен тез табысып кетудің себебі неде деген сауалдың туындауы кәміл. Ағымыздан жарылып, анығын айтсақ, Ертағы сіз бен біздің – қалың оқырман қауымның замандасы. Әрине, замандастың да замандасы бар. Біздің байқауымызша, Ертағы қысыр әңгімеге үйір; қыңыр мінезді әлдекім емес, дала мен қаланың өмірін жақсы білетін, қабырғалы халқының, туған елінің өткенін де, бүгінін де жетік меңгерген, болашағына алаңдайтын аяулы Азамат. Сәнді киім, сәулетті тұрмыс, тойып ішкен тамағына мәз, бар мақсаты мансабының өскені болып жүрген жаны жадағай, өресі тар, ойы саяз тоғышарлар тобына қосылмай, кеудесінен сана сәулесінің нұры шашыраған зиялы Замандаспен – тосын. Кейіпкермен кездескеніңе қуанасың.

Кәрібайдың тұрмыстық суреттен басталған шығармасы бірте-бірте әлеуметтік әңгімелерге ауысады. Қала тіршілігінің кейбір көріністері: ит асырау (ал бала туу, бағу, тәрбиелеуге зауқы жоқ), сүт кезегі, әлдекімдердің жоқ жерден шатақ шығарып, таң атпай ұрыс-керістің өріс алуы (жүйке тоздыратын жөн-жосықсыз байламдар, адамдардың бекерден-бекер бір-біріне тіл тигізулері), кешегі қан майданнан аман келген ардагерлер, үй шаруасын әйелімен қатар атқарып жүрген қазіргі еркектер, балабақша, қиырдағы қазақ мектептеріне бозала таңнан тұрып, балаларын сүйретіп, сорлары қайнаған ерлі-зайыптылардың көретін қорлықтары... Қиюын келтіріп, қисынын тауып жазған осы мәселелер жөніндегі Ертағының мына бір ойы: “Шаһарлы жердің тіршілігінде жүйкеге де, діңкеге де тиетін нәрсе онсыз да жетіп артылады” деген түйінге тірелген. Бұл өзі шынтуайтына келгенде көпшілігіміздің көкейімізде жүрген, шиеленіскен, шешімі толық таптырмай жүрген мәнді мәселе емес деп кім айтар екен?! Осынау ірілі-уақты өмір көріністерін көлденең тартып, жазушы ол жөніндегі өз ойларын ортаға салып, бізбен сырласып-ақ кетеді.

Кәрібай Ертағының зайыбы Сүткенженің қарт әке-шешесі Ошақбай мен Қарашаш туралы сыр шерту арқылы, қазақ семьясындағы сыйластықты тілге тиек етіп, осы орайдағы ұлттық ғажайып әдет-ғұрыптарымызды суреттеген. Сүткенженің әке-шешесінің арасындағы қартайса да суыспаған сыйластық қандай керемет. Тәтті татулық, шынайы сезім, ыстық ықылас жүрегіңді жылытады. Әлгі айта беретін, қиссалардағы ақиреттік дос болу деген сөздің төркіні осында жатқан болар-ау деп топшылайсың.

Қазіргі кезде, демографтардың деректеріне қарасақ, қазақ халқының өсіп-өркендеуі көңілдегідей емес. Бұл ретте көбінесе кінәні қала келіншектеріне арта беруші едік, бүгінде ауылда да жағдай күрт өзгеріп кеткені белгілі. Осынау баладан қашқан кесірлі әйелдер аталмыш қаламгердің де жанын ауыртатын көрінеді. Себебі, Сүткенженің шешесі қалаға келіп жатқанда келіні Оңласынның босанғанын естіп, қош деместен ауылына тартып кетеді. Соған өкпелеген қызына анасының айтатын мына сөзі шындық қой: “Бұрын алла қысты дедік, енді адам қысса амалың бар ма?!”. Тағы да: “Сендердің ниеттеріңе салса, бұл үйде бала түгілі, бақаның үні шықпас”. Міне, бұл дүниеге бірнеше бала әкелсе де, аш-жалаңаш қиыншылық заманда бәрінен айрылып, жалғыз ұлдың (оның өзі аштық жылы айдаладан тауып алған Сақыпкерей) қас-қабағына қарап қалған ананың жан сыры. Ал бұл бүгінгі не ішем, не киемді білмейтін, тамағы тоқ, киімі көк еркетотай келіншектерге арналған ескертпе-сын. Табиғаттың ұлы сыйы – бойға біткен перзентті тумай жатып тұншықтырып, бар өмірін күнделікті уақыт қызығына арнауға бейім жас әйелдерді уытты тілмен аяусыз шенеу – ұлттың болашағын ойлаудан туындаған оңды шешім.

Кәрібай келін мен ене арасындағы сыйластық, келісті жарастық мәселесін де жақсы көтерген. Немересін жанындай жақсы көретін, ол үшін шыбын жанын қиюға әзір әжелер жайлы жазушы толғанысы да жүрек толқытар әсерлі шыққан. Бұл сияқты ұлттық мінез, халықтық салт-дәстүрдің жоқшысы болу – жазушы парызы екенін қаламгер жақсы түсінген.

Ахметбековтің бұдан бұрынғы “Ақдала” романында түбегейлі көтеріп, ашына жазған тақырыбына қайталап соққан жерлері ұтымды. Өмір, уақыт өзгерісін әдіпті өреді. Кәрібайдың туған жер жөніндегі толғанысы; жердің бей-берекет жыртылып, құнары қашқаны, мыңғырған мал өсіретін аймақтың амалсыздан “астықты алқапқа” айналғаны жайындағы жан күйзелісін ақаиқат емес деп кім айтар?!

Романдағы орталық кейіпкердің бірі Жолымбет ақсақалдың жекеменшік малды бағудың аса қиындап кеткенін ойына алған тұстары да уақыт үні іспетті. Оның ойы көкейде жүрген көптің сөзі, көптің жүрек қыжылы. Жекеменшік малға өріс тарылған, жазға жайылым етіп отырған ауыл іргесіндегі өзен аңғарын да жыртқызып, пысықтар егін салдырған. Аз ғана жылдың аралығында осындай қыспақ көріп, тіршілігі тарылған ауыл адамдары жан-жаққа бытырай бастаған. Кешегі түтіні түзу ұшқан ауылдар қаңырап бос қалып, онда кір жуып, кіндік кескен атамекендерін қимаған, кәрі-құртаң кемпір-шалдар ғана отыр. Міне, бұл қазіргі кездің қасіреті емей, немене?!

Кешегі колхоздарды ірілендіру, оның совхозға айналуы, сол тұстағы қыруар қазақ ауылдарының оты сөніп, аты өшіп, жоғалып кетулері – біздің ұрпақтың көз алдында өткен жағдай. Аты түгіл, заты қалмаған сол бір сорбақ өңірлер тағдыры кезінде атқамінер – басшысымақтарды тіпті де толғандырмағаны да рас. Қазіргі қайта құру заманында ашық айтылып, қайта көтеріліп жатқан мәнді, ұлттық әлеуметтік мәселенің қаламгер назарына ілігуі әрине құптарлық жағдай. Бір ауыл тағдыры арқылы автор барлық қазақ ауылдарының көкейкесті мәселелерін көтерген.

Жазушыны ұлттық тұрмыс-салт, ауылдағы жақсы дәстүрлердің құрып, жойыла бастауы да қатты толғандырады. Бүгінгі ауыл адамдарының арақатынасының суысып кеткені, бұрынғы бауырмалдық сезімнің жоғала бастауы да қаламгер қабырғасын қайыстырмай қоймайды. Бұл, әрине, оқушыға ой салатын көріністер.

Романның өне бойы толы өмірлік – қоғамдық-әлеуметтік маңызы бар мәселелер. Шығарманың оқиғалар түзілісі, сюжет желісі, композициялық құрылымы, кейіпкерлерінің өмірлік позициялары, адамгершілік мұраттары, қилы-қилы тарихи кезеңдердегі адамдар тағдыры – міне, осының бәрі қосылып, жазушының ел мен жер, халық тағдырын тереңнен толғап, өткеніне бүгінгі күннің көзімен қарап, тиісті бағасын беруге бағышталған.

Тәжірибелі қаламгер күні кешеге дейін жоғарыдан жоспарлаудың, шырғалаңына ұшыраған шаруашылықтағы болған керітартпалықтарды да орынды сын тезіне іліктіреді. Әуелі арпа-бидай, жүгері, сосын темекі, одан соң қызылша егуге көшкен колхоз тіршілігінен не үміт күтуге болады? Міне, осылайша, көпшілік өңірлерде не дақылын тапқан жер жоқ, не кәсібін тапқан ел жоқ, не түрен тісі тимеген елді мекен жоқ. Осының бәрі жазушы шымбайына қатты батады.

Романның үшінші тарауынан бастап оқиға желісі өзге бір өзекті арнаға түседі. Автор орталық кейіпкерлердің жастық шағы, өткен өмірлеріне шегініс жасап, ел басына күн туған отыз екінші жылғы ашаршылық азабын, отыз жетідегі ойранды, күні кешеге дейін біле тұра жұмған аузымызды ашпай келген – халық көрген қорлықты, нағыз нәубетті суреттеуге ойысқан. Жеке адамдар – қатардағы қарапайым адамдар тағдырымен шебер шендестіре баяндалған сол бір келмеске кеткен қилы кезеңдер көрінісі оқушысын сан сұмдықтар, сорақылықтарға жүздестіріп, жан сезімдерін теңіздей толқытып, ашынтады, опынтады. Сондай-ақ соншама тағдыр тауқыметін тартса да сынбаған, өмір үшін өлімді жеңген, бүгінгі бақуат заман үшін күрескен қайсар да қайырымды, жігерлі де жасампаз, жайсаң да жомарт кейіпкерлерді кездестіріп, олардың адалдығы мен адамгершілігіне басыңды иесің. Өзіңнің де сол адамдарға бүйрегің бұрады, олармен бірге қуанып, бірге қиналасың. Міне бұл, сайып келгенде, біріншіден, шығарма шындығының әсері болса, екіншіден; жазушы шеберлігінің, яғни, өмір құбылысын өнерде суреттеп көрсетуге қаламгер қаламының жүйріктігінің белгісі. Бұл ретте біз Ошақбай, Ескермес, Қарашаш, Қалдықыз, Жолымбет, Тәңірберген сынды кейіпкерлердің тағдырларына таңдана, таңдай қаға қараймыз, жақын тартып, жақсы көріп кетеміз.

Романның соңғы – бесінші баяны басқа арнаға ауысқан. Онда әңгіме желісі өзгеріп, қайтадан бүгінгі күннің оқиғасына ауысыпты. Жастар – ерлі-зайыпты қойшылар Қайым мен Ағзия тағдырлары да қызықты, тәлімді. Осы жаңа арнаға түсу арқылы автор ел басынан кешкен қайғы-қасіреттің өзі пайымдаған сабақтарының сырына терең үңіліп, өз көңіліне түйген жағдаяттарды жаңа қырынан көрсетуге қадам басқан сыңай танытады.

Бірінші кітап ел естімеген сұмдық бір оқиғаны баяндаумен аяқталған екен. Оқыған адам оқиға енді қалай жалғасар екен, кейіпкерлердің кейінгі тағдырлары не болар екен деп елеңдесіп, жалғасын асыға күтері хақ.

Романның қайсыбір тұстары публицистикалық сарында жазылған. Бұл – қазір одақ, оның ішінде орыс әдебиетінде қалыптасқан жаңа дәстүр. Өмірлік, өткір көкейкесті мәселелер қозғаған сәтте жазушы көбінесе көркемдіктен гөрі публицистикаға көбірек қамшы басып жібереді. Дегенмен ондай жерлері онша көп емес. Бұл – біздіңше, Кәрібайдың “Ақдалада” көбірек орын алған кемшілігінен мейлінше арылғанын көрсететін, шығармашылық шеберлігінің кемелдене түскендігінің басты белгісі.

Қаламгер тілге жүйрік, ойға бай. Сол себепті оқиғаны баяндаса да, суреттесе де жорғадай тайпалта жөнеледі. Әрі қоғам өмірінің маңызды, мәнді, мақсатты мәселелерін дер кезінде қозғап отыр.

Өзге жұрттар жаппай сонау бір қилы замандар шындығын жазып, жариялап жатқан кезде қазақ қаламгерлері де қарап қалмасы хақ. Мына шығарма соның бір жарқын мысалы. Ахметбеков бұл тақырыпқа бүгінгі ұлы дүрмекке қосылуды көздеп емес, нағыз жанын жегідей жеп жүрген, енді айтпаса жүрегі жарылатындай шындықты айтуды аңсап барып қолына қалам алғанын аңғартады.

Шығарманың өне бойында арнайы тоқталып айтатындай, қадала қазбалайтындай кемшілік байқалмаған соң, тырнақ астынан кір іздеуді мақсат тұтпадық.

Біз ұзақ жылдар бойы тағдыр тақсыретін көп тартқан туған халқымыздың өткендегі өмірін көркем әдебиетте қанша жаздық десек те, нағық ақиқатты айта алған жоқпыз... Көрсек те көрмегенсіп, білсек те білмегенсіп, жалаң саясат, жайдақ идеологияның дегенін істеумен дымымыз құрып келді. Енді, міне, сол солақайлықтың, сол олқылықтың орнын толтырар сәт туды. Жазушы К.Ахметбековтің романы осы реттен алғанда айы оңынан туған туынды.

Қаһарлы күндер

Т.Ахтанов

Т. Ахтановтың Ұлы Отан соғысы тақырыбына жазған көлемді көркем шығармаларының бірі “Қаһарлы күндер” романы. Ол қазақ прозасындағы Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған алғашқы романдардың бірі. Романда Москва түбінде болған шайқас, сол үлкен ұрыс кезіндегі генерал Панферов басқарған дивизияның Отан қорғау жолындағы жанқиярлық ерлігі реалистікпен баяндалған.

Төрт тараудан тұратын үлкен романның негізгі идеясы сыртқы жаудан Отанды қорғау. Осы идея романдағы барлық кейіпкерлерді қимылға келтіріп, соғысқа араластырып отырады. Романның бірінші тарауында белгілі дайындықтан кейін Панферов дивизиясының майдан шебіне аттануы, екінші тарауда жау күшінің басым келіп соғыс күшінің кейін шегінуі, үшінші тарауда жау қоршауында қалып қойған Мұрат батальонының қоршауды бұзып шығуы, төртінші тарауда Москва түбінде болған шешуіші айқас, сол айқас кезіндегі Ержан взводының ерлігі баяндалады. Осы арқылы жазушы Ұлы Отан соғысы жылдары Отанын сыртқы жаудан қорғап қалған жауынгерлерінің өлмес образын жасайды.

Романның алғашқы беттерін ашқанда-ақ туған жерді қимай Алматымен қоштасып соғысқа аттанып бара жатқан бір топ жауынгерлерін көреміз. Олардың ішінде әр түрлі адамдар бар. Өткен жылы ғана күнелтіс қуалап Алматыға келген Добрушкин мен Талғар МТС-інің атақты тракторисі Кәкібай, қарапайым да қатал мінезді Қартбай мен адал жүректі, алып денелі Бондаренко, жиырмадан жаңа ғана асқан взвод командирі Ержанмен бұрынғы военкомат қызметкері Мұрат, күні кешегі орта мектеп оқушысы Раушанмен жоғары мектеп оқытушысы Уәли, әскери атақ қуалап, өзін өзгелерден жоғары ұстап жүретін майор Купциановтар бар. Олардың алдында бір-ақ тілек тұр. Ол – қасиетті Отанды сыртқы жаудан қорғау тілегі.

Жазушы осы адамдар образы арқылы Ұлы Отан соғысының алғашқы бір жылы ішіндегі дәуір тынысынан хабар берген. Романда жазушының айрықша мән беріп, шеберлікпен мүсіндеген жауынгерлердің бірі – Көжек Шежебаев образы.

Ол бұрынғы шопан, жөнді сауаты да жоқ. Былайша көзге көрінгенмен адамгершілігі мол, адал жауынгер. Ол армияға кетер алдында семьясымен қоштасып тұрып, поездан қалып қояды. Жазушы осы тұстағы Көжек басындағы қиналысты: “Адам деген қызық қой. Жаңа ғана Көжек баласы мен әйелінің қасынан кеткісі келмей, солардың қасында бір минут артық тұра тұруға барын берер еді, енді өз бөлімін қуып, осы арадан тезірек кетуге мал-жанын берердей халге түсті”, - деп береді.

Өз бөлімінің соңынан қуып жеткен Көжек жігіттер қанша қалжыңдап жатса да қиналмайды. Өзімен бірге болған, армияға бірге аттанып келе жатқан жолдастарын көргенде қатты қуанып кетеді. Әсіресе, қатты сыйлайтын Ержан алдында өзін кінәлі санайды. Батальон командирі Мұратпен, дивизия командирі генерал Панферовпен кездескенде де осы ісі үшін қатты қысылып жүреді.

Осындай момын, қарапайым адам жауға дегенде мейірімсіз де қатал. Ержан взводы қоршауда қалған кезде Қартбай екеуі жау күшін тоқтатып, үлкен ерлік көрсетеді. Жау машинасын мініп қашып, батальонға келіп қосылады. Әсіресе, Көжек ерлігі шешуші айқас кезінде айрықша көзге түседі. Оны жазушы Ержан мен Көжек арасындағы диалог арқылы береді.

Романдағы бұрынғы Талғар МТС-ының атақты тракторисі, әнші жігіт Кәкібай образы өте сәтті шыққан. Романның алғашқы беттерінде өзінің өткен өмірі туралы взвод командирі Ержанға әңгімелеп тұрған қапсағай ірі жігіт Кәкібайды көреміз. Ол да ет пен сүйектен жаралған адам баласы. Оның үстіне әсем әнге берілген сезімтал жан. Онда да қуаныш пен қайғы қатар келіп, қабаттасып жататын сәттер жиі кездесіп отырады. Оның да күйрек сезімге беріліп, егіліп кететін кездері болады. Жазушы ақын жанды, ақкөңіл Кәкібай басындағы осы бір жайларды романның өн бойына шеберлікпен суреттей отырып, шешуші айқас кезіндегі Кәкібай образын романтикалық дәрежеге дейін көтеріп бейнелеген. Ол өзінің шешуші айқас кезінде оң иықтан жараланып, қансырап қалғанына қатты өкінеді. Қалайда жау танкісін өткізбей тосқауыл болғысы келеді. Оған жауға деген қарсылық манағыдай емес, әлсіреп, сөніп бара жатқан сияқты болып көрінеді. Кәкібай жан-жағына қарады. Маңында ешкім көрінбеді. Енді ол осыны өзі ғана тоқтатуға тиіс екенін, өзінің бар міндеті де сол екенін сезді. Өйтпесе бүгінгі төгілген мол қан, бар қайрат босқа кетеді. Танк өтпеуге тиіс. Кәкібай сол қолына ұстап тұрған гранатын окоптың ернеуіне қойды. Еріксіз қимылмен шұқырдағы бума гранатын алып шандыған жіптің шетінен тістеді. Окоптың ернеуіндегі гранатын қайтадан сол қолына ұстады. Енді бері қарай тура бет түзеген танкке қадала қарады. Бір сәт қап-қара шыңырау құздың дәл ернеуіне келіп қалғандай, шалқалай беріп, арқасы окопқа тірелді. Туған жер, жақын достар, Марияш, күллі қызық өмір күн шұғыласына малынып көз алдына келіп тұрып алды. Қап-қараңғы түпсіз түнек пен жайнаған жарық дүниенің ортасында тұр. Кәкібай жауырынымен окоптың артқы қабырғасын ойып жіберердей шегіне шіреніп, ыңыранып қалды. Танк бері қарай тұп-тура келе жатыр. “Өте алмайсың, сұмырай” Кәкібай дене мен жүректегі ең соңғы күшін сығып алып қап-қараңғы шыңырауға қарай атылды. Ең соңғы рет арттағы айдын өмір бар шұғыласымен бір жарқ етті”. Осылайша бейнеленген Кәкібай образы көп жағынан Қ.Аманжоловтың “Ақын туралы аңыз” поэмасындағы Абдолла бейнесін еске түсіреді.

Романда тек жауынгерлерінің ғана емес, сонымен қатар оларды тәрбиелеп өсірген, белгілі дайындықтан өткізген командирлерінің де бейнесі жасалған. Олардың ішінде алдымен көзге түсетіні взвод командирі Ержан бейнесі. Жиырмадан жаңа ғана асқан жас жігіттің өмір тәжірибесі өте аз. Сонда да ел басына түскен ауыр жағдай оны тез есейтіп жібереді. Ол қарауындағы жауынгерлерге өз білгенін үйретуден жалықпайды. Жауынгерлердің көңіл-күйін көтеріп, үнемі олармен бірге болады. Поездан Көжек Шөжебаев қалып қойғанда жас командир қатты сасады. Ашу үстінде қыңыр мінезді бөлімше бастығы Добрушкинге де қатты айтып тастайды. Әсіресе, оған өзімен жөнді сөйлеспей қойған Мұрат қорлығы қатты батады. Неде болса кімнің кім екенін соғыс үстінде көрерміз деп ойлайды.

Жас жігіттің Раушанмен қарым-қатынасында да кемшілік көп. Ол Раушанмен күнде сөйлесіп, қыдырып жүрсе де өз көңілінің түбінде жатқан асыл ойын айтуға асықпайды. Таныспай жатып ой айтып, күйдім-сүйдім деп жатуды артық көреді. Өзінің бұл ісінің дұрыс еместігін Раушаннан айрылып қалғанда бір-ақ түсінеді. Соғысқа алғаш қатынасқан кезде Ержанды да қорқыныш сезімі билейді. Ол осы бір сезімін басқа біреулер біліп қалған жоқ па екен деп қуыстанып та жүреді. Жас жігіт соғыс үстінде есейіп, бірте-бірте жетіле түседі. Ержан взводын шабуылға шығарып арзан абырой-атаққа ие болғысы келген Уәлиге қарсы шығып, өз намысын қорғап қалады.

Әсіресе, Ержанның есейіп қалғаны взвод қоршауда қалған кезде айқынырақ көрінеді. Ол өз қарауындағы әрбір адам үшін жауаптымын деп есептейді. Оның әрқайсысының үйде қалған анасы мен баласы, сүйікті жары алдында өзін борышты санайды. Сондықтан да оларды жау қоршауынан аман алып шығу менің басты міндетім деп ойлайды. Ержан взводы Москва түбіндегі шешуші айқас кезінде де асқан ерлік көрсетеді. Жау әскерінің төрт рет жіберген танк шабуылына тойтарыс беріп, бекіністен өткізбей, тосқауыл жасайды.

Романдағы политрук Василий Кусков бейнесі барлық жауынгерлерге де үлгі, өнеге іспетті. Ол әр адаммен тіл тауып сөйлесе білетін шебер ұйымдастырушы. Оны Ержан мен Уәли арасындағы болған реніш те, Кәкібай мен Добрушкинде болған күйректік те қатты қинайды. Бір сөзбен түйіп айтқанда жауынгерлер арасында ол араласпайтын жұмыс жоқ. Жазушы Василий Кусков образы арқылы шабуылға шыққанда алда, тыныш кезде жауынгерлер арасындағы саяси басшы, взводтың ұйтқысы болған қызметкерінің бейнесін жасаған. Оның: “Шегінер жер жоқ! Артымызда Москва!” – деген жалынды сөзі әрбір жауынгерге күш-қуат беріп, күреске шақырып тұрғандай болады. Бұлардан басқа романда өзінің жаралы халін ұмытып, майдан шебінен кеткісі келмей жау танкісіне қарсы соғысты соза берген қарапайым жауынгер Земцов, взвод командирінің көмекшісі аға сержант Зеленин, взвод командирінің байланысшысы Бөрібай Еспаев пен батальон командирлері: Қонысбаев, Волошиннің, полк командирлері Егоров, Карпов, Купцианов, Арыстановтардың образдары жасалған. Осылардың ішінде біріне-бірі қарама-қарсы мүсіндерген екі образ айрықша көзге түседі. Оның бірі Мұрат Арыстанов та, екіншісі майор Купцианов бейнесі.

Мұрат Арыстанов – батальон командирі де, Купцианов полктың штаб бастығы. Екеуі де бұрын соғысқа қатынасып көрмегенмен әскери өмірмен жақсы таныс, тәжірибелі адамдар. Алайда осы екі адамның өмірге деген көзқарасы екі түрлі: бірі Отан басына төнген хауіпті жағдайды жан-тәнімен ұғып, жау бетін тез қайтарғысы келсе, екіншісі осы жағдайды пайдаланып өзінің абырой-атағының өсуін аңсайды. Бірақ өмір өз дегенін істейді. Батыл да жігерлі капитан Мұрат Арыстанов полк командирі дәрежесіне дейін көтеріліп, самарқау, сақ, есепқор майор Купцианов полк командирі дәрежесінен әрі аса алмайды. Романда екі полк командирінің өсу жолы, алған тәрбиесі, адамдармен қарым-қатынасы, ішкі психологиясы шеберлікпен берілген.

Романда сәтті шыққан образдардың бірі – генерал Панферов бейнесі. Ол бірнеше соғысты басынан кешірген тәжірибелі қолбасшы. Асығып саспайтын, әрбір ісін байыппен ойланып істейтін сабырлы адам. Өзінің абыройы мен даңқының буына пісіп әр нәрсеге қол соза беретін ұрыншақ та емес. Соғыста оның ең алдымен ойлайтыны жауынгердің көңіл-күйі.

Романда кейіпкер психологиясын тереңнен толғап, тебіренте түсетін ширығу сәттері аз емес.



Құланның ажалы



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   45




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет