Ақан Нұрманов 1933 жылы Талдықорған облысының Ақсу ауданында туған. Бірақ өскен, тәрбие алған жері Торғай облысы, Аманкелді ауданы. Әкесі Отан соғысының құрбаны. Ақанның өнерлі, өркенді боп өсуіне әкесінің інісі Шәймерденнің көп жәрдемі тиген. Ол кісінің айтуынша Ақан жасынан зерек, ұғымтал болған. Мектепте гуманитарлық пәнге ғана емес, математикаға да өте жүйрік екен. Сондықтан болар, ол әуелі Алматының Тау-кен институтына түсіп, жазушылыққа бүйрегі бұрған кезде оны тауыспай, Киров атындағы университеттің филология факультетін бітіріп шығады. Сосын Ақан орыс, қазақ тілдерінде бірдей жаза беретін. Ол өзінің “Аққудың жұлдызы” атты повесін әуелі орыс тілінде жазған еді. Кейін архивін ақтарғанымызда қолдарыңызда отырған романның алғашқы нұсқалары, кей тараулары орысша жазылғанын байқадық. Мұның бәрі Ақанның жазушылық секілді қасиетті талапқа қаншалық дайындықпен келгенінің куәсі.
“Құланның ажалы” үлкен символикалық атау. Жапанда жортқан жалғыз батыр, соның үнсіз тұншыққан қуаныш-мұңы, меңіреу сары дала, үміт пен күдік арпалысы – романға желі боп тартылған лейтмотив әуендері осы. Адамның жеке басының қасиеті қай уақытта артады, ерлік, қаһармандық сыры неде, бауырмалдық пен жат жұрт дұшпандықтың түп-төркіні қайда жатыр, осыған да Ақан бірсыдырғы байсалды жауап береді. Романда оқиға аз, тіпті жоқ деуге болады. Кешегі он алтыншы жылдың дүрмегіне қатысқан, өзі оны ұйымдастырушылардың бірі Құлан атты мерген бүгінде әлеумет ісінен, халық ісінен, халық мақсатынан қол үзіп, жапан түзде жалғыз қалған. Албырт көңіл, ақ жүрек батырды оқымаған қараңғылық зардабы бір жеңсе, жаңа өмірдің қуатты ағысының екпіні екінші жеңіліске ұшыратады. Құлан өр еді, нар еді, құралайды көзге атқан мерген еді, бірақ мақсат кемдігінен туған принципсіздік оны жарға жықпай қоймады. Кітапта Сардар деп қана аталатын, шын мәнінде Аманкелдімен үзеңгілес болған, Құлан күрес мәнін мүлде тар көлемде ұғынып, өз жеңісін тек бас пайдасының қамы деп ойлаудан аса алмайды. Сондықтан ол аз ғана үй Текесін бөліп әкетіп, солардың алдына мал салып, он-он бес үйдің таңдайы аққа тигенін дәтке қуат көреді. Ол ол ма, бір кезде келіншегі Алтыншаш та атағы дабырайып тұрған кезінде алақанға айламен қондырған құс секілді зорлық пендесі еді. Осының бәрі халық қаһарманы болған қасиетті жанның үлкен атын кішірейтіп, алдағы күнге апарар жолын тым тарылтып жіберген еді.
Ер басына іс түссе, халық араша тұрады. Бірақ ол үміт пен күдік араласқан жерге арашашы бола алмайды. Қашанда екінің бірі. Өз ісінен әлдебір кемдік сезінетін Құланда күдік молдау. Өкініші көп. Сардардан бөлек кеткеніне, оны тыңдамай қойғанына өкінеді. Сан рет соны ойланып, бармағын тістейді. Сардар шейіт болып кетсе де, есімі ел есінде, оған деген құрмет бөлек. Ал бұны қолдай қоятын ешкім жоқ сияқты. Құланның сергек көңілі осыған шерленеді.
Енді, міне, Құлан жалғыз, құдай жалғыз. Қалың қолдан қайтпаған жүрегі үп еткен өсектен шошынып, сайын даладан сая таппаған қашқын біреуге айналды. Табан тірер таянышы халық еді, содан өзі безініп, қасына тексіз бір қашқынды жолдас етеді. Онысы – Ефим Кутский, патшаның жазалаушы отрядында жүзбасы болған, кеше ғана өзімен кескілесіп соғысқан адам. Құлан оның кім екенінен бейхабар, сондықтан өз қойнына өзі жылан салғанмен тең болды. Ендігі қалған жау осы Кутский, анау жымысқы бай Шарбақбай секілді, қойынға кіріп жылан болып шағарлық қана қауқары қалған өңшең сілімтік еді. Құлан сол сілімтіктердің бірін ақылшы, бірін жолдас, Көктөбет сияқты енді бірін пана етемін деп, өзін-өзі шақтырды. Анау жүрген Майлық, ұры Майлық Құланға бір табан жақын. Адамгершілігімен жақын. Құланның құлдырап бара жатқанын сезіп, ең құрмады осындай болса екен, жаны қалса екен деп тілек еткендейсің. Құлан жүрегіндегі қайсар намыс оқушыға түсінікті, ол қанаты талса да жерге қонбай тәкаппар қыран тәрізді, шырқаған сайын жер-анадан, қасиетті Отан топырағынан ұзай береді. Құланның ажалы – Антейдің ажалы, сондықтан оның адамгершілігін емес, амалсыздығын жазғырасың. Тағылық қалып еді. Даланың тағысына жақсылық еткің кеп қолыңды созсаң да, жуыр ма, сенер ме сірә да! Табиғат сүтін арда емгісі келген Құлан қасіреті осында. Табиғат сүтін арда ем, бірақ тағы болма. Күдікті жолдас еткенше, үмітті арқау ет. Өткеніңнен қорықсаң, болашаққа сен. Етіңнен ет кесіп алса да ерлігің соған жетсін. Жазушы ұсынған мәнсәз моральдық бір бұтағы осылай жапырақ жаяды.
Иә, Ақан өз дүниесінде жаралған өзгеше пәлсәпә ұқтырады. Құлан тарихта болсын-болмасын, әңгіме онда емес, Құлан – жазушы ойының концепциясы, Құлан – жазушы идеясының мазмұнға, сюжетке айналуы. Ендеше болған оқиғаны жазу шарт емес, болған оқиғаны идеяға, негізгі айтар ойға бағындыру шарт. Ақан бұл міндетін мүлтіксіз орындап шыққан. Кітаптың басынан аяғына дейін бір сарын, бір желі айнымай жүріп отырады. Бөлек-салақ араласпайды. Артық теңеу, орынсыз суреттеу, білгішсіну мұның бәрі кітап бойына жат. Ақанның “Күн ертеңге ауып барады”, “Аққу шоғыры” атты кітаптарына да осы қасиет барынша тән еді. Тазалық тағамның да, талғамның да сақшысы, ол шығармаға әсіресе қажет. Өкінішке қарай, жақсы деп жүрген көп кесек туындылардың ортақ міні – шөп-салам, қыл-қыбырының молдығында. Ақан творчествосы ең алдымен осыдан айыққан ерекшелігімен жарқырайды. Оның бүкіл өмірі, адамгершілік тұлғасы, білім парасаты, мінез байлығы, қысқасы, бар биік қасиеті осындай таза, даусыз еді. Оның алдында артық сөйлеу, жарқылдап кету әбестік болатын. Соның бәрін ол үндемей тыңдайтын. Үндемей отырып өз сөзіңді өзіңе тыңдататын. Сұм ажал осыншалық жұлдыз дарынды әдеби аспанымыздан мезгілсіз қағып түсірді.
Қызылжар
М.Дәулетбаев
Мәжиттің проза саласындағы еңбегінің биігі – “Қызылжар” романы. Роман әуелде үш кітап ретінде жоспарланған екен. Жазушы оның бір-ақ кітабын аяқтаған. Екінші кітаптың жеке үзінділері ғана жарияланған.
Роман Октябрь революциясының қарсаңындағы және революция жылдарындағы Қызылжар (Петропавл) қаласындағы оқиғаларға негізделіп жазылған. Онда 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі мен февраль революциясы дәуірінің, қазақ даласында социалистік революцияның жеңуі кезеңінің, азамат соғысының шындықтары мол қамтылады.
Роман басты патшалық Ресейдің отарына айналып, жергілікті байлар мен орыс чиновниктерінің екі жақты қанауына, зорлығына тап болған халықтың ауыр өмірінен мол хабар береді. Ақпандағы ақырған қыспен жүдеу елді қабаттаса қысып жатқан әкімдер, сәудегерлер мен байлар озбырлығы шектен шыққанын көреміз. Осындай бір кезеңде қалалық полиция бастығы Медведев шанаға жорға жегіп серуенге аттанады. Жорғаның шабысын көруге құмартқан жұрт көшеге толып кетеді. Олардың арасында жүрген ауылдан келген аңқау жігіт Атымтай қызып, ілгері, топтың алдына шығады. Тымағың ат үркітеді деп, полиция бастығы оның бас киімін тартып алып, өзінің итіне кигізіп қояды. “Бойня” жұмысшыларын әбден зәрезап қылған Бұқпан бай қылықтары өзгеше бір сала. Мал сойған жерде ет ұрлайды деп аңдып ол “Бойня” ішінен шықпайды және жұмысшыларға тыным бермейді. Мұндай әділетсіздіктер кірпіш, тері заводтарында да кездеседі.
Осындай оқиғалар арқылы жазушы роман геройларының қақтығысын белгілеп, оларды таптық көзқарас тұрғысынан жүйелейді.
Қаладағы жұмысшы табы өкілдерін біз кірпіш заводының жұмысшысы Қылыштың үйлену тойында көреміз. Петр Громов, Мақсұт, Балта, Кәрім, тағы басқалар әр ұлттан (орыс, қазақ, татар) шықса да, таптық тілектестік, мүдделестік табыстырған жандар болып суреттеледі. Той үстіндегі әңгімелердің өзінен-ақ жазушы олардың үстем тапқа наразылығын байқатып тастайды.
Роман уақиғасын ілгері дамытушы негізгі күш – осылар. Өмір азабы ашындырып, кекті күреске алып келген бұл топ әр тұста-ақ өздерін қанаушылармен бетпе-бет келіп қалады. Бұқпан байды байқамаған боп сойылған малдың қан-жыны толып тұрған қамбаға құлатып жіберетін де осылар. Автор еңбекші бұқара тобының біріккен қимыл-әрекетіне саяси бағыт бере суреттейді. Олар күрес, тартыс үстінде ширап, шыныға түседі. Қызылжар жұмысшылары бірігіп бір орталық құрады. Оған Бакудегі саяси көтеріліске қатысқан большевик Петр Громов басшылық жасайды, ел адамдарынан Балта ұйымдастыру жұмыстарына белсенді араласады. Құпия жиындар көбейді, листовкалар таратылады.
Жұмысшылар ынтымағына бөгет жасамақ болған полиция әрекеті оны басу орнына, өршіте түседі. Осындай жағдайда майданға алынған жігіттер оралады, соғыстан қашқан солдаттар көбейеді, елдегі езілгендер, қалада азап шеккендер табыса түседі.
Патшаның тақтан түсуі күрестің тереңдей түсуіне мүмкіндік туғызады. Есі шығып, жан ұшыра ескі тәртіпті сақтап қалмақ болғандарға қарсы жұмысшылар қызыл отряд құрады.
Саяси топтар көбейеді: эсерлер, меньшевиктер, ұлтшылдар революцияға қарсы бірігеді. Чех әскерлерінің көмегімен олар жергілікті жұмысшылар өкіметін құлатады, біразын тұтқындайды, көп адам күрес үстінде құрбан болады. Романның уақиғалық жүйесі осылай аяқталады. Революцияға қарсы топ уақытша жеңіске жеткенмен, халық күшінің тегеуірінді екені, күрестің тоқтамайтыны аңғарылады.
Роман уақиғасының желісі қаланың күнделікті өмірімен толысып, шындықты кең қамту планында өрбиді. Сол арқылы ұнамды, ұнамсыз геройлар дараланып, олардың іс-әрекеті нақтыланады.
Автор ұнамды геройлар әрекетін тәптіштеп әңгімелеп, олардың бойынан көрген жақсы мінез-құлықтарын үлгі етіп отырады. Олардың ішінен, әсіресе, Петр Громов пен Балтаны күрес ұйтқысы етіп көрсетеді.
Петр Громов – Қызылжарға сырттан келген саналы күрескер. Революциялық саналы күрестен алыс қауымды ол біртіндеп сендіріп, күрес жолына тартады. Қимылында сергектік, ісінде сенімі мол адам. Көзқарасы жағынан – интерноционалист. Түрмеде де өзін ер ұстайды. Медведевтің сұрақтарына батыл, өткір жауап береді. “1905 жылғы көтеріліс – ол баласы ғана, оның әкесі алда тұр”, - дейді ол полиция бастығына. Жазушы оның жер аударылуының өзіне шыңдалу мектебі ретінде қарайды.
Балта бойында қазақ халқының гуманистік, ерлік табандылық әрекеттері жинақталған. Өз ортасының озық өкілі ретінде Балта көзқарасы, ұғымы тұрақты адам болып суреттеледі.
Ұнамды бейненің бірі – Атымтай. Жазушы бұл арқылы ауылда өскен, қала тәртібінен тыс адамның өмір талқысына түсіп, біртіндеп күреске келгенін нанымды көрсетеді. Жетім ақысын көп жеген ауылдғаы қатыгез ортадан кеткен Атымтай әуелде қалада әділдік бар деп ұғады. Бірақ ол зорлықтың үлкенін қаладан көреді. Медведев, Бұқпан бай, Бейсенбай қажы қай-қайсысы болса да, Атымтайды бір қағып өтеді, оны адам қатарына алмайды. Қала жұмысшыларымен табысып, жөнін түсіне бастаған жас жігітті 1916 жылғы көтеріліс кезінде Бейсенбай қажы біреудің орнына жасын өзгертіп солдатқа беріп жібереді. Майданның қара жұмысын атқару кезінде ол орыс офицерлерінің оларға қалай қарайтынын көреді. Февраль революциясынан кейін қайтқан Атымтай қызылдар отрядына кіреді. Бейсенбай қажыны тұтқындап, Бұқпан байдан кек алады. Бұқпанның жас тоқалына үйленеді.
Романның ұнамсыз геройларын Мәжит тәп-тәуір жасаған. Олардың ең елеулісі – бай Бұқпан Көпеев. Автор оны дүниеге көзі тоймайтын, қанағатсыз, сараң бай етіп көрсетеді. Бір кәдеге асады деп ол көшеде кездескен жүн-жұрқа, темір-терсекті жия жүреді. Мал сойғанда аңдып қасында тұрады. Сәудегерлікпен байыған ол пайданың жаңа түрін жақсы түсінеді. Жазушы Бұқпан мінез-құлқын суреттеуде әсірелеуді көбірек пайаланады. Оны сырт бейнесінің өзін ұсқынсыз етіп, кір киіміне дейін қазбалап жазады. Портрет жасауда оған лайық теңеулердің өзін малдан іздейді (“Ешкі сақалды, түйе табанды, есек құлақты” деген сияқты).
Бейсенбай Бұланов қажы, Сұқсұр Арамқанов бейнелерінде сатқындық, опасыздық қылықтар көбірек байқалады. Бейсенбай қажылықты халықты алдап, патшаға оның әкімдеріне жағыну үшін пайдаланады. Арамқанов – ұлтшыл. Екеуі де бір мақсаттың адамдары. Олардың мүдделестігі революцияны жақтаушы адамдарды қуғындауда анық танылады. Ақыры олар Мақсұт, Кәрім сияқты күрескерлерді қазаға ұшыратады.
Медведев – романда әуелде патшаның қолшоқпары, отаршылдықтың өкілі ретінде көрінсе, кейін революцияның саналы жауына айналады.
Қызықты романның әлі де өңделуге тиісті жерлері де аз емес еді. Образдарды сомдай түсуде, оқиғалар тізбегін характерлер тартысымен тығызырақ байланыстыруда, күрес пен революционерлер бейнесін тереңдетіп дамыта түсуде жазушы алдында бірсыпыра міндеттер де тұрды. Романның кейінгі кітаптарын жазу үстінде оған көңіл бөлуге Мәжиттің творчестволық мүмкіндігі де мол еді. Бірақ жазушы өмірі қысқа болды. Соған қарамастан, “Қызылжар” – халық тарихында үлкен мәні бар әлеуметтік күрес уақиғаларын көтерген және шыншылдықпен бейнелеген қазақ әдебиетіндегі алғашқы романдарының бірі.
Қызыл жолбарыс
Ұ.Доспанбетов
Ұзақбай Доспанбетовтің “Қызыл жолбарыс” романы алғаш рет “Жұлдыз” журналында 1995 жылғы 2-ші санында жарияланған. Бұл роман қазақ халқының тарихындағы елеулі оқиғалар мен құбылыстарды арқау еткендігімен құнды. Шығармада белгілі бір кезең, дәуір тағдырын таныта отырып жазушы тарихи-әлеуметтік құбылыстарды, тарихи кезеңнің әлеуметтік даралығы, шығармашылық фантазиямен пішіліп, сәтті жасалған деуге болады.
Шығарманың бел ортасында жүретін қазақтың билері, шешендері, ақындары, батырлары нақтылы тізіліп, нанымды баяндалады. Заманның да, қаһармандардың да басындағы қайшылықтар жан-жақты көрініп, әртүрлі жағдайдағы жай-күйлері суреттеледі.
“Қызыл жолбарыс” романы бірден жас би Ескелдіге (бес жасында бата алып “Бала би” атанған) Құлсарының өлімін естіртуден басталады. Романның негізгі оқиғалары Іле мен Қаратал өзендерінің Көкше теңізге (бүгінгі Балқаш көлінің бұрынғы атауы) барып тірелетін аралығындағы атақты Сары Есік Атырау құмының Оңтүстіік шығыс жағымен жалғасып жатқан өлкеде өтеді. Бұл Жалайыр елінің біраз аталарына қыстау болған Орта өзектің бір пұшпағы ғана екен. Романда кейіпкерлер көп. Қазақтың белгілі биі Ескелді, Қабан жырау, Сатай батыр, Қодар би, Жолбарыс хан, Дербісәлі, Балпық, Кәсенсары, Малай батыр, Есенбай хан, Дубек, Байбек, Хангелді т.б.
“Қызыл жолбарыс” романының жалпы мәнін, ондағы көзге түскен көрнекті тұлғалар мен оқиғалардың құрамына қысқаша тоқталайық.
Қарақорымнан кейін қазақ пен қалмақ арасында тыныштық орнамай, қазаққа қалмақтың тіс батырғысы келіп, дайындалып жатқанынан хабар алған билер мен ақсақалдар қалмаққа жіберетін ер төлені (барлаушы) сайлап Дербісәлі баласы Балпықты таңдайды. Жас кезінде Қаз дауысты Қазыбекке ерген Балпық жауды барлап, хабар жеткізуге аттанады. Ташкендегі Жолбарыс ханға Есекбай, Төле биге Есенбайдың аталас інісі Тұрлымбет Бекенұлы аттанады. Қалмақтарға жол – жөнекей Балпық кез болғанда мынадай оқиға болады:
“Біз жетім өскен баламыз. Анау-мынау ұлы сөзді біздің құламызға құйып жатқан ешкім жоқ. Кессеңіз міне, бас. Менің ұлы қонтайшыға да, оның қолбасшы баласына да зәредей жазығым жоқ, - деді Балпық.
Жетімдігіңмен қоса сен ақпақұлақ шығарсың? – деп әлгі әскербасының қасындағы күдікшіл, ақжем ауызды неме тағы шықты. Бұл басына желін қапқа ұқсатып, шеті қайырусыз қозы терісінен жасалған бөріксымақ киген, көздерінде, ақсиған тістерінде адамға сенімсіздік дегенің қасқырдың тісіндей ақсиып тұрған айнымас пәле еді.
Басына қан шапқан Балпық басқадан бұрын осының қорлығына шыдай алмастай:
Әттең астымда белі мықты атым, белінде асынған қаруым жоқ, әйтпесе осы қорлық сөзіңіз үшін мен сізді жекпе-жекке шақырар едім. Немесе кел, аттан түсіп, құр қолымен жаяу шайқасамыз. Қайсымыз өлсек құнымыз сұралмасын.”, - деп жігіттің қазақ тыңшысы екенін біліп қоюы нанымды баяндалады. Мұнда оқиғаға қатысушы Балпықтың ойы қалмақ әскерлерінің талабы мен қалауы, бір-біріне қарсы адамдардың сөзі нақты әрі қолма-қол әрекет арқылы іске айналады.
Романдағы басты оқиғаның одан әрі дами түсуі үшін, кейіпкерлер характерінің айқындалуы да маңызды мәселенің бірі. “Қап-қара сақалы белдарына түскен шашақ ел тірі бөрікті денелі адам алыстан қабағын ажырайтып, ақбозатты ойната жеткенде кейбіреуге ол енді-енді жаназасы шығарылмауы Құлсарыны жатқан жерінен түрегелтіп алатындай көрінді”, - Қырыққа енді келген, көсем мінезі бар Қабан ақын ел ақсақалы тұғырына ерте қалған адам ретінде көрінеді.
Романда толымды шыққан Балпық бейнесін атауға болады. Жазушы Балпықты қалмаққа барлаушы атты жібере отырып халықтың сол кезеңдегі ішкі және сыртқы саясатындағы ойы мен толғамдары, пікірлері арқылы ішкі әлемін тануға көп көңіл бөлген.
Романда Ұзақбай Доспанбетов малмен кәсіп еткен қазақ халқының жылқы малына деген сүйіспеншілігін, екіншіден, жаугершілік заманды сәйгүлік тұлпардың орны ерекше болғандығын келістіре бейнелеген:
“Көкбайтал аса ірі сүйекті жылқы емес, кеуек бас, қалбыр өкпе, сом тұяқты жаратылған, жал - құйрығы тай, оның үстіне төс сүйегі омырауы, бел арқасы бөлек-бөлек пішілгендей тұлғасының да аса қиюы келіп тұрған жоқ. Жай жолға мінерлік көп жылқының біріндей ғана теке жәуміт бедеу. Сөйте тұра, міне, бес жылдың жүзі болды, Арқа мен Жетісуда бәйгенің алдын бермей келеді. “Байтал шауып бәйге алмас” деп ескілектен қалыптасқан мәтелді тұмсықтан ұрған да осы жануар. “Байтал неге бәйге алмас, жүйрік болса” деп, Жетісу ақындарының осы қанатты тұлпарды бетке ұстап біраз желпінгендері де бар. Бір ғажабы мұның неше тісі шыққанмен көкбайтал деген аты да қалмай келеді. “Жетісудің көкбайталы”, “ Ұлы жүздің көкбайталы” деген қосақтамасы ғана атақ-даңқына біраз салмақ қосып тұрады”,-деп Көкбайталдың бәйгісімен де, мал үшін айырбасқа тусуімен де адамдарды байтқандығын сан ел, сан рудың маңдайына біткен жүйрігін есті жануар етіп суреттейді. Шығармадағы Сары және Ноқай атты иттердің түйсік-сезімін танытатын оғиғалардың түп-төркіні халықтың ғасырлар бойы дамып, жалғасып келе жатқан бай рухани мұрасында жатқаны анық. Ит жеті қазынаның бірі болғандықтан да қалмақ қонтайшысының екі иті елдің, жердің ғана сақшысы емес, ұлы қонтайшының көмекшісі есебінде саналуы едәуір орынды көрсетіледі.
“- Ол біздің қонтайшының екі иті. Бірінің аты Сары, екіншісінің аты
Ноқай. Ол екі ит адамнан ақылды, көздері аспандағы бүркіттің көзінен өткір. Еліміздің, жеріміздің сақшысы. Жаңа сені айлакер жау келе жатыр деп хабарлады.
Балпық бұл сөзден аздап тіксінгенмен де сабырлы жауап қайырды .
- Бараба татарлары да ит ұстайды. Олар да иттің ақылдысы деп, оның неше түрлі тұқымдарын сұрыптап, іріктеп, қасына ертеді, дос етеді. Бірақ мақұлықтың аты мақұлық, кейде ол иесінің көптен көрмеген қарын бөлесінің де қарнын ақтарып тастай жаздайды.
- Сөз саптасын қарамаймсың ба, мынау анық жау,- деп жаңа әскербасымен үзеңгі қағыстырып, өз күндігін айтқан неме найзасын төбесінде ойнатып, қайта жынданып шыға келді.
- Сенің мына сөзің үшін басыңды осы жерде кесіп алса сауапшылық болмақ! - Әскербасы бұл сөзді өз намысы аяққа тапталғандай бұрынғыдан реңкі бұзылыңқырап айтты. - Еліміздің, жеріміздің сақшысы, ұлы қонтайшының баласы, біздің бас қолбасшымыздың күндіз-түні жұмылмас ояу көзі, асыл текті Сары, Ноқайды қай-қайдағы шапқан мен соққанның жемтігі жаман татарлардың табанын жалайтын құлағы қалқиған, жүндес иттеріне неге балайсың?
Автор Сары мен Ноқай ерекшеліктерін суреттеуде реалистік сипатқа жол бергеніне куә боламыз. Екі ит адамнан да ақылды, көздері аспандағы бүркіттің көзінен өткір, қалмақ елінің, жерінің сақшысы, жау келе жатқаны туралы хабар беріп отыратын қырларын суреттеген тұстарында қалмақтардың ішкі мұрат-тілегін , мінез – құлқының қырларын да астастыра, көркемдік тұрғыда ашып береді.
Ұзақбай Доспанбетов өз романында Төле би, Абылайдың өмір деректерінің мағынасын сақтаған және едәуір тың мазмұнмен кеңейткен деуге болады.
“Ұлы би көлге ұзақ қарады. Қасындағы жас жігіттер бұл адамның не нәрсені де орнымен, асқан кірпияздықтан істейтінін көріп үйренгендіктен қазіргі мінезін түсіне алмай тұр” немесе, ... Көздерін көтерсе әлде кім ойып алардай, дүниенің жарығы олар үшін осымен таусылғандай мойындата біржола зіл көтерген көк қорғасын байлап алған, бұл дүниеден баз кешкен мәңгілік пақыр жандарға ұқсауы”. Ұлы бидің ел басына күн туғанда жаны ауырған кейпін жазушы көңілден таса қалдырмайды. Келтірілген үзіндіде Төле бидің қайсар рухы мен хан алдындағы сертті мінезі дараланып қана қоймай, келе жатқан жауға бірігіп күш жұмсау жөніндегі пайымдауларын жеткізгенде ойлау жүйесінің сол кезеңнің заңдарына негізделгендігі ерекше көзге түседі.
Романдағы Жолбарыс ханға берген портреттік суреттемелер көркемдік шындық және өмір шындығының байланысын ашу үшін қажет болған сияқты. “Бұл хан отыз үш жастағы, ат үстіндегі сайыстан, не аң қуудан бір күшін де құр жібермейтін, күрт, қауырт қимылға әрқашанда дайын, оңтайлы, қайрат – жігері тасып тұрған жас адам еді”, немесе, “ Мандайы сопақ көрінгенмен бет-ажарының қырлы мұрыннан төменгі бөлігін ұстара мен қайшыны күнде көретін мойылдай қара сақал-мұрты дөңгелетіп тұр. Қос ерін жымқырулы, ауыз орнында сол дөңгеленген сақал - мұртпен бірге майысқандай көкке шаншылған айдың алғашқы жанасындай тілек қана бар. Ол тілекпен бүгіндікке бір сөз шығыпты дегенге ешкім қана да қоймастай”. Мұндағы Жолбарыс ханның портретінде түрлі кескіндік сипаты іс пен мінез табиғатымен терең бірлікте бедерлеген. Драматизмге толы ситуацияларда хан бейнесі біртіндеп толымдылық алады.
“Қызыл жолбарыс” романының бір бөлімінде Абылай бейнесі сомдалады. Мұнда Абылайдың жетімдік халі, “Сабалақ” деген атпен түйеші болып жүріп, ел басына қиын кезең туғанда ерлік көрсетуге ұмтылуы ғана қамтылған.
Романдағы оқилар “Ақатабан шұбырынды, алқа көл сұлама” деген атпен сақталған 1723 жылғы қалмақтар шабуылының басталуын, ол соғыстың қазақ халқына әкелген залалы мен зардабын кеңінен суреттейді.
Достарыңызбен бөлісу: |