ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»



бет34/45
Дата04.11.2016
өлшемі7,54 Mb.
#109
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   45

Ә.Кекілбаев


Қазақ әдебиетінің белгілі өкілдерінің бірі Әбіш Кекілбаев – қазақ қоғамы өміріндегі түрлі саяси өзгерістерге, ұлт болмысындағы өміршеңдікке, алуан жайттарға қоғамдық санамызды қалыптастыруға күш салған қаламгерлердің бірі. Қазақ тарихында туған жер, тас босаға, тал бесік үшін қу далада тәні, құба түзде көрі, құба белде елі қалғанша шыбын жанын шүберекке түйіп, тіпті пида еткен, басын бәйгеге тіккен әйгілі хандар, қол бастаған қаһармандар, тәуба дейік, бар болған. Сайын даладан тұлпарлар үзілмесе, сол тұлпардың жалын тартып мінісімен-ақ бар ғұмыры күрес-тартыспен өткен, ел тағдыры шешілер небір қиян-пұрыс заманаларда “тәуекел” деп, көптің алдына шыға білген, ақылдық пен ақырлығы, көрегендігі мен көсемдігі шебер қиюласқан айтулы тұлғалар болған. Олай болуы заңды да. Күні кешеге дейін Әбілқайыр ханның, сонау ХҮІІІ ғасырдағы хан Абылайдан кейінгі аса ірі тарихи тұлғаның төңірегіндегі түрлі алып-қашпа пікірлер бертінде ғана өзінің тарихи дұрыс бағасын ала бастаған сияқты. Әбілқайырға байланысты ертелі-кеш айтылған пікірлерді шолып отырғанда, оның атқарған қызметіне, тарихымыздан алар орнына шынайы баға бергендерге алғашқылардың бірі болған Ілияс Есенберлин де, ал осынау тарихи тұлғаны оның өмір сүрген заманымен, дәуір, уақыт тынысымен тығыз байланыста алып қараған қаламгер - Әбіш Кекілбаев. Жазушының “Үркер”, “Елең-алаң” романдары кейбір үстірт топшылауға бейім тұратынымыздай, тіпті де Әбілқайырды “ақтап алу” мақсатын көздемеген, керісінше, оның барша болмыс-бітімін, кескін-келбетін қыруар ғылыми, тарихи құжаттарға негіздей отырып кескіндеген де, оқырманға шынайы түрде жеткізіп, тұжырым жасауды, пікір түюді сол оқырманның өзіне қалдырған.

Қазақтың қазақ атанып, елдің ерлікті қастерлеп, ердің елдікті сақтап, ұлан-байтақ жерді қорғап қалудағы жампоз жан пидалығы мен қапысыз қаһармандығы халықтың еңсесі түсіп естен танған, есіркеусіз қалған сұрапыл, зұлмат жылдарда да, аштан қырылып, көптен жырылған, байтал түгіл бас қайғы күндерде де жадынан жарты елі шыққан емес. Ендеше, тарихта болған Әбілқайыр ханның шынайы бейнесін, барша болмысын, адамға тән қуанышы мен ренішін, көрегендігі мен көрместігін, даралығы мен баққұмарлығын т.б. көрсетуді мақсат еткен романшы Кекілбаев осы мақсатын абыроймен орындаған. Есенберлин төл әдебиетімізге жанры жағынан тарихи роман-хроника әкелсе, Кекілбаев философиялық, психологиялық тұрпаттағы тарихи романды әкелді. Қаламгердің стиліне тән: шалқар шабыт, нәзік лиризм, терең философия, оқырманын ұйыта білетін психологизм, ешкімге аса ұқсай бермейтін, тек қазаққа ғана тән ұлттық бояудың шымқай айқындығы ерекше байқалады. Өзіңізді бірде ойлантқан, бірде толғантқан, бірде мұңайтқан, бірде қиялыңды шарықтатқан нәрсе – жазушы дүниетанымының кіндігінде, роман-дилогиядағы байыпты да терең оймен берілген монолог ой ағымы, автор мен қаһарманның бір бейнеге айналып кірігіп кетуінде дегеніміз жөн болар, сірә? Жазушы бойындағы дала табиғатының, сол даланың еркін перзенттерінің қайсар мінезі романдағы көркемдік ізденістерге, стильдік даралыққа алып келген сияқты.

Егер “... әрбір құбылысты заманына, жағдайына қарап бағалау ғалымның бұлжымас шарты” (Бердібаев) болса, стильдің қалыптасуындағы қаламгердің дүниетанымы деген мәселеге келсек, романшы Кекілбаевтың сонау ХҮІІІ ғасырдағы ең елеулі, ең ауқымды оқиғаларға ХХ ғасырдың биігінен көз салуы назар аудартады. Уақыт өткен сайын адам санасында бірте-бірте көмескіленіп, тарих қойнауында қалып бара жатқан сол бір көп адамдар үшін күні бүгінге дейін даулы боп көрінетін мәселеге баруы жазушыға тек асқан жауапкершілік жүктеп қана қоймаған, сонымен бірге сол кезеңнің шынайы картинасын беруде көркемдік батыл ізденістерге баруына итермелеген. “Қазақ-орыс, қазақ-қалмақ, қазақ-башқұрт қарым-қатынастарын, ХҮІІІ ғасыр шындықтарын жазушы дәлді құжаттар, хроникалардан ала отырып, тарихи адамдар образын сахнаға шығарады. Сан салалы, әр тармақты оқиғалар жүйесін, бір ел мен екінші ел, әр түрлі қоғамдық күштер арасындағы тартыстарды жазушы хронологиялық жалғастықпен баяндаудан қашады. Тіпті романның екі бөлімі жеке тарауларға да бөлінбей, тұтас берілген.

Әр түрлі оқиғаларды әр кейіпкердің ойы арқылы беру принципін жазушы үнемі ұстанады. Шығарманың орталық кейіпкері Әбілқайыр ханның дүниені қабылдауын, адамдарға көзқарасын, мемлекет тұтастығы, ел билігі туралы ойларын, нақты іс-әрекеттерін жазушы диалектикалық тұтастықта көрсете отырып, бірқыдыру көркемдік олжаларға жетеді” деп атап көрсетеді ғалым Р.Нұрғалиев.

Жазушы Ә.Кекілбаевтың стиліне оқиғаны қаһарман ойы арқылы беру тән болса, сол тәсілде біртұтастық, бір жүйелілік бар. Бір ғажабы: “Үркерде” бастауын алған, Әбілқайыр ойын сан-саққа жүгірткен түздегі оқиғаның сырын алдымен Пәтшайым ашып, оны толықтырып, тұжырымдайтын Мәтінің пікірі “Елең-алаңда” өз шешімін табады. Осынау екі аралықта қаншама оқиға болды, қандай өзгерістер келді қазақ сахарасына, ұйқысыз, күлкісіз қаншама таң атты, үмітпен күдік араласқан қанша уақыт өтті – бәрі-бәрі жазушы ізденісінің нәтижесіне біртұтас сюжеттік желіні қос романда қатаң сақтай отырып, композициялық ерекшеліктерге, жинақылыққа әкелген. І.Есенберлиннің “Қаһар” романындағы Абылай ханның түсі сәл өзгешелеу кейіпте алынған да, оны жорушы, яғни болжаушы ретінде Әбілқайыр басындағы жайды таратып айтып беруші – Пәтшайым мен Мәті. Осы жерде авторлық баяндаудың кейіпкер көңіл-күйімен астасып кеткендігін байқаймыз.

Әбілқайырдың ойына келген алуан түрлі жайттарды жазушы баяндау стилімен берген сияқты әсер қалдырғанымен, оқи келе сол баяндау стилінің бас қаһарманның ойлауына, ой ағымына негізделіп кеткенін көруге болады, яғни авторлық баяндау мен кейіпкер монологы шебер қиюласып, жарасымды күйде беріліп тұр. Бұл жазушы шеберлігінің, стилінің бір қырын көрсетсе, екінші қыры – жас келіншектің сөзі мен Мәті ақсақалдың пайымдауының тек сол кейіпкерлердің өзіне ғана тән ерекшелікпен берілуінде жатыр.

Романшы Ә.Кекілбаевтың “Үркер”, “Елең-алаң” романдарындағы өзіне тән стильдік ерекшеліктерін жоғарыда аз да болса айтып кеттік, егер көркем әдебиеттегі тақырып, идея, образ, сюжет, композиция, жанр т.б. ұғымдардың бір-бірімен өте тығыз байланыста болып, біртұтас жүйені құрайтынын, органикалық бірлікте болатынын ескерсек, жазушы стилінің және бір ерекшелігін атап өткен жөн. Әбілқайыр ханның ұзақтау болса да біз келтіріп кеткен монологын (авторлық баяндаумен шебер қиюласқан) оқығанда мына бір құнды пікір еске түседі.

Үнемі ойда, үнемі толғаныста жүрген, қиыннан қиюластырып, жол табуға әрекеттенген Әбілқайыр бейнесін бергенде, оның монологын, диалогын бас қаһарманның соңғы сөзі, соңғы шешімі деп қабылдамауымыз керек, ол кіммен болса да пікір таластыруға, ой жарыстыруға дайын, оның істеген іс-әрекеті, қимылы, кесек шешімдерге баруы сол тұстағы дала өмірін, қоғамдық-әлеуметтік жағдайды толық ескеріп барып, ақыл-санасынан өткізіп барып батыл шешімге баруынан туындап жатыр. Осынау тәсілдің нәтижесінде жазушы қаламынан күшті характерлер, шымыр тартыстар, масштабты шығарма туған. Дилогияның бір ерекшелігі сонда, автор әр кейіпкердің кәдімгі адамға тән тыныс-тіршілігін, қуаныш-ренішін, пиғылын, мінезін – бәрін-бәрін кең ауқымда бейнелей отырып, жанры жағынан “Үркер”, “Елең-алаңға” терең психологизм, мәнді философиялық сипат қана емес, лирикалық сипаттағы новелла элементтерін де ұтымды енгізе білген. Романдардың композициялық-сюжеттік құрылымында оқиға басталуы жоғарыдағы біз келтірген ұзақтау үзіндіде көрінсе, оның мәресі “Елең-алаңдағы” соңғы картинамен, бас қаһарманның әрі-сәрі күй кешкен, күдігі мен үміті араласқан, қарызы мен парызын пайымдаған сәтіменен аяқталады. Жазушының стиль саласындағы шеберлігіне осынау ерекшелікті де жатқызғанымыз абзал.

“Үркерде” сапардан оралар жолаушыларды күтіп, алаңдап отырған ханның көңіл-күйі мен сан-саққа жүгірген ойы және тура сол сәтте сайын даланың ерке перзенті – құландарды арнайы қазылған орға, оның ішіндегі мың сан істіктерге қаумалап қуып келе жатқан аңшылардан сескенген Итжеместің жайы қоса қабат берілетін, сөйтіп, осылай басталған сюжет роман соңындағы Әбілқайыр монологы арқылы былайшы аяқталады: “Апырау, мынау ат құлағының арасынан қылаңытқан күлдей тозаң шоғыр Үркер ғой! Жарықтық, бұдан ұсақ, бұдан солғын жұлдыз жоқ шығар. Бірақ, соған қарамастан, қаншама самала шырақтар самсаған түнгі аспанда оны көзің бірден шалып тұр-ау! Оның сиқыры неде екен? Әлде жұп ажыраспай бірге туып, бірге батқанынан ба? Жұлдыз екеш жұлдыз да неғұрлым саны аз, неғұрлым жарығы солғын болған сайын жиі тұрмаса, көзге түсе алмайтындарын білген ғой! Өздері неткен ыңғайтөк еді! Жаздың жаңбырлы, құрғақ, қыстың жайлы, жайсыз боларын жұрт осы Үркерге қарап біле қояды. Бәрін алдын ала осы бір шөкім солғын шырақтар сезіп қоятындай. Бәлкім, мынау бірін-бірі иықтап, бірін-бірі төбеден нұқып жатқан әумесер дүниеде аз халықтарға да осы Үркер мінез керек шығар!..”.

Істікке құлап, мерт болған аңқау да аңғал құландар арқылы романның соңындағы Үркер жұлдызының кенеттен жарқырап түн ішінде көрінуі арқылы автор сол бір аумалы-төкпелі заманаға, ондағы қоғамдық-әлеуметтік жағдаяттарға аса ұтымды тәсілмен философиялық реңк беріп тұр.

Қос романның басталуы мен аяқталуы арасында қыруар адамдар бейнесі, мейлі ол Тевкелев болсын, мейлі Кириллов болсын, мейлі “бергеніңе шүкір!” деп тамсанатын Итжемес болсын, мейлі Тайлан, мейлі Бөкенбай, мейлі Жәнібек болсын, - бәрі-бәрі де өз мінезімен, өз түйсігімен даралана бейнеленген. Ішіндегі еңселісі - Әбілқайыр. Табиғат тағдыр-талайына туғанда-ақ жазды ма, әлде Әйтеке бидің бір ауыз сөзі ме, әйтеуір, бұл бай-бағланнан гөрі, батыр жігіттерге, шешен адамдарға жақын жүріпті.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   45




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет