ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»



бет35/45
Дата04.11.2016
өлшемі7,54 Mb.
#109
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   45




Р

Райымбек батыр

Ж.Тұрлыбаев


Қазақ әдебиетінің көшіне 70-ші жылдары келіп қосылған Жолдасбай Тұрлыбаев 1932 жылы Алматы облысы Райымбек ауданы Жалаңаш ауылында (бұрын Кеген деген ауданы болған) дүниеге келген. Бұл кезде Қазақстанда Сталиндік-Голощекиндік асыра сілтеудің шегіне жетіп, соның салдарынан қуғын-сүргін көбейіп, ашаршылық алқымдаған жыл еді. Қалың ел жан сауғалап жан-жаққа үдере көше бастаған. Жолдасбайдың ата-анасы да көппен бірге шығысындағы іргелес жатқан Қытай жеріне өтіп кетеді. Осылайша Жолдасбайдың балалық шағы мен жігіттік кезеңі Қытай мемлекетінде, ондағы Іле облысы Текес ауданында өтеді. Сусау ауылындағы мектепті тәмамдаған соң әуелі Құмса қаласындағы гимназияны, одан соң педучилищені бітіреді. 1952-1956 жылдары Қытай Компартиясы жүргізген саяси-реформа жұмыстарында болады. Іле уездік партия комитетінде нұсқаушы, Іле аймағының 7 ауданында аудандық партия комитетінің хатшысы болып қызмет атқарады.

Жолдасбай Тұрлыбаев 1956 жылы қараша айында ата мекеніне қайта оралып, туған ауылында әр түрлі жұмыста болады. 1959-1960 жылдары Алматы қаласына келіп, 7 құрылыс мекемесінде тасқалаушы болып істейді. 1961 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (бұрынғы С.М.Киров атындағы ҚазМУ) филология факультетіне түседі. Университетті бітіргеннен кейін Алматы облысы Жамбыл ауданында аупарткомда нұсқаушы, мектеп директоры, Қазақ радиосында редактор, аға редактор, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, “Өнер” баспасында аға редактор, ҚазМУ оқытушысы болып қызмет атқарды. Қазір зейнеткер, тарихи-этнографиялық “Райымбек” қоғамының төрағасы. Бас қаһарман етіп Райымбек батыр алынған дилогияның алғашқы бөлімі “Тамыз таңы” деген атпен 1987 жылы “Жазушы” баспасынан жарық көрген. Екінші кітабы “Райымбек батыр” деген атпен 1992 жылы “Жазушы” баспасынан шықты. Негізгі кейіпкері бір ғана тұлға бола тұра дилогияның бірінші кітабының “Тамыз таңы” заман тынысына қарай орайластырылған амал-себеп бар еді. Коммунистік идеологияға бағындырылған әдебиет әлемінде өткен дәуірде өмір сүрген ұлттық батырлардың атын бадырайта көрсетіп дәріптеу, мадақтау ол кезде жай қылық болып бағаланатын. Ал аты аңызға айналған Райымбек батыр – ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы қазақ батырларының ішінде романға жеке әрі бас кейіпкер ретінде алынған бірінші тарихи тұлға. Сондықтан әуелгі кітап бас қаһарманның атымен аталмай “Тамыз таңы” делінген.

Дилогияда ХҮІІІ ғасырдағы Жоңғар шапқыншылығына қарсы ұлы шайқастардың бір тармағы суреттеледі. Оқиға негізінен қазіргі Қазақстанның Оңтүстік шығысында, оңтүстігінде, Ташкент, Самарқант, Сырдария маңында өтіп жатады. Ташкент, Самарқант, Түркістан, Ходжент, Хиуа, Бұхара сияқты қала, кент, елді мекендер, Іле, Шу, Талас, Сырдария, Балқаш, Көкпек, Торайғыр, Көртоғай, Жалағаш, Алматы, Алатау, Асы, Қарқара т.б. тәрізді жер, су түгел қамтыла оқиғаға қатысты баяндалып отырады.

Романда бас кейіпкермен қатар сол дәуірдің тарихи тұлғалары Әбілқайыр, Абылай, Жолбарыс, Болат, Сәмеке, Барақ, Әбілмәмбет тәрізді елбасы, хан т.б. батырлар, Төле, Қазыбек, Әйтеке, Биеке, Қабай жырау сынды билердің, ақылгөй дана қарттардың образы жасалған. Әбілқайырдың, Абылайдың немесе өзге де хан-сұлтандардың бейнесін сомдағанда жазушы олар жайлы жазылып қалған тарихи деректен, халық жадында жатталып айрылып келген мәлімет сорабын мүмкіндігінше сақтауға тырысқан. Алайда тарихи деректі, құжаттық мәліметті сол қалпында көшіріп бере салған деген ұғым тумаса керек. Абылай жайында дерек те, мәлімет те, ауыздан ауызға көшкен, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, есте салған әңгіме көп. Автор соның бәрін жинақтап ой елегінен өткізе, қиял әлемінде қарыта жан бітіріп, Сабалақтан Абылайға ұласқан тарихи тұлға бейнесін халық санасындағы болмысын төмендетпей өзіндік өрнекпен нанымды жасай білген Әбілқайыр бастаған өзге хандар бейнесі туралы да, Қабанбай, Бөгенбай бастаған тарихи бейнелер халық жадында әбден орныққан, ел тарихында орны бөлек қас батырлар образы жайлы да осыны айтуға болады.

Романда Төле би образы дәуір дидарына сәйкес санаға орнығып қаларын, оқырманды ойға жетелейтін, ұрпақ санасын оятып, ұлттық ар-намысты жандандыра түсетін биік парасатқа толы, биік деңгейде жасалған. Төле би аңыз ауқымында айрыла беретін ділмарсыған шешен деңгейінде ғана алынбай кемеңгерлікке толы парасат иесі, данышпандықпен ұласқан ақылгөй, көсем ретінде суреттеледі. Оның бәрі жәй баяндау емес, оқиға жүйесінде, детальді көріністе, қисынды фактілермсен өрілген сюжеттік желілер арқылы беріліп отырады.

Дилогияның бірінші кітабы бас қаһарман Райымбектің бала кезінен бастап, жігіт болып алғашқы ерлігін көрсеткен кезеңге дейін қамтылады. Бас кейіпкердің эволюциялық өсу жолы, аты алыс-жуыққа кең тарай бастаған уақытқа дейінгі көтерілу баспалдақтары ел санасына сіңіп кеткен аңыздық сипаттан аршып алынып, табиғи қалыпта, қарапайым адамдық кейіпте суреттеледі.

Екінші кітап Райымбек батырдың қайтпас сапарға аттанған сәтімен аяқталады.

Сюжеттік желіні, негізгі оқиғаны бас кейіпкер Райымбектің айналасына шоғырландыра отырып, жазушы жоңғар шапқыншылығы дәуіріндегі қазақ елінің басынан өткен қиын тағдырының бір аймаққа тән көрінісі арқылы тұтас халық тарихының көркем шежіресін, тарихи болмысын суреттеп беруге тырысқан.

Романның бас кейіпкері Райымбек – тарихи тұлға. Батырлығымен аты шыққан, даңққа бөленген. Оның шындық көрінісі – Райымбектің тұтас бір рулы елдің ұранына айналуы. Сол ұранға айналған тұлғаның болмыс-тірлігі бірте-бірте уақыт оза келе аңыз желісіне ұласып, әулиелік сипатқа ауысып кетуі халық көңіліндегі тарихи нысан, батыр баба бейнесінің көлегейлене түсуіне себеп болғаны да шындық. Сондықтан халық жадында Райымбектің батырлық бейнесі мен әулиелік қасиеті қатар жатталып, қабаттаса өрбіп, дамып отырған. Міне, осындай тұлғаны көркем шығармаға, оның ішінде тарихи романға бас кейіпкер етіп алу да бар да, оның тарихи шындықпен сәйкесер тұсын дөп басып, нанымды образ тудыру талабы бар екені және ол тіпті де оңай емес екені белгілі. Өйткені, айтып отырғанымыздай барған сайын, заман озған сайын халық ұғымында Райымбектің батырлық болмысынан гөрі әулиелік қасиеті басым сипатқа ие болып бара жатқаны ақиқат еді.

Романда санаға сіңіп қалған әулиелік ұғыммен тарихи дерекке негізделген батырлық сипаттың ара-жігін ашып, халықтың елестетуіндегі батыр тұлғасын сетінетіп алмай нанымды образ жасауға талпынған Жолдасбай Тұрлыбаев ізденісі мен соны мәресіне жеткізе алған жазушылық шеберлігі айқын көрінеді.

Бұл орайда жазушы көркемдік ізденістің шығарма тудырудың сан тарау қайнарларынан, дәстүрлерінен нәр алған, үйренген, оны өз туындысына жымдастыра пайдалана білген. Сюжет құруда, оқиғаны өрбіту, байланыстыру, дамыту, шарықтау шегі мен түйіндеуде, образ сомдауда түрлі тәсілдер қолданылады.

Роман тарихи шығарма болғанымен тек тарихи фактілердің ізімен баяндалмайды. Әдеби туындыға тән қолданатын сипаттарға, авторлық мақсатқа орай қиялдан қосу тәрізді түрлі көркемдік шарттарды автор еркін қолданып отырған.

Райымбектің батырлық іс-әрекеттер барар жолы, қалыптасуы, өмір баспалдақтары намысқойлық сезіммен ұштастырыла өріліп, нанымды беріледі. Шығарманың алғашқы беттерінде жаугершілік заманның тынысымен соғыс алаңында емес, бейбіт ауыл аясында, қарапайым тұрмыс-салт орынында танысамыз. Ойнап жүріп “тентек” Райымбекпен жылап қалған балалардың шешелерінен “Тірі жетім”, “Әкең қалмақтың құлы” деген сөздерді айтып “кірме”, “баладан” кек алуы болашақ батырдың алғашқы намысын оятуға себеп болса, оқырманға қалмақ тұтқынында жатқан Райымбектің әкесі туралы сырттай мәлімет береді. Өзі қатарлас ойын балаларының мазағы намысын оятып әкесін құтқаруға ұмтылған бала Райымбектің алғашқы талпынысы бірте-бірте отансүйгіштікке ұласқан, елі үшін отқа, суға түсуге тартынбайтын қолбасшы батыр деңгейіне көтерілген сәтін көреміз.

Романда сол заманға сай халықтық әдет-ғұрып, салт-сана, этнографиялық көріністер, ел тіршілігі мал бағудың, ер қанаты аттың, жылқының көшпелі халық өміріндегі орнын бейнелеу сипаттары айрықша көркемдік белгілерге айналған. Бұл орайда тек қазақ салты, мінез құлқы, тіршілік әрекеті емес қалмақ сияқты жау елдің де психологиялық, әдет-ғұрыптық болмысы нанымды әрі танымдық қасиеті мол дәрежеде суреттелген.

Дилогиядағы Күніш, Еңлік, Ақбала тәрізді батыр қыздар ерлікпен қоса адал жар болу мақсатын бірінші кезекке қойған, ежелден қалыптасқан бейнесімен есте қалады.

Жазушы Райымбек туралы халық аузындағы “әулиелік” қасиеттерді де мүлде ығыстырып тастамай орайына қарай сюжеттік негізге жымдастырып жіберген.



С


Сахара қызы

Ә.Шәріпов

Әди Шәріповтың “Сахара қызы” атты романында өткен ХІХ ғасырдың екінші жартысында “Шынжыр балақ, шұбар төс” Бөлен болыстың “әмеңгерлік” қақпанына түскен әкесіз жетім қыз тағдыры шығармаға желі тартқан. Автордың жол-жөнекей аңғартуына қарағанда, кейінгі эпилогында ескертуіне қарағанда, уақиға ХІХ ғасырда, Жетісу өңірінде етек алған көрінеді. Әңгіменің барысында, бұл өңірге Арқа жақтан өзінің оңбаған ниетімен Кенесары келгені, оны Жетісу қазақтары қабыл алмағаны белгілі.

Жазушы Бөлен аузына сөз салып, шындықты айтқызып: “Кенесары депсің. Оның да жайын білеміз. Бүкіл Арқаны бүлдіріп, емшектегі баласын найзаның ұшына шаншып, кемпір-шалды сойылға жығып, қанын ішіп, ол жақтан жеңіліс тауып келе жатқан хан бізге керек емес”, - дейді. Сонымен қатар, осы елдің Россияға еркімен қосылу шараларының қалай жүзеге асқанынан мәлімет аламыз.

Бұл ретте де сол Бөленге сөз беріп, мынадай дұрыс түйін жасайды: “Ресейге өз еркімізбен қосылып, үлкен мемлекетке арқа сүйесек, халқымыздың бірлігін сақтап қаламыз... Кіші жүз бен Орта жүз қазақтарының Ресейге қосылғанына қанша заман болды. Ел бірлігін жоймай, олар да күн көріп жатқан жоқ па?” – дейді. Заманның саяси-әлеуметтік шешуші проблемаларына қатысты айтылған осынау түйінді пікірлер – Асылбайдың керітартпа ұғымына қарсы сөйленген диалогта Бөлен арқылы қуаттатқан автордың өз көзқарасын айқындайды.

Бұл айтқандар сөз болып отырған тарихи кезең жайында алдын ала дұрыс түсінік беріп, оқиға өрісін ұғуға, сөз жоқ, едәуір септігін тигізіп тұр. Ақырында, кейіпкерлердің ішкі қақтығыс, қайшылықтарына назар тіксек, бұлар әр түрлі, әр қилы. Айталық, үш әйелі бар Бөлен болыс пен Мырзағара байдың, Мырзағараның баласы Саурық болыс пен Терлікбайдың және Бөлен мен Асылбай арасындағы кикілжің, қақтығыс, бір жағынан, барымта дауының, екінші жағынан, сайлау бәсекесінің тартысы болса, Бөлен мен оның малай жылқышысы Малдыбайдың арасындағы алалық мүлдем өзгеше. Ол әлі ушығу қалпына жетпеген нағыз таптық қайшылық. Ал, мейрімсіз Бөлен байдың жылқысын бағуда суықтан үсіп өлген Малдыбайдың баласы Ұлтабағуда орыс шаруларының ортасынан қоныс теуіп, Сергей сықылды еңбекші, ер, адал жігітпен достасуы, сөйтіп, екеуі бірігіп, қысталаң жағдайда Үнияға көмектесуі – екі халықтың үлкен достығының бастамасы іспетті.

Кітаптың кіндік кейіпкері Үния – Сарыбай секілді әнші, домбырашы, сері жігіттің жалғыз қызы. Бұл да – жастай өзінің әншілік, шебер тігіншілік өнерімен жұрт көзіне түсіп, атағы шыққан қыз. Бірақ әкесі, ауыл иесі Терлікбай байдың кіші баласын үйлендірген тойында, көкпар тартып жүріп қаза табады да, балғын жас қыз жетім қалады. Қыздың атағына қанық Саурық болыс Үнияға құда түсіп, інісі Қабділдаға әпереді. Қабділда көп ұзамай қайтыс болып, Үния жесір қалады.

Міне, Үнияның қайғылы, аянышты, азап жолы осы тұстан басталады. Оның адам төзгісіз ауыр халіне жан ашып, тітіркену өз алдына, тіпті, аман қалуын тілеп, кітаптың ақырына дейін тебіреніп отырасың. Ол неліктен? Ол, біздіңше, алдымен, өмірде шын болған және нақты фактыны сөйлеткендіктен. Бұл жөнінде Әди Шәріповтың тәжірибесі мол. Оның “Партизан қызы”, “Ормандағы от”, “Тон”, “Қапастағы жұлдыздар” повестерінің бәрі дерлік Ұлы Отан соғысы тұсындағы шынайы фактыларға құрылған ғой. Мына “Сахара қызында” да кітаптың негізгі желісі нақты болған фактыға құрылғаны көрініп-ақ тұр. Оны шығарманың эпилогында автордың өзі де ескерткен. Материалды архивтен тапқанын сол күйі мазмұндай келіп, “феодалдық-патриархалдық қоғамда бас бостандығы үшін күрескен қазақ қыздарының ішінен озық шыққан әйел екендігіне көзім жетті”, - дейді автор. Бұған оқырман біздің де көзіміз жетті, сондықтан Үнияның растығына сенесің де, трагедиясын іштей сезінесің. Неге десеңіз, Ә.Шәріпов құр фактылар мен есімдердің басын құрастыра берген емес, оларды идеялық-эстетикалық тұрғыдан белгілі жүйеге салып суреттеген.

Шынында, өзін жек көргеніне қарамай, Үнияны қалай да “қатын” етіп алам деген озбыр Байділданың арам, топас қылығын, қайнағасы Саурық болыстың қулығына найза бойламайтын тұңғиық, зұлым қаракеттерін жазушы ашалап көрсетпесе, Үнияның сүйкімді образы мен Қайсар характері де жөнді ашылмаған болар еді. Сондай-ақ, Үнияның образ қырларын айқындай түсуге Саурық болыстың үш әйелінің өзара күндестік күйіне сай, әрқайсысының мінез-құлқын жіті көрсетудің өзіндік мәні болған. Үнияның тігіншілік адал еңбегімен күн көруінің өзін өсектеп, қудалаған сайқал әйелдерге оның жауабы нық: “Ел өсектесе, өсектей берсін. Өзімнің еңбектеніп тапқан адал малымда не шаруасы бар? Осы ауылда күні бойы үй-үйді қыдырып жүріп өсек айтатын әйелдердің тілі неге қырқылмайды екен?” – деп қынжылады Үния.

Үния махаббатқа, адалдыққа, адамгершілікке қандай берік, тұрақты болса, әділетсіздікке де, зұлымдыққа да сондай қарсы, қатал. Ол Саурықтың бұйрығымен Байділда бастаған озбыр топ денесіне ыстық темір басып, таңба салғанда да, қыңқ етпеді. Жауыздың ырқына көнбеді. Міне, бұл қазақ қызының жалаң мінез қайсарлығы ғана емес, қаһармандығы дерлік қайсарлық.

Сол содыр-сойқан заманда әрі жетім, әрі жесір “сорлы” қыздың азуы алты қарыс Саурық болысты өзінің бас бостандығы үшін сотқа беру фактысы, соттағы ашынып айтқан ақылды, ақиқат сөзі – Үнияның қиямет жағдайда азап, қорлықтың бәріне сынбай, күйремей, рухани өскендігінің айғағы. Сотта ол Саурыққа тура қарап: “Ел арасындағы әділетсіз адам жалғыз сіз емес, қолында малы бар байлардың бәрі де әділетсіз. Сіздің үш қатыныңыз бар. Төртінші қатын болып мен тиюім керек. Сіз мені зорлық-зомбылық жасап, қорқытып алғыңыз келеді. Мен көнбеймін деп басында айтқанмын, қазір де сот алдында соны айтамын. Күйеу іздегім келсе, өз сүйген адамыма ғана шығамын. Ұстаған жолымнан, ойлаған ойымнан қайтпаймын”, - дейді. Осының өзі Үнияның өміртану жолында жеткен биігін танытса керек!

Бақыты үшін, бас бостандығы үшін басын өлімге байлаған қазақ қыздары өмірде аз болмағаны мәлім. Олардан Үнияның бір ғана айырмашылығы – ол қайсарлығының үстіне, Сара Тастанбекқызы секілді, ақындық, әншілік өнерпаздығы және, сонымен қатар, тігіншілік шеберлігі. Мұндай ерекше көзге түскен талант иесі қызды аламын деп әуелі Байділданың жанталасып, кейін одан қызғанып, ағасы Саурықтың құлқы кетуі Үнияның, сөз жоқ, осы қасиеттерінен. Әйтпесе, әмеңгерлік деген – тек сылтау, үстем тап озбырларының қолындағы қиянат құралы ғана.

Сонымен қысқасы, Ә.Шәріпов өзінің сөз болып отырған осынау “Сахара қызы” делінген роман-хроникасында ескіліктің қақпанына түсіп зар шеккен қазақ қызының сегіз қырлы, бір сырлы образын көз алдымызға әкеледі. Кітапта екіұдай боп көрінетін кейіпкерлердің бір жағында Бөлен, Әли, Асылбай, Мырзағара, Саурық, Терлікбай сықылды бай, болыс, сұлтандар және олардың күндес әйелдері, екінші жағында Малдыбай, Қабыл, Ұлтарақ, Күміс сықылды кедей-кепшік, малшы-малайлар бар. Үния тағдырына қатысты бұлардың әлеуметтік, адамдық бет пердесі белгіленеді. Жалпы алғанда, шығармадағы дәйекті материалдардан, оймен түйген топшылаулардан, нақты адам образдарынан белгілі бір дәуір тынысын сезінеміз.


Сәрсенбек

С.Садуақасұлы


С.Садуақасұлы – Қазақстанның белгілі қоғам және мемлекет қайраткері. Сонымен бірге ол ХХ ғасырдың 20 жылдары қазақ руханиятына мол еңбек сіңірді. Смағұлдың қайраткерлік те, қаламгерлік те жолы алаш жастарының тұңғыш ұйымы “Бірліктен” (Омбы, 1914) басталды. Ол – “Өртен”, “Антомомиа”, “Салмақбай, Махамбет” әңгімелерінің және “Салмақбай, Сағындық”, “Күміс қоңырау” повестерінің авторы. Бұл шығармаларда 20 жылдардың проблемалары көркем бейнеленеді. С.Садуақасұлы сондай-ақ әдеби процесс туралы да еңбектер жазды. Бұл ретте оның “Әдебиет әңгімелері” (1927), 1928 Мәскеуде шыққан “Молодой Казахстан” жинағына жазған алғысөзін ерекше атауға болады. Қайраткер – сонымен бірге Қазақ ұлттық театрын ұйымдастырушылардың бірі. Осы орайда ол “Ұлт театры туралы”, “Алғашқы тәжірибелер”, “Алтын сақина” ойыны туралы”, “Бәйбіше, тоқал”, т.б. материалдар жариялады.

“Сәрсенбек” – қазақ әдебиеттану ғылымына беймәлім болып келген роман. Оның түпнұсқасы М.О.Әуезов мұражайынан табылып отыр. Арнайы қолдан кесілген параққа жазылған 300 беттен астам осынау романның қолжазбасын кеңес дәуірінің “жылымық” тұсында қайраткердің жары Елизавета Әлиханқызы Мұхтар Әуезовке күйеуінің соңында қалған бірсыпыра дүниелермен қоса табыстаған.

Роман қолжазбасы аса мұқият сақталған дей алмаймыз. Бірақ оны ыждағаттылықпен оқыдық. Абырой болғанда, қолжазбадан роман тарихына қатысты бірқыдыру деректерді ұшырастырдық. Бір қосымша парақтан романның алғашқы нұсқасын жазушы 1920 жылы 27 шілдеде “Мінсіз” атты повесть ретінде жазбақ болғаны анықталды. 1922 жылы 21 қарашада “Сәрсенбекті” жазуға кіріскенде, автор Мінсіз бейнесін Жұпар бейнесімен алмастырып (бұл қолжазбадан анық көрінеді), Мінсіз деген басқа жанама кейіпкер ойлап тапқан.

“Сәрсенбек” – 1916 жыл оқиғасын арқау еткен қазақ әдебиетіндегі алғашқы романның бірі. Хронологиялық жағынан тұңғышы деуге де болады.

Аталған туындының неліктен роман жанрына жататынын үш дәлелмен анықтай аламыз. Біріншіден, “Сәрсенбек” – қазақ әдебиетінде роман жанрының енді дүниеге келген кезінде туған туынды. Сондықтан бұл кездегі жазылған қазіргі көзқараспен повесть дәрежесіндегі шығармаларға роман мәртебесін беру жанр эволюциясын елеп-ескергендік болмақ. Екіншіден, роман талабына сай “Сәрсенбекте” үш желі қатар жүріп отырады. Олар: 1) көтерілісшілердің күрес барысы, 2) қаладағы оқығандардың пікір қайшылығының жай-жапсары, 3) Күлпәшқа қатысты оқиғалар, яғни қала мен ауыл арасындағы бөгет-бөгесіндердің қалпы. Үшіншіден, А.Байтұрсынұлы ескерткен “тұрмыс сарынын түптеп, терең әңгімелеу” бар.

Шәкірт кезінде кезеңінің ауыр оқиғаларын өз көзімен көрген С.Садуақасұлы араға жеті жыл салып, “Кейбірде мен баладаймын, баладай болсам да, бәрі есімде” деп эпиграф қойып, 16 жыл туралы роман жазуға отырды.

Роман экспозициясы қазақтан солдат алатынын естіп, бұл хабардың рас-өтірігін біле алмай абыр-сабыр, азан-қазан болған ауыл халін диалог арқылы жеткізумен ашылады. Автор бейнелеу тәсілін пайдаланып, қоғам мен ұлт арасындағы байланысты былайша көрсетеді: Сары маса келіп қазақтың тұмсығын шағады. Ол бір аунап қайта жатады. Кенет ойына әлдене түсіп, түрегеледі. Тарсыл естіледі. Қашады. Бір кезде тоқтай қалып, қарсыласады...

Оқиға Сәрсенбектің ауылынан өрбиді. Сәрсенбек оқуына кеткеннің ертесіне патша жарлығы келеді. Халық аңтарылып қалады. Істің мән-жайын білу үшін ақсақалдар Амантай мен Қорабайды қалаға аттандырады. Бұл кезде Жұпар есімді қыз ауыл жігіттерін жиып, оларға бас көтеру, Алатауға аттану туралы ой салады. Ауыл жастары бұған келіседі.

Бұл шақтағы қаланың тіршілігі ауылдан бөлектеу. Сәрсенбек пен Қабдеш ұлт болашағы, халық теңдігі туралы пікір таластырып жүрсе, Жұмажан секілді азаматтардың ойында түк жоқ. Олар өмірде ләззатқа белшесінен батып, абройы тасып жүргенді армандайды. Арбалып, алданып жүрген Күлпәш тәубасына әлі келмеген. Жұмажанның алдамшы әрекеттерін, аттастырған күйеуі Күдерінің ақ-жүрек адалдығын көргенде, Күлпәш басында екіұдай пікірдің текетіресі басталады. Мұндағы тартыс, шиеленіс, шарықтау шегі, шешімі аса табиғи.

Амантай Сәрсенбекке “ел көтерілмек, басшы бол” деп қолқа салады. Бірақ ол қарсылық білдіреді. Тіпті дәлелдер айтып, күрестің нәтижесіз болатынын алға тартады. Көңілі нілдей бұзылған Амантай Сәрсенбекке қарамастай болып және губернатордан тұщымды “жауап” алып, еліне қайтады.

Қала жаңа хабармен қайта жанданған. Қазақ оқығандарының бас қосуларындағы әңгіменің бәрі “қазақ һәм солдат” төңірегінде. Көркем шығарма сахнасында Қабдеш, Бұқар, Асқар сынды азаматтар шығады. Бәрі де сауатты. Баршасы да ел қамын ойлайды. Бірақ солдат мәселесі туралы әрқайсысының пікірі әр түрлі.

Сәрсенбек Сәлимадан хат алады. Бұл хаттан соң оның пікірі бұрынғы күйінде болғанымен, бағыты түбегейлі өзгереді: Бұлай болуының терең сыры бар. Сәлима хатында Жұпар туралы, оның қол бастағаны хақында, өзінің сол құрбысымен бірге болатыны жөнінде жазады. Не істеу керек? Бұл жерде парасат жеңеді. Сәрсенбек аттануға бел байлайды. Неге? Біріншіден, ол Сәлиманы ұнатады, екіншіден, бір кездері Жұпар екеуінің арасында да махаббат оты маздаған. Үшіншіден, ел басындағы сыналар сәтте, көпшілік көтерілуді қалағанда, бұл неге қолын бір сілтеуі тиіс. Мейлі, халық бұрыс жол таңдасын бәрібір Сәрсенбек – оларға, олар –Сәрсенбекке керек.

Сәрсенбектің шешімі жөнінде оқығандар арасында пікірталас туады. Әркім әр түрлі жориды. Бұған Бұқар мен Асқар қарсы болса, Қабдеш Сәрсенбекті қолдайды.

Сонымен Сәрсенбек пен Қабдеш екеуі Сәлиман кездеспек болып Көкадырға қарай аттанады. Екі жігіт жолда талай қиыншылықтарға кездеседі. Бір сәт дамылдағанда ұлт, ел тағдыры, заман қалпы туралы толғанады.

Ауыл жайы қайта суреттелінеді. Сахнаға Сәлима мен Мінсіз шығады. Бірі Сәрсенбекті, екіншісі Исатайды сүйеді. Тағдыры, талғамы ұқсас тұлғалар. Сәрсенбектен жауап хат келгеннен кейін бұлар да Көкадырға аттанады. Ойлары – олармен сол жерде жолығып, Алатауға аттану. Сапырылысқан дүние. Осы сапарда бұлар да сан қиыншылықты көреді. Әсіресе жолда орыс әскерінің кездесуі оқиғаны күрделендіре түседі. Бұлар қашады. Жау қуады. Қапыда Мінсіз қолға түсіп, қанішерлердің зорлауы мен қорлауына шыдай алмай өледі.

Енді романның айрықша желісі – көтерілісшілердің күрес барысы бейнеленеді. Әскери дайындық, әскер басылары бейнесі айшықталынады. Жұпар, Амантай бейнелері даралана суреттеледі. Қазақ әскері дуанды алуға қамдануда. Бәрі сақадай сай, қобызшылар “Боз інген” күйін тартады. Салтанатты әскер шеруі, дуанды алардағы соғыс, қазақтардың жеңіс сәті бейнеленеді.

Оқиға ширыға түседі. Сәрсенбек пен Қабдеш те анталаған жау қоршауында қалады. Қабдеш орыстың қолына түседі. Сәрсенбек әзер дегенде құтылады. Екі жігітті даралайтын қасиеттер ашыла түседі. Сәрсенбек Қабдешті құтқарамын деп шарқ ұрады. Ал, тұтқындағы Қабдеш орыс офицеріне әділеттіктің кім жағында екенін қаймықпай айтып, соққыға жығылады. Полковник пен губернатор Қабдештен жауап алғанын суреттейтін роман бөлімдерінде отаршылдардың сыр-сипаты жан-жақты ашылады.

Ауыл халін бейнелейтін желі жаңа оқиғалармен толысады. Жазушы енді шығарма кейіпкерлері шыққан ауылды емес, Сәрсенбек, Сәлима қонған, аялдаған ауылдарды суреттейді. Халық бейнесі бажайлана бастайды. Соғыстың зардаптары сөз болады.

Қилы тағдыр белгіленген Көкадырда кездесеміз деген Сәлима мен Сәрсенбекті кезеңнің олай-дүлейіне ұшыратып, ойламаған жерден орманда жолықтырады. Оның өзінде олар бірін-бірін жау екен деп, атысып-шабысып әзер таниды.

Шығарма желісі қайтадан шаһар ішіндегі жайттарға ауысады. Бұқар, Қоңырбай, Асқар, Жұмажан сынды кейіпкерлердің іс-қимылы, диалогы, монологы арқылы олардың көтеріліске деген, қазақ халқына деген ынта-ниеті, көзқарас-пайымы аңғарыла бастайды.

Амантайлар кескілескен айқаспен, ақылмен дуанды алады. Қабдеш абақтыдан босанады. Амантай мен Жұпарға жолығып, болған мән-жайды айтады. Олар Сәрсенбектің көтерілісшілерге қарай шыққанына қуанады.

Қаладағы оқығандар Сәрсенбектің қадамын түсіне алмай дал болады. Баяғы айтыс-талас. “Ұлт батыры кім?” деген сұрақ төңірегіндегі пікірталас жалғасады. Бірсыпыра жастарды Күлпәш тағдыры толғандырады. Ол ауылда. Оқығандардан түңілді. Күйеуі майданға кеткен. Қоңырбай Жұмажанның “иттігін” дәлелдемек болып, Күлпәшті алмақшы, басқалар оның мұнысына қарсы. Қоңырбай оған хат жазады. Алайда Күлпәштан қарсылық білдірген жауап алады.

Ауыл желісі қайта тартылады. Бұл да – оқиға өрбіген ауылдан басқа ауыл. Жастар Алатауға жиналуда. Күлпәш әрі-сәрі күйде. Басын “не қала, не ауыл” деген ойлар билеген. Он ойланып, жүз толғанып, “аллаға күнәһар болмай, ауылда қаламын” деп шешкен. Ауылда тек адалжүректер ғана тұрмайды, тоғышарлар да бар. Оның бірі – болыс. Ендігі оқиға болыс пен Күлпәш арасында өрбиді. Тәубасына келген Күлпәш күйеуі Күдері сенімін ақтап қалады.

Табысқан Сәрсенбек пен Сәлима дуанға жетеді. Көтерілісшілермен табысады. Басшылармен ұшырасады. Романның бұл бөлімдеріндегі монолог пен диалогтар кейіпкерлер бейнесін, сондай-ақ романның басты желісін толықтырып, ашады.

Қаладағы оқыған жігіттер айтысып жүріп, бір тоқтамға келеді. Ол - әскерге бару. Асқар, Қоңырбай, Титімбет секілді жастар осы жолды таңдайды. Бұлар “борышты өтейміз” деген ниетпен майданға аттанады. Ал, Бұқар мен Жұмажан болса әрі-сәрі күйде: бірі көтерілісшілерді “неге екенін білмейді, жақтамайды”, екіншісі “неге екені білмейді, жақтайды”. Бірақ екеуі де білек сыбана күресуге жоқ. Бұқардікі құр сөз. Жұмажан күрескендерді атақ қуғандар деп есептейді.

Алатау әбігерге түскен. Қуғыншы отряд осылай қарай аттанған.

Романда Шолақсайдағы орыс әскері мен қазақтар арасындағы соғыс кеңінен суреттеледі. Соғыста қазақтар мұздай құрсанған қарулы солдаттардан жеңіледі. Сәрсенбек қолға түседі.

Азапты күндер басталады. Жазушының “Өмір – күрес” деген қағиданы тереңінен қозғағаны байқалады. Жазалаушы отряд халықты қырғаны сөз болады. Сәрсенбек сын сағаттарда өзінің нағыз азаматтығын көрсетеді.

Романның қысқаша мазмұны осындай. Шығарма қазақ прозасының қалыптасып келе жатқан ерте кезеңінде туғандықтан, толыққанды көркем нақышпен жазылған дей алмаймыз. Алайда идеясы мен сол идеяны жеткізу үшін пайдаланған бейнелер жүйесіне жоғары баға беруге болады. Туындыда танымдылық, ағартушылық сүрең басым. Рас, шығарма композициясында жүйелілік қатаң сақтала бермейді. Бұл түсінікті де. Біріншіден, жазушы оны шығармашылық шеберлігі аса шыңдалмаған шағында жазған. Екіншіден, заманның кедір-бұдырлығы, аумалы-төкпелілігі туындының бір деммен жазылып бітуіне кедергі жасауы әбден мүмкін.

“Сәрсенбектегі” Смағұл шеберлілігі дегенде, ол ұтымды қолданған монолог, диалог, кейіпкер сүгіреті, пейзаждары ерекше атауға міндеттіміз. Романдағы Сәрсенбектің, Қабдештің, Сәлиманың монологтары, Сәрсенбек пен Амантай, Сәрсенбек пен Бұқар, Сәрсенбек пен патша офицері, қаладағы жастар арасындағы диалогтар, Амантайды, Жұпардың портреті, ел қалпын, соғыс болар күнгі ахуалды табиғатпен шендестірген пейзаждар бұл пікірімізді растайды.

“Сәрсенбек – 1916 жылғы оқиғаны арқау еткен тарихи көркем роман. “Сәрсенбекке” осы тұрғыдан қарасақ, жазушы С.Садуақасұлы тарихи романға қойылатын талап тізгінін тепе-тең ұстағанын аңғарамыз. Көтерілістің болғаны рас, оған Амантай сынды азаматтардың жетекшілік еткені, көтеріліске қыз балалардың қатысқаны, оқыған зиялы қауымның көтеріліске қарсы болғаны шындық. Ал, Сәрсенбек – автор қиялынан туған кейіпкер. Жазушы неліктен Сәрсенбекті ойлап тапты? Біздіңше, жазушыны Алаш Орданың жеңіске жете алмағандығы, ұлтқа тәуелсіздік бұйырмағандығы қатты толғандырған. Білікті қаламгер мұның себебін іздеген.

“Қазақ” газетінің идеясын пір тұтып өскен һәм сол идеяны жаңа заманға сай дамытуға күш салған Смағұл Садуақасұлы енді “Бәлкім, қазақ оқығандары 16-жыл оқиғасына белсене араласып, күресті басқарып, жүйелеу керек пе еді? Сонда, мүмкін, алаш жұрты бір ту астына жиналып, саяси сапырылыстар тұсында тәуелсіздігін қорғап қалар ма еді?” деген пікірге келген тәрізді. Өткен іске баға бере келіп: “қап, бүйткенде дұрыс болар еді” деп ойлау – табиғи нәрсе. Бұл – көзқарас эволюциясына жат емес. Міне, кейіпкер Сәрсенбек – жазушының осы идеясын жеткізу үшін өмірге келген бейне.

С.Садуақасұлы “Сәрсенбек” романының өңделмеген, баспаға даярланбаған нұсқасын 1924 жылы жазып бітірді деп шамалаймыз. Жазушының аталған романды толықтырғысы келгені қолжазбадан анық байқалады. Бірақ заман күрт өзгеріп, әдеби шығарманы таптық тұрғыда жазу талабы қойылғанда, С.Садуақасұлы бұл еңбегін ондай қалыпқа салуды обалсынған, қолжазбаға тиіспеген. Тек 1926-27 жылы романдағы Күлпәшқа қатысты бір бөлігін “әңгіме” деп айдар тағып, “Жаңа мектеп” пен “Әйел теңдігі” журналдарына ұсынған. Алайда романның қолжазбасы мен журналға шыққан “Күлпәш” әңгімесі тексінің айырма-өзгешеліктері жоқ емес. “Әйел теңдігінде” аталған әңгіме романның бір бөлігі екені ескертілген.

“Сәрсенбек” романы өз тұсында толық нұсқасымен жарық көрмегендігі, қалың оқырманға жетпегендігі оның қазақ әдебиеті тарихындағы орнын әсте аласартпайды. Оның көркемдігі бүгінгі роман талабына жауап бере алмай жатса, мұны аталған жанрдың қазақ топырағында қалыптаса бастағанымен түсіндіруге болады. Тегінде шығарманың маңызы көркемдігінен гөрі көтерген мұратымен, сол мұратты шебер жеткізе алғандығымен өлшенсе керек. Бұл тұрғыдан келгенде, “Сәрсенбек” романы – 20 жылдардағы елеулі көркем туындылардың бірі.



Сексен алтыншы жыл


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   45




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет