Көрнекті қаламгер Оралхан Бөкей 1943 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Қатын-Қарағай ауданына қарасты Шыңғыстай ауылында дүниеге келген. 1961 жылы осы ауылдағы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы орта мектепті бітіріп, еңбекке араласады. Әл-Фараби (бұрынғы С.М.Киров) атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне сырттай оқуға түсіп, оны 1969 жылы тәмамдаған.
1965-68 жылдар аралығында бұрынғы Үлкен Нарын аудандық “Еңбек туы”, Шығыс Қазақстан облыстық “Коммунизм туы” (қазіргі “Дидар”) газеттерінде қызмет істеген.
1968 жылы республикалық “Лениншіл жас” газетіне шақырылып, Алматыға келеді.
1974-83 жылдары “Жұлдыз” журналы проза бөлімінің меңгерушісі және редакция алқасының мүшесі қызметін атқарады. Кейіннен “Қазақ әдебиеті” газетінің редакторы болып тағайындалған.
1993 жылдың мамыр айында Үндістанда қайтыс болады.
Оралхан Бөкей әдебиет сүйер қауымға 60-жылдардың аяғында жазылған “Бура” әңгімесімен танылған еді. 1970 жылы “Қамшыгер” атты тұңғыш жинағын жарыққа шығарды. “Қайдасың, қасқа құлыным” (1973), “Үркер” (1971), “Мұзтау” (1975), “Ән салады шағылдар” (1978), “Үркер ауып барады” (1981), “Біздің жақта қыс ұзақ” (1984), “Ұйқым келмейді” (1991) повестері мен әңгімелер жинағы Оралхан Бөкейдің қаламгерлік шеберлігін, өзіндік өрнек-мәнерін танытты. Ол өз оқырманын шұрайлы да шешен тілімен баурап алды.
Оралхан Бөкей – Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының, Қазақстан Республикасының Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының, Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың, “Молодая гвардия”, “Жалын” баспалары сыйлықтарының иегері. Шығармалары жазушының көзі тірісінде орыс, ағылшын, чех, болгар, венгр, араб, жапон тілдеріне аударылған. Драмалық шығармалары “Құлыным менің” (1974), “Текетірес” (1976), “Қар қызы” (1982), “Зымырайды поездар” (1984), “Желтоқсан желі” (1988) театр сахнасында жиі қойылып, көрермендер тарапынан жоғары баға алып келеді.
Оралхан Бөкей қаламынан “Өз отыңды өшірме” атты роман туды. Бұл шығарма түрі мен мазмұны жағынан жазушының өзіндік ерекшелігін таныта білген туынды болды. Роман жарық көргенде сыншылар тарапынан көптеген пікірлер айтылды.
Романға арқау болған ХХ ғасырдың бірінші ширегінде үлкен дүрбелең туғызған өзгерістің қазақ даласындағы көрінісі мен Ұлы Отан соғысы жылдарындағы, соғыс біткеннен кейінгі уақыттағы Түрксіб теміржолы бойындағы қазақ ауылының тынысы десе де болады. Тапқа жіктелген қоғам, алмағайып, аласапыран кезең уақиғасы адамдар тұлғасы, олардың іс-әрекеті, бір-біріне қарым-қатынасы қат-қабат тартыс аясында баяндалады. Жазушы шығарма композициясын өзіне тән машықпен құрған. Роман оқиғасы бес салаға жіктелген. Әрбір сала бүгін мен баяғының бейнесін беретін тараушаларға бөлінген. Қазақтың сайын даласының төсінде бір кездегі кеңестік дәуірдің керемет болып аталған ерлігі – Түркістан – Сібір теміржолының түйісуі қаншама құрбандық пен қиындықты қажет етті. Жазушы өзінің қаламгерлік ұстанымындағы қашан да ерекше орынға ие – Адамдар тағдырын танытуға ерекше көңіл бөледі. Шұрайлы тілмен өрнектелген кейіпкерлер болмысы,тынымсыз ой мен шиыршық атқан сезімдер, ашу мен ақыл, парықсыздық пен парасат, сатқындық пен адалдық, аярлық пен тазалық сияқты қарама-қайшы ұғымдар авторлық баяндау және суреттеулер арқылы шарпысып отырады.
Бірінші салада, “Бүгінде” және “Баяғыда” деп басталатын тараушаларда оқиға орталық кейіпкер Дарханның айналасында өрбиді. Яғни, бұл - “Түрксібтің қайлашы болып бастаған кәрі жұмысшыларының бірі туралы хикая” (О.Бөкей).
Роман оқиғасының негізгі өзегі – Дархан тағдыры, оның өткен өмірі мен бүгіні. Кешегі өткен күннің тынысы мен тіршілігі Дарханның еске алуының негізінде баяндалады. Бүгіні – Дархан қарттың қапыда көз жұмған аяулы жары Гүлияның басына мазар тұрғызбақ болып жүрген қарекеті. Баяғысы – сол аяулы жарымен бірге өткізген күндері. Жазушы өтпелі кезең шындығын суреттеуде де адамның қат-қабат ішкі болмысын ашуға ерекше мән береді.
Романның кейіпкерлері: Омар бай, оның бәйбішесі Рахия, егіз қыздары – Гүлия мен Дүрия, ұлы адвокат Еркін, Омар байдың жалшысы, кейіннен Кеңес өкіметінің шолақ белсендісі болған Оспан, жылқышы Бати, кедей жігіт, кейіннен Түрксібті салған жұмысшыларға басшылық жасаушы Дүрияның күйеуі Қамбар, Дарханның әкесі Таңатар т.б.
Жазушы замана шындығын кейіпкерлерінің бітім-болмысы, ішкі жан-дүниесі, өмірлік мұраттары, әрқилы тағдырлары арқылы терең танытуға ұмтылған. Әртүрлі оқиғалар, әлеуметтік тартыстар, адамдар арасындағы басқа да қарым-қатынастар роман оқиғасын барынша шиеленістіріп, шынайылығын арттыра түскен. Адам тағдырын жалаң саяси-әлеуметтік ауқымда емес, барынша күрделі өмірлік заңдылықтар аясында таныту - бұл шығармасында қаламгердің ұстанған басты позициясы.
Романның орталық қаһарманы – Дархан. Дарханның әкесі Таңатар айналасына қадірі бар қарапайым жылқышы. Көп жылдар бойы Омар байдың жылқысын баққан. Өзі балуан. Дархан болса бұғанасы қатпаған жас күнінен екі қолына сеніп, еңбегімен күн көрген.Үлкен әлеуметтік өзгерістер қазақ даласына да елеулі әсер еткен. Оны осы Дарханның өмір жолынан да айқын аңғарамыз. Салынып жатқан темір жол құрылысына кіріп, соның ауыртпалығын өзі сияқты көптеген қарапайым еңбек адамдарымен бірге көріп, көтереді. Өз ісіне берік, барынша адал жігіт көбінде қиыншылықтарға тап болады. Омар байдың сұлу қызы, егіздің сыңары, ақылына көркі сай Гүлия сияқты аяулы жарының қапылыста жаман пиғылды адамның қолынан қаза табуы Дарханды мүлде есеңгіретіп кетеді. Бүкіл ғұмырын адал еңбекке арнай жүріп, қарттыққа аяқ басқанда аяулы жарының басына мазар тұрғызуға кіріседі.
Омар байдың жалшысы болып, Кеңес үкіметі орнағаннан кейін атқа мінген Оспан - әпербақан, шаш ал десе бас алатын әумесерлігімен бірге, өз алдына бір күрделі болмысты кейіпкер. Айналасындағы адамдардың не айтарын алдын-ала сезініп, алдын орап отырар залымдық, өзі істеген істі екінші біреуге именбей жала қылып аудара салар арсыздық, өз мақсаты жолында ештеңеден аянбайтын өлермендік – Оспан бейнесін аша түсетін сипаттар. Роман оқиғасында Оспан өткен мен бүгіннің екеуінде де бой көрсетеді: “Баяғыда” деп баяндалатын тарауларда барлық оқиға Оспансыз өтпейді. Сұғанақ Оспан кез келген жерге кіріседі. Бір көзін Омар байдың қамшысы ағызып түсіргенде кектенген ол кеңес өкіметі орнай салысымен Омарға ат ойнатып жеткен. Айлалы, әккі бай әкіреңдеп келген Оспанды бір ауыз сөзбен матаған: “Үй болып, түтін түтетер шағың жетті, бой жетіп келе жатқан егіз қызым бар, таңдағаның – сенікі”, - деген. Оспан осы сөзді малданып, егіз қыздың естісі, сұлулығы да артық Гүлияға өзінше жіп тағады. Осы Гүлияға қол жеткізер жолдағы үлкен кедергі – Дархан. Оның Қамбармен арадағы алтыбақан құрған кештегі қақтығыстан соң құрған өмірлік жоспары – тек “өзіндік Оспандық мемлекет құру” еді. Айламен ғана әрекет қылу, ішкі ой-мақсатын жан баласына сездірмеу. Оспанның басты заңына айналды. Өзінен өлердей сескенетін әрі жек көретін Гүлияны жар етемін деу мүлде болмайтын іс екенін мойындағысы келмейді. Омар бай тәркіленгенде бар қысастығын жасап баққан. Оспан шешесі Рахия, сыңары Дүриямен бірге қалаға аттанып бара жатқан жолда басына жаңа сойған қойдың қарынын кептеп киіп, соңынан қуып жетіп, кездікпен Гүлияның бетін тіліп жібереді. Кейін, Түрксібтің түйісу тойына сапар шеккелі тұрған Дарханды шығарып салмақшы болған Гүлияны қапылыста атып өлтіріп кетеді. Қулығына құрық байламайтын айлакер, “жыланның жусағанын білетін” зымиян Оспанды жеңген жылқышы жігіт Бати. Иә, Оспан өзінің сырт түріндегі сияқты жаңа өкіметке жан салып жүрмеген адам екен. Өзінің бас мақсатын, өзімдікі болса деген пиғылын, бұл жолда ештеңеден де тайынбайтынының тағы бір дәлелі – Омар байдың қабірін ашып, алтын-күміс ақшасын алуы. Осы байлықты алып, қашпақ болған сәтінде тұтылады. Роман оқиғасы Ұлы Отан соғысының басталған, жүріп жатқан және аяқталған кезеңдерін айналып өтпеген. Арнайы броньмен теміржол бойындағы қызметте қалдырылған Дархан ауылдастарының қайғысы мен қасіретін бірге көтеріседі. Әр түрлі пиғылды кейіпкерлердің іс-әрекеті осы бір қиыншылық кезінде оған барынша таныс бола түскендей болады.
Аяулы жары Гүлияның басына мазар тұрғызып жүрген кезде баяғы бір шақта бауырларына бала қылып салып алған Гүлияның ағасы Долдаштың ұлы Мұратқа іздеу салады. Нәтижесінде Мұраттан туған Жалғас Дарханды іздеп келеді. Гүлиядан айырылып қалған кезде Дархан Мұраттан да көз жазып қалған болатын. Сөйтсе ол балалар үйінде тәрбиеленіп, есейіп, үйлі-баранды болған. Барлық азаматтар қатарлы майданға аттанып, оралмаған екен. Соңында жары, осы Жалғас деген ұл қалыпты. Дархан шал Жалғасты отымды өшірмейтін өмірімнің жалғасы деп түсінеді. Кезінде заман екпінімен шекараның арғы бетіне асып кеткен Таңатар шал ұлы Дарханға ошағының отын сөндірмеуді аманат етсе, енді Дархан шал бұл аманатты Жалғасқа тапсырады.
Романның тілі шұрайлы. Өмір шындығы қаламгердің көркемдік қиялына сай шеберлікпен өрнектелген.
Өліара
Т.Әбдіков
Төлен Әбдіков 1942 жылы Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Еңбек ауылында дүниеге келген. 1965 жылы Әл-Фараби атындағы (бұрынғы С.М.Киров) Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген. 1965-70 жылдары “Қазақстан пионері” (қазіргі “Ұлан”) газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, 1970-77 жылдары “Жалын” альманағында бөлім меңгерушісі, бас редакторының орынбасары, 1977-79 жылдары “Қазақфильм” киностудиясында бас редактор, 1979-80 жылдары Қазақстан КП ОК-нде жауапты қызметте болды. 1990-92 жылдары “Қазақ әдебиеті” газетінің бас редакторы болды. 1993 жылдан ҚР Президенті әкімшілігінде қызметте.
Т.Әбдіков шығармалары 1964 жылдан жариялана бастады. “Көкжиек” (1969), “Күзгі жапырақ” (1971), “Ақиқат” (1974), “Айтылмаған ақиқат” (1979) әңгіме-повестер жинақтарын жарыққа шығарды. 1985 жылы тарихи кезең шындығын арқау еткен “Өліара” романын жариялады.
Биік таудың алыстан көрінетіні сияқты, тарихтың да белесті оқиғалары алыстаған сайын өзінің сыр-сипатын тереңірек ашып, айқындала түседі. Қазақтың “Уақыт-төреші” деген сөзі тарихи үрдістің объективті болмысын парықтауға бағытталған байламды ой.
Қазақ халқының тарихи тағдырында ХХ ғасырдың, соның ішінде социалистік жүйенің із-таңбасы ерекше болды. Ол ерекшелік – көрген қорлықпен, тартқан азаппен, жоғалтқан ұрпақпен өлшенбек емес. Керек десеңіз, жеткен жеңіс те, тапқан табыс та ол ерекшелікке өлшем бола алмайды. Түптеп келгенде, мұның бәрі де дүмпуі жойқын себептің салдарлары ғана еді. Себептің зоры – социалистік жүйе қазақ халқының тарихи-әлеуметтік, мәдени-рухани тағдырында өліара кезең болды. Қазақ даласында үш мың жыл бойы, бәлкім, одан да ұзақ уақыт аясында дәурен сүрген салт атты көшпелілер өркениеті Қазан төңкерісінен кейін тізгін тартты. Технократтық даму жеңді, табиғаттың өзіндей табиғи өмір салт жеңілді. Қазақ халқы өзінің төл стихиясынан, төл болмысынан мүлде бөлек бітімдегі даму жолын бастады. Тұтас ұлттың тарихи тағдырындағы мұндай түбірлі өзгеріс табиғи даму жолымен жүзеге асқан жоқ, жедел түрде, зорлықпен сырттан таңылды. Тарихи аз аяда халық өткеннен кіндік үзе алмай, жаңаға бауыр баса алмай қоскіндік күй кешті. Ең ұлы сүргін (катаклизм) адамдардың жан-жүрегінде болды. Байырғы скиф мифіндегі өз құйрығын өзі жұтатын аждаха сияқты, адамдар өз жүрегімен өзі күресті. Мұндай құбылыс жалпы этникалық сипат алғанда, шын мәнінде, ұлы қасіретке айналмақ. Әлгі, социалистік жүйенің қазақ тағдырындағы ерекше ізтаңбасы болды деуіміздің бір қисыны осы.
Дарынды қаламгер Төлен Әбдіков өзінің “Өліара” романына тарихтың осындай өтпелі кезеңін арқау еткен. Автор Қазан төңкерісі әкелген мүлде жаңа қоғамдық құрылыстың, тосын өмір салттың, тіптен басқаша ойлап, тірлік құрудың қазақ даласында қалай жүзеге асқанын арқау романға өзекті еткен. Өліара кезеңдегі ел тағдырының қиындығы мен қызығына, үміті мен өксігіне ол бүгіннің көзімен қарайды. Ұлт болмысында елеулі із салған сол бір күрделі кезеңнің сыр-сипатына бүгінгі зердемен үңіледі. Автордың суреткерлік ұстанымы мына сөзінен айқын байқалады: “Қазір артта қалған уақыттың тұлғасы белгілі бір қалыпқа түсіп, қарасы айқындалып, жақсы, жаманы жетілген заманда “біз бәрін білеміз” деп есептейтін – біздер, адамдардың іс-әрекетіне сол тұстағы жағдайдың жасаған ықпалын көзге ілмей, тек қарақан басының пиғылынан деп қана ұғатын – мына біздер, өзіміздің өткенге деген үзілді-кесілді бағамызбен жиі қателесеміз. Үйткені мына дүниені ақ пен қара деп, екі-ақ түрлі бояуға бөліп, пышақ кесті шекарасын жасағанмен, осы екі бояудың екеуіне де жатқызуға болмайтын сан түрлі бояудың арасында біз әлгі өзіміз белгілеген шекараның дәл қай жерде екенін қолмен түртіп көрсетіп бере алмас едік. Бәлкім, ондай сызылған шекара жоқ та шығар, бәлкім ол шекара әлгі екі бояудың өңдері жоғалып, әрсізденіп келіп, бір-біріне оп-оңай айналып кете беретін дүбара тұсы шығар”.
Міне, автордың өткенді бажайлап танып, парықтап түсінудегі диалектикалық зердесі осындай. Рас, тарихтың сыр-қатпарын танудағы әдіснамалық естіліктің жөні бір басқа да, сол есті зердені өнер өзегіне айналдырып түсіру бір басқа. Автор бұл тұрғыда да суреткерлік шалымдылығымен ден қойдырады. Ол сыртқы дүлей күштің зорлықшыл ықпалын, қоғамдық-әлеуметтік өмірдегі аса күрделі сілкіністі көрсету барысында дүниені екіге бөліп тастап, мәңгі бітіспес екі қарсыласты шарпыстырып қоюға бармайды. Күрделі тарихи кезеңнің барша болмысын шыншылдықпен, көркемдік сараппен зерделеп, сол кезең туралы соны көркемдік таным концепциясын көлденең тартады. Соданда болу керек, романда қантөгіс күрес те жоқ, шытырман оқиға да жоқ, қиыннан қисатын тартыс та жоқ. Оның есесісіне күмәнсіз сендіретін, “осылай екен-ау!” дегізетін шыншыл өмір тұнып тұр. Сол өмірдің уақытына сай лебі жан-жүрегіңді, санаңды шарпып, жаңғырығы құлағыңа келгендей. Әрине, мұндай қасиет суреткердің тарихи танымы, суреткерлік қабілеті және өмірді білетіндігі мінсіз тоғысқанда ғана көрініс табатыны белгілі.
Бұл ретте өткен өмір туралы автордың терең білім-білігі, одан туындайтын орнықты көзқарасы романның құрылымынан, оқиға өрбітуінен, адамдардың шынайы болмыс-тіршілігінен айқын аңғарылып отырады. Уақыттың ұлы дүмпу орамына түскен шағын ғана ауыл өмірі, сол ауылдың барша тіршілік-тынысы әсіре-қызылсыз, шыншыл қалпында көз алдыңнан өтіп жатады. Сол ауылдағы түбірлі әлеуметтік өзгерістің неге болып жатқанын, қалай жүзеге асып жатқанын автор түсіндіруден гөрі көрсетуге бейім. Көрсете отырып оқырманын ойлантады, “неге?!” деген сұрақты оқырманның өзі кейіпкерге айнала отырып іздейді.
Бұл ретте де ол жеке тағдырды, жалқы кейіпкерді қызықтап кетпейді. Ұдайы әлеуметтік ортаның панорамалық ахуалын жайып салып отырады. Бастаудағы салқын сабырлы ауыл өмірінің астарында талай тағдырды ішіне бүккен салқын сызды қоса сезінгендейсің. Өгіз арбасын айдап, мимырт тірлікті өмірлік сыбағасындай мойындаған жігіттің әзіл сияқты, келеңсіз кіжінісінің астарында уақытымен тәжікелесуі жатыр.
Тарихи-әлеуметтік өтпелі, өліара кезеңге тап болған ұрпақтың тағдыры қашанда оңай болмаған. Орныққан өмір ырғағынан қол үзіп, ұғым-түсінікті өзгертудің қиындығы өз алдына, жаңалықтың түпкі сыбағасын түсіне алмай ара-дара болған шошымалды ұрпақтың өмірінен қиын өмір бола қоймас-ау. Романда арқау болған әлеуметтік орта мен уақыт тынысы барша болмысымен санаңды билеп алып отырады. Содан да болар, оқырман көкейінде басты кейіпкер Бәйтен, Асқар, Қадиша, Нұрбек бейнелерінен гөрі Жарбөгет ауылының тіршілік-тынысы тереңірек із қалдыратындай. Ал жаңағы кейіпкерлер сол Жарбөгет ауылының бірі көзі, бірі құлағы, бірі құралы, бірі тағы да бір мүшесі секілді.
Автордың уақыт тынысына сырттан, алыстан көз салуындағы мақсатының нысанаға тиюі дегеніміз осы болса керек. Рас, бұған қарап жеке кейіпкерлер бейнесі сараланбаған деген ұғым тумайды. Бәлкім, кейіпкерлердің мейлінше сәтімен көрініп, өмірге белсене араласуының арқасында ғана әлгі айтқан әлеуметтік ортаның тұлғасы танылған болар. Уақыттың ағымын ерте түсініп, сол түсінігі өмірінің қызығы мен қиынына айналған Бәйтен мен Оймауыт бейнесі, сол уақыттың аласапыранында адалдығына араша таба алмайтын Асқар мен Сейт, тағыда сол уақыттың талабын басқаша түсінетін Нұрбектер, өз бақытын уақыттың сесі мен сұсына құрбан еткен Қадишалар, мәңгілік бір қалпында қалатын табиғаттың өзімен кіндіктес парасат иелері Қалаған мен Бикен сияқты бейнелер өздері ғұмыр кешкен ортаның, уақыттың ең типті тұлғалары десе лайық.
Мынандай диалогтарға жүгінбеске лаж жоқ.
“Мыңғырған малдан бір үзім нанға қараған күнге түсу сорақылық емей немене?” – бұл көзі ашық, оқыған бай баласы Сейттің сөзі.
“Меніңше адамдар мемлекет үшін жаралмайды, мемлекет адамдар үшін жасалған. Ал сен адамдардың сана-сезімін, әдет-ғұрпын, тарихын бір-ақ сызып, бірінші орынға мемлекеттік принциптерді қоясың” – бұл Бәйтеннің сөзі.
“Шырағым-ау, сонда мені ақылым үшін елден аластатпақсың ба?” – деп пүшайман болады, жаны таза, парасаты мол Асқар. Сонда шалшықтай саяз, ұзын сойыл ұрдажық Назардың айтатыны: “Иә, ақылың үшін. Сен бәрі бір қарап жүре алмайсың, ол – сенің тағдырың. Сен менің айтқан сөзіме, істеген ісіме ішіңнен болса да күмән келтіріп отырасың. Сондықтан маған басы істейтін адамның керегі жоқ... Түсіндің бе? Сенің маған керегің жоқ...”.
Міне, осыдан кейін шағын ғана Жарбөгеттің өз тағдыры, өзіндік трагедиясы, бітіспес тартысы жоқ деп көріңіз. Осынау өмір мен өлім, зұлымдық пен мейірім, кісілік пен кісәпірлік, ескілік пен жаңалық шендескен өліара шақтағы шарпысуда да автор Ұлы өмірге ғашық көзбен қарай алады. Әсіресе, қандай ситуацияда да адам бойынан адамдық жасампаздықты талмай іздеп, өмірге ғашық ете жазатын қасиеті – роман авторының тегеурінді дарынына айғақ.
Қазақ әдебиетінде әлеуметтік астары мейлінше салмақты небір өткір әжуа, ұшқыр әзілге толы желілердің бар екені белгілі. Бұл үрдіс Төлен Әбдіковтың романында да күлкілі ситуациялар, оптимистік әзілдер, астарлы тапқырлықтар арқылы сәтімен жалғасын тапқан. Мұның өзі авторың адам жанын терең білетінін, өмірді шыншыл қалпында зерделей алғанын, соны көркем де оралымды тілмен түсіре алатынын аңғартады. Түптеп келгенде кейіпкерлерді өзінің түр-тұлғасы ғана емес, мінез-болмысымен көрсету керек дейтін талаптың жарқын үлгісі осы болса керек. Сайқымазақ Сағидолланың өзі бұрын-соңды әдебиетімізде кезікпеген қызғылықты тип сияқты есте қалады.
Осы орайда автордың көптеген әзілі құрғақ күлкі, жеңіл оспақ емес, үнемі әлеуметтік жүк арқалап жататынын бөле-жара айтуға болады. Уақыт болмысымен қойындасқан әзілдердің көбісіне күліп отырып жылағың келеді. Немесе, көзіңе жас үйіретін ситуация үстінде күліп жіберетін тұстар мол.
Сәтіштің үйін тексеруге келгенде балалары үшін жасаған шұжықты дамбалының ішіне салып жіберетін жағдайға күліп отырып жылауға болады. Япырай, уақыт шіркін адамдарды қандай күйге түсірген, қалай қорлаған! Шынымен-ақ біз солардың ұрпағымыз ба! Шынымен-ақ сол аласапыран келмеске кетті ме!..
Міне, романдағы терең психологизмнің ой-санаңды алып қашар өрістері осындай.
Романның тілінде селкеу жоқ. Автор көкейдегісін алып та жығатын, шалып та жығатын тілдік қабілеті бар суреткер. Тағы бір айта кететін жай, автордың этнографиялық түсінігі мейлінше кәміл. Әсіресе ел өмірін, тіршілік-салтын, мінез болмысын жетік біледі. Аңғарғыш. Бұл қасиеті романға тамаша шырай бітіріп тұр.
Осы ретте автордың диалог құруға шеберлігін, диалог арқылы кейіпкердің мінез-бітімін айғақтаумен бірге, оқиғаның жүрдектігіне ықпал ете алатын қабілеті айырықша ден қойдырады.
Түйін сөз, Төлен Әбдіковтың “Өліара” романы ел өмірінің тарихи күрделі кезеңіндегі әлеуметтік-саяси, мәдени-рухан ахуалын суреткерлікпен зерделеп, көркем бедерлеген белесті шығарма дегенге саяды.
Өлгендер қайтып келмейді
Достарыңызбен бөлісу: |