Б.Соқпақбаев
Б.Соқпақбаевтың “Өлгендер қайтып келмейді” романы. Кітап үш бөлімнен тұрады: автор әрқайсысын бірінші дәптер, екінші дәптер, үшінші дәптер деп саралаған. Шығарманың композициясы жинақты, жұмыр. Әр дәптер өз ішінен шағын-шағын көріністерге бөлінген. Жалпы Б.Соқпақбаев стиліне тән ықшамдылық, жинақылық сипаттарын бұл туындыдан да айқын аңғаруға болады.
Романда кейіпкерлер саны көп емес. Қат-қабат қалың тартыс оқиғалар жүйесі де жоқ. Автор бір ауыл адамдарының тіршілігі, оның ішінде бір үйдің, тіпті бір адамның тағдыры арқылы ауыр кезеңдегі өмір шындығын танытуды мақсат еткен.
Дәстүр бойынша келер болсақ, шығарманың негізгі, басты қаһарманы – Еркін Мамырбаев дер едік. Онымен бірінші дәптерде 15-16 жасында танысамыз да, үшінші дәптердің соңында отызға шыққан кезінде қоштасамыз. Барлық оқиған Еркін атынан баяндалады. Жақсылық, жамандық атаулыға Еркін көзімен баға беріледі. Дәлірек айтқанда, роман өзегі – Еркіннің бастан кешкендері, қалыптасып жетілу жолдары. “Өлгендер қайтып келмейді” – жастық дәурені соғыс жылдарымен қабаттас болған ұрпақтың өмірі, тағдыры жайлы роман.
Алғашқы бөлімдегі Еркін – қазақтың көп қара домалақ ұлдарының бірі. Еті тірі, намысқой, пысық: шеше бауырында, аға аясында өсіп келе жатқан. Осы кезде соғыс оты лап етіп, ер-азаматты майданға ала бастайды. Еркіннің ағасы Сәрсебек енді ғана қосылған келіншегінің көзін жаудыратып, әскерге аттанды. Сол күннен бастап үй-ішінің ауыртпалығы, жеңгесін жат көзден, пәле-жаладан сақтау Еркін мойнына түскен салмақ.
Соғыс деген майдан шебіндегі қиян-кескі, ұрыс. өлім, өлтіру, окоп, мылтық, батырлық, жауыздық қана емес, бүкіл елдегі көп қарым-қатынастарды өзгерткен, неше түрлі қиыншылық, ауыртпалық тудырған алапат. Таршылық, тұрмыстағы жетіспеушілік үстіне сан алуан психологиялық проблемалар, моральдық қиын түйіндер пайда болған.
Өмірдегі осындай күрделі процестер Еркін секілді бала, жас өспірімнің жас тірлігіне ай-шайға қаратпастан, аяқ астынан килігеді. Бұл ұйпап-тұйпап келген соғыс жылдарының қаһарлы дауылы Жазушы Қазақстан жағдайында жиі кездескен келеңсіз көріністің біразын Нұралы бейнесі арқылы шенейді. Жас жігіттер, ортан қолдай азаматтардың майданға кеткенін пайдаланып, жетім-жесірлерге көз алартқан, оп-оңай төсек жаңғыртып, дәулет жинаған, тіпті байып алғандар болғаны бекер емес. Романшы өмірлік материалды сұрыптай отырып, қызықты көркем бейне жасаған. Нұралының дегеніне көніп, айдауына жүрмейтін, бетінен алып, беделін түсіретін Еркін секілді жігітті елден кетіріп, ФЗО-ға жіберуі – кейін осы екеуінің арасында ұзақ жылдарға созылған тартыстың басы.
Бұрын ауыл ішінен алысқа шығып көрмеген Еркін үшін енді ауыр, шырғалаңды жолдар басталады. Табиғатынан адал, ақ, шыншыл жігіттің әр түрлі қиын жағдайларға тап болуы соғыс кесірінен, ауыр кезең зардабынан екендігін жазушы сенімді бейнелейді. Соғыс кезеңіндегі ауыл тұрмысының көптеген қою суреттері Еркіннің көзімен беріледі. Майдан үшін күн-түн демей, жан аямай еңбек еткен жандардың ішінде Еркін де жүр.
Тағы да Нұралымен арадағы тартыс салдарынан Еркін жұмыстан шығып қалады.
Екінші дәптерде Еркін басынан бірқыдыру оқиғалар өтеді. Денсаулығына байланысты майданға жөнелтуге жарамаған Еркін енді шалғайдағы Сарыбел ауылына барып мұғалім болады. Бұл жерде де тіршіліктің, соғыс кезіндегі ауыр өмірдің бірталай тәлімін алған.
Жас көңіл, балалық тазалықпен сүйген қызы Ғалиямен арадағы қатынас үзілгендей кезде, Еркін – Алтын қарым-қатынастары пайда болады. Кейбір сипаттары жөнінен қоймашы Сегізбай колхоз бастығы Нұралымен ұқсас. Екеуі ауыр уақытта қара бастарының қамын ойлаған адамдар. Екеуі де ретін, есебін тауып, төсек жаңғыртқандар. Сегізбайда айла, есеп молырақ. Еркін – Сегізбай – Алтын араларындағы қатынаста реалистік дәлдік, психологиялық сенімділік жақсы ескерілген.
Дәмді тамақ, тәуір киім, жақсы тұрмыс үшін шалға тие салған жас, сұлу, қызулы келіншек пен басы бос бойдақ, сезімі бастықпаған жігіт драмасы – соғыс жылдарының драмасы болып суреттеледі.
“Өлгендер қайта келмейді” романының сюжеті, негізінен, Еркін Мамырбаевтың өмір жолының ізімен өрбіп отырады. Барлық әрекет Еркін төңірегінде жүріп жатады. Бұл жайлар шығармаға тізбектеме - өмірбаяндық сипат берген.
Үнемі осылай болу кейбір кемшіліктерді тудырып, роман композициясында бірсарындылық пайда болған.
Студент Еркіннің өмірі – соғыстан кейінгі ауыр жылдардағы студенттер өмірі. Оқуға қабылдауда, оқытуда, тұрмыс-тіршілікте күлкілі жайлар мол. Адамды ойлантатын, еріксіз күрсіндіретін халдерді жазушы көз алдыңызға әкеледі.
Жазушы пародия, гротеск, иронияны шебер пайдаланады. Астар, емеурін мол.
Елуінші жылдардағы мектеп тұрмысы романның үшінші дәптерінде жан-жақты суреттелген. Институт бітірген маман Еркін мен оның әйелі Зағипа Қазақстанның орталықтан шалғай аудандарының біріне мұғалімдік жұмысқа келген. Олар әр түрлі жағдайларға тап болады.
Автор негізгі оқиғаға қатысы жоқ жанама кейіпкерлердің бейнесін қызықты жасаған. Басқа жақтан келгендерді жақтырмайтын, поезда кездескен кемпір, ру сұрайтын мектеп директоры, ленинградтық Маша мен Саша – бұларды ұмытуыңыз қиын.
Аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің, оқу бөлімінің меңгерушілері Еркін мен Зағипаға барғаннан көмектессе, Жақыбаев, Ілиясовтар ертең білімді мамандар орнымызға тұрып алады деп қарсы болады.
Еркін мен Зағипаның ерлі-зайыпты өмірлерінің алғашқы қуаныш-күйініштері бар.
Тірліктен көп таяқ жеп, ерте есейген, өткен-кеткенге, ақ пен қараға ойлана қарайтын, өзінше таразыға салып баға беретін қабілетті, табиғатынан әңгімеге өлеңге құштар Еркіннің жазушылық өнерге ден қоюы – оқырман үшін сенімді нәрсе.
Үшінші бөлімнің бірталай беттері Еркіннің шығармашылық барлау кезеңіне, әдеби ортадағы алғашқы қадамдарына арналған. Редакцияның күнделікті жұмысына, киностудия қызметіне байланысты дәл табылған детальдар, қызықты суреттер, сәтті персонаждар бар.
Көркемдік заңдарын ескеріп жазған романда автор кейбір өмірде болған адамдардың аттарын өз қалпында алмай, өзгертіп бергені дұрыс болатын еді. Еркіннің жазушылар ортасында түскен соң ішуі, бос жүруі тым көбейіп кетеді.
Жазушы қиындық, ауыртпалықтарды жеңіп, тіршіліктің кең жолына түскен жағымды қаһарман бейнесін жасаған.
Қызықты бейнелері бар, тілі шебер, стилі ширақ роман жазушының қабырғалы қаламгер екендігін көрсетіп отыр: оның қаламынан туған көп қырлы, мол сырлы “Өлгендер қайтып келмейді” – қазақ прозасының елеулі туындысы.
Кітап стиліне зер салыңыз: ақ қағазға қара қарындашпен сызып түсірген суреттей айқын бейнелер көз алдыңызға келеді. Мағына тереңдігі, мазмұн тереңдігі бар. Шымыр тұжыру, нысананы дөп ату разы етеді. Соқпақбаев шындықтың қасықтай бояуын бір шелек суға тастап жіберіп, оқырманды алдарқататын жасандылықтан іргені аулақ салған. Кітаптағы негізгі қаһармандар – Еркін, Нұралы, Қайша, Ғалия, Дүйсен - әрқайсысы өз қалпында – біреуі тайша тулаған асау жүрегімен, біреуі өлімді жерде семірген қара жүрегімен, біреуі ерінен айрылған азалы жүрегімен, біреуі парықсыз жүрегімен, біреуі абзал жүрегімен сыр шертіп тұр. Ықшамдылық, төселген шеберлік бар.
Құрғақ фактілер дәлдігін, сырт сурет, жадағай көрініс сәйкестігін құнттайтын натурализм мен құбылыстың диалектикалық күрделілігін ашатын реализмді шатастырмау керек. Реализм – қат-қабат өмір қайшылықтарын көрсетуді, даму бағдарын айқындауды талап етеді. Жазушы осы биіктен табылуға күш салған. Еркіннің лагерьдегі өмірінің шолақ қайырылуы, Еркін мен Нұралы арасындағы тартыстың асқынып барып, жеңіл шешілуі – кітап кемшіліктері. Тұтастай алғанда, қазақ қырының соғыс кезіндегі қайғылы аспанын, азалы жерін, күрсінген адамдарын сенімді бейнелеген “Өлгендер қайтып келмейді” хикаятының арқалаған әлеуметтік салмағы, көркемдік-эстетикалық күші бұл шығарманың әдебиетіміздің соңғы жылдардағы бір олжасы екенін айғақтайды.
Өмірзая
Б.Мұқай
Жүз елу жылдық (екі жүз елу емес) отарлық кеп, әсіресе, оның екінші жарымы – орыс-совет кезеңі туған халқымыздың ұзақ шеру тарихындағы ең ауыр заман болды. Ашық, көпе-көрнеу жүргізілген геноцид – 1916 жылғы сүргін, 1931-1933 жылдардағы ашаршылық. 1941-1945 – орыс-герман майданында алдыға салып, ажалға айдаған қырғын, одан соңғы, ел аман, жұрт тыныш кезеңдегі атомдық апат - өз заманында байтақ жеріне сай ордалы жұрты болған қазақ халқының табиғи өсімін кері шегереді, жер басып жүрген жұртын екі еседен артыққа кемітіп, болашақ межесін төрт-бес есеге төмен түсірді, нәтижесінде, 1898 жылғы бүкіл Ресейлік санақта әпсі Түркістан қауымының негізгі бөлігін құраған, яғни, жалғыз өзі өзбек, тәжік, түркімен, қырғыз, қарақалпақты түгел қосқандағыдан үш-төрт есе көп болған қайран қазақтың сирағы қырқылып, қанаты сынды, бір кезде осыншама ұлан-байтақ жерге лықып отырған ұлы халқымыз селдіреп, жетім, жалбағай күйге түсті. Бұдан жүз жыл бұрын, өзбек 727 мың, тәжік 350 мың, түркімен 281 мың, қырғыз 202 мың болған кезде 4 миллион 84 мыңға жеткен қазақ қазір қанша болатын еді деп ойлаудың өзі жүрегі бар азаматты қияли қылар еді. Кем дегенде отыз миллионға жетер едік. Тіпті, басқа ағайындар сияқты он, жиырма есе өспей-ақ қояйық, небәрі төрт-бес есе көбейген болсақ, қазіргі орыс-орманын қосып есептегенде он бес миллионға жетпей жатқан республикамызда кемі жиырма миллион қазақ отырар еді ғой. Тіпті, он төрт-он бес-ақ болсыншы. Алшаң басып жүрер едік. Өзіміз де басқа, ісіміз бен сөзіміз де басқа...
Бұл – қазақ мәселесінің аса мәнді бөлігі, әйтсе де, бір ғана жағы. Отарлық жүйе өндіршегіңді үзіп, өркеніңді қиюмен ғана шектелген жоқ. Ғайыптан тірі қалған, жер басып жүрген әрбір кісіңнің санасын да улады. Сені ұлттық кейіптен ғана айырып қойған жоқ, адамдық атаулыдан аластады. Сені тарихы болмаған, мәдениеті дамымаған, өзіндік қасиеттен ада хайуан дәрежесінде көрсетуге тырысты. Отаршылдық – игілік деп жарияланды. Құлдық тәртіп – бақыт болып шықты. Басқаша ойлағандар, өзінің адамдық тұрғысына ұмтылғандар, яғни, біз де кісіміз, біздің де тарихымыз, мәдениетіміз болған деп дәлелдеуге тырысқан, бас көтерген азамат тікелей жазаға тартылды. Бірте-бірте отаршылдың жарғысы бұлжымас заңға айналды, отаршылдың тәртібі әдет-ғұрыпқа айналды, отаршылдың ой-жүйесі талассыз ақиқатқа айналды. Құлдық қамытындағы жұртыңыз өзінің құл екенін сезінбейтін жағдайға жетті, мазақ пен қорлық әдепкі өмір қағидасы болып көрінді. Отаршылдықтың тікелей геноцидке жалғас ең үлкен зардабы – рухтың езілуі екен.
Танымал жазушы Баққожа Мұқайдың “Өмірзая” романы осы құлдық сана, рухтың жанышталуы турасында. Қазіргі қазақ әдебиетіндегі жаңа серпін, соны құбылыс дер едік.
Жалпы жұрт, тіпті жазарман қауым ортасында бүгінгі әдеби үрдіс туралы теріс ұғым қалыптасып отыр. Кері кеткен сияқтымыз, құлдырап кеткен сияқтымыз, елеулі ештеңе жоқ сияқты. Расында да, кітап шығару ауырлады, атауы азайды, таралымы шектелді, жұртқа жетуі қиын болды, т.т. Шын мәнісінде осының бәрі сандық көрсеткіш қана. Әрине, сан деген жақсы. Оған кімнің таласы бар. Бірақ әдебиет қашанда сапамен өлшенбек. Көркемдік сапа ғана емес. Шынайылық деңгейімен, қоғамдық өмірдің терең қатпарларын қопарған ауқым, қуатымен. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі қаламгер – қазақта жүз елу жылдан бері болмаған, тіпті, орыстың ұлы әдебиетін жасаған Толстой мен Тургеневтің өзінің еншісіне бұйырмаған толық еркіндікке жетіп отыр. Ауыз өзіңіздікі, қаламыңыз азат! Ұлттың тәуелсіздігі, Қазақ мемлекетінің қайта құрылуы ең алдымен қазақ Жазушысына еркіндік берді. Әуелгі жемісін көзбен көріп отырмыз. Бұрын айтылмаған шындық, ақтарылмаған кесапат – халқымыз өткерген, әсіресе, советтік кезеңде бар қияметін көрген зобалаңдар қағаз бетінде көркем таңбаланып, жарияға шыға бастады. Бұл ретте мен марқұм Бекежан Тілегеновтің ғасыр соңы, тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ прозасының үздік табысы саналуға тиіс “Қара жел” , “1986 жыл” романдарын, Қабдеш Жұмаділовтің ғасыр шежіресі деп атауға лайық “Таңғажайып дүние” атты естелік кітабын, Тұрысбек Сәукетаевтың қазақ қажырын рухани кейіптеген “Ай қараңғысы” романын алдымен атар едім. Теріп, түгендей келсек, тақырыбы соны, тұрпаты бөлек тағы қаншама шығарма табылмақ. Бүгінгі сөз – осы қатардағы “Өмірзая” романы турасында.
Әдетте, жадағай сын әлдебір шығарманы көтергісі келсе, қызғылықты, жеңіл оқылады, тартып әкетеді деп атап көрсетеді. Баққожа романының тартып әкететіні рас. Бірақ өте ауыр оқылады. Мен тура бір аптада әрең бітірдім. Бүге-шігесін қадағалап, айшық, бедеріне ден қойғаннан ғана емес. Баққожа сипаттап отырған өмірдің зіпбатпан ауыр салмағынан. Сол өмірдің нақпа-нақ, шынайы қалыпта таңбалануынан. Қандай өмір десеңіз... – советтік шындық дер едім.
“Советтік шындық” – біз запы болған сөз. Бояма, жалған. Жәреуке, жандайшал. Қисық айнадан қарасақ, бәрі керемет. Ал шын мәнісінде, қазақ халқын қырған, жойған, кембағал қалыпқа түсірген, өркенін қиып, өскінін тапаған – осы советтік, коммунистік жүйе емес пе! Ендеше, “советтік шындық” ұғымы өзінің нақты мағынасын алуы керек. Сол мағынаның көркем бір көрінісі – “Өмірзая” романы екен.
Отарлық кеп қандай халықты болмасын зағип, кембағал жағдайға келтіреді. Ең ауыр салмақ ұлттың намысы бар, санасы бар, кеудесі бар абзал азаматтарының басына түспек. Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов пен Мағжан Жұмабаев не үшін күресті, басын неге жойды. Күреске жетелеген – ар, намыс, бүгінгі болмыс, келешек ұрпақ қамы, басын жойған – отарлық қанды тәртіп. Біз ең үлкен арыстарымызды атап отырмыз, атаққа шықпаған, бірақ дәл осы орайда шәйіт болған асқаралы азамат неше мың. Аяусыз қанды қырғыннан соң ұлттық рух жер болып жанышталды, бірақ өлген жоқ. Күрестің басқа бір, дәл осы кезең үшін ұтымды тәсілдерін қарастырды, бұрынғыдай қуатты, бұрынғыдай көп болмаса да, ұлттық қайраткерлердің жаңа бір толқыны, жаңа ұрпақ, жаңа төл күреске шықты. Ұлттық сананың қайта жаңғыруы 1960 жылдардың орта шенінен басталса керек. Баққожа романы ХХ ғасырдың 80-жылдарындағы қазақ идеясы турасында.
Романның ой тұрғысын тиянақтаушы – Алдияр Ақпанұлы деген қарт. Ескінің сарқыты, тарихшы профессор. Атағы алашқа мағлұм адам. “Азамат – құл, ару - күң”, - дейді бір сөзінде. Күлтегін ескерткішіндегі, табғаш жұртының боданына түскен түрік халқы туралы айтылатын: “Ер ұлдары құл болды, ару, пәк қыздары күң болды”, - деген сөз ойға оралады. Қашанда кіріптар жұрттың көретіні осы. Алдияр ақсақал отаршылдық сабағын жақсы біледі, ұлтын жарыққа жетелеу жолындағы күрес құралы – халқының тарихи зердесін ашу деп санайды. Осы орайда, арда жұртының бостандығын сақтап қалу жолындағы қайтпас күрескер Кенесары хан туралы дәйекті зерттеу жазады. Әлбетте, ресми саясатқа қайшы бұл еңбек халыққа жат деп, идеялық қателік, ұлтшылдық адасу деп жарияланып, атақты ғалымның басына қара бұлт орнайды, күштілер тарапынан қудалауға ұшырап, мына қан құйылып, сал ауру болып қалады. Профессор Алдиярдың түбіне жеткен – отарлық саясаттың ұраншылары ғана емес, қиын кезеңде бас сауғалап кеткен шәкірттерінің де опасыздығы. Отарлық саясаттың ең мәуелі жемісі ретінде бодан жұртта құлдық сана қалыптасқан. Адамгершілікке жат мінездер белең алған. Жеке бастың қауіпсіздігі ғана емес, жандайшап мансапқорлық, пайдакүнемдік пен майдагерлік жетекші орынға шыққан. Кез келген кісінің қызмет бабында өсуі, адам қатарына қосылып, әдепкі тіршілік жасауы – осы, қоғамды қозғаушы үстем сананы қаншалық дәрежеде игергеніне байланысты.
Ғұлама профессорды оп-оңай құлатқан, институт ректоры Мұса Байларов деген бар. Әлдебір жоғары мансапты партия қызметкерінің жегжаты. Сөзде майда, істе аяусыз. Өз заманының әдіс-амалын жете меңгерген. Бір көрімге тәуір адам, ал қулығына құрық бойламайды. Ар-ұят жағы атымен жоқ. Ең ақырында, Желтоқсан дүрбелеңі кезінде өкімет әрекетіне қайшы сөз айтып, көзге шалынып қалған туған әкесін өз қолымен жындыханаға әкеп тығып жібереді. Бұрын құдайдай табынып, сыртынан жағынып, жер-көкке сыйғызбай мақтап отыратын “үлкен кісіні” енді жау ретінде әшкерелеп сөйлеп береді. Роман авторының байыптауынша, бұл Мұса Байларов та отаршылдық сананың жемісі. Бірақ құрбаны емес. Құрбан – Алмас деген жас жігіт.
Басындағы еркінен, аузындағы сөзінен айрылған, әй десе жазаға тартылатын отар жұрттың санасын үрей жайлаған. Табиғи жағдай. Адам – темір емес. Үздіксіз қуғын қажытады, тынымсыз сүргін мұқалтады. Мұндай кезде жүйкесі жұқа, дәті босаң жандар жай ғана бас сауғалаушы емес, бас сауғалау жолындағы жандайшап сатқынға айналуы мүмкін. Алмас қабілетті жігіт, әуелде оң жолда болады, бірақ тиесілі кісілер осы бір жолының ресми саясатқа қайшы келетінін ескерткеннен соң-ақ берекесі қашады. Өзімен ниеттес, тілектес жігіттерді жалаға береді, ақыр түбінде ұстазына пәле жабады. Бірақ жеме-жемге келгенде, ар-ұяты жеміріп, ақиқатын айтады. Ақыры, қайтадан қолға түсіп, жалған куәлік жасап, Желтоқсан қозғалысына қатысқан барлық таныстарын түрмеге, бұл оқиғаға мүлде араласпаған ұстазын өлімге кесіп береді. Үрей – тауансыздыққа, тауансыздық – опасыздыққа бастап әкелді.
Әдетте, ұнамсыз кейіпкер бейнесін жасау жеңілірек деп есептеледі. Шындығында олай емес. Жамандықтың өлшемі біреу болғанымен, сыр-сипаты сан қилы. Баққожа бейнелеген мансапқор Мұса, жандайшап Жақия, әщады Мақсұт, опасыз Алмас - өзара нақты дараланған, әрқайсысының ішкі жан әлемі терең ашылған, іс-әрекеттері сенімді, қай-қайсы да өмірде бар тірі тұлғалар ретінде көрінеді. Советтік шындық дүниеге әкелген, шебер қалам айна-қатесіз кейіптеп шыққан.
Қалай десек те, аталмыш кісілеріміз жағдайдың жемісі, заманның құлы. Басқа бір орта, басқа бір қоғамда дәл осындай болар еді, тек қызметінің бағыт-бағдары ғана өзгерер еді. Оны көзімізбен көріп отырмыз. Кешегі қызылкөз балшабек бүгін көкезу ұлтшылға айналды. Кешегі қазақ тарихын мансұқ етушілер бүгін сол тарихтың екпінді қайраткері. Кешегі опасыз жандайшап бүгін мемлекеттің үлкен бір тұтқасында отырған болуы мүмкін, тіпті, халқына пайдалы қызмет жасауы да мүмкін. Еліңіздің іргесі бүтін болса. Бастан жыға қисайса, әуелгі қалпын табады. Жаудан әрмен шабады. Тек Құдайдың көзі түзу болсын. Тәңірі-тағала аспаннан түскен азаттығымыздан айырмағай...
Сонда, дейміз-ау, адам – заманның перзенті екен: кешегі жаманыңыз бүгін жақсы болыпты, дүние қисайса, бүгінгі жақсыңыз – жаман болып кетуі мүмкін екен, сонда дейміз-ау, әуел бастан оң жолда, ақ жолда болған кім бар? Кім бары қалай? Арыда Кенесары- Наурызбай, беріде Ахаң-Жақаң... Одан беріде? – дейсіз ғой. Одан беріде де... болған шығар. Ел аман, жұрт орнында, абзал аналар алып ұл тумаушы ма еді, болған шығар, жүрген шығар бір жерде, азаматтың бәрі аранға түсіп, атылып жатуы шарт емес қой... Әлде, өлгендерді ғана жоқтаушы ма едіңіз?..
Баққожа “Өмірзая” романында ажалға қарсы шапқан азамат туралы жазыпты. Басты кейіпкері де сол – Аяған Қуатов. Зерделі тарихшы, жасы отыз беске жеткен, қалыптасқан азамат. Парасаты, кісілігі, мейірбандығы... бар мінезіне тәнті боламыз. Бірақ роман үшін ғана емес, біз үшін де ең басты қасиеті – туған халқын сүйетіні. Намыс, жігері. Ақыр түбінде мінге айналған, басын алып жейтін тағы бір мінезі – қызбалығы.
Аяған әуел баста Совет өкіметінің қағазға жазылған заңына сенеді. Бұрмалаушылар – беріде деп ойлайды. Ұстазы, профессор Алдияр Ақпанұлының жолын әрі қарай жалғастырып, ол Кенесары хан туралы еңбек жазса, бұл Сыздық төре туралы көлемді зерттеуін тәмамдайды. Бар шырғалаң содан басталған. Әуелі асқар таудайсүйеніші Алдияр ақсақал құлаған. Содан соң өз басына қатер төнеді. Қалжуыр байланып, жұмыстан шығарылған. Бірақ Аяған әділ заңның күшіне сенеді. Ақсақалдың да, өзінің де ешқандай жазығы жоқ. Демек, қуану керек. Аяған ең жоғарғы Советтік мекемелерге, ең биік партиялық басшыларға арыз жазады. Жаздым, жаңылдым деп емес, ісім ақ, қазақ тарихына қиянат жасалып отыр деген сарында. Нәтижесінде әуелі түрмеге түседі, одан шығысымен жындыханаға қамайды, ақыр аяғында азаптап өлтіріп тынады. Міне, отарлық кезең – зобалаң заман шындығы!
Біздің күрескер азаматымыз – отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын, ежелгі эпос кейіпкері емес. Бірақ сол эпостың басты тұлғасы болған нағыз отаншыл азамат. Соған орай жан дүниесі бай, санасы биік, рухы берік. Өзгеше жан, кәдімгі адам. Өзгешесі – отарлық заманда, бұрынғы емес, кейінгі, біздің заманда ұлттық сана тұрғысынан ой ойлаған, отандық мұрат тұрғысынан қызмет атқарған азаматтар аз ғана болды. Кәдімгісі – Баққожа кейіпкері табиғи тұлға, елінің болашағын ойлап қамығуымен қатар, жеке басының қам-қайғысы да мол қиналады, тарығады, кейде бойын қорқыныш билейді, тән азабынан именеді, еңіреп жылап, жер болатыны да бар, бірақ ақыр түбінде қайсарлығы жеңеді, қандай қиындық көрсе де ақ жолдан, ұлт мұратынан айнымайды. Аяғанның азапты өмірінің ең соңғы сәттері... Ес пен түнек арасында көзіне Кенесары хан мен Сыздық төре елестеген.
“ – Қор болып тірі жүргенше арпалысып өлмек жөн. Тұр орныңнан! – дейді Кенесары хан. Аяған орнынан тұрып кетпек болып талпынады, бірақ әл-дәрмені жетпейді, денесін зілмауыр жүк басып тұр.
- Шыда, батыр, шыдап бақ. Елім деп еңіреген талай боздақ көрген. Күш жина, серпіл, күрес, - дейді Сыздық төре”.
Аяған күресіп-ақ бақты тұруға, серпілуге, қайтадан күрес жолына түсуге талпынды. Бірақ пенденің дені қаншама берік болса да, тәні әлсіз. “Тіріге опа бермеген жалғанды қап-қара түнек басты”. Аяғанның демі үзіліп, шыбын жаны шырқырап көкке ұшты...
Баққожа романында күрес жолындағы азаматтардың бәрі де шәйіт болады. Сұмпайылар мен опасыздар ғана қалады. Бірақ халық рухының өлмегені, елдің әлдебір терең қойнауында жаңа ұрпақ өсіп келе жатқаны оймен аңдалып, көңілмен ұғылғандай. Роман-трагедияның ең басты мұраты – отарлық заманның қара түнек зұлматын айғақтау екен. Бұл мақсат өзінің үдесінен шыққан. “Өмірзая” романының қасиеті де осында.
Өмір сүргің келсе
Р.Сейсенбаев
Роллан Сейсенбаевтың “Өмір сүргің келсе” романы өндірістің орталығы болып саналатын үлкен кәсіпорынның іргетасын қалап, жобадан өмірге әкелудің, оның еңбек ұжымын қалыптастырудың қиын да күрделі жолын нақты характерлер тартысы арқылы көрсетуге арналған. Романда негізінен жаңадан салынып жатқан жаңа зауыттың жас директоры Бекен Ысқақовтың осы зауытты қалайда ойдағыдай өндіріске берсем деген мақсаты жолындағы ізденісі, ой-арманы, түйсік-түсінігі, ішкі жан құбылыстары көрінеді.
Автор Ысқақов образы арқылы, әсіресе, қазіргі өндіріс басшысына етене тән, осы уақыттың белгісі ретінде танылар жаңа мінез ерекшеліктерін, жаңа іс-әрекет аясын, оны қоршаған кәсіби ортаның ішкі психологиясын екшеп көрсетуге қатты назар аударады.
Сонымен бірге жазушы өндіріс шындығындағы маңызды мәселе - өндіріс жетекшісінің, тұтастай бір еңбек ұжымының жүйелі іс-әрекетін ұйымдастырушысының кәсіби білімі, басқарушылық шеберлігі мен моральдық бейнесінің бір-біріне әсері болатынын, осы екі қасиеттің әсіресе соңғысының күннен-күнге маңызының арта түсетіндігін, оның еңбек өнімділігінің, ұжым абыройының шешуші факторына айналғанын көрсеткісі келеді.
Қазіргі өндіріс аясында еңбек етіп жатқан, шешуші мәселелерді қолына алған кәсіпорын жетекшілерінің бойынан осы екі қасиеттің ойдағыдай ұштасқан бірлігін әрдайым көре бермейміз. Өмірде талай өндіріс басшыларының кәсіби білімі мол, іскерлігі, ұйымдастыру, басқару қабілеті ерекше озық болғанымен, оларға кей кездерде адамгершілік, мінез байлығы, басқаның ар-намысын сыйлай білу, қарапайымдылық, кішіпейілділік дегендер жетіспей жатады. Осындай өндіріс басшысының бейнесін “Жаңғырық” романының басты кейіпкерлерінің бірі комбинат директоры Варламовтың бойынан көргенбіз. Варламовтың жұмыс істеу әдісінде жылы сөзінен бұрын, ашу-ызасы, басқаны шаншып тастайтын ерік-күшінің алдымен жүретіні оның Таубаев пен екеуінің арасындағы күрес-тартысында анық байқалған-ды.
Сол сияқты “Өмір сүргің келсе” романында да өндіріс басшыларының осындай қатаң мінезімен ерекшеленетін өкілдері кездеседі. Солардың бірі – Ысқақовпен және оның орынбасарларымен әрдайым тіл табыса алмай, өзіне де, өзгеге де тыным бермейтін, мінезі тік, ашушаң, кекшіл Қожақов. Қожақов – осы жаңа аккумолятор зауытын салуға арнайы бөлінген үлкен құрылыс тресінің бастығы.
Романдағы негізгі көркемдік тартыс та осы жаңадан салынып жатқан, үлкен өндіріс орталығы Жетісу қаласындағы аккумолятор зауытының жас директоры Бекен Ысқақов пен осы зауыттың құрылысына арнайы бөлінген трест бастығы Қожақов арасында өрбиді.
Бекен Ысқақов романда жаңашыл маман ретінде де көрінеді. Ол қасиетін біз Бекеннің зауытты өндіріске дайындау барысында және өзінің тәжірибесіне, біліміне сүйене отырып жаңа технологиялық ұсыныс енгізгенде байқаймыз. Ол ұсынысы – жаңа зауытты белгіленген мемлекеттік жобадағыдай тұтас күйінде емес, сатылап бітіріп, бірте-бірте іске қосу идеясы болатын. Жас директордың жаңашыл ұсынысы бірден қолдау тауып кете алмайды. Біріншіден, әлдеқашан біржолата бекітіліп кеткен мемлекеттік жобада бұл көрсетілмеген болса, екіншіден, ешқашан жоспардан шығып, артық іс істеп көрмеген құрылыс тресінің басшысы Қожақов пен облыстық партия комитетінің кейбір жауапты қызметкерлері бұл ұсыныстың ертеңінен қорқады. Егер де жас директордың ұсынысы ертеңгі күні өндіріске тиімді болмай қалса, олардың осы іс үшін басымен жауап берулеріне тура келетінін олар жақсы біледі. Білгендіктен, бұл қырсығы тиер істен өздерін алыс ұстағылары келеді.
Бекеннің осы ұсынысына қарсы шығатындардың басшылыққа алатын тағы бір принципі: үндемеген үйдей бәледен құтылады. Осы психология жылдар бойы іс-әрекеттерінде бұлжымыстай заң болып қалыптасқан және зауыт құрылысы өте қиындықпен, жоспардан қалып келе жатқанда, олар осы сияқты басы артық, күтпеген жаңа әрекетке ешқашан көнбек емес. Жаңа бастаманың әрдайым жанашырлары аз болатыны да белгілі. Енді біреулер күдікпен үрке қарайды. Осының барлығын көре білген, түсіне білген Бекен Ысқақов шыдамдылық танытады. Сонымен бірге ол қол қусырып қарап та отырмайды, өз мақсатына жету үшін батыл әрекеттерге барады. Себебі жаңа құрылыстың тап осындай шешімі күрделі өндірістік-технологиялық проблемаларының міндетті түрде болатынын Бекен о баста, өзін министрліктегі жайла да, абыройлы қызметінен осында жыраққа директор етіп жібермекші болып жатқанда-ақ білген болатын...
Әсіресе, осы кейінгі жол-жөнекей, жұмыс барысында пайда болған тосқауылдар Бекенді неше түрлі сынға салады. Біріншіден, Бекен Ысқақовтың алыстағы салынғалы жатқан жаңа зауытқа директор болып баруына жолдасы Ғалия қарсы болады. Ғылыммен айналысып, докторлық диссертация дайындап жүрген әйелін астанадан ешбір амалмен алып кете алмайтынын анық түсінген ол шалғайдағы бейтаныс қала Жетісуға жалғыз аттанады. Сөйтіп, біраз жылдар зайыбынан айрылып, тұрмыс тауқыметін тартуға тура келеді.
Бұл жағдай кейін оның қарсыластарының Бекенге қарсы жұмсар әдіс-айласына да негіз болады. Әйелін тастаған деген өсекке ұрындырады. Бұл оның жаңа өндіріске байланысты алған алғашқы ауыр соққысы еді.
Екіншіден, жаңа зауытқа арнайы бөлінген құрылыс тресінің бастығы, мінезі ауыр, бірбет және айтқанынан қайтпайтын Қожақовпен тіл табыса алмай тағы қиналады. Ысқақовтың мінез қақтығыстарына байланысты туып отыруы өте нанымды. Өз ұсынысының айна-қатесіз екендігін дәлелдеу үшін, әрі оның осы жаңадан салынып жатқан аккумолятор зауыты құрылысының мерзімінде және сапалы бітуінің де бірден-бір тиімді жолы екендігіне бәрінің көзін жеткізу үшін Бекен көп күш жұмсайды, бірнеше ауыр тосқауылдарды жеңуіне тура келеді.ъ
Автордың осы орайда, кең жоспарлаған тақырыптық, сюжеттік желілерін, яғни бір өндірістік мәселенің ұжым немесе зауыт көлемінен шығып, кең ауқымда талқыға түсіп жатуын әбден қуаттауға болады.
Бірақ, сонымен бірге Бекен Ысқақовтың осы мақсаттағы іс-әрекеттерінің шығарма шындығындағы логикалық жүйесіне сенгенімізбен, оның психологиялық астарын, көркемдік қуатын онша сезіне бермейміз. Себебі, осы іс-әрекеттердің бірсыдырғы, жалаң баяндалуы бар да, ал кейіпкерді тебіреніс-толғанысқа, оны ордалы ойларға жетелейтін психологиялық жағдайлар, шиеленіскен мәнді жағдаяттар жоқ. Барлық іс оңай шешіледі, кейіпкер мақсатына оңай жетеді. Ал өмірде солай ма? Сондықтан, осындай маңызы бар өндірістік құбылыстың шығарма бойында қыр-сыры мол шынайы көркемдік шындыққа айналудың орнына, таза өндірістік мәселелер шеңберінен шыға алмай, тұйықталып қалуы, романның көтеріп отырған тақырыбының салмағын жеңілдетіп алған. Мысалы, зауыттың ең мәнді мәселесінің, осы уақытқа дейін қанша адамды талас-тартысқа түсірген шешуші жағдайының министрдің (Мәскеудегі) бір-екі ауыз сөзімен шешіле салуы, әрине, өмір шындығынан, өндіріс шындығынан туып тұрған жоқ. Сонымен бірге министрге Бекен жеңіл машинаның проблемасын шешу үшін емес, зауыт мәселесін шешуге көмек сұрап кіргені есімізде. Осы жағдайларды яғни роман бойындағы тартыстың шешілер финалдық жағдаяттарына негізгі тақырыптық-идеялық көркемдік жүкті артуды автор ескермеген. Шығарма финалы сондықтан да әрі әлсіз, әрі әсерсіз түйінделген.
Романдағы ұнамды қасиеттерімен көрінетін кейіпкерлердің бірі – Кәкен Мұқашев. Автор шығармасында негізінен жаңашыл, іскер, өз ісіне ынталы инженер-техниктердің жан-жақты бейнесін бедерлеуді мақсат еткен. Бекен Ысқақов зауыт директоры болса, Кәкен – құю цехының инженер маманы.
“Өмір сүргің келсе” романында сонымен бірге қатардағы қарапайым жұмысшы адамның образы да бейнеленген. Автордың роман бойында бірнеше эпизодтарда бүгінгі өндірістегі жұмысшы жастардың өзіне тән мінез ерекшеліктерін, яғни олардың жастығына, албырттығына, білімділігіне, ерлігіне, бір сөзбен айтсақ, романтикаға толы өмірін танытар белгілерін көрсетпек болған мақсатын аңғарамыз. Гитаралы жігіт, Сақалды жігіт, Көзілдірікті қыз аузымен айтылатын диалогтерден осыны байқаймыз. Бірақ, бұл шартты түрде алынған кейіпкерлер жеке-жеке алып қарағанда толыққанды тұлғалар бола алмайды. Кей тұстарда автордың өз кейіпкерін нақты атап, айдар тағуы шарт емес дей тұрсақ та, роман ішінен көп орын алған осы диалогтердің жалаң, жалпы айтылғанын, көбіне мәнсіз, мақсатсыз құрылғанын және олардың ешқандай идеялық та, көркемдік те қызмет атқарып тұрмағанын байқау қиын емес. Бұл ұзын сонар диалогтер сонымен бірге мінез даралауға да, өндіріс шындығын танытуға да ешқандай септігін тигізіп тұрған жоқ. Жазушының осындай, терең мазмұн табудың орнына жалаң форма қуып кететін, сөйтіп көркемдік шеберліктің, проза мәдениетінің деңгейінен табылмай жататын тұстарын байқаймыз.
Өр Алтай
Достарыңызбен бөлісу: |