ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»



бет40/45
Дата04.11.2016
өлшемі7,54 Mb.
#109
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   45

Ж.Бектұров


Бейәділет заманының тар қыспағының дәмін көрген, ащы шындықтың халық жадында сақталуына куә болар хатқа түскен жазбалары мен естеліктері баспа бетін көрмесе де, шындықтың шыңыраудан шығатынына сеніп, өзінің жеке архивінде ширек ғасырдан астам уақыт сақтап, есінде қалғанын, көңілінде жатталғанын хаттаудан, көкірегі ояу ізбасарларына табыстаудан еш жалықпаған шежіреші, жазушы, ақын, аудармашы, қоғам қайраткері, Қазақстан Жазушылар Одағының Ресей георграфиялық қоғамының мүшесі, Қарағанды қаласының құрметті азаматы – Жайық Кәгенұлы Бектұровтың артында қалған әдеби мұрасының екшеленер шағы келгендей. Жайық Бектұров есімі иісі қазақ жұртына, әдебиет пен тарих жанашырларына шежірелі қария атымен танымал.

Ж.Бектұров өмірінің көп уақытын, жемісті еңбек еткен өмірін Қарағанды, Талдықорған, Жамбыл, Шымкент қалаларында өткізгенімен өзі Ақмола облысы Ақкөл ауданына қарасты бұрын Қызылағаш деп аталған, қазір Аманкелді ауылы қоныстанған мекенде 1912 жылы дүниеге келген.

Жайық Бектұров қаламынан туған көлемді туынды “Таңба” романы (алғашқы атауы “Төгілген ар”).

Алғаш 1989 жылы “Жұлдыз” журналының № 7 санында аталған романның алғашқы бөлімдері жарияланады, әлі де ақиқатты ашық айтуға күмәнді кездерде араға бірнеше жылдар салып қана 1996 жылы “Жұлдыз” журналының санында романның келесі бөлімдері ықшамдалып басылады. “Бұл романда 20-30 жылдардағы ел ішінің жалпы әлеуметтік-саяси ахуалы, оның ішінде сан мыңдаған адамдарымыздың жазықсыз опат болуы, көп аймақтарымызда түрме-лагерьлердің қаптап кетуі, Қазақстандағы қырғын аштық сияқты алапатқа шама-шарқымызша біркелкі шолу жасағандай едік. Бұл көлемді қолжазбаның тарауларын Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Тәжібаев, Ә.Сәрсенбаев, Ж.Молдағалиев, Б.Соқпақбаев, Т.Ахтанов, С.Талжанов, Е.Бөкетов секілді қоғам қайраткерлері іштарта ұната оқып, оң пікір білдірген еді. Алайда бұл еңбек жарық көре алмай, тұншығып қалған-ды”, - дейді қаламгер аталған кітаптың беташарында. Мұндағы әр қилы кейіпкерлердің өз кезіндегі ауыр тағдыры шынайы баяндалғанын оқушы жұрт бірден аңғарады. Шығармадағы кейіпкерлердің ішінде жоғары сатыдан ойлай, сөйлей, топшылай, тереңнен болжай алатын ерекше парасатты, беделді адамдар жоқ. Сан мыңдаған басшы қызметкерлер, сорпа бетіне шығарлар аудан, қала, облыс, өлке, республика абақтыларының астыңғы меңіреу қабаттарында атылып кеткен, сол себепті де “Таңбада” атылу дәрежесіне ойы, бойы, қызмет шені “жетпейтін” қатардағы ортақолды совет адамдары, көп соққыдан, қысымнан, қорлықтан, аштық-азаптан, азып-тозған, ызаланған, ашынған кешегі жұмысшылар, колхозшылар, жастар тұрмыс талқысында қоғам болмысында еріксіз азғындаған әр алуан қылмыскерлер өз ұғымдары, өмірге өз көзқарастары, өз бастарынан кешкен шырғалаң да, сергелдең уақиғалар деңгейінде, өз көз жеткендері төңірегінде тіпті бір үзім нан төңірегінде сөйлейді.

Романдағы басты кейіпкер Тұрлыбек автордың, яғни Ж.Бектұровтың өз прототипі. Профессор Тұрсынбек Кәкішев “Шырқыраған шындық жыршысы” атты Жәкеңнің 80 жылдығы қарсаңында жазған мақаласында: “Ж.Бектұровтың “сталиндік түрмені суреттейтін романы таяуда шығады екен”, дегенді ерте естігенімізбен журналдың нұсқасын кешірек оқысақ та: “Сталиндік зұлымдықтардың бәрін басынан өткеріп, азаматтық қалпын сақтап қайтқан табанды да жанды кейіпкердің қазақ әдебиетіне келгендігіне куәлік беремін, қазақ прозасында кезеңдік міндетті ғана емес, жеке адамға табынушылық заманындағы озбырлық пен ожарлықтың, қиянат пен зорлықтың, аярлық пен арамзалықтың, жағымпаздық пен жауыздықтың қандай болғанын көзге көрсетіп, қолға ұстататын көркем туынды келді деп есептеймін”, - деген пікірі де қарт қаламгер шығармасына берілген әділ баға деуге болады. Жоғарыда айтып өткендей бұл туынды жазушы өз басынан өткен азап-бейнеттің, өзі куә болған сорақылықтардың тартымды, әрі сенімді, бояуы қанық шығып оқушыны өзіне тарта беретін қазақ әдебиетіндегі зұлматтың азабын барынша шыншылдықпен суреттеген тұңғыш роман.

Жариялылықтың арқасында айтарын ашық айтуға мүмкіндік алған арыстарымыз туралы да тоқтала келе, Ж.Бектұров былай дейді: “Мен әбден ауыз күйгендіктен мына “Таңбада” кезінде абзал ағаларымды аттарымен атай алмай қалдым. Бірақ сөзімнің жалпы сарыны, жалпақ елдің жалпы ахуалы біздің қазақ елінің де саяси, әлеуметтік, экономикалық, рухани деңгейіне айна бола алады ғой деп ойлаймыз, “Таңбадағы” аш-арықтар қашқын жастар, қыспаққа түскен редакторлар бәрі-бәрі қазақ елінің азаматтарының да болмысына айғақ болады. Тәніміздегі жараның ылғалын тезірек жазып алсақ, ауыр зардапты асқындырмақ түгіл, оның үрейлі атын да естен шығаруға жетсек, бар өміріміздің күні-түні шамшырақтай жарқырап тұруын көксеп, осы ізгі мақсатқа жетуге талпынсақ, бұл аз арман-тілек болмас еді. Осы мақсаттағы шежіреміз осы ізгі ниетке септігін тигізсе, көңілдағының тез жазылуына шипа болар еді”, - деп ойын түйіндеген екен Ж.Бектұров “Таңба” романының беташарында.

Жоғарыда тоқталып өткен пікірлерді сараптай келе, Ж.Бектұровтың “Таңба” романы нәубет наласының ащы шындығының куәсі деуге әбден лайық. Жарық көрген алғашқы кітабы екі бөлімнен тұрады. І бөлімі “Жол үстінде” деп аталып түрмеде жатқан тұтқын Тұрлыбектің ауыр күндерінен, азапты тергеулерден, түрме ішіндегі адам төзгісіз сорақылық пен кінәсіз жандардың есеңгіреп істемеген қылмысын істедім деп мойындап, өздерін өздері жаумыз, - деген ауыр күндерді суреттеуден басталады. Одан азап вагонымен Ивдель өзенінің бойындағы “Ивдельлаг” лагеріне келгені, ондағы көрген қорлық пен азап нанымды суреттелген “Шолақ шинель”, “Түнгі дүрлігу”, “Дошел”, “Бытыраған бригада”, “Ілгешек те тікенек”, “Өкініш пе, өтініш пе?” деп аталатын І бөлімі лагерьдегі аш-арықтардың қайнаған сумен, бір тілім қара нанға қараған жылдар бойғы суық, тас түрмемен, Сібірдің қалың ормандарынан ауыр бөренелер дайындайтын ауыр жұмысында діні мығым санаулы адам болмаса, негізі сотталғандардың дені осы арада-ақ үзіліп жатады. Сонда оларды ешкім атқан жоқ, соққан жоқ, өздері өлді деп есептейтін. Жуыну дегенді, тазалық дегенді ұмытуға айналған, бір-біріне сенімсіз қарайтын, еркек-әйел деген сезімі де өшкен, жабайылануға шақ қалған адамдардың ауыр тағдырын тебіренбей оқу мүмкін емес.

Екінші бөліміндегі “Түнгі тыныс”, “Әбекеңнің әңгімесі”, “Рейсмусита”, “Қызыл тақта”, “Дөңбек домалату”, “Уа картошка” деп аталатын бөлімдерінде аттарынан көрініп тұрғандай тұтқындардың түнгі тынығуының өзі құр тақтайда дөңбекшіп жатып, кінәсыздығын, халық деп төккен терлерінің нақақ қаралануын, басшылардың шығарған заңдары елді қыру болғаны ма? неге? деген сансыз сұрақ мыңдаған жандарды тебірентіп өмірге, үкіметке, адамдарға деген сенімдерін жоғалтуға әкеп тірейді. Тіпті хат танымайтын кәрі шалдардың жазықсыз жазаланып не тілін білмейтін, не жерін жерсінбейтін шағында бала-шағаларынан ажыратып қудалауы нағыз тағылық екенін анық көреміз. Аш-арық, киімсіз, ауру тұтқындардың аштықтан Сібір ормандарынан шөптердің, ағаштардың тамырларын қайнатып ішетіні, тіпті ойбай жапырақ атап кеткен (крапива) жолай кетсең, қол-басыңды дуылдатып ала жөнелетін шөпті де қайнатып ішеміз деп уланған жандарды көз алдыңа елестеткенде романды жай оқып шығу мүмкін емес.

Бойларында күш-қуаты бар жасырақтары, туа бітті қайраттылары оңаша сәттерде бір-біріне ішкі шерлерін тарқатып сырласатыны сондағы ең көп қозғалатын тақырып бір-бірінің не үшін сотталғаны, қандай статья, қандай указ екенін сұрасады. Тіпті төрінен көрі жуық Торғай жақтың балаларын соғысқа әкеткен бір қариясы немерелерін асыраудың қамымен жүріп, өзі секілді үш-төрт шал бірге отырып: “Бидай шықпай жатыр. Егін болмаса, балалар не болады? Немістер де Қазақстанға жақындапты” дегендей ауылдың алыпқашпа әңгімелерін біреу жеткізіп қойып, сендер: “Бізде нан болмасын, үкіметке залал келсін, немістер біздің жерге тезірек келсін, - дедіңдер деп жала жауып төрт шалды да 10 жылға соттайды. Осындай сорақылықтарды оқи отырып шын тарихты, өмірді тани түсеміз. Өткендегі ауыртпалықтарды айтып түсіндіру, жазып жеткізу келешек ұрпаққа аса қажет. Қоғам өміріндегі қаталдықты, қайырымсыздықты, заңсыздықты қайталамай теріс істерімізден сабақ алу үшін “Ақымақ өзінің, ақылды өзгелердің” қатесінен сабақ алады”, - дегендей Ж.Бектұров тартқан ащы азаптың сабағынан тәлім алу, өрескел қатені түзету, адам көрген залалды көңілге мықтап тоқу, кейінгі ұрпаққа екшеп, аманат ету де, құр сөзден гөрі қарт қаламгер қаламынан туған аталған роман мен тағы да баспаға ұсынылған ІІ, ІІІ кітаптарын ауыр сәттерді арқау еткен “Сібірде”, “Ыстық карцерде”, “Тайгадағы суық карцерде”, “Этап” секілді көптеген дүниелерін халыққа кеңінен таратудан да болмақ.

Бұл шығармалардан бір жағынан адам баласының төзімділігін, қажырлығын танысаң, екінші жағынан пенденің небір сұрқия-зұлымдықтар істеуге де бейімделгіштігін көру қиын емес.

Ж.Бектұровтың “Таңба” романы - халқымыз кешкен зұлматтың көркем шежіресі деуге боларлық туынды.

Таң сәрі




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   45




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет