ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»



бет43/45
Дата04.11.2016
өлшемі7,54 Mb.
#109
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   45

К.Қазыбаев


К.Қазыбаевтың “Ызғар” романында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдағы қиыншылықтар яғни ауыл адамдарының әр алуан тағдырлары баяндалып, ел басына қаралы күн туып, ер азаматтар түгелдей майданға атанған азалы да ауыр шақтағы тылдағылардың патриоттық психологиясы әртүрлі характерлер арқылы ашылады. Біз әдетте патриоттарды оқ жауып, снарядтар нөсердей төніп жатқан, адам қаны судай төгілген майдан даласынан ғана іздейміз. Бұл принцип дұрыс та шығар. Алайда, тылда болғандардың да ересен ерлігін ұмытуға болмайды. Тарихи фактілерге жүгінсек ауылда күн-түн демей арып-ашып еңбек еткен қамкөңіл аналар мен иіні түсіп көзі бозарған бозбалалардың, қылымсып қыңқ етпестен ерлермен иық тірестіре жүріп орақ орып, жер жыртысқан қыз-келіншектердің және басқалардың Ұлы жеңіс үшін зор үлес қосқандарына көз жеткіземіз.

Міне, бұл жағдайлар Отан үшін, Майдан үшін, Жеңіс үшін бар күшін аямағандардың психологиясы шағын ғана “Алғабас” колхозындағы адамдар тағдыры арқылы суреттеледі. Осы бір қарапайым ауылдағы үлкен өмір шындықтары сол уақыттағы кез-келген қазақ ауылдарының басында болғанына ешқандай да күмәнданбайсыз. Осы ауылдан 110 азамат соғысқа кетіп, оның 30-ы ғана оралса, (олардың өзінің де төрт мүшесі түгел емес қой...) мұнан ауыр жағдайлар басқа жерлерде де болғаны тарихи шындық еді. Автор Жетісудағы бір ауылдың тыныс-тіршілігін көрсете отырып, баршаға ортақ типтік өмір шындығын елестеткен деп бағалауға болады. Жазушы суреттеген драмалық өмірге қарап, бүкіл сол кезеңнің моральдық рухын, халық басындағы алапаттай ауыртпалықты сезінер едік. Біздіңше, романның көркемдік құндылығы осында жатыр, яғни роман көтерген жүктің әлеуметтік салмақтылығында. Соғыстың өзін де, зардаптарын да білмей бұла өскен кейінгі ұрпаққа сол жылдарғы тылдағы қиыншылық өмірді осылай көрсеткен роман – повестердің эстетикалық әсерін былай қойғанда, патриоттық зор мәні бар екендігін ескерер болсақ, аталмыш романымыздың идеялық салмағы да арта түседі.

Сонымен “Ызғар” романының негізгі тақырыбы – соғыс жылдарындағы ауыл өмірі. Жазушы сол бір сұрапыл шақта болған және болуы мүмкін типтік оқиғалар мен әлеуметтік әрекеттерді жинақтап реалистік тұрғыдан көрсетуді мақсат еткен.

Рас, бұл тақырыпта жазылған дүниелер жалпы совет әдебиетін былай қойғанда, бір қазақ әдебиетінің өзінде де аз емес екендігі жұртшылыққа мәлім. Көптеген қаламгерлеріміздің соғыс жылдарындағы ауыл өміріне арналған роман, повесть, әңгімелері бар. Мұның өзі бұл тақырыпқа қалам сілтеген қазіргі жазушылардың эстетикалық міндетін ауырлата түсетіні анық. Себебі сол кездегі әлеуметтік оқиғалардың жалпы сұлбасы бойынша көптеген сюжеттік желілер оқушыларымызға белгілі. Мәселен, сол шығармалардың көбінде ер-азаматынан айырылып көңілдері майырылған абзал аналар мен аяулы арулардың образ-характерлері сомдалған. Сондықтан да бұл тақырыпты жазғанда бұрыннан таныс бейтаныс оқиғалар мен характерлердің қайталанып, белгілі өмірлік ситуациялардың суреттеліп кетуі мүмкін. Мұндай белгілі тақырыпта басқаша көркемдік шешім түйіндердің жасалуы сайып келгенде жазушының образ-характерлер өрнектеудегі қыруар ізденісімен, өмір шындығын көркем шындыққа айналдыра білудегі шеберлігіне тікелей байланысты. Сондай-ақ бір немесе ортақ тақырыпта жаза отырып та тың ой әлемінде дәлелденген факті.

Біз “Ызғар” романын оқып шыққанда, автордың әлденеше рет жазылған тақырыпқа барып отырғанымен өмірге, адамдарға, сол уақытқа өз көзқарасы, өз байламы мен пайымдауы бар екендігіне мойынсұндық. Оның ең басты дәлелі – романдағы негізгі және қосалқы кейіпкерлердің сыр-сипаттары мен жан сезімдерінің, әрекеттерінің, тағдырларының, мінездерінің өзгеше өрнектелуі дер едік. Қысқасы жаңаша болмыс бітімі бар образ-характерлерге тап боласыз. Олар тек көркем характерлер ғана емес, өмірде өз орындары бар жұлын-жүйкелі адам ретінде жанының жалпақ жаратылысымен, барша қайшылығымен көңілге ұялайды.

Міне, сондай кесек характердің бірі Күлжәмила десек қателеспес едік. Басқалардан көркемдік жағынан шоқтықтысы да, мінезі сан қырынан суреттелгені де, адамгершілік іс-әрекеттерінің нанымдылығымен көзге ерекше түсетіні де осы образ. Автор әсіресе Күлжәмила образын жасауда жалған идеализациядан бойын аулақ ұстаған, сондықтан да болу керек оның барша әрекет қылықтары қарапайым әрі иланымды. Жалғыз баласы Дәнекер әскерге аттанған кездегі көріністі елестетіп көріңізші?!: - Әй, белсенділер! Сендер мына кәрі кемпірді алжыды демеңдер. Жар дегендегі жалғызым алыс сапарға кетіп барады. Ақ тілеуін тілеп, мынау бөртені айттым соның жолына. Сендерге сөкет болғанымен, маған сөкет емес.

- Айттым жолыңа, мына өзімді де айттым осы бөртемен бірге, - деп Күлжәмила кемпір лақты мойнынан ұстап баласын үш айналып шықты. Күлжәмиланың осы әрекетін ешқандайда діншілдікпен немесе ескіліктің сарқыншағымен шатыстыруға болмайды. Мұның өзінде халықтық қасиеттің негізі, көп айтыла беретін ұлттық ерекшелік жатыр. Мұнда әлдеқандай тылсым күшке нану, табыну емес – болашаққа жалпы жақсылық атаулыға сену бар. Бөрте лақ нұрлы болашаққа деген қарапайым қазақ әйелі сенімінің символы. Мұнда тек Күлжәмиланың адамгершілік жарқын болмыс, жан күйі таразыланып қана тұрған жоқ. Күлжәмила тектес барша қазақ әйелінің рухани ар тазалығын, кіршіксіздігін, жанының мөлдірлігін, қайсарлығын елестетер едік. Күлжәмила кешегі Майлин сомдаған коммунист Раушанының, Сейфуллин Айшасының Ұлы Отан соғысы жылдарындағы рухани жаңа типі, солардың 15-20 жылдан кейінгі тәні қартайса да жаны мұқалмаған рухани жалғасы. Дәнекер сияқты қыршын жастарды өлімнен тайсалтпай ерлікке желеп жебеген де Күлжәмила сынды аяулы аналардың бойындағы адамгершілік асыл қасиетінің күші. Ананың ақ сүтімен дарыған табиғи тазалық, адамшылық-аяушылық сезім жоқ жерде – Дәнекерлердің қолынан ерлік істер, елдік әрекеттер, азаматтық өмір иесі болу келмес еді. Күлжәмила сияқты аналар өз ұлдарының аман-есен оралуын ғана күткен жоқ, халық сенімін ақтап азамат деген ел аманатына дақ түсірмей оралуын күткені хақ. Тағы да қайталап айтсақ, Дәнекерлерді ерлікке итермелеген тылсым күшті көктен іздемей Күлжәмиладай абзал жанның бойындағы асыл қасиеттерден іздеуіміз керек.

Қазақта бәйбіше деген әдемі төл сөз бар. Бұл сөз бәз біреулер үшін архаизм болып көрінуі де мүмкін. Жоқ, бұл жалған ұғым. Жақсы сөз ешбір ұрпаққа жат емес. Біздіңше, ақылды әйел, асыл әйел, қасиетті әйел деген ұғымдар бір ғана бәйбіше деген сөздің аясына сыйып кетеді. Кейбіреулер бәйбіше деген сөзден бірінші әйел деген пасық ұғымды ғана елестетеді. Амал не, бұл біржақты түсінік, аярлық ұғым. Асан қайғы мен Абай жақсы көрген бұл сөзге бұлай қарау әлгі “бірдеңеге” өкпелеп қамқа тонды отқа тастағанмен ғана тең...

Біз талдап отырған Күлжәмила сияқты қам көңіл жесір әйелді бүкіл ауыл бәйбіше деп қарайды.

“- Бәйбіше, жүрегіңіз қысты ма? – деді Нәшекең салмақты үнмен.

- Жей беріңдер. Әншейін, үйреншікті сырқат қой”. Бәйбіше деген сөзді бүкіл бір ауылды ақылымен, сабырымен, дуалы сөзімен аузына қаратып отырған, азамат еркек Нәшекең қарт айтып отыр. Кешегі ақылды шал, тентек шал Шораби де Күлжәмиланы осылай деп атайтын. Демек, Күлжәмила әйел деген жалпақ ұғымның ішіне кіріп кететін, өрнексіз-өресіз адам емес. Ол – бәйбіше! Ол – асыл, дегдар әйел. Дәнекер сынды азамат ұлдың анасы. Бүкіл бір ауылдағы азаматтардың арқа тұтар рухани анасы. Күлжәмила бір қараған адамға адуын, азулы әйел сияқты көрінеді. Иә, ол бір қарағанда ғана. Шындығында ол ақылды, парасатты әйел. Оны өмірдің өзі ашындырып, өмірдің өзі осындай күрделі характер дәрежесіне жеткізген. Оны тоқшылық емес жоқшылық осылай тәрбиелеген. Тағдыр талқысы шыңдап өсірген. Ол жақсылықты, шарапаттылықты оқып білмесе де тоқып білген, табиғат берген бай сезімнің адамы.

Біздің Күлжәмилаға бұлай көбірек тоқталған себебіміз – романда жазушы мүсіндеген жаңалықты образ екеу деп қарар болсақ – соның бірі, біреу десек нақ өзі де сол. Туған әдебиетімізде жасалған аналар образы аз емес. Сәтті шыққаны да, сәтсіздері де баршылық. Ол жөнінде әңгіме басқаша. Ал, Қазыбаев әкелген ана образы өзіндік табиғилығымен, ана жанарының жұмсақ нұрымен, мейірлі де қатал жүзімен, қамқор да адал жүрегімен есіңде қалатын, өмірде жүздеген прототиптері бар адам.



“Ызғар” романында адамдар бар, олардың характері, тағдыры, ой-сезімдері бар. Қазыбаев өзінің тұңғыш романымен жоғарыда айтылған кемшіліктеріне қарамастан өмірді білетіндігін, сол өмір жайында оқушыға айтары барын, сол айтар ойын осындай көркем шындық арқылы жеткізе білетінін көрсетті. Бұл романда адамдар жүрегіне жазылмас жара салған жаралы жылдар елесі бар.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   45




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет