ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»



бет38/45
Дата04.11.2016
өлшемі7,54 Mb.
#109
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   45

Д.Әбілев


Қазақстан Республикасының халық жазушысы, көрнекті ақын Дихан Әбілевтің “Сұлтанмахмұт” роман-трилогиясы ХХ ғасырдың басындағы қазақтың демократ ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірі мен шығармашылығына арналған. Роман трилогияға талдау жасамас бұрын автордың өмірбаянын қысқаша шолып өткеніміз жөн.

Жазушы Дихан Әбілев 1907 жылы 26 желтоқсан күні, қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, С.Торайғыров атындағы кеңшардың Мойылды қыстағында дүниеге келген. 1925-27 жылдары Семейдің ауылшаруашылық техникумында оқып, оны тамамдағаннан кейін 1928-31 жылдар аралығында Баянауылдың Шідерті болыстық атқару комитетінің хатшысы қызметін атқарып, қоғамдық жұмыстарға араласқан. Одан кейін мектепте мұғалім, мектеп-интернат директоры болып, ұстаздық қызметке ауысқан. 1931-32 жылдары Баянауыл аудандық “Ленин туы” газетінде, журналист, редактордың орынбасары болған. 1937 жылы Қазақ Коммунистік Журналистер институтын бітірген. 1937-39 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасында әуелі хатшы, одан соң Төраға қызметін атқарған. 1939-41 жылдары Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық институтында аспирантура оқып, осында жүргенде соғысқа аттанады. Соғыстан кейін Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар Одағының Басқармасында көркем әдебиетті насихаттау бюросының директоры, Жазушылар Одағында поэзия секциясының кеңесшісі болып қызмет істеген.

Дихан Әбілевтің “Қызыл әскерге” атты (алғашқы өлеңі) 1926 жылы “Қазақ тілі” газетінде, тұңғыш әңгімесі “Сырлы шкафтың сыры” 1928 жылы “Әдебиет майданы” журналында басылды. Содан бергі жылдарда поэзиясы бар, прозасы бар 30-дан астам кітабы жарық көрді. Олардың ішінде қазақ әдебиетінде ерекше орын алатын “Сұлтанмахмұт” роман-трилогиясы, “Ой толғауы” естелік-әңгімелері, “Алтай жүрегі” атты өлеңмен жазылған романы, “Дала солдаты” атты өлеңмен жазылған повесі сияқты шығармаларының маңызы зор.

“Сұлтанмахмұт” роман-трилогиясы “Ақын арманы”, “Арман жолында”, “Баянауыл баурайында” атты үш кітаптан тұрады. Бірінші кітап “Ақын арманы” төрт бөлімнен құралған. Оның қысқаша мазмұны мынадай: Бала Махмұт Баян қаласында Рахметолла қазіреттің қолында медреседе оқып жүреді. Осында жүріп Рахметолла қазірет сияқты дүмше діндарлардың тірлігін, олардың нашарларға жасаған қиянат, зорлық-зомбылығын көріп діни оқудан бас тартады. Осы қиянат, зорлықтардың барлығы шәкірт Махмұт жүрегінен өлең болып өріледі. Сұлтанмахмұт алғашқы өлеңдерін жаза бастайды. Қазіреттің жесір әрі қайырымды Қалампырдың жаназасын шығармай қоюы, қызы Сәлимашты атастырған жеріне бермей, Керекудің бай көпесіне ұзатуы Сұлтанмахмұтты одан сайын жирендіре түседі. Жоғарыда аталған жайлар мен өзімен бірге оқитын бай балаларының күншіл, пасық қылықтары Сұлтанмахмұт өлеңдерінің негізгі тақырыбына айналады.

Сұлтанмахмұт ел ішіндегі Әбунүсіп болыс, Садақ би, Әлібек би, Рахметолла қазірет сияқты жуандардың елге істеген зорлық-зомбылықтарын көріп өседі. Соның бірі Көкшағырдың жер аударылу оқиғасы. Айдаболдың Шонты руының бәйбішесі Мүсіркеп балалары Теміршот пен Омардың асын береді. Осы аста Әбунүсіп болыс пен Исқақбай жырау қақтығысып, болыс жырауды сабатады. Жырауды қорғамақ болған Мүсіркеп бәйбішенің жиені Көкшағырдың қамшысы болысқа тиеді. Кектенген болыс Көкшағырды итжеккенге айдатады. Айдалып бара жатқан Көкшағырға Сұлтанмахмұт үш ауыз өлең жазып қалтасына салып жібереді. Осы оқиғадан кейін Сұлтанмахмұт медіресені тастап үйіне қашып келеді. Оның себебінің бір ұшы Рахметолла қазіретінің Көкшағырды болысқа жығып беруі болса, екінші ұшы Сұлтанмахмұттың өлең жазуына тыйым салуы еді.

Ауылына келіп Нұрғали атты оқытушымен танысқан Сұлтанмахмұт одан тарих, география, жаратылыстану пәнін оқып үйренеді. Нұрғали Сұлтанмахмұтқа орысша оқу керектігін айтады. Орыс оқуы Сұлтанмахмұттың арманына айналады. Нұрғали арқылы ол “Айқап”, “Дала уалаяты” газет-журналдарын оқиды. Оқи отырып арманы қанаттана түседі.

Сұлтанмахмұттың жас жүрегін жаралаған тағы бір оқиға оның сүйгені Гүлайманның Қаражан шалға ұзатылуы. Жазушы Гүлайманның әкесі Жарқынбай бай, Қаражан бай, Есдәулет сияқты бай баласы арқылы дүниеқұмарлық, даңғойлық, жағымпаздық сияқты қасиеттерді келемеждей отырып бейшара, пасық бейнелерді сомдай білген. Сонымен бірге көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар бейнесі Аббас доктор, Шайбай, Нұрғали сияқты кейіпкерлер жүйесінде көрінеді. Өздері сауатсыз болса да балаларының білім алуын дұрыс көретін Мұхтар, Шерияздан, Сұлтанмахмұтқа ниеттес, тілектес ауыл жастары Кенжетай, Бағила, Жәдел, Шәймерден бейнелері де сәтті шыққан.

Гүлайманнан айрылған Сұлтанмахмұт “Жарқынбай” атты дастан жазады. Осыдан соң ауыл-аймақ оның ақындығын мойындай бастайды. Алайда, дастан Сұлтанмахмұтқа ұнамай, жыртып тастайды. Осындай алай-түлей күйде жүрген Махмұт бір күні мойнындағы тұмарын өртеп жібереді.

Сұлтанмахмұттың болашағынан мол үміт күткен туған-туысқандары қаржы жинап оны Троицкіге оқуға жібермек болады. Бірақ Жарқынбай, Рахметолла қазірет, Әбунүсіп болыс оның жолына көлденең тұрып жібермеу амалдарын жасайды. Махмұтқа тағылған кінә - оның тұмар өртеуі болады. Рахметолла мешітке жұма намазына жиналған жұрт алдында Сұлтанмахмұтты жазаламақ болады. Осы сәтте тарихи тұлғалар Мәшһүр Жүсіп, Жаяу Мұсалар арашаға түсіп Сұлтанмахмұттың оқуға аттануына жәрдем жасайды.

Сұлтанмахмұт Троицкіге келіп Рахманқұли медіресесіне түседі. Мұнда дін сабақтарымен бірге, география, тарих, әсіресе Махмұтқа ең қажетті орыс тілі де оқытылады екен. Махмұт Якуп учительден медіреседен тыс дәріс алып тұрады. “Айқап” журналының редакциясына барып, Метжан Ералин, Арша Айдалин сияқты азаматтармен танысады. Гимназист Қасенмен табысып, дос болады.

Медіресенің бір жылын бітірген Сұлтанмахмұт елге қайтпай, Қасен аулына барып бала оқытады. Осы елде жүріп Ахмет пен Қамар оқиғасына куә болып, Троицкіге келген соң “Қамар сұлу” романын жазады. Қасен ауылында “Ауырмай есімнен жазылғаным” атты әңгіме жазып “Айқапқа” жариялайды. Метжан Ералин мен Арша Айдалиннің көмегі арқылы өлең-жырларын, әңгіме, сын-мақалаларын “Айқаптың” әрбір нөмеріне жариялап отырады. Бірақ осында жүріп кеудесін суық тигізіп алады. Денсаулығына байланысты Сұлтанмахмұт елге қайтуға мәжбүр болады.

Елге келген Махмұт Әбунүсіп болыстың тағы бір зорлығының куәсі болады. Әбунүсіп қырық үйлі Мамыт руының жерін зорлықпен тартып алып, қарсыласқан мамыт жігіттері мен ақсақалы Әбайділданы көгендеп тастайды. Бұл іске Сұлтанмахмұт араласып мамыттарды көгеннен босаттырады. Осы оқиғада Аббас доктор, Шерияздан, Рақым, Шөкі, Әділ сияқты кейіпкерлердің азаматтығы көрінсе, Садақ, Әшім билердің, Пысығет, Ораз поштабай Нағыман сияқты жандайшаптардың бетпердесі ашыла түседі.

Сұлтанмахмұт бос қарап жатпай өз елінің балаларын, кешкілік үлкендерді оқытып сауатын ашуды қолға алады. Осы жолда ол “Шоң” серіктестігін құрады. Серіктестік мақсаты: жастарды оқыту, олардың білім қуу жолына жәрдемдесу, газет-журналдар жаздырып алу, мектеп салу, оқу құралдарын алу – түптеп келгенде қараңғылықтан елді құтқарып сауатын ашу болады. Серіктестік сауық кешін өткізіп, “Заман” атты газет шығарады. Бірақ, байлардың іштарлығы мен надандығы кесірін тигізген серіктік көп ұзамай жабылады.

Сұлтанмахмұт Семейге келіп, оқуға қаражаты болмай, Зайсан жақта екі жыл бала оқытады. Қаржы жинап Том қаласына келіп гимназияға дайындайтын жеті айлық курсқа түседі. Осында жүріп революцияны қарсы алады. Трилогияның бірінші кітабы “Ақын арманы” осылай аяқталады. Бұл кітапта автор жоғарыда аталған оқиғалар арқылы ХХ ғасырдың басындағы қазақ даласының тарихи шындығын көрсетіп, әлеуметтік қарым-қатынастар негізінде Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өсу-жолын сипаттап, демократ ақынның образын жасаған. Роман 1959-1964 жылдар аралығында жазылған. 1980 жылы “Жазушы” баспасында жарық көрген.



Т

Тағдыр


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   45




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет