ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»



бет37/45
Дата04.11.2016
өлшемі7,54 Mb.
#109
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   45

З.Сәнікұлы

Зейнолла Сәнікұлы 1935 жылы ҚХР, СУАР, Тарбағатай аймағы, Шағантоғай ауданында дүниеге келген. 1954 жылдан бастап қоғамдық қызметке қатынасып, ілгерінді-кейінді “Шін Жаң жастар-өрендер баспасы”, “Шін Жаң халық баспасында” редакциялық жұмыстармен айналысқан.

Автор 40 жылдық редакциялық өмірінде қыруар кітаптарды ұйымдастырып, редакциялаған. Көптеген кітаптары мемлекеттік, батыс солтүстік, өлкелік, облыстық деңгейдегі сыйлықтарға ие болды. Зейнолла Сәнікұлы 1983-ші жылы “Өлкелік озат балалар қызметкері”, 1990 жылы “Өлкелік таңдаулы қызметкер” қатарлы атақтар алып, марапатталды. Оның 1955 жылдан басталған жасампаздық еңбектері өз алдына бір төбе. Қазірге дейін 2 роман, 3 повест, 50-ден артық очерк, сәнуын (шағын әңгіме), әңгіме, зерттеу мақалалары мен әдеби аудармалары және “Қазақ халық ертегілері”, “Қазақ балалар ертегілері”, “Қабанбай батыр”, “Мұралар нені айтады”, “Қазақтың тұрмыс-салт білімдері” т.б. фольклорлық-этнографиялық еңбектері жарық көрді. Алдағы күндерде алла қаласа автордың “Көкше әулие”, “Кетбұға жырау” атты повестері мен “Хан Абылай, Қабанбай” сынды романы және “Басбай” романының 2-ші бөлімі, сондай-ақ “Атаның алтын іздері” атты ғылыми зерттеулер жинағы баспа беттерінде жарық көрмек.

Зейнолла Сәнікұлы қазір қытай жазушылар қоғамы, қытай фольклоршылар қоғамы қатарлы көптеген ғылыми қоғамдардың мүшесі болып, ел аузынан немесе шаңбасқан архиптерді ақтара жүріп, туған елі үшін ерлене еңбек етуде.

“Сергелдең” тарихи роман. 1999 жылы “Шін Жаң жастар-өрендер баспасында” (Үрімжіде) бірінші рет басылған.

Кейіпкерлері: Бәшке, Төлебай, Әлкембай, Бор батыр, Әділбек батыр, Отыншы би. Қоңыз батыр, Нарынбай, Жұмақан, Сиыршы (Мошқа), Ақжарқын, Қырбек, Тайтеке, Бәкей, Бауырсақ, Кенжебай сары, Әбдікерім (ұйғыр байы), Жангөдай (қытай байы), Ма Иүнчи (дүңген аспаз), Құсыман, Бейсен, Асқарбек, Сәлім (өзбек саудагер), Зұһырә (Сәлімнің тоқалы), Шақабай Тары тәйжі, Нұрбике, Қадырбай, Көкше әулие, Есейбұқа, Кештік кемпір, Мамырбек төре, Қолқа (моңғол үкірдай), Қасиет, Кенже сары, құмалақшы Құмар, Тұқыш (Тары тәйжінің әкесі), Қотырақ, Жәнібек батыр, Дәлібай, Көбен, Балықбай, Қайысбай, Бақат, Бодыған, Бұтабай би, Жәке би, Ләтимә (Жәке бидің бәйбішесі), Лақ би, Жарқай, Ожырай шешен, ақын Жанұзақ, күйші Қайрақбай, Жақия молла, Арғынбек ақын, Жанайдар, Күнту, Шүрте болыс, Туматай, Едіге (Қабанбай батырдың баласы), Қортық қара, Ма Жіңхай (дүңген жігіт), Қамза, Досжан би, Арпабай ақын, Маусипа, Әлен уаң, Шәріпқан.

“Сергелдең” романы бас кейіпкерлері Бәшке, Төлебай және Әлкембайлар арысын айтсақ үш жүзге ұран болған әйгілі Қабанбай батырдың, берісін айтсақ орта жүзді аузына қаратқан Отыншы би мен Әділбек батырдың ұрпақтары. Иесі болған көне көз қормалдары кетіп, тістегеннің тісіне, ұстағанның қатыгез уысына түсіп, туған ауылынан тепершік көріп өз жерінен қуған аңдай босып, бойын алшақтатуға мәжбүр болған үшеудің сергелдең тауқыметін тілге тиек етеді. Аумалы-төкпелі заманда іргелі елдің ырысы шайқалып, берекесі бұзылады. Бас қалқасынан айырылған олар қырғидан қорғаланған шылдай панасын іздеген. Бұл 1870 жылдардан бастау алатын ұзын арқаулы әңгіме.

Момын Бәшкенің қулауыт жамағайыны Қырбек оның аңқаулығын пайдаланып, көз бояп жалғаннан мал қосқан болады. Ертесі “қоспағын” алмақ болып барып, бейкүнә қойшыға жала жауып, айыпкер етеді де жемқор Жұмақан зәңгіге билік айтқызады. Алдын ала әтейлеп құрылған осы қақпан қолғанатқа жарымай жүрген Жұмақанның бүйеніне қулық кіріп, көптен көкейін тескен Бәшкені дауға жығып екі баласын өзіне тегіннен-тегін құлақкесті құл ету үшін құрылған болатын. Сиыршының үш ұлы бұл шырғадан қашпауға шарасыз еді, Нарынбай мен Ақжарқын жол азықтарын дайындап, шығарып салады. Олар Тайтеке, Бәкей қашқан деген жерлерге уақыттық мекендейді, түп мақсаттары алысқа ұзатылған түбі бір туысы Нұрбикені іздеу.



Мошқа (жасында сиыр баққандықтан жеңгелері оны Сиыршы деп атап кеткен) да қаракөктің тұқымы болып артында бақадай шулаған қабырғалы халқы бар, солардың ішінде ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс не бір мүйізі қарағайдай атқа мінерлері айбарынан ай жасырынып әлі де солқылдатып тұрған. Жұмақанның жолсыздығы сол жуан ауылдардың игі-жақсыларының құлағына шалынып, тумаларының қорланғанына намыстары қарылып, аттандап атқа қонған. Өзінің байқамай шоқ басып, тығырыққа тірелгенін аңғарған зәңгі тігерге тұяқ қалдырмай, қашқындарға құрық салдырып, айналаны арылтса да дерегін таба алмай мысы құриды.

Бәшкелер мың бір қиындықпен жолшыбай бір иен қыстауды паналап, табандарын суытады. Осы кезде Әлкембайды жылан шағады, оның утын сорып тазаламақ болып Төлебай да заһарланады. Бәшке мұқтаждық өмір үйреткен тәжірибесімен оларды емдеп сауықтырады. Ендігі күн көрістерінің қамын ойлаған жетім жолаушылар жолындағы ауылдардың қара жұмысына жегіліп талқандығын таба жүреді. Бірде Әбдікәрімге жалға тұрып, онан Жангөдайға ауысады. Сөйтіп, ұйғыр, қытай тілдерін игере бастайды. Бірақ бас бостандықтарынан мүлдем айырылатын болғандықтан, бұл жерлерінен де табандарын тайдыруға тура келді. Аш ішектей созылған ұзақ жүріске шыдамаған Бәшке сырқаттанады, кенезесі түтеп жатқан оған су іздеуге шыққан Төлебай мен Әлкембай несібе таппай сүлкіндері түсіп құр қол келе жатқанда, күре жолда машинаға май құйып тұрған солдаттарға суық қолдық істейміз деп тұтқынға түседі. Сәтіне салғанда кейін бұғаудан қашып шығып, қала жағалап тірлік кешіреді. Бірде жол жағасындағы Ма Иұнчидың дәмханасына даяшылыққа алынады, қолайларына жағып осында бірер жылдарын да өткереді. Ал енді айдалада ауырып қалған Бәкешке келсек, үміті қиылып, қаңырығы қаңсып жатқан жерінде құдай Құсыман байдың Бейсен деген қойшысына кезіктіріп көз ашады. Онымен көп күн отасып, ақыры Асқарбек қарттың қолын ұзартуға барады. Оған ішіне ұйған уайымын айтады, кісілігі мол қария аяғы жеткен жерлерге жариялай жүріп, жалшысының жоғалған балаларының жіп ұшын табады. Қуанышты хабарды естіген қамкөңіл Бәкең аялдауға тақат қылмай, ақсақалдың ақ батасын алып, аяғына мінеді. “Жоқты сұрау табады” дегендей, сұрай жүріп балаларын тауып, сартап сағыныштарын басысады. Ошақтың үш бұтындай үш мұңлық бір-бірімен мәңгі айырылмастай болып қауышып, мауықтарынан бір шығады-ау! Ес жиып тыныққаннан кейін, ежелгі беталыстарын бетке алып, үйреншікті сапарларына қайта шығады. Базар төңіректей келе Сәлімге жолығып жұмысқа тұрады, құлан сирақ қу саудагер бұларға шырға құрады. Зұһыра ханым ұрымтал жерлерге тиын-тебендер тастап, ала жіп аттамайтын адалдығын сынайды. Атпал азаматтардың қолдарының кіршіксіздігіне көзі жеткен Сәлім Төлебайды қырдағы саудаға шығарып, Әлкембайды отбасындағы күнделікті күйбеңге қолғабысқа қалдырады. Тар қапаста тотыдай ширыққан, оның үстіне, шар тартқан шалының төсек рахатынан тойымын таба алмаған сұлу тоқалдың жүрегіне шайтан кіріп, жолбарыс жонды жас жігітке енді нәпсі құрығын тастайды. Құймыр келіншек құйқылжи жүріп, оның азаматтық атына шоқ тастап, назды күлкісімен ашық кеудесін көрсете, көңіліне қара бас құрт түсіріп, тұмса сезімді ақыры идіреді. Тәтті ләззәттің сеңгір теңізіне батқан екеудің бір-біріне деген мейірі мол ынтығы көпке дейін басылмайды. Сезікті қимылдары күлкендес сары қарын бәйбішенің қызғанышын қоздырып, өсек өртін өршітеді. Қызыл көз бәйбіше ауылдың әпербақан содырларын айтақтап, Әлкембайды өлімші етіп сойылға жықтырады. Бағына қарай, су ішерлігі болып, төрткіл дүниені тінтіп табалмаған апайы Нұрбикеге жолығып жаны аман қалады. Қапсағай денелі, алпысты алқымдаған сәуегей ойлы Нұрекең әуелі оны жалбызға орап, жер бұлауға салады, онан семіз еркек қойды бітеудей сойғызып, теріге орап жарақатынан тез сауықтырады. Болған оқиғаны Төлебайға және өзі келін боп түскен жердің білікті адамдарына хабарлайды. Күнәсін мойындап Сәлім де келеді, бірақ, адуын, өр көңілді Нұрбике саудагердің сағын сындырып үйге ендірмей, даладан қайтарады. Терісіне симаған Сәлім көне кегіне жаңа кек қосып, бір бармаған ішіне бүгіп, тісін қайрап қайтады.

Абзал ана айналасына ат шаптырып, ой мен қырдағыларды жинап, өзін іздеп келген үш бауырына дүбірлетіп той жасайды. Алыс-жуықтан тілеуге келе жатқандар ат үсті қызу әңгімеде болады: Жәйір елінде Кештік деген керемет кемпір болған – деп бастайды қара мұртты азамат – Мамырбек төренің бір әйелінің соңынан өсек еріп, сол қауесетке сенген төре қатынына қыржиып, оның үйіне ат ізін салмай қойса керек. Бір күні Кештік кемпір келеді де төреге түспей, әйелінің үйіне бара жатып, іргеден із шолғандай болады. Не іздедің деген төреге із шолып жүрмін десе керек, сонда төре: қара жер, күн жылыда шалып жүрген ізің не? Деп сұрағанда, Кештік: тақсыр, төре-ай! Кейде жаза басып, жаңылатыныңды білмейсің ғой, қара жермен қатынға із түскенді қашаннан көріп-біліп едің. Мына керейдің төресі кетік кебіске өкпелі екен дегіз бе еліңе! – деп сөзден тосып, төрені әйелінің үйіне кіргізген екен.

Бірде сол Мамырбек төренің үйіне қалың қалмақ мықтылары бас қосып, қонақ бола отырып көп құдайымыз бар деп көпірсе керек. Сонда Кештік: ой, төре! Мыналар қалың құдайын қаптатып, біздің жалғыз құдайымызды жазым қып жүрмесін десе; тағы бірде, моңғолдың үкірдайы Қолқа жер дауымен Мамырбек ауылындағы төселге келіп, аралықта Кештікке амандаса барыпты. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін, Кештік: сенше жер дауы мен жесір дауын бітіруге бола ма? деп сұрапты. Моңғол үкірдай: жақсылап кеңесіп, біріміздің айтқанымызға біріміз тоқтасақ бітеді ғой, неге бітпесін? Дегенде, Кештік кемпір: е, үкірдай-ай! Ол дау біздің астымыз бітелген күні бітер, онан бұрын бітеді деу әбестік болар – депті... Осылай Кештіктің құлағын шуылдатып, ат үсті әулие боп келе жатқан қалың жұрт тойлы ауылға да жетеді.

Бұл Бәшкеге отау көтерген қуанышты күн болатын. Қыз қуар, лақ тарту, теңге ілу, арысқа түсу сынды алуан түрлі ойындар ойналып, айта жүрерліктей көңілді думан болады. Той өтіп абыр-сабыр басылған соң, Шақабай Тары тәйжінің шақыруымен Нұрбике бастап, жаңа отау қостап Төлебай, Әлкембайлармен бірге жолға шығады. Кезінде Тарының жүз тоғанақ түйесін Жамбылдың шеріктері заңсыз тоқтатқанда, Төлебай: мен тәйжінің баласымын деп барған. Үскінді жігіт ұлық алдында ұтқырлығымен ұтып, түйелерді саудасымен босаттырып алған әрі Тарының керуенін шаужайға қағуға болмайды деген қызы таңбалы қағаз да алып берген. Осы жүйрік хабар біреуден біреуге жеткенде өңделіп, әркім өзінше ажар қосып әрлендіріп, бүкіл елді аралап кеткен. Тарының тұяғымыз дегенге тәйжі де тарықпай, кең қолтық көрсетіп, әкелік қамқорлығына алмақ болған. Сол себепті бәрі осылай атқа қонған. Қаңтару бермеген қырсық тағы етектен тартады, сәнді керуен жол ортаға келгенде, арттарынан Кенже сары келіп Нұрбике шешесіне екі айғыр үйірдің ұрланғанын айтады. Барымташылардың ізін суытпай іздеу үшін Нұкең баласымен Төлебай үшеуі кері қайтады, Бәшкелер жолда байырқалайды. Олар кеткен соң Әлкембай да жалғыз қуғыншылыққа шығады, ол бұл сұмдықтың Сәлімнен келгендігін іші сезіп, қаладағы көңілдесі Зұһырәға тартады. Көптен көріспей ынтығы артқан қос жүрек қайта қосылып, түнімен мауықтарын басады. Таң ата ашнасының айтуымен, Әлкембай ұрылардың соңына түседі, ақыры қолды жылқыларды тауып, үйірімен аман-есен ауылға әкеледі.

Нұрбике көші кәрі тәйжінің ауылына келгенде кең даланың төсіне жапырлай тігілген ақ боз үйлермен алдағы ұлы қуанышқа құлшына кіріскен қалың қауымның қауырт қимылына куә болады. Бұларды жұрт болып қоғадай жапырылып қарсы алады, аты шыққан жігіттерге алыс-жақыннан келген сорпа бетіне шығарлар мен ел басылары топ-тобымен шұрқырай келіп, тоқтаусыз амандасады. Нұр үстіне нұр құйылып қормал тәйжі жілікті жерлермен құдаласып, қос ұлына сүйек тістетеді әрі еншілерін бөліп береді. Көп ұзамай Еренқабырға елінің билік тізгінін Төлебайға ұстатады. Осылай Тары тәйжіге құт қонып, төңірегі толыса береді.

“Меркіттің құлашегірі” атанған Жәке би найманның аузына қараған Бұтабайын қонаққа шақырады, қонақсерік болуға ел ақсақалы ретінде Тары тәйжі мен “Қазыбектің қара шоқысы” атанған Лақ биді қоса шақырады. Алыста жүрсе кісінесіп, жақындай қалса тістесіп жүрсе де Лақ пен Жәке би бірін-бірі жеңдім демей, өзара құрметтесіп өткен екен. Қазыбектің “Лағын” ала алмадыңыз қой-деп үгістірген ара ағайынға Жәке би: Лақ тек Қазыбектің ғана емес, мұқым керейдің қара шоқысы, ол шоқы сонау орта жүздің от тілді, орақ ауызды билері шыққан шоқымен тең. Артық-кемді Лақтай безбендейтін адам кемде-кем, ол “Лақ” емес, біздің серкешіміз қой десе; ал Лақ би: Жәке қырдың қызыл ебісі қой, ол мысасына мініп шыңдап соққанда жолындағы кедір-бұдырды қидай сыпырып, шыға алмайтын шұғанақтан бір-ақ шығады емес пе? Бейсауат шүйлікпейтін, шүйілген жерінен алмай тынбайтын сахараның сары шегірі, нағыз қыран қой ол – деп егер қылғандардың еңсесін басады. Бір-бірімен айқаса жүріп құшақтасқан, алыса жүріп танысқан азулы екі биді кейін ел “Алыссаң Жәке мен Лайқтай алыс, таныссаң Жәке мен Лақтай таныс” – деп мәтелдеп кеткен екен.

Жұрт ортасында Жәке биге “Найманшыл”, “Қалмақшыл”, “Ұлықшыл” – дескен өкпе болыпты, сонысын сұрағанда Лақ би: Жәкенің “найманшыл” болуы дау көбеймесін дегені шығар, “қалмақшыл” болуы жау көбеймесін дегені шығар, ал “ұлықшыл” болуы заманына қарай бөрік кигені шығар, бұған бола Жәкеге мін тақпаңдар! – деп ақыл айтса керек.

Жәке бидің он екі қабат ақ ордасы адамға лық толы, төрдің қақ ортасына Бұтабай болыс орналасқан, Жәке би сөз бастап жиналыстың жәйін айтады. Әр би өз төңірегіне белді шешен, ақын, күйші, балуан, моллаларын топтай келген, олар өнерлерімен тойдың айбынын асырады. Алдымен ауыл күйшісі ауылдың алты ауызы ретінде Бейсембінің күй құдыретімен қорасына түскен ұрыны дуалап қолды қылғанынан бастап, “Жібек жирен”, “Майда жал”, “Сары өзен”, “Күңірену” қатарлы күйлерді шежіресімен қоса шертіп, отырғандарды ой омбысына батырады. Ендігі кезек Арғынбек ақынға тиеді, ол ата-бабаларының ерлігін айбаттап, халықтың басынан кешірген қиын-қыстау күндерін күңірене отырып көсіле тілге тиек етеді. Айналасындағылардың арғы-бергі тарихын тереңнен толғап, халқы үшін қаймықпай күрескен қайсар қасиеттерін қадап айтып, естушілердің еңсесін көтеріп, жігерін жанып, арыстардың алқауына бөленіп, алғыстарын алады. Астына ат, үстіне шапан жабылады. Сөйтіп, Жәке бидің қонағасынан көп жұрт көңілді қайтысады. Риза болған жүргіншілер жолшыбай артта қалған Жәке бидің кеуделі сөздерін айтып, көңілдерін көтерісіп келеді: бірде алқа-қотан қысыр кеңес үстінде әлде кімдер “қандай әйел жақсы әйел?” деп сұрағанда Жәке би: астында тесігі, алдында бесігі бар әйел жақсы әйел!” – депті; “Қандай жігіт жақсы жігіт?” деп тағы сұрағанда Жәкең: “қызыл кеңірдегі мен қызыл тасағына ие болған жігіт жақсы жігіт!” – десіп жүргіншілер қыран жапқандай күлісіп барады...



Сергелдең күндерін келмеске кетірген Төлебай үш жүз түйелік сауда тоғанағын бастап тағы да алысқа аттанады. Олар Боғда бауырынан шығып, Жоңғар ойпатынан өтіп, Тарбағатайдың теріскейіндегі Шаған оба жолы арқылы, Семейге барады. Осынау ұзақ сапарда Төлебай қиялға ерік беріп, қарт тарихтың қатпарына сүңгуді ғадетіне айналдырған. Бір кездерде мұқым Азия төсін ат тұяғымен дүбірлеткен жауынгер Сақ елі өздерінің ат басын шығыста қытайдың Чаң Ан шаһарынан бастап, батыста ежелгі гректердің Афина шаһарына дейін тіреп жүрген. Сақ-Үйсін дәуірінен бастап халқымыздың қытайлармен болған “Ат-жібек” саудасы біздің заманымыздың Х-шы ғасырының аяғына дейін жалғасқан. ХІ-ХІІ-ші ғасырларда Шыңғысханның шапқыншылығынан үзілген, ХҮ-ХҮІ-шы ғасырларда жалғасқанымен, ХҮІІ-ші ғасырларда тағы тоқтаған. Кейін Абылай тұсында жібек жол және жалғасын табады, қытайлар тартыс, мініс, егіс көліктерін қазақтардан көптеп алатын болған. Сол тұстарда тоғанақ тартып жүргендердің қатарында айбалталы адуын азаматтар, әнші, күйші, аңшы, ізші, бақсы, әңгімешілері бірге жүреді екен. Олар өз сапарларын дыр-думен өткізіп, бақсы-бәлгерлер арқылы алды-артын болжап отыратын болыпты. Тоғанақ еру болып, жолшыбай түнегенде тыныш жатпаған. Кей күндері аң аулап азық-түлік дайындаса, кейде балуан түсіріп, өзара күш сынасса; Кей түндерде әңгіме-ертек айтса, кейде һиса айтып, өлең-жыр думанын жасайды екен. Сол салтты Төлебай да сақтап, кең даланың шалқар төсіне қонған керуенімен әр түрлі әзіл-қалжың, айтыс өлеңдерін айтысып, көңілдерін көтерген. Осылай ел кезіп, жер шолып жүріп Төлебай да шар тартып тоғанақтан тоқтаған. Бұл барыста өмір тәжірибесі де молайып, билігі биіктеп “Төлебай ұяң” аталады. Бірде Төкеңнің ауылында түсел болып, әр рудың сорпа бетіне шығар біліктілерінің басы қосылады. Бұрынғы сар мойын билерден ешкім жоқ болса да соларды көре қалғандар немесе үзеңгілес жүріп, тізерлесіп отырғандар ғана ортаны толтырған. Әуелі аруақтарға арналып құран оқылып, бата жасалады. Көпшіліктің назары Әлен уаңда болып, ол сонау алыс тарихтардан сөз қозғап, төрелердің келу барысын, төрелердің қызыл тулы, көк тулы аталуын айтып ұзақ сөйлейді. Кеңесте көп істің басы қайырылып, қатарынан бірнеше күн жалғасып барып ақырласады. Төлебайдың талабымен Әлен төре және Жақия, Қасай қажы бастатқан топ ауылда еру болып, біраз аялдайды. Олар ауыл-ауылды аралап, әңгіме-кеңес құрып, өткен-кеткендерді тағы бір рет төңкеріп, ішкернеулерін басысады. Кетерінде Әлен уаң өзінің мосқал тартқандығын, ендігі үміт жастарда екенін, ал өз тұқымынан билік тізгінін Шәріпқанға беретіндігін айтса: Төлебай да егделегенін, артынан алдының таяғанын тілге тиек етіп, елдің екі тізгін, бір шылбырын бітірімді, жінтікті жігіт Құсайынға ұстатып өз тұғырына қоятындығын қоңыраулатады. Олар үміт артқан жас тұлғалар кейін елі үшін еселі үлестерін қосып, тарих беттерінде есімдері қалады. Осылай да осылай “Сергелдең” романы өткен ғасырлардың шаң басқан қоймаларын қопарып, оқырман зердесіне көненің көзінен түйірдей болса да түйіндер тастап, кеудесі дана кең қолтық қазақтың қалтқысыз қасиетін көрсетіп, көсегесін көгертіп, арқалаған жүгін арқасынан алады.

Сұлтанмахмұт




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   45




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет