Томирис
Б.Жандарбеков
Аттар құстай ұшып келеді. Тұяқтары жерге анда-санда бір тиеді. Иелерінің асығып келе жатқанын сезгендей, ауыздықтарымен алысып, межеге жетпей тоқтар емес.
Сақтардың қуаныштан естері шығып кеткендей. Жүгенді бос тастап, аттарды еркіне жіберген. Құлаштарын кең жайып шауып келеді. Көсіліп жатқан даланы бейне бір құшақтап алғылары келгендей. Еріндеріне жұға бастаған дала шаңын құшарлана жалайды. Аңқыған дала иісіне кеуделері толар емес. Көздерінен аққан жас. Толастамайды. Бұған ұялатын сақтар жоқ. Кеше ғана қан майданда сыр бермеген айбынды жауынгерлер енді міне балаша еңіреп келеді. Өмір зардабын молынан татқан сақтар. Ұлы Дала – Отан-Анаменен кездесуге әбден асық...
“Сақтар” тарихи роман-диалогияның авторы Болат Жандарбеков көп жылдар бойы елінде болмаған тиграхаудтар мен сақ массагеттердің Ұлы Далаға жете бергендегі көңіл-күйлерін осылайша сипаттайды. Роман екі кітаптан тұрады. Соның “Томирис” атты бірінші кітабы біздің жыл санауымызға дейінгі алтыншы ғасырда Қазақ даласында болған тарихи оқиғаларды оқырмандар алдына тосады.
Қалам шеберлері шығармаларының ішінде көшпенділер тарихының терең тамырына көз салған туындының ұтымды жері – суреттеліп отырған оқиғалардың сол кездері өмір сүріп, тарих сахнасында сан-қилы әрекеттерімен орын алған ел басқарушылар, атақты қолбасшылар есімдерімен тікелей байланысында. Ақылды да, айлакер, даңқты жаулап алушы, өмірі аңызға айналған парсылар патшасы КИР, жас та болса батырлығымен көзге түскен, ел намысын қорғау жолында жанын пида қылған сақтар қолбасшысы СПАРГАПСИС, әсіресе, осы айтылған шығарманың дүниеге келуіне тікелей себеп болып отырған, сақ-массагеттердің әйел патшасы, даңқты Томирис.
Роман-диалогия өзінің тарихи деректілігімен қызықты. Бұған келтірер дәлелдеріміздің бірі – жоғарыда біз атап кеткен тарихи есімдер болса, екіншіден – шырғалаңға толы оқиғалардың көпшілікке кеңінен таныс бола бастаған көшпелі тайпалар – сақтардың өмірі, қоғамдық қатынастары, тұрмыс-салт, рухани дүниесі. “Бастарына үшкір тақия кигендер”, “хаома сусынын дайындайтындар”, “күшегендердің алтынын күзететіндер” атты есімдермен көне тарих келбетінде қалған дала иелері – сақтардың - өздерінің тарихта қалдырған іздері себепті осы күндері талай жаңа ойлар жүйесінің қалыптасуына негізгі итермелеуші болып отырғаны белгілі ең негізгісі. Болат Жандарбековтің “Сақтар” тарихи роман-диалогиясы кезінде Цицерон “Тарихтың атасы” деп атаған, біздің заманымызға дейінгі 490-425 жылдар аралығында өмір сүрген грек тарихшысы Геродоттың тарихи еңбектеріне негізделіп жазылған.
Жиханкез тарихшы Геродот кезінде Кіші Азияны түгелдей аралап, Вавилонда, Финикиада, Эгей теңізінің аралдарында, Пелопеннесте, Орта Греция қалаларында болып, көптеген деректер жинаған. Ал оның “Тарих” атты әйгілі еңбегі осы сапарлар барысында жинақталған деректерді топтастыру нәтижесінде дүниеге келген.
Тоғыз кітаптан тұратын шығармада қазақ даласына тікелей қатынастары бар көшпелі тайпалар – сақтар туралы деректер көптеп кездеседі. “Осы халықты (вавилондықтарды айтып отыр – Қ.А.) өзіне бағындырғаннан кейін Кир массагеттерді жаулап алмақшы болды. Біреулердің айтуларына қарағанда бұл массагеттер сандары жағынан өте көп және де батыр тайпа. Олардың тұратын жерлері Шығыста Аракс өзенінің арғы бетінде күннің шығысына қарай исседондарға қарсы.
Енді біреулер оларды скифтер тайпасына да жатқызады” – деп хабарлайды Геродот.
Б.Жандарбеков болса жазушылық шеберлігінің арқасында осындай бір тарихи деректерді көркемдік шыңына жеткізе алған. Әр оқиға өзінің әсерлігімен қатар, оқырманды түрлі ойға қалдырады. Тарих тереңіне бойлай еніп, сол кездері болған түрлі оқиғаларды жай ғана емес, терең логикалық жолмен қабылдауға мүмкіндік тудырады.
“Томиристі қаулай қоршаған, тек оның өзіне ғана бағынатын жеке ұландары – “қояншықтар” қатарынан әрең өткен ұлы Кирдің елшісі шатырға енгенде, оның көздеріне бірінші іліккені Томирис болды. Сақтар падишасы төмендеу болса, ол піл сүйегінен кең қылып, тамаша әшекейлеп жасалған тақта отыр. Үстінде жауынгерлер киетін киімі, жан-жақтан түскен май шамдарының сәулесіне шағылысып, балықтың қабығындай жалт-жұлт етеді. Тізесінде асыл тастармен безендірілген қол қаруының қынасы. Оның бір жақ шетінен сақтардың әйгілі семсері – ақинақтың теңіз жануарының сүйегінен жасалған сабы көрінеді...” Парсылар елшісінің сақтар патшасы Томириспен кездесуін Болат Жандарбеков осылайша суреттей келе, бұл сюжет арқылы көшпелілер мен парсылар ара-қатынасын әсерлендіре сипаттайды. Бірнеше жолдар арқылы олардың бір-біріне деген көзқарастарын, араларында туындап келе жатқан үлкен қайшылықтардың түп-тамырын мегзеп те үлгереді.
“Массагеттердің киімдері скифтердікіне ұқсас, өмір сүру дағдылары да соларға жақынырақ. Ат үстінде жүріп те, жаяу да бірдей соғысады. Садақ тарту, найза ұстау, айбалтаны негізгі қару ретінде пайдалану оларда әдетке айналған. Аттарына мыстан жасалған қаптама кигізеді (соғыс кезінде – Қ.А.). Аттардың қорғаныс кеудешелері де сондай заттан жасалған. Тіпті олардың жүгендері, ауыздықтары, құйысқандары да тегіс алтынмен безендірілген. Темір мен күміс бұларда (сақтарда – Қ.А.) мүлдем кездеспейді. Керісінше, алтын мен мыс қалағаныңша” – деп көрсетеді Геродот. Осы жолдар арқылы грек тарихшысы сақтардың өз жерлерін сыртқы жаулардан тойтаруға әрқашанда дайын жүретіндіктерін сыртқы бейнелерінен-ақ байқауға болатындығын айтып отырса, екіншіден олардың мол байлық иелері екендігін білдіреді. “Массагеттердің патшасы қайтыс болған соң орнына патшаның әйелі болды. Оны Томирис деп атайтын. Міне соған бір уақыттары Кир өзінің елшілерін құдалыққа аттандырады. Ондағы ойы Томиристі өзіне әйел ету еді. Алайда Томирис Кирдің негізгі ойы бұны әйелдікке алу емес, оның арқасында (Томиристің – Қ.А.) бүкіл массагеттер елін билемек екенін сезіп қалған Томирис Кирге әйел болудан бас тартады” – дегенді айтады Геродот. Олай болса көркем шығарма авторы Б.Жандарбековтың алдындағы негізгі міндеті осындай бір тарихи деректерді пайдалана отырып, парсылар мен сақтар арасындағы жағдайды барынша түсіндіру. Геродот жоғарыдағы мәселелерге жай назар аударып отырған жоқ. Сақтар елі өте бай. Оларда алтын көп. Бұл бір. Екіншіден олар жауынгер халық. Ал намыс тұрғысынан алып қарағанның өзінде оларды аттап кету Кир үшін тиімді емес. Соғысу жолы да амалдан шығудың жолы емес. Ендігі амал сақтардың падишасын пайдалану.
Романда бұл ситуация төмендегі жолдармен берілген. “Парсы елшісі сақтарды неліктен оны бұлай қарсы алып тұрғандарын бірден түсінді. Бірақ сыр бермеді. Сәл ғана басын иіп сәлем берген ол, бойын тез түзеп алып сөзін бастап кетті: “Менің қожайыным және әміршім саған мына сөздерді айтады... Сенің иығыңа бақыт құсы – Құмай қонды. Себебі мен – Құрыш – сені өзімнің әйелім ретінде таңдап отырмын”...
Елшінің айтқаны кенеттен болғандығы соншалықты болар, Томирис Мардтың не (парсылар елшісі – Қ.А.) дегенін бірден түсінбей қалса керек. Ал сөз төркіні өзіне әбден жеткенде ғана рахаттана бір күліп, зілсіз дауыспен:
Менің күйеуім бар ғой! Және де массагеттер патшасының екі бірдей күйеулері болғаны дұрыс болмайды ғой. Оның үстіне екеуі де патша тұқымынан болса ше? – деді.
Сенің әсемдігің аспандағы айдың шұғыласына тең. Ендеше, жарқыраған күн соған одақтас болайық деп ұсыныс жасап тұрғанда, айдың сөніп келе жатқан оттың шоғына ұқсағаны тіптен де болмас – деді елші. Дауысы қатқыл. Өзін тіпті маңғаз ұстайды. Бойы толған тәкәппарлық. Алдындағы тұрған сақтарды жабайы санап, менсінер емес.
Бұл менмендікке шыдамаған Рустем ашуына ие бола алмай елшіге қарай тұра ұмтылған болатын. Қолының онысын сәл қимылымен тоқтатып тастап, былай деді “Елші, әміршің мен билеушіңе айта бар. Еркіндікте өскен дала қызы Томирис Отанының биік аспанын, шексіз даласын өте сүйеді. Және де оларды ешқашанда тар қапас, патшаның әйелдерінің сарайшығына айырбастамақ емес. Тағы да айта бар, елші. Томирис күң де емес. Өмірінде кепілдікте де жүрмек емес. Томирис патша болып туған, патша болып өледі де. Мені мұқият тыңда елші. Сөздерімнің бірін де қалдырмай жеткіз Кирге: “Парсылар патшасы! Мен сені жақсы түсіндім. Саған мен емес, менің патшалығым керек қой! Олай болса әлі де кеш емес. Қайт райыңнан. Өзіңді патшалардың патшасымын деп санайды екенсің. Мейлі солай-ақ болсын. Жүрген жеріңде жүре бер. Бірақ бізбен соғысамыз деп ойлама. Мен саған бұл сөздерді сақтардың қасиетті қаруын қолыма ұстап отырып айтамын. Сен қанішерсің. Ешқашанда қанға тоймағансың. Ал сен егер менің сөздеріме құлақ салмасаң – ант етемін. Мен сені қанға тойдыра аламын!
Ал енді, елші, бар. Жолың болсын. Осы сөздерді қожайыныңа еш мүлтіксіз жеткіз!”.
Романда оқырманға қатты әсер етер жерлердің бірі – парсылар мен сақтар арасындағы ұзаққа созылған шайқас. Бұған дейін Кир бастаған парсылардың қалың қолы сақтардан айтарлықтай қарсылық көрген жоқ болатын. Кир әскерлерінің сақтар даласына тежеусіз өтуі, парсылар қолбасшысының сақтарды ашық бетпе-бетте жеңе алмай талай зұлымдықтарға баруы, шайқастар барысында сақтардың айбынды батыры Рүстемнің қаза табуы, соғыстың ауыр зардаптары т.б. романда толық суреттемесін тапқан. Және де олар дерексіз де емес. Мысалы Геродотта Томиристің баласы Спаргапистің парсылардың қолына абайсызда түсіп қалғандығы, кейін шешесінің қолын байламау үшін өзіне қанжар салып өлгені туралы дерек болса, осы заманда жазылған шығарманың авторы осындай бір сәттерді романда тамаша көрсетеді. Міне, соңғы шайқастың да уақыты келіп жетті. Бұл жерде Б.Жандарбековтің соғыс психологиясын қаншалықты терең түсіне алғандығына таң қалмасқа болмайды. Шайқас алдында қарсы тұрған екі өлімге бара қою оңай емес. Оның үстіне болатын бұл қақтығыс ең шешуші соғыс болмақ. Не көшпенділер елінен, жерінен айрылмақ. Не парсылар жеңіп, онда сақтар үшін құлдық заман орнамақ.
“Парсылар соғысқа әбден дайын. Енді шайқастың басталуын мазасыздана күтуде. Сақтар болса сасатын емес. Жайбарақат. Күнделікті тіршілік.
Енді қашан – деп мазасыздана іштерінен парсылар.
Олардың сасатын түрлері жоқ қой – деп ойлап үлгермеген Гарпагтың таң қалғаннан ах ұрған дауысы кенеттен шықты. Парсылардың көз алдарында жаңа ғана жайбарақат жатқан сақтардың ордасы көзді ашып-жұмғанша соғысқа дайын тұрған қалың қолды атты әскерге айналды да кетті.
Міне, соғысқа осылайша дайындалу керек – деген сөздерді ғана айтын үлгерді Кир артында тұрған нөкерлеріне.
Аттардың дүрсілі. Қиқулаған сақтардың дауысы жан шыдатар емес. Талай қан майданда болған парсылардың мазалары кетіп, бойларын қорқыныш билей бастады. Осылайша сақтар бірден соғыс барысын бірден өз пайдаларына шеше алғанын Б.Жандарбеков айтып отыр. Бұл басталған шайқастың керемет те, ауыр болғанын Геродот та айтады. Екі жақ та жан аямаған. Барлық күштерін іске қосқан. Шыдамаған Кирдің өзі енді қолындағы ең соңғы күші – талай шайқастарда шешуші жеңістерге жеткізіп жүрген он мыңдық жансыздар тобын бастап шайқасқа енген. Ендігі жерде кімнің айласы басым түссе сол жеңуге тиіс. Ол үшін ең қажеттісі шыдамдылық қажет.
“Томиристің де күткені осы болатын. Ол шайқас даласына тағы да бір көз салды. Сақтардың жағдайы ауыр. Қарсылықтары да бәсеңдей бастаған сияқты.
“Сіңілілерім!” Саңқ еткен Томиристің дауысын бүкіл дала естігендей болды. “Парсылар енді массагет қыздарының айбыны мен қаһарын да байқап көрсін. Жауға еш аяушылық болмасын!”.
Жауға еш аяушылық болмасын! – бұл массагет қыздарының Томириске бір ауыздан берген жауабы еді.
Бұл шайқас даласына елін, жерін сүйген, құл болуды қаламай, одан да майдан даласында қарсыластарын өздерімен бірге өлімге ала кетуге дайын жеті мың массагет қыздарының енген кезі болатын. Томирис шайқасқа жас кездерінен соғыс тәсілдерін әбден меңгерген, садақты ерлерден кем тартпайтын, сермеген қылыштары мүлт кетпейтін жас қыздарды енгізген еді. Сақтардың патшасы осы кезеңді әбден күткен еді. Қаншама жауынгер болса да қыздардың ерлер сияқты ұзақ шайқасқа шыдамайтынын Томирис сезбеді емес. Олай болса жауды жеңудің ең бір ұтымды жері, оларға тұтқиылдық көрсету. Шешуші кезде басымдылық көрсете алу. Міне, Томиристің де сенгені осы болатын. Өздерінің күштеріне сеніп, әбден масаттанған парсылардан сақтар патшайымы өзінің шыдамдылығының арқасында, соғыс тактикасын шебер қолдану нәтижесінде тағы да басым түсті. Ендігі жерде шайқас даласында тек бір ғана адамның дауысы естіліп тұрғандай.
“Қайдасың менің сүйікті күйеу жігітім! Мен сенімен кездесуге асықпын! Қайдасың сен, оңбаған парсы!” Бұл ашына айқайлаған Томиристің үні еді...
Геродот болса шайқас туралы төмендегі деректі айтады: “Кирге берген ақылының жерде қалғанын білген соң Томирис өз әскерлерімен парсыларға шабуыл жасады. Менің ойымша – дейді грек тарихшысы – бұл шайқас бар болған шайқастардың ішіндегі ең жойқыны еді. Қарама-қарсы тұрған екі жақ алдыменен бір-біріне садақта оқ жаудырды. Жебелері таусылған соң семсерлері мен найзаларын ұстап жекпе-жекке көшті. Қарсыластар ұзақ шайқасты. Шегінер түрлері жоқ. Ақырында массагеттер жеңді. Майдан даласында бүкіл парсы әскерлері қырылды. Кирдің өзі де қаза болды”.
Кирдің денесін таптырған Томирис оның басын қоржынға салуды бұйырды. Сөйтіп былай дей бастады “Мен тірі қалып, шайқаста сені жеңдім. Бірақ сен де менің түбіме жеттің. Айламен сен менің баламды қолға түсірдің. Енді, міне, мен саған берген сертімде тұрмақпын. Сені қанға тойдырамын”.
Геродоттың тарихы мен Б.Жандарбековтың “Сақтар” тарихи роман-диалогиясының ұштастығы көп. Көне тарихшы өзі бір кездері жабайылар деп ат таққан көшпенділер – сақтардың - өмір сүрген қоғамына, салт-дәстүрлеріне, рухани дүниесіне және де атақты, әлемді билеген парсыларға қалайша төтеп бере алады деген сұрақтың жауабын іздестіру арқылы көз салса, бүгінгі кезеңде қазақтардың ата-бабаларымыздың көне тарихына көркем шығарма негізінде назар аударған Б.Жандарбеков сақтардың тарихтағы алған орнын, қалдырған өшпес іздерін тек олардың жауынгершілік қасиеттерімен ғана түсіндіруден аулақ.
Ауыр кезеңдердің бірінде Томиристің қол астына біріккен сақтардың аса бір қауіпті қарсыластарына өз тәуелсіздіктерін бермеуі кездейсоқ жай емес.
Олай дейтініміз, автор парсы-сақтар соғысын негізге ала отырғанменен, негізгі сақтар тайпаларының өз ара-қатынастарын да аттап кетпейді.
Бірақ бастарына ауыр күн туған сәтте – Отанды қорғап қалу – сақтар үшін басты қасиет болғандығын Б.Жандарбеков астын сыза айта отыра, сол кезде Томирис секілді елді біріктіре алған ел басшысының тарихтағы орнын ерекше көрсетеді.
“...Біз сендермен (парсылармен – Қ.А.) соғысуға асыға қойғанымыз жоқ. Ал егер де сендер қайтсек те бізбен соғысамыз деп өңмеңдеп қоймасаңдар, онда, жолдарыңда біздің ата-бабаларымыздың молалары бар. Соны тауып алып бірін бұзып көріңдерші... Сол кезде біздің қалай соғыса алатындығымызды көрерсіңдер. Бұл парсылармен соғысқысы келе қоймаған сақтардың оларға деген жауабы болатын.
Дегенмен парсылар бұл ескертпемен санасқан жоқ. Қайта көшпелілерді қорқақтар деп санап, олардың еліне баса көктеп кіре бастады. Көптеген жерлерді жаулап алған олар, сақтардан соншалықты қарсылық күтпеген де еді. Солай бола тұрса да сақтарға қарсы соғысты бастамағанымен, әйтеуір бірде жауапты кезеңнің келетінін парсылар да сезбей қоймаған шығар. Сол сәт те келіп жетті. “Бабаларымыздың зираттарын жауға қор қылдырмайық. Басқа шегінер жер қалған жоқ!” Бұл сөздерді иесі сақтар патшасы әйгілі Томирис еді...
Ұрпақтан ұрпаққа ендігі жерде Б.Жандарбековтің роман-диалогиясы арқылы жеткен осы бір мағыналы сөздер, ерлікке толы оқиғалар оқырмандар үшін өте бағалы.
Торғай толғауы. Сарыарқаның сүйіктісі
Ж.Молдағалиев
Ж.Молдағалиевтің “Торғай толғауы” мен “Сарыарқаның сүйіктісі” атты роман-дилогиясы мерзімдік жағынан қарағанда Ұлы Отан соғысынан кейінгі уақыттарды қамтиды. Мұнда сол кездердегі қыр өмірінің шындығы, бүкіл ел басына түскен сұрапыл жылдар ауыртпалығын кейінгі адамдар мінез-құлқындағы психологиялық, өзгерістер суреттеледі. Атап айтатын нәрсе, жазушы өз көзімен көрген сол бір кезеңнің біраз ауыр да ащы шындығын, тұрмыстағы кем-кетікті, материалдық жағдайдың қиын болғандығын нанымды деталь, ұтқыр эпизодтармен жап-жақсы елестетіп береді. Бір тәуір жері романда өмір жолы қызық та бұралаң адамдардың тағдырлары бар. Мәселен: Бәтес, Сұлтанғазы, Бәкен, Зинахметтер бір ғана ауылда кездеспейтін образдар. Олардың тағдыры, жан-дүниесі, мінез-құлқы, әрекет-қарекеті, айтыс-тартысы иланымды шыққан. Ақзейнеп, Күнзила, Айғаным сияқты әйелдер образының шешімдері де өмір шындығынан шалғай жатқан жоқ.
Біздіңше, осындағы өзгеше тың тұлға, сәтті образ Сұлтанғазы деп қараймыз. Сұлтанғазыны сол жылдары ғана бой көрсеткен, одан кейін түбірімен өмірден аласталған “жағымсыз” тип дей қою қиын. Мұндай өзгеден өзін артық санайтын, бетінің әжіміне дейін әзәзілдігін танытып тұратын, ешкімді көре де алмайтын, барын бөле де алмайтын пасық жандар арамызда жоқ емес. Оның ең бір зымияндығы сол – бойындағы арамдық сезімдерді жасыра, жаба білетіндігінде. Әрине, Бәкен мен Сұлтанғазы сынды тоғышар жандар – сұрқия кейіпкерлерді бүтіндей қоғамдық тип, әлеуметтік құбылыс деуге болмайды. Жазушының антипатиясы да осыларға бағышталған.
Екі кітаптан тұратын романдағы оқиғаларға бастан-аяқ араласатын орта кейіпкер – Нұрлан. Жазушының негізгі айтпақ болған идеялары да осы образбен түйінделетін сияқты. Рас, бірінші кітаптағы бала Нұрланмен, “Сарыарқаның сүйіктісіндегі” едәуір есейген бозбала жігіттің арасындағы рухани өсуді, характер дамуын көрмеуге болмайды. Бірақ, тұтастай алғандағы, яғни романның атымен айтсақ, Сарыарқаның сүйіктісі боларлық Нұрланның типтік образы қайда? Қалай, қандай жолмен ол Сарыарқаға сүйікті болып кетті? Бәлкім, ол бүгінгі заманның Біржан салы немесе Ақан серісі шығар? Жасыратыны жоқ, осы сауалдарға оқушы жарытымды жауап таба алмайды.
Нұрлан орталық тұлға болғандықтан оның бойынан кешегі, бүгінгі әлеуметтік топтың, яғни жастардың жиынтық бейнесін, замандастар мінезіндегі жақсы қасиеттерді еріксіз іздейміз. Ал, Нұрлан болса, күрескер замандасымыздың типтік тұлғасын танытудан бұрын, кейбір тұстарда өз қарақан басындағы әрекеттерге құлатып сендіре алмайды. Автор характер логикасы деген бұлжымас заңдылықты сақтай бермейді.
Төзім шеңбері
С.Мыңжасарова
Сара Рахманқызы Мыңжасарова 1924 жылы 29 қазанда Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Қара - Шоқат деген жерде туған. Ақтөбедегі мұғалімдер институтында оқыған. Одан кейін оқу – ағарту саласында жауапты қызметтер атқарған. 1954 жылдан бастап Талдықорған, Алматы облыстық газеттерінің редакцияларында қызмет істейді. 1971 – 1983 жылдары Байланыс министрлігінің мерзімді баспасөзді тарату басқармасының баспасөзге жазылу бөлімін басқарған. 1970 жылы «Қыр қыздары» романы, 1981 жылы «Әйел бақыты», 1984 жылы «Төзім шеңбері» романдары жарық көрген белгілі жазушы – публицист.
Жазушы Сара Мыңжасарованың бұл романы «Осылай ма едің, махаббат», «Ұждан», «Ой үстінде», «Кездесу», «Қанаттану», «Дүние кезек» деген алты бөлімнен тұрады. «Осылай ма едің, махаббат» бөлімінде Ауыл кеңсесіне Сәлкен мен Күнсұлудың ажырасуына қыздары Іңкәрді шақырып, ауыл кеңесі төрағасы Жарқын Рақымов әке -шешесінің ажырасатыны туралы айтады. Мектеп директоры Аржан баланы құшақтап арқасынан қағып, жұбатады.
Әкесі оқуын бітіргеннен кейін, үшеуіміз қалаға көшпейміз бе деп бала әлі де үміттенеді. Бірақ, әке – шешесі бала кімді қаласа сонымен қалады деп шешеді. Әкесі қалаға кетіп, Күнсұлу ауылда қалады.
Бұл бөлімде Сәлкенді Күнсұлудың өзі Мәскеуге оқуға жіберіп, өзі малын бағып, шөбін шауып, отын жинау, мектепті сыпырып, тазалау, колхоз жұмысына көмектесумен жүргенде, бара – бара Сәлкен өз дәрежесіндегі адамды іздер деген қауіпті ойламағаны туралы айтылады.
Күнсұлу нағашысының ауылына қыдырып барғанда Сәлкенді кездестіреді. Күнсұлуды он алты жасында алып, екі жылдан кейін Мәскеуге оқуға кетеді. Он жыл Мәскеуде оқып келген Сәлкен ажырасуды ұйғарған. Сәлкен ағасы Мықтығұлдан көлік сұрап алып, стансаға жеткізіп салуын өтінеді.
Он жыл бөлек тұрып, өскен орта, алған тәрбиедегі айырмашылықтар Сәлкенді ажырасуға бел буғызады. Ауыл адамдарының ой - өрісі, мәдениеті тұрғысынан Күнсұлу жақсы болғанымен, оған Сәлкеннің көңілі толмайды. Москвадағы ғылыми- зерттеу мекемесінде зерттеу жұмысымен айналысып, аяқтағаннан кейін Алматыға келетінін Мықтығұл ағасына айтады.
Сәлкен Инна сияқты білімді, көргені көп, әке – шешесінің көзі ашық адамды өзіне тең деп санайды.
Екінші курстан бастап Иннамен араласып, көңілі ауған Сәлкен соңғы курста әйелі бар екендігін айтып, Күнсұлудан айырылысып, Иннаға үйленетінін айтады. Осы кезде Сәлкенге Күнсұлудан Москваға келемін деген хат келеді. Осы жаңалықты Леван досынан естіген Инна шыдай алмай Валя құрбысын Сәлкеннің әйелін көріп кел деп жібереді.
«Ұждан» бөлімінде Іңкәр үйден қашып барып, интернатқа орналасады. Күнсұлу ауылда туып - өсіп, ауыл психологиясымен бойжеткен, өскен ортасы ауыл болғандықтан оза шабар, адаспай шығар ұрымтал объектісі де ауыл өмірі болады. С.Мыңжасарованың қаһарманы Күнсұлу үшін ашыну да, басылу да, тасыну да, тосылу да таңсық болмай қалды. Күйеуімен ажырасу Күнсұлудың рухани әлемінде бұрын болып көрмеген алай – дүлей боран әкеледі. Өзінің басынан кешкен күйреуге Күнсұлу жайбарақат қарап қала алмайды. Күнсұлу айғайлап ұрысып, жылап ашуын тарқатпайды, керісінше барлық ауыртпалықты еңбекпен үнсіз жеңеді. Құрбылары Ақлима мен Бәтима Күнсұлуға оқу керегін ұқтырады. Күнсұлу аудан орталығында ашылған агрономдық курсқа оқуға жіберіледі. Аудандағы шешесінің үйінде жатып оқып жүргенде, курстың оқытушысы Андрей Күнсұлуды ұнатып, көңіл білдіреді. Екеуі ауылға бірге барып та қайтады. Романда Андрей өз әкесі орыс болғанымен, орысша аз білетін, таза қазақша сөйлейтін, мәдениетті, кейіпкер ретінде суреттеледі.
Күнсұлу бес – алты ай оқып, курсты бітірді. Қазақстанға екі айға командировкаға келген Леван Күнсұлуды іздеп келіп, Сәлкеннің сәлемін жеткізеді. Іңкәрді демалыста Мәскеуге жіберуін сұрайды. Бірақ бала үйде жоқ болып шығады. Күнсұлу ауылына қайтатын уақыт жеткенде Андрейден маза кетіп, бір рет тілдесіп қалады. Бірақ Күнсұлу бір рет өмірлік жолдас болып көргенін, енді ондай қателікті қайталағысы келмейтінін айтады.
«Ой үстінде» бөлімінде Инна мен Сәлкен арасындағы арақатынас әңгіме болады. Сәлкеннің қайнағасы Абрам Моисеевич қазақтардың әдет – ғұрып, салт – сана, әдебиет, мәдениетінің жәйін білуге бағдар қояды. Үш – төрт айға өндіріске барып келгеннен кейін, Сәлкен мен Инна үйленеді. Екеуі жатақханада тұрып, балалы болады. Өмірінде бала қарамаған Сәлкен үй шаруасына араласып, қаншалықты қиын екеніне көзі жетеді. Балаларына Ким деп ат қояды. Бұл – коммунистический интернационал молодежи деген сөз екен. Балаға ұйымның атын қойған жастарға Абрам Моисеевич ренішін білдіреді.
Әкесі үйінен кеткен соң Инна өзіне - өзі қарап, сырт бейнесін қалпына келтіруді ойлайды. Осы күндері Қазақстанның әдебиеті мен өнерінің он күндігіне Күнсұлу Москваға ән айтуға келіп жатады. Инна мен Сәлкен «Кездесу» бөлімінде Күнсұлудың домбыраға қосып ән салғанын, залда Сәлкенді құшақтап тұрған жас әйелді көргендегі Күнсұлудың ішкі сезімі шебер берілген. «Жас әйел құшақтап тұрған Сәлкенді көргенде денесі тітіркеніп, бойында жүрген көмескі сезім сейіле бастады. Алғаш рет Сәлкенге деген жиреніш сезімі пайда болды. Бұрын оның үйленгенін білсе де, көзі көрмегенсіп біржола жирену, үзілді – кесілді жек көру ойын да, сезімін ойламаған да болатын. Оқта – текте өткенде есіне алып, аңсайтын да. Ал, қазір пір тұтқаны перідей аңсағаны албастыдай көрінеді» 1,171. деген шешім Күнсұлудың болашақ әрекеттерін тұспалдауға мүмкіндік жасайды. Бұл өткір драматизмге құрылған эпизод. Күнсұлудың бойында өзіне бейтаныс бір реніш сезімі түңілумен астасып, қайрылмастай күйге түсуі ашық суреттелген.
«Қанағаттану» бөлімінде аудандық партия комитеті хатшысы Асыл Дидаров, жаңадан келген екінші хатшы Шатқалбай Асаубаевтардың іс-әрекеттері әңгіме болады. Күнсұлу аудан жастары арасында Мәскеу сапары туралы есеп береді. Шатқалбайдың орнына Андрей екінші хатшы болып сайланады. Осы бөлімде Күнсұлудың інісі Ақан әскерге кетіп, шешесі Айбарша жалғыз қалады.
«Дүние кезек» бөлімінде Инна мен Сәлкен ауылына келгенде Күнсұлу аудан орталығына көшкелі жатады. Соңғы рет Сәлкен клуб алдында Күнсұлуды Андреймен кетіп бара жатқанын көріп, іші удай ашиды. Осы тұста Инна өзінің ақылдылығын көрсетіп, Андрейге өмірлік сапарының сәтті болуын тілеп, Сәлкенді ырқына көндіріп алып кетеді. Сәлкен басына қонған бақытын өзі аялай білмегенін түсінеді.
Романның соңғы бөлімінде Күнсұлу мен Андрейдің бір – біріне деген іңкәр, ыстық, мөлдір махаббатты шығармаға романтикалық рух берген тұсы деуге болды. Өз бақыты үшін күрескен қазақ әйелінің аз өмір кезеңі алынса да, романда айналаны қоршаған ортаны, табиғат суреттерін кейіпкерлердің бітім – болмысымен, әрқилы жан толқынысымен қоса қабат суреттеген.
«Түн. Ашық аспан. Шарасына толған ай, жеке дара жарық көрінетін жұлдыздар, қоңыр самал жел жазық даланы маужырата тербетеді. Жадыраған табиғат баланың ойын бірте – бірте сергіте бастады», әке – шешесінің ажырасатынын естіген Іңкәрдің алай – дүлей көңіл күйін табиғат ана өз бауырына басып алғанына куә боламыз.
Бас қаһарман Күнсұлудың «Күнсұлу екі ұдай сезімде жігітке қарап біраз тұрды. Қараған сайын жүрегі шымырлайды, құшақтай алып, құшырлана сүйгісі, тіпті осы жігіттің махаббатына тұншыққысы келеді деген жолдардан Андрейге деген сезімі, тірліктің мәнінің қазығы өз бақытын табуда деген нақты қорытынды шығарады.
Жазушы Сара Мыңжасарованың бұл романында ауыл тіршілігі және ауыл адамдарының бір – біріне деген шынайы қарым – қатынасы, туыстық сезімі біршама тәуір сипатталған. Күнсұлудың басына іс түсіп, қиыншылық көргенде құрбыларының көмекке келуі де нанымды берілген. «Күн батып кетті. Қырманда күзетшіден басқа ешкім жоқ. Күнсұлу әлі бидай суарып тұр. Бұл күндері Күнсұлу қорасында бір – екі ұсақ жандығына, жалғыз сиырына да қарауды қойған. Оларды іздемейді, сиырды саумайды. Көршілес, ағайындас әйелдер ертелі – кеш үнсіз келіп, малын жайғастырып, сүтін пісіріп кетеді»- деп автор сол шақтағы Күнсұлу қайғы – қасіретіне ортақтасқан ауыл адамдарын мәні бар штрихтар беру арқылы көрсетеді.
Қиын қыстау шатқалаңда шыныға түскен Күнсұлу жарық күндерден үмітін үзбей, жігер мен күрес үстінде көрінеді.
«Төзім шеңбері» романының қаһарманының алдағы тағдыры, кейінгі халін топшылауды автор оқырманның үлесіне қалдырады.
Қорыта айтқанда, автор бұл романда қазақ әйелінің еңбекке араласып, өз бақытын тауып, қызғылықты өмір кешетініне оқырманның көзін жеткізе суреттеген.
Тұрғылас түлектер
М.Құлыбекұлы
Социалистік күрес жөніндегі шығармалардың қатарынан Махфуз Құлыбекұлының “Тұрғылас түлектер” романын көруге болады. Бұнда жаңа заман орнату жолындағы қайшылықтармен қатар әйел теңдігіне баса назар аударылады.
Әліпбай мен Қожақұл мыңғырылған түлігі мен жасанған байлығына мастанған надан байлар. Осы байлығының арқасында екеуінің де атағы дәуірлеп, тасы өрге домалайды. Әліпбай адуын да ерке бәйбішесі Әйменді ығына көндіріп, тоқал алуға ниеттенеді. Бұл ниетін қоштаған Қожақұл молдаға Әліпбайдың сойылын соғып, атқосшысы болудың өзі үлкен мерей. Әрі шариғат жолы ұйғарады дегенді желеу етіп 17 жасар Қайшаға құрық салады.
Романды оқи отырып, ХХ ғасыр басындағы қазақтың алғашқы романдарының бірінен саналатын Спандияр Көбеевтің “Қалың мал” романымен ұқсас сюжеттерді кездестіреміз. Тіпті, кейіпкерлерінің кәсібі мен есімдері де бірдей. Мәселен, “Қалың малда” азап шегіп азын-аулақ малға сатылып, Тұрағұл байға пенде болатын Қайша есімді әйел болатын болса, Махфуз Құлыбекұлының да бас кейіпкері – Қайша. “Қалың малдағы” қыздың әкесі надан әрі топас Итбай қызының көз жасынан бұрын бес-онды ұсағына мастанса, “Тұрғылас түлектегі” Молдаш қызының бай жерге барып, қолын жылы суға малып отыратындығын көңіліне медеу тұтады. Спандияр Көбеевтің романындағы Қайшаның сүйген жігіті Итбайға жиен, Махфуз Құлыбекұлының романындағы Сейіттің де Қайшаға туыстығы – жиендік. Бұған қарағанда, роман авторының аталмыш шығармаға қатты еліктегені байқалады.
Дегенмен, осы сияқты ұқсастықтарымен қоса, екі роман екі түрлі оқиғамен өрбиді. “Әрине, әрбір шығарманың да өз дәрежесінде танытқыштық әсері болады. Бірақ, шығарманың ұзақ жасауының сыры оның халық өміріне қажетті мәселелерді тереңнен суреттей білгендігіне байланысты. Көркем әдебиет сылдыраған сұлу сөздің жиыны емес, ол өмір шындығын көркем образдар арқылы танытуға тиіс”. Қожаш Қайшасын Тұрағұлдың шеңгелінен көп ұзамай құтқарып алса, Сейіт оқуға аттанып кеткендіктен, Қайшаның қолынан келер ешқандай қайран жоқ. Әліпбайға пенде боп, үш жылын өткізеді. Тек, арайлап революция таңы кедейлермен бірге әйелдерге де теңдік ала келеді.
Жаңа заман ығына жығыла білетін әккі байлар сияқты Әліпбай да бұлаң құйрыққа салып бағады. Малшы-жалшыларына бұрынғыдай дөңайбат танытпай, шырғалап, ұстау әдісіне көшеді. Аяқасты мейірімділік танытып, жомарт қылық көрсете бастаған қожайынның неліктен “жусаннан аласа, бетегенден биік” болып жүргенін олар да түйсінеді. Сондықтан да, оның көлеңкесін сүйіп, құр атағына табынуды доғарып, бойларын аулаққа сала бастайды. Әліпбай алақұйын өзгерістермен жаны қас, бірақ, қанша бұлқынса да заман дегенін жасап тынды. Шарасыздықтан қулыққа басып, ықтай жалдауға көшеді. Оның бұл ішмерездігі де айқындалып, түрменің тас қабырғасын да күзетіп оралады.
Әліпбаймен ісі де, қылығы да ұқсас келесі тип – Қожақұл молда. Жұрт арасында шариғат айтып, арамза молдалық құрып байыған Қожақұл Әліпбай сияқты байлармен терезесі теңесіп, үзеңгіге аяқтары бірдей жетіп жүргеніне күпиеді. Өзіндік ойы, түйгені жоқ молда Әліпбайдың шылауынан көп шыға қоймайды. Арман-мүдделері баю ғана болғандықтан, бірін-бірі жөптеп, бірге іс қылады. Әліпбайдың қулығы ашылып, сотқа тартылғанда, Қожақұл да ер кетеді.
Міне, дала шонжарларының бет-бейнесін, тоғышар тірлігін осы екі образ арқылы тани аламыз. Екеуі де шарасыздықтан жаңа қоғамға мойынсұнып, тізе бүгеді.
Ауылдағы орта шаруа, кедейлер өмірін – Молдаш ұста, Көксеген етікші, Жәнібек аңшы, Оралбайлардың тірлігі арқылы өрбітеді. Бұлар шығарма басында бір-бір байдың жалшысы болады. Байлардың Алланың рақымы дарып, мейірімсіз әпербақандығы, қит етсе қамшы үйірер есерсоқтығы жалшылардың санасына кек ұялатады. Буырқанған ашу-ыза қожайындарына деген суық кекшілдікке жетелейді. Революция жеңгенімен әлі қанатын кеңге жая қоймаған жаңа заман тірлігі, кедейлерге бақ пен теңдік әперер ұжымақ өмірдің жаңалықтары күн өткен сайын жаңғырып, құлақтарына сіңісті бола бастаған кедейлер бел алып қоқилана түседі. Күш біріктіріп бас көтермесе де, қожайындарына ірілік танытып, қамшысына бойұрмайтындай халге жетеді.
Әліпбайдың қатын-баласының етігін тігіп, ас-суын айыратын Көксеген артельге мүше болғаннан кейін, өз еңбегінің жемісін көріп, көсегесі көгерсе, Молдаш ұста, Жәнібек Оралбайлар да ортақ қазанға ас салып, орашолақ тірліктен құтылады.
Романдағы бас кейіпкер – Қайша қалың малдың құрбаны болған қазақтың көп қыздарының бірі. Әкесінің де үлкен шалға пенде болғанымен қоймай, Қайша Әліпбай мен Әйменнің отымен кіріп, суымен шығады. Қорлығы мен мазағына көніп, өлімші болып таяғын да жейді. Әлпештеген ата-анасымен де кездесу мұң болады. Әліпбай жалшыларына көрсеткен қырын бұған да қолданады. Оның Қайшаға деген ең үлкен ызыты – менің атақ-даңқымды сыйлап, үлкен басымды кішірейткенде құшағыма өз еркімен құламады, мені менсінбеді деген кеудемсоқтық. Бірақ, оның бұл әрекетінен ештеңе шықпайды. Қайша күн өткен сайын Әліпбайдан алыстай береді. Жаңа мизамдағы сауат ашу науқаны Қайшаның өміріне түбегейлі өзгеріс ала келеді. Анша қарсылық танытып Қайшаны өз бетімен жібергісі келмесе де, Әліпбай оны сауат ашуға шығарып салады. Тұтқындағы еліктің лағындай күй кешкен Қайша еркіндікке қол жеткізіп еркінше самғайды. Сейіттен күдер үзбесе де, бір бұлдыр сағымның соңынан ілеседі. Одан келген хат өміріне шуақ шашып, мол үміттерге жетелейді. Осы хат екеуінің сезімін жалғастырушы алтын көпір, нәзік арқау іспетті.
Жаңа қоғамның шалғай ауыл өміріне әкелген тағы бір жаңалығы – Қарлығаш сияқты алпауыттың қызының әке-шешесінің ақ батасын аттап, өзінің сүйген Жайнағына қосылуы. Бұрынғы есігінде жүрген етікшісі енді терезесі тең құдасына айналғаны Әліпбай мен Әйменнің ішкі қыжылын одан әрі қалыңдата түседі. Бірақ, оларда құр кіжінуден басқа амал қалмаған.
Романда баяндау үлгісі басым. “Романның баяндау жүйесінің сарқып құяр сағасы бейнелеу болып табылады”. Осы бейнелеу құралдары аталмыш романда аз кездеседі. Шегіністердің орынды пайдаланғанын баса айтқан орынды. Кейіпкерлердің образы көбінде суреттеліп, ішкі-жан дүниенің ашылуы сараң. Автор алдыңғы шығармалардың жетегінен шыға алмаған. Ішкі мазмұнға ену жағы солғын.
Ш
Шеңбер
О.Сәрсенбай
Оразбек Сәрсенбай 1938 жылдың тамыз айында Қызылорда облысы, Шиелі ауданының “Жаңа тұрмыс” ауылында дүниеге келген.
1945 жылдың күзінде “Жансейіт” бөлімшесіндегі үш кластық мектепке оқуға түседі. Одан соң “Ақтоған” жеті жылдық мектебін бітіріп, Шиелі ауданы орталығында №45 қазақ орта мектебінде оқуын жалғастырған. 1957 жылы С.М.Киров атындағы (қазіргі Әл-Фараби атындағы) Мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі.
Жоғарғы оқу орынын тәмамдағаннан соң О.Сәрсенбай туған жеріне қайтып оралып, Шиелідегі М.В.Ломоносов атындағы орта мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызметке орналасады. Ал, 1966 жылы Алматыға, жастар газеті “Лениншіл жасқа” жұмысқа шақырылады. Бұдан соң “Жұлдыз” журналында (1968-1973), “Қазақ әдебиеті” газетінде (1974-1982) бөлім меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар Одағында (1982-1986) әдеби кеңесші қызметін атқарған. 1987-1993 жылдардың аралығында “Жазушы” баспасының бас редакторы, “Өнер” баспасының директоры (1993-1995) болады. 1996 жылдан күні бүгінге шейін О.Сәрсенбай – “Қайнар” баспасының директоры.
О.Сәрсенбайдың шығармашылық өмірбаяны орта мектепте, университетте оқып жүрген шәкірттік жылдарда басталады. Елуінші жылдардың екінші жартысында, алпысыншы жылдардың басында аудандық “Стахановшы”, облыстық “Ленин жолы”, республикалық “Қазақстан пионері”, “Лениншіл жас” газеттерінде оның алғашқы өлеңдері мен әңгімелері жарияланады. Кезінде “Лениншіл жас” газетінде басылған “1961 жыл” атты публицистикалық дастаны әдеби, саяси ортада үлкен дау-дамай туғызып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сол тұстағы хатшысы Н.Жанділдиннің баяндамасында сынға ұшырайды.
Жазушы О.Сәрсенбай осы уақытқа дейін 20-ға жуық жеке кітаптар бастырған. Оның әдеби сын, көркем публицистика, аударма, поэзия саласындағы жарияланымдары да қалың оқырманға жақсы таныс. Ол әр жылдарда В.Короленко, В.Иванов, Ф.Абрамов, Ф.Искендер т.б. секілді өзге ұлт жазушыларының таңдаулы әңгімелерін қазақша сөйлеткен. О.Сәрсенбай қаламынан туған әңгімелер негізінде “Долана” атты (Қазақфильм, 1981 ж., режиссері – С.Нарымбетов) көркем-суретті фильм түсірілген. Жазушының жеке шығармалары украин, орыс, эстон, якут, марий, тува, венгр, қытай, корей, ағылшын, өзбек, қырғыз, татар тілдеріне аударылған. Оның “Уәде” атты повестер мен әңгімелер жинағына Қазақстан Жазушылар Одағының М.Әуезов атындағы сыйлығы (1987), ал “Шамшырақ” романына республикалық “Алаш” сыйлығы берілген (1994).
Оразбек Сәрсенбайдың “Шеңбер” романында үстіміздегі ғасырдың 70-ші жылдарындағы қоғамдық тіршілік сөз болады.
Бұл роман көркемдік жанрлық жағынан сипаттағанда әлеуметтік-психологиялық әдісте жазылған шығармалар қатарына жатады. Романда кешегі социализм заманында өмір сүрген естияр жасамыс ұрпақтың тапқандары мен жоғалтқандары, түптің түбінде зор қасіретке айналған бақталастық пен тақталастық, өзімшілдік пен дүниеқорлық сырлары жан-жақты көрініс табады. Осындай сиқырлы шеңбердің ішіне түсіп, ар мен азаматтық жолында арпалысқа шыққан ел ағалары Шерәлі мен Тоқтарбайдың, өзге де иманды адамдардың қилы-қилы тағдыры оқырманды бей-жай қалдырмайды.
“Психологизм – көркем әдебиеттің тұтас болмысынан сарқылмас қасиет. Біз ол жағдайды байқай бермейміз. Сонымен бірге психологизм – көркемдік бейнелеу принципі, ойлау типі, жазушы талантының төл белгісі. Әрі стиль көрінісі”, - деген ғалым Б.Майтановтың түйіндеуі орынды.
О.Сәрсенбайдың “Шеңбер” романы үлкен-үлкен сегіз тараудан тұрады. Бұл әлеуметтік-психологиялық романда автор өмір шындығын айна қатесіз беруді мақсат етіп қана қоймаған, айналадағы әлеуметтік-психологиялық құбылыстарды терең, дұрыс пайыммен қорытып бере алуымен ұтқан секілді. Роман қаһармандары Тоқтарбай Арыстанов, Шерәлі Дүйсенбаев, Мүбәрәк Құсниденов, партизан Аппақов, Ақтай Жаһилов т.б. жадағай күйде еміс, рухани дүниесі тартысқа толы, ойланатын, ақылды, бірақ жаңылыс басатын тұстарын да көрсету арқылы құнарлы дәстүрді жалғастырған.
Уақыт өзгермелі екені даусыз. Дегенмен кешегі мақтаныш болған саясат, идеология бүгінгі күні ерсі болып болып отырғаны да табиғи құбылыс. Сондықтан бұл романда өткен іске топырақ шашады деуден аулақпыз, дегенмен кешегі социализм заманындағы өмір сүрген қарапайым халық, басшы қауым, орта қызметкер т.б. арасындағы талас-тартыс, бақталастық жан-жақты суреттеледі. Осы арқылы жазушы түрлі әлеуметтік топтағы адамдардың түсінік, наным, дағды, өмірге көзқарасын шебер кестелеуге қол жеткізген.
“Отыз жетінші разъезд” атты тарауда облыстық ауыл шаруашылық басқармасы бастығы Тоқтарбай Арыстанбековтің орынбасары Шерәлі Дүйсенбаевтың өлігі 37 разъезд маңындағы көпір астынан табылады. Бұл азаматтың өліміне кім себеп болғанын қарапайым халық түгілі, құқық органдары да анық таба алмайды. Айтулы азаматтың оқыстан болған қазасы және оны жерлеу үстіндегі оқшау оқиғалар жайында лақап сөз әдеттегідей үстемеленіп, жан-жаққа тарап, облыс басшыларының басы қататындай оқиғаға айналғанын нақтылы өмірлік деректер арқылы көз алдыңызға елестетеді. Романның алғашқы беттерінде ауыл қазақтарының қалыптағы мінез-құлқын, жікшілдікке бейім тұратындығын тұтастыра қамтиды. “Ел іші қашаннан жікшілдікке, талас-тартысқа, тіпті, жауығуға, өшігуге кенде емес-ті, бұдан қазіргі шен-шекпен, атақ-абырой үшін жандарын сатып, жанығып жүрген басшылар жағы құралақан деуге солардың бел ортасында жүрген отағасының аузы бармайды”, - деп халық пен басшының портреттік белгілерін ашық бағалау сарынын танытады.
Бұл романда сәтті шешімін тапқан негізгі қаһарман Тоқтарбай Арыстанбеков пішіндемесі сәтті шыққан. Тоқтарбай іс-әрекет, адамгершілігімен көзге түсіп, айтылар сөзі орынды, ойы дұрыс, табиғаты обьективті жақсы көрінетін бейне ретінде суреттеледі. Жазушы Тоқтарбай портретін кейіпкердің өз сөзімен суреттейді:
“Айнаға қанша қарағыштағанмен, өз бойынан пәлендей елеулі өзгерістер көре алмады. Азын-аулақ бурыл араласқан қайсар қара шашын шалқасынан қайырған, екі шекесі қисықтау, бірақ дөң, жазық маңдайлы құбақан кісінің бірден сырт көзге түсетін қасты қалың қабағы еді. Көз шарасы үлкен, аздап алалау, көз құйрығынан екі самайына қарай екі-үш сызық терең әжімдер түскен. Дөңес мұрын, кең танау, жұқалау ерін сызығы екі езуіне қарай доғаланып біткен: иегі шығыңқы, бірақ шықшыты білінбейтін дөңгелек жүзді. Егер ұстарамен көгертіп қырып тастамаса сақалы қалың өсетін ыңғайы бар екен”, - деген жолдардан 1970 жылдардағы аға буын өкілдерінің бейнесі ашыла түсіп, сыртқы пішінінде типтік сипат арқылы кейіпкердің ішкі психологиялық сыры көрінген. Тоқтарбай қаншама сыртын айбатты ұстауға тырысқанымен, боркеміктеніп бара жатқанын жақсы сезеді. Іш пен сырттың тұтастығы дегенге тіпті сенбейтін, екіжүзділіктің қазақ арасында меңдеп бара жатқанын, үй ішінде бір беті, ел алдында бір беті бар екенін іштей мойындайды. Тоқтарбайдың жан дүниесіндегі өмір, қоғам, адам, тұрмыс жайлы философия қағидалары ақиқат жолына сілтесе де, күресуге, әділетсіздікке қарсы тұруда дәрменсіздік көрсетеді. “Заманның қаталдығын, әйтпесе кеңдігін сылтау етіп, ар-ұждан алдындағы жауапкершіліктен қашып құтылып кеткен замандастары Тоқтарбай көріп те, біліп те келеді. Өзінің уақыттың суық желінен сескеніп, сай-саланы тасалаған кездері аз емес. Қаншама қайрат жинап, қарсы шапқан кездерде беті қайтып, мұқалып, жүдеген күндері. Біраз бір шүкіршілік ететіні – зұлымдықтан жеңілген шақтарда да замана ағымын сылтау етіп, ақталуды білмепті”, - өзінің осалдығын, болымсыздығын мойындаған кейіпкер патша көңіліндегі ойларын оқырманға жайып салады.
Бұл романда 70 жылдардағы облыс, аудан басшылығында отырған адамдардың мінез-дағдыларын шебер кестелеген. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Мүбәрәк Құсниденовтің кейіп, кескінімен өзін ұстай білу манерасы нақты өмірлік деректермен ұтымды берілген. “Бүгін Біріншінің қимылы жылдам, жүзі жарқын көрінді. Үстіне ине жіптен жаңа шыққандай тап-таза, келісті тігілген ақ-сұр костюм киген. Мойнына жағылған дөңгелек теңбіл жазбалары бар қызыл күрең галстук пен ақ сұр костюмге ерекше жарасымды реңк береді. Маңдай шашы селдіреп, түсе бастаған, елудің ортасына шыққанмен, бүткіл өн бойында, жүріс-тұрысында әзір еңсерген егделіктің белгісі білінбейтін, недәуір толысқан, екі шекесі бұлтиған, айқабақ, биіктеу қыр мұрынды азаматты нағыз жігіттік дер шағында деп балалауға болар еді.
...Мүбәрәкті қысы-жазы нар інгеннің сүтін ішеді деп естуші еді. Сонысы сірә рас шығар – атаның жасына келсе де, шіркіннің үлкен қара көздері шырақтай жанып, денсаулығы сыртқа тепсініп-ақ тұр екен” [1,60]. Жазушы 1970 жылдардағы облыстың бірінші басшысын бейнелеуде оны ой-өрісін, дүниеге көзқарасын да қоса суреттейді. Негізгі геройлардың бірі Мүбәрәктің өзімшілдік, дүниеге көзқарас сырлары жан-жақты ашылады.
Бұл романның негізгі геройлары – Тоқтарбай мен Мүбәрәк. Бұл екеуінің өмір өткелдері бір болғанымен, тағдыр-талаптары әртүрлі жандар. Тоқтарбай әділдікке жақын жүретін иманды жан болып көрінсе, Мүбәрәк одан мүлде бөлек, өмірінің көбіне мақтағанды сүйетін, бақталастықпен өмірін өткізіп келе жатқан адам ретінде көрінеді.
Басты қаһармандардың өмір қақтығыстарынан шынайы шындық ашылып, Мүбәрәк бейнесін көз алдыңа келтіргенде оның құбылмалы, ойнақы мінезін тез аңғара алмайтын айналасындағыларға жұмбақ жандай көрінеді.
Бұл романда 1970 жылдарда өмір сүрген ұрпақтың басында болған бірқатар жайларды аңғартып, сол кездегі тұрмыс-тіршілік, олардың өмірімен қоршаған ортасымен Мүбәрәк Құснидинов тағдырымен сабақтастырыла, тұтастыра отырып суреттелгеніне оқырман көзі жетеді.
Оразбек Сәрсенбайдың “Шеңбер” романындағы көтерілген қазақ қауымы ортасындағы әлеуметтік-психологиялық проблемалары күні бүгінге дейін күн тәртібінен түспей келе жатқан өзекті мәселелер. Бұл шығарма адамгершілік проблемасын жан-жақты көтерген, сол кезде өмір сүрген Тоқтарбай, Шерәлі, Аппақ, ЖәҺилов, Мүбәрәк т.б. арқылы сол кезеңнің адамгершілік әлемін, рухани қуатын, психологиялық болмысын пәрменді суреттеген шығармалар қатарына жатады десек қателеспеспіз.
Ы
Ызғар
Достарыңызбен бөлісу: |