Ұлттық ойындарды ұйымдастыру барысында қолданатын өлең-жырлар
Аула ойындары
Татуласу
Әкел, досым,қолынды,
Татуласқан орынды.
Өкпелесіп не таптық,
Көрсет, кәне, соныңды.
Енді араздаспаймыз,
Енді әдептен аспаймыз.
Бұрынғыдай бірлесіп,
Жаңа ойын бастаймыз.
Баққа бірге кірейік,
Қол ұстасып жүрейік.
Татулықтың белгісі,
Кел, қосылып күлейік;
Ха, ха, ха, ...
Ойын бастау
Кел, ойынды бастаймыз,
Ортаға таяқ тастаймыз.
Қағып алып әуеден,
Кезектесіп ұстаймыз.
Кімге келсе ең ұшы,
Деп білеміз жеңісі,
Сол бастайды ойынды,
Алайық солай келісіп.
Жүзік жасырмақ
Алақанды беттестіріп қуыстап,
Отырыңдар құр ауаны уыстап.
Бір-ер жерде кідіріңкіреп қалған боп,
Бір жүзікті бәріне шығам салған боп.
Сездірмейді берік болса сырға кім,
Уысында құпия жүзік тұрғанын.
Білесің де өзіңше түр-түсінен,
Сұрайсың жүзік осы алды-ау деген кісіден.
Тауып алсаң сездірген адам айыыпты,
Таппай қалсаң жазаға сенсің лайықты.
Қақпақыл
Тауып жұмыр бес тасты,
Кел, ойнайық, қақпақыл.
Бес тас ойнап достасты,
Екі құрбы тапты ақыл.
Орындары сая бақ,
Орталары тап-тақыр.
Достары ойын бақылап
Кезек күтіп сапта тұр.
Тастар бейне қоз, лақ
Қорасына қамады.
Қол сыртынан қағып ап,
Қарсыласқа ұпай салады.
Ұнатқан оны көбейсін,
Қырағы, епті болады.
Икемсіз, олақ демейсің
Қақпақылшыл баланы.
Достарыңызбен бөлісу: |