Азилхан Нуршайыков. Акикат пен аныз



бет15/29
Дата24.10.2022
өлшемі396,82 Kb.
#154730
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   29
Байланысты:
Ақиқат пен аңыз. Әзілхан Нұршайықов

СЕГІЗІНШІ ДИАЛОГ
І
Автор. Енді қырық екінші жылдың жазына келеміз бе, Бауке?
Бауыржан. Қырық екінші жылдың жазында біздің Калинин майданында да, басқа жерлерде де елеулі ұрыстар болған жоқ. Жергілікті маңызы бар барлау-бақылау, күш сынасу ұрыстары советтермен майданының барлық жерлерінде жүргізіліп жатты. Күшті ұрыстар күзге қарай басталып, қыста өзінің шарықтау шегіне жетті. Ол ұрыстардың аспанға көтерілген алауы Сталинград болды ғой. Сталинград неміс-фашист армиясы күнінің батар алдындағы алауы болды деп кезінде қолбасы бейнелеп-ақ айтқан еді ғой. Есінде бар ма, бір баяндамасында оның былай дегені: «Жалмауыз Гитлер түріктің «Джумхуриет» газетінде жарияланған түрік генералы Эркилетпен жасаған әңгімесінде былай дейді: «Біз Ресейді құртамыз, сөйтіп, оны ешуақытта қайтадан бас көтере алмайтын етеміз». Ақымақ шалыстау айтылғанымен, мәселе айқын сияқты... Біз мұндай, міндетті, Германияны құртуды көздеп. отырғанымыз жоқ, өйткені Ресейді құрту мүмкін еместігі сияқты, Германияны құрту да мүмкін емес. Бірақ гитлершіл мемлекетті құртуға болады және ол құртылуға тиіс». Қолбасшының осындай уытты сөздерін радиодан естігенде немесе газеттен оқығанда жауынгерлер әрі күліп, әрі қайраттанып қалатын. «Қойға шапқан батырың, қасқыр көрсе қой болар» деген сөз марқұм Жалмұхаммед Бозжановтың аузынан түспейтін мәтелі болып кетіп еді. Оны бірдеңеге жұмсағын келіп «Жолтай!» деп қасыма шақырсам-ақ болды, жаныма жүгіріп келіп:
— «Қойға шапқан батырын, қасқыр көрсе қой болар!» Құп болады, аға, — деп күлімдей қаздиып тұра қалатыны күні бүгінге дейін көз алдымда. Шабуылға шығарда ол ылғи: «Неміс оккупанттарына өлім келсін!» деуші еді.
Мұны айтып отырған себебім командирдің айтқан сөзі айқын, берген бұйрығы нақпа-нақ болуы керек. Жауынгер командир сөзінің болбыр болғанын ұнатпайды. Өйткені жауынгер командирден бұйрық қана емес, сол бұйрықты орындайтын жігерді қоса алуы керек. Жауынгер ол жігерді командир сөзінің үн ырғағынан, оның ойының салауат, салмағынан іздейді. Командирдің аузынан шыққан әрбір сөздің қайрат-күшінен, дәлдік шындығынан іздейді. Сөз шындығы — қайратты қару. Жоғарыда айтылған атақты Холм жорығында, бір деревняда алдынан танк шыға келгенде тайсақтап кейін шегінген жауынгерге: «Анаңнан ұл боп туғаның рас болса, ана танкті құртқын!» деп бұйрық бергенім есімде. Содан кейін ол жігіт қайта ілгері ұмтылып, танкты құртты.
Мінеки сөз шындығының күші деген осы. Мен оның анасын айтқанда алғашында қаймығып қалған жауынгер жігерленіп кетті. Сөйтті де танкті құртты. Командирдің берген бұйрығында, жаңағы қолбасшының сөздері сияқты, не күлдіретін, не қайраттандыратын шындық көрініп тұруы керек. Бұйрығыңды айтып, оның үстіне жаңағыдай жанды жанитын жігерлі сөздерді қоссаң, жауынгерге сол жетеді. Бұйрықты орындауға кетіп бара жатқан ол сенің қайратты сөзін есіне түскенде, күліп те алады. Ал күлкі кісіге қайрат береді. Жауға қарсы жылап жылжыған солдат жыраққа жете алмайды. Күліп ілгерілеген солдат қана игілікті іс тындырады. «Күліп» дегеннің солдаттың жынданған кісіше өз-өзінен қарқылдап күлуі емес, бұйрықты орындауға іштей жігерленіп, қайраттанып баруы деген сөз екені түсінікті ғой саған?
Жаңа мен жоғарыда Сталинградты атадым ғой. 1942 жылдың 28 сентябрінде бұрынғы Сталинград майданы Дон майданы болып қайта құрылды. Оның командашылығына біздің генерал Рокоссовский тағайындалды. Оны неге «Біздің генерал» деп отырғанымды түсінесің бе? Түнсінбесең былай. Қырық бірінші жылы жау Москваға төніп келгенде 30, 1 Екпінді, 20, 16, 5, 33-ші және 43-ші армиялар тосқауылда тұрды. Москваға ең ұрымтал жер (30 километр) генерал Рокоссовский басқарған 16-шы армияның тұсы еді. Біздің 316-шы атқыштар дивизиясы генерал Рокоссовскийдің қолындағы қуатты қарулардың бірі болды. Генерал Панфилов қаза тапқанда қабырғасы қайысқан адамның бірі де сол кісі екен. Оны менің батальоным 20 ноябрьде қоршаудан шығып келгенде майор Елин мен комиссар Логвиненкодан естідік. Оның үстіне Рокоссовский мені ең бірінші рет өз қолымен полк командирлігіне тағайындаған кісі. Оны кітабымның «Сенім» деген тарауында айтқанмын. Ендеше, Москва түбіндегі аса қатал, қанды ұрыстарды басымыздан бірге кешіргендіктен, ол кісіні «біздің генерал» деп атауға хақым бар ма, жоқ па менің?
Сол кісінің қалауы бойынша генерал Чистяков 21-ші армияның командашасы болып, Дон майданына кетті. Кім де болса қайратына көзі жеткен адамдарды ғана өзіне серіктікке алады ғой. Генерал Чистяков оның сенімін абыроймен орындады. Сталинградты жаудан азат етуде 21-ші армия аса зор даңққа бөленіп 6-шы гвардиялық армия болып аталды. Содан кейін бұл армия атақты Курск доғасында да үлкен ерлік көрсетті. Сөйтіп, генерал-лейтенант атағын алған Чистяков тура бір жылдан кейін 1943 жылдың сентябірінде, 6-гвардиялық армияны бастап Калинин облысына қайта келіп, 2-Балтық майданының қарамағына кірді.
Менің айтайын деп отырғаным генерал Чистяков Дон майданына кетер алдындағы оқиға. 1942 жылы 26 сентябрь күні таңертең ерте корпус командирі генерал Чистяков пен армия командашысы генерал Галицкий екеуі келіп, біздің полктың қорғаныс шебін аралап көрді. Кетерінде Чистяков маған кешке қарай корпус штабына кел деп бұйырды. Генерал Галицкийдің қорғаныс шебін жақсарту жайындағы нұсқауларын орындап болғаннан кейін, түс ауа, корпус штабы тұрған Княжий Клин қыстағы қайдасың деп, Ақбоз атпен құйғыта кеп жөнелдім. Жолда, жиі қойылған бақылау постыларының бірінен соң бірінен өтіп, документ көрсетіп жүріп, кешігіңкіреп қалыппын.
Автор. Княжий Клин дейсіз бе?
Бауыржан. Иә.
Автор. Менің жинаған материалдарымның ішінде қырғыз ақыны Сүйінбай Эралиевтің бір өлеңі бар еді. Сонда Княжий Клин деген сөз бар. Тегі қырғыз ақыны Сізді сол деревняда көрген болуы керек. Сол өлеңді оқып шықсам қайтеді?
Бауыржан. Оқығын.
ІІ
Автор. Өлеңнің аты «Ақбозат мінген қолбасы». Шекесінде: «Қазақ халқының қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлына» деген арнау сөз бар.
Княжий Клин селосы, Жайладық жетіп төрін біз, Майданнан жырақ жер осы, Бұл бірақ күзет шебіміз.
Осында тоқсан жол-торап,
Ұмытпа жалғыз міндетті:
Мандатын тексер, тұр қарап, —
Кім келді, будан кім кетті.
...Ойқастап міне, Ақбоз ат
Жарқ етіп алдан көрінді.
Аспаннан әлде нақ сол сәт
Ақша бұлт оқыс бөлінді.
Құйғытып келед адырдан
Құрбыма айттым: «Бауыржан!
Тоқтатам құдай болса да,
Уставка бәрі бағынған!»
Сол, Момышұлы! Есіттім,
Аңыздай атын көптенгі.
Полкымен жолын кесіпті
Мәскеуге шапқан көп қолдың.
Болсам да қанық даңқына,
Көрмеп ем өзін өмірі.
Ойнайды желмен шалқыма
Бурканың екі өңірі.
Келеді зулап командир,
Майданда сондай ер екен!
Көрінді қызық маған бұл.
Тоқтатсам ол не дер екен?
Белгімді сезе қойды ма,
Тізгінін тежеп атының
Әлде не түсті ойына,
Аяңға көшті ақырын.
Кексе ме десем, жас екен,
Жігіттің дөйі тас бекем.
Жалынан сипап боз аттың
Аяулы тілде сөз қатты:
— Құлыны болып жүрмегей,
Қырғыздың әлде қазақтың?
«Қай тілде, — деп тұр, — сөз кебі»
Қадала маған қарады.
О, неткен өткір көздері!
— Өңмеңнен өтіп барады.
«Қырғызбын!» дедім қымсынып,
(Тоқтатқан үшін қаймыға).
— Бауырымсың,— ортақ тіршілік
— Барғанмын талай айлыңа...
Танитын ұл бол еліңе!
Қолымды алды иіліп,
Атылды Ақбоз еліре,
Айқасты тілеп сүйініп.
Еріне жағар әрбір ат,
Қасиетімен әрқандай.
Ал мына Ақбоз арғымақ
Ақ сүтке малып алғандай.
Арқырар Ақбоз ұрыста,
Айқастың қызып дуынан.
Жарқылдар қиғыр қылыш та,
Сығырай шығып қынынан.
«Жақсы аттың көркі ерімен,
Жарастық сондай бар мұнда:
Кинодан талай көріп ем,
Ер Чапай тұрды алдымда
Бауыржан. Аударған кім?
Автор. Мұзафар Әлімбаев. Қырғыз ақыны өзіңізді көрген тәрізді-ау өзі.
Бауыржан. Немесе біздің полкта болған қырғыз жігіттерінің бірінен естіген болар. 316-ші дивизияның шүу басында негізі қырғыздар мен қазақтардан құралғанымен, генерал Панфилов оны интернационалдық дивизия етіп жасақтады. Онда орыстар да, украиндар да, белорустар да, өзбектер де, татарлар да, азербайжандар да, башқұрттар да, чуваштар да, ұйғырлар да және басқа көптеген ұлттардың өкілдері болды. Ұлттық құрамы жағынан алғанда біздің дивизиямыз көп ұлтты Отанымыздың кішірейтілген макеті сияқты еді. Мұндай құраманы коммунистік барлық қасиеттерді жүрегіне жинаған нағыз интернационалист командир ғана ойдағыдай басқара алатыны аян. Биік құзға салған бүркіт балапанындай, асқар Алатаудың бөктерінде дүниеге келген жас дивизияның бесігін, күні-түні ұйқы көрместен, осынау Алматыдан сонау астанаға дейін тынымсыз тербеткен генерал Панфилов дәл осындай кісі болды. Ол дивизияға керекті командирлерді де әр ұлттың нағыз халықтық әскер — Қызыл Армия қатарында шыңдалған патриот өкілдерінен таңдап алды. Міне осы орасан шайқаста еліміздің өзге ұлт жауынгерлері сияқты, ұлы Манастың ұрпағы қырғыз жігіттері де ересен ерлік көрсетті. Қырғыз-қазақ балалары, егіз қозыдай болып, жау танкін жайратуға қол ұстасып қатар жүгірді. Қайсарлығы да, қаһармандығы да ұқсас бұл екі халықтың ұлдары өжет орыс жігіттерінің қос қанаты, өзге ұландардың жолдасын жауға бермес жан серігі бола білді. Патшалы Ресей тұсында бір-бірімен құдай жұлысып келген бұл екі халықтың Ұлы Октябрь революциясы шыңдаған болаттай берік достығы осы соғыста одан сайын нығая түсті. Сүйікті Отанның қасиетті жеріне қырғыз-қазақтың қаны қатар төгілді. Денелерін тілкемдеп оқ тесіп бірнеше жерден жаралы болса да алғы шептен бір адым да артқа шегінбеген олар қолдан қуат, буыннан әл кеткенде бір окоптың түбіне гүрс етіп қатар құлап, құшақтасып жатып жан тапсырды. Сөйтіп олар туысқандар моласына өздерінің ер достарымен қатар көмілді. Қырғыз жігіттерінің керемет ерліктерін мен өз көзіммен сан рет көрдім. Дүйшенқұл Шопошов, Бүркіт Әлішеров, Әшірбай Қоянкөзов, Тоқтағұл Шабеков тәрізді ондаған қырғыз жігіттерінің қажыр-қайратына сүйсіндім. Мен осылардай отаншыл ұл тәрбиелеген, сан жағынан кішкене де болса мүскене қырғыз халқының алдына бас иемін! Жалғыз қырғыз халқы ғана емес, ақ сүтімен тәрбиелеген адал ұлдарын Отан қорғау жолындағы қасиетті жорықтарға бастау үшін менің полкімнің кейіннен мен басқарған 9-ші гвардиялық дивизияның қарамағына берген орыс, украин, белорус, татар, еврей, грузин, армян, азербайжан, тәжік, өзбек, башқұрт тағы басқа халықтардың алдына тізе бүгіп, тәжім етемін!
Автор. Бұл жерде де біраз философияға бардыңыз, Бауке.
Бауыржан. Немене, менің философиям ұнамай отыр ма саған? Онда тыңдамағын!
Автор. Қойдым, Бауке, қойдым. Ал Сіз қазір, қырғыз ақыны айтқандай «аспаннан бөлінген ақ бұлттай» немесе «ақ сүтке малып алғандай» Ақбоз атпен корпусқа қарай келе жатырсыз. Чистяковпен кездесейік, кәне.
ІІІ
Менің жаңағы сөзіме шамданып қалған Баукең дүрдиіп біраз үнсіз отырды. Содан кейін, арамызда ештеңе болмағандай қайтадан сөзін жалғады. Менің ойыма қазақтың бір ескі мақалы түсті. «Жаманның ашуы — басы жерге жеткенше, жақсының ашуы — жібек орамал кепкенше» деген осы екен-ау деп ойладым ішімнен.
Бауыржан. Мен корпус штабы тұрған жерге күн батар алдында келген едім. Штабтағылар Сізге генерал блиндажға келсін деп бұйырды деді. Блиндажда корпус комиссары. С. А. Егоров екеуі ғана отыр екен. Мен генералға келгенімді баяндап рапорт бердім.
Панфилов марқұм кісімен тек қана «сіз» деп сөйлесуші еді. Тек қана «жолдас пәленше» деп фамилияңды атайтын. Ал Чистяков ұрысарда немесе бұйрық берерде ғана «сіз» деп сөйлеп, ресми емес жағдайда «сен» деп және атыңды атап сөйлесе беретін.
— Кел, кел, Бауыржан, — деді ол маған қолын ұсынып. — Ескі достардан жетпей тұрғаны сен ғанасың.
Буған қарап мен болатын әңгіменің ресми емес екенін аңғардым. Әңгіме ресми болмаса да, мен өзімді ресми күйде ұстап, генералдан соң комиссардың қолын алғаннан кейін де тік қалпымда тырп етпестен тұрып қалдым.
Генерал стол басына шақырды. Өзі ортаға жайғасты да, комиссарға сол жағынан, маған оң жағынан орын нұсқады. Отырарда, орындыққа тиіп менің қылышым сарт ете қалды. Генерал жымиды да:
— Бұл қылышты қашан тастайсың, Бауыржан? — деді.
— Жауды жеңіп, әскерден босанғаннан кейін мұны музейге өткіземін, жолдас генерал.
— Жігіт! Осындай өзгермейтін өз дәстүрі бар адамдарды ұнатамын, — деді де генерал Егоровқа қарай бұрылып, содан соң оған өзінің мені ең алғаш осы қылышты көтеріп шауып жүргенде көргенін айтты. — Бірақ сол жолы астындағы атының құйрығын шауып алды бұл батыр. Ал оның дәлелді себептері бар еді...
Мен қысылып, үнсіз отырдым. Генералдың адьютанты дастарқан жайып, үшеуіміздің алдымызға ас қойды.
— Ал, Бауыржан, — деді генерал асқа икемделген ыңғай таптым. — Мен ертең Москваға жүргелі отырмын. Тегі басқа жаққа ауысармын. Ауыспасам қайтып келермін, кет демессіңдер.
— Әрине,— деді комиссар басын изеп. — Сол дұрыс болар еді.
— Оны бара көреміз, Сергей Александрович, — деді генерал сөзін жалғап. — Басқа жолдастармен телефон арқылы тілдестім. Бірақ ешкімді шақырмадым. Сені шақырып отырған себебім екеуміз 8-ші гвардиялық Панфилов дивизиясынан бұрынғы ескі доспыз. Сонау Қиыр Шығыста, қиын кездерде табысқан адамдармыз. Сондықтан сенімен қоштаспай кетуді жөн көрмедім.
— Рақмет, жолдас генерал, — дедім мен басымды иіп. Генералдың бұл сөзі маған соншама жылы тиді. Іштей қатты толқып, тебіреніп қалдым.
— Осыны, — деді генерал қырлы стаканды орталай құйылған арақты қолына алып, — мына сіздердің денсаулықтарыңыз үшін, осы отырған үшеуіміздің ұямыз 8-ші гвардиялық дивизия мен 2-ші гвардиялық корпустың және менің туған жерім Калинин облысын жаудан толық азат ету үшін күресіп жатқан Калинин майданы әскерлерінің жаңа табыстарға жете беруі үшін, алып қоялық.
— Бәлкім, қайтып келерсіз, туған жеріңізді жаудан бірге азат етерміз, Иван Михайлович, — деп күлді комиссар онымен және менімен стаканын соғыстырып жатып.
Екінші тосты генералдың денсаулығы мен барған жерінде абыройлы болуы үшін деп Егоров көтертті.
Ас арасында генерал тағы да Қиыр Шығыс туралы әңгіме қозғады. Уссурий өлкесінің қаһарлы қысы біткеннен кейін қырқұлақ ауруы басталатынын, әлденеше рет дивизия жауынгерлерін жүзімнің, ағаштың жапырағын қайнатып ішкізіп, ащы пияз жегізіп аман алып қалатынымызды айтты. Талай рет белуардан батпақ кешіп жасаған жорықтарымызды есіне түсірді. Осы арада менің құйрығы шолақ ақбоз атты жаяу жетектеп, батпақ кешіп дивизия штабынан полкке келгенім ойыма оралды да, генералға өмір бойы тісімнен шығармай көкірегімде сақтап келген сұрағымды қойдым.
— Жолдас генерал, бір сұрақ қоюға бола ма?
— Сұра, Бауыржан, — деді генерал.
— Комбриг Дотоль мен полковник Коваленко кетіп, Сіз біздің дивизияға келгеннен кейін бір күні мені шақырттыңыз, жолдас генерал. Сонда мені тек қана атымның құйрығын шауып алғаным үшін дивизия штабынан полкке дейін жаяу баруға жазалайын деп қана шақырдыңыз ба жоқ әлде басқа себебі болып па еді?
Генерал ол оқиғаның желісін еске түсіріп, сәл ойланып алды да басын шайқады.
— Жоқ, ол үшін емес. Сенің сол жолы халін мүшкіл болатын. Бірақ менің сенімен сөйлесіп, кім екеніңді білмей жатып қолыңнан жетектетіп қоя бергім келмеді.
— Онда мен осы өмірім, тіршілігім үшін Сізге қарыздар екенмін, жолдас генерал.
— Егер олай десең сен ол қарызыңды әлденеше есе ғып, асырып өтедің, Бауыржан.
— Онда менің Сізді әкемдей құшақтап, сүюіме рұқсат етіңіз, жолдас генерал, — деп жүйе-жүйем босап, орнымнан тұрдым...
Тағы бір сұрақ көмейіме келген еді. Өткен апрельде, 8-ші гвардиялық дивизиядан 2-гвардиялық корпусқа ауысып бара жатқанда генерал тағы да мені шақырып алып, былай деген болатын.
— Сен туралы ойларым бар еді, оны жүзеге асырып үлгірмедім. Бірақ Иван Ивановичке тапсырдым, сол кісі қамқорлық жасар, — деген.
Алдында сол ойыңыз не еді деп сұрағым келген болатын. Енді мына әңгімеден кейін оны сұраудың ешқандай қажеттігі болмай қалды.
— Басқа қандай сұрағың бар? — деді генерал.
— Ешқандай сұрағым жоқ, — дедім мен екі аяғымды сарт еткізіп. — Жолыңыз болсын, жолдас генерал, жауынгерлік зор табысқа жетуіңізге тілектеспін!
Сөйтіп, генерал Чистяков Москваға аттанып кетті. Одан кейін Дон майданына барғанын білдік.
Осылай деп Баукең бір тоқтап тағы да темекіге қол созды. Баукеңнің аузынан шыққан сөздерге кәнігі хатшыдай болып төселіп алған менің оң қолым жаза-жаза қатты салдырап қалған еді. Құрысын жазайын деп, моторы жаңа ғана сөндірілген кішкене самолеттің пропеллеріндей қалбаңдатып, қолымды бірер рет сермедім де, тез тоқтата қойдым.
Тоқтата қойғаным генерал-полковник Чистяковтың жоғарыда келтірілген: «Бұлардан басқа Момышұлының маған ұнайтын тағы бір қасиеті болатын, ол оның шыншылдығы еді. Мен оның қанша қиын болса да, тіпті одан өзіне зиян келсе де тек қана шындықты айтатынын білуші едім» — деген сөзі дәл осы сәтте сақ етіп қайтадан ойыма оралды. Алғашында мен бұл сөзді журналдан оқып бергенімде «Оны неғыл дейсің?» деп Баукең бетіме ажырая қараған болатын.
Генералдың бұл сөзіне Момышұлы мақтанатын, қуанатын болар деп ойлап едім. Бірақ Баукең ондай нышан білдірмеді. Чистяковтың бұл сөздері басылған журналды алтын тапқандай қуана қолтықтап ентелей басып, ентіге кірген маған ол жылы қабақ көрсетпеді. Журналдағы өзі туралы айтылған тамаша бағаны оқып бергенімде «оны неғыл дейсің?» деп зірк ете түскенде мен қатты қысылып, шынымды айтсам, ренжіп қалдым. Сол сәтте басыма осы кісі Чистяковті ұнатпай ма екен деген ой келді. Сасқанымнан мен: «Жай, Бауке. Сол кісімен қалай кездескендеріңізді айтпайсыз ба?» дей салғанмын. Бұрынғы барлық сұрақтарыма берген жауаптары сияқты, Баукең бұл сұрағыма да жауап қайтаруға кіріскен. Бірақ ол жауап осындай үлкен әңгімеге ұласып әрі драмалық, әрі жан тебірентерлік детальдары бар дүние болып шығар деп тіпті де ойламаған едім. Генерал Чистяковтың өз мемуарында жазған «Момышұлының маған ұнайтын тағы бір қасиеті — шыншылдығы еді» дегенінің мәнісі міне енді келіп шықты. Мұны да Баукең «Иә, біздің генерал ғажап кісі еді, мені жақсы көруші еді» деген сияқты құрғақ сөздермен емес, жоғарыдағыдай, жан тебірентерлік әңгіме етіп айтып берді. Онда да өзін-өзі дәріптеп, көтермелей сөйлеген жоқ, генералды алға ұстай отырып, өзінің іс-әрекеттерін генералдың әртүрлі бұйрықтарына байланыстыра баяндады. Ұзын ақ мүштікке жалғап, папирос тұтатқалы жатқан Баукеңнің саласынан ет қашқан арық ұзын саусақтарының діріл аралас қимылына көз сала отырып мен оның шыныдай мөлдір шыншылдығына сүйсіндім. Сонымен бірге оның әңгіме айтқыштық өнеріне тағы да ғажаптандым. Қандай сұрақ қойсаң да Баукең оның жауабын өзінше сюжетке негіздеп, қарапайым да болса композицияға желілеп айтады. Сюжет, композицияны ол алдын ала құрып алмайды, сенің сұрағың қойылғаннан кейін соған жауап бере отырып, қиюластырып құрастырып әкетеді. Бұл шапшаңдық оның әртүрлі жауынгерлік жағдайда тез шешім қабылдап үйренгендігін, сонау ескі әскери дағдыны танытқандай еді. Баукеңнің Чистяков жайындағы бұл әңгімесі мені одан сайын толғандыра түсті. «Сенің қандай ғажап ұстаздарың болған, Бауке! Сол ұстаздарың сені мәпелеп тәрбиелеген. Сені олар талай-талай апаттарға жұмсап, шынықтырған. Апатқа жұмсау арқылы олар өзіңді апаттан алып қалып отырған. Сенің тағы бір асыл қасиетің сол ұстаздарыңды ешқашан ұмытпайтындығың. Тірісінде ұстаз тұтқан ағаларын көзі жұмыла сала ұмытып кететін адамдар аз ба? Сен ондай кісі емессің Бауке. Сені халық сол үшін де жақсы көреді».
Баукеңнің менің не ойлап отырғанымда шаруасы болған жоқ. Темекісін тұтатып, бұрқ еткізіп аузынан түтін шығарды да: «Ал дайынсың ба? Енді не сұраушы едің?» дегендей бұрылып маған қарады.
IV
Автор. 8-ші гвардиялық дивизияның Чистяковтан кейінгі командирі кім болып еді, Бауке?
Бауыржан. Оны 1942 жылдың жазында полковник Серебряков деген кісі басқарды. Ал күзде полковник Серебряков 3-ші екпінді армия штабына оперативтік бөлімінің бастығы болып кетті де, дивизияға Панфиловтан кейінгі алтыншы командир болып Ч. деген кісі келді...
Ал Иван Иванович Серебряковке келетін болсақ, ол кісі өте ақылды, өте бейнетқор адам еді. Басынан кешкен тәжірибесі де ұшан-теңіз мол болатын. Өйткені Иван Иванович бірінші дүние жүзілік соғысқа қатысып, оны аға унтер-офицер боп аяқтаған кісі. Содан соң азамат соғысының университетінен өткен. Міне осы кісі 316-дивизия ең алғаш құрылғанда штаб бастығы болып келген еді. Штаб жұмысын жанындай жақсы көретін, өзіне тапсырылған істі жан-тәнімен беріле атқаратын. Біздің дивизияның даңққа жетуіне бұл кісінің сіңірген еңбегі аз болған жоқ. Өйткені штаб әскерді басқарудың тұтқасы ғой. Ал Серебряковтың қолындағы ол тұтқа дивизия Москваға қарай жойқын ұрыспен жылжымалап шегінгенде де, Крюковаға келіп табан тіреп тоқтағанда да, Москва түбінен ілгері қарай шабуылға шыққанда да үнемі оңтайлы күйде болды. Қолындағы сегіз таспалы бұзау тіс қамшының сабы мықты болса ғана оны жауыңның басына найзағайдай жарқылдата сілтейсің. Сілтегеніңді сілейте аттан құлатасың. Қамшыңның сабы сынық болса, онда ештеңе тындыра алмайсың. Ал Серебряков штаб жұмысын әрқашан алып батырдың сегіз таспалы бұзау тіс қамшысының ырғай сабындай ықшам күйде ұстады.
Бұған қарап полковник Серебряковты қағаздан бас көтермейтін бюрократ екен деп әсте ойлауға болмайды. Оның қағаз құмарлығы өз ісіне қалтқысыз берілгендіктің белгісі еді. Иван Иванович тек қана қағаздағы жазу мен картадағы белгілерді оқуға ғана сауатты емес, сонымен бірге адамның жүзіндегі ой мен жүрегіндегі сезімді оқуға да зерек кісі болатын. Полковник Серебряков солдат үшін қоң етін кесіп беруге әрқашанда әзір еді. Оның штаб жұмысын өте мұқият атқаруы да сондықтан болар деп ойлаймын.
Жоғарыда мен Горюны түбіндегі қиян-кескі ұрыстар кезінде полковник Серебряковтен өмірі ұмытылмайтын жылы хат алғанымды айтқан болармын. Біз Горюны селосын тактикалық есеппен алдымен жауға беріп, артынан оған кірген дұшпанды түнде тас-талқан ете құртып жіберіп, селоны қайтадан өзіміз алып жанталасып жүрген түндердің бірінде мен Серебряковтан... бұйрық емес, әкенің ұлына, ағаның інісіне жазатын кәдуескі сәлем хатын алдым. Ол хатта полковник маған генерал Панфиловтан бастап бәрінің біздің ісімізге риза болып жатқандығын айтыпты. Қай полктің қай жерде екенін көрсетіп, генералдың жоғарыға кеткенін хабарлапты. Содан кейін ісімізге рақмет айтып, алда да абыройлы болуымызға тілектестік білдіріп қолын қойыпты.
Өзің ойлашы, Гитлер Москваны алуға топырлатып елу бір дивизиясын айдаған екен. Соның тура бес дивизиясы біздің бір ғана 316-шы дивизияға жабылған екен. Шекараны бұзғаннан бері күніне 20, 26, 30 километрден алып, ілгері анталап келе жатқан жауды тұсаулы аттай шоқақтатып, күніне бір-екі километрден артық алға аттатпай, бес дивизияның бірдей жағасын жыртып жатқан дивизияның штабында тыныштық бола ма, жоқ па? Оның адамдары бел шешіп бір сағат ұйықтай ала ма, жоқ па? Жоқ қой! Міне сондай жағдайда: дивизия қос қанатын кезек қозғап тағы да бір-екі шақырымға шегініп бара жатқанда, түн ортасында, бірнеше күн бойы кірпік айқаспай көзге ұйқы, шақпақ қантқа жабылған қара шыбындай үймелеп, шаршаған дене сырқырап тыныштық тілеп тұрған сәтте жартылай қоршауда қалған батальонның командиріне ешкімнің бұйрығынсыз өз еркімен хат жазу, сол хатты жазуға өзін-өзі күштеп көндіріп, анау адамның жанына қуат боларлық жылы сөздер тауып қағазға түсіру, ол хатты оқ астында иесіне жеткіздіріп беру кімнің қолынан келеді? Мұндай ауыр жағдайда ондай іс әкеңнің де, адал досыңның да қолынан келе бермейді, қарағым.
Міне Серебряковтың сол хаты қолыма тигенде мен сынық батальоным бүтінделгендей, бүтін ротам батальонға айналғандай қуанып, қайраттандым. Соғыс сияқты ауыр жағдайда жасалған адамгершілік адамға қайрат береді екен. Серебряковтың сол ағалығын, адамгершілігін мен өле-өлгенше ұмытпаспын деп ойлаймын.
Автор. Полковник Серебряковтың ол хаты бар ма Сізде?
Бауыржан. Жоқ. 1942 жылы 1073-Талғар полкының құрылғанына бір жыл толуын атап өттік. Полкымыздың штабы Холм түбіндегі Васильево деген деревняда еді. Деревняның іргесіндегі орман ішінде айналасын жасыл бұтақпен қоршап тастаған полк клубы болатын. Оны бәріміз «Көгілдір клуб» деп атайтынбыз. Осы клубқа полктың әрбір ротасынан өкілдер жиналды. Оған қатысуға дивизия командирі полковник Серебряковтің өзі келді. Салтанатты жиналысты мен аштым. Қызыл Армияның бір жасқа жаңа ғана толған жас полкының Москва түбінен басталған даңқты жорықтарына қысқаша шолу жасай келіп, былай дедім:
— Орыстарда «крестный отец», қазақтарда «өкіл әке» деген сөздер бар. «Крестный» деп жаңа туған жас нәрестеге ат қою салтанатына қатысқан адамды айтады, «өкіл әке» деп сол жаңа туған нәрестенің кіндігін кесіп, жерден көтеріп алған кіндік шешенің күйеуі аталады. Орысша, қазақша екі түрлі айтылатын бұл екі сөздің мән-мағынасы бірдей. Ал жас сәбидің мінез-құлқы, адамгершілігі, ерлік-батырлығы бала туған кезде қасында болған адамдарға тартады деген сөз және бар. Мен дұрыс айтып тұрмын ба, жігіттер? — дедім залға дауыстап.
— Жөн!
— Дұрыс! — деп винтовкаларын тізелерінің арасына қысып ұстап отырған солдаттар орысша, қазақша жамырай үн қатып жатты.
— Ендеше, — дедім мен сөзімді жалғап, — біздің полкымыз ең алғаш дүниеге келгенде соны жас нәрестедей етіп жерден көтеріп, жөргекке орап алған үш адам бар еді. Олар: генерал Панфилов, аға батальон комиссары Егоров және полковник Серебряков болатын. Сондықтан да біздің полкымызға генерал Панфиловтың ерлігі, комиссар Егоровтың сабырлылығы, полковник Серебряковтың сезімталдығы дарыған. Біз өзіміздің осы үш «крестныйымызды», үш «өкіл әкемізді» мәңгілік мақтаныш етеміз!
Зал, команда берілгендей, тегіс орындарынан атып тұрды. Жауынгерлер винтовкаларын оң қолдарына ұстап, тіп-тік боп тұра қалысты да:
— Панфиловқа, ура!
— Егоровқа, ура!
— Серебряковке, ура! — деп «көгілдір клубтың» түндігін көкке желпілдете ұран салып жіберді. Ешкімнің басқаруынсыз, ешбір бұйрықсыз жүздеген адамдардың жүрегін жарып шыққан бұл қуатты ұран жан толқытарлық ғажап күй танытты. Бір сәтке өне бойды әлде бір күш кернеп, сол күш денені абайсызда соққан электрдің тоғындай шымырлата, дірілдете жөнелген сияқтанды. Сонау Алматыдан бері келе жатқан полк ардагері ескі жауынгерлердің көздерінен бұрқ еткен жас көрінді.
Жауынгерлер орындарына қайтадан жайғасқаннан кейін мен дауысымды құлағы босап кеткен домбыра шегіндей, қайта қатайтып, сөзімді аяқтауға көштім.
— Жолдастар, жауынгерлер мен командирлер! Мен жаңа біздің полкымызға полковник Серебряковтың сезімталдығы дарыған дедім. Олай деуге менің әбден хақым бар. Өткен жылы ноябрьдің он сегізі күні генерал Панфилов осы полктың бірінші батальонының командирі маған аса жауапты бұйрық жіберді. Сол бұйрықты орындау жолында біз Горюны деревнясын жауға бермеу үшін үш күн шайқастық. Батальон жартылай қоршауда қалды. Сондай қиын жағдайда мен полковник Иван Иванович Серебряковтан мынадай хат алдым, — деп омырау қалтамнан хатты алып оқып шықтым, — Қиын жағдайда келген бұл хат маған орасан зор күш берді. Батальон жаудың қоршауын бұзып шығып, тағы да дивизияға, полкке кеп қосылды. Міне содан бері сегіз айдан аса уақыт өтті. Бұл хатты мен күні бүгінге дейін жоғалтпастан офицерлік куәлігімнің ішінде сақтап келемін. Енді міне бүгін Талғар полкының бір жасқа толған күні Москва түбіндегі ұлы шайқастарда оқ тигізбей, отқа шарпылтпай аман алып шыққан бұл хатты бүкіл бір батальонға қайрат берген Ұлы Отан соғысының жауынгер документтерінің бірі ретінде Иван Ивановичтың өзіне шын жүректен, аса зор ризашылықпен, құрметпен сыйлауыма рұқсат етіңіздер. Бұл хат бір кісінің, тек менің ғана меншігім болып қалмай, полковниктің басқа да документтерімен қосылып, ертең, жауды жеңгеннен кейін, бүкіл халықтың меншігіне айналсын деген ниетпен сыйлаймын.
Осылай деп хатты полковниктің қолына бердім. Полковник бір қызарып, бір бозарып, саусақтары сәл қалтырап хаттың бүктеуін аша бастады. Өз жазуын, өз қолын танығаннан кейін ол басын изеп, қуана күлімдеп, маған шын жүректен ризашылық білдірді. Оны жоғалтпай ұзақ сақтағаным үшін рақмет айтты. «Москваға қауіп төнген қарбалас сәтте асығыс сүйкектетіп алғы шепке жолдаған бұл бір жапырақ ағалық хатым, достық сәлемім сіздерге қуат болуға жараса, онда мен бақыттымын» — деді.
Иван Иванович Серебряков жалғыз бізге ғана емес, үн-түнсіз жүріп-ақ өзінің іскерлігімен, білімділігімен, адамгершілік мол асыл парасатымен талай адамға медет болған кісі еді. Соғыстан кейінгі алғашқы он жылдың ішінде дүниеден қайтты. Барлық ісін айғай-шусыз атқарып, адамдарға адал қызмет еткен, өз Отанына шексіз берілген асыл ұлдардың бірі еді, жарықтық.
V
Автор. Одан кейін 1943 жылы Талғар полкының құрылғанына екі жыл толғанын да атап өтіпсіздер ғой, Бауке. Онда Сізге қарулас достарыңыз 173825-номерлі маузер сыйлаған көрінеді.
Бауыржан. Оны кім айтты саған? Номерін қайдан білесің?
Автор. Менің архивтен алған материалдарымның ішінде мынадай бір документ бар. Руқсат етсеңіз оқып берейін.
Бауыржан. Оқығын.
Автор. Бұл 19-шы гвардиялық атқыштар полкі 1943 жылы Сізге берген № 28 куәлік. Онда былай делінген:
КУӘЛІК
Берілді гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлына, себебі 19-ші гвардиялық атқыштар полкының құрылғанына екі жыл толған күні оған сыйлыққа: «Талғар полкының екі жылдығы күні гвардия полковнигі Б. Момышұлына. 19-шы гв. атқыштар полкының ардагер офицерлерінен. 25. 7 .43 ж.» деген жазуы бар 173825 номерлі маузер тапсырылды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет