Азилхан Нуршайыков. Акикат пен аныз



бет16/29
Дата24.10.2022
өлшемі396,82 Kb.
#154730
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   29
Байланысты:
Ақиқат пен аңыз. Әзілхан Нұршайықов
Оқу мақсаты. Б к,См, Farm18 19, материалы 10
19-шы гв. атқыштар полкының командирі
гв. майоры Курганский».
— Дұрыс па, Бауке?
Бауыржан. Дұрыс.
Автор. 19-шы гвардиялық полк деп отырғанымыз бұрынғы 1073-атқыштар полкы ғой.
Бауыржан. Иә, И. Д. Курганский осы полктың алғаш негізін қаласқан байырғы командирлерінің бірі еді. Соғысқа дейінгі мамандығы агроном болатын. Бұл жау жүрек азамат алғашында рота, батальон командирі, кейіннен менде полк штабының бастығы болды. Өрттей лаулап тұрған өжет Курганскийдің талай ерлігіне, адамгершілігіне сүйсінген едім. Кейін мен кеткенде ол 19-шы гвардиялық полктың командирі болып тағайындалды. Өз қолымен маған маузер тапсырғандағы оның тебірене сөйлеген сөзі, маған деген достық сүйіспеншілігі, туыстық ықыласы мәңгі есімде қалды... Ер азамат содан бір жыл кейін, 19-шы гвардиялық полкты бастап Резекне қаласын дұшпандардан азат етіп, енді Мадона қаласына беттегенде ерлікпен қаза табады. Артынан подполковник Курганскийге Совет Одағының Батыры атағы берілді. Бұл ұлы жорықта талай батыл солдат, батыр командирлерден айрылдық қой, қарағым. Сөз арасында айта кетейін, біздің 19-шы гвардиялық Талғар полкы ержүрек командирлерге кенде болған жоқ. Оның Курганскийден кейінгі екінші командирі подполковник Иван Леонтьевич Шапшаев 19-шы гвардиялық Талғар полкының Риганы азат ету және дұшпанның Курляндия тобын талқандау ұрыстарында көрсеткен ерекше еңбегі үшін Совет Одағының Батыры деген атаққа ие болды. Айтпақшы, 8-ші гвардиялық Панфилов дивизиясында 19-шы гвардиялық Талғар полкынан басқа ешбір полктың командирше Совет Одағының Батыры атағы берілген жоқ. Ал Талғар полкінің екі командиріне қатарынан бұл аса жоғары атақ берілді. Оның соңғысы Шапшаев соғысты аман-есен аяқтап шықты. Өзіме тете командирлердің ішінде маған Курганскийдің өлімі қатты батты. «Бауыржан, сен басқарған, сенің туған жерінде жасақталған Талғар полкінің атағына кір келтірмеуге мен саған ант етемін!» деген сөзі есіме түсіп, «Есіл ерім-ай!» деп талай рет егіліп алдым. Дивизиядан қара үзіп, туырлықты тесіп өткен найзадай сұғынып, ілгері ұмтылған 19-шы гвардия полкін жау қоршап алады. Арттан дивизия келіп жеткенше полкты тып-типыл етіп жойып жіберуге тырысады. Сол қауіпті сезген Курганский бес рет полкты өзі бастап атакаға шығады. Бірақ жау темір шеңбердей қысып, уысынан шығармайды.
— Гвардиялық полк қоршауда қалып құрымайды. Ол өзінің анасы сегізінші гвардиялық дивизияға барып қосылуға тиіс. Панфиловтың батырлары, Бауыржанның бауырлары ешқандай қамауда қалмайды, қалайда жарып шығады. Еріңдер соңымнан, ерлерім! — деп Курганский Талғар полкін алтыншы рет атакаға бастайды. Барлық күшін бойына жинап, ышқына соққан полк қоршауды бұзып өтеді. Бірақ оның ержүрек командирі оққа ұшады. Сөйтіп Курганский өз өмірін қиып, полкты жойылудан сақтап қалады.
Курганскийдің өлер алдындағы жаңағы сөздерін мен ол өлгеннен кейінгі полктың екінші командирі Шапшаевтың өз аузынан естідім. Соғыстан кейін Калинин қаласында онымен сан рет жолығып, әңгімелестім.
«Соңғы атакаға шығарда Курганскийдің Панфиловты аузына алуы заңды. Бірақ мені атамаған шығар?» деп одан қайталап та сұрадым. Шапшаев Совет Одағының Батыры болса да екі иығын кезек түртіп, шоқынып тұрып мынадай әңгіме айтып берді.
Құдай ақыңа рас, — деді ол. — Онда мен батальон командирі едім. Баяғы өзіңнің бірінші батальоныңды басқаратынмын. Полкқа жол ашуды біздің батальонға жүктеді де, Курганский жауынгерлерге қысқаша сөз сөйледі. Сонда жаңағы сөздерді айтты. Ол сөздерді бірнеше рет кейін мен де айттым. Курганскийден кейін 19-шы гвардиялық Талғар полкының командирі болып тағайындалдым. Онда біз генерал Қазақовтың қарамағындағы 10-шы армияда, сенің 9-шы гвардиялық дивизияң генерал Чистяковтың 6-шы гвардиялық армиясында болатын. Бұл екі армия талай рет иін тіресіп, көрші жүрді емес пе. Қырық бесінші жылы мартта генерал Казаковтың 10-шы армиясы шабуылға шыққанда 8-ші гвардиялық дивизия жаудың ит тұмсығы өтпейтін қалың орман ішіндегі шебін талқандап, бірінші боп алға ұмтылды. Оның ішінде Талғар полкы тағы да алға кетті. Біз тағы да қоршауда қалдық. Панфилов дивизиясы мен өзінің уысынан талай рет шығып кеткен Талғар полкына өшіккен жау бұл жолы бір полкқа екі дивизиясын жапты. Бізге қарсы танктерін де айдап салды. Артиллериядан да талай рет оқ боратты. Бізді сөйтіп он күн мыжғылады. Біз берілмедік. Сонда мен Курганскийдің сөзін қайталап:
— Панфиловтың батырлары, Бауыржанның бауырлары ешқашанда қамауда қалмайды. Гвардиялық полк қоршауда қалып құрымайды, — деп сан рет айттым. Біз Панфиловты дивизияның рухы, сені Талғар полкының рухы деп есептейтінбіз. Сол он күнгі ұрыста Панфилов пен Бауыржанға сан рет сиындық. Сендердің аттарыңды атағанда солдат ерлер сан рет жігерленіп, жауға қарсы ұмтылды. Солдаттар ғана емес, менің өзім де сендерден сан рет қайрат алдым. Сонау Алматыдан Панфилов бастап бірге келгеніміз, Москва түбіндегі қиян-кескі ұрыстар, сенің батальонды бастап талай қоршаудан аман алып келгенін, декабрь шабуылында сенің полкты бастап, ақ қарды бұрқыратып, ақбоз атпен шауып бара жатқаның, сонда сенің менің көзіме атқа мініп шауып бара жатқан адам емес, оқ өтпейтін, қылыш кеспейтін қара бурка қардың үстінде өзінен өзі қалықтап ұшып бара жатқан сияқты боп көрінгенің — бәр-бәрі есіме түсті. Талғар полкының пірі — екі танауы шелектей боп делдиген ақбоз атты көсілте шауып жүрген қаһарлы Бауыржан әрқашанда көз алдымда болды. Ол қоршауда мен қатты жараландым. Жараны сылтау етіп, бірдеңе ғып қоршаудан шығып кетуіме болатын еді. Бірақ Бауыржан менің орнымда болса, полкын тастап кетпес еді деп ойладым да, полкта қалдым. Егер полк құрыса, сүйегім Талғар полкы солдаттарының ортасында қалсын деп ойладым. Зембілде жатып полкты басқарумен болдым... Дивизия мен полктың пірі Панфилов пен Бауыржан деп есептегеніміз рас екен. Оныншы күн дегенде дивизия артиллериядан оқ боратып, бізді қоршаған жауды қиратты да, полкты өз қарамағына алды. Сол жолы маған Совет Одағының Батыры атағы берілді.
Мұны маған 19-шы гвардиялық Талғар полкының соғыс кезіндегі соңғы командирі Совет Одағының Батыры подполковник Шапшаев айтты. Бұл соның әңгімесі. Мен саған содан естігенімді ғана айтып тұрмын. Понятно тебе?
Автор. Түсінікті, Бауке.
VI
Бауыржан. Мен Иван Леонтьевич Шапшаевты ерлігі үшін, әңгімесі үшін құшақтап, бетінен сүйдім. Шапшаев сонау Амурда туғанымен, біздің Қазақстанда өсіп, Турксибті өз қолымен салысқан етене ескі достардың бірі еді. Оның осы әңгімесін естігеннен кейін мен түні бойы Курганскийді есіме алып, қатты толғанып, тебіренумен болдым. «Сақтықта қорлық жоқ» деген қазақтың мәтелі бар. Бұл рас сөз. Бірақ ерлік сақтықтың жетегінде жүрмейді. Өйткені сақтық — есеп. Ерлік есеппен істелмейді. Ерлік ешқандай есепке көнбейді. Ерлікті сантиметрлеп өлшеп, грамдап салмақтап, секундтап санай алмайсың. Ерлік адам жанының лап еткен жалыны, жарқ еткен найзағайы. Ерлік биіктегі кемерінен асып, лақ етіп құздан құлаған тасқын; жер сілкінсе салдыр-күлдір болып таудан төмен қарай лықситын сан алуан тастардың ағыны. Тасқынның қашан төгілетінін, жердің қашан сілкінетінін білмейсің. Білсең де қанша текше метр су құлап, қанша тас домалайтынын, ол зілзаланың қанша уақытқа созылатынын болжай алмайсың.
Ерліктің негізі сүйіспеншілік. Кісі сүйгенінің құлы да, құрбаны да болады. Отанын сүйген солдат ол үшін отқа да, суға да түседі. Сөйтіп саналы түрде ерлік жасайды. Ол ерлікті қай күні, қай сағатта жасайтынын солдаттың өзі білмейді. Сәт-сағаты жетіп, жан толқыны тулап, шиыршық атып аспанға шапшығанда солдаттың жұдырықтай жүрегінен ерліктің жалыны бұрқ ете лаулай атылады. Дүниені дүлей тасқын кернейді. Жер сілкініп, тау төңкеріледі. Күн күркіреп, найзағай жарқылдайды. Солдат ерлік жасағанда осындай болады! Солдаттың жүрегін ерлік атты балапан жұмыртқадай жарып шыққанда осылай болады! Бірақ солдат оны ерлік жасадым деп есептемейді. Азаматтық міндетімді атқардым, Отан алдындағы перзенттік борышымды өтедім деп қана біледі. Ерлік жасаған сәтте солдаттың басындағы ой осы ғана болады. Өзінің ерлік жасағанын өлген солдат білмей кетеді, тірі қалған артынан ұғады. Онда да алғашында ол ондай ерлік жасаған мен емес, басқа біреу болар деп ойлайды. Мінеки, ерліктің ешқандай есепке көнбейтіні де сондықтан!
Әркімнің-ақ ер атанғысы келеді. Елім деп еңіреп туған асыл азаматтардың ерекше еңбегі ғана ерлік боп бағаланады. Екінің біріне ер атағы берілмейді. Он мыңның бірі, миллионның жүзіне ғана тиеді ол құрмет. Ердің еңбегін ел бағалайды. Бір ердің ерлігі жүз жауынгерге үлгі, мыңға өнеге болады. Ердің ерлігін ер қайталайды. Сондықтан да Ұлы Отан соғысында Матросов ерлігі — 275, Талалихиндікі — 176, Гастеллоныкі — 207 рет қайталанды. Ал сен ешкімге ұқсамайтын ерлік жасадың, Ваня. Сенің ерлігіңді үзеңгілес ер досың Шапшаев қана қайталады. Ал біздің 28 панфиловшы батырларымыздың ерлігін ешкім қайталай алған жоқ. Қайталамай-ақ қойсын! Жиырма сегіз ердің жүрегі жаудың Москва түбінде лаулап жанып жатқан елу танкісімен қоса ақтық тамшы қандарын сарқып, туған жердің топырағына құлап жатқан ауыр күндер біздің ешбір ұрпағымыздың басына келмесін! Мен сенің Отаншылдығыңды, азаматтығыңды, ерлігіңді мәңгілік мақтаныш етемін, батыр бауырым Курганский!
Осылай деп таң атқанша бір тебіренгенім бар еді, қарағым... Анда-санда жаңағы сен айтқан маузерді көргенде көз алдыма оны маған соншама ілтипатпен, туған інідей сүйіспеншілікпен, мақтанышпен ұсынған батыр бауырым Иван Курганский елестейді.
Автор. Ол маузеріңіз қайда, қазір, Бауке?
Бауыржан. Музейде.
Жауынгер достарын есіне түсіріп, тебіреніп отырған Баукеңе менің «Маузеріңіз қайда?» деген сұрағым орынсыз көрінді-ау деймін, ол «Музейде» деп бір-ақ ауыз сөзбен қатулана жауап берді де, теріс қарап кетті. Қойған сұрағымды ұнатпағанын білдім де, мен үнсіз отырып қалдым. Расында да ол адам туралы, азаматтар тағдыры жайында сөйлеп отырғанда, менің бір тұтам қарудың қайда екенін сұрағаным орынсыз да еді. Бірақ менің міндетім Баукеңе қатысты нәрсенің бәрін де білу, бәрін де анықтау. Ойыңа келіп тұрған сұрақты сол сәтінде беріп қалмасаң артынан, сөз аралап, ұмытып кетесің. Бірақ бұл Баукеңе дәлел емес. Сондықтан, батыр сабасына түскенше, төмен қарап, үнсіз отырдым. Үнсіз отырып, ақын Сырбай Мәуленовтың «Батыр ағам Бауыржанға» деген мына өлеңін іштей қайталап шықтым:
Кешіп өтіп кешегі от-жалыннан,
Дүниеге ерлігімен танылған.
Кең жаурынды,
Талғардай тік шықты,
Бөрі кеуде, бүркіт қабақ Бауыржан.
Қалтыраған атынан жау ордасы,
Панфиловтың жорықтағы жолдасы.
Даңқ туын майдандарда көтерген,
Гвардия бөлімінің колбасы.
Шежіресін жазып соғыс кезінің,
Бүгін сенің жырға айналды сезімің,
Бүгін тағы естіледі әлемге,
Айқастарда атой салған өз үнің.
Ел аузында ерлігі — аңыз, аты — жыр,
Халқымыздың мақтанышы батыр ұл,
Мерекелі мүшеліңді құттықтап,
Сырбайыңның жазған сәлем хаты бұл.
Қайрат-күшін қан майдандар сынаған,
Сенсің менің ардақтайтын бір ағам!
Ескерткіш боп тұрып қалмай бір жерде,
Алшаң басып жүргеніңе қуанам.
Бір күні мен Сырбайдан осы өлеңнің тарихын сұрадым.
— Осы бес шумақ өлеңнің он бес жылдық тарихы бар, — деді Сырбай дауыл тербеген теңіздей гүр ете қалып. — Өлеңнің қалай жазылатынын өзің білесің. Кей өлең ағаш басынан пыр етіп кеп жерге қонған бір топ торғай сияқты, лып етіп бірден қағазға түседі. Енді бір өлеңдер, көпке дейін жерге түспей, біресе төмендей, біресе жоғарылай қалықтап, аспанда жүріп алатын қалың қара торғайға ұқсап ұзақ уақыт қағазға қонбай қояды... Баукеңді мен бірінші рет 1944 жылдың басында, Алматыда, Жазушылар одағының пленумында көрдім. Мен қырық үшінші жылы майданнан жаралы боп келіп, Қостанай облыстық газетінде қызмет істейтінмін. Жергілікті жердегі әдеби бірлестіктің жетекшісі болғандықтан пленумға шақырылдым. Баукең сонда пленумның президиумында отырды. Біздің екі көзіміз сонда болды: мен оны бөріге де, бүркітке де ұқсаттым. Тегі: «Кең жаурынды, Талғардай тік иықты, бөрі кеуде, бүркіт қабақ Бауыржан» деген жолдар менің ойымда сонда туған болса керек. Бірақ бұл жолдар ол кезде қағазға түскен жоқ. Содан 4—5 жыл кейін мен Алматыдан Көкшетауға дейін Баукеңмен бір самолетте ұштым. Ол кезде таныс емеспіз, тілдескеніміз жоқ. Танысып, сөйлесуге батылым жетпеді. Көкшетау аэродромының айналасы белуардан келетін көкорай шалғын екен. Бауыржанның соған үстіндегі плащ-накидкасын жайып жіберіп, полковник басымен аунай кетіп, Көкшенің көкорай шалғынын құшақтап, аймалағанын көрдім. Бұрқ етіп көзіме жас келді. Анадай жерге барып, Бауыржан орнынан тұрып, қайтадан самолетке отырғанша көз айырмай қарап тұрдым... Қырық тоғызыншы жылы шыққан жинағымда Бауыржанға арналған алғашқы өлеңім жарияланды. Бірақ оған өзім қанағаттанбадым. Алпысыншы жылы Баукең аурудан тұрып, Жазушылар одағына таксимен келіп, қайтып бара жатқанын көргенде жүрегім бір түрлі болып кетті. Астан-кестен ой тулады. «Ескерткіш боп тұрып қалмай бір жерде, Алшаң басып жүргеніңе қуанам» деген екі жол ең алдымен келді. Бұл екінші өлеңімді мен Баукеңнің елу жылдығында жарияладым.
Автор. Жоғарыда Сіз «полктың көгілдір клубы» дедіңіз. «Бауыржанның көгілдір клубында болдық» деген сөзді мен алғаш Әбекеңнен естіп едім.
Бауыржан. Ол кім?
Автор. Әбділда Тәжібаев.
Бауыржан. Ә. Әбекеңнің ол «көгілдір клубты» көргені рас. Немістерді Москва түбінде тоқтатқаннан кейінгі бір әредікте мен Қазақстан Жазушылар одағына хат жазғанмын. Қазақстан жазушылары, мынау сұрапыл соғысты өз көздерімен көрмей үйде отырасыңдар ма? Ертең соғыс туралы шығарманы қалай жазасыңдар? Бұл соғыс тарихта да, әдебиетте де атаусыз қалатын соғыс емес. Бұл совет халқының анау азамат соғысынан кейінгі ең басты, ең шешуші шайқасы. Ендеше осыны келіп көздеріңмен көрмейсіңдер ме, денелеріңмен сезінбейсіңдер ме? — дегенмін. Сол хаттың ішінде бірнеше жазушылардың аттарын атағанмын. Соның бірі етіп Әбділданы да айтқан болуым керек. Оның үстіне Әбділда екеуіміз баяғыда Шымкент интернатында бірге оқыған бала доспыз ғой. Сондықтан Әбділданың тікелей өзіне арнап жазған жеке хаттарым да болса керек. Адам қасында жүргеннің қадірін біле бермейді. Өлген соң өкінеді, өлген соң өкіреді. Әйтпесе Әбділда деген ұлы ақын, ұлы азамат қой, шіркін! Өзің ойлашы сен бір ауыз сәлем айтқан екен деп толарсақтан қан кешіп, оқ пен оттың ішінде жүрген саған қай досың артыңнан іздеп келеді? Шешең келсе келер, әкең келсе келер. Бірақ соғыстан бес мың километр алыста, тыныш үйде, тыныш жайда, бала-шағасының қасында жылы ұяда отырған бөгде біреу сені қалай іздеп келеді? Соның бәрін тастап, ешкімнің әмір-бұйрығынсыз, соғыс кезінің әр сағат, әр тәулігі еліммен ұштасып жатқан ауыртпалық қиыншылықтарына қарамастан майдандағы солдаттарға сәлем беремін деп келу үшін адамға қаншама қажыр-қайрат, адамгершілік, азаматтық сүйіспеншілік керек десеңші! Соны мен бірінші рет осы Әбділданың басынан көрдім, қарағым. Ақпейіл ақынның аңқылдап майданға келіп қалғанын бірақ білдім. 1942 жылдың апрелінде корпус штабынан дивизияға келе жатқан жолда машиналарына бомба түсіп істен шығып, көктем кезіндегі Калинин облысының қара батпағын жарымжан аяғымен тізеден кешіп, жиырма шақырым жаяу жүріп, қап-қара боп түтігіп Талғар полкына келген Әбділданы көргенде төбе шашым тік тұрды. Тамағыма бір нәрсе кептеліп қалғандай, дыбысым шықпай оны бас салып құшақтай алғаным есімде. Жігіттердің жиналып қалғанына қарамастан, екеуміз қайта-қайта сүйісіп, бір-біріміздің бас-аяғымызға қайта-қайта қарай бердік. Мен қасымызда тұрған қаһарман солдаттардың қаһарлы командирінен арсалаңдаған балаға айналып кеткен сияқтандым. Өйткені, Әбділда өзімен бірге майданға менің балалық шағымды арқалап алып келді. Ол менің балалық шағым бауырында өткен қазақтың Қаратауын қасыма әкеп қойғандай болды. Мен оны көргенде алыстағы елімнің алтын ордасы Алатауға арқамды тіреп тұрғандай болдым. Әбділдамен бірге бүкіл қазақ даласы қасыма көшіп келген сияқтанды.
— Неге келдің? Мынау бұршақ орнына төбеден бомба жауған майданда өліп қалсаң қайтесің? Неге келдің, Әбділда? — дедім мен бір кезде даусым шығып.
— Өлсем сенен жаным артық па? Мынау тұрған көген көз боздақтардан жаным артық па? — деді ол.
— Біз солдатпыз, сен ақынсын ғой, Әбділда-ау.
— Солдатыма сүйегім сырқырамаса менің нем ақын, нем азамат, Бауыржан?! — деп әбден қажып келген Әбділда сылқ түсіп блиндаждың жиегіне отыра кетті.
Содан Әбділда бірнеше күн менің полкымда, менің қасымда болды. Дивизияға елден сыйлық әкелген Қазақстанның өзге делегаттары әлдеқашан қайтып кетті. Елдің хабарын айтып, жалынды өлеңдер оқып Әбділда менің де, менің полкымның жауынгерлерінің де құлақ құршын қандырды. Сол аз уақыттың ішінде солдаттар Әбділданы әкесіндей көріп кетті. Кейінгі жылдарда майдандағы біздің дивизияға Әбділда салған айқын жолмен Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқанов, Жүсіпбек Елебеков сияқты бірсыпыра мәдениет пен өнер қайраткерлері ат ізін салды. «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» дейді ғой қазақ. Соғыста кімді бұрын көрсең, сол қымбат. Әбділданың өзге тұрғыластарымнан ыстық көрінетін бір себебі сол, қарағым. Оның үстіне Әбділданың әкедей ақылгөй, шешедей мейірбан, парасатты өлеңдеріне тәнтімін. Мен үшін қазіргі өзге ақындар бір төбе де, Әбділда бір төбе. Мінеки, Калинин ормандарының қылқандарынан жасалған полктың «Көгілдір клубын» соғыстың қақап тұрған қатал жылында қазақ ақыны Әбділда Тәжібаевтың асқақ үні кернеді. Ол үн жауынгерлердің жүрегіне қайрат боп тұнып, Калинин орманының ішін кернеп кетті. Жауынгер жігіттермен қоса орманның бұтақтары да ақынның сөзін ұғып, теңселе тербеліп, бас изеп тұрған сияқтанды. Соғыстан кейін, бертінде Калинин облысына барып қайтқан жігіттердің бірі маған әзілдеп:
— Бауке, жел соқса Калинин облысының ормандарына дейін қазақша ән салады екен, — деді.
— Ән салса оны 8-ші гвардиялық Панфилов дивизиясының жауынгерлерінен, сол жерге ең алғаш келген қазақ ақыны Әбділда Тәжібаевтан үйренген болар, — дедім мен оған шындап жауап беріп.
VII
Автор. Әбекең ол Жолы Сіз туралы өлең шығарған жоқ па?
Бауыржан. Оны өзінен сұрағын.
Жоқ, мен оны сұрамаймын, Бауке. Әбділда Тәжібаевтың 1942 жылы майданға барғанда Бауыржан Момышұлы туралы өлең шығарғанын бұрыннан білемін. — Ол өлеңді орысшаға Самуил Яковлевич Маршак аударып «Известия» газетінде басылып еді, — деген болатын маған ақын. Бірақ Әбекең ол өлеңнің өзінің қай кітабында жариялағанын есіне түсіре алмаған. Артынан мен ол өлеңнің қазақшасын да, орысшасын да тауып, салыстырып оқып шыққанмын. Қазақшасы «Бауыржанға» деген атпен 1945 жылы жарияланған «Өлеңдер жинағы» деген кітапта шығыпты. Орысшасы «Великан» деген атпен ақынның 1958 жылы Москвада басылған «Песнь о друге» деген жинағына еніпті. Өлеңнің бас жағында ақын балалық шақта Бауыржан екеуінің көк майса кең далада бірге жүгіріп өскенін, садақ тартып, қарға атып ойнағандарын еске алады. Көрші кемпірдің балаларды оттан, судан, қара құстардан қорғайтын алып жайлы айтатын әңгімесін қатар отырып, қызыға тыңдайтындарын, ертегідегі алыпты екеуінің өз әкелеріндей жақсы көріп кеткендіктерін айтады. Сол бала күнгі досын сағынып, бір көруге зар болып, төбеден неміс самолеттері жаудырған бомбаға да қарамастан ілгері басып келе жатқан сәтін ақын былай баяндайды:
Келем қалың қара орманмен,
Көрсем деймін тездеп сені.
Қара құстар көктен төнген,
Бөгемеші жолда мені.
Шегінбедім, сескенбедім,
Тоқтамады салған әнім.
Тек тезірек жетсем дедім.
Сағынғаным — Бауыржаным!
Ақ қайыңдар ортасында
Тұрдың берік жас емендей.
Көріскеннен жайдық құшақ
Ғашық жарлар кездескендей...
«Қош» дедің сен, міндің атқа.
Құтқаруға бөбектерді!
Қайрымды алып, кемпір айтқан,
— Сен екенсің, ұқтым енді.
Бұл өлең «Известияға» басылмас бұрын алдымен республикадағы ана тілінде шығатын газеттерде басылыпты. Майданда Бауыржан деген батыр бар екені байтақ Қазақстанға, бүкіл Отанға алдымен осылай тарапты. Ойлап қарасам біздің «Бауыржанымыздың» басы Әбекеңнің осы өлеңінен басталатын сияқты. Бұған дейін Бауыржан есімі «Момышұлының бірінші батальоны Горюны, Матренино аудандарында жаумен шайқасты» деген сияқты полктан дивизия штабына жіберілген әскери ақпарларда ғана аталып келген. Пулемет ротасының командирі жас ақын Василий Вершининнің 316-атқыштар дивизиясының органы «За Родину» газетінде басылған өлеңінде Б. Момышұлына арналған мынадай бір ғана шумақ бар:
...Он помнит, что служит народу,
Что путь наш суров и велик.
За счастье людей, за свободу
В бой идет молодой большевик...
Полк, дивизия ақпарларынан Момышұлының есімі ең алғаш «Известия» газетінің бетіне көшті. Өлең тақырыбының астындағы «Гвардия капитаны Бауыржан Момышұлына» деген сөздерге миллиондаған көздер қадалды. Миллиондаған әкелер мен аналар, жас жарлар мен жас өспірім жеткіншектер гвардия капитаны Момышұлының кім екенін білмесе де, оның фашистердің құлдығындағы совет адамдарын, барлық сәби балаларды азат етуші алып екенін, қазақ халқының қаһарман ұлы екенін көңілдеріне түйіп алды. Бауыржан атын бүкіл Қазақстанға кеңінен танытқан бұл өлеңді тамаша орыс ақыны Маршак орыс тілінде аударып, ол есімді барша байтақ Отанға мәшһүр етті.
Тәжібаев өлеңінің Маршак аудармасы «Известия» газетінде жарияланғаннан кейін іле-шала 1942 жылы 18 майда «Правда» газетінің бетінде Совет Информбюросының мынадай хабары жарияланды:
«Калинин майданының бір участогында дұшпан біздің бір бөлімшемізге шабуыл жасады. Бауыржан Момышұлының қол астындағы біздің жауынгерлер жауға миномет пен пулеметтен оқ жаудыра қарсы алды, одан кейін қарсы шабуылға шығып, гитлершілдерді кейін сырғытып тастады. Ұрыс даласында жаудың 120 солдатының өлігі жайрап қалды. Фашистердің 2 танкі қиратылды».
Осылай деп «Правда» газеті ер есімін елге жайды. Осыдан кейін «Красная звезда» газетінің бетінде Бауыржан есімі жиі атала бастады. Александр Кривицкийдің очерктері, Александр Бектің атақты кітабының алғашқы бөлімдері дүниеге келді. Қазақ ақындарының Бауыржанға өлең арнамағаны кемде-кем болды. Тіпті кейбір ақын арасына бірнеше жыл салып, екіден — үштен өлең арнады. Мәселен, Тәжібаев Момышұлына деген алғашқы өлеңін 1942 жылы жазса, отыз жылдан кейін оған арнап екінші өлеңді және шығарды. Ал ақын Қалижан Бекхожин Момышұлына арнаған «Қол бастаған батырға» деген алғашқы өлеңін 1944 жылы, «Томаға киген тау бүркіт» деген еленін 1960 жылы, ал «Атынды мен естідім» деген үшінші өлеңін 1971 жылы жариялады. Ақындардың аузымен халық сөйлеп, тарих тиісті бағасын берді. Өйткені ақын өзі ұнатқан ардагер азаматты ғана жыр етеді, соған ғана өлең арнайды. Теңіздің түбіне сүңгіп алған маржан сияқты асыл қазынасын ақын кез келген жұртқа сыйлай бермейді. Ақын халық сүйген қаһарман ұлды, қадірлі азаматты ғана мадақтайды. Ол ұнатпаған адамына үн қатпайды, бірнешеу тұрғай, бір де өлеңін арнамайды. Ақынның жүрегіндегі отты сезімге ешкімнің әмірі жүрмейді, ол жүректің жылуын ешкім зорлықпен тартып ала алмайды. Ақын сүйгеніне ғана сүйсіне жыр төгеді. Ақынға зорлықпен сүйікті бола алмайсың. Ал саған Әбділданың сонау қырық екінші жылғы өлеңінен бастап, барлық қазақ ақындары жабыла жыр арнаса, олардың сені жабылып жақсы көргені. Бір емес, екі-үш реттен арнаса, онда сені үш мәртебе жақсы көргені, шексіз сүйіп құрметтегені ғой, Бауке. Мен саған кімнің қандай өлең шығарғанын білмегендіктен емес, білгендіктен, көкірегімді мақтаныш кернегендіктен сұрап тұрмын ғой, ақсақал. Мұны айтсам сен: «Білсең несіне сұрайсың?» деп, дауысыңды күндей күркіретіп, мұртыңнан найзағай шашыратып шыға келесің. Сондықтан менің іштей тебіреніп, ішкі ырғаққа қайта-қайта бас изеп, үнсіз сүйсініп қана қоюыма тура келеді. Оны аңғарған сен: «Әй, шыбындаған атқа ұқсап, басыңды неменеге шұлғып отырсың?» деп тағы да мені ажуа қыларсың. Сондықтан өз күйімді саған аңғартпай, әңгімені ілгері жалғап, менің енді келесі сұрақтарыма көшуім керек, батырекесі.
Автор. Мен Сіздің сол қырық екінші жылдың жазында елге жазған бір хатыңызды тауып көшіріп алдым. Соны өзіңізге оқып берейін бе?
Бауыржан. Кәне, не деппін?
Автор. Өз қолыңызбен түзу сызықты дәптердің екі бетін толтыра арабша жазған хатыңызда былай депсіз, Бауке:


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет