«Қазіргі Қазақстан тарихы» курсы бойынша ii-ші аралық бақылау емтиханы



Дата07.02.2022
өлшемі13,75 Kb.
#92951
Байланысты:
Қазіргі Қазақстан тарихы


«Қазіргі Қазақстан тарихы» курсы бойынша II-ші аралық бақылау емтиханы
Орындаған: Ғарифуллина Нұржайна Бекболатқызы (Digital journalism-2002)

Эссе
Кеңестік Қазақстан (1917-1991 жж.): одақтас Республика болды ма, әлде КСРО империясының отары болды ма?



«...Кеңес өкіметінің шаралары , шын мәнінде , отарлаушылық саясат болды . Сондықтан ол ұлттық қозғалыстың дамуына әкеп соқты...»
КРҚК Бас Қолбасшысы: С.Каменев
Кіріспе:
Кеңестік Республика Қарулы Күштерінің Бас Қолбасшы бұл үкіметтің озбыр саясатын, отаршылдық ниетте ғана қатарларына қосқанын , мысқылдай жария еткені бесенеден белгілі,айдан анық, тайға таңба басқандай көрініп тұр. Осы бір жүрекке инедей шаншыған ащы сөздердің өзі "одақтас Республика" - деген жәй ғана көзбояушылық, бүркеме сөз екенін айқын ашып көрсетеді емес пе?
Қазақ халқы қазақ болғалы бері , көрмеген қорлығы мен татпаған таяғы , сүрінбеген тасы мен жан сауғаламаған тауы , басын соққан жар мен, батпаған суы жоқ екенін білу үшін, тарихты көнеден шарлаудың қажеті шамалы екенін мойындау қажет.
Замана көшін кері шегіндірсек , сонау өткен би-шешендер мен хандар ,сұлтандар уақытынан бастау алып ,Тәуелсәздік атты тәспіні жүрекке жалау, төбеге ту ғып тіккенге дейін , тұп-тура жетпіс жыл дінсіздердің боданынан, көзге көрінбейтін, қолға ілінбейтін , темір шынжырынан шығуға ұмтылған, қанша шайыр тілді, халық пен болашаққа жаны шын мәнінде шырқырай,шырылдай жүріп, зарлап,жылап жүріп ашынған, мұңымызды жеткізіп, жанайқайымызды түсінген, шырайлы , қайта туылмас нар тұлғалар, қанша елім деп еңіреген ерен ерлер қыршынынан ерте қиылды. Есеңгіреп естерін енді жиған қараңғы ,аңғал халықты алдап, зиялы, намысшыл қазақтың ұлдарын қарулы күшпен ғана ұстап бақты бұл жауыз өкімет өкілдері. Кей өңірлер бейбіт жолмен одаққа мүше болса,кей өңірлерде халық 30-40% дейін қынадай қырылды, ақыры тізе бүкті.
Бұл халқымыздың әлсіздігінен бе? Сонша ауыртпалық пен қанауға көнуге не себеп болды екен? Кеңестер қатарына кіргенімізден бастап-ақ алдымыздағы айдаған төрт түлік адал малымыз бен еккен бидай, күріш сияқты егінімізді көз алдымызда, жалғанды жалпағынан басып , ойына келген заңдарын шығарып отарлап,өлексеге үймелеген құзғын сияқты жымқырып ,жалмаңдап жатқанда, күндіз-түні төгілген адал еңбегіміз бен көкжалдық батырлығымызды неге уыстан жіберіп алдық? Самайдан сорғалаған сорымызға айналған кең байтақ сары даламызды неге жаманға таптаттық? Дәл қазір жердің үстіңгі бөлігі біздікі болғанымен, астындағы байлығы кімдердің меншігі болып саналды ?! Көзіміз ашылып мектепке бардық,оқыдық, бірақ надан деген жаладан толық құтыла алдық па осы біз?
Кәмпескелеу кезінде (конфискация) шекара асып кеткен бай-шонжарлар, феодалдар елін,жерін өзгеге қиса да малын қимағаны ішіңді ыстық у шарпығандай күйге салады екен . . Мүмкін оларда дұрыс жасаған шығар, еш алаңсыз өмір, кім келіп малымды,кім келіп жанымды алар демей күн кешуді кім қаламайды дейсіз, өйткені бұндай жағдайда ешкімнің өмір сүргісі келмесі аныққой. Шекара асып қашып кетпек болғандардың кейбірі ұсталып,жауапқа тартылды, кейбірі өлтірілді. Мал- мүлкі ортақ қазынаға жиылды. Халыққа бақтырды, әр жоғалған не өлген малды еселеп тұрып қайтарып отырды. Қалған халықта да оңып тұрған ғаламат тәтті өмір емес еді. Қарап отырсақ:
1)Бай – кедей сатысы жоқ.
2)Бәрі теңдей жұмысшылар.
3)Жалақы бірдей.
4)Ішіп -жер асымыз ешкімнен артық не кем емес.
5)Киген киімдеріміз еш ерекшеліксіз.
6)Оқу тегін,жұмыс дайын.
Бірақ оқудың өзі пайдасыз, жұмыстың өзі жұғымсыз, жалақы мардымсыз, тамақ дәмсіз, төсек жайсыз , қора қойсыз, шаңырақ тойсыз болғанын неге көп бұқара байқамаған? Өздерінің ұлттық болмысын босағадан теуіп, кәпірлердің табанын сүйген нағыз халық жаулары қалай су ішкен құдығына түкірген? Ұлт зиялылары қудалауға ұшырағанда неге қол ұшын созар жан болмаған? Неге бір-біріне қарама-қайшы келетін, құрдымға кетіретін әрекет жасаған? Дін мен ділін, салт пен санасын, тіл мен қоса қасықтап жинаған абыройын да сол Кеңес өкіметінің қармағына салғандарын неліктен байқамаған? Біздің халқымыз сондай ақымақ па еді?
Негізгі бөлім:
Патша өкіметі жаққан тозақ отынан азат қылған жұғымсыз Ленин , Сталиндерге айтқан алғыс ретінде бергеніміз , меніңше сол , нағыз қазақтығымыз болған сияқты. Бір зынданнан шығып,екіншісіне тағы қамалдық емей немене? Қойдан жуас момындығымыздан , түлкідей бұлғаңдап бостандық пен әдемі өмірді уәде еткендерге арбалып кете бардық. Кінә емес, әркім тыныштықты қалады, уайымсыз отырып, жақсы ғұмыр кешуді армандады.
Басынан ақ халықты бұл өкімет қанады,қор қылды,қан қақсатты. Ерлерімізді ез қылып араққа сылқия тойдыртса, биязы қара көздеріміз бен пәк қыздарымыз бетбақ , жыртыңдағыш болды. Еркектен сақал мен қоса иман,әйелден орамалы мен бірге ұзын етек-жеңі де кетті. Бұралған қос бұрым иықтан кесілді. Сол бұрыммен бақытымыз кесілгендей болды.
Отызыншы жылдары ашаршылық оты еш қазақ отбасын айналып өтпеді. Барлығын бір күйдіріп, шарпып өтті. Емшектегі баласын өзі де аш болған соң, емізе алмай көп ана құсадан өлді, сәбилер сансыз көп шетінеді, ерлер шарасыздықтан дала кезді, өкініштен өзегі өртенді, азық іздеді. Бұл сұмдықтан да өттік...
Бірақ әлі де құрдымға кетіп бара жаттық.
Бізде қазіргі Ресей құрамындағы кей мемлекеттер сияқты бұғаудан мәңгі шықпауымыз мүмкін еді. Қараңғыға сүңгіп жоқ боп бара жатқанымызда Мағжан ақын төбемізге өрмелеп шығып күн болды, жастарымызға мол сенім артты, Сәкендер тар торап ,тайғанақ жолдан құлатпай өткізді, Ахметтер маса боп ызыңдап , ұйқыдағы халықты оятты. Ыбырай балаларды қазақша оқытты. Олардың арқасында толық азаттық алмасақ та, орыспен тең болдық, кең болдық. Біртіндеп билікке келдік, надан деген жаладан құтылдық, құйтырқы әрекеттеріне уақытында төтеп бере алдық, өз халқымыздың игілігі үшін қызмет қылдық, өкінішке орай бұл да аз болды. Оларды біздің күш жігеріміз бен ,кез келген уақытта билікке қарсы шығып, одақты тас- талқан қылып бөлініп кетуіміз қорқытты. Сол себепті зиялыларымыз сотталды,қудаланды,жер аударылды, халық жауы деген қара күйе жағылды, ақыр соңында атылды. Отбасылары да олардан аз қорлық көрмей, айдауға жібереді. Таз қалпымызға қайта- қайта оңбай бірнеше рет түстік. Кез келген бастама мен ұмтылыс бекер болды...
Қырқыншы жылдар: Бір түнде Ұлы Отан соғысы басталды. Германия соғыс ашты, мақсаты Кеңес одағын басып алу. Қызу дайындық, оқ-дәрі, автоматтар мен әскери техникалар. Төбеден жауған бомбалар, атылған оқтар, қираған үйлер, үзілген тағдырлар... Тағы қырғын,тағы қан, көзден аққан қанды жастар.
Қазақтан сан мың сарбаз майданға өздері сұранып кетті, кетті де оралмады олардың көпшілігі. Артында қалған отбасын айналшықтап, ши бөрілер жұтып жатты, талап жатты. Бірінің жарының арын таптаса, біріне жала жауып түрмеге тықты, атты,асты. Қара қағаз көп үйдің табалдырығына әкелінсе де , ана жүрек ұлдарын өле-өлгенше күдер үзбей күтті. Кейбір солдаттар тіпті қара қағазға қарамастан, аман есен оралған...
Тыл жұмысшылары болса еңбек майданында жаумен бетпе-бет келмесе де басқаша арпалысты. Әскер аш болмауы үшін өздері аш, жалаңаш жүруге риза болды. Мақсат айқын: Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін. Қолдарынан келгенінше бар жұмысты олар жұмыла жасады. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін дамыл таппады десек асылық емес. Жамбылдар рухты өлеңдері үшін Кеңестік өкіметтің құрметтісі болды, батырларымыздың ерліктері бағаланды. Ақыры жеңіс, қазақ ұлы рейхстагқа ту тікті, қан майдан даласы қан сасыды. Көп сарбаз көмусіз қалды. Сүйектері сайын даланы шарлап тіпті әлі шашылып жатыр...
Біртіндеп бәрі оңала бастады. Жаңаша көзқарас,жастар белсенді түрде әр шараға қатысып, төбе көрсетті. Қонаевтар кезінде көшелеріміз гүлдеп,жан сарайымыз қайғыны бір сәт ұмытқан еді. Қонаев орнын Колбин келіп басты. Жастар қызуқандылықпен алаңдарға көтеріліске шықты, наразылық білдірді, бірақ бекер тағы атылды, жас ғұмырлар үзілді. Қыздардың шаштарынан сүйреп алып бара жатқанын естіп шыдамаған Рысқұловтар сынды талай боздақ ажал құшты. Күштің тең емес екенін біле тұра алаңға шыққандары батылдықтан көрі көзсіз ақымақтық сияқты көрінеді.
Қорытынды бөлім:
Қазақтың басына келген әр нәубеттің бәрі бірлік пен ынтымақтың болмағанынан. Қорқақтық қаптап, батырлар жалғыз арпалысып жатқанда арқасына келіп ,біреу сүйеу, біреу тіреу болса, жетпіс жыл өзгенің есігінде ес жинай алмай, есеңгіреп жүрмес едік.
Қазір " Тәуелсіз Қазақстан Республикасымыз"- деп төс қағып мақтана ,марқая айтайын десек, тіліміз орыс, халқымыздың жартысы атеист немесе өзге дін өкілдері, оқу орындары мен ғылыми еңбектер орысша немесе ағылшын тілінде оқытылады, мемлекеттік маңызы бар құжаттар мен билік иелері де қазақша сөйлеуге шорқақ. Тіпті жастар ана тілін білмейді, қазақ тілін білетіндер қазақша сөйлеуді ұят санайды. Мемлекеттің кей аймақтарында қала,көше, мектеп аттары сол бұрын Ленин үйреткен орысша күйінде қалған. Өзгертуге мүмкіндік жоқ емес, ешкімнің құлқы жоқ.
Бұл дегеніміз: тәніміз азат болса да, санамыз әлі боданда...

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет