ҚАЗІРГІ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ЖАҒДАЙЫ ТУРАЛЫ ПІКІР-ОЙЛАР
Cарсембаев Қ.Т. м.ғ.д., профессор.
Ашимов А.А., ассистент.
Өскенбай З.М., ассистент.
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина Университеті, психиатрия, психотерапия және наркология кафедрасы
Кейінгі кезде қазақ тілінде шығып жатқан оқулықтар мен оқу құралдарында үйлесімсіз ұғымдар, құлаққа қонымсыз атаулар, белгілі терминдер мен түсініктердің әр алуан түрде айтылулары сияқты олқылықтар қазақ тілінде емес, орыс тілінде жазылғандардың аудармасының нәтижесі болуы мүмкін деген ойда қаламыз. Себебі, оларды сөзбе-сөз аударғандықтан кейбір сөздердің мағынасы түсініксіз, оқыған адам шатасады.
Қазақ сөздерінің жазылуы мен айтылуының арасында жер мен көктей айырмашылық бар екенін көптеген ғалымдар айтып та, жазып та жүр. Қазақ тілінің дыбысталу заңдылығына икемделмегендіктен, медицинада кездесетін сөздерге қосымша жалғауда ала-құлалық кездесіп жүргені сол себепті. Ол үшін қазақ орфографиясына түбегейлі өзгеріс ену қажет сияқты.
Сондықтан, медицина саласында ұлттық ғылыми атауларды реттеу біздің болашақ мамандарымызды қазақ тілінде оқытып, қазақша жазуға бейімдеуде көптеген жеңілдіктер әкеледі. Себебі, соңғы кезде қазақ халқының саны көбейіп, табиғи сұранысының ұлғаюына байланысты қазақ жастарының, қиындығына қарамастан, медицина ғылымына деген қызығушылығы байқалады. Сол себепті бұл мәселенің маңыздылығы артып отыр.
Осыған орай, соңғы жылдары С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінде термин жасау мәселесімен шұғылданатын, әрі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін Медициналық термин орталығында белгілі оқымысты-медиктердің қатысуымен теориялық және клиникалық пәндердің орысша-қазақша терминдерінің компьютерлік қоры жинақталған.[6,3]
1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасы Конституциясының 7- бабында «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп атап көрсетілген. Сол Конституцияға сүйене отырып, 1997 жылдың 11 шілдесінде қабылданған № 151-1 «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заңның 4- бабында: «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы. Үкімет, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілетті және атқарушы органдар Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді барынша дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға, Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті барлық ұйымдастырушылық, материалдық - техникалық жағдайларды жасауға, қазақ диаспорасына ана тілін сақтауы және дамытуы үшін көмек көрсетуге міндетті» деп көрсетілген. Осыларға сүйене отырып, және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 9 сәуіріндегі «Үкіметтің 2010 жылға дейін мемлекеттік тілді мекемелерде енгізу және қалыптастыру бағдарламасы туралы» қаулысы күшіне енгеннен бастап, барлық оқу сатылары қазақ тілінде жүргізіліп, нәтижесінде мамандар қазақ тілінде іс жүргізуге дайын болып шығып келеді. Бірақ, бүгінгі күні тәжірибелік денсаулық сақтау жүйесіндегі емдеу мекемелерінде іс жүргізу әлі де орыс тілінде жүргізілетіндіктен оқудың барлық белестерін қазақ тілінде өткен дәрігерлер дипломын алғанымен, маман ретінде қазіргі уақытта сұраныссыз қалып отыр. Осы дайын мамандардың талап етілмеуі және өмірде қолданылмауы, тәжірибелік денсаулық сақтау жүйесінің қызығушылығы жоқтығының артында олардың өздерінің қазақ тілін білмейтіндігі жатқан жоқ па деген ойға алып келеді. Себебі, көбінде емдеу мекемелерінің басшылары өздері қазақ тілін жетік меңгермегендіктен тіл мәселесіне ат үсті қарайды. Мұндай көзқарас қазақ тілінің тәжірибелік денсаулық сақтау жүйесіне ойдағыдай енуіне көп кедергі жасайды. Бұл мәселенің маңыздылығын дұрыс түсінбегендіктен емдеу мекемелерінде қазақ тілін заңға сәйкес енгізу тек науқаншылыққа алып келеді.
Мемлекеттің бұл бағытта көп жылдар бойы жұмсаған қаншама қаржысы, орта және жоғарғы оқу орындарының жоғары мамандандырылған профессорлық – оқытушылар құрамының осы жылдар бойы төккен тері, дайындалған мамандардың жігері босқа кетеді. Бәрінен де жас мамандардың тағдыры, олардың ана тілінің болашағына деген сенімі, халқымыздың денсаулығын қорғауға берген антының құнының жоғалуы мен жұмыс істеуге деген ықыласының жойылуы қиын болып тұр. Себебі, бұл мамандар ешкімге керексіз, іске жарамсыз болып қалды. Енді оларға ана тілінде соншама жылдарда алған білімдерін ысырып тастап, медицинаны қайтадан орыс тілінде үйренуден басқа амалдары қалған жоқ. Оларды осылай жасауға қазіргі заманда денсаулық сақтау жүйелерінде отырған шенеуніктер мәжбүрлеп отыр.
Әділеттілігін айту керек, кейбір емдеу мекемелерінде ғана медициналық құжаттар қазақ тілінде жүргізіледі. Бірақ, бұл формальді түрде ғана. Өйткені, бұл үрдіс әдістемелік құралдарды өңдеу, арнайы медициналық терминология, қазіргі нанотехнологиялардың ғылыми қорытындыларымен бірге жүрмейді және аймақтық сипатта болады.
Үкіметтің өмірлік маңызы бар және қажетті шешімін іске асыру үшін бұл мәселеге формальды емес, радикалды және ғылыми әдістемелік түрінде қарау қажет. Науқаншылықтан арылы отырып, әр емдеу мекемелерінде және барлық оқу орындарында медициналық құжаттарды таза қазақ тілінде жүргізу керек. Немесе бір бөлімшеге қазақ тілін жетік білетін мамандарды шоғырландырса олардың жұмысы алға басар еді. Бұл мамандарға, қызметкерлерге мемлекеттік тілді меңгергені үшін қосымша төлемақы тағайындаса олардың қызығушылығы артар еді.
Бастапқы белестерде мұндай бөлімшелерді медициналық колледждер мен жоғарғы оқу орындарының клиникалық базаларында ашқан орынды. Бұл ғылыми анализ және тәжірибелік денсаулық сақтау жүйесіне қазақ тілін енгізу үрдісін негіздеуге, медициналық терминологияны, әдістемелік нұсқауларды өңдеуге қажет. Ол үшін жоғарғы оқу орындарының бағытталған (профильді) кафедралары осы бөлімшелердің базаларында студенттерді дайындау мен оқытуды міндетті түрде қазақ тілінде жүргізу керек.
Келесі белестерде бұл кафедралар мен бөлімшелер тәжірибелік денсаулық сақтау жүйесінде қазақ тілінде дайындау мен дәрігерлердің мамандықтарын жетілдіру үшін дайын клиникалық базалар болар еді.
Қолданылған әдебиеттер:
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заңы, 11 шілде, 1997 жыл, № 151-1.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Үкіметтің 2001 – 2010 жылдары мемлекеттік тілді мекемелерде енгізу және қалыптастыру бағдарламасы» туралы Қаулысы, 9 сәуір, 2003 жыл, № 344.
Әйтпенбетов Б. Маманның алтын өзегі ана тілі (Болашақ дәрігерлерді даярлаудың кейбір мәселелері, Денсаулық, 1993 жыл, № 1, 6-7 бет).
Шарманов Т. Қазақ үшін ең сенімді капитал – қазақ баласы (Академикпен әңгімелескен Г.Садырқызы, Егемен Қазақстан, 2005 жыл,12 қазан).
Қазақ Ұлттық медицина университетінің хабаршысы, Алматы, 2006 жыл, № 2 (32), 132-133 бет.
Медицина білімі – мемлекеттік тіл аясында (Республикалық ғылыми-практикалық конференция материалдары, Алматы, 2009 жыл, 3 жел-тоқсан, 3-4 бет).
Р е з ю м е
В статье рассматриваются вопросы внедрения государственного языка в практическое здравоохранение, а также предлагаются пути разрешения данной проблемы.
S u m m a r y
The problem of introduction of state language to the practical health service is considering in this article as well as ways of solving it.
Достарыңызбен бөлісу: |