2.1. HTML ТІЛІ НЕГІЗДЕРІ HTML тілі туралы қысқаша деректер HTML (Hyper Text Markup Language) – гипермәтіндік құжаттарды белгілеуге арналған тіл. Бұл тілді 1991 жылы Тим Бернерс-Ли таралған гипермәтіндік жүйе жасау жобасын жүзеге асыру кезінде жасап, оны World Wide Web (WWW) немесе Жаһандық өрмек деп атады. HTML – World Wide Web ортасында жарияланатын гипермәтіндік құжаттарды жазуға арналған тіл. HTML тіліндегі құжаттар құрамы мынадай бөліктерден (компоненттерден) тұруы мүмкін:
белгілі бір стильге келтіріліп форматталған мәтін;
графикалық және дыбыстық файлдарды іске қосу командалары;
Internet-тің әртүрлі ресурстарымен гипербайланыс жасау;
JavaScript және VBScript тілдеріндегі скриптер;
әртүрлі объектілер, мысалы Flash-анимациялар.
HTML-құжаты құрамында арнайы белгілеу тәгтері (немесе басқаратын элементтері) бар кәдімгі мәтіндік файл болып табылады. Тэгтер web-браузерге (web-парақтарды көрсетуге арналған программа, мысалы, Internet Explorer, Mozilla, Netscape немесе Opera) парақтағы мәтінді, суретті экранға қалай шығару керектігін көрсетеді.
Әдетте, HTML файлдарының кеңейтілуі htm немесе html болады. Олар кез келген мәтіндік редактордың көмегімен жасала береді.
HTML тілі баспа қызметінде кең қолданылатын қуатты SGML (Standard Generalized Markup Language) тілінің бір бөлімі болып табылады. Бұл тілдерді қолданудың негізгі артықшылығы әртүрлі баспа жүйелеріндегі мәтіндердің бірінен біріне жеңіл көшіріліп жазылу мүмкіндігінің болуы еді. Осы ерекшелік HTML тілінде де сақталған болатын. Ондағы құжатты оқып отырған тұтынушылар өз қалаулары бойынша мәтіннің кез келген бөлігін ерекшелеп алу тәсілдерін орнатып, оның гарнитурасын мен қаріп мөлшерін өзгерту, т.с.с. әрекеттерді оңай орындауға қол жеткізеді.
HTML-құжатында екі негізгі бөлімді ерекшелеп алуға болады, олар: тақырыптық бөлім және құжат тұлғасы. Тақырыптық бөлімдегі (тақырыптың өзінен басқа) ақпарат тұтынушы экранына шықпайды. Онда түйінді сөздер, авторлар, және де басқа керекті ақпарат көрсетіледі, сонымен қатар мұнда стильдердің сыртқы кестелерін және скриптерді қосу ісі орындалады. Ал құжаттың негізгі бөлімінде, яғни тұлғасында тұтынушыға көрсетілетін мәлімет орналасады.
Интернеттің бар мәліметтерінің, яғни барлық web-парақтарының бір ортақ қасиеті – олардың барлығы да HTML тілінде жазылған. HTML тілінде web-парақтарды жасау программалауға ұқсас болғанмен, ол қарапайым программалау тілі емес. HTML – гипермәтіндік белгілеу тілі. Ол кәдімгі мәтіндерді web-парақтар түрінде бейнелеуге арналған ережелер жиынын анықтайды.