2.3. JAVASCRIPT ПРОГРАММАЛАУ ТІЛІ Жалпы мағлұматтар JavaScript программалау тілін Netscape пен Sun Microsystems фирмалары бірлесе отырып жасаған, ол интерактивті HTML құжаттар құру үшін қолданылады. Тілдің алғашқы нұсқасын 1995 жылы Брендан Эйч (Brendan Eich) сценарийлер тілі ретінде Netscape Navigator 2.0 браузері үшін ұсынған болатын. Кейіннен ол Netscape және Microsoft фирмаларының барлық браузерлерінде (Internet Explorer 3.0-ден бастап) пайдаланыла бастады. Microsoft фирмасы бұл тілді өзінше дамыта отырып, оны қысқаша Jscript деп атады. JavaScript – браузерге түсінікті программалау тілі. Браузер бұл тілдегі командалар үшін жеке трансляторды керек етпейді, олар браузердің ішкі интерпретаторы арқылы өңделе береді.
Скриптер тілі тұтынушыларды өзінің қарапайымдылығымен, шағын сценарийлер арқылы динамикалық парақтар – қозғалатын суреттер жасау, түрлі түстерді жеңіл іске қосу, суырылып шығатын жаңа терезелерді пайдалану мүмкіндіктерімен қызықтырды. Мұндай әрекеттерді HTML тілінде жасауға болмайтын еді.
JavaScript – HTML тәгтерімен қатар пайдаланылуға арналған тіл. Web-программалаумен тығыз байланысты тағы да Java тілі бар. JavaScript және Java тілдері атаулары ұқсас болғанымен, екі түрлі технология мен концепцияға жатады. Олардың ортақ қасиеті жазылу синтаксистерінің ұқсастығымен ғана шектеледі.
Java – нақты компьютер мен нақты операциялық жүйеге тәуелді болып саналмайтын, өзіндік компиляторы бар жалпы мақсаттағы әмбебап программалау тілі. Браузерлерде тікелей орындала алатын Java-программалар апплеттер деп аталады. Гипермәтіндік құжаттағы жұмыс істеу ерекшеліктеріне қарай апплеттер мен скриптердің айырмашылығы орасан зор.
Апплеттің парақта орналасуы оларға суреттердің қойылуына ұқсас болып келеді. Ол экранда жеке терезеге орналасып, ішіндегі парақтың басқа элементтерімен тікелей байланыссыз жеке жұмыс істейді, анимациялық қозғалыстар енгізеді, графикалық ақпараттарды енгізу/шығарудың күрделі формаларын құрастыра алады. Ал JavaScript тілі болса, HTML-парақтарда программалық жолмен қарапайым сұхбаттасу терезелерін жасап, солардың сыртқы түрлерін, өзара орналасуларын, деңгейлерін өзгертетін дәрежеде жұмыс істейді.
JavaScript программасы скрипт немесе сценарий деп аталады, ол HTML программасы ішінде орналаса береді немесе жеке файлға да жазылады. Ондай файлды да браузер оқып орындай алады.
Скриптердегі динамика мен интерактивтілік қасиеттердің пайда болуы браузердің құжатты тек көрсетіп қана қоймай, оның объектілік моделін жасап, кейіннен сол модельдің экрандағы бейнеге сәйкес орналасуын қадағалайтындығынан деп түсіну керек. Сондықтан егер модельде бір нәрсе өзгерсе, ол бірден экранда да өзгеріп бейнеленеді.
Браузер терезесін екі түрлі тәсілмен:
1) HTML тәгтерін жазып, олардың файлын браузерге жүктеу;
2) құжаттың объектілік моделіне әсер ету арқылы өзгерте аламыз.
Мұндағы алғашқы тәсіл статикалық түрдегі гипермәтіндік құжат тұрғызады. Ал екіншісі тұрғызылған бейнені өзгерту мүмкіндігін береді. Міне, осындай қасиеті бар, ең көп таралған тілдердің бірі болып табылатын JavaScript тілін ақпараттық технологияларды оқып үйренуге тырысатын әрбір маман игеруі тиіс.
JavaScript тіліндегі жазылған программа немесе сценарий операторлар тізбегінен тұрады, бір жолға бірнеше оператор жазылса, олардың арасына нүктелі үтір (;) қойылады. Егер бір жолға бір оператор ғана жеке жазылса, оның соңына ешнәрсе қоймауға да рұқсат етілген. Бір операторды бірнеше жолға жазуға да болады.
Құрылымдық программалауға сәйкес программаны жеке-жеке бөліктерден тұратындай түрде жазу ұсынылады. Бұл программаны зерттеу мен қателерді іздеуді жеңілдетеді.
JavaScript программаларында да Си тіліндегі секілді түсініктемелерді қолдануға болады. Жол соңына жалғаса орналасатын түсініктеме беру үшін оны екі қиғаш сызықтан (//) кейін жазуға болады. Егер түсініктеме мәтіні бірнеше жолға жазылатын болса, оларды /* және */ символдарының ортасына жазу керек. JavaScript тілінде бас әріптер мен кіші әріптер әр түрлі символдар болып саналады.