ӘӨЖ 811.512.122'373
ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒЫ ӘСКЕРИ АТАУЛАРДЫҢ ҚАЗАҚ ЛЕКСИКАСЫНДАҒЫ ОРНЫ
Қ.А. Үкібасова, ф.ғ.к.
ОҚМПИ, Шымкент қ.
Резюме
В статьe рассматриваются неологизмы военной тематики и их роль в развитии лексики казахского языка.
Summary
This article discusses neologisms of military theme and their role in Kazakh language lexicon are conducted in this article
Бұл мақала Қазақстан мемлекетінің әскери құрылымына негізделген әскери лексиканы талдауға арналады. Соңғы жылдары адамзат өмірінің барлық саласында, оның ішінде жетекші елдердің Қарулы Күштерінде де түбірлі өзгерістер жасалды. Әскери өнерді меңгеру, қару-жарақтың және әскери техниканың ерекшеліктерін игеру, оқу сабақтарында бағдарламалық материалдарды талдап-үйрену, күнделікті армиялық тіршілік жағдайында іскерлік, тапқырлық машығын қалыптастыру, әскери пәрмендерді қалтқысыз орындау үшін әскери терминологияның мәні айрықша.
Зерттеуші Р. Барлыбаев әскери лексиканы Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында қолданылған әскери тектік атақ, атаулар; бөлім және бөлімшелер атаулары; қару-жарақ және жабдық атаулары; әскери атақтар мен қызмет атаулары; әскери мағынасы бар мақал-мәтелдер деген мазмұнда жіктейді [1, 62 6.].
Ғалым Б. Момынова газет беттеріндегі қару-жарақ атауларына байланысты жаңа атауларда кейбір соғыс қимылдарының активтенуін көрсететін сөздердің жиі көрінетінін ескертеді [2, 116 б.].
Қазіргі заманғы әскери лексиканың даму бағыты жинақтала келе, мынадай лексика-семантикалық топтарға бөлінді. Олар:
әскери қару-жарақ, құрал-жабдықтарға қатысты сөздер;
әскери атақ, дәреже, кәсіби бейімділікті білдіретін сөздер;
әскери іс-әрекет, пәрмендер атаулары.
Көшпелі өмір салтында қазақтың дәстүрлі қару-жарағын зерттеушілер оларды жеңіл және ауыр қарулар деп бөлгендігі анық. Жеңіл қаруларға табиғи материал, табиғи шикізаттан, өз қолдарынан жасалған қамшы, құрық, сойыл сияқты қаруларды, ауыр қаруларға қылыш, найза, зеңбірек, қанжар сияқты қаруларды көршілес рулардан, елдерден алып отырды деген болжамдар бар [3]. Ш.Уәлихановтың қазақ халқының әскери ұйымдасуын, тактикасын, оқ-дәрілер жасау технологиясын, қару-жарақ түрлерін зерттеу жөніндегі ғылыми еңбектері қазақ халқының тарихын зерттеудегі баға жетпес қазына іспеттес [4].
Қазір кейбір қару-жарақ атаулары жаңа сапалық өзгерістерге түсіп, сөздің бұрынғы денотат мағынасының үстіне қосымша мағына үстеліп, қолданысқа түскен. Мысалы, қазақ тілінде ертеден қолданылып келе жатқан оқ сөзі, сапалық өзгеріске түскен [5, 89 6.]. Сонымен бірге оқатар қару, оқсауыт, оқтұмсық, оқшашар т.б. заттық мағынадағы тіркестер мен біріккен сөздер пайда болды.
Көнерген сөздердің бірі - сауыт сөзі болса, «Әскери іс» сөздігінде «сауыт» сөзі арқылы жасалған бірнеше терминдер берілген: сауыт бұзғыш бомба, сауыт бұзар оқ, сауытты поезд т.б.
Ю.С. Сорокин сөздің тілімізге басқа тілдерден енуін сол тілдің сөздік қор жүйесіндегі жаңа лексиканы, жаңа сөз жасау элементтерін (негізгі және аффикстік) және семантикалық ыңғайластықты органикалық жағынан меңгеру үрдісі деп көрсеткен [6,65 6.]. Академик Ә. Қайдар жаңа баламалар жасауда «тіліміздегі барлық сөздер мен аналитикалық, синтетикалық және семантикалық сөзжасам тәсілдерінің түгел қатысатынын» айтқан [7,43 6.].
Президентіміз Н.Ә. Назарбаев «Өткенімізді қадірлемей, ғасыр қойнауындағы жәдігерлерімізді аршып алмай, тарихи тұлғаларымызды құрметтемей алға жылжуымыз қиын болады», - деп көрсеткендей, елімізді еңселетіп, көк байрағымызды желбіретіп, тәуелсіздігімізді алғаннан кейін, болашаққа сеніммен, нық қадаммен басу үшін келешегімізді білу, өткен тарихымызды саралау, ғұлама ғалымдарымызды тани білу қазіргі ұрпақтың парызы.
Бауыржан Момышұлы «Соғыс психологиясы» шығармасында жастарды патриоттық сезімге тәрбиелейтін негізі қасиеттерді жіктеп көрсетеді. «Ұрыста – соғыста – адамға тән барлық: жоғары және төменгі қасиеттер өзі барынша ашылып көрінеді. Момышұлы өзінің еңбектерінде, ең алдымен, ұрыс кезіндегі солдат психологиясына жан-жақты талдау жасай келіп, «ұрыс дегеніміз – дұшпанға ұйымдасқан түрде техникамен, қару-жарақ күшімен, психикамен, ақылмен әсер ету», - деп түйді. Ол солдатқа ықпал ету құралдары түрлерінің ішінен ақыл-айламен әсер етуге ерекше мән берді. Оның пікірінше, ұрыс тек соғыс құралдарының шайқасы емес, ол сондай-ақ бір-бірімен жауласқан екі жақтың ақыл-парасатының, жауынгер рухының, оның ерік-жігер, қажыр-қайрат, сезім дүниесінің де шайқасы.
Тілімізде әскери терминдердің жиі қолданыла бастауы Отан соғысының алғашқы жылдарынан басталады. Мерген, оқ, батыр, зеңбірек сөздері жаңа мағынаға ауысты. Қазақтың сөз маржандарында батыр, ер, ерлік тәрізді әскери мағыналас сөздер қазақтың төл сөздері деңгейінде еркін пайдаланылды. Оларда әскери, тәртіп, армия, командир, Отан, бұйрық сөздері жиі қолданылады: «Әскери қызмет - шыңдалу мектебі», «Әскери білім жеңіске жеткізер», «Тәртіп - армияның жан-жүрегі», «Тәртіптен ерлікке дейін бір-ақ қадам», «Командир тапсырмасы - Отан бұйрығы», т.б.
Қол пулеметі деген сөз калька жолымен «ручной пулемет» деп өз тілімізге сөзбе-сөз аударылады. Сонымен бірге мылтық сөзі - пулемет, автомат терминдерімен жарыса қолданылады. Берен мылтық - пистонмен атылатын мылтық. Білтелі мылтық - «фитиль» сөзі «білте» деп айтылған, киіктің мүйізінен істелген мылтық. Қозы-көш, қол мылтық, қос ауыз мылтық, жебе мылтық, қара мылтық деп аталған.
Қазіргі әскери лексикада тапанша пистолет сөзінің баламасы немесе аудармасы түрінде айтылады. Пулемет - қысқа кезекті, ұзын кезекті деп аталатын әдіспен атуға болатын қарудың түрі. Оның түрлері: авиацияльщ ірі калибрлі, қол, зениттік станокты, Калашниковтың қол пулеметі, револьвер, карабин, т.б.
Гранат сөзі де - қазірде кең қолданыс тауып жүрген әскери сөз. Гранаттардың - фугас гранат, жарықшақты гранат, қол гранаты, танкіге қарсы қолданылатын гранат деген көптеген түрлері ұшырасып отырады.
Зеңбірек сөзі - пушка сөзінің аудармасы да, осы сөздің қатысуымен жасалған сөз тіркестері күрделі құрал-жабдықтардың атауларын білдіреді. Газшашар, батистикалық ракета, динамит, жаппай қырып-жою қаруы, жарықшақты қол гранаты, кумулятивтік мина, қопарма мина, орнықты пулемет, отшашар танк, отшашар-жандырғыш, радиожарғышты гранат, термоядролық қарулар т.б. сияқты қазіргі қолданыстағы әскери қару-жарақ атаулары да қарастырылды. Ескі қару-жарақтардың жеке бөліктерінің атаулары балдақ, жете, керме, кіріс, құлақ, құндақ, қылау, масақ, саға сияқты болса, қазіргі қару-жарақтардың жеке бөліктерінің атаулары да жаңа сипатқа ие болған: ағытқыш доға, әпергіш, бекітпе серіппесі, дүмбі. Сол сияқты қазіргі әскери техника атаулары, авианосец, авиапулемет, авиациялық зеңбірек, авиациялық ракета, акустикалық мина болып келеді.
«Қару-жарақ» концептісі. Бұл концептіні жасауға қатысатын сандық ұғымдар арқылы жасалған күрделі атаулардан бес қару, төрт тұрман сияқтыларды келтіруге болады. Бес қаруы сай, төрт тұрманы түгел сияқты тіркестер өз алдына мұқтажсыздық, сайланғандық (қамсыздық) концептілерін құрайды.
Бес қару деп кез келген қаруды атамаған. Мұнда ең алдымен қызметінің ерекшелігіне қарай соғысқа қажетті түрлерін ғана алған. Бес қару деп тартыспақ (садақ), атыспақ (мылтық), шанышпақ (найза, сүңгі), шабыспақ (қылыш, алдаспан, селебе), салыспақ (шоқпар, айбалта) сайыстарында, жекпе-жекте жұмсалатын қаруларды атаған [2,118 б.].
Төрт тұрман. Бұл күрделі атаудың мағынасы қазіргі кезде төрт тұрманы түгел сияқты тіркестерде ғана кездесіп, астырт құрылымдағы тілдік бірліке жатады.
Әдетте төрт тұрманға сарбаздың 1) ер-тұрманы (ер, құйысқан, өмілдірік, қамшы, үзеңгі және т.б.); 2) мүкаммалы (кісе, дәедәку, кемер, белдік, күдері белбеу т.б.); 3) жау жарағы, қару қаттауы (сауыт, дулыға, қалқан т.б.); 4) бес қаруы жатады.
Қазіргі кезде «әскер» сөзімен бірнеше әскери құрама атаулары жасалған, атап айтсақ, әскери артилерия, әскери эшелон, әскери қор, әскери полиция.
Батыр-жазушы Бауыржан Момышұлы өзінің Ұлы Отан соғысы жайлы жазған шығармаларында комдив, комбат, командир, офицер, капитан, сержант, адъютант сөздерін аудармасыз сол қалпында әрі жиі қолданады.
Мерген сөзіне атқыш, снайпер сөздері синонимдік қатар кұрып, әрқайсысы әскери терминдену үрдісіне іліккен.
Тактика - ұрыс жүргізу жөніндегі ғылым. Тактика шағын бөлімшелерден бастап, жоғары жалпы әскерлік құрамаларға дейінгі әскери топтарда ұрысты ұйымдастыру мен жүргізуді зерттеумен шұғылданады.
Оперативтік өнер – ірі әскери топтардың, яғни оперативтік-стратегиялық бірлестіктердің ірі қимылдарын – операцияларды ұйымдастыру мен жүргізуді зерттейді.
Стратегия – жалпы алғанда соғысты даярлау мен жүргізу жөніндегі ғылым.
Ұрыс – соғысушы жақтардың ұйымдасқан түрдегі қарулы шайқасы, ұрыста әскерлердің қимылдары мақсаты мен уақыты жағынан бірлікте болады әрі шайқас онша үлкен емес атыс және тактикалық кеңістікте өрістейді
Шайқас – белгілі бір ауданда өрістеген әрі тактикалық және оперативтік масштабта (олардың комплексі) мақсат, уақыт жағынан бірлікте болатын бірсыпыра ұрыстардың жиынтығы.
Операция деп уақыт жағынан, кейде майдан бойынша бөлек-бөлек болып, бірақ жалпы бағыт бойынша, белгілі бір оперативтік бағыттарда дұшпанның ірі әскери топтарын тас-талқан ету мақсатында біріккен ірі жалпы әскери топтың ұрыс қимылдарының жиынтығын айтады.
Ұрыс – тактикалық ұғым, шайқас – оперативтік-тактикалық ұғым, операция – оперативтік-стратегиялық ұғым екен. Олар өздерінің уақыт, кеңістік жағынан өрістеуі, сипаты, міндеттерінің аумағы, мақсаттарының сипаты, масштабы, тартылатын күш пен қару-жарақтарының құрамы жағынан әр түрлі.
Стратегиялық міндет деп ірі әскери бірлестіктер (майдан немесе майдан топтарының) қимылының маңызды объектілерді жоюға бағытталуын айтады, мұндай объектілерді жою немесе басып алу соғыстың барысында тұтастай немесе оның кезеңдерінің біріне елеулі түрде ықпал етеді, яғнитөндірістік аудандарды, экономикалық және саяси жағынан маңызды орталықтарды қорғап тұрған (немесе басып алу мақсатын көздеп тұрған) дұшпанның ірі топтарын тас-талқан ету.
Оперативтік міндеттер - деп әскердің дұшпанның қарулы топтарына қарсы жүргізетін соғыс қимылдарын айтады, жаудың қарулы топтарын жоюдың оперативтік маңызы бар әрі оның стратегиялық міндеттерді ойдағыдай шешуге тікелей ықпалы да болады.
Тактикалық міндеттер - деп тактикалық бөлімшелердің, бөлімдер мен жалпы әскери бірлестіктердің дұшпанның да осындай әскери топтарына немесе объектілеріне қарсы қимылдарын айтады. Жаудың мұндай топтарын жоюдың тактикалық маңызы бар.
Маневрдің оперативтік (ауқымды) ұғымдағы және тактикалық ұғымдағы формасы мен түрі болады. Біздің уставта тактикалық маневрдің: қоршап алу, орағытып өту, бұзып-жарып өту және шегіну сияқты төрт түрі бар.
Команда немесе бұйрық дегеніміз командирдің ерік-жігерінің көрінісі, оның жасайтын шешімінің қорытындысы. Басқа емес, тап осындай бұйрық беруге қаншалықты қызметтік міндет талап ететінін түсіне білуіміз керек.
Устав – командирдің құраны. Уставты терең түсініп білмейінше офицердің бейнесін ұғына алмайсың. Уставсыз солдатты түсіне алмайсың. Уставсыз ұрысты ұғына алмайсың. Уставсыз соғысты түсіне алмайсың.
Әскери істегі жоғары лауазымдық атақ - «генерал» сөзі. Генерал латынньң генералис сөзінен шыққан, «басты, негізгі» деген мағынаны білдіреді.
Бұлардан басқа «полковник», «подполковник», «майор», «капитан», «лейтенант» сөздері де бүгінгі әскери лексикаға әскери атақ ретінде енгендігі белгілі.
Полковник – орыс тілінде жаңа әскери құраманың - полктың пайда болуымен дүниеге келген сөз. Қазақ тілінде бұрын ұсақ әсери жасағының және ірі әскери құраманың басшысы мағынасында қолбасы сөзі қолданып келді. Бұл сөз жаңа әскери құрама-полктың басшысы мағынасын бере алмады. Осы себептен, қолбасы сөзінің орнына полковник термині алғашқы кезде «орыс армиясының командирі» мағынасын білдіреді.
Майор сөзі қазақша «орыс армиясының офицері» мағынасында қолданылған.
Сержант – латынның (сервиенс) «қызметкер» деген сөзінен шыққан.
Капитан - 1. Қарулы күштердің кіші офицерлері құрамындағы әскери атақ. 2. Кемені басқарушы командир. 3. Спорт командасының басшысы.
Прапорщик (ескіше орыс тілінде прапор - ту) – орыс армиясындағы бірінші кіші офицерлік шен. І Петр кезінде тұрақты армияда ту ұстаушыларға берілген.
Старшина – армия мен әскери теңіз флотындағы кіші командирлер құрамындағы жоғары атақ иесі.
Десант – жау тылында соғыс қимылдарын жүргізу үшін дайындалған немесе жау тылына түсірілген әскерлер.
Подполковник – майордан кейін берілетін әскери атақ. Подполковник атқаратын қызметтері: полк командирінің орынбасары, полк штабының бастығы, жеке батальон командирі т.б.
Лейтенант -Мысалы: Плащ-палаткадан зембіл істеп, астына қалыңдап шөп төсеп лейтенантты дәрігер пунктіне үш-төрт жауынгер көтеріп алып кетті (Б.Момышұлы); Пугачев көтерілісіне байланысты жазылған указ, рапорт, актілердің лингвистикалық үлкен мәні бар. Бұл құжаттарда соғыс ісі саласында қолданылатын полковник, капрал, бригадир, старшина, команда, полон, изменщик сияқты әскери терминдердің мол тобы ұшырайды. Көне түркі жазба ескерткіштерінде, қазақ эпостарында кездесетін шеру, әскер сөзінің орнына армия сөзі қолданылды. Шеру, шері, шерік сөздері ХIХ ғасырда қолданудан шықты да, оның орнына әскер, армия сөзі қолданылды.
Қазақ тілінде генерал, майор, урядник, поручик, полковник, сөздерімен бірқатар военный губернатор, войсковой старшина сияқты сөз тіркестері де қолданылды.
Абайдың шығармаларында солдат, старшин, военный губернатор, майор, штык сияқты әскери терминдер ұшырайды.
Әскери терминдердің орысша-қазақша түсіндірме сөздігінде адъютант (лат. аdiutants - көмектесуші) - әскери бастықтардың, қолбасшылардың түрлі тапсырмаларын орындайтын немесе штаб қызметін атқаратын офицер деген анықтама берілген.
Прапорщик және мичман деген әскери атақ әскер қатарына алынып, арнаулы курстарды бітіргеннен кейін немесе әскери мамандыққа сәйкес жоғары және арнаулы орта білімі бар адамдарға беріледі. Ал сержант армияда кіші командирлер құрамына берілетін әскери атақ және осы атаққа ие болған адам.
Осы тұрғыдан келгенде, әскери пәрмендер, әмірлер, бұйрықтарға жатқызылып жүрген атауларға антонимдік сипаттан басқа көпмағыналылық, омонимдік, синонимдік сипаттар да тән деуге болады. Әскери пәрмен, бұйрықтарға синонимдер де жат емес. Қазіргі кезде саптық бұйрықтар да қазақ тілінің барлық салалық терминологиясы сияқты бұл үрдісті басынан өткеруде. Мысалы, орыс тіліндегі «Смирно!» бұйрығын қазақ тілінде беру үшін мынадай нұсқалар айтылып жүр: Қалт!, Қатып тұр!, Тік тұр!, Тіктел!
«Вольно» - Еркін тұр!, Жай тұр!, Еркіндік!, Жайлан!, Бостан!, Босаңсы!
«Шагом-марш!» - Адымдай аршында!, Алға бас!, Адымдап қадамда!, Қадам бас!, Адымда!, Аршында!, Аяқ бас!, Адым - бас! т.б.
Әскери қарумен, әскери техникамен байланыссыз пәрмендердің бәрі қарусыз қозғалыс бұйрықтарына жатады. Мысалы: «Саптал», «Түзел», «Жинақтал», «Тіктел», «Бас киімді ки», «Алға», «Оңға жазыл», «Сапқа тұр» [10,420-6.]. Әскери іс-әрекетке тән бұйрықтар жүйесі тәуелсіздік жылдарының әр кездерінде жарияланған. Алайда оларға тән нәрсе - варианттылық. Сондықтан әскери пәрмендердің қысқалығы, дәлдігі, бірізділігіне қол жеткізу арқылы ғана әскери пәрмендерді тұрақтандыруға болады. Ол үшін осы бағытта атқарылатын шараларды кеңінен насихаттау, дәлелдеудің маңызы зор, орны бөлек.
Әдебиеттер тізімі:
Барлыбаев Р. Қазақ тіліндегі қоғамдық-саяси лексика. - Алматы, 1978.
Момынова Б. Газет лексикасы: жүйесі мен құрылымы. - Алматы: Арыс, 1999.-234 6.
Сартқожаұлы Қ. Елдік құрып, төр орнаттым (Күлтегін). // Егемен Қазақстан. 16.10. 2001. -4 б.
Валиханов Ч.Ч. Вооружение киргиз в древние времена и их военные доспехи. // Соч.: В 5 т. - Алма-Ата, 1985.- Т.4. - 461 с.
Сартқожаұлы Қ. Елдік құрып, төр орнаттым (Күлтегін). // Егемен Қазақстан. 16.10. 2001. -4 б.
Валиханов Ч.Ч. Вооружение киргиз в древние времена и их военные доспехи. // Соч.: В 5 т. - Алма-Ата, 1985.- Т.4. - 461 с.
Байжанов Т. Қазақ тіліндегі әскери лексика. –Алматы: Рауан,1991.-102.
Сорокин Ю.С. Развитие словарного состава литератуного языка. -М.-Л., 1965.
Қайдаров Ә.Т. Қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас. -Алматы: Рауан, 1993.-436.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жалпы әскерлік жарғылары. 1998, № 4156. -527 б.
Достарыңызбен бөлісу: |