МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРДІҢ ТҰЛҒА ДАМУЫНДАҒЫ ПСИХО-
ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ
Ермекбаева Майра Аманбекқызы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты,
Нұр-Cұлтан, Қазақстан
Қай қоғамда да, қай заманда да ұрпақ тәрбиесі ең көкейкесті мәселе. Себебі әрбір
халықтың болашағы жастарға тікелей байланысты. «Тәрбие тал бесіктен басталады» деген
ұлағатты сөзді ұстанатын қазақ халқы баланы жас кезінен ұлттық тәрбиеге баулып өсіреді.
Бұл – ұлттық тәрбиенің ең озық көріністері, яғни ұлттық тәрбие дегеніміз – адамды ізгілікке,
адамгершілікке тәрбиелеу. Қазақ халқының сан ғасырлар бойғы тәрбиелік мәні бар, баға
жетпес асыл қазынасының бірі – мақал-мәтелдер. Қазақ халқының тарихы мен тағдыры,
тәлімі мен тәрбиесі, кемеңгерлігі мен көсемдігі де оның сөзінде жатыр. Ұлттың болмысы мен
өмір тәжірибесі тұрғысынан алғанда аталар сөзі кейінгі ұрпаққа алдыңғы буын өсиет еткен
тәрбие функциясының теориясы сынды адамның жетілуіне, кемелденуіне тұлғалық
қалыптасуына оң әсерін тигізетін фактор болып табылады. Халықтың даналық сөз өрнектері
көркем образды ықшам сөз тіркестері ғана емес, қаншама сан ғасырлар өтсе де қасиетін
бойына сақтаған, философиялық та, филологиялық та, педагогикалық та қуаты күшті
өсиетнамалық нақылдар.
Сонау ықылым заманнан, сан ғасырлар бойы халықтың өзiмен бiрге жасалып,
екшелiп, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалып жатқан ауыз әдебиетiнiң бай саласының бiрi –
мақал-мәтелдер. Халқымыздың осындай мол әдеби мұрасының жинақталып, ел игілігіне
айналуына В.Радлов, П.Мелиоранский, В.Катаринский, Ф.Плотников сияқты орыс
зерттеушілерімен қатар Ш.Уәлиханов, М.Бабажанов, А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин,
Ә.Диваев, Т.Ізтілеуұлы, Ө.Тұрманжанов, М.Әлімбаев сияқты т.б. көптеген қазақтың белгілі
тұлғалары қызмет етті.
Қазақ мақал-мәтелдерін алғаш боп жинақтаған фольклортанушы, жазушы
Ө.Тұрманжанов «мақалдар мен мәтелдер ауыз әдебиетінің ең байырғы, ең көне түрі. Ол
ғасырлар бойы халықтың ұқыптап сақтап келген еңбек тәжірибесінің жиыны, ой-пікірінің
түйіні, аңсаған асыл арманының арнасы, өмір тіршілігінің айнасы, көнеден жаңаға келе
жатқан, тозбайтын, тот баспайтын өмірлік өшпес мұрасы» [1, б.3] десе, ғалым Ә. Қайдар
66
«көркем сөз тәсілдерінің ішіндегі қуаттысы мен құнарлысы болып саналатын мақал-
мәтелдер тіл атаулының баршасына тән, өзіндік ерекшелігімен көзге түсетін универсалдық
құбылыс» [2, б.425] деп анықтама береді. Ұлттың өшпес мұрасына айналған мақал-мәтелдер
халықтың өмірімен, тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасып,
рухани, материалдық
мәдениетіміздің өзгерістеріне сәйкес дамып отырады. Сол себептен де мақал-мәтелдерді ұзақ
жылдар бойы халықтың іс-тәжірибесінен түйінделген даналық жемісі деп бағалаймыз. Олар
адамды адамгершілікке, тәрбиелілікке, даналыққа шақырып, әлеуметтік нормалар мен
құндылықтарды сақтай отырып, өмірлік маңызы бар істерді атқаруда бағыттап отыратын
құрал.
Ұлттық тәрбие халықтың өмірлік тәжірибесі берген эстетикалық, этикалық
нормалардың жас буынның санасына өшпестей ұялап, оның іс-әрекет дағдысынан
айқындалуы мұрат болып орныққан. Белгілі педагог К.Д.Ушинский: «Халықтық тәрбиенің
тәжірибесінен тыс жерде педагогика да, педагог та жоқ» деген. Ал, осы тәжірибе халық
өмірінің бүкіл саласын, материалдық та, рухани да құндылықтарын қамтиды [3] десе, белгілі
алаш қайраткері Х. Досмұхамедұлы «қазақ халқының ауыз әдебиеті – тәлім-тәрбиенің негізгі
қайнар көзі» дейді. Ол қазақ әдебиетінің қай жанры болмасын,тәлім-тәрбиелік мазмұнға бай
келетінін онда көшпенді халықтың өмір салты, психологиясы жан-жақты көрініс табатынын
айтады [4]. Яғни, жас ұрпақтың ұлттық тәрбиесінің бастау бұлағы – халықтың қайнаған
тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрлерінің халық әдебиетіндегі көріністерінің маңыздылығын
көрсетеді.
Қазақ халқының ғасырлар бойы жинақталған халықтық педагогикасында бала, ұрпақ,
жастар арасындағы тәрбие мақсаттары жатыр. Қазіргі таңда жас ұрпақты өз халқының
таным-тарихы мен салт-дәстүрін білетін, ана тілін меңгерген мәдениеті жоғары,
адамгершілігі мол тұлға етіп тәрбиелеу – әрбір азаматтың міндеті. Қазіргідей емес, бұрын
бала тәрбиесіне бір отбасы мүшелері ғана емес, бүкіл ауыл жауапты болып, ұрпақ
мәселесіне, ұрпақ сапалығына өте мән берген. Халқымыз ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде
ұлттық мұраларды терең білуге, құрметтеуге баулып, оларды инабаттылық пен
имандылыққа, адалдық пен әділдікке баулып өсірген. «Тәрбиелегің келсе – өзің тәрбиелі
бол» деп, өздері де жақсы өнеге көрсетіп, бала-шағасына үлгі болған. «Шешенің ізін қыз
басар, әкенің ізін ұл басар», «Әкені көріп ұл өсер, шешені көріп, қыз өсер», «Ата көрген оқ
жонар, шеше көрген тон пішер», «Ағасына қарай інісі, апасына қарай сіңілсі»,
«Мейірімділікті атадан үйрен, Әдептілікті данадан үйрен» сынды нақыл сөздер соның
айғағы. «Әдепсіз өскен адамнан, тәртіппен өскен тал артық», «Әдепсіз бала ауыздықсыз атқа
тең, ақылды қария жазып қойған хатқа тең», «Әдептің әліппесі – әйел», «Әдепті жігіт –
қылықты қыз» [5]. Осы келтірілген мақалдардың алдыңғы екеуінде әдепсіз адам, бағусыз
өскен қисық ағаш сияқты, жүгенсіз кеткен аттай тәртіпсіз болатынын білдірсе, соңғы
екеуінде әдептілік әдемі, ибалы әйелден бастау алып, адамгершілік пен адамдыққа ие
сыпайы азаматтарға тән екенін меңзеп тұр.
«Қызы анадан үйренбей өнеге алмас, ұлы атадан үйренбей сапар шекпес» деген қазақ
мақал-мәтелдердің қисынынан баланың адам боп қалыптасуында отбасының алатын орны
орасан зор екенін білеміз. Оның тұлға боп қалыптасып, өмірлік көзқарастарының
айқындалуы, эстетикалық талғамы отбасынан басталары анық. Сондай-ақ «әке», «шеше»
ұғымдары ұл мен қызға идеал екенін білеміз. Отбасында бұларсыз баланың қалыптасуы,
дамуы мүмкін емес. Отбасы – кез келген қоғамның маңызды институттарының бірі. Ата-
бабаларымыздың дәстүрлі жолы бойынша ата-ана мен бала арасындағы сыйластық этикалық
ережелерге бағынатындықтан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жатқан қадір-қасиеттермен өзара
үндесіп жатады.
Адам баласы өмірге келгенде еліне елеулі, халқына қалаулы кемеңгер ата-анадан туса
да, дайын тәрбиемен туылмайды. Жеті жасқа дейінгі тәрбие, ана сүтімен, әке тәрбиесімен
беріледі. Бірақ бала тек отбасында ғана тәрбиеленбейді, оған қоса оның араласатын дос-
жараны, құрбы-құрдастары бар. «Адам туа жаман емес, жүре жаман», «Сынықтан өзгенің
бәрі жұғады» дейді халқымыз. Күнделікті өмірде адамдар түрлі қарым-қатынастар мен
67
байланыстарға түседі. Олар адамның мінез-құлық, жүріс-тұрыс, сөйлеу, киім кию
әдептерінің көрінетін ортасы. Ол белгілі бір моральдық нормалармен, ережелермен
өлшенеді. Осыдан адамның іс-әрекетімен, ерік-жігерімен байланысты жақсылық, жамандық,
әділеттілік, әділетсіздік секілді категориялар шығады. Қоғам адамдар бірлесе өмір сүретін
орта болғандықтан, адамға көпшілікке ортақ әдеп ережелері мен қарым-қатынас
қағидаларын сақтауға, орындауға тура келеді. Бұл ережелерді орындамау, ескермеу қарым-
қатынасты қиындатады.
Ұл-қыздарының сыпайы сәлемдесіп, жылы шырай танытып, көмекке дайын елгезек,
мейрімді болып өскені әрбір ата-ана үшін мерей, мақтаныш. Әсіресе, қыз баланың арлы,
әдепті болып өсуін қатты қадағалап, қыз баланың тәрбиесін қашанда маңызды санаған. Қыз
баланың жаны нәзік, жүрегі жұмсақ, «қыз – қонақ» деп қыз балаға қатты сөз айтпай, бетінен
қақпай, төрге отырғызып, мәпелеп өсірген. Десе де «қызға қырық үйден тыю» деп қыздың
тәрбиесіне де аса мән берген. Себебі қазақ «қыздың абыройы – ата-ананың абыройың»,
«қызың әдепті, ибалы боп өссе – ажарың, ал әдепсіз болса – азабың» деп санайды. Қыздың
ұятын бүкіл ұлттың намысы деп білген. Қоғам тәрбиесін қыз баланың ұяттығымен
ұштастыра қарастырған. Сондықтан да қазақта қыздың гендерлік образы ерекше сипат алған.
Ол өзінің көркімен, сыпайлығымен, әдептілігімен, ибалылығымен ерекшеленген. «Жаны
сұлудың – тәні сұлу», «Сыпайы қыз сұлу көрінер», «Жақсы қыз – жағадағы құндыз», «Қызы
бардың – назы бар», «Жақсы қыз шашбауы сылдырап есік ашады, жаман қыз шашы дудырап
кері қашады», «Озар елдің қызы мінезді, ұлы өнерлі келеді» деген нақыл сөздерден қазақ
қызының сырт келбетінің әсемдігіне жан сұлулығы да сай келетіндігін байқаймыз. Бұлар
ұлтымыздың ментальді ерекшілігінен туындаған біздің ұлттық мінезіміздің сипаттары.
Халқымыз «келінім, саған айтам, қызым сен тыңда» дей отырып, қызына үлкенді
сыйлау, үй ұстау, ас дайындау, қонақ күту, т.б. әйел адамның міндеттерін рет-ретімен
санасына сіңіріп, ерте бастан үйретіп отырған. Қазақ отбасында келіннің мінез-құлқы, сөйлеу
әдебі, жүріс-тұрысы қазақ әйелінің гендерлік үлгісін ерекшелейді. Халқымыздың «Әдепті
келін – ауылдың көркі», «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын», «Жақсы келін – қызыңдай,
жақсы күйеу – ұлыңдай» деген мақал-мәтелдері осыны айғақтайды. Сондай-ақ «Жақсы үйге
түскен келін – келін, жаман үйге түскен келін – келсап» дейді халқымыз. Яғни, халқымыз
«есіктен имене аттаған келіннің білгенін асырып, білмегенін жасырып, тәрбиелеп, аналық
махаббатыңа бөлесең – өз балаңнан кем емес. Сырласыңа, қиналғанда мұңдасыңа айналады.
Бұл – келін. Ал егер, берген асын, істеген тірлігін міндетсінетін, жұмысқа олақ, өзі салақ,
ұйқысы қанбайтын, қабағы ашылмайтын, жағы талмайтын әдепсіз болса, ол – келсап» деп
келіннің мінез-құлық ерекшеліктеріне де аса мән берген. Яғни, қазақ танымында жақсы келін
– ибалы, әдепті, жаман келін – ізетсіз, әдепсіз.
Қазақ тілінде ерлерге тән мақал-мәтелдер де баршылық. «Үй иесі – ұл, төр иесі –
қыз», «Жігітті жігерінен таны», «Ұл – өмір жалғасы», «Ұл – ата жолын қуушы», «Ұл – елдің
көркі, халықтың тірегі», «Жігіттің құны жүз жылқы, ары мың жылқы», «Ердің өзіне қарама
сөзіне қара», «Еркек дауысты қатында ұят болмас, әйел дауысты еркекте қуат болмас» деген
мақал-мәтелдер жігіттің гендерлік ерекшеліктерін көрсетіп, ұлтымыздың ұл тәрбиесіне де
ерекше көңіл бөлгенін байқатады.
Тәрбиелі адам – парасаттылық пен мінезге бай болатынын белгілі. Адам
тәрбиеліліктің деңгейіне жеткенде, оның өмір жайлы ойы да, әрбір іске деген ұқыптылығы
да, айналадағы адамдарға деген қарым-қатынасы да өзгеріп, көпшіліктің көңілінен шыға
бастайды. Сол себептен «халық айтса, қалып айтпайды» дейді. Тәрбиелікке үйрету де сан
түрлі. Мысалы, еңбекке, әдептілікке, инбаттыққа, адамшылыққа, қайырымдылыққа үйрету.
Ендеше осылардың бәрін де балалардың бойына сіңіріп, оның күнделікті өмірдегі әдеттеріне
айналдыру тәрбиенің ең үлкен мақсаты. Баланы тәрбиелікке үйретудің тәсілі – адамдардың
өзара тәлімі мен үлгісі. Сондықтан да халық «Адамнан адам тәлім алады, Ағаштан ағаш мәуе
алады», «Алдыңғы көш қайда жүрсе, Соңғы көш солай жүрер», «Қарағайға қарап тал өсер,
Құрбыға қарап бала өсер», «Балаңа байқап сөйлесең көнер, Байқамай, шайқап сөйлсең,
Көрсетер бір «өнер», «Көргені жоқ көріктіден, Тәлімі көрген текті артық» деп бекер айтпаса
68
керек. Осындай ұрпақ тәрбиесіндегі мәселелерді халықымыз күнделікті әдетке айналдыруға
ұмтылған. Соның арқасында тәрбие мен мәдениетіміз ұрпақ тәрбиесінің алтын діңгегіне
айналған. Баланы үлкендерді құрметтеу, оларға көмектесу, кішіге қамқор болу, құрдастармен
тату болуды үйретіп, олардың саналы ойлау қабілеттерін ашу арқылы, баланың ерік-жігерін
дамыту кез-келген тәрбиенің мазмұнды да мәнді болып шығуына мол әсер етеді. Үлкенді
сыйлау – адамгершіліктің бір негізі. Қазақ халқының әлеуметтік өмірінде үлкенді сыйлау
ұлттық дәстүрге айналған. Отбасында, балалар бақшасында, мектепте қоғамдық орындарда
үлкенді сыйлай білу дәстүрін бұзбау және оны қастерлеу әрбір адамнан талап етіледі. Бұл
туралы халқымыз «Өзгеге жасаған ізетің – өзіңе жасаған құрметің», «Жасқа – қызмет, Қартқа
– құрмет», «Халықтың қартын сыйлауы, Еліңнің салтын сыйлауы, «Кішіпейілділік – кісінің
көркі»деп өсиет қалдырған. Халқымыз үлкенді құрметтеп қадір тұтуды, ілтипатты қарым-
қатынаста болуды, сыйласа білуді отбасында берік ұстанған. Мұны ғасырдан ғасырға
ауысып келген осындай мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерден байқаймыз. «Үлкенді сен
сыйласаң, кіші сені сыйлайды. Кіші сені сыйласа, кісі сені сыйлайды», «Әдептің не екенін
әдепті адамды көргенде ұғарсың», «Әдепті жігіт өсірсе, ауылдың абыройы», «Жібек мінезді
қыз жұртқа жағады» деген мақал-мәтелдеріміз қазақ шаңырағында әр уақытта да әдептілікті
құрмет тұтқанын, сыпайы, кішіпейіл адамды басқаларға үлгі-өнеге ете білгендігін, жас
ұрпақтың тәлімді, тәрбиелі болып өсуіне ерекше назар аударатындығын айқын көрсететіні
анық. Баланы жақсы адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеуде өскен ортаның құрбы құрдастың,
тәрбиелі адаммен жолдас болудың әсері күшті екенін халқымыз ежелден бағалай білген.
Оған «Жақсымен жолдас болсаң – жетерсің мұратқа, Жаманмен жолдас болсаң қаларсың
ұятқа», «Жақсының жақсы болмағы – жолдасынан», «Жаман дос жолдасын жауға
қалдырады» деген халық мақалдары дәлел. Әрбір мақал-мәтел – философиялық ой-түйін,
білім, терең тағылым, баға жетпес рухани қазына. Әрбір халықтың өмір тәжірибесінің түйіні,
әдет-ғұрпының ерекешеліктерінен туындаған, нәзік сезімі мен даналық ой-өрісінен туған
мақал-мәтелдер әр адамның ой-өрісін кеңейтіп, тәлім-тәрбие алуына, ақыл-парасат қосуына
үлкен үлесі, әсері бар.
Ұрпақ – болашақ, яғни ол адамзаттың болашағы. Сондықтан ата-ананың тәрбиесі бала
мінезінің іргетасы. «Бала тәрбиесі – бесіктен», «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер, «Таяқтау
оңай, тәрбиелеу қиын», «Қызы анадан үйренбей өнеге алмас, Ұлы атадан үйренбей сапар
шекпес», «Ана сүтімен бітпеген қасиет, Тана сүтімен сіңбейді» деп түйіндейді халық
даналығы. Сондықтан балаға өмірінің алғашқы жылдарынан-ақ адамгершілік сезімдерін
берудің орны бөлек. Жастайынан бойға сіңген мінез басқа бір зор күш әсерінен болмаса,
есейгенде де сақталады. «Сүтпен біткен мінез сүйекпен кетеді» деген мақал ең алдымен,
тәрбие мәселесіне қаншалықты терең мән берілетінін көрсетеді. «Тәрбие табалдырықтан
басталады» деген мақалдың өзі өмірден алынған шындық. Сол себептен де халық өмір есігін
енді ғана ашқан бала тәрбиесін бесіктен бастайды. Ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беру сәби
жүрегін тербеп, адамгершілікке жетелейді. «Қызды асырай алмаған күн етеді, ұлды асырай
алмаған құл етеді» деген мақал-мәтелдің де мәнісі – жас ұрпақты жақсылыққа баулу.
Халқымыз «Қыз – өріс, ұл – қоныс», «Қызың жақсы болса, өрісің кеңейеді, Ұлың жақсы
болса, қонысың кеңейеді», «Қызың өссе, қызы жақсымен, Ұлың өссе, ұлы жақсымен ауылдас
бол», «Қызға қырық үйден тыю, бір үйден жыю», «Қызыңды бөтен үйге қондырма, ұлыңды
бөтен үйден тойдырма» деп ұрпағына талап қойған. Мұнда ұлдың да, қыздың да ретсіз
жүруінің, мезгілсіз қыдыруының жағымсыз екендігін ұқтырып отырған. «Үлкеннің алдын
кеспе, бос шелекпен өтпе» деп баланы үлкендерді сыйлауға, жол беруге тәрбиелеген. «Ұл
ұяты әкеге, қыз ұяты шешеге» – деу арқылы халқымыз ата-ананың, үлкендердің жас ұрпақ
тәрбиелеудегі орнын көрсеткен. Қазақ халқы ұстаған қағидасын, түйген философиялық ойын
жан-жақты қарастырып осындай бір ауыз нақыл сөздерге сыйғызып бере білген.
Білім, тәжірибе, тәлім-тәрбие – адам ақылының нәр алатын бұлақтары. Халқымыз:
«Ақылдылар шымыр келер, ақымақтар қыңыр келер», «Саналы адам сағыңды сындырмас,
санасыз адам жағыңды тындырмас», «Ақымақтың ақылы білегінде, Ақылдының ақылы
жүрегінде», «Ақылды адам батпан-ақ, Ақылсыз адам сасқалақ» секілді халық ұғымында
69
ақыл баға жетпес қазынаға айналған нақыл сөздер арқылы ақылды, есті адамдарды жұртқа
үнемі үлгі етіп отырған. Бұл да психологиялық тәлім-тәрбиенің бастауы [7].
Мақал-мәтелдермен жұмыс істей отырып, білім алушылар тілдің өзгергіштігін, оның
экспрессивтік құралдары мен бейнелі мазмұнын түсініп, тілді қабылдайды және сіңіреді,
шығармашылық қарым-қатынастары мен жеке қатынастарын білдіреді. Тұлға өзінің ой-
өрісін кеңейту, ойларын еркін білдіре алу қабілеттерін дамытып, ойлау қабілеттерін
белсендіреді, адамгершілік-этикалық қағидаларды қалыптастырады.
Халықтық педагогика кең байтақ жерімізде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып әдептілік,
мейірімділік, шарапаттылық салтанат құрып, ғасырдан ғасырға үзілмей жетіп жатыр.
Осылайша мақал-мәтелдер баланы тәрбиелеуде оның танымдық қасиеттерін жан-жақты
дамыта отырып, халық педагогикасында осы талапты жүзеге асырудың аса құнды
дидактикалық материалы болып табылады.
Дамудың қазіргі кезеңінде психология ғылымында тұлғаны зерттеудің әртүрлі
әдістерін қолдануға кең мүмкіндіктер бар. Фольклор – халықтық психологияны зерттеу үшін
өте қажетті және маңызды халық шығармашылығы. Мақал-мәтелдерде адамның барлық
жағымды және жағымсыз қасиеттері мен қасиеттері жақсы көрінеді. Шығу тегі ертерек
болғанымен, мақал-мәтелдер қазіргі сөйлеуде де өзектілігін жоғалтпайды және
рефлексияның әмбебап құралы ретінде қоғам мен жеке тұлғаның рухани-идеологиялық
құндылықтарын жалпы ұлттық менталитеттің бейнесі ретінде, сондай-ақ адам өмірінің
кейбір аспектілеріне деген көзқарасты анықтай алады.
Ғалымдар мақал-мәтелдерді әлеуметтік-психологиялық зерттеулерде де қолдануға
болатынын, олар адам өмірінің әртүрлі жақтарын адамдардың сенімдері, өмірлік
қиындықтар, адамдардағы қарым-қатынасқа әсер ететін жағымсыз немесе жағымды
қасиеттердің болуы және т.б. айқын сипаттайтынын айтады. Яғни, балаларға мақал-
мәтелдерді оқытудың психологиялық негіздері нақыл сөздерді оқытудың психологиялық
мәнін айқындай түседі.
Мақал-мәтелдердің психологиялық жағын зертеген ғалым Н.Р. Романова «Адам
туралы, жеке тұлғаны қалыптастыру туралы, адамгершілік, еңбек, ақыл-ой, физикалық және
эстетикалық тәрбие туралы танымал идеяларды қамтитын мақал-мәтелдер мен қанатты
сөздерді, ертегілер мен аңыздарды, шешендік өнер, психотерапияда, оқу үрдісінде қолдануға
кеңес беріледі. Алайда, бұл құралдарды тәжірибеде қолдану көбіне кең ғылыми зерттеулерге
емес, интуитивті негіздерге негізделеді. Бұлардың әсер етуінің психологиялық
заңдылықтары мардымды зерттелмеген. Зерттеулер, көбінесе, мақал-мәтелдерді субъективті
қабылдау саласында жүзеге асырылады» дейді. Автор фольклордың психологиялық
интерпретацияларын қорытындылай келе, А.А.Леонтьев, Н.Пезешкян, Д.Соколов,
М.Эриксон мен психологиялық әсер ету теориясының терминологиясын қолдана отырып,
фольклорды белгілі бір мәдениетте бекітілген, құндылықтарды білдіретін психологиялық
әсер етудің ауызша құралы ретінде анықтауға болатынын айтады. Яғни, мақал-мәтелдер
адамның назарын белсенді түрде аударады, ерекше әсер қалдырады, есте сақтауға және
сөйлеу кезінде пайдалануға оңай. Жүйелік көзқарас тұрғысынан олардың есте сақталуы,
сақталуы және айтылу негізгі жүйелік қасиеттер болып табылады. Фольклор түрлерінің
психологиялық әсер ету механизмі олардың сананың мағыналық құрылымдарын
ұйымдастырушы және жүзеге асырушы ретінде қызмет етуінде екен. Оларды жиі және түрлі
себептер бойынша әртүрлі өмірлік жағдайларда әртүрлі субъектілер қолданады. Нәтижесінде
жеке сананың семантикасына түрлі дәрежеде енеді. Олардың бейнелі, эмоционалды негіздері
субъективті семантиканың жаңа интегративті негізде қайта құрылуын қамтамасыз ете
отырып, мақал-мәтелдің мазмұндық байланыстарын тұлғаның ядролық құрылымдарына
терең енуіне жағдай жасайды [8].
Көрнекті фольклортанушы В.Я. Пропп «Біздің уақытымызда фольклор проблемалары
өзекті болып келеді. Бірде-бір гуманитарлық ғылымдар – этнография да, тарих та, тіл білімі
де, әдебиет тарихы да фольклорлық материалдарсыз және зерттеулерсіз мүмкін болмайды»
деп халық шығармашылығының маңызды рөлін атап өтеді [9].
70
Қорыта келгенде, қазақ халқының балаларды тәрбиелеу мен оқыту туралы көптеген
педагогикалық-психологиялық көзқарастары мен әлеуметтік-психологиялық білімдері
адамгершілік және этикалық ұғымдарды, халықтың мақсат-мұраттары мен халық
даналығының маңызды белгілерін бейнелейтін халық ауыз әдебиетінен көрініс тапты.
Сондықтан халық ауыз әдебиеті, соның ішінде мақал-мәтелдер – қазақ халқының
дүниетанымын зерттейтін педагогика, психология, тарих, филология салаларының ғылыми
зерттеулері үшін құнды дереккөз. Мақал-мәтелдер – адамның мінез-құлқы мен іс-әрекетінің
ең жақсы мінездік қасиеттері мен психологиясын тәрбиелеу құралы болып табылатын үлкен
халықтық энциклопедияның бір түрі. Сол себепті мақал-мәтелдер халық педагогикасының
бір құралы ретінде өзінің көпжақтылығымен жас ұрпақты тәрбиелеу процесінде кеңінен
қолданылып, тұлғаның табиғи тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуы мен дамуына үлкен әсер
етеді.
ӘДЕБИЕТТЕР
1.
Тұрманжанов Ө. Қазақтың мақал-мәтелдері. – Алматы, 2007. - 270 б.
2.
Қайдар Ә. Ғылымдағы ғұмыр. Мақалалар, баяндамалар жинағы – Алматы, 2014.
3.
Жылқыбаева Ш. Мақал-мәтелдердегі ұлттық тәрбие// Егемен Қазақстан газеті, 31
Шілде, 2018
4.
Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы (избранное)- Алматы: Ана тілі, 1998.
5.
Бабалар сөзі: Жүзтомдық.– Астана, 2010. Т. 65: Қазақ мақал-мәтелдері. - 488 б.
6.
Ибраева Д.С. Мақал-мәтелдердің мағыналық тіркестерге қарай жіктелуі. ҚазҰУ
Хабаршысы, 2015
7.
Оразбекова К. Иман және инабат. – Алматы: Ана тілі, 1993. – 152 б.
8.
Романова, Н.Р. Социально-психологические детерминанты внушающего
воздействия фольклора: На примере использования пословиц и поговорок. Автореферат
диссертации на соискание ученой степени кандидата психологических наук. Иваново, 2003.
– 24 с.
9.
Жусупова Д.Ы., Тилекова Н.Д. Фольклор – как литературный источник
педагогических и психологических знаний//Международный научный журнал «Наука.
Образование. Техника». – № 2, 2017.
Достарыңызбен бөлісу: |