ӘРІПТЕРМЕН ТАНЫСТЫРУ. Сөздің дыбыстарын айыра білгеннен кейін түрлі дыбыстарды қосып сөз қыла білетін болғаннан кейін әріппен таныстыруға түседі. Әріппен таныстыру реті әріптердің әліп-би кітабындағы ретінше болады. Әліп-би кітабының басындағы бөлек әріптер, немесе сөздің ішіндегі әріптер, мәселен «а» «с» болса, сол әріптер бар сөздерді алып, дыбыстарын айыртады. Сонан соң пәлен дыбыстың таңбасы мынау деп әрібін көрсетеді. Дыбыс таңбасы әріп деп аталатынын да айтады. Сонан кейін жаздыртады. Басқа әріптердің арасынан іздеп таптырады.
Сонан кейін танытқан әріптерінен құрастырып, сөз қылып оқытады. Дыбыстарды айырту, құрастырып сөз қылу дұрысталып істеліп, балалар әбден әдісін алған болса, сол дыбыстардың әріптерін құрастырып, сөз қылып оқуға балалар қиналмайды. Бір-екі сөзді әріптеп құрап оқығаннан кейін тез әдісін алады. Алғашқы кезде сөзді ылғи буындап қостырып оқытады. Сонан буындап оқып әдеттенеді. Буындап оқу жаттыға бара қалыпты оқу түріне түседі.
Европа жұрттары соңғы кезде қолданып жүрген америка әдісі деген жалқылаулы-жалпылау әдісінің «тұтас сөзді» тағы бір айтып, сонымен әдіс жалпы тарихын аяқтайық.
Бұл - ескі емлелі жұрттың шығарған, ескі емлелі жұрттардың қолданып отырған әдісі. Ағылшын, француз жұрттарының емлелері араб емлесі сияқты ескі болады, ескі емлемен жазылған сөздің жазуы мен оқуы бір-біріне сәйкес болмайды. Мәселен, арабтар «тырқы» деп жазып, «тараққи» деп оқиды. Ағылшын мен француз емлесі онан да сорақы: біз олардың -емлесінше жазатын болсақ, «жой» деп жазып, «жуа» деп оқыр едік. Ондай емлесі бар жұртқа дыбыстың құны шамалы: сөзді сүгіретін жаттаумен танып оқиды, әріп тек сүгірет мүшесінің орнына жүреді.
Бұл күнде бұл әдісті әр жұрт өз тілінің, емлесінің ыңғайына қарай әр түрлі тұтынып отыр. Нағыз өзінің шыққан жері Америкада тұтынуы былай:
Жылдың ортасына дейін кітап қолдану жоқ. Балалар оқытушының тақтайға жазғанын оқумен ғана барады.Оқу әріптен, не дыбыстан басталмайды, тұтас тұрған сөздерді оқудан басталады. Мәселен, бір бала шегіртке ұстап алып келген екен.
Оқытушы: «He әкелді?» - деп балалардан сұрайды. Балалар «Шегіртке әкелді»,-дейді. «Шегіртке әкелді» деген сөйлемді оқытушы тақтайға жазады. Өзі оқиды, балаларға оқытады.
Сонан соң «шегіртке» деген сөзді кірістіріп, басқа сөйлемдер алады. Оны жазады, оқиды, оқытады. Сөйте-сөйте «шегіртке» деген сөздің жазуы қайта-қайта ұшырап, балалардың жаттарында қала-қала барып, әбден таныс болып, бірден танитын болады. Бірден танитын болса, бірден оқитын болғаны. Басқа сөздердің де оқуын сол ретше үйретеді.
Солай етумен жарты жылдың ішінде 125 шамалы сөзді танып оқитын болады. Екі айдай сөздің дыбыс жағына жоламайды. Онан әрі ғана, балалар бірсыпыра сөздің оқуын енді біліп болды ғой дегенде барып, сөздің дыбыстарын айырта бастайды.
Дыбыс айыртуға тұқымдас сөздер алынады. Тұқымдас сөздердің дыбыстарының көбі бірдей болады. Дыбыс айыртуға түсерде жаңа үйретілген сөздердің тұқымдастығына қарай сұрыпталып, бірінің астына бірі сатыланып жазылады. Соларды көре-көре, оқи-оқи жүріп сөздердің бәрінде де ұшырайтын ортақ дыбыстардың үнін де, әрпін де айыратын болады.
Американың жазуға үйретуді де оқуға үйрету сияқты әріптен бастамай, бүтін сөздің жазуынан басталады. Бірақ жеңілдік үшін бастапқы кезде әрпі аз сөздер алынады.
«Жаңа мектеп», 1928 N1, 31-37 б .
(Мақала «Тіл тағылымы» кітабынан алынды.-Алматы: Ана тілі, 1992)
Достарыңызбен бөлісу: |