И. Р. Гальперин мәтінде онымен тікелей байланысты емес фрагменттердің пайда болу ықтималдылығын мәтін үзіндісінің автосемантиясы деп түсіндіреді [1, 100].
И. Р. Гальперин микрошегіністерді (сентенция) немесе авторлық шегіністерді автосемантикалық деп есептейді.
Л. М. Лосева мәтіннің автосемантикалық үзінділерін «еркін сөйлемдер» деп атап, оларды негізінен күрделі синтаксистік тұтастық шеңберінен тыс бөледі [13, 69–70 б.].
Т. В. Матвеева «мәтін үзінділерінің автосемантиясы» терминінің орнына «мәтіндегі мәтінді», мәтіннің негізгі тұлғасымен ассоциациялы байланыста болып, автордың мәтіннің негізгі логикалық желісінен ауытқу құқығының өткерілуін көрсететін фрагментті танытатын «ерекше композициялық блок» ұғымын пайдаланады [12, 34].
Күрделі фразалық тұтастықтың және «еркін сөйлемдердің» тәуелсіздігі лексикалық, грамматикалық және мазмұндық қырларынан қарастырылуы мүмкін:
- логикалық қырынан мәтін үзінділерінің тәуелсіздігі өзін әлдебір сөздер мен сөз тіркестерінің сөзбе-сөз немесе синонимді қайталанбауынан көрсетеді;
- грамматикалық қырынан дейктикалық элементтердің болмауымен және абзац құрылымының бір типтілігінің бұзылуынан байқалады;
- мазмұндық қырынан автосемантия сентенция және басқа жинақталған айтылым формалары түрінде көрінеді.
Күрделі фразалық тұтастықтың тәуелсіздігі түрлі стильдерде, түрлі жанрларда түрліше байқалады. Мәтінді объективті бөлшектеудің негізінде хабардың, мысалы, ғылыми, іскерлік, газет мәтіндерінде логикалық ұйымдастырылуы көрінеді.
Дипломатиялық құжаттарда (пактілерде, шарттарда, меморандумдарда, т.б.), заңдар мен қаулыларда бөлшектеудің ерекше түрі байқалады. Онда цифрлық және әріптік көрсеткіштер жиі кездеседі.
Көркем әдебиет шығармаларында мәтінді субъективті бөлшнектеу байқалады.
Поэтикалық мәтіндерде шумақ қана емес, шумақтың бөлігі де, жол да мәтінді бөлшектеу бірлігі болады.
Кейбір авторлар мәтінді құрастыру үшін табиғи бөлімдер желісінің ретін әдейі бұзып, баяндаудың жалпы жоспарынан шығып қалған жекелеген мәтін «кесектерін» жасайды. Олар тәуелсіздік алады. Ондай «кесектердің» абзацтарға бөлінетіні сирек емес.
Сөйлем сияқты мәтін үзінділерінің тәуелсіздігі абсолютті емес. Қандай да бір жолмен мәтін үзіндісінің мазмұны не мәтіннің тақырыбымен, не одан бұрынғы әйтпесе кейінгі үзіндінің мазұнымен тіркеседі. Мәселен, «Ақбөпе»-дегі лирикалық шегіністер автордың жалпы тұжырымдамасымен байланысты.
Мәтіннің үдемелі қозғалысында жекелеген үзінділердің атвосемантиясы үзіліс, аялдама, кідіріс сияқты оқырманның назарын баяндау желісінен басқаға бұрады.
Күрделі фразалық тұтастық автосемантиясының әдеттегі амалы – автордың ой толғамы. Оның сентенция, парадокс, түрлі тұжырымдар, қорытындылар, ұсыныстар формасында айтылуы мүмкін.
Автордың ой толғамы ретроспекция және проспекция категорияларында, сол сияқты авторлық шегіністің басқа түрлерінде көрінеді.
Сонеттердің эпиграммалық жолдары, мысалдардың моралі, «көріністер», «мәлімдемелер», ұлы шешендердің сөзінен жекелеген үзінділер автосемантияның белгілі бір дәрежесіне ие. Ондай сөздер шағын мәтін іспетті. Оларға көркем – эстетикалық формада айтылған адамзат баласының жинақтаған тәжірибесі сіңеді, алайда формальды-құрылымдық жағынан жеке сөйлемді білдіреді.
Құрылымы жағынан бір не бірнеше сөйлемнен тұратын дәйексөз (цитата) сияқты мәтін үзіндісі ерекше автосемантияға ие. Мазмұн тұрғысында дәйексөз контекспен тіркескен, бірақ байланысты емес, ретроспективтік және проспективтік сипатқа ие бола алады.
Басқаша айтқанда, мәтін үзінділерінің автосемантиясы автордың қалауынша мазмұндық - концептуалды ақпараттың тереңірек ашылуын қамтамасыз етуге қажетті мәтінді ұйымдастыру амалы болып табылады.
Айтылғаннан көріп отырғанымыздай, мәтін үзінділерінің автосемантиясы объективті, алайда көбіне субъективті болып, автордың ой толғамын білдіреді. Сондықтан ол өзін көлемдік-прагматикалық бөлшектеуге де, контексті-вариациялық бөлшектеуге де қатысы бар мәтінді бөлшектеудің ерекше түрі ретінде көрсетеді.