Диалогтың драмаландырылған типі драматизмді, шиеленісті, жағдайдың қарама-қайшылығын жеткізуге ұмтылады. Автор диалогты драмаландырады. Мұндай диалогқа эллипсистік, ескертпелердің ықшамдылығы, ауызша сөйлеу ерекшеліктерін – демеуліктерді, одағайларды, модальды сөздерді, фразаны құрау ерекшеліктерін стильдендіру тән. Ауызекі тілден айырмасы – бұл элементтер драмалық көркем диалогта өзектендіріліп, ерекшеленеді, олар кейіпкерлердің сезімін, ойын өзінше жеткізуге, экспрессивті күшейтуге ықпал етеді (ауызша сөйлегенде мұндай элементтер ым-ишарамен, дауыстың құбылуымен, бет құбылысымен толығады, әңгімені жазбаша тіркегенде, олар жоғалады). Осындай көркем диалогта авторлық ремаркалар да маңызды роль атқарады.
Қатысушыларына қарай мынадай диалог типтері бөлінеді: диалог – түсіндіру, диалог – қарама қайшылық, диалог – синтез, диалог – дау, диалог – ұрыс, диалог – унисон, диалог – толықтыру, сол сияқты диалог – хабар, диалог – талқылау, диалог – әңгіме және т.б.
Көркем әдебиетте бөгде (өзінің емес) сөз түрлері бар аралас сөз жиі қолданылады. Бұл сөз түрі айтушының өз сөзіне (автор сөзіне) бөгде сөз түрінде диалог сөзі көрінсе, бөгде айтылым немесе бірнеше адамның сөздері жеткізілсе, басқа адамның сөзінің қосылуына негізделген.
Мәтінге бөгде сөз ену жағдайын өз сөзі мен оған қосылған бөгде сөзді салыстырғанда анықтау оңай.
Айтушының адресатқа жетізген оқиғалар мен фактілер айтушының өз сөзінің объектісі болады. Ал айтушы басқаның сөзін жеткізсе, басқаның айтқаны немесе басқа адамдардың әңгімесі ақпарат объектісі болып табылады. Айтушы өзінің немесе адресаттың айтқандарының мазмұны туралы ақпаратты адресатқа бөгде сөз формасында мәлімдеуі мүмкін.
Бөгде сөзді жеткізу және оны мәтінге қосу тәсілдері сан алуан, сөйлеудің түрлі функционалдық тәсілдері үшін дифференциалды және әрқайсысының грамматикалық безендіру нормасы бар.
Басқаның сөзін жеткізудің ең қарапайым тәсілі – оны төл сөз формасында жаңғырту, яғни басқа кісінің айтқанын (жазғанын) сөзбе-сөз жеткізу. Мұндайда айтылым (әңгіме) жаңғыртылғанда ештеңе қосылмайды. Төл сөз жоғарыда суреттелген монологтың немесе диалогтың қасиетін сақтайды. Ол сол сөзді айтқан адамның атынан айтылып, оның жеке ерекшеліктері мен стилін сақтайды. Автор тек басқаның айтқан сөзін жеткізетінін ескертеді.
Басқаның сөзін жеткізудің өзге тәсілдері сияқты төл сөзді қолдану кейбір функционалдық стильдерде елеулі ерекшеліктерімен сипатталады.
Төл сөздің басты екі түрі:
а) көркем емес (ғылыми, публицистік, іскерлік) мәтіндерде өзгенің монологтық айтылымдарын келтіру;
ә) көркем шығармаларда кейіпкердің сөзі – көбіне диалог.
Төл сөзді жеткізуде экспрессивтік синтаксис амалдары: сұрақ, таң қалу (восклицания), параллелизм, лексикалық қайталаулар мен қолдау т.с.с.
Төл сөз кейіпкердің ішкі монологын өзінің өзіне арнау сөзі ретінде баяндаушының іштей сөйлеген сөзін бірінші жақтан жеткізе алады.
Төл сөздің бір түрі-таңбаланбаған төл сөз (несобственно прямая речь) – графикалық бөлектенбеген сөз, сөз немесе ой етістігінің көмегімен енгізіледі.
Мысалы «...Ол үйден шыға ойлаған: ақырын ешкімге білдірмей, станцияға тайып тұрамын».
Әдеттен тыс – хайуандардың, құстардың, құрт-құмырсқалардың сөзі келтірілсе, төл сөз саласы кеңейеді.
Жансыз заттардың төл сөзі кейіпкердің сөзінің қайталамасы болуы да мүмкін.
Кейіпкерлердің диалогына жансыз заттардың төл сөзінің қосылуы мүмкін.
«Көктем, махаббат, бақыт! » – дегендей мына қайың.
Төл сөзбен берілген жансыз заттың сөзі өлең сөзіне де енеді. Мұндай сөз көбіне автордың ой толғамын білдіру тәсілі болып табылады (мысалы, Мұқағали өлеңдері).
Бөгде сөзді жеткізудің тағы бір аса маңызды тәсілі-төлеу сөз.
Төлеу сөз сөздің синтаксистік құрылымын түбегелі өзгертуді талап етеді, бұл оны төл сөзге қатысты қайталама, оны өзгертудің жемісі ретінде қарауға негіз болады.
Төлеу сөз бірнеше түрге, соның ішінде суреттеуші жанама (живописная косвенная) және жартылай төл сөзге (полупрямая речь) бөлініп, төлеу сөздің өз табиғатына қарама-қайшы келетін көріністерінің бар екенін көрсетеді.
Сөйлеу түрін таңдау мәтіннің жанры мен типіне, мәтіннің қандай типіне жататынына байланысты анықталады.
Айтылғандардан мәтінді бөлшектеудің екі – көлемдік-прагматикалық және контексті-вариациялық типі негізінің бағдарланатынын, автордың ниетінен туатынын көруге болады. Бұл баяндаудың әр типінде материалдың стилистикалық өңделгені сезілетінін білдіреді. Жазушының сөзі-әрдайым «көркем ақиқат» көрінісі.
Бөлшектеудің екі типінің құралдары әр түрлі болғанмен мақсаты біреу. Олардың негізінде объективті ақиқатты біздің санамыз қабылдайтындай етіп, үзінділерді реттеп, ұйымдастырып бөлшектеу жатыр. Көлемді мәтінді тарауларға, бөлімдерге бөлінбеген, баяндау формаларының өзгермеген түрінде көз алдыңызға елестетудің өзі қиын. Әскери және басқа жарғылар, заңдар жиынтығы, іскерлік құжаттар және өзгелері бұдан шет қалмайды.
Барлық дерлік мәтінде көлемдік-прагматикалық бөлшектеуден басқа контексті-вариациялық, сол сияқты алғысөз, цитация, аллюзия, қорытынды, бөтен сөзді жеткізудің жекелеген тәсілдері және басқа шектеулі бөлшектеуді табуға болады.
Бөлшектеудің басқа бөлшектеу категорияларына тәуелді екенін ерекше атап көрсету керек. Бөлшектеудің өзі ақпарат, интеграция, мәтін байласымы категорияларымен және басқалармен тікелей байланысты. Мәтіннің түрлі типтерінде белгілі бір үзінділер сол үзіндіде берілетін мәнге байланысты ерекшеленеді. Автордың контексті – вариациялық бөлшектеудің қай түріне мән бергеніне қарай әрбір бөлшектеу типін қарастыруға болады.