Себебі, сондықтан, демек т.б. имплицитті байланыс құралдары көркем шығармада классикалық ойталқыны көрсетіп тұрады. Бұл байланыс құралдарын ойша сөйлемдердің арасына оңай ораналастыруға болады.
Ойталқы таза күйінде басқа стильдерге қарағанда көркем әдебиет шығармаларында едәуір сирек кездеседі (іскерлік стильде мүлде болмайды деуге болады). Ойталқы элементтері суреттеу және әңгімелеуде жиірек ұшырасады. Ондай күрделі фразалық тұтастық типін әдетте аралас типке жатқызады.
Негізгі үш бөлім – тезис, дәлелдеме және қорытынды бөлініп көрінетін ойталқыға негізгі назарды аударған жөн. Тезис түсінікті бір сөйлеммен де айқын құрыла береді, дәлелдеме (аргументация) біріншіден, екіншіден, үшіншіден, сол сияқты, сондай-ақ, сонымен бірге және басқа да қыстырма сөздермен басталуы мүмкін. Ойталқының қорытындысы кейде қысқа да нұсқа бір сөйлемнен тұра береді.
Ойталқының композициялық ұйымдастырылуы (бүкіл мәтін сияқты) мәтіннің қандай стильге жататына қатысты.
Мәселен, ғылыми мәтіннің (кез-келген жанрда) композициясы стандартты, онда үш тармақтық-тақырыптық (кейде тақырыпшаның да), кіріспенің, тақырыптың дамуының және қорытындының болуы міндетті. Жанрды тақырыптық кешенде белгілеу өте сирек.
Ресми-іскерлік мәтін композициялық тұрғыда клишелі мәтіндерге, яғни белгілі бір қатаң композициялық құрылымды мәтіндерге жатады. Ресми-іскерлік мәтіннің тақырыбының мәні жоғары, оған тұтас мәтіннің проспективалы белгісі (өтініш, анықтама, акт, түсініктеме хат, бұйрық, заң, т.б.) болып табылатын мәтіннің жанрлық белгісі енуі маңыздырақ. Мәтіннің жанрлық белгісінде адресатқа прагматикалық бағдар көрсетілген. Маман заңгерлер оны зерделеп, тіпті талқыға салады. Алайда ресми-іскерлік мәтінде қорытынды әрдайым бола бермейді.
Публицистикалық мәтін тақырыптан, тақырып басталуынан, дамуынан және аяқталуынан тұрады. Тақырып пен аяқталуы антистандартты, бағалау және прагматикалық функцияны атқарады, тақырып-информатикалық, ал қорытынды логикалық функцияға ие. Публицистикалық мәтіннің басталуы тақырыптық мазмұнмен ұқсас-автордың мақсатын білдіріп, оқырманның назарын аударады.
Ауызекі сөйлеу мәтінінің шекаралары берілген нақты жағдаймен ғана, этикеттік шеңбермен анықталып, айтушының «мен» желісімен байланысты.
Көркем мәтінде композициялық блоктар өте айқын бөлінген: тақырыптар, мәтінді мүшелеудің графикалық тәсілдері. Көркем мәтіннің тақырыбы – мазмұнына ақпарат енген, шығарманың бүкіл құрылысын анықтайтын проспективалы бірлік.
Көркем мәтіннің композициялық шегі – басталуы (экспозиция) мен соңында (финал) стандартсыздық басым, алайда мұнда белгілі бір стереотиптер (жанрлық және жалпыстильдік) жинақталған.
Жалпы композициялық блоктардың сипаты мен ара қатынасы эстетикалық міндет пен автордың психологиялық мақсатына бағындырылған.
Ойталқы формасында кейіпкердің немесе автордың ішкі дүниесінің толғаныстарын, ой арпалысы, болмысқа көз қарасы т.с.с. ойлау үдерісіне негізделген көріністер орын алады. Бұл күрделі фразалық тұтастыққа көбінесе риторикалық сөйлемдер, инверсия, синтаксистік параллель түзілімдер, сөйлемнің үзілмелілігі сияқты тілдік құрылымдар жатады.
Мысалы Ыстық қой, шіркін, туған жер! Туған жерге жеткенше, қайтіп дәті шыдайды? Кім сағынбас өз қағын? Кім сүймесін өз жерін? Сүймесе сүймес зердесіз, шерсіз жүрек, тілеуі бөлек жетесіз (Ж. Аймаутов). Ойлауды құрайтын маңызды бөлшектерге уақыт пен кеңістік және себеп- салдар жатады. Мысалы: Ақ тиін мен қасқыр
Бір күні ақ тиін бұтақтан ұйықтап жатқан қасқырдың үстіне құлайды. Қасқыр қарғып тұрып оны жегісі келеді. Ақ тиін жалынып:
Мені жеме, жібер?- дейді.
Жарайды, жіберейін, бірақ сен маған айт: неліктен сендер әр уақытта шат болып жүресіңдер?
Қасқыр ақ тиінді босатады. Ақ тиін ағаш басына шығып алып: - Сен қасқыр, залымсың, залымдық ішіңді жандырады.Сондықтан әрқашан қапалы жүресің. Біз ешкімге жауыздық жасамаймыз, сол үшін де әр уақытта шат болып жүреміз, - депті (Елу ертегі). Сонымен, мәтіннің композициялық сөйлеу формалары туралы лингвист ғалымдардың ұстанымдарын қорытындылай келе: «Суреттеу- бейнелеудің кеңістіктегі дамуы болса, әңгімелеу- мезгілдік дамуы, ал, ойталқы- логикалық дамуы... Шығарманың композициялық құрлымы осы айтылған сөйлеу формаларының түрліше байланысып қиысқан өрмегінен тұрады [17, 10].