Кеңістік континуумы уақыт континуумымен тығыз байланысты. Мұнда субъектінің қабылдауы арқылы өтетін шынайы әлемді көрсететін объективті кеңістікті бөліп алуға болады, сонымен қатар кеңістік сипаттарды өзінде кеңістік табиғаты жоқ ұғымдарға телуге болады, яғни мәтіндік кеңістіктің басқа түрлері– концептуалдық, психологиялық, әлеуметтік түрлері туралы айтуға болады.
Сондай-ақ жеке түрлерге ие (роман-эпикалық хронотоптар, мифопоэтикалық кеңістік) көркемдік кеңістік бар.
Материалдық құбылысты көрсететіндіктен мәтінде шынайы кеңістік те болады.
Кеңістік жүйесінде бастапқы нүкте болып табылатын сөйлеу субъектісіне қатысты әлдебір «осында» нүктесі «қазір» темпоралдық нүктесімен үйлесіп, мәтіндік хронотоптың «мен-осында-қазір» бастапқы антропоцентрлік пунктін құрайды.
Тілдегі локалдылық (лат.locahs-жергілікті) өрісінің базалық бірліктері –кеңістік дейксисінің құралдары. Оған кіретіндер:
а) объектінің жекелеген бөліктерінің, оның жақтарының объектінің өзіне қатынасының абстракциясы болып табылатын арнайы семантикалы сөздері: іші, үстіңгі жағы, үсті, асты, жағы; ә) категориялық лексикалық бірліктер: мекен, кеңістік; б) локалды семантикалы түрлі сөз таптарының басқа сөздері: болу, кең, алыс; кеңістік мәндегі предлогтар: асты, үсті, маңы, топонимдер мен географиялық терминдер. Бұған перифериялық семалы локалдылық сөздерін, оның ішінде бүкіл нақты-заттық лексиканы, локалды семалы коннотоция сөздерін: кейбір жалқы есімдерді, экзотизмдерді жатқызуға болады.
Кеңістік категориясының өзі бір мәнді болмағандықтан оған түрлі семантикалық өрістердің бірліктері енеді. Мәселен, кеңістік өрісін идеографиялық жіктегенде оған әдетте мынадай топтамалар кіргізіледі:
- кеңістік шекаралары – шекара, шек (қаланың шегі), өлке, шеңбер; - шектелген кеңістік – жол, күре жол, алаң;
- кеңістікте болу – жату, отыру, тұру;
- кеңістікте болу локализациясы – солда, арттан, маңында, қасында, жанында, алыста. - жағдайды өзгерту-құлау, көтерілу, тұру - бағыт-көру, шығу - қашықтық-қашық, алыс, жақын; - кеңістік координаттары-бүйір, жоғары, төмен, орта, оң жақ, сол жақ. Темпоралдылық сияқты локалдылық та статикалық және динамикалық болуы мүмкін, оларды ажырату үшін етістіктер семантикасы маңызды. Статикалы локалды көріністі беру үшін экзистенциалды етістіктер мен кеңістік локализациясын білдіретін етістіктер, локалды динамиканы беру кезінде – орын алмастыру етістіктері қолданылады.
Радио сөйлеп тұр; сағат тілі алға кетіп қалыпты; толқын көтерілген-экзистенциалды (функтивті) етістіктер;
Ол ауырып жатыр. Балалар өсіп келеді. Ол темекі шегіп, кешкілікте газет оқиды-статикалық етістіктер (статуалды);
Ол жүгіріп келеді. Балалар жолға шықты-орын ауыстыру етістіктері (акционалды).
Жай сөйлемнің мекен-жай көрсеткіштері мен сәйкес семантикалы бағыныңқы сөйлемдер кеңістік айқындылығы мен кеңістік байланыстарын жеткізуде грамматикалық (логикалық) сипаттағы тіл құралдары болып қызмет етеді.
Дүниеде бар кеңістік қатынастар әлемнің тілдік суретінде тілдің әр деңгейлі құралдарының – кеңістік лексикасының, локалды мәнді арнайы морфологиялық формалардың, синтаксистік құрылымның көмегімен өзінше ұйғарылады.
Уақыт континуумына қарағанда кеңістік континуумы көркем мәтіндерде нақтырақ болады. Оқиға орнының географиялық атауы мен сол жердің сипаттамасы көбіне шынайы көрсетіледі. Дегенмен көркем суреттеуде кеңістік нақтылығы уақыт нақтылығы тәрізді шартты ғана. Индивидуумдар уақытта емес кеңістікте нақты, яғни адамның бір орында әр кезде болуы мүмкін, бірақ, бір мезгілде әр орында бола алмайды, демек уақыт пен кеңістіктің әлдебір ассиметриясы бар.
Біздің сезім мүшелеріміз қабылдайтын үш өлшемді кеңістіктің көп өлшемді болуы мүмкін, ол сабақтаса (сабақтаспай да) суреттеген оқиға әлеміне қарай тарылуға да, кеңеюге де қабілетті, бір орынға байланып қалса да, өзіне әлдебір шарттылық (баяғыда бір патшалықта) енгізіп отырады.
Кеңістік категориясы мәтінді белгілі жағдайдың оның өтуі емес, оның бірыңғай уақыт тұрғысында дамуымен шендестіреді. Көркем кеңістік шынайы кеңістіктен, көркем уақыт шынайы уақыттан айрықша болғаны сияқты ажырайды.
Шынайы уақыт жаһандық, үзіліссіз және бөлшекті. Көркемдік осыларға қоса нақтылықты тудырады. Концептуалдық кеңістіктен көркем кеңістіктің айырмасы – ешқашан дерлік абстрактылы болмайды, орталыққа (орталық дегеніміз тұтас мәтін субъектісі, авторы, шекарасын олар белгілейді) қатысты белгілі бір шекарасы не бағдары бар.
Көркем мәтін ауызекі сөйлесу мәтінінен кеңістік категориясының мақсаттылығымен ерекшеленеді: ол шынайы жағдайдан тумайды, автор ойының құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады.
Көркем кеңістікке шектеу жоқ. Объективті шексіз кеңістікті көзбен шолуға болса, объективті шағын кеңістік ұлан-ғайыр жазираға айналады; кез-келген кеңістік ашық не жабық көрсетіледі, өзінде кеңістік табиғаты жоқ ұғымдардың кеңістік моделін жасауы ықтимал.
Объективті кеңістіктің үш типінің ішінде (нүктелік, векторлық, квантитативтік) көркем мәтін үшін квантитативтік (лат. quantum-қанша), яғни құбылыстың құрамы, көлемі, мөлшері өзекті. Бұл сипаттар мәтін үзіндісінің ішіндегі локалды көрсеткіш ретінде қолданылады.
Субъектінің (автор мен кейіпкердің) көзқарасы – объективті және көркем кеңістіктің негізгі ұғымы.
Автор мен кейіпкердің орны сәйкессе:
а) автордың кейіпкерге айналуы;
ә) автордың кейіпкердің соңынан ілесуі;
б) автор орнының екі талай болуы мүмкін.
Егер автордың орны кейіпкердің орнынан бөлек болса, онда:
а) автордың көзқарасы бір кейіпкерден екіншісіне сырғып отырады;
ә) автордың көзқарасы тәуелсіз;
б) автордың көзқарасы субъектінің баяндау өрісінде жылжуына қарай өзгеріп отырады;
в) көзқарасы жалпы сипатты болады (сырттан қарайды).
Мәтін кеңістігін модельдендірудің екі жолы бар: кеңістікті бейнелеу және бейнеленген кеңістікті нұсқау, осылардың үйлесімі мәтін панорамасын құрауға қабілетті. Бұл панорама нақты.
Нақтылықтың есебінен көркемдік кеңістіктің өзі көркем бейне қасиетіне ие болады немесе тұтас мәтіннің кеңістік емес мағынасын айту тәсіліне айналады. Көркем мәтінде кеңістікті белгілеу құралдары шығарманың тақырыбына қарай өзгеріп отырады. Мысалы «қала» әңгімелерінде адамзаттың тіршілік орындары былай көрсетіледі: аулада, есік арқылы, пәтерде, мекенжай, екінші қабат, сегізінші бөлме, үйге сатымен көтерілді, сатының жақтауына сүйеніп, кеңістік семантикасының «ауылдық» лексикасы тиісінше өзгереді.
Орынды тәптіштеп, әңгіме үзінділерін қоса отырып, жан-жақты сипаттау көріністі ұлғайтады. Жалпыламадан қомақтыға, айқынсыздықтан нақты анықтылыққа көшу мәтіннің құрылым-мазмұндық үзінділерінің шекараларын білдіріп, тақырыптың ашылуын жақындатады.
Айтылып өткендей, көркем шығармада микромәтін оқиғаның уақыты мен орнын тура көрсете бермейді. Көркем шығармада оқиғаның локальды-уақыттық параметрлерінің өзі ерекше сипатта жазушы жасаған көркем дүниенің шегінде болады. Алайда шығарманың көркем дүниесінің шегінде оқырман мәтіннің кез-келген үзіндісінде суреттеліп отырған оқиғаның уақыты мен орнына қатысты бағдар таба алады. Микромәтінде локальды-уақыт сипаттамасының болмауының немесе жеткіліксіздігінің орны үлкен контекспен толықтырылады.
Етістіктің сөз өзгертуші формаларымен айтылатын (грамматикалы) уақыт категориясы реляциялық сипатта – оқиға уақытының айтылып отырған сәтке қатысын білдіреді. Мезгіл мен мекен пысықтауышы («осында», «анда», «енді» сияқты мекен үстеулерінен басқасы) керісінше номинативті сипатта – олар суреттелген оқиғаның орнын немесе уақытын, яғни объективті уақыт пен оқиға орнын айтады.
Мәтінді құрастыру тұрғысынан автосемантикалық және синсемантикалық мезгіл мен мекен пысықтауыштарын ажырату маңызды.
Автосемантикалық пысықтауыштар оқиғаның нақты датасын немесе нақты географиялық орнын атап, абсолютті мәнге ие, оған контекске сүйенудің қажеті жоқ. Синсемантикалық пысықтауыштар реляциялық мәнге ие-олар әлдебір есеп нүктесіне қатысты уақытты не орынды білдіреді және ондай қатыссыз түсінікті болмайды.