Бәкен бейнесі. «Қатынды арбаға салып қыдыру – Бәкеннің ойынша, елдің әдетінде жоқ нәрсе. Бата оқыр, төркіндеу сияқты ерекше жұмыстар болмаса, әйелдің үйден шығып жүруінің өзі ерсі ғой деп ойлады. Ауылдың адамдары Бәкенді сөз қыла бастайды. Қатынынан қорқып, жиналысқа алып бара жатыр дейді. Күйгелек Бәкен мұны ойласа, одан жаман күйеді, күйе келе сұмдықты бастаған сол ғой дегендей, кешегі ауылнайдікіне келген «төреге» тоқталады: «Апырмай, бұл не деген жындылық? Әйелді жинағанда не айтпақшы екен?»
Сол замандағы ұғым бойынша әйелдің көпшілік жерге баруы ерсі болған.
«Тыныш тұрмыс – үй тұрмысы Бәкенге қымбат. Таңертең тұрып шомын үйсе, шаруашылығын істесе, шаршап келіп, Раушанның оң тізесін баса отырып, терлеп шәй ішсе, қызыл іңірден жатып ұйқысын қандырса – одан артық тұрмыс бар, одан қызық нәрсе бар деп Бәкен ойлады ма екен? Бәкен, шынында үй – күшік болып өскен кісі; сайлау, жиналыс дегенге барған пенде емес, сөйтіп үйренген адамға бірден «ұзақ» жолға шығу, ұзақ жолға шыққанда да, «елге күлкі» болып жаулығын шошаңдатып қатынын ала шығу қалай оңай болсын – ау. Әлдекімнен ұялғандай болып, маңдайы жіпсіп тершіген секілденді.
Күзгі күн ғой.Аспан ала шабыр бұлт. Ойнақшыған күн, көрпесін бүркенген қыздай біресе шарбы бұлтты бетіне ұстай қойса, кейде, Бәкенді мазақ қылып күлгендей, бұлттан шыға салып жымыңдайды » (психологиялық параллелизм).
«Бәкен атының жалын оңдап, арқасынан сипап, көзінің қиығымен Раушанға қарайды. Раушанның қызыл шырайлы жүзі, күлімсіреген көзі, баптап сөйлеген сөзі Бәкенді сиқырлаған сияқты болды. Бәкен қандай қатты ашуға мінгенде де, Раушан күлімсіреп бетіне қараса, Бәкен жібіп сала беретін. Ақырында өзі де күліп жіберетін. Бұл жолы да солай болды.
- Қатын! Басқаға жаман шығарсың, бірақ өзіме жақсысың, өзіме қымбатсың! Өсектеген жұрт өсектей жатар, ойнап – күліп барып қайтайық».