§ 1. Қазақ қоғамындағы ислам дінінің алатын орны
Ислам дінінің қазақ халқының рухани өмірінде ерекше орын алатындығын, имандылықтың, адамгершіліктің негізі екендігін әр кезеңде халқымыздың алдыңғы қатарлы озық ойшылдары жеткілікті түсінген. Сондай қазақ халқының біртуар зиялы азаматтары, қазақтардың ұлттық сана-сезімін оятып, тілі мен діні үшін күрескен озық ойлы ағартушылар, Алаш қайраткері шығармаларының бүгінгі ұрпақ, жастар тәрбиесіне тигізер әсері мол.
Ұлтымыздың азаттығы жолындағы күресті өмірінің ең басты мақсатына айналдырған зиялы қауымның аса көрнекті өкілдерінің ислам діні хақындағы пікірі қандай? Исламның отарлық езгіге қарсы күрестегі аса маңызды фактор болып табылатындығын терең ұғынған Алаш зиялыларының мұсылманшылдық пен имандылыққа көзқарасы нендей өлшемдермен айқындалады? Аталмыш сұрақтардың өзектілігіне ешбір дауа жоқ.
XX ғасыр басында жалпы ұлттық сипатқа ие болған Алаш қозғалысының өрістеуіне ислам дінінің маңызы ерекше болды. Алаш қайраткерлерінің мұсылманшылдық ұстанымын айқындаған басты себеп – олардың ислам діні мен ғылымынан сусындап, мұсылманша тәрбие алғандығы. Алаш қайраткерлерінің ішінде ислам дінінің көптеген ірі өкілдері болды. Сондай-ақ, Алаш идеологиясына, зиялылардың бас біріктіруіне Мұсылман фракциясының, Мұсылман съездерінің, «Шура-и-ислам» қоғамдық-саяси ұйымның, жәдитшілдік діни-ағартушылық ағымның ықпалы зор болды. Бірінші, екінші жалпықазақ съездерінде дін мәселесі күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі болды. «Алаш» партиясы бағдарламасына дін ісі жеке тарау ретінде енгізілді.
Қазақ қоғамының даму жолы және ондағы діннің алатын орны мәселесінде Алаш зиялыларының арасында екі жақты көзқарас қалыптасты. Бір жағынан, Ресейде білім алып, орыс әдебиеті мен мәдениетінен сусындаған зиялы топ халықтың жарқын болашағын батыстың озық мәдени үлгілерін қабылдау арқылы түсіндірді және дінді екінші орынға қойды. Екінші жағынан, ортодоксалды исламдық рухта тәрбиеленген, ислам дінінің үлгілері мен ережелерін өз бойына терең сіңірген зиялы қауым дінді басты орынға шығарды. Олар ислам ілімінің ғылым мен білімнің дамуына зор ықпалын көрсете келе, ұлт тұтастығын діни тұтастықпен тікелей байланыстырды.
Достарыңызбен бөлісу: |