§ 2. Алаш рухани көсемдерінің мұсылмандыққа көзқарастары
Осыған орай Алаштың рухани көсемі Әлихан Бөкейхан ұлт зиялылары арасында қалыптасқан саяси жағдайды «Қырғыздар» атты мақаласында былай деп көрсетеді: «Қырғыздар (қазақтар – А.С.) арасында қалыптасып келе жатқан екі саяси бағытқа сай екі саяси партия құрылуы мүмкін. Оның алғашқысын ұлттық-діни бағыттағы деп атауға болады, ал оның мақсаты қырғыздарды басқа мұсылмандармен біріктіру болмақ. Екіншісі – қырғыз даласының келешегін кең мағынада батыс мәдениетін енгізуге байланысты деп есептейтін бағыт. Бірінші бағыт мұсылман-татар партияларын үлгі тұтар, екіншісі – оппозициядағы орыс партияларын атап айтқанда халық бостандығы партиясын үлгі етпек» [1]. Ә. Бөкейхан бастаған қазақ зиялыларының басым бөлігі Бұхара мен Түркістанға бағыт түзеген дәстүрлі панисламшылдық пен пантүрікшілдіктен алыс болды. Олар қазақ қоғамын жаңғырту идеологиясын ең алдымен еуропалық өркениеттен, содан соң мұсылмандықтан іздестірді, сондай-ақ дінді мемлекеттен бөліп қарастырды. Ал, М. Шоқай бастаған қазақ зиялыларының екінші тобы барша мұсылман-түркі халықтарын біріктіріп, мұсылмандық мемлекет құруды, діни негіздерді басшылыққа алуды мақсат етті. Мұсылман халықтарды біріктіріп, Түркістан (Қоқан) автономиясын құру керек деген пікір алаштықтардың ұлттық идеясына қайшы келді. Осыған байланысты Ә. Бөкейхан «Азия болып (өзбектермен, басқалармен) бірігуге болмайды, оларда ескішілдік, діншілдік (религиозный фанатизм) күшті, оларды ишан, қожа-молда билеп келе жатқан халық, шариғат жолынан тез арада айрылмайтын халық», – деп тұжырымдайды. Онда ислам фанатизмі басым болғандықтан, егер Түркістанға қосылған жағдайда, мемлекет тізгіні діни реакцияшыл күштердің қолына өтіп кетуі ықтимал деп сақтандырады [2]. Шын мәнінде Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш зиялылары барша мұсылман халықтарымен реформаланған ислам негізінде жақындасу идеясын басшылыққа алды.
Біздің пікірімізше, Алаш қозғалысының лидерлері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды ұлтымыздың көрнекті зиялылары номадтар тарихына tabula rasa – таза тақта – деп қарамай, оның тарихи роліне және олар арасындағы исламның синкретикалық негізіне барынша ықылас білдірген сияқты. Өйткені нақ осы тұста жәдитшілдік ағымы тарих сахынасына шыққан болатын.
Алаш зиялыларының мұсылманшылдық стратегиясындағы ағартушылық реформаторлық қызметі жәдиттік қозғалыспен ұштасты. Жәдитшілдік қазақ зиялылары арасында Қазан және Қырым татар мұсылмандары Әбді Курсави, Шихаб Маржани және қырым татары Исмаил бей Гаспаралы шығармашылығы арқылы таратылды. Мұсылмандық ағартушылықтың қазақ зиялыларына тигізген әсерін терең зерттеген белгілі алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы жәдитшілдіктің қазақ нұсқасы екі асудан тұратынын көрсетеді. Бірінші асу – 1890-1911 жылдар – үйрену, тәжірибе жинау шағы. Екінші асу – 1911-1920 жылдар – жәдитшілдік кең өріс алып, Алаш қозғалысына ұласу шағы [3].
Жәдиттік зиялылар ислам дініне көзқарасында, біріншіден, исламнан бас тартпай-ақ, оған ішінара реформа жасауға ұмтылды. Бұл орайда олар исламның прогреске, ғылымға, түрлі діндегі адамдардың тату тұруына қайшы келмейтінін ұтымды көрсете білді. Екіншіден, зиялылар мемлекеттің дамуының азаматтық қағидаттарын, дінді мемлекеттен бөлуді жақтады. Ұлтшылдық пен ислам арасында тұжырымдамалық пікір алалығы болғанымен, ұлтжанды қайраткерлер діни сананың бұқара арасында үстем екенімен санасуға және бұл факторды отаршылдыққа қарсы күресте пайдалануға мәжбүр болды, сөйтіп ұлтшылдық идеялар исламмен тікелей немесе жанама түрде біріктіріліп, ислам ұлт-азаттық қозғалыс идеологиясының құрамдас бөлігіне айналды [4]. Сондықтан да жәдиттік ағым түріктік, ұлттық, исламдық идеяларды өзара тығыз ұштастырып, қоғамның азаматтық және діни негіздерінің синтезін құрады.
Жәдиттердің көмегімен қазақ зиялыларының ортасында дін мен зайырлылықтың гармониясы хақындағы либералдық идеялар кеңінен қолдауға ие болды. Дінилік пен зайырлылықтың арасындағы өзара байланыс пен тәуелсіздік – орталықазиялық, оның ішінде қазақстандық исламның бұлжымас принципі болып табылады. Яғни «биік арман» Пайғамбар дәуіріне үзілді-кесілді түрде қайтып оралуға соншама радикалды түрде үндеп отырған да жоқ. Егер ХХ ғасыр басындағы жәдиттердің көмегімен жергілікті мәдени қауым арасында кеңінен қолдауға ие болған исламдық әлемдегі дін мен зайырлықтың гармониясы хақындағы либералдық идеялар бүгінгі Қазақстанда өз қолдаушыларын тауып жатса мұның артында Алаш идеяларының тұрғаны да ешбір күмән тудырмайды.
Алаш зиялыларының қатарындағы ірі тұлғалардың бірі «дін үшін һәм халық үшін бейнет көруге» шақырған Міржақып Дулатұлы исламның «номадтар әлеміндегі» яки өркениетіндегі мәңгілік ренессанстық әрі синкретикалық ролін аса көрегенділікпен болжай білді. Ол көшпенділер қоғамының өзіндік тарихи ерекшеліктері мен осы қоғамдағы исламның күш-қуатын терең ұғынды. Міржақып Дулатұлы ислам дінінде белгілі дәрежеде халықты ағартушылық бағытқа жетектейтін негіз бар деп есептейді. Бұл орайда Міржақып «мұсылмандық шарттарын берік ұстанып, жастар санансына дін рухын сіңіруді» басты мақсаты деп есептеумен қоса, ол қазақтар арасында оқу-білімнің тарағанын құптады. Міржақып Дулатов ғылым мен білімді жақтай отырып, жалпыадамзаттық асыл қасиеттердің қалыптасуында діннің тәрбиелік мәнін баса айтады. Бірыңғай орысша оқытып, мұсылманша оқытпаудың қазақ балаларының тәрбиесінде үлкен олқылықтарға апаратынын, тәрбиенің нәтижесіз болатынын атап көрсетті.
Адамзат ғылыми прогресс арқылы қаншалықты ілгерісе де, қандай құрал ойлап тапса да, заманның, тіршіліктің сырын ақиқаттардан, яғни діннен іздейді. Әр адам жаратылысын ойлау арқылы жаратушы иесін табады да, оған жүзін бұрып, иман келтіреді. Кәміл бір иман адамды жамандықтан, арам ойлардан алыстатады, рухани жан-дүниесін, көңілін адамзатқа пайдалы болатын әр түрлі іс-әрекетке әуес қылады. ХІХ ғасырдағы Қазақ Ағартушылығының ірі өкілі, ұлы ойшыл Абай «Құдай тағала ешбір нәрсені хикметсіз жаратпады, ешбір нәрсеге хикметсіз тәклиф қылмады. Бәрінің хикметі бар, бәрінің себебі бар, біздің ғауам былай тұрсын, ғылымға махаббаты барларға себеп – парыздарды білмекке ижтиһат ләзім, сіздер әрбір ғамал қылсаңыз, ізгілік деп қыласыз, ізгілікке бола қасд етіп, ниет етесіз», – деген [5].
Жоғарыда айтылған ойымызды қорытындылай келе айта кететін бір сөз, қазір еліміз егемендік алып, тіліміз, дініміз қайта оралған кезде, руханилықтың негізі ислам дінінің көп пайдалы қағидаларын қабылдап, оларды жастар бойына сіңдіре білу қажеттілігі туындап отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |