Сағат саны: 2
Тақырыптың негізгі сұрақтары / жоспары:
1. Тұлғаның өзін-өзі жетілдіруі
2. Тұлға және шығармашылық
Дәріс тезисі
Кез келген адам ерікті-еріксіз болсын, өзін-өзі жетілдірумен айналысады. Бойындағы жаман әдеттерден арылу, жақсы әдеттерді қалыптастыру, өзінің кәсіби біліктілігін көтеруге ұмтылу, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасын жақсартуға күш салу – осылардың бәрі де өзін-өзі жетілдірудің элементтері. Дегенмен де, өзін-өзі жетілдіру процесі өле-өлгенше және үздіксіз жүретін, ең бастысы саналы әрекет болуы тиіс. Сонда ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге болады.
Өзін-өзі жетілдіру жолы ұзақ және көп тер төгуді қажет етеді. Содан болар, жұрттың көбі оның қиындығынан қорқып, қажет екендігін, маңыздылығын сезіне тұра онымен айналысудан қашқақтайды. Осыған орай, өзін-өзі жетілдіріп, ойына алған мақсаттарының әрдайым биіктерінен көріне білетін жандар өмірде сирек кезедеседі.
Егер сізді күнделікті бірсарынды ішпыстырарлық тірлік, ұдайы үрей мен қорқынышта болу, тапшылық пен қадам басқан сайын кездесетін қиындықтар жалықтырса, өміріңізді өзгертіп, жаныңыз қалаған іспен айналысуға, қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізіп, молшылықта, уайымсыз жаймашуақ тірлік кешкіңіз келсе, онда сол мақсатыңызға жетуге мүмкіндік берер – өзін-өзі жетілдірумен айналысыңыз.
Өзін-өзі жетілдіру сан қырлы өте күрделі құбылыс. Сондықтан да, егер сіз осы жолға тәуекел етіп түскіңіз келсе, онда сол бағыттардың бәрін болмаса да, негізгі деген біразын кешенді түрде қамтуыңыз қажет.
Өзін-өзі жетілдірудің бір бағыты – адамгершілік жағынан жетілу. Адамның бойындағы қайрымдылық, кішіпейілдік, сабырлылық, төзімділік сияқты ізгі қасиеттердің бәрі оны айналасынадғылармен жақсы қарым-қатынаста болуына жағдай жасап қана қоймай, өмірде жолын ашып, жұмыста, бизнесте, немесе саясатта болсын, биіктерге көтерілуіне игі ықпалын тигізбек. Сондықтан, ізгі қасиеттерді бойыңызға жинап, жаман әдеттерден арылу – өзін-өзі жетілдірудің басты шарттарының бір екеніні естен шығармағаныңыз жөн.
Екінші бағдар – ақыл-ойды жетілдіру. Адам бала кезінде әрнәрсені білуге өте құштар болады және өмір бойы алатын ақпараттарының 90 пайызын 17 жасқа дейін игереді екен. 25 жастан кейін адамның танымға деген ынта-ықыласы азайып, ілім-білім үйренуге деген құлшынысы кемиді. Егер өзін-өзі жетілдіру бағытында ілгері жылжимын десеңіз, ақыл-ойыңызды дамытуға, яғни оқып-үйренуге үнемі көңіл бөлуіңіз шарт.
Үшінші бағдар – тәнді жетілдіру. 35 жастан кейін адам ағзаларының дамуы тоқталып, ескіріп-тозу, яғни қартаю процесі басталады. Әрдайым сергек, күшті сезініп, ауру-сырқаудан аулақ болғыңыз келсе, жұмысты барлық уақытта құлшына істеймін десеңіз, тәніңізді жетілдіруге, яғни салауатты өмір салтын ұстанып, дене жаттығуларымен шұғылдануға жеткілікті көңіл бөлуіңіз керек.
Бекіту сұрақтары:
1.Өзін-өзі жетілдіру дегенді қалай түсінесіз?
2.Өзін-өзі жетілдірудің қандай бағыттары бар?
3.Шығармашылықтың тұлға жетілуіндегі алатын рөлі қандай?
Достарыңызбен бөлісу: |