Жоғары және (немесе) жоғары оқу орыннан кейінгі білім беру ұйымдары үшін «Философия» жалпы білім беру пәнінің типтік оқу бағдарламасы
АЛҒЫ СӨЗ
Курстың бағытталуы. «Философия» курсын оқу студенттердің бойында сананың ашықтығы, өзіндік ұлттық код, ұлттық сана-сезім, рухани жаңғыру, бәсекеге қабілеттілік, реализм және прагматизм, сыни ойлау, білімге ұмтылыс қасиеттерін қалыптастыруға, олардың әділдік, намыс, еркіндік және тағы басқа дүниетанымдық ұғымдарды игеруіне, сонымен қатар, толеранттық құндылықтарын, мәдениетаралық сұқбат пен бейбіт өмір сүру мәдениетін нығайтуға және дамытуға бағытталған. «Рухани жаңғыру» жобасында көрініс тапқан ұлттық бірегейлік, ұлттық «Меннің» ішкі өзегі мен ұлттық рухтың сақталу мәселелеріне және философияның қоғамдық сана жаңғыруындағы, қазіргі жаһандық міндеттерді шешудегі рөліне айрықша көңіл бөлінген.
Философия студенттердің философиялық рефлексиясының, өзіндік талдау және өзін адамгершілік тұрғысынан реттеу дағдыларының қалыптасуына, ғылыми-ізденістік қабілетінің дамуына, интеллектуалдық және шығармашылық әлеуетінің артуына ықпал етеді.
Курстың мақсаты – студенттердің философияны дүниені танып-білудің ерекше формасы ретінде түсінуін қалыптастырып, олардың келешек кәсіби қызметтері аясында оның негізгі тараулары, мәселелері мен әдістері туралы жүйелі білім беру.
Күтілетін оқу нәтижелері:
философияның тарихи дамуы негізінде онтология мен метафизиканың негізгі мазмұнын сипаттау;
нақты дүниені философиялық зерделеудің ерекшелігін түсіндіру;
дүниеге көзқарасты табиғи және әлеуметтік әлемді философиялық зерделеу мен зерттеудің нәтижесі ретінде негіздеу;
дүниені танып-білудің ғылыми және философиялық әдістерін жіктеу;
мифологиялық, діни және ғылыми дүниетанымның ерекшеліктері мен мазмұнына түсініктеме жасау;
негізгі дүниетанымдық ұғымдардың мағынасы мен рөлін адамның қазіргі әлемдегі жеке және әлеуметтік болмысының құндылықтары ретінде негіздеу;
медиамәтіндер, әлеуметтік-мәдени және жекетұлғалық жағдайлардың философиялық қырларына этикалық шешімдерді қабылдау және негіздеу үшін талдау жасау;
қазіргі жаһандық қоғамның өзекті мәселелеріне қатысты өзінің адами ұстанымын қалыптастыру және сауатты дәйектеу;
кәсіби саладағы мәселелердің философиялық мазмұнын анықтау үшін өзекті болып саналатын зерттеу жүргізіп, оның нәтижелерін талқылауға ұсыну.
Достарыңызбен бөлісу: |