Негізгі орта білім беру деңгейінің 8-сыныбы үшін
«Этносаралық қатынастардың қалыптасу тарихы»
курсының типтік оқу бағдарламасы
1. Түсінік хат
1. Бағдарлама Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» халыққа Жолдауындағы: «Тәрбиенің құрамдасы – патриотизм, мораль мен парасаттылық нормалары, ұлтаралық келісім мен толеранттылық, тәннің де, жанның да дамуы заңға мойынұсынушылық. Бұл құндылықтар меншіктің қандай түріне жататынына қарамастан, барлық оқу орындарында да сіңірілуге тиіс», - деген ұстанымдарын ескере отырып, әзірленді.
2. Елдiң табысты дамуының басты шарты – iшкi саяси тұрақтылықты, азаматтық татулық пен ұлтаралық келiсiмдi қамтамасыз ету, әрі қалыптасқан этникалық қауымдастықтардың терең тарихы негізінде этносаралық қатынастар мәдениетiн арттыру болып табылады.
3. Арнайы курс бағдарламасы жастарымызға тәрбие берудегі басты бағыттардың бірі ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетін дамытуды қарастырады. Бағдарламаның болашақ ұрпақты толерантты әрі өзге этностардың құндылықтарын құрметтейтін азамат ретінде тәрбиелеудегі маңызы зор.
4. Пәнді оқыту мақсаты:
оқушыларға Қазақстанның көпэтносты қоғам ретінде қалыптасу тарихын белгілі заңдылықтар мен тарихи үдерістер негізінде таныстыру. Қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды жолдары мен шарттарын түсіндіру.
5. Оқыту міндеттері:
1) этнос ұғымының адам өміріндегі рөлін, оның басты белгілері мен қызметтерін көрсету;
2) Қазақстан аумағындағы этномәдени үдерістердің негізгі заңдылықтары мен ерекшеліктерін түсіндіру;
3) этносаралық қатынастардың қалыптасу тарихын кезеңдер арқылы ашып көрсету;
4) этностардың бай этникалық тарихы, мәдениеті және олардың қоғам өмірін ұйымдастырудағы қызметтерімен таныстыру;
5) көпэтносты, әрi көпконфессиялы қоғам құрудағы қазақстандық тәжiрибенің ерекшеліктерін айқындау.
6) Этносаралық қатынастардың қалыптасу тарихы этностар өмірінің әртүрлі сатыдағы даму деңгейінің барлық қырларын қарастыратындықтан, пәнаралық байланыстар орната білудің мүмкіндігі өте мол. Пәнаралық байланыс белгілі бір этносқа ортақ фактілер, деректер, түсініктер мен идеялар бойынша жүргізіліп, оқушылардың оқу материалдарын шығармашылықпен игеруіне, оқу дағдылары мен икемділіктерін қалыптастыруға септігін тигізеді. Курс тақырыптарына байланысты пәндер тізімінен тек тарих, әдебиет сияқты гуманитарлық пәндерді ғана емес, жаратылыстану-математика цикліндегі пәндерді де көруге болады.
7) Оқу жүктемесінің көлемі:
8-сыныпта аптасына 1 сағат, оқу жылында – 34 сағат.
Достарыңызбен бөлісу: |