АҚ БИДАЙ
(ертегі)
Ерте заманда бидай өз бетімен өседі екен. Бір жылы қуаңшылық болады. Күн аптап ыстық, ылғал тапшы – өсімдік біткен қатты тарығады. Сол кезде тіршілік үшін жанталасқан басқа өсімдіктер ақ бидай- ды қаумалап, алқымға алып, қорлай бастайды. Тамыры мықтылар ақ бидай өсіп тұрған жердің ылғалын тартып алады. Кейбір сидиған бойшаң бұталар күннің көзіне қасақана тұрып алып, оған сәуле түсірмеуге тырысады.
Сол кезде ақ бидай жан-жағындағы ағаштарға жағдайын айтып, көмек сұрайды.
Ағаштар, ағаштар, маған қол ұшын бере көріңдер, мен құрғап қалатын болдым!
Бірақ ақ бидайдың сөзіне құлақ асқан ешкім болмады, қайта оны мазақ етіп, сөзіне күлетін болды. Сөйтіп, ақ бидайдың жағдайы күннен-күнге нашарлай береді. Ақырында ол өлер халге жетеді. Үстінен әрлі-берлі ұшып жатқан үлкенді-кішілі құстарға жалбарынады:
Құстар, құстар, маған көмектесе көріңдер, мені шөл қысып барады.
Бірақ оның өтінішіне, мұң-зарына ешкім құлақ аспайды. Кейбір құстар ақ бидайдың әлі толысып жетпеген балауыз дәнін шоқып кетеді. Енді өлдім ғой деген сәтте ақ бидайға садақ асынған, аң аулап жүрген адам тап болады.
Бидай адамға мұңын шағады:
О, қайырымды адамзат! Маған жәрдемдесе көр, мен өлетін болдым!
Адам найзасын бұтаға сүйей салады да, білегін сыбанып жіберіп, іске кіріседі. Ақ бидайдың айналасындағы арамшөптің бәрін отап, тып-типыл етеді. Бидайға ауыз салып жатқан тамырларын найзаның ұшымен қопарып тастайды. Сонан соң ағып жатқан бұлаққа барып, қос уысын толтырып, су алып келеді. Әлсіреп қалған ақ бидай мөлдір суға рақаттана қанып, өзін құртқалы тұс-тұстан анталаған жауынан құтылған соң, бой түзеп құлпырып өсе береді.
Достарыңызбен бөлісу: |