Бағдарламасы бойынша шығарылды Нұрғали Р. Шығармалары



Pdf көрінісі
бет37/41
Дата18.10.2023
өлшемі1,65 Mb.
#186585
түріБағдарламасы
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   41
Байланысты:
Аширов

ҚОРЫТЫНДЫ
Қазіргі заманда драматургия мен театр – күрделі уақытта 
өмір сүрген қазақ елінің өмірінен ерекше орын алатын көркем-
дік игілік, эстетикалық байлықтардың бірі. 
Қазақ пьесалары алғаш жеке кітапша болып жариялан-
ғаннан бері (1914 ж.) сексен бес жылдан асты. Тарих үшін онша 
көп мерзім саналмас осы уақыттың ішінде қазақ драматургтері 
әлемдегі озық, дамыған елдер әдебиетінде бар негізгі, жетекші, 
басты жанрлық формаларды ұлттық топырағында жаратып, 
халқымыздың рухани байлығының қатарына қосты. Дүние 
жүзі классикасынан ана тілімізге аударылған шығармалар 
және бір төбе.
Жаңа жанрлық формаларды тудыруда, реализм прин-
циптерін игеру жолында А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов
М. Жұмабаев, М. Дулатов, С. Сейфуллин, М. Әуезов, I. Жансүгіров, 
Б. Майлин, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов орасан зор қажыр-
қайратпен, ерекше ыждағат-шабытпен шығармашылық еңбек 
етті.
Қазақ драматургиясының бай поэтикалық халық мұрасы 
мен терең тамырластығы ең алдымен айтылуға тиіс әдеби 
көркем құбылыс деп білеміз.
Халық эпосы мен драматургиясы арасындағы диалектика-
лық байланыстың бірнеше аспектісін даралап, ерекше бөліп 
көрсетуге болар еді. Пьесаларымызға батырлар жырының сю-
жет желісі, оқиғалар сорабы ғана емес, дәстүрлі қаһармандары, 
белгілі идеялары, қанықты тартыстары, бір сөзбен, сан алуан 
әуез-сарындары, күллі пафосы, рухы ауысқан болатын. Халық 
өлеңдері (беташар, жар-жар, қоштасу, бата, жоқтау, айтыс, 
билік) аз ғана тігісі жатқызылып, кейде тіпті өзгертілмеген 
қалпында көптеген пьесалардың тексіне еніп, сіңісіп кетті. 
Әрине, халық фольклоры нұсқалары қанша көркем, үздік туын-
дылар болғанмен, жаңа жанрлық түрлерді толық ауысты-
ра алған жок. Халық байлығын, таусылмас қазынаны берік 


296
тиянақ ете отырып, жазушыларымыз соны көркемдік ізденістер 
үстінде әлем әдебиетіндегі жемісті дәстүрлерді зерттеп, озық 
дәстүрлерді игерді. Әлем әдебиетіндегі формаларды алды.
Қазақ драматургтері бірыңғай әсер ықпалына түсіп кетер 
көрсеқызарлықтан аулақ-ты. Жаңа заман талаптары, жаңа 
өмір шындықтары туғызған идеялық нысана, көркемдік талғам 
шарттары дәстүр мен жаңашылдықтың егіз, қатар жасауына 
мүмкіндік берді.
Іс-әрекет, қимыл-қозғалыс, психологизм орнына тежеу 
бермес сөз дауы, тізгін тартпас қызылөңеш дау-дамайдың ба-
сып кетуі – бірқыдыру пьесалардың, әсіресе алғашқы кезең 
туындыларының олқылығы болатын. Әрине, көрініс пен 
әрекеттің есесін сөз толтыра алмақ емес.
Табиғи төркініне жүгінсек, Ж. Аймауытов, М. Әуезов, 
I. Жансүгіров, Ж. Шанин, Ғ. Мүсірепов, Ә. Тәжібаев дра-
матургиясындағы сан алуан өлең өлшемдері, ағыл-тегіл ше-
шендік кестелері, түйдек-түйдек бейнелі тіркестер ұлттық 
сахна ерекшеліктерінен туған-ды. Қазақ театрының алғашқы 
көрермендері асыл сөз десе ішкен асын жерге қоятын, көзден гөрі 
құлаққа сенетін кешегі көшпенділер өкілі, сахара перзенттері 
еді. Драматургтер кей тұста фольклордың шеңберінде қалып, 
эпикалық схемалардан шыға алмай, этнографиялық жайттар-
ды, қарабайыр тұрмыс-салт дағдыларын тәптіштеп кетті, сөйтіп 
көркемдік жаңа игіліктер жасай алмады.
Қазақ драматургиясының үздік шығармаларындағы қа-
һармандар өмірдің қат-қабат шытырманында, тағдыр тауқы-
меті түскен, қияметтің қылкөпірі жағдайларында, орасан 
күрделі әлеуметтік-саяси тартыстар үстінде, психологиялық 
арпалыстар, сезім бұрқағы пенде шіркіннің басын тауға, тасқа 
соққан тар жол, тайғақ кешулерде көрінеді.
Кейіпкерлердің айқын идеологиялық ыждағаты – дәуір си-
паттарын, тартыс характерін аңғартатын айқын сапалардың 
бірі. Әсіресе революция шындығын, әлеуметтік-саяси 
күрестер табиғатын ашатын драмалық туындыларда негізгі 
тұтқа жаңа күштердің, жағымды кейіпкерлердің қолында. 


297
Мұндай шығармаларда бір тағдырды бейнелеу, бір қаһарманды 
тәптіштей суреттеу жағы аз.
Көптеген пьесаларда өз ортасынан ат құйрығын кесіп кету, 
жаңа жерде шаңырақ көтеру – кісен құлдығы бар ескіліктен 
құтылудың, азаттыққа қадам басудың бір жолы іспетті көрінеді. 
Кейіпкердің бұрынғы өз ортасынан кету сарыны «Бақыт жо-
лында», «Еңлік – Кебек», «Ақан сері – Ақтоқты» сияқты сан 
алуан шығармалардың сюжеттік желісі, композициялық құ-
рылымына ықпал еткен.
Қазақ драматургиясының барлық кезеңдегі басты қаһарма-
ны халық, халық өкілдері болды, фольклор кейіпкерлері дра-
ма тілінде қайта сөйледі, жаңа заманды жасаушы күрескер қа-
һармандар сахнаға шықты.
Бұл міндет дәуір талабына сай проблемалық драматур-
гияны, өміріміздің көкейкесті тоғыз тарау сырларын шертетін, 
жас ұрпақты коммунистік рухта тәрбиелейтін толғауы тоқсан 
сахналық шығармаларды талап етеді. Біздің драматургтеріміз 
бүгінде қадір-халінше осы талаптарға сай шығармашылық 
ізденіс үстінде. Жетістік жоқ емес. Бар. «Аткөпір кинофильм-
дер мен толассыз телехабарлар таяу арада театр шіркінді жер-
леп тынады-мыс» деген қауіп теріске шықты. Өйткені қазіргі 
сырлы театр, ойшыл драматургия ынта мен ықылас, пейіл мен 
ыждағат, киелі өнер, кәделі дәстүрге деген жүрек тереңінен шы-
мырлап шыққан махаббаттан туған ғой. Ал барлық жанрлық 
формалары дамудың, толысудың қиын-қатпар асуларынан 
өткен қазақ драматургиясы қашанда ұлтымыздың текті күлкі, 
мұңды сыр, жігерлі қайғысын бөлісер, жан жүйесін қозғап, 
жүрегін тебірентер айнымас асыл рухани досы бола береріне 
күмән бар ма?!


298


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   41




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет