Қазақ хандығының құрылуы мен қазақ халқының қалыптасуының аяқталуы
Дәрістің мақсаты: Қазақ халқының этногенезін көрсету, «қазақ» этнонимінің шығу тегін анықтау, қазақ мемлекеттігінің пайда болуын білу.
Дәріс сұрақтары:
1.Қазақстан территориясындағы этникалық процестер кезеңдері
2. «Қазақ» этнонимі. Қазақ жүздері, территориясы және тайпалық құрамы
3.Қазақ хандығының құрылуы
Әрбір халықтың жеке халық болып қалыптасуы үшін көптеген тарихи кезеңдерді басынан өткізуіне тура келеді. Бұл күрделі процесс бір немесе екі ғасырдың ішінде болмайды, халық болу үшін бірнеше ғасырларды керек етеді. Мысалы, Қазақстан жерінде халық болып құрылу процесі алғашқы қауымдық құрылыс ыдырап, одан кейін қола дәуірі мен (б.д.д. II-I м.ж. кезеңі) темір дәуірі (б.д.д. VII-IV) кезеңдермен, немесе бұл кезде өмір сүрген ру-тайпалардың өсіп-өркендеуінен басталады. Олар Қазақстанның ұлан-ғайыр территориясын ежелден мекендеген байырғы (автохонды) тайпалар мен тайпалар бірлестіктерінен құралған.
Орта Азия мен Қазақстанның ерте дәуірдегі кезеңдерін зерттеп жүрген ғалымдардың пікірлеріне қарағанда, біздің жерімізде қола дәуірі (Андрон, Беғазы-Дәндібай мәдениеттері) мен темір дәуірінде өмір сүрген тайпалардың (сақ, сармат т.б.) иран тілдес болғандығы айтылады. Сондай-ақ, ғалымдардың көрсетуінше бұл кездегі тайпалар антропологиялық жағынан монголоидтық белгілері бар европеидтік нәсілдер екендігі көрсетіледі.Қазақ халқының бастауы болып табылатын, сақ тайпаларының тікелей жалғасы болып үйсін, қаңлы тайпалары саналады. Оны қытай деректері "Өзі сары, көзі көк, ат жақты сэ (сақ) тайпалары үйсіндердің арасында жүр” – деп көрсетеді.
Қазақ халқының шыққан тегі туралы көптеген аспектілері ішінен өзекті ретінде лингвистикалық және антропологиялық мәселелерін бөлшектеп алған жөн.
Орта Азия мен Қазақстан өңірінде осы екі процестің екеуі де қатар дамып отырған. Қазақстанның ертедегі тарихын екі аумақты кезеңге: үндіеу- ропалық және түріктік кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезеңде лингвистикалық тіл жағынан Қазақстан тұрғындары үндіеуропалық топтың ежелгі иран тобына кіреді, яғни бұл кез б.з.д. III-I мың жылдықтарды қамтиды.
Екінші кезеңде Қазақстан территориясына шығыс жақтан көптеген көшпелі тайпалардың соның ішінде ғұндардың Батысқа қарай қоныс аударуына байланысты, сақ және сариат тайпаларының жалғасы – үйсін мен қаңлылар ғұн тайпаларымен араласып, ассимиляцияға түскен.
Б.з.б. I ғасырда Солтүстік ғұндардың құрамына кірген көптеген түркі тілдес тайпалардың бір бөлігі Орталық Азиядан Тянь-Шань арқылы өтіп, қаңлы тайпалық бірлестігімен көрші-қолаң отырды, ғұндардың Қазақстанға өтуінің екінші толқыны б.з. II ғасырдың бірінші жартысында орын алды. Бұл кезде Солтүстік ғұндардың толып жатқан тайпалары Шығыс Қазақстан мен Жетісуға қоныс аударып VI ғасырға дейін өмір сүрген Юэбань мемлекетін құрды.
Б.з. VI ғасырынан бастап оңтүстік аймақта шығыстан, Алтай, Сібір жақтан келген түркі тайпаларының басымдылығы байқалды. VI ғасырда Қазақстан жері түгелдей құдіретті бір тұтас мемлекет – Түркі қағанаты құрамына кірді. Жазба деректерден алғаш Түрік қағанатының (542 ж.) одан кейін Батыс Түрік қағанаты (603 ж.) сияқты феодалдық мемлекеттер құрылғандығы белгілі. Одан кейін Түргеш қағанаты (704-756 жж.), Қарлұқ қағанаты (756-940 жж.), Оғыз мемлекеті (IX ғ. соңы – XI ғ. басы), Қимақ қағанаты (893 – XI ғ. басы), Қыпшақ хандығы (XI – 1219 ж.), Қарахан мемлекеті (942-1212 жж.) өмір сүрді. Осы мемлекеттердің ішінде қазақтардың халық болып қалыптасуына, әсіресе екі мемлекеттің тарихи рөлі ерекше болған. 1) Қарахан мемлекеті. Бұл мемлекеттің кезінде халық болып қалыптасу пісіп – жетіліп, қалалық өмір өркендеп, отырықшылық жанданып, қолөнер дамып, көрші жатқан елдермен сауда қатынасы артып, жалпы мәдени экономикалық дамуы өскен. Алғаш рет ислам дінін – мемлекеттік дін ретінде қабылдаған.
Қыпшақ хандығы (XI – XIII) Ертіс пен Еділ арасындағы кең жерді иемденді. Хандықтың құрылуына байланысты этникалық процестер жаңа даму кезеңіне аяқ басты. Бұл кезде қазақ тілінің негізі - әдеби қыпшақ тілі құрылып, сонымен бірге қазақтардың өзіне тән антропологиялық кескіні қалыптасты. Қазақ этногенезінде қыпшақтар этнос ретінде маңызды рөл атқарды, "Қазақ” сөзінің шығу тегінің өзі қыпшақтар мекен еткен аймақтар- да пайда болды.
XIV-XV ғасырларда феодалдық қатынастардың нығаюы негізінде Моғолстан, Ақ Орда, Әбілхайыр хандығы, Ноғай Ордасында толассыз тоқтамай жүріп жатқан феодалдық соғыстарға қарамастан, халықтар арасында өзара бірігу, топтасуға ұмтылу процестері белең алды. Қазақстан- ның ежелгі тайпалары тарихи-географиялық, экономикалық және саяси жағдайларына байланысты үш негізгі этникалық шаруашылыққа топқа бөлінді. Олар: Ұлы, Орта және Кіші жүз. Ұлы жүз Сырдариядан бастап Жетісу жерін түгел жайлайды. Оның құрамына үйсін, қаңлы, дулат, албан, суан, сіргелі, ысты, ошақты, шапырашты, жалайыр, шанышқылы, қатаған т.б. ру – тайпалар кіреді. Орта жүз Орталық Қазақстан аудандары мен Солтүстік – Шығыс Қазақстанның бір бөлігін қоныс етеді. Оның құрамында қыпшақ, арғын, найман, қоңырат, керей, уақ, тарақты тайпа – рулары бар. Кіші жүздің мекені – Сырдарияның төменгі жағы, Арал теңізінің жағалауы, Каспий ойпатының теріскей бөлігі. Оның құрамындағы тайпалар одағы - Әлімұлы (қаракесек, қарасақал, кете, төртқара, шөмекей, шекті); Байұлы (адай, алшын, жаппас, алаша, байбақты, беріш, есентемір, қызылқұрт, шеркеш, ысық, таз, масқар); Жетіру (табын, тама, кердері, жағалбайлы, кереит, төлеу, рамадан). Жүздердің ұйымдасқан уақыты, қалай құрылғаны әлі жете зерттелмеген.
XV ғ. – II жартысы мен XVI ғ. қазақ халқының негізгі этникалық территориясын мемлекет етіп біріктіру, халықтың да қалыптасу процесінің аяқталуын тездетті.Оңтүстік Қазақстан мен Оңтүстік Батыс Жетісудың территориясы баяғыдан бері қазақ халқының құрылып, қалыптасуының басты этникалық торабы болды, мұнда Қазақстанның ірі екі этникалық қауымдастығының тоғысқан жері жатты. Олар – Орталық, Солтүстік және Оңтүстік Қазақстандағы қыпшақ тайпалар одағы мен Оңтүстік – Шығыс Қазақстанда- ғы үйсін тайпалар одағы, бұларға Сырдарияның төменгі ағысы арқылы Кіші жүз тайпалары келіп қосылады.
XV ғ. – II жартысынан бастап, қалыптасқан халық өздерінің көршілері арасында "қазақ” деген атпен белгілі болған.
"Қазақ” термині 1245 жылы Мамлюк мемлекетіндегі қыпшақтардың ортасында жазылған ерте қыпшақ жазба ескерткіштерінде (түрік-араб) сөздігінде кездеседі. Мұнда "қазақ” деген сөз "басы бос – кезбе” деген мағына береді. Қалай дегенде де "қазақ” этникалық терминінің ғылыми тұрғыдан дәлелденіп, тұрақты бір шешімі жоқ.
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар
Қандай тайпалар мен тайпалық одақтар қазақ халқының қалыптасуының негізін қалады?
«Қазақ» деген этнонимнің шығуы жөнінде қандай ғылыми болжамдар бар?
«Жүз» деген атау жөнінде қандай болжамдар бар?
Қазақтың мемлекеттік құрылымының дамуында үлкен роль атқарған қазақтың ұлы тарихи қайраткерлерін ата.
Әдебиет:
1.Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін) Бес томдық. 2 том. А., 1997.
2.Қазақстан тарихы. Очерктер. А., 1994.
3. Материалы по истории казахских ханств 15-18 веков. А., 1970.
4. Эволюция государственности Казахстана. Материалы международной конференции. А., 1996.
5. Казахстан в эпоху феодализма (проблемы этнополитической истории) А., 1981.
6. Масанов Н.Э. Кочевая цивилизация казахов.А., 1995.
7. Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі. А., 1990.
8.Толыбеков С. Қазақ шежіресі. А.,1992.
6 тақырып.
Достарыңызбен бөлісу: |