«ТАНЫМ» білім беру саласы
«Таным» білім беру саласының базалық мазмұны:
- қарапайым математикалық түсініктерді қалыптастыру;
- құрастыру;
- жаратылыстану ұйымдастырылған оқу қызметінде жүзеге асырылады.
Мақсаты: математикалық, конструктивтік ойлау дағдыларын, танымдық қызығушылықтарын, экологиялық білім негіздерін қалыптастыру.
Міндеттері:
- сенсорлық қабілеттерін, алғашқы ойлау операцияларын, жиын туралы қарапайым түсініктерін дамыту;
- жаратылыстану бойынша түсініктерін, тірі және өлі табиғат жайлы білімдерін, танымдық қызығушылықтары мен шығармашылық қиялды қалыптастыру;
- табиғатта өзін ұстай білу ережелерімен және қарапайым өзара байланыспен таныстыру;
- тірі және өлі табиғат объектілеріне деген ұқыпты қарым- қатынасқа және сүйіспеншілікке тәрбиелеу, эстетикалық талғамды қалыптастыру, балалардың ой - өрістерін кеңейту.
І ЖАРТЫЖЫЛДЫҚ
Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру
Жиынтық.
Әртүрлі түстен, өлшемнен тұратын заттардың жиынтығы туралы түсініктерді қалыптастыру.
Заттарды салыстырып қою арқылы оларды санамай-ақ жұптарын салыстыру салыстыру негізінде тең немесе тең еместігін анықтай білуді үйрету.
Сан және есеп
5 көлемінде санау, заттарды үлгісі бойынша және аталған саны бойынша санау дағдысын қалыптастыру. Сандарды тәртібі бойынша атауға және қорытынды санды атауға, «Барлығы қанша?» сұрағына жауап беруге үйрету. Бірінің астына бірі екі қатарда орналасқан заттардың екі тобын салыстыруды үйрету.
Тең және тең емес туралы ұғымдарды қалыптастыру. Салыстырылатын топтар: бір көп, бір және екі, екі және үш және төрт, төрт және бес.
Теңді кем топқа үстемелей отырып немесе артық топтан бір затты алып тастай отырып, екі тәсілмен орнатуға, «Қанша еді?», «Қаншасы қалды?» сұрақтарына жауап беруге үйрету.
5-ке дейін реттік санау дағдыларын дамыту, реттік сан есімдерді атау, «Нешінші?», «Саны бойынша қайсысы?» сұрақтарына жауап беру дағдыларын дамыту.
Беске дейінгі сандармен таныстыру, сандық топты белгілеу.
Әртүрлі сезім мүшелерінің көмегімен санау дағдысын дамыту (көру, есту, иіс сезу). Тура және кері бағытта 5 көлемінде санатып жаттықтыру.
Көлем
Заттар көлемі бойынша әртүрлі болатындығы жайлы түсінік беру. Дағдыларды қалыптастыру:
- ұзындығы және ені бойынша бірдей және екі түрлі заттарды салыстыру;
- биіктігі және жуандығы бойынша бірдей және екі түрлі заттарды салыстыру;
- көлемді салыстыруда беттестіру және тұстастыру тәсілдерін қолдану.
Геометриялық пішіндер
Балаларды геометриялық пішіндерді: шеңбер және төртбұрыш, үшбұрыш сияқты геометриялық пішіндерді ажырату және дұрыс атай білуін; пішіндерді көру және сипап сезу арқылы іздену, зерттеу қызығушылығын дамыту.
Дағдыларды қалыптастыру:
- геометриялық пішіндерді тану және атау;
- пішіндерді зерттеу дағдыларын қалыптастыру.
Кеңістікте бағдарлау
Өзінің дене бөліктерінің орналасуына қарай бағдарлай білуге үйрету.
Дағдыларын қалыптастыру:
- өзіне қатысты кеңістік бағыттарын анықтай білу, заттарды оң қолымен солдан оңға қарай орналастыру;
- өз дене бөліктерін бағдарлау және атау (бас, аяқтар, қолдар).
Уақытты бағдарлау.
Таңертең, күндіз, кеш, түн тәулік бөліктерін ажырату және атай білу дағдыларын қалыптастыру.
Күтілетін нәтижелер:
- 5 көлемінде санай алады, сандарды ретімен атайды;
- тең және тең емес ұғымдары туралы түсінігі бар;
- көлемі әртүрлі 2-3 затты (ұзындығы, биіктігі, ені, жуандығы бойынша) өсу және кему ретімен орналастыра алады;
- шеңбер және төртбұрыш, үшбұрыш, тікбұрыш сияқты геометриялық пішіндерді ажыратады және дұрыс атайды;
- геометриялық денелерді ажыратады және атайды: текше, шар, цилиндр;
- геометриялық пішіндерге тән сипаттық ерекшеліктері мен белгілерін атайды,оларды өлшемі, түсі, және пішіні бойынша топтастырады;
- кеңістікті бағдарлай (менің алдымда; арт жақта; сол жақта; оң жақта, жоғарыда , төменде) алады;
- кеше, бүгін, ертең түсініктерін игерген.
Достарыңызбен бөлісу: |