"Қазақ әйелі" концептісіне қатысты бейвербалды амалдардың ең көп тарағаны - "ернін сылп еткізу", "аузын сылп еткізу" сияқты тұрақты сөз тіркестеріне сай келетін ым-ишараттар. Олар көркем шығармадағы кейіпкерлердің таңырқау, жақтырмау сияқты эмоционалдық жай-күйлерін білдіру үшін қолданылады. Мысалы, Ұзатылып бармай жатып, айналасы бір-ақ қыстың ішінде Есеней сияқты адамның арыстанын илеп-билеп алған қызына Несібелінің таңданбасқа шарасы жоқ еді. Бірақ таңданғанын білдірмейін деп аузын бір сылп еткізді де қойды (Ғ. Мүсірепов Ұлпан). Сонымен қатар көркем шығармада жиі қолданылатын "ернін жымқырды", "ернін қымқырды" ишараттары "жақтырмау", "құптамау" мағынасын, "ернін шүйірді" менсінбеуді білдіреді, ал "ернін тістеді" кинемасы бір жағдайда "сөйлеме" деген мағынаны білдірсе, енді бірде аталған мимиканы әйелдер қиналғанын білдірмеу үшін қолданады. Айша астыңғы ернін тістелеп, басын шайқады. Айша басын тектен-текке шайқамайды (Ш. Мұртаза. Ай мен Айша). Сондай ақ "жаулықтарымен көзін сүрту", "етегінен сүю", "ақ орамалын желпілдетіп қоштасу" сияқты бейвербалды компоненттер де қазақ әйелдеріне қатысты. Қазақ әйелдеріне ғана тән "бет шымшу" ишараты қазақтың ұлттық мәдениетінде ұялудың нышаны, ерсі қылықтан шошыну белгісі болып табылады. - Ой-бүй! - деді жеңге, бетін шымшып. - Ата-бабаң істемеген кәсіптің керегі не? (Т.Әлімқұлов. Сырлы наз). Қазақ әйелдері өздерінің қатты таңқалғанын "сұқ саусағымен бетін бір сызу" ишаратымен де білдіреді: Әкеме адырая қарап аз тұрған Қазина, бетін оң жақ қолының саусағымен бір сызып, үлкендеу көзін кеңірек ашты да, ернін бір сылп еткізіп:
- Бетім-ау, мына Kесір болмағай да! - деді (С.Мұқанов. Мөлдір махаббат).
Қазақ әйелінің көңіл-күйі, сезім әлемі, ішкі дүниесі нәзік болуымен бірге шытырманға толы, аса күрделі. Әйелдерде бейвербалды белгілерді олардың ұсақ-түйегіне дейін бірден байқап, тез арада айтылмақ ой мен емеурін, ишараны шешетін туабітті қабілет ерекше дамығанын жоғарыдағы деректер де растайды. 1.3.3 "Қазақ әйелі" концептісіне қатысты антропонимдердің гендерлік сипаты. Қазақ халқының дүниетанымы мен ұлттық болмысынан хабарсыз, қажетті мәдени-танымдық ақпарат "аялық білім" көлеміне енбеген өзге мәдениет өкіліне мал шаруашылығына қатысты есімдер түсініксіз, кей жағдайда қисынсыз, күлкілі көрінуі мүмкін.
- ...Мен сені бұдан былай Ақнарым дермін!
- Түйеге теңегенің бе?
- Аузыма құдай салған шығар... қазақтың нардан қасиетті, нардан күшті, нардан сұлу, нардан қадірлі несі бар? (Ғ.Мүсірепов.Ұлпан).
Төрт түлікті киелі санаған қазақ халқы олардың әрқайсысының иесі, желеп-жебеушісі, қамқоршысы бар деп сенген, сондықтан да төрт түлік пірлеріне сыйынып отырған.
Әйелдердің гендерлік сипатына, әйел адамдардың ассоциативті ойлау жүйесіне көбінесе адамгершілік, ізгілік, жылылық, күнделікті күйбең тіршілік жақын да, ер адамдардың асссоциативті ойлау жүйесіне ерлік жасау, батырлық көрсету, кәсіппен шұғылдану т.б. жақын болатыны белгілі.
Тарихи шығармаларда кездесетін кейбір кісі есімдері феодалдық қоғамда үстемдік еткен әлеуметтік жіктеліске негізделген. Күніұзын мал соңынан салпақтап, тезек теріп, мал сауып, іркіт пісіп, кісі есігінде жүретін адамның пешенесіне қой санаудан өзге ештеңе жазылмаса, жоғары тап өкілінің тағдыры биіктегі қолжетпес алтындай жарқыраған күнмен байланыстырылған. Құндылықтар өзгерген бүгінгі таңда мұндай кереғар есімдердің кездесуі екіталай: - Ал Қияқтың кімі бар? Әлі де сол күң қалпындағы кәрі шешесі - Қойсана ғана. Тәуекел мен Қияқ талайының кереғар тағдыр өзі күні бұрын шешкендей, бірінің анасының аты Күнсана, екіншісінің шешесінің аты Қойсана дегізуін қарашы! Мұнда да жазмыштың бір ұйғарғаны бар тәрізді (І.Есенберлин. Көшпенділер).
Өмірде адамдардың азан шақырып қойған есімдерімен бірге оның жүріс-тұрысына, мінез-құлқына, сыртқы кескін-келбетіне, істейтін кәсібіне байланысты жалған атаумен ат қою көп халықта бар. Ономаст ғалымдар лақап аттардың алғашқы қоғамның өзінде-ақ адамдардың дене бітімі мен сыртқы тұлғасына сай таңдалып қолданылғанын айта келіп, мәдениет пен қоғамның дамып, жазудың пайда болып, қалыптасуынан кейін, әсіресе фамилиялардың шығуынан соң олардың сирегенін айтады. Мысалы, Сақау шешемнің Айымқыз деген әдемі аты бар екенін бұл кезде өзінен басқа ешкім де білмейді. Жарықтық, келбеті келісті-ақ ( Ш.Мұртаза.Ай мен Айша). Қолда бар материалдардан байқағанымыз, жағымсыз мағынадағы, әсіресе дене кемістігіне орай қойылатын лақап аттар ерлерге байланысты жиі ұшырасады. Қыздар мен әйелдерге қатысты ондай аттардың сирек қолданылуы қазақ халқының қызды "қонақ", ал әйелді "ана" деп ерекше қадірлегенінің айғағы болса керек. 1.3.4 "Қазақ әйелі" концептісіне қатысты киім атауларының лингвомәдени мәні. Біз аталған тараушада тек "қазақ әйелі" концептісінің аясына кіретін кейбір киім үлгілеріне ғана қысқаша тоқталуды мақсат тұттық. Мысалы, қазақ қыздары мен тұрмысқа шыққан әйелдерінің бас киімдері мен шаш үлгілері қатты ерекшеленген. Этнографиялық деректерге қарағанда, әйелдер шашын қос өрім етіп өреді де, ол екеуінің ұштарын біріктіру үшін шашбау тағады. Шашты олай өру - әйелдіктің белгісі, бұл - бүтіннің жартысы болғанды білдіреді. Ал қыздар шаштарын бір өрім етіп, ұшына шолпы тағады.
Киім кию үлгісі мен қимыл арқылы қазақ әйелінің киім кию ерекшелігі ғана емес, кейде қажетсіз жерде жайбасарлық пен созылыңқылық танытатын қазақтың бейғамдық болмысын, ұлттық психологиялық ерекшелігін де астарлап бейнелеуге болатыны байқалады. Мысалы, Үйден үстіне малынтып шұбалаң көйлек киіп, басына малынтып шұбалаң орамал тартқан әйел созалаңдап шығып, қалқи басып, ат үстіндегі күйеуіне бірдеңе апарып берді (Ә.Кекілбаев.Үркер).
Бойжеткен қыз бен тұрмысқа жаңа шыққан жас әйелді, дүниеге сәби әкелген ананы, өмірден көргені мен түйгені мол салиқалы бәйбішені ата-бабаларымыз,ең алдымен олардың бас киімінен ажыратқан. Қыздар бастарына үкілі тақия, кәмшат бөрік киген: Өтіп бара жатқан бес қыздың тап ортасында, жібек жал ақ жорға атқа мінген Тоғжан екен... Басында жап-жаңа кәмшат бөрік (М.Әуезов. Абай жолы). Қазақ әйелдерінің баскиімдері практикалық қызметінен өзге әйелдердің отбасылық жағдайының көрсеткіші болып табылған. Олар тұңғыш баласы, кейде екінші баласын туғанға дейін желек киген. - Ауылдағы енелер мен абысындарға қосылып Ділдә келініне кимешек-шаршы, қалың жібек желек кигізіп жіберіпті (М.Әуезов. Абай жолы). Қазақ әйелдері тұңғыш баласын туған соң оның басынан желегі алынып, кимешек кигізіледі. Оның шылауышына төбелдірік, маңдайына бергек, түйреуіштер қадайды. Бірнеше балаға ана болған орта жастағы әйелдер көзге түсерліктей әшекейі жоқ шалаң кестелі кимешек киіп, ақ жаулық (шылауыш) тартады: Ақ шаршы, кестелі кимешектерін әсем ғып салған күлкіші келіншектер де көп (М.Әуезов.Абай жолы).
Қоғам алға жылжып, заман өзгеріп, материалдық және рухани құндылықтар өзгерген сайын қазақ әйелдерінің киім үлгілері де ауысып, соған сәйкес киім киюге деген көзқарас та өзгеріп отырғаны даусыз: Мұғалім Арайдың басындағы күндікке қарап біраз тұрды. Кемпірдің ақ матаны қаттап басына орай бергені ерсі, ал мұғалім әйелдің жұқа көгілдір орамалмен бір тарта салғаны Арайға ерсі (Ш.Мұртаза. Мылтықсыз майдан). Қазіргі таңдағы әйелдердің киім кию үлгісінен оларға тән әлеуметтік, жасына байланысты ерекшеліктерді ажыратуға болмайды. Әйтсе де, әсіресе оңтүстік өңірлерде, көбінесе ауылдық жерлердегі жиын-тойларда тұрмысқа шықпаған әйел затының орамалсыз, жалаңбас жүруі, ал келіндердің орамал тартуы, жасы келген әйелдердің жаулық тартып, кейде кимешек киюі қалыпты жағдай болып есептеледі. Осыған байланысты ұлттық-мәдени стереотиптерді де кездестіруге болады. Мысалы: Өзге жақты көріппіз бе, біздің ауылда қыздар тек қып-қызыл орамал тартып жүретін. Кей қыздар әлдебір әуестікпен сәл ақшылтым, ақ гүлі басымдау орамал тартса, үлкендер қатты сөгіп тастайды. Ақ орамал мен қызыл орамалдың аралығы айқын, шекарасы берік. Күйеуге ұзатылған қызды "басына ақ орамал салды", "ақ орамал жарасады екен", тағысын-тағылар дейтін (М.Байғұт. Ақ орамалды қыз). 1.3.5 "Қазақ әйелі" концептісіне қатысты қолөнер, тамақ атауларын білдіретін лингвомәдени бірліктер. Күн көрісі төрт түлік мал болған соң, оның етін де, сүтін де, терісін де, жүнін де ысырап етпеген қазақтар оларды қалай тиімді пайдаланудың жолдарын білген. Қазақ әйелдерінің қолөнер туындыларының ішінде ең кең тарағаны, технологиялық жағынан жетілгені - киіз басу. Күнделікті қажетіне жарап, киіз үйдің туырлығына, түңлігіне, үзігіне жабуға және жерге төсеуге арналған киіз басу өнері туралы жазылған этнографиялық сипаттағы еңбектер көп. Қазақ әйелдері барды ұқсатып, тұрмысқа қажеттінің бәрін өздері дайындап алатын болған. Мысалы, кір жуатын сабынды да өздері жасай білген. Сабын жасау үшін оңаша, жылылығы бірқалыпты сақталатын үйде сақарды майға қосып қайнатады да, сабын шығарады. Мұның тәсілін, тетігін білетін әйелдер басшылық етеді. Білігі жетпейтіндер сабынды ірітіп, бұзып алады. Ал енді осы сабын қайнату ісінің тілдік дәйегі Б.Майлин шығармасында кездеседі: Алба-жұлба қараша үйдің сырт жағынан қарасаң, іші өртеніп жатыр ма дейтінсің, булыққан түтін бұрқырап шығып жатыр. Үйдің ортасында үлкен қара қазан. Астында лаулап жанған от; қазанның ішінде бір үйіріліп, бір бұзылып қайнап жатқан сабын. Төменгі жаулықпен басын тұмшалап орап алып, маңдай терісі тыржиып, терлеп-тепшіп, Айнабайдың Зейнебі сапты қалақпен сабын былғап жатыр.
... От басын қоршалай отырған төрт-бес қатын; бәрінің көзі қазанда... Сабын иілсе, бұзаушық алып үйді-үйіне тарайтын ойлары бар, бірақ, сабын болмай амалдары құрып, ащы түтіннің азабын көріп отыр (Б. Майлин. Раушан- коммунист).
Достарыңызбен бөлісу: |