2.1.1 Бастауыш сыныптың қазақ тілі сабағында оқушылардың креативті ойлауын қалыптастырудың әдістемелік негізі
Қазақстан Республикасы «Білім беру туралы» Заңының «Білім беру жүйесінің міндеттері» деген 8-бабындағы он міндеттің бірі – шығармашылық тұлғаны дамыту [191].
Қазақстан Республикасы Орта білімді дамыту тұжырымдамасында: «шығармашылық – бұл адамның өмір шындығында өзін-өзі тануға ұмтылуы, ізденуі. Өмірде дұрыс жол табу үшін адам дұрыс ой түйіп, өздігінен сапалы, дәлелді шешімдер қабылдай білуге үйренуі керек. Адам бойындағы қабілеттерін дамытып, олардың рухани күшін нығайтып, өзін-өзі тануына көмектеседі. Өйткені, адам туынды ғана емес, тудырушы, жаратушы да. Ол өзін-өзі шынайы болмысына бастайтын жол іздеуі керек. Адам өзін-өзі жетілдіруге де, сонымен қатар жоюға да қабілетті болады. Адам өз болмысын танып ұмтылуға көмектесіп, тереңде жатқан талап-тілегін, қабілеттерін дамыту, сол арқылы оған толыққанды өмір сүру үшін жаңа рухани күш беру білімнің ең маңызды мақсаты болып табылады», - деп көрсеткен.
Бастауыш мектепте қазақ тілі пәнін оқыту Қазақстан Республикасы білім беру саласындағы орталық атқару органдары жыл сайын шығаратын ғылым негіздерін алдағы оқу жылында оқыту туралы нормативтік құжатқа сәйкес жүзеге асырылады.
Бастауыш мектепте қазақ тілін оқытудың басты мақсаты – оқушыларды оқуға, сауатты жазуға үйрету, негізгі тілдік ұғымдармен таныстыру, өз ойы мен пікірін еркін жеткізе алатын жеке тұлғаны тәрбиелеу.
Қазақ тілі пәнін оқытудың басты міндеттері төмендегідей болып белгіленді:
- сөйлеу туралы қарапайым ұғым беру, ауызекі және жазба тілде қарым-қатынас жасауға қажетті сөйлеу дағдыларын қалыптастыру;
- тілдік құбылыстарды талдап, олардың мәнін ажырата білу дағдыларын қалыптастыру, оларды өзара салыстыра, топтай және жинақтай білуге үйрету;
- орфографиялық дағдыларды қалыптастыру және пунктуациялық ережелерді практикалық түрде меңгерту;
- оқушылардың сауатты, көркем жазу дағдыларын жетілдіру;
- ауызша және жазбаша сөйлеу дағдыларын, сөйлеу мәдениетін дамыту.
Қазақ тілінен бастауыш білім мазмұны біртекті емес және екі деңгейді қамтиды: міндетті және мүмкіндік деңгейлері. Міндетті деңгейге бастауыш мектеп көлеміндегі берік игерілуі тиісті материалдар жатады.
Қазақстан Республикасы Жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарының талабы бойынша оқушылардың білімін тексеруге ерекше мән беріледі. Тапсырмалар Мемлекеттік білім стандарты деңгейіне сәйкес болуы керек.
В.С. Шубинский [192] шығармашылық процесті үш сатыға бөліп, ондағы көрінетін қабілет-қасиеттерді көрсеткен:
1. Жаңаны, өзгеше, тың дүниені сезе білу, қарама-қайшылықтарды түсіне білуде сезімталдық, сындарлылық, шығармашылық ой-талдауға бейімділік, жан дүниесінде ішкі тартысты оята білу қабілеті, танымдық қызығушылық, яғни шығармашылық- көңіл күйдің туу кезеңі;
2. Интуиция, шығармашылық қиял, әдемілікті сезіне білу, сөз ұшқырлығы, қайшылықтарды түсіну, ой қызметінің ерекшелігі, батылдық, шығармашылыққа деген ішкі құштарлық, яғни оқиға, образ жасаудың бағдар ұстанар кезеңі;
3. Өзіндік сын, бастаған ісін аяғына дейін жеткізу, дәлелдеме, дәйектемелер ұсына білу, оның формаларын табу, яғни, сын, дәлелдеме сатысы.
Педагогика, психология саласындағы ғалымдардың зерттеулерін басшылыққа ала отырып, бастауыш сынып оқушыларының креативті ойлауын қалыптастыруда бір-бірімен тығыз байланыста болатын төмендегідей қағидаларды айқындауға болады:
- оқушының жеке психологиялық ерекшелігін ескеру;
- оқу-тәрбие үдерісінде оқушының танымдық әрекетінің басым болуы;
- оқушылардың ішкі сезімдерінің, яғни оқуға деген жағымды көзқарасының оянуын белсендіруге бағытталған іс-әрекеттерді ұйымдастыру;
- тұлғаның адамгершілік, интеллектуалдық т.б қасиеттерін дамыту;
- сабақтардағы оқу-тәрбие құралдарының, формаларының, әдістерінің нақты бір мақсатқа бағытталып, түрленіп отырылуы.
Осы қағидалардың жүзеге асырылуы оқушының даму деңгейінің өсіп, ой еңбегін өзіндік ұйымдастыра білуіне жетелейді (тіркемеде).
Әрекеттің біркелкі, сыңаржақты қайталана беруін шығармашылық әрекет деп айта алмаймыз. Сонымен қатар, шығармашылық эмоцияны шығару, көрсете білу де емес. Шығармашылықты білім және біліктіліктен бөліп көрсетуге болмайды. Шығармашылық пен эмоция бір-бірімен ұштаса, үйлесе отырып, баланың әрекетін ынталандырады. Әрекеттің нәтижелі болуы шығармашылықтың дамуы үшін қажетті шарттардың бірі. Оқу-тәрбие үдерісінде «шығармашылық» термині интеллект, қабілет, даму, дарындылық сияқты терминдермен тығыз байланысты. Балаларды мектеп жасында дарынды, дарынсыз деп бөлу педагогиканың адамгершілік негізіне қайшы келеді. Оның үстіне педагогика мен психология ғылымында әрбір баланың дарындылығын анықтайтын дәл өлшем әлі табылған жоқ.
Қ. Әбдібекқызы [193, 9-10 б] бастауыш сынып оқушыларының бала бойындағы қасиеттерінің шығармашылық үшін тиімсіз жақтарын анықтады:
- төменгі сынып оқушылары небір дүниені қиялында қиыстыра алғанмен, олардың қиялы тұрақтап, бір образды, сюжетті ұстап тұра алмайды, алдын ала ой, идея, мақсат тумайды. Ой-қиялы тұрақсыз болғандықтан, оны әлдебір тапсырма-міндет төңірегінде тұрақтандыру өте қиын.
- төменгі сынып шығармашылыққа өте белсенділік көрсеткенімен, оны тек ойын ретінде қабылдайды.
- төменгі сынып оқушылары бастаған ісін аяғына дейін жеткізуге шыдамсыз.
- бастауыш сынып оқушыларында өзіндік сын мүлдем жоқтың қасы.
Бастауыш сынып оқушыларын креативтілікке тәрбиелеу үшін қиын кезеңі екеніне қарамастан балалардың бойына жауапкершілік сезімін сіңіру керек. Оларды креативтілікке бағыттап, бастаған ісін аяғына дейін жеткізуге дағдыландыру керек.
Бастауыш сынып баласының бойындағы шығармашылық үшін тиімсіз осы қасиеттерді ескере отырып, оқу-тәрбие үдерісінде педагог өз әрекетін қайта қарастырғаны жөн.
Біріншіден, мұғалім өзінің инновациялық іс-әрекетін жетілдіруі;
Екіншіден, оқытудың озық технологияларын меңгеру;
Үшіншіден, құрал-жабдықтар мен ақпараттық технологияларды қолдануда өзгерістер енгізу;
Төртіншіден, оқушыларға жеткізілетін оқу материалдарының мазмұны мен түр сипатын өзгерту.
Осы аталған қасиеттерді бастауыш сынып оқушыларының бойына сіңіре білу үшін оқушының креативті ойлауын қалыптастырудың мазмұны, формасы, әдіс-тәсілдерін анықтау қажет.
Төмендегідей жұмыс түрлері бастауыш сынып оқушыларының креативті ойлауын қалыптастыру мақсатында пайдаланылады:
1. Мектепке келген алғашқы күннен бастап халық ауыз әдебиетінің үлгілерін белсенді енгізу, яғни тақпақ, жұмбақ, мақал-мәтел, жаңылтпаш жаттату. Бұндай тапсырмалар баланың еске сақтау қабілетін дамытып, өз тілін құрметтеуге баулиды.
2. Лингвистикалық әдіс. Бастауыш сынып оқушылары заттардың атын, сөздердің мағынасын түгел біле бермейді. Бұл арада құбылыстың, заттың суретін немесе түпнұсқасын көрсете отырып, атауын үйрету.
3. Оқушының сөйлемді байланыстыра сөйлеуін және өз ойын анық жеткізе білуге, сұраққа нақты жауап беруге дағдыландыру.
4. Оқушының сөздік қорын есту қабілеті арқылы молайту. Бастауыш сынып оқушылары сурет салуды жақсы көреді. Сондықтан алдымен белгілі бір тақырып бойынша сурет салғызып, артынан өзі салған суреті бойынша әңгіме, ертегі құрастыруға болады. Бұл жағдайда әр түрлі тақырыпқа арналған сөздер, мәтіндер бойынша сурет салдыру баланың құлшынысын арттыра түседі.
5. Жазбаша тілін дамыту кезінде әртүрлі тақырыптар бойынша шығарма, мазмұндама, эссе, әңгіме жаздыру.
Бастауыш сыныптағы шығармашылық әрекет жүйесін М.Р. Львов үшке бөледі [194, 21-26 б]:
1. Оқушыда шығармашылық әрекет үшін алғы шарт болатын қасиеттерді тәрбиелеу. Бұл қасиеттер дәстүрлі танымдық, оқу әрекеті үшін өте пайдалы. Оған байқампаздық, қарым-қатынасқа түсуге даярлығы, тілдік және жалпы белсенділігі, еске сақтауға даярлығы, ойлау ерекшелігі жатады. Шығармашылық үшін кездескен қиындықтарды және өз жалқаулығын жеңе білу қажет. Сонымен қатар шығармашылық эмоциямен, танымдық қызығушылық, қиялмен тығыз байланысты. Шығармашылық әрекет адамгершілік, ой және дене дамуы жылдам дамыған оқушыларда сәтті жүреді.
2. Тұлғаның ерекшелігі, өзіндік түр-әлпеті шығармашылық әрекет түріне жатады. Оқушы каникул күндерін қалай өткізгендерін, табиғат құбылысын, бір затты сипаттайды. Шығарма, әңгіме, эссе жазу кезінде жазған адамның тұлғалық ерекшелігі көрінеді. Шығарма ретінде оқушының өз өмірінен, сурет бойынша, көркем фильм, мультфильм, қойылымдар, табиғатты немесе ауа райын бақылау, салт-дәстүрдің бір көрінісін сипаттауға болады. Жазбаша жұмыстармен қатар, оқушы суреттерінде тұлғалық ерекшелігі көрінеді. Оқушы диалог, оқу ырғағы, тіпті жазуы арқылы өзінің тұлғалық ерекшелігін көрсетеді.
3. Оқушылардың танымдық процесте зерттеушілік, құрастырушылық әрекеттері. Жоғарыда аталған үш шығармашылық әрекет жүйесіне байланысты бастауыш мектепте қазақ тілі сабақтарында төмендегідей жұмыс түрлерін ұсынуға болады:
- тілдік құбылыстарды бақылау: сөздің дыбыстық құрамы, сөздерді әртүрлі мағынада қолдану, мәтін құрылымы т.б.; мысалы, дыбыс пен әріпті өз бетінше сатылап, таба білу, бір сөздің көп мағыналылығын оқушылардың өздері таба білуі.
- төмендегі әріптерді пайдаланып, аңдардың, құстардың аттарын жазу: Қ, П, Ы, З, С, Р, Л, М, Д, Т, О, Б, Н, І, И, А.
- төрт буыннан тұратын төрт сөзді ойла. 3. Бір әріпті өзгертіп, жаз, сөздердің мәнін ажырат: таз - ...ас; бас-...ас; шана-...ана; гүл-...үл т.б.
- тілдік құрылымды құрастыру: сөйлем түрлерінің схемасын құру, септеу, жіктеу т.б. схемаларын құру; ереже бойынша схема құрастыру. 1. Әріптерді қосып, сөз, сөйлем құрау: мысалы: Жандос - болашақ ғалым.
шақ
|
ла
|
ға
|
дос
|
Жан
|
бо
|
лым
|
-
|
Мысалы, берілген сөйлем үлгілері бойынша сөйлемдер құрастырып қана қоймай, басқа сөйлемдер құрастыру, тапсырманы күрделендіру, жазуларды графикалық сызба түрінде жазу.
- оқушы үшін жаңа сөздік әрекет болып табылатын құрылым: күрделі сөйлемдерді құрастыру, түрлі мәтіндерді құрастыру, көркем сөйлеу түрлерін құрастыру, салыстыру. Құрастыру сәттерін сауат ашу кезеңінде жиі қолданамыз. Мысалы, күн режимі тақырыбы бойынша үш, төрт сурет салу, құрастыру. Ертегіде кездесетін бір зат есімді қатыстырып ребус құра. Бір тақырып бойынша диафильм құрастыру. 1. Отбасының қай мүшесінің мінезіне төмендегі сөздердің сәйкес келетінін ойлап, сөйлемдер құрастыр: Мейірімді, егде, ақылды. 2. Өлеңдерді қара сөзге айналдырып, 3-5 сөйлемнен құралған мәтін жазу.
Туған жер, алтын бесігім,
Тербеттің мені төсіңде.
Жүреді сенің есімің
Мәңгі бақи есімде. «Туған жер» (Қ. Шаңғытбаев).
Бастауыш сынып оқушыларына арналған жаңа буын оқулықтарының мазмұнында оқушылардың креативті ойлауын қалыптастыруға арналған күрделірек және шығармашылық тапсырмалар кездеседі. Оқулықтарда берілген «Өзің ұйқасын тап», «Мәтінді ары қарай жалғастыр», «Өлеңді қара сөздерге айналдырып, мазмұнын жаз», баланың ауызша тілін дамытуға арналған сұрақтарға жауап беру, сурет бойынша әңгіме құрастырып, тақырып қою, өтірік өлең, жұмбақ, жаңылтпаштар ойлау, бір затты, жан-жануарларды, құстарды сипаттау тәрізді тапсырмалар баланың тілін дамытудың бірден-бір жолы.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, бастауыш сынып оқушыларының қазақ тілі сабағында креативті ойлауын қалыптастыруға арналған жұмыстарды жүргізу кезінде баланың тұлғалық және психологиялық ерекшелігіне толық назар аудару керек.
Қорыта айтқанда, ғылыми әдебиеттерді теориялық тұрғысынан талдау педагогика мен психологияда креативті ойлау проблемасын шешуге бірнеше бағыт бар екенін, бірақ шығармашылықтың бірыңғай тұжырымдамасы жоқ екенін көрсетті. Креативті ойлаудың жүйелік түсініктемесін тұлғалық категория, жасау процесі және шығармашылық әрекет нәтижесі ретінде қарастырылуы негізделгендей көрінеді. Бұл жұмыста креативті ойлау интеллектуалдық және тұлғалық аспектіні енгізетін күрделі, кіріктірілген құбылыс ретінде түсіндіріледі.
2.1.2 Бастауыш сынып оқушыларының қазақ тілі сабағында креативті ойлауын қалыптастыру жолдарының әдістері мен тәсілдері
Зерттеу әдістерінің сипаттамасы мен таңдауы негізделгеннен кейін алынған нәтижелерді қарастырайық. 2-бөлімнің тармақтарында аталып өтілгендей, нәтижелерді өңдеу кезінде жалпылау мен талдау жасалынып, әртүрлі бақылаулар кезінде алынған деректер салыстырылды.
Ең алдымен сабақта жиі кездесетін мұғалім тапсырмасы анықталды. Мысалы, оқушыларға мынандай тапсырмалар берілді:
- бір кейіпкер атынан хат жазу;
- күздің көңіл-күйін, көктемнің дәмін, өзінің көрген түсін, бір кейіпкер сезімін салу;
- ертегі, жұмбақ құрастыру;
- айтылған сөйлем немесе сурет негізінде, оған өзін қатысушы ретінде сезіне отырып, әңгіме құрастыру;
- әңгіменің басын ойлап табу немесе соңын жалғастыру, жағдаяттар бойынша, мақалдар, фразеологиялық сөз тіркестері негізінде әңгіме құрастыру, фантастикалық әңгімелер, жағдаяттар ойлап табу;
- бір кейіпкерден сұхбат алу, қойылымға қатысу;
- оқушылар әсері жайлы әңгімелеу;
- сөздік материалды өзінше түсіндіру;
- қазіргі оқиғадан кейін болатын оқиғаларды болжап жазу.
Әр сала бойынша білімдерін пайдалана отырып:
- бақылау, эксперимент жүргізу, қандай да бір проблеманы шешу үшін жоспар құру;
- проблемаға бір адамның, халықтың көзімен қарау, басқа біреу сияқты ойлау;
- метафора құру, әртүрлі ассоциациялар ойлап табу, бір нәрседен елеусіз бөлшектер табу;
- қандай да бір құбылыстарды шығармашылықпен қайта өзгерту, жаңа тамаша объектіні құрастыру;
- қайта құру, құрастыру, түрлі элементтерді графикалық үйлестіру;
- таныс объектінің өзгерген жағдайда жаңа құрылымын, жаңа функциясын қолдану, проблемалық жағдаятты анықтау;
- проблемалы тапсырманы шешу тәсілдерін жасау және негіздеу;
- проблеманы шешу нәтижесін тексеріп, оны білімнің жалпы жүйесіне енгізу, нәтижені негіздеу.
Бұдан соң біз берілген тапсырмалар сипатын анықтадық. Бағытталған жаттығулар кеңінен қолданылды.
- ойлау жылдамдығын, ақпарат-еске түсіру жылдамдығын, жаңа мазмұнды аймақтарға саналы түрде көшу, ғажайып ассоциациативтік байланыстардың пайда болуының жылдамдығы мен толқындылығы, балама пікір таба білу қабілеттілігі, жағдайға сәйкес түрлі идеялар ұсына білу қабілеттілігін дамыту;
- ойлау икемділігін дамыту, бір проблеманы әртүрлі қырынан көре білу, идеялардың түрлерін, типтерін, категорияларын ұсыну;
- ойлау сонылығын дамыту, дәстүрліден ерекшеленетін жауаптар алу мүмкіншілігі;
- объектінің немесе оның бөлшектерінің жаңа дағдылы емес функцияларын табу қабілеттілігі;
- дивергентті ойлауды дамыту;
- проблеманы және оның дағдыдан тыс шешімін қабылдай алуын дамыту;
- оң жақ жарты шар функциясының белсенділігін ынталандыру және дамыту (ойлауды бейнелеумен белсендіру, интуицияны белсендіру, түсіндіру процесінде анализден ситездің басым болуы, индуктивті қорытындыға қарағанда, дедуктивті қорытындыны жиі қолдану және т.б.);
- қиялды дамыту, қоршаған ортаны дағдылы тұрғыдан қабылдауды жеңе білу;
- байқағыштықты дамыту, дайындық кезеңінде проблеманың бейнесін бөлшектеуге қажетті ақпарат жинау дағдысын дамыту;
- қылықтың мәнерлілігі мен икемділігін дамыту;
-таныс нәрсе жат бола бастаған кезде шеттей білу, дағдылы таптаурыннан шеттей білу қабілеттілігін дамыту;
- оқушы тәжірибесін кеңейту, олардың болжай білу және қылықтың аз кездесетін нұсқаларын таба білу біліктілігін табу қабілеттерін дамыту;
- елестету қорын молайту, оларды трансформациялау бойынша механизмдер қалыптастыру. Өз тәжірибесін қайта құру бойынша дағдыларын қалыптастыру;
- әлемнің көпқырлы екендігін сапалы түрде аңғару және сезіне білу мүмкінділігін белсендіру. Бұл креативті ортаның параметрлерінің бірі – нақтылыққа сәйкес келеді;
- логикалық құралдармен проблеманы өңдеу және оны бейнелі түрге аудару жүретін шығармашылық процестің механизмдерінің бірін белсендіру (сол жақ жарты шар процестері). Пайда болған идеяларды тәжірибе мазмұнымен ассоциациялау (оң жақ жарты шар механизмдері);
- проблеманы шешу үшін қажетті ақпарат периферияда жатады деген идея негізіндегі материалды ойлауды дамыту. Проблема, көру, есту және басқа ұғымдар арасындағы байланысты орналастыруға байланысты күш салу тәжірибенің шешімін табуға, проблеманы жаңа қырынан көрсете білуге мүмкіндік береді;
- тәуелсіздікті дамыту, яғни ойға алғаш келген жалпыға ортақ ұстанымнан бас тарта білу қабілеттілігі. Әртүрлі идеялар, қосымша шешімдер ұсыну және жақсысын таңдай білу.
Бұдан әрі мұғалім түсіндіруінің сипаты қарастырылды. Мұғалім оқушыларды таң қалдыратын ғажайып фактор мен құбылыстарды жиі ұсынады. Бір оқиға жайлы айқын эмоционалдық әңгіме оқушы тұлғасының қабылдауын, интеллектуалдық, эмоционалдық өрісін белсендіреді.
Сабақ берудің негізгі ерекшелігі – оқушылардың бейнелі ойлауына бағытталу И.С. Якиманская бойынша бейнелі ойлаудың психологиялық механизмі - көрсету әрекеті. Ол бейне жасау, белгілі бір бағыт бойынша өзгерту, бейне жасау үшін әртүрлі жүйелерді қолдану бейнеде объектінің адам үшін маңызды белгілері мен қасиеттерін көре білу [197]. Бұдан соң біз аталған механизм мектептің білім беру жүйесінде практикалық жүйесін қалай тауып жатқанын қарастырдық.
Бұл жұмыста «әдіс», «тәсіл» ұғымдары қолданылады. Оқыту әдістері – білім беру міндеттерін шешуге бағытталған оқушы мен оқытушының бірлескен әрекетінің тәсілдері. Тәсіл - әдістің құрамды бөлігі немесе әдістің жеке жағы, жеке тәсілдер түрлі әдістердің құрамына ене алады. Оқушылардың бір әрекет тәсілі кейде өздік әдіс болса, кейде білім беру тәсілі болады. Әдіс пен тәсілдің беру тәсілі болады. Әдіс орындарын ауыстыруға болады. Өткізілген талдау мұғалім қолданатын негізгі тәсілді анықтауға мүмкіндік береді.
Бейнені сөздік сипаттау арқылы жасау (әдеби-көркем бейнелеу жолымен). Бір немесе бірнеше бөліктерін қабылдау негізінде суреттің тұтас бейнесін құра алатын, сөзбен сипаттауына сәйкес заттың бейнесін құрайтын жаттығулар қолданылады. Оқушылар өздерінің сезімдік тәжірибесін белсендіру арқылы бейнелер жасайды, олардың кеңістік, уақыттық, себептік және басқа байланыстары мен қарым-қатынатарын ашады.
Бейнеленген суретті жасауда тек сезімдік тәжірибе, ес бейнесі емес, сонымен бірге берілген сипаттамамен сәйкес қайта құру да жүреді. Бастауыш сынып оқушылары үшін нақты мазмұнымен сипатталған, табиғаттың және қоғамдық өмірдің құбылысын көркем формада көрсететін сипаттаулар жақын. Т.В. Косма лексикалық құралдар арқылы бейнелеуді осы жастағы балалардың нашар қабылдап, оларда эстетикалық қобалжу тудырмайтынын эксперимент арқылы дәлелдеді [198]. Сөздік сипаттау мен толық емес сызбалық және көркем бейнелеу негізінде жасалған бейнелер оқушының шығармашылық әлеуетін дамытуға жағымды ықпал етеді. Мұғалім шығармашылық әңгімелеу мен сөздік бейнелер жасауды ұсынады. Сонымен бірге оқушылар әңгімелеуші арқылы оның мінезінің ерекшелігін көрсете білу керек.
Шығармашылық қиялдың көмегімен жағдаяттар жаңғыртылып, әркім өзінше әңгімені жалғастырады. Кейіпкерлер портреті мен табиғат көріністері сөзбен сипатталады. Теңеу, метафора, гипербола қолданылады. Балалар бейнелерді, салыстыруларды ойлап табады, заттар, жануарлар, адамдар өмірінен оқиғалар мен ертегілер құрастырады. Көркем бейне, бөлшектер негізінде сөздік суреттер пайда болады.
«Сөздік бейнелеу» немесе «ауызша бейнелеу» тәсілі оқушыларды шығарманы жеке бөлшектерге бөле білуге көмектеседі, оқушылардың шығармашылық қиялын дамытады. Оның мақсаты - суретті, көріністі барлық ұсақ-түйегіне дейін елестете алуға үйрету. Ауызша бейнелеу бір эпизод бойынша алуға болатын қиялдағы суреттердің бейнелеуі, сипаттауы болып табылады. Мәнерлі бөлшектер санада жарық көру байланысын тудырады. Көру бейнелері есту және иіс сезу түйсіктерімен тығыз байланысты. Сөздік бейнелеу балалардың өмірді бақылау және көргенді сипаттай білу қабілеттілігін дамытады. Табиғат көрінісін нақты-сезімдік, эмоционалды бейнелер етіп көрсету қабілеттілігі жетілдіріледі. Шығармашылық жаңа шешім, мәселеге басқа тұрғыдан қарау, көрсетілген тәсіл, әрине, оқушы креативтілігін дамытуға ықпал етеді. Балалар өздері өлең, тақпақ құрастырған кезде мазмұнында басты назар бейне мен мағынаның үйлесімділігі, метафоралық, біржақтылық шеңберінен шыға білу, бейнелі ойлауды дамытуына аударылады. Мұғалім өлеңді талдамайды, көңіл-күйге және бейнеге енуге бағыттайды. Көңіл-күйге байланысты өлеңдерде көбіне оқиға болмайды.
Шығармашылық ойлаудың іргетасы болып табылатын қиялдардың ширақтығын қолдау үшін, шығармашылық ізденіс және жаңа байланыстарды іздеу үшін баламаларды, ерекше салыстыруларды, метафораларды қолдану мүмкіншіліктері пайда болады.
Қазіргі заманғы философиялық және лингвистикалық әдебиетте метафоралар мәдени-тілдік контекстке жаңа объектілерді енгізуге қамтамасыз ететін семантикалық өзгерістердің әмбебап механизмі ретінде қарастырады. Метафораның танымдық функциясы негізгі болып есептеледі. Ол әлемді концептуалды игеруінің кеңейе түсуінің жаңа ұғымдарын қалыптастыруда объектілердің маңызды қасиеттерін ашу рөлімен байланысты.
Арнайы метафора көмегімен әңгімелеу арқылы халық педагогикасында, психотерапияда, гипноздың эрискондық моделінде, гештальт-терапияда субъектінің эмоционалды-бейнелі сферасының жағдайын өзгерту тәсілдері белгілі. Метафораның феноменін зерттей отырып, Шелдон Копп танымның үш түрін: рационалды, эмпирикалық және метафорикалық түрін анықтады. Ал соңғы түрі алғашқы екі түрдің мүмкіншілігін кеңейтеді деген пікір айтады. «Метафоралық таным логикалық ойлауға тікелей тәуелді емес... Әлемді метафоралық түсіну жағдаяттарды интуитивтік деңгейде түсіну. Оларда тәжірибе символдық өзгерістерге ие болып, бір-біріне қосымша мән-мағына беретін бар мағыналар ашылады» (Дж. Миллсу, Р. Кроул [199, 21б]).
Аталған тәсілдің негізгі міндеті – оқушының ішкі бейнелер селқостығын жою. Бұл тәсіл оқушының шығармашылық қабілетін дамытады, әлемді біржақты интеллектуалды-репредуктивті қабылдаудан көп қырлы эмоционалды-бейнелі қабылдауға жылжытады. Бұл өзгеріс енгізіп, жағдаятты жаңа қырынан тануға әкеледі. М.Е. Кошелюк тілдік қарым-қатынас процесінде субъектінің бейнелі-метафоралық компоненттерді қолдануды объектіні номинациялауда субъект сезімдік (перцевтивтік) қасиеттерді бөлшектеу арқылы өзі сапалы түрде толық меңгермеген объектінің маңызды қасиеттерін жеткізеді деп ұйғарды [200].
Креативті ойлауды қалыптастыру үшін өте маңыздысы біржақты ұстанымды жеңе білу. Нақты идеяларды дамытумен байланысты фантастикалық жағдаяттар қарастырылады. Оқушыларды кеңістіктік қатынасты нақты және жылдам үйрету үшін оларда қозғалмалы ойындар кезінде геометриялық фигураларды айналып жүгіру арқылы кеңістік сезімін дамытады. Ары қарай қабылданғанды білуге көшу өте маңызды. Кеңістікті ойлауды, қиялды «форма», «теңдік» сезімдерін төселдіру басты мақсат болып табылады. Драмалық бейнеге «енуді» үйрету тәсілі. Мұғалім драмалауды, сахналауды жиі қолданады.
«Баланың драмалық түйсігі» драмалауды оқытудың әдісі ретінде қолдануға мүмкіндік береді. Аталған әдіс вальдфорд мектеп түрімен қатар американдық педагог пен психологы С.Г. Холлдың, орыс педагогтары С.С. Розанов, С.Т. Шацский, Н.С. Шердің эксперименттік педагогикасында, Англиядағы Ф. Джонсон, Франциядағы М. Гайяр мектептерінде, Германиядағы Винкендорфтың «еркін мектеп қауымдастығында» кеңінен қолданылған (Т.В. Надолинская бойынша).
Қазіргі заманғы ғылыми әдебиетте драмалау (этимологиялық-әрекет) деп әдеби немесе музыка-сахналық шығарма сюжеті бойынша ұйымдастырылған ойын айтылады. Драмалау мәдениет пен рефлексияны қалыптастырудың жалпы ғылыми мәртебе алатын ойын және көркем әрекет бірлігі ретінде көрінеді.
Т.В. Надолинская өз еңбегінде драмалаудың тәрбиелік, дамытушылық, коммуникативті, компенсаторлы, оқытушылық, емдік және эстетикалық функцияларын атап көрсетті. Оның бастауыш сынып оқушыларының креативтілігін дмытуда маңызды эстетикалық және адамгершілік тәрбиесінде, тұлғаның ұжымдық сипатының құрылуын, танымдық қызығушылықтарын (соның ішінде көркем сурет), ерік және мінез-құлық, интеллектуалдық, сенсорлық, дене әмбебап мүмкіндіктері айқын көрінеді.
Оқу ойындары безендіру қызметін атқарып, білім беруге жағымды эмоционалдық әсер етеді. Олар шындықтың бейнелеудің негізгі әлпеті еліктеушілік моделдеу арқылы танымдық мағынаға ие. Проблемалық жағдаятты ойын арқылы шешу жүзеге асады. Ойын жағдаятқа басқа қырынан қарауды қалыптастырып, оны түсінуге әкеліп соғады.
Бұл арадағы маңызды сәт – түрлі рөлдерді орындау мүмкіншілігі және рөлдердің толық сәйкестенуінің болмауы. Оқушы ұстанымы кез-келген рөлге ұқсамаған жағдайда өзі қабылдаған рөлден эмоционалдық алыстау пайда болады. Шығармашылық үшін «өз» координата жүйесінен шыға алу, міндеттерді дәстүрлі тәсілдермен шешу, әлем жайлы өз пікірі, «өз әлемінде» көрінбейтін шешімді көре алатын басқа пікірлерді құптау мүмкіншіліктері қажет. Адам әртүрлі сұрақтар қоя отырып, бір проблеманы бір-біріне ұқсамайтын шешімдерге әкеп соғатын түрлі бағыт-бағдарлар бар екенін түсінеді. Бұндай жаттығу осы адамға бітпеген логиканы қабылдауға және қолдануға, басқа біреудің пікірімен келісуге, жалпы алғанда дивергентті ойлауды креативтілік компонент ретінде дамытуға көмектеседі.
Аталған тәсілдің Мореноның креативтіліктің жүйкенің тозуын емдеу үшін емдеу құралы ретінде жасалған психодрамамен ортақ қасиеттері бар, яғни «адамға қоршаған ортаға немесе тұрмысқа орынды-сүйіспеншілік және шығармашылықпен қарауға мүмкіндік бермейтін жағдай» [201, 116 б].
Рөлдермен алмасу арқылы психодрамалық әдіс адамға өзінің тікелей маңызды өмірлік байланыстарының когнитивті-эмоционалдық қабылдауын үнемі кеңейтуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде шығармашылықпен қарайтын жаңа білім мен елес пайда болады.
Бейнені ойша өзгерту тәсілі. Мұғалім тек қана бейне жасау мен бейнеде объектінің түрлі белгілері мен қасиеттерін белгілейтін тапсырмаларды ғана емес, сонымен қатар оларды өзгертуге әрекет жасау, яғни элементтерді қайта топтау, оларды бөлікке бөлу және тұтас, бүтінге біріктіру сияқты да тапсырмаларды береді.
Сонымен, мұғалім И.С. Якиманская белгілеген бейнелеудің 3 түріне әрекет ету тапсырмаларын пайдаланады [202]:
- бірінші тип үшін әртүрлі заттарды түрлі кеңістікте елестету;
- екіншісі үшін – бастапқы бейненің құрылымы мен кеңістік жағдайын өзгерте білу;
- үшіншісі үшін – бастапқыларды күрделі өзгерту негізінде жаңа образдар құру қабілеттілігін білдіру.
Психологияда баланың есте сақталған бейнелерді меңгеруінің бірнеше деңгейі айқындалған: білу, енжар жаңғырту, еркін ырықты пайдалану, шығармашылық жаңғырту. Мұғалім үшін оқушы есте сақталған бейнені бөлшектеп, ондағы элементтерді бөліп көрсету, оларды жаңаша үйлестіру, яғни соңғы, жоғары деңгей бағдар болып табылады.
Аталған тәсілдерді бейнелі оқыту әдісі деп атауға болады. Ол арнаулы эмоционалды-бейнелі жағдаяттарды құру әдісімен ұқсас. Бұндай жағдаяттарды шешу дивергентті ойлау, қиялдау, елестету, байланыстылық қабілеттілігі, бейнені жаңаша үйлестіру мен түрлендіре алумен байланысты. Сонымен қатар субъектіні өтіп жатқан оқиғаға қызықтыру және тарту нақтылы психикалық жағдай тудырады, шығармашылық процеске оңтайландырып, эмоционалды-бейнелі шешімді іздеуге әкеледі.
Мұғалім балалардың сенсорлық дамуына басты назар аударады: заттардың олардың формалары, түсі, кеңістіктегі жағдайы, иіс, сыртқы қасиеттерін қабылдауды күшейту және елестетуді қалыптастыру. Бұл бейнені құруға қабілеттіліктің дамуымен байланысты.
Бұндай тәсілдің мақсаттылығы психологтардың зерттеулерімен келісіледі. Егер адам өмірі ұзақ уақыт бойы сезімдерге кедей болса, онда эмоционалдық сенситивтігінің төмендеуіне әкеліп соғады.
Көру қабылдауының қалыптасып, құралуы ұзақ жоспарланған процесс аясында жүзеге асады. Баланың бойына бірте-бірте заттар мен құбылыстардың ерекшеліктерін ескере білу, заттар мен құбылыстардың елеусіз айырмашылықтары мен өзгерістерін байқай білу дағдысын сіңіреді. Шығармашылық тапсырмалар пайдаланылады: түрлі дыбыстар түсін анықта, ойланған түсті дене қимылы арқылы көрсет, сезімдер (сағыныш, өкініш, мейірімділік, қуаныш т.б.) түсін анықтау, түстің көмегімен нақты бір көңіл күйді білдіру. Көз мөлшерін, кеңістікті бағдарлауға, көру, есте сақтауды дамытуға тапсырмалар ұсынылады. Табиғаттағы нәзік түстерге, киім мен пәтерді сәндеудегі т.б. заттардағы түстердің үйлесімін табуға назар аударылады.
Дыбыстарды қабылдау мен сезіну, есту қабілеті оқиғаларды, әнді, табиғи дыбыстарға құлақ түру негізінде дамиды. Сабақтың ритмикалық бөлігінде ырғақ, дыбыс бейнесі, нақты дыбыстарды елестетуге байланысты шығармашылық тапсырмалар беріледі.
Басқа анализаторларға балама түрде ықпал етіледі. Біз аталған бағдарды сенсорлы-перцетивті біліктілік пен сезімдерді дамыту әдісі деп атадық. Сонымен, сенсорлы жүйеге, «сенсорлы каналдарды тазартуға» баса назар аударылады. Бастауыш сыныптағы жетекші болып табылатын интуитивті танымдылықты дамыту үшін «бейсаналық белгілеріне» асқан сезімталдықпен қарау керек. 4-сынып оқушыларының елестетулерін қалыптастыру процесін қарастыра отырып, Е.Е. Букина тікелей көру арқылы қабылдау фазасын сипаттау негізінде оқушылардың қалыптасудың үшінші, жоғары деңгейіне көшу танымдылықта сезім мен логиканың өзара әрекеті көмегімен жүзеге асады деген шешімге келеді. Креативті ойлауды қалыптастыру үшін маңыздысы бастауыш сынып оқушыларын оқытудағы танымның сезімдік аспектілерінің басым екендігінде.
А.З. Рахимов [203] белгілеген тәсілдерді атап өтуге болады: нақты жағдаятқа түрлі тұрғыдан қарау; құбылысты басынан аяғына дейін төңкеру; бастапқы проблеманы қайта жаңғырту; проблеманың бір бөлігінен екінші бөлігіне әдейі көшіру; шаблонды ойлаудың қатаң бақылауынан босану; аяқ астылық элементтерін қолдану; еркін, жоспарсыз, мақсатсыз, ештеңеге бағытталмаған ойын тәсілі; эсперимент, тәжірибені оқушылардың креативтілігін дамыту мақсатында тәжірибеде қолданады.
Қорыта айтқанда, оқу процесінде креативтілік өріс пайда болады. «Креативтілік өріс» ұғымы алғаш рет Д.Б. Богоявленская өзінің психологиялық эксперименттерін сипаттауда қолданған жаңа мүмкіндік шығармашылық шешімдерінің кеңістігін білдіреді [204]. Бұл әдіс оқушыларға тікелей оқу әрекеті негізінде басқа, креативтілік әрекетті жасауға мүмкіндік береді. Орындалатын тапсырмалар төңірегінде мүмкін болатын басқа, креативтілік шешімдер бар. Әрбір мүмкін болатын шешімдерді табу үшін оқушылар белгілі бір шығармашылық жұмысты орындауы керек.
Мұғалім қойған сұрақтар сипаты талданды. Сұрақтарды жете талдау мұғалімнің жиі қоятын сауалын анықтады:
- оқушылардын сұраққа тура жауап беретін дайын ақпарат емес, фактілерді өз бетінше өңдеуді талап ететін проблемалық сұрақтар;
- белгісіздік пен қарама-қайшылық элементтері бар сұрақтар;
- ойша немес тәжірибелік зерттеулерді өткізетін зерттеушілік сұрақтар;
- оқушылардың жеке өмірлік тәжірибесін қолдануларын талап ететін сұрақтар;
- жауабы түрлі нұсқаларды ұсынатын сұрақтар.
Бұндай сұрақтардың оқушылардың шығармашылық белсенділігін дамытуға зор ықпал ететіні түсінікті.
Келесі қадам оқушыларға мұғалімнің сөзбен әсер етуін талдау болды. Мұғалімнің сабақтағы сөзбен әсер етуін бақылаудың Л.А. Регуштың әдісіне сәйкес сөздік әсерін шегендеу және нәтижесін өңдеу жүргізілді [205].
Аталған мұғалімде жиі қолданған сөздер төмендегідей болады:
- нұсқау беру;
- оқушы аттарын атау;
- мадақтау;
- қолдау;
- дауыс көтеру;
- диалог;
- қалжың;
- әмір беру;
- ұялту;
- өкім;
- мысқылдау.
Бұйрық, ақылгөйлік, өсиет айту, қорқыту сияқты сөзбен ықпал ету мұғалім сабақтарында естілмеді. Сөзбен ықпал етуде 1-4-жоғары, 5-8-орташа, 9-11 - төменгі орында тұрғанын ескере отырып, мұғалім оқушыларды түсіне біледі деген қорытындыға келдік.
Бақылау барысында зерттеушілер қосымша келесі тәсілдерді тап көрсетті: мейірімділік, зейін аудару, қамқорлық көрсету; қолдайтын сөздер айту; қайран қалғанын көрсету; сенімділік ұялту; қуанышты таңдану; көңіл-күйге ортақтасу; мақтау; сенім білдіру, табысты ұйымдастыру; өнеге көрсету; өз күшіне сендіру; қызықты жұмысқа тарту.
Қазіргі заманғы оқу бағдарламаларында ойлау бірінші рөлде тұрған компоненттік бағыт басым. Сонымен бірге креативтілікке тұлғалық компоненттер де жатады. Оны дамыту үшін арнайы психология-педагогикалық жағдай жасау арқылы тұлғаға кешенді ықпал ету керек.
Демек, білім беру мен тәрбиелеудің арнаулы әдістер жүйесі мен педагогикалық процеске қатысушылардың барлығы үшін жағымды болып табылатын психологиялық ахуал оқушылардың креативтілігін дамытудың негізгі психология-педагогикалық шарты болып табылады. Бұл оқушылардың креативті ойлауын қалыптастыруға тұтастық тұрғысынан қарауды анықтайды.
Достарыңызбен бөлісу: |