Бала күнінде көрген фильм, мультфильм есте ерекше қалатыны сөзсіз. Әсіресе, ата-анаңмен, барлық отбасымен көретін туындылар. Сондай фильмнің бірі-«Один дома». Бұл киноны көрмеген адам жоқ деп ойлаймын
Бала күнінде көрген фильм, мультфильм есте ерекше қалатыны сөзсіз. Әсіресе, ата-анаңмен, барлық отбасымен көретін туындылар. Сондай фильмнің бірі-«Один дома». Бұл киноны көрмеген адам жоқ деп ойлаймын. Себебі бұл туындысыз жаңа жылды елестету мүмкін емес. 31 желтоқсан күні әр үйдің теледидарында дәл осы фильм көрсетіліп жататынына сенімім мол. Бұл жаңа жылдық дәстүрге айналған сияқты.
Неліктен осы комедияны барлығы жақсы көреді? Дәл осы сұрақ мені мазалайтын. Осы киноны жыл сайын көрсек те, барлық сюжетін жаттап алсақ та, кино жалықтырмайды ғой. Менің ойымша, бұл- тек комедия ғана емес, отбасылық құндылықты дәріптейтін кинотуынды.
Кевин барлығымен тез тіл табысатын, өте мейірімді бала. Бірақ, өкінішке қарай, өзің жалғыз сезінеді. Дәл киноның атауындағыдай үйде жалғыз! Ол қашан да барлығымен әңгімелесіп, араласып тұрғысы келеді. Алайда, отбасы мүшелері оған көңіл аудармайтын. Аға-әпкелері оны қорлап, үнемі қалжыңдайтын. Ал ата-анасы өздерінің шаруаларымен бос болмайтын. Сондықтан болар Кевин басқа жандардан жұбаныш іздеді. Әсіресе жалғыз жандармен тез тіл табысатын. Оны фильм барысында айқын көруге болады. Яғни, бірінші бөлімде ол қарт көршімен араласса, екінші бөлімде көгершіндерді тамақтандыратын, үйі жоқ тәтемен араласып, қол ұшын беріп, көмектесетін.
Осы жағдайды көре отырып, отбасы құндылығын, отбасы бақытын түсінесің. Жанұяның барлық мүшесі жиналып, бірге кешкі ас ішкенге не жетсін. Күні бойы кім немен айналысты, күнің қалай өткізді деп әңгімелескеннің өзі- бір бақыт.
Қазір жұмысбасты ата-аналарды көп көреміз. Жұмыстарына беріліп кетіп, балаларын ұмытып жатады. Кейде сондай балаларға махаббат пен мейірім жетіспейтін сияқты. Балалар көп уақыттарын смартфондағы ойындармен өткізеді. Бұл да бала психологиясына әсер ететіні сөзсіз.
Менің ойымша, бұл туындыны жасаушылар барлық ата-аналарға: "балаларыңызды жақсы көріңіз, оларға уақыт бөліңіз. Егер сіз осы сәтті жіберіп алсаңыз, олардың болашақта қандай болып өсетіні белгісіз",- деп үн тастағысы келді. Ал отбасында жылулық пен махаббатты сезінген бала жаман болмайтыны анық!