Бала шоқан повестер



Pdf көрінісі
бет4/29
Дата07.02.2022
өлшемі1,6 Mb.
#94641
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29
Байланысты:
pdf Бала Шоқан Сапарғали Бегалин
Begalin Bala Shokan (1), Begalin Bala Shokan (1)
СОНАРШЫЛАР ТОБЫНДА
Қысқы үйге кіргелі Шоқандардың оқуы құнтты жүрді. Əубəкір молда
да, бұрынғыдай ауыл арасының шақыруынан босап, Шоқанға парсы
тіліндегі кітаптардан уақиғалы хикаяларды оқытып, білім өрісін кеңейте
түсуде. Анадағы əжесі айтқан: «Байлық та, бақыт та тиянақсыз, ең
тиянақты қасиет — өнер-білім. Жеті жұрттың тілін білмеген адам —
шалағай» деген сөзді өзінің естелік дəптеріне Шоқан жазып қойған-ды.
Шоқанның күзден бергі оқуға деген ыждаһатына Əубəкірдің өзі де іштей
таңданатын. Ол тек жай оқып қоймайды. Оқыған кітабының уақиғасын
бажайлап, түпкі мағынасын білуге ізденеді. Шоқанды аса қызықтырған
Жəми ақынның «Ескендірнамасы» болды. Əубəкір өзі оқып, Шоқанға
мағынасын түсіндіре, кейбір жерлерін жаздырып отырды. Ескендір
Зұлқарнайын туралы шығыс елдері аузындағы аңыз əңгімелерімен қатар,
Жəми жырлаған дастан да сондай қызықты екен. Жас Ескендірді анасының
үлкен данышпан ғалымға беріп оқытқаны Айғаным əжесінің «білім —
оқуда» деген насихат өзіне ұштасып жатты. Осыны оқығаннан кейін Шоқан
бір күні əжесіне келгенде:
— Əже, сіз Жəми ақынның «Ескендірнамасын» оқыған ба едіңіз? —
деді.
— Қарағым, оны неге сұрадың?
Шоқан жымиып:
— Əже, Ескендірдің шешесі ақылды болған екен. Ескендірді ең үлкен
данышпан ғалымның қолына беріп оқытыпты. Сол оқу-білімінің арқасында
бар əлемді билемек болып үлкен жорық жасапты, — деп Шоқан əжесінің
өңіне қарады.
— Қарағым, ол дастанды мен оқығам. Сен де жақсы түсініпсің.
Білімділік жақсы, мансапқорлық жаман емес пе. Ол əлемді аузыма қаратам
деген озбырлықтан апатқа ұшырады ғой, — деп əжесі сөзін аяқтады.
Шоқан ойлана қалды. Айғаным да сүйкімді немересіне əдеттегі


мейірбан ықыласынан басқа еш нəрсе айтқан жоқ. Ханымға амандық
айтуға ауыл арасының үлкен кісілері келген кезде, ол əжесіне қош айтып
қайтып кетті.
Қырқабақтап қар жауып тұрған. Алғашқы жауған қарды қызықтап,
үстін қақпай үйіне кірген Шоқанды көріп Жақып:
— Өй, өзің қарға аунадың ба? Немене, аңнан келдің бе? Сен білесің бе,
атекем бүгін аттарын тағалатып, жолдастарына, құсбегі Қожбанға: «Құсың
бабында ма?» — деді. «Ертең бүркіт салуға шығады», — деп білген
жаңалығын жеткізді. Жақыпты жүре тыңдаған Шоқан шешініп, əкесінің
үйіне барды. Əкесі жоқ екен. Онда отырған үлкен кісілерге əдеппен сəлем
берді де, бүркіт тұратын бөлмеге келді. Құсбегі Қожбан екеуі
«Сарыбалапан» деген бүркітті қолдарына алып, томағасын сыпырып, əр
жерін ұстап көріп отыр.
— Атеке, аңға шығасыз ба? — деді Шоқан сыпайы ғана күлімдеп.
— Иə, иə, бұйырса, ертең мына күн сонар болар деп отырмыз.
Шығамыз.
— Қандай аңға саласыңдар құсты?
— Түлкі, түлкіге саламыз.
— Онда, мен де барайыншы! ?
— Оқу ше? Оқу қалады ғой.
— Бір күнді молдадан сұранам.
— Тоңбайсың ба? Аңшылар тауға шығады, оған жүре аласың ба?
— Тоңбайым. Мен кішкене емеспін ғой. Əжем айтқан, «сен ересейдің»
деп.
— Ə-ə, əжең айтса, жарайды. Бірақ молдаңмен келіс, жылы киін. Онда
атыңды Бейсенге айтып тағалаттыр, — деп Шыңғыс баласына рұқсатын да,
тапсырмасын да берді.


Ел орынға отыра берген кезде, сəлем беріп Қанғожа кіріп келді.
— Уа, сəлемшілер, жоғары шығыңдар, — деп Шыңғыс інісіне ағалық
ажар білдіре құрмет көрсетті. Төрелердің кішісі үлкеніне «алла ярлай»
қолын кеудесіне ұстап, иілетін əдетін істеп, Қанғожа ағасына қолын беріп
келіп отырды. Қанғожаның жолдасы тарғыл арланға серіктестіре тағы бір
арлан тазы ұстаған жігітпен ауыз үйде қалып қойды.
— Иə, иə, ауыл амандық па? Əпекем сау ма? Қалай кештетіп? — деп
Шыңғыс жол болсын айтты.
— Бəрі де амандық. Əпекем жақсы. Біз осы жақтан жылқыға бір-екі рет
қасқыр шауып, мазалап жүр деген соң, мына тазыларды алып шығып едік.
Күн райы өзгеріп, қар жауғансып, сіздер бүркіт салуға баратын болар деп
əдейі кештетіп келдік. Қысқы тымақ деген секілді, — деп Қанғожа жымия
күлді.
— Иə, иə, біз əзірленіп отырмыз. Қанша қасқыр алдыңдар?
— Қара қатқақ болып, ізсіз қасқырға ит қоса алмадық Екі күндей бос
жүріс болды. Жаман адырдан бір қасқыр көрініп еді, көл сағасына түсіп
маңайлатпады, — деді Қанғожа жай сөйлеп.
— Ə, өздерің қасқыр қуалаудан қажып қалған екенсіңдер ғой. Онда
жақсы, иттеріңді ат тізесіне салып жүдетіп алған жоқсыңдар ма? Бізбен
аңға шығам десең жолдастарың иттерін күтіп ауылда болар. Бүркіт пен
иттің қабаттасуы жазым болады, — деді Шыңғыс.
— Ол дұрыс. Сіздің Сарыбалапанның өнерін алаңсыз көрелік, — деген
сөзін Қанғожа əзілдей айтты.
Қонақтар тамағын жеп болып, ел жатуға қамданған кезде, таяудағы
жылқы қосынан бір жылқышы асығыс келіп хабар берді. «Əлгі қызыліңірде
жылқыға қасқыр шауып, бір жабағыны жаралап кетті. Түн болып,
жылқыны тастап қуа алмадық. Мына көмбе сонарда ұдықтасып, қуып,
бетін қайтармаса, сірə, қосқа маза бермес деп келіп тұрмын, — деді.
— Ал сенің, сенің іздегенің табылды. Қасқырыңды қу! Біздің ауылдан
да, жылқышыдан да кісі ерт, аттарың əлсіресе, жарау айғырлардан
жаңалаңдар, — деп Шыңғыс інісіне қысқасынан бұйрық берді.


— Күйші көкеме күй тартқызбадық, — деп Шоқан Қанқожаның күйін
тыңдауға құмартты.
— Иə, ол қасқырын соғып əкелсін, біз түлкі алдырайық, сонан соң
көкеңнің күйін күндіз-түні тарттырамыз, — деп Шыңғыс баласының
тілегін кейінге қалдырды.
Қар ел орынға отыра басылды. Қайта-қайта далаға кісі шығарып, күн
райын бақылатқан Шыңғыс:
— Сəті болса, нағыз қансонар болады. Жел лебі күншығыстан білініп
тұр ғой. Боран болмайды. Жер бетінде тірі аң болса, ізі бадырайып жатады,
— деп жатарда құсшысына да, атшы, асшыларға да таңға жеңіл ұйқы
қанғанда атқа мінетінін тапсырды. Шоқан əке бөлмесінде əзірлікпен жатты.
Аңшылар атқа қонғанда, таң алдындағы алғашқы ақша қардың
ызғырығы, жылы үйден шыққан адамдарға тіксінте суық тиді. Ат
қызуымен бойларын жылыта, желе жортып, «Күрке тіккен» адырына қарай
тартып келеді. Шоқанға арнап алып қалған мақпал қара бестіге Бейсен
«Шоқанның Қызқарасы» деп ат қойған. Ойнақтаған жеңіл жүрісті Қызқара
аңшылардың алды-артын орайды.
— Шоқан, ана адырға жеткен соң, қағушы етекте қалып, Қожбанмен біз
ең биікке шығып бүркіт ұстаймыз, ол кезде атыңның басына ие бол.
Дауысыңды шығарма. Егерде көзіңе түлкі көрінсе, ақырын сыбырлап айт,
— деп Шыңғыс баласына өзі білетін аңшылар əдісін үйретті. Жаздағы
қаршыға, тұйғын салу сияқты құс алдырғаны болмаса, қысқы бүркіт салу
тамашасына түңғыш шыққан Шоқан, əрбір аңшының атқа отырысына
дейін тамашалауда.
— Ал осы жерде айрыламыз. Біз төремен анау тұғырға шығамыз.
Күркетіккеннің жалғыз биік шоқысы бүркіт ұстар сол. Біз бой көрсеткенше
сендер мына балақтан із кесіңдер, — деп, Қожбан ендігі билікті өзіне ала,
ақырын өйлеп барлық аңшыларға əмір берді.
— Ал, төре, кеттік, таң да ағарып қалды. Тезірек жүріп тұғырға
шығалық, — деп Қожбан жорта жөнелді. Шоқанның қара бестісі басымен
алысып ала-ала жөнеледі. Тізгінін қымти ұстап, əке айтқан тəртіпті
бұлжытпай орындауға тырысып Шоқан да жортып келеді. Алғашқыдай
емес, атының басын өзіне бағындырып ширап алды.


Бүркітшілер тобы тұғырға келіп бүркіттің томағасын сыпырған кезде,
шығыс жақтан құланиектеп көтерілген таң сəулесі айналаны айқындап
қалып еді. Ойдағы қағушылар да бұларды көре салып, сай-сайды көбелеп
дыбыстай бастады. Шоқанның екі көзі Қожбанның қолындағы бүркітте,
басынан Қожбан томағасын сыпырғанда, бір сілкініп алып, шаншыла, бүкіл
атырапқа құйқылжи қарады. Жүнін жыға қалды. Сонша болмады,
Қожбанның қолынан етпетінен түсе лап қойды. Қожбан қолын көтеріп,
сілтеп қалды. Қыран атып аспанға шықты.
— Əне, көрдің бе, Қожбан, түлкі! — деп Шыңғыс қолындағы
дүрбісімен Күркетіккен адырының күншығыс тепсеңіне үңіле қарап отыр.
— Иə, көрдім! Сарыбалапан да солай құйылды. Я, сəт, қанды басың бері
тарт! — деп Қожбан атын жамбасқа тартып жіберіп, тура ойға қарай шаба
жөнелді.
— Балам, байқа, шаппа. Біз жай баралық, — деп Шыңғыс Қожбанмен
ілесе жөнелем деген Шоқанды шақырып алды. Адырды қырқалай, құстың
ұшқан бетінен көз айырмай келе жатқан Шыңғыс, бір қырқада атының
басын тартып тұра қалды. Қожбанның шауып жөнелген бетінен көз
айырмай біресе құсқа, біресе түлкі көрінді деген жобаға қарап келе жатқан
Шоқан əкесінің қасына келіп:
— Атеке, түлкі қайда, бүркіт алды ма түлкіні? — деді.
— Жо-о-оқ, əлі түскен жоқ. Əй, түлкі ғой, қорымға кірмесе жарар еді,
— деп Шыңғыс дүрбісін қайта-қайта жөндеп қадалып тұр. — Əні, түсті
білем. Қап, ана қу ілдірмей кетті ме, — деп Шыңғыс сасқалақтап, атының
басын жіберіп, тура қырдың басына қарай шапты. Əкесінің жобасымен
жүгіріп келе жатқан Шоқан:
— Атеке, бүркіт қонған жоқ, əні, қайта айналып көкке шықты, — деді.
— Иə, иə, көріп келем. Түйіліп барғанымен түсер жері жайсыз болған
ғой. Енді қайтер екен?
Сонша болмады, қайқаң етіп аспанға атып шыққан бүркіт қайта
құйылып жерге қарай ақты.
— Я сəт, қанды басың... — деп Шыңғыс атын тебініп жіберіп, қырқаны


жоталай жүгірте жөнелді. Қызқараның тұқыра ұмтылған қарқынына
жібермей Шоқан да шауып келеді.
— Алды білем, — деп Шыңғыс бір тұрғыда тұра қалып дүрбісін қолына
алды.
— Атеке, əні, алды-алды! — деп Шоқан бүркіттің түлкіге түскенін
əкесінен бұрын көріп, тұра шаба жөнелді.
— Тоқта, Шоқан, байқа, жығыласың. Алдың терең құз, — деп Шыңғыс
айқайлап келеді.
Қызқараның ағындаған басына ие бола алмай, Шоқан құйғытып
барады.
— Өрге тарт, өрге тарт, — деп Шыңғыс түлкіден бұрын баласының
жайымен есі шықты.
Дес бергенде Шоқан Қызқараның басын қарсы бетке бүрып əрең билеп
алды. Құйысқандаған сайлы ер-тоқымы мойнына кетпепті. Баласының
қасына келе Шыңғыс, шылбырынан іліп алып, өзімен қатарластыра cap
желдіре, бүркіт пен түлкі айқасқан өзектің қабағына шыға келді. Қожбан да
келіп, аттан түсіп, Сарыбалапан бүріп алған түлкінің белін сындырып
тастап, қыранға тілін суыртып отыр екен. Сол жерде қағушылар да келіп
қалды.
Будыраған аппақ қардың үстінде қызыл орман түлкіні, жауырыны
бүлкілдеп астына жұмарлай басқан қанды көз қыранға Шоқан таңдана да,
қызыға да, ойлана да қарауда. Тілін суыртып, Қожбан бүркіттің аяғынан
түлкіні босатып алып, құйрығынан ұстап, қарға олай бір, былай бір
аунатып:
— Ішіміздегі ең жолы үлкен Шоқанжан ғой, бұрын аңға шығып
көрмеген. Ырым қылып қанжығасына байлайыншы, — деп алып келіп,
Қызқараның басын қымти ұстап тұрып, ақырын байлап, ырымын істеді.
— Əжеңе ғой істетеміз. Тырнақ алды аң байланып атқа мінгенің, — деп
Қожбан түлкіні өзінің қоржынына салды.
— Иə, иə, Қожекең дұрыс айтады. Əжесі мүшелің толады, ересек


болдың депті. Той сол кісінікі, — деген өзін Шыңғыс қуана да, сүйсіне де
айтты. Ол екі түрлі мақтан үстінде тұр. Алғашқы сонарға алып шыққан
бүркіті сəтті болып түлкі алды. Оны өзінің тұңғышы Шоқан жолы үлкен
болып байланып тұр.
— Ал, Қожеке, иə, тағы түлкі қараймыз ба? Жоқ, ауылға ораламыз ба?
— деген Шыңғыс сұрағына Қожбан құсты қолына қондырып, томағасын
кигізіп, жемсауын, санын ұстап көріп:
— Сендерге осы түлкіден басқа із кездесті ме? — деп қағушылардан
сұрады.
— Бір із кездесіп еді, ол ана бір өзекте тышқан аңдыған ба, біраз
айналып жүріпті де, Қоянсоққанның жалына тартып кетіпті. Басқа із
кездескен жоқ.
— Əлі уақыт ерте, құстың тартқан қызылы көп емес, тояттаған жоқ.
Төре алыссынбаса, сол түлкінің ізіне түсіп көрелік. Ізді байқадыңдар ма,
таң алдында жортып па, жоқ ерте жортып па? — деп Қожбан құсты қолына
алып атына мінді.
— Ол арасын анықтап қарамаппыз. Қазір анықталық, сіздер солай қарай
тарта беріңіздер, — деді кексе ұзын қара сақалды Əжібай.
— Иə, солай болсын. Ал, төре, біз жүрелік. Бірақ ізді анықтағаннан
кейін сендер хабар беріңдер, беталды жүріс болмасын. Егер із іңірдегі
болса, онда түлкі Қоянсоққанға жатпайды. Ол Қособаға тартады. Олай
болса оған əуре болмай ауылға ораламыз, баланы тоңдырып алармыз. Тағы
сонар болады ғой. Осы атыраптағы түлкі болса қайда кетер дейсің. —
Осыны айтты да, Қожбан Əжібайға, Шыңғысқа қарады.
— Иə, ол дұрыс, дұрыс, — деп Шыңғыс Қожбанмен қатарласа
Қоянсоққан адырына бет алды. Қожбанның қағушыларға сергек тəртіп
беруін Шоқан үнсіз абайлап əке қатарында жортып келеді. Бұлар
Күркетіккен адырынан жазыққа түскен кезде, қағушының бірі атой бере
қолын бұлғады.
— Немене, аналар тағы жаңа із керді ме, неге атой берді екен? — деп
Қожбан да, Шыңғыс та тоқтала қалып қағушы хабарына зер салды. Қолын
бұлғай жүгіртіп келе жатқан қағушыны тосып бір қабақшаға көтеріле берді.


Сонша болмады, таяудан келіп:
— Із іңірдегі көрінеді, анықтадық, — деді. Мына келген жігіттің сөзін
тыңдап болып, аз кідіріп тұрды да, Қожбанға:
— Онда əуре болмалық, ырымсыз емеспіз, Шоқанжан тоңып қалар,
қайталық, — деді Шыңғыс.
— Ə, жақсы онда, ауылға тарттық қой, алдияр, — деген Қожбан дауысы
шыққанда, Сарыбалапан шаңқылдап шақырып-шақырып жіберді. Бүркіттің
бұл дыбыстағаны несі дегендей Шоқан Қожбанға қарады.
— Шоқан, құстың шақырғанына таңданып келесің бе? Ол жаңағы біздің
дыбысымызды естіп үн қатып келеді. Есіңде болсын, Шоқанжан, бүркітпен
түлкіге шыққан аңшылар сыбырлап қана сөйлеседі. Өйткені көзі
томағалаулы құс дыбыс беріп шақырып қояды. Ал бүркіттің даусын түлкі
көш жерден естиді, қашып кетеді,- деп Шоқанға Қожбан аңшылық
жайынан тəжрибе кеңес айтты.
Бүркітшілер келгенде, ауыл адамдары сыртта күтіп тұр екен. Шоқанның
алдынан шыққан сары бəйбіше — «ырым болсын» деп уыстап бауырсақ
шашты.
— Ханым шашуы — ырым, — деп жігіттер бауырсақты терісіп алды да,
үйге беттеді.
— Тойдың үлкенін əжесі істейді. Өзі айтыпты ғой Шоқанға — « сен
енді мүшеліңе толасың, ересейдің» деп. Сол ересейген баласы аңға шықты,
түлкі алдырды, — деген Шыңғыстың сөзін жігіттер іліп алды. Қоржынмен
үйге алып кірген түлкіні сойып, терісін Қожбан кергі ағашқа кигізіп ауыз
үйге ілгізіп қойды.
— Əлгі қасқыр қуғандардан хабар жоқ па ? — деп Шыңғыс Қанғожа
тобын сұрастырды.
— Ол жақтан ешкім келген жоқ. Кім білсін неғып бөгеліп жатқандарын,
— десті ауыл адамдары.
— Хабар жоқ қой. Егер олар қасқыр алдырса ауылға хабаршы келсе
керек еді, — деген сары бəйбішенің сөзіне Шыңғыс:


— Олар келсе, бəрі тұтас келеді ғой. Кешігулері жай емес шығар, —
деді.
Аңшылар шайға отырып, бүгінгі Сарыбалапанның түлкі алған əдісі
алуан түрлі сөз болып жатқанда — Қанғожа тобы да қайтып келді. Сəлем
беріп кірген Қанғожаға:
— Əликүмүссəлем. Қалай, майланды ма? — деді Шыңғыс.
— Майланбады. Түлкіден де қағылып, қасқырды сорға түсіріп, мүлде
рəсуамыз шығып қайттық, — деп Қанғожа əдеттегі жылдам сөйлейтін
əдетімен бар жайды бір-ақ айтты. — Айтпақшы, Шоқанжан түлкі алдырып,
өзі байланыпты, тырнақ алдысы құтты болсын. Үйге түскен аты болады
ғой, өзі үлкен кісіге тымақ болатын бір жүндес түлкі екен, — деп Қанғожа
түлкіге шыбық сала сөйледі.
— Кім кисе де əйтеуір тымақ болады ғой. Кім алса да əжесінің алдынан
алады, — деді сары бəйбіше қайнысын орағыта.
— Сендер толып жүріп қасқырды сорға қалай түсіріп алдыңдар.
Арыстандай алты жігіт, үш тазымен, ылғи жарау атпен, — деген
Шыңғыстың кінəлай сөйлеген сөзіне інісі ішінен ренжісе де, қарсы сөз
айтқан жоқ.
— Бір сəті болмаған жүріс болды, — деді де, шайға бас қойып, үнсіз
отырып қалды. Қанғожаның ренжіп қалғанын байқаған сары бəйбіше:
— Түздің аңы түйе емес қой, бұйдалап алып еріп отыратын. Қисыны
болмаған шығар. Бүгін алынбаса, тағы күн бар, алынар, — деп аға мен іні
арасындағы сəттегі көңілсіздікті жадырата сөйледі. Əңгімеші Əжібай
Жəпекбайдың бір ұшқырлығын айтып елді күлдіріп əзіл ойынға
айналдырып əкетті.
«Бүгін Қоянсоққанға шығамыз» деп гуілдесіп отырғанда ел жата боран
көтеріліп, сонарды бұзып, аңшылардың ойлағаны болмай қалды. Бүркітші
Қожбан құсына тоқ жем беріп, шошаладан ас үйге əкеліп тұғырына
қондырды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет