Хайуанаттар жайындағы ертегілердің сипаты. Үй хайуандары жайындағыертегілердің кейбіреулері жеңіл, күлкілі әңгіме түрінде балаларға арналған. Мұндай ертегілердің оқиға желісі балалардың өздері күн сайын көріп жүрген нәрселерді суреттейді. Олардың оқиға-әңгімесі айтушыға да, тыңдаушыға да жеңіл, ыңғайлы, ықшам келеді. Бұған мысал етіп «Қотыр торғай», «Мақта қыз бен мысық», «Күшік пен мысық», «Құйршық», «Түлкі мен бөдене», «Түлкі мен тауық» т.б. ертегілерін алуға болады. «Қотыр торғай» ертегісінде қотыр торғай «қотырымды ауырттың деп шеңгелге ашуланады да, оның үстінен ешкіге шағым етеді. «Шеңгелді жеп қойшы» - дейді. Бірақ ешкі оның тілін алмайды. Сонан кейін қотыр торғай ешкіні қасқырға айтады, қасқырды жылқышыға, жылқышыны байға, байды шешесіне, шешесін желге айтады. Ақырынды ертегінің кейіпкерлері бір-бірін қуыса бастайды, ешкі келіп шеңгелді жейді. Қотыр торғайдың кегі қайтады. Осы секілді күлдіргі жай «Мақта қыз бен мысық» ертегісінде де бар. Үй хайуандары жайындағы ертегілердің балаларға арналған әңгімелері оқиғаны көбінесе тізбектеп айтуға құрылады. Бір оқиғаның кілтін екіншісінен іздеу, осы ретпен барлық әңгімені қысқа түрде тізбектеп айту әдісін қолданады. «Оны балаларға арналған ертегілердің өзіндік құрылысы, ерекшелігі деуге болады» - дейді М.Әуезов. Мұның мәнісі оқиғаны аурлатпай, балаларға жеңіл, әрі күлкілі, әрі түсінікті етіп әңгімелеуді ойлағандықтан туған секілді. Ертегідегі біркелкі эпизодтар осылайша қайталанып келіп, соңында бас кейіпкер белгілі бір нәтижеге жетеді. Орыс халқының «Ешкі мен жаңғақ» ертегісі де осындай тізбекке құрылған. Сондай-ақ, балаларға арналған ертегілердің көлемі шағын келеді, кейде диалог түрінде де айтылып отырады. Қайталанатын эпизодтардағы диалогтардың көбінесе ұйқасқа құрылуы, яғни өлең түрінде келуі де кездеседі. Өлең араласқан ертегі театрландырылған көрініске сұранып-ақ тұрады. «Бес ешкі» ертегісінде ат теуіп , шықшыты сынған қасқыр былай деп ұлиды:
Қара тоқтыны жемеген
Қабылан басым-ау, у...у...
Бес ешкіні жемеген
Бегпен басым-ау, у...у...
Құла атты құдықтан суырып алған
Балуан басым-ау, у...у...
Артына шығып, құран оқып,
Көз жұмар молда ма едім?
Ау...у...
Баланың жасы кіші болған сайын ертегі қаһармандары мен ондағы оқиғаларды шын өмірдегідей қабылдайды. Лақ, қозы, бұзау, күшік, мысық тәрізді ертегі кейіпкерлері баланы баурайды. Олардың тірлігі адам өміріне ұқсас. Адам харакетін қайталайды. Уақыт өте келе хайуанаттар әлемі өкілдері белгілі бір сипатқа ие бола бастайды. «Әрбір аң айнымас мінез иесі болады. Арыстан - әр зорлықтың, асқақ күштің иесі; қасқыр – тойымсыз қомағайлық, жеміттк мінез иесі; түлкі – пәле басы және жаурыны жерге тимес, аяр алдамшы, өзінен өзгенің бәріне іші қас, сырты дос болып жүреді.[...] Өзінше, біралуан келесіз, ақылсыз қара күштің иесі болып аю жүреді.[...]Момын, жазықсыздан, кең тазалықтан осы хайуандар арасында жүріп жем болатын түйе бар»(6;213).
Хайуанаттар жайындағы еретегілерде балаларды қызықтырарлық және ой саларлық екі түрлі сипат бар. Бірінші жағы, балалар бұлардың бәрінен хайуанаттардың мінез өзгешеліктерін, сырт көрінісі мен тіршілігін байқайды.Бұл ретте қазақ ертегілеріне жыртқыш аңдардан молырақ енгені арыстан, қасқыр, түлкі, аю болады. Халық ертегісі бұлардың әрқайсысына лайықты мінездеме береді. Арыстан – асқан күштің, зорлықтың, қасқыр – қомағайлық пен қорқаулықтың иесі болып кейіптеледі. Түлкі - айла мен аярлықтың иесі. Бұлармен қатар, қазақ ертегілерінде ожарлық, аңқаулық кескінімен аю жүреді. Жұрттың бәріне мазақ, күлкі ретінде маймыл қатысады. Ертегімен танысқаннан кейін оларды енді өздері тікелей білуге, көруге, зерттеуге құштарлықтары арта түседі. Екінші жағы, хайуанаттар жайындағы ертегілер адамдар арасында болатын тартыстардың сыр-сипатын байқатады. Түлкі ел арасын бүлдіруші, жұртты алдаушы, өсекшіл, күншіл адамның бейнесін елестетеді. Арыстан бейнесінен талайды қан қақсатқан, жұртты жәбірлеуші адамдарды көреміз. Бұл айтылғандарға «Қасқырдың қойдан қорыққаны», «Үш жігіт», «Түлкі мен арыстан», «Түйе неге артына қарайды?» ертегілерін мысал етуге болады.
Халық ертегілері сюжет құру, образ жасау, тіл байлығын қолдану жөнінде жазба әдебиетінің алғашқы үлгілеріне көп әсе етті. Жазба әдебиетінің шеберлері осы күнде де халық әдебиетінен тіл байлығын үйренетіні, кейде оның сюжетін пайдаланғандығы белгілі.
Достарыңызбен бөлісу: |