«Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»



бет5/13
Дата23.10.2016
өлшемі2,54 Mb.
#70
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13



Қосымша әдебиеттер


  1. Бердібаев Р. Эпос – ел қазынасы. –Алматы,1996.

  2. Қоңыратбаев Ә. Қазақ эпосы және түркология.-Алматы,1987.

  3. Ғабдуллин М, Сыдықов Қ. Қазақ халқының батырлық жыры.-А., 1972.

2 Модуль. Абай мен Ыбырай Алтынсарин шығармаларының тәрбиелік мәні

6-ДӘРІС

Махамбет Өтемісовтің патриоттық өлеңдері

1. ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы әдебиет

2. Махамбет Өтемісұлы өмірі

3. Махамбет жырлары – тарихи оқиға шежіресі.

1. ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы әдебиет. ХІХ ғасырдың одан бұрынғы ғасырлардан өзгешелігі – бұл ғасырда шын мағынасындағы жазба әдебиет туды. Негізінен, ХІХ ғасырға дейін ауыз әдебиеті, жыраулар поэзиясы болып келсе, енді әдебиет сырт түрі, үлгісі жғынан бірнеше түрлі болды. Ішкі көркемдік сапа жөнінен де көп өзгеріс, жаңалық туды. Қазақ өлеңі жаңа түрлер жасады. Оның басында Махамбет, Дулат тұр. Бұл құбылыс Абаймен жалғасты. Жаңа жанрлар туды. Европалық мәндегі жаңа жазба әдебиет қалыптасты. Мысал, сықақ, сатира жанры жаңғырып, жанданды. Сырлы да нұрлы лирика толысты. Сал-серілер өнері шарықтады. Айтыстың мәні, мазмұны тереңдеді. Поэманың алғашқы нысандары көрінді. Тарихи жырлар туды. ХІХ ғасыр әдебиетіне байланысты С.Мұқанов 1942 жылы мынандай тұжырым жасады: «ХІХ ғасыр әдебиетінің дәуірлері одан бұрынғы ғасырлардың әдебиет дәуірлеріндей көмескі емес, айқын, ашық. Мәселен, ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында ұлт бостандығын жырлайтын әдебиет жасалды. ХІХ ғасырдың 50-70 жылдарында «Зар заман» әдебиеті басым болды, ХІХ ғасырдың 70 жылдарынан бастап просветительдік(мәдениетке үндеуші) әдебиет туды».

Сонымен ХІХ ғасыр әдебиетінің аса көрнекті өкілдері:

- бостандық рухты жырлаған Махамбет ақын, Шернияз;

- зар заман әдебиетінің айтулы тұлғалары Дулат, Шортанбай, Мұрат, Әубәкір;

- әйгілі айтыс ақындары Шөже, Орынбай, Кемпірбай, Түбек, Марабай;

- атышулы сал-серілер Сегіз Сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Ақан сері

- қиссашыл ақындар;

- Қоқан езгісіндегі өңірдің әдебиет өкілдері Сүйінбай, Мәделі, Құлыншақ, Майлықожа, Базар;

- жаңа жазба әдебиет өкілдері Абай, Ыбырай, Шоқан.

ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті - өзінің мазмұны мен идеясы жағынан біраз ілгерілеген, әлеуметтік беті айқындала бастаған әдебиет. Бұл кез әдебиетінде дәуір көрінісі айқын бейнеленді. Заман сыры жан-жақты ашылды. Әлеуметтік теңсіздіктер, қоғамдық қайшылықтар жырланды. Жаңа дәуір поэзиясының алдыңғы қатарлы өкілдері заманы ұсынған жаңа талаптарға сай, әділетсіздікке қарсы батыл күрес идеяларын қолдады. Қазақ поэзиясында жаңа бір өршіл сарын пайда болды. Жаңа пафосты ерлік идеядағы күресшіл поэзия бой көрсетті. Бұл - сайып келгенде өзіне дейінгі батырлар жыры дәстүрінің жаңарған тың түрі. ХІХ ғасыр ақындары өзінің жаңа идеяларын поэзияның бұрынғы дәстүрлі үлгі формаларында жырлады. Осылардың ішінде, ХІХ ғасыр поэзиясын кең өріске көтерген жанрлары деп арнау, толғау, айтыс формаларын ерекше атап көрсеткен орынды. Бұрынғы дәстүрлі формалардың өзі жаңа идеяны жырлау үстінде біраз жаңғырады, жетіледі. Мысалы, Махамбет толғаулары өзінің екпінділігімен, ырғақтылығымен өзгешеленіп, толғау формасын идея жағынан да, түр жағынан да жаңартты деп айтуға болады. Өмірінің соңғы кезеңін қуғында өткізген ақын көңіл-күй лирикасының озық үлгілерін туғызды. Ақын жырларынан оның қасіретке бөленген мұңды жаны танылады. Махамбет қазақ лирикасын сапалық және көркемдік жаңа бір белеске көшірді.

Қазақстанның батыс аймағында, әсіресе, Еділ, Жайық, Нарын, Тайсойған, Ойыл, Қиыл, Жем, Сағыз өңірінде ол кезде ел арасына белгілі ақын, жыраулар аз емес-ті. Олардың көбі өздеріне дейінгі жыраулар мұрасы мен батырлық жырларды ел арасына таратып, елдік, ерлік дәстүрді насихаттаушылар еді. Олар әділетсіздікке отаршылдық саясатқа қарсы еді. Исатай, Махамбет көтерілісінің жеңіске жетуіне жан-тәнімен тілектес болатын. Бірақ олардың бәрі де белсене шығып, көтеріліске араласып кете алмады. Тіпті, көтеріліс сапында болған Шернияздың өзі де дәл Махамбеттей көтеріліс жаршысы бола алған жоқ.

Әр уақытта да әділетсіздікке қарсы шығу үшіні өлім мен бейнеттен сескенбейтін жалынды жүрек керек еді, жан-тәнімен, ой-санасымен берілген берік сенім керек еді. Тек Махамбет дәуірінде ғана емес, одан бұрынғы, одан кейінгі замандардың бәрінде де әділетті жақтап, жалғандық пен жауыздықты әшкерелеу тек ерлердің қолынан ғана келген. Махамбетке әсер еткен жағдайлардың бірі – Қазақстанның батыс аймағындағы ақын, жыраулардың дәстүрлі әдеби ортасы, олар жырлап таратқан ерлік жырлар. Махамбет Шәлгез, Асан, Сыпыра, Доспанбет, Қазтуған сияқты жыраулар мұрасын жақсы білген. Демек, туа біткен талант, әлеуметтік теңсіздікті сезіну, әдеби орта әсері сияқты жағдайлар Махамбеттің ақын болып қалыптасуына ықпал еткен. Махамбет поэзиясы – жауынгерлік поэзияның, жыраулық өнердің үздік үлгісі. Махамбет шығармаларында көтеріліс тарихы жатыр. Махамбетке әсер еткен жағдайлардың бірі – Қазақстанның батыс аймағындағы ақын, жыраулардың дәстүрлі әдеби ортасы, олар жырлап таратқан ерлік жырлар. Махамбет Шәлгез, Асан, Сыпыра, Доспанбет, Қазтуған сияқты жыраулар мұрасын жақсы білген. Демек, туа біткен талант, әлеуметтік теңсіздікті сезіну, әдеби орта әсері сияқты жағдайлар Махамбеттің ақын болып қалыптасуына ықпал еткен.

Махамбет поэзиясының бір қыры – жыраулар поэзиясымен үндес тұстары. Ақын толғауларында жыраулар поэзиясынан жеткен дәстүрлі қолданыстар мол. Махамбет Қазтуғаннан да, Шалкиіз, Доспамбет, Ақтамбердіден де сөз үлгісін мейлінше көп алды.



Балдағы алтын құрыш болат,

Ашылып шапсам, дем тартар,

Сусыным қанға қанар деп(Шалкиіз жырау).

Қарқыны күшті көк семсер

Шапқан сайын дем тартар,

Сусыным қанға қанар деп.(Махамбет).

Хан емессің, қасқырсың,

қас албасты басқырсың,

Алтын тақта жатсаң да

ажалы жеткен пақырсың(Марғасқа жырау).

Хан емессің, қасқырсың, …(Махамбет).

Арғымаққа оқ тиді

қыл майқанның түбінен,

аймадетке оқ тиді

отыз екі омыртқаның буынынан,

жағдайсыз кетіп барамын



жанымда бір туғанның жоғынан!…(Доспамбет).

Арғымаққа оқ тиді

қыл мықынның түбінен…(Махамбет).

Махамбет шығармаларынан ХІХ ғасырдың жаңа өлеңі де көрінеді. Өмірінің соңғы кезеңін қуғында өткізген ақын көңіл-үй лирикасының озық үлгілерін тудырды.



2. Махамбет Өтемісұлы өмірі. Махамбеттің кейбір өлеңдері ХХ ғасыр басында қазақ ақындарының жинақтарына енді. 1908 жылы «Мұрат ақынның Ғұмар қажыға айтқаны» деген жинаққа(Қазан) Махамбеттің жүз жолдан астам өлеңі енген. Махамбет толғауларының кейбір үзінділері 1910 жылы «Шайыр»(1910) жинағында да басылған. 1925 жылы «Исатай-Махамбет кітабында(Ташкент), 1926 жылы «Аламан» жинағында, «Жаңа мектеп», «Сәуле» журналдарында Махамбет өлеңдері түгелге жақын жарияланды және Исатай көтерілісі туралы мәліметтер басылды. Кейбір газеттерде осы қозғалыстың тарихи мәні баяндалып, мақалалар жарияланды. Халел Досмұхамедұлы Махамбет өмірбаянын тұңғыш рет берді. Махамбеттің шығармашылығы, көтеріліс себептері мен сабақтары турлы жазды.

Махамбет ақындығының әр қырынан сөз қозғады. Махамбеттің жыраулығы күшті деп байлам жасады. М.Әуезовтің «Әдебиет тарихы»(1927) еңбегінде, М.Әуезов, Ә.Қоңыратбаев, И.Жолдыбевтар оқулықтарында да (1933-1934жж.) Махамбет өмірі мен творчествосына біршама орын берілген. Тарихшы А.Ф.Рязанов «Воостание Исатая Тайманова» деген кітап(1927) жазды. Ақын мұрасына С.Мұқанов 1942 жылғы «Қазақтың ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы әдебиет тарихынан очерктер» еңбегінде кеңінен тоқталды. Бостандық рухындағы әедебиет өкілі атады. 1939 жылы Махамбет өлеңдерінің жинағы жеке кітап болып басылды. 1948, 1951, 1958, 1962 жылдарда шыққан Махамбет өлеңдері жинағының құрастырушысы Қ.Жұмалиев болды. Махамбеттің өмір жолы халық тарихының елеулі кезеңдерімен тығыз байланысты.

Қазақстанның батыс аймағында Сырым Датов бастаған бұқара көтерілісінен кейін ел ішінде феодалдық езгі ұлғая түсті. 1795-1796 жылдардағы жұт әсерінен бұқара күйзеле бастады. Бөкей сұлтан 1 Павел патшаға Еділ, Жайық арасына өту туралы өтініш жасайды. 1801 жылы 11 наурызда Бөкей сұлтан біраз ауылдарды бастап Еділ, Жайық арасына өтеді. Бұл өңір сосын «Ішкі өңір», «Бөкей хандығы(ордасы)» аталған. 1815 жылы Бөкей өліп, уақытша Сығай билейді. 1823 жылы хандық тізгіні Жәңгірдің қолына көшеді. Астрахань губернаторы Андреевскийдің үйінде тәрбиеленген арабша, орысша сауатты Жәңгір ханды орыс патшасы мен ұлықтары басқа жүз хандарынан беделді тұтып, оны қазақ даласына ықпал етудің қол шоқпарына айналдырды.

Патша тарапынан Жәңгір өле-өлгенше Бөкей ханы болып есептелінді. Бірақ Еділ мен Жайық арасындағы Бөкей ордасы басқа сырт елдермен көп байланыс жасай алмады. Тек Россиямен тікелей байланыс жасап, өз хандығының елге саяси ықпалын нығайтуды ойлады. Жәңгір хан тұсында ел тыныштығы мүлде бұзылды. Қазақ билері, сұлтандары, старшындары білгендерін істеп, берекесіздікті өршітті. Хан алым-салықты көбейтті. Бұған қоса Ішкі Орда жұрты жер қысымына ұшырады. 30-жылдары Ішкі Орда бұқарасының хан-сұлтандар мен бай-билер қысымына қарсы күресі ашық айқасқа айналды.

Көтеріліс басшыларының бірі, жалынды ақын Махамбет Өтемісұлы 1804 жылы Еділ, Жайық арасындағы Нарын құмында, Бекетай деген жерде дүниеге келген. Бір өлеңінде «Өтемістен туған он едік, онымыз атқа мінгенде, жер қайысқан қол едік» дейді(Тоқтамыс, Бекмұханбет, Махамбет, Исмайыл, Досмайыл, Қожахмет(Ахмет), Әйіп, Хасен, Сүлеймен, Ибрайым). Махамбет жасынан батыр, балуан, мерген, домбырашы, ақын атанады.

Халықтың айтуына қарағанда, Махамбет арқалы күйші, композитор болған. Қазіргі домбырашылар Махамбет күйлері деп орындап жүрген күйлер(«Өкініш», «Қайран, Нарын», «Жұмыр, Қылыш», «Жорық», «Ақтабан», «Тарлан», «Шілтерлі терезе» т.б.) бар. Махамбеттің жаза білгені, орысша, мұсылманша сауатты адам болғаны туралы деректі материалдар да бар екені мәлім. Қалың еңбекші қауымның ортасында өскен ол бұқара халықтың зары мен мұңын жақсы білді. Жігіт шағында хан ордасы маңында болып өктем орта сырын терең түсінді.

Исатай, Махамбет көтерілісі басталуының ең басты себебі – бұқараның экономикалық және рухани қанауға ұшырауы. 1837 жылы Исатай, Махамбет сарбаздары хан Ордасын қамайды. Хан қандай талапты болса да орындамақ болып, он күн мерзім сұрайды. Сол уақыт ішінде Орынбор генерал-губернаторынан подполковник Геке бастаған қарулы қол алдырады. Геке әскері 1837 жылы 15 ноябрьде Бекетай құмында, Тастөбе деген жерде Исатай қолымен кездеседі. Исатай жасағы шығынға ұшырайды. Декабрьдің он екісінен он үшіне қараған түнде Исатай, Махамбет аз ғана қолмен Жайықтың бергі бетіне өтеді. Жайықтың бергі бетінің сұлтаны Баймағанбет Айшуақов Геккені шақыртады. Исатай қолы 1938 жылы 12 июльде Геке мен Баймағанбет әскеріне кездеседі. Ақбұлақтағы осы шайқаста Исатай қаза табады.

Хан ордасын қамау кезінде Исатайдың алдауға көнуі, Тастөбе, Ақбұлақ шайқастарындағы сәтсіздіктер, көтерілісшілер ішінде жеке басының қамын ойлаған Қайыпқали Ешімов сияқты опасыздардың болуы, хан жасағы мен патша әскерінің күшінің басымдығы көтерілістің жеңіліспен аяқталуына себеп болды. Аңдыған жау Махамбетті Жайық бойында Қараой мекенінде жалғыз үй отырғанда қайғылы қазаға ұшыратты. Махамбет ақын 42 жасында 1846 жылы қапыда қаза болды.



3. Махамбет жырлары – тарихи оқиға шежіресі. Махамбет өлеңдерінен көтеріліс күндерінің әрбір елеулі оқиғасы айқын аңғарылады. Жәңгір мен Баймағанбетке деген ыза-кек, Орданы қамау, Тастөбе шайқасы, халық батыры Исатайдың асқақ бейнесі, батыр өлімінен кейінгі көңіл-күйлері, хан, сұлтандарға деген бітіспес күрес – бәрі-бәрі көз алдыңыздан өткендей әсер береді. М.Әуезов Махамбет поэзиясын «қимыл мен күрестің өзгеше жыры» дейді. Махамбет өлеңдерін үш кезеңге бөліп қарастыруды, яғни көтеріліс алдында, барысында, жеңілгеннен кейінгі деп қарастыруды ұсынады.

Махамбет өлеңдерінде саяси өткірлік пен терең ой, нәзік сезім әрдайым ұштасып, біте қайнасып жатады. Осы қасиеті Махамбетті көтеріліс туын көтерген әрі жалынды үгітшісі, әрі ардақты ақыны етті. Бұл мазмұн Махамбет өлеңдерінің құрылысы мен түріне әсер етті. 1837 жылғы ноябрь(ақырап) айында болған жеңілістен кейін, Исатай, Махамбет бастаған аз адам Жайық өзені қатқанға шейінНарын құмында қашып жүреді де, декабрь айының 12 күні кешке жақын Жайықтан келіп өтпекші болады. Көк мұзға ат салып, Жайықтан көктей өтеміз дегенде, линия бойындағы отряд біліп қалып, оқ атады. Исатай, Махамбет аз шығынмен өтіп кетеді. Жайықтан өткеннен кейін боран үдетіп кетеді де, ел таба алмай, батырлар далаға түнейді. Талай айлар қуғында жүргенн адамдар түн бойы қар жамылып, мұз төсеніп, ұйқысыз шығады. Іштерінен кейбіреулер әлсіздік білдіреді. Оларға күрестерінің болашағы бұлдыр, келешегі үмітсіз көрінеді. Осындай сарыуайымға салынушылардың бетін қайтару үшін Махамбет «Ереуіл атқа ер салмай» өлеңін сол жерде шығарыпты деседі: Ереуіл атқа ер салмай, егеулі найза қолға аламай, еңку-еңку жер шалмай, қоңыр салқын төске алмай, тебінгі терге шірімей, терілігі майдай ерімей … … . Өлеңнен қасындағы жолдастарын да, елін де, күреске шақырушылық, ерлікке үндеушілік аңғарылады.

Халық ерлерінің айбынды күшін суреттеуде ақын шеберлігі барынша айқын. Махамбет Исатайдың ерлік тұлғасы арқылы бұқара халықтың алып күшін көз алдыңа елестетеді. Халықтың көтерілістен күткен мақсаты мен арманын жырлайды. Бұны оның өзі жайындағы және Исатай туралы өлеңдерінен, әсіресе, Баймағамбетке айтқан сөздерінен байқаймыз. «Баймағамбет сұлтанға айтқаны» өлеңінде Махамбет Исатай қозғалысының екі түрлі мақсаты болғанын айтады: бірі – хан билігін жою, екіншісі – бұқара бостандығын жақтау. «Еңсесі биік ақ орда, еріксіз кірсем деп едім, керегесін кескілеп, отын етсем деп едім» дейді ақын. «Хан керегесін отын етемін» деу – батырлар жырындағы сарын. Махамбет көтерілістің екінші мақсатын былайша суреттейді: «Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім, жағалай жатқан сол елге мал толтырсам деп едім». Хан ордасын бұзу – саяси талап, ал қоныс, жер-су, мал үшін күресуі – экономикалық талап.

Өз кезеңі үшін бұл талаптың мәні аса зор болды. «Тарланым», «Мінкен ер», «Қызғыш құс», «Тайманның ұлы Исатай», «Исатай деген ағам бар, «Исатай сөзі», «Арғымақтың баласы», «Біз неткен ер», «Ұл туса», «Туған ұлдан не пайда», «Еңселігі екі елі» т.б. өлеңдерінде ақын халықтың ерлік тұлғасын толық таныта алады. Махамбет бұл өлеңдерінде Исатайдың образын – батыр образын жасады. «Мұнар күн», «Исатай мен Жақия», «Соғыс», «Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқаны» т.б. өлеңдерінде де Исатайдың ерлік істері мен адамгершілік, азаматтығы жырланады. Исатайдың өлімі ақын жанына қатты батты. Өзімен жолы бір, арман-тілегі бір халық батырының өлімі әрі ел қайғысы, әрі Махамбеттің өз қайғысы болды. Исатай өліміне арнаған өлеңдерінде ақын өзінің ой кернеген мұңын, кеуде кернеген шерін терең суреттейді. Махамбет Исатайды әрі көтеріліс көсемі, әрі батыр, әрі ақылды, халық тілегін жеке басының мақсатынан жоғары санайтын, басқалардан жөні бөлек, шоқтығы биік жан етіп көрсетеді.

Исатайдың тарихи рөлі де, кейінгі ұрпақтар үшін оның істерінің әлеуметтік мәні де «қара қазақ баласын хан ұлына теңгеру» болды. «Мінкен ер» атты өлең Исатайдың Жайықтан бері өтіп, Кіші жүз ішіне келуін суреттейді. «Исатай өлген соң ел еркесінен айырылып, сергелдең болды» дейді ақын. «Әй, Махамбет, жолдасым» өлеңін Исатай өлген соң, Махамбет оның атынан өзі жырлаған. Мұнда Исатай өзінің не үшін және қалай күрескенін, мақсатына жете алмағанын, көтеріліс күндері жіберген қателіктеріне тоқтала келіп, елдің ендігі тағдырын Махамбетке және келер ұрпаққа тапсырады. Өз баласы Жақияны да атаған. Сөзінің аяғында батыр бостандық жолындағы өз арманын бүкіл ұрпаққа мирас етіп қалдырады: «Арманымды айтып кетейін, найза ұстаған ерлерге, Арыстан туған Исатай дегеніне жете алмай, арманда өтіп кетті деп…»

«Тарланым» атты элегиялық формадағы толғау Исатай мінездемесіне құрылған. Батыр образын жасауда Махамбетке ауыз әдебиеті, әсіресе, батырлар жырының азды-көпті әсері болғандығы аңғарылады. Батырлар жырында жиі ұшырайтын әсіреулер де Махамбетте аз кездеспейді. Ақын Исатайды суреттеген толғауларында неше алуан теңеу, эпитет, метафоралар қолданады. «Тарланым» өлеңінің өзінде-ақ Исатай бар болмысымен көз алдыңа елестейді. Батырдың сырт тұлғасы ғана емес, ішкі сыры, қайтпас қайсар мінезі, жайдары жарқын жүзі, ақылы мен өнері, жауға деген айбары, ерлігі, ел ішіндегі беделі – барлық жағынан сүйкімді сипатта көрінеді(«Кермиығым, кербезім, келіскендей шандозым. Құландай ащы дауыстым, құлжадай айбар мүйіздім…»).

«Қызғыш құс» өлеңінде еліне, халқына сүйіспеншілігін, сезімін «ау, қызғыш құс, қызғыш құс, ел қорыған мен едім, мен де айрылдым елімнен, көл қорыған сен едің, сен де айрылдың көліңнен» деген психологиялық параллелизм арқылы бейнелейді. Елден айрылып, қуғынға түскен ерлердің халі лашыннан ығысқан панасыз қызғыш құс тағдырына ұқсастырыла жырланады. Қызғыш құстың көлсіз тіршілігі болмаса, ақынның туған елінсіз тіршілігі жоқ. Сол өлеңінде «Сені көлден айырған- лашын құстың тепкіні, мені елден айырған – Хан Жәңгірдің екпіні» ден қас жауының кім екенін айқын аңғартады. Бірақ Махамбет ешқашан өмірден түңіліп, өзі бастаған істен бас тартқан емес. Ол атаның бастаған ісін ілгері дамытатын ерлердің туатынына берік сенеді. Халықты жасымауға, қамықпауға шақырып, жаудан кек алуға үндей түседі. Болашаққа сеніммен қарайды. Махамбет өлеңдері – халықтың сарқылмас күш-қуатын бейнелейтін көркем шығарма.

Исатай сөзі ретінде айтылған "Әй, Махамбет, жолдасым" деген өлеңінде батырдың ешкімнің сөзін тындамайтын қыңырлық және аңқаулық ісі батыл ашылады.

Махамбет өлендері өзіне тән сипатымен көркемдік жағынан ерекше жанр жағынан тарихи шындықты, уақиғаны лирикалық сезімге бөленіп баяндалған, оған өз көзқарасын, қатысын және қалай сезінуін қоса айтады. Осындай үлгі лиро-эпикалық жанрға жатады. Махамбет өлеңдерінің тарихи салмағы басым баяндалады. Ақынның өлеңдерінде эпостық баяндау сарыны да бар, ол жалынды лирикамен араласып келеді ("Баймағанбетке айтқаны").

Махамбет өлендері әлеуметтік сарындағы саяси-үгіттік лирикаға да ұштасады. Өйткені онда өз көңіл күйі мен елдің күй-жағдайы ілік-шатыс келеді. Махамбет көтеріліс басшысының бірі болғанда, ол халықтың күреске деген сана-сезімін оятарлық үгіт-насихат қызметін өзінің өткір әсерлі өлеңімен іс жүзіне асыра білген.

Махамбет өлеңдерінің көбі дерлік жоқтау сарынында айтылады. Ол әсіресе Исатай мерт болғаннан кейін туындайды. Оның жоқтауы халық ауыз әдебиеті жоқтаулары үлгісінде құрылады. Теңеу, эпитет, метафора қолданыстары сол мұрадан сусындайды. Мысалы, "Тарланым", "Тайманның ұлы Исатай".

Махамбетте өмірді философиялық бағытқа негіздеп өзінің түйіндеген ұғымын баяндайтын сәттер де бар. Олар риторикалық сұрақтармен де айтылады. ("Қоғалы көлдер, қом сулар", т.б.).

Махамбеттің Исатайдан айырылып, әбден сәтсіздікке үшырап, көңілі құлазыған кездерінде шығарған өлеңдерінде өз көңіл-күйін көрсететін элегиялық лирика біраз орын алады.

Махамбет — сауатты ақын, сонда да ол жыр ағымымен суырып салма түрде толғаған. Көбіне арпалыс кезеңнің жағдайына бейімдеген. Сондықтан оның өлендері 7 буынды, 7 және 8 буын аралас түрде жасалған. Ал 11 буынды тек бір ғана "Мінгені Исатайдың Актабан-ай" деген өлеңі бар.

Махамбеттің тақырыбы да ерлік және халықты күрес қимылдарына шақыру болып саналады.

Махамбеттің тіл көркемдігі тартымды. Исатайды ел қамын ойлап, "қызғыштай болған есіл ер" деп теңеу жасап, батырды аң патшасы арыстанға балап, "Арыстан еді-ау Исатай" деп "Таудан мұнартып ұшқан тарланым" деп қыранға балап, әсерлі метафора қолданады. "Қой мойынды көк жұлын" деп ер серігі тұлпарды метонимиялық бейнеде суреттейді.

Махамбет өлендерін 1838 жылға дейінгі және одан кейінгі деп екі тарапта айырып қарау бар. Осы бөлістің алғашқы кезеңінде ақын лирикасы оптимистік прогрестік романтизм сипатты туындыларға жатады. Онда ақын ер-азаматты басқа түскен ауыртпалықты қайыспай көтеруге, қас жауға "қанды көбік жұтқызуға" шақырады. Ал, екінші кезең, әрине, көтеріліс жеңіліп, Исатай өліп, қалың қол тарап, ақынның басы жалғыздыққа кезіккен шақта айтылған лирика-элегия. Осындай тарихи қасірет ақынның көңіл күйіне, ой-пікіріне елеулі әсер етті. Онда да Махамбет күйреп кеткен жоқ. Алған бетінен қайтпады. Әлде де жаудан кек алуды қарастырып, өзінің "Үлы арман" деген өлеңінде:

Желп-желп еткен ала ту,

Жиырып алар күн қайда!?

Орама мылтық тарс ұрып

Жауға аттанар күн қайда?

— деп алға қойған мақсатынан танбады.

Махамбет - өзіне дейінгі және кейінгі ақындардан өмірді басқаша танып, шындық болмысты дұрыс көре білген халық әдебиетінің өкілі. Махамбет - қазақ әдебиетінде ең алғаш болып хан-сұлтандарға қарсы қарғыс оғын жаудырып, халық тілегін батыл да ашық айтқан адам. Махамбет ең алдымен халқын, Отанын сүйген патриот ақын. Оның өлеңі - елін тереңнен сүюдің айқын үлгісі. Махамбет өзінің қысқа ғұмырында төңкерістің жеңісі мен жеңілісін поэзия тілімен кестелеп, туған халқына деген шексіз сүйіспеншілігін, күш-қуатын елдің бостандығы мен тәуелсіздігі жолына жұмсады. Махамбет - кейінгі ақындар үлгі алған, өзіндік өлең құрылысы, тіл өзгешелігі, өз стилі бар ақын. Бүгінгі ақындар Махамбеттің образ қолданысынан үлгі алады. Махамбеттің әр образды, сөзді әр жағдайдың өзіне тән етіп қолданатын шеберлігін үйренеді. Ақын шығармалары жас жеткіншектерді табандылыққа, қиыншылықты жеңетін қайсарлыққа тәрбиелейді. Ол – асыл сөздің кені, көркем тілдің ұстасы, ерлікке үндейтін жалынды үгітші.



Негізгі әдебиеттер

1. Ш.Ахметов. Қазақ балалар әдебиеті тарихының очеркі. А. 1965.

2. Х.Сүйіншәлиев. Қазақ әдебиеті(ХҮІІІ-ХІХ ғ.ғ) А. Мектеп. 1981.

3. Қ.Жұмалиев. Егеулі найза(зерттеулер) А. Арыс. 2003.

Қосымша әдебиеттер

  1. Сарай Әнес. Екі тарлан. Зерттеулер. А.Арыс. 2003.

  2. Б.Аманшин. Жыр-семсер. А. Арыс. 2004.

3. Ақын тағдыры. 1927-1946. А. Арыс. 2003.

4. Ақын қазасы. А. Арыс. 2003.

5. Махамбет. Ереуіл атқа ер салмай.(өлеңдер) А.Жазушы. 1989.

6. Махамбет Өтемісұлы. Өлеңдер. А. Жазушы. 2002.

7-ДӘРІС

Ы.Алтынсарин – қазақ балалар әдебиетінің атасы

1. Ы.Алтынсарин өмірі мен шығармашылығы

2. «Қазақ хрестоматиясы» еңбегі

3. Ы.Алтынсарин өлеңдері

1.Ы.Алтынсарин өмірі мен шығармшылығы. Ы. Алтынсарин - шын мәніндегі тұңғыш ағартушы ұстаз, тамаша тарихшы, фольклоршы - этнограф ғалым, тіл білімпазы, осы күнгі әліпбиімізде жазылған ең алғашқы оқулықтың туындыгері, халық ағарту ісінің шебер ұйымдастырушысы. Ы. Алтынсарин 1841 жылы 20 қазанда Торғай облысы, Николаевск уезінің Аманқарағай болысында (қазіргі Қостанай облысының Затобол ауданында) дүниеге келді. Әкесі қайтыс болғаннан кейін сәби Ыбырайдың тәрбиесі атасы - Балқожа бидің қолына көшеді.

Сөйтіп болашақ ақынның бүкіл балалық шағы осы үлкен атасының тәрбиесінде өтеді. «Қыран ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді халық даналығы. Бұл сөздің растығын Ыбырайдың өмір-өнегесінен де байқағандаймыз. Балқожа бидің «үміт еткен көзінің нұры» бала Ыбырай атасының замандас достары - Досбол шешен, Наурызбай, Мұғал би секілді дүйім жұрттың назарын өзіне қаратқан от ауызды, орақ тілді үлкен ақыл парасат иелерінің үлгі-өнегесін көріп өсті.

Балқожа би Орынборда оқуда жүрген шәкірт Ыбырайдың ел арасындағы дау - жанжалдарға төрелік айтуға, билік шешім қабылдауға баулып отырған. Соның біршамасы ел аузында «Ыбырайдың айтқаны», «Ыбырайдың шешімі», «Ыбырайдың тоқтамы» деген тұрғыда ұрпақтан- ұрпаққа жалғасып тарап келеді. Ыбырайдың ұстаздықтың ұзақ та ұлы жолына аяқ басуында үлкен атасы Балғожа бидің орны ерекше. Әрине, мұндай атаның тәрбие-тәлімі, өнеге-үлгісі, ой-арманы, қиялы шәкірт-немеренің, болашақ ұлы ұстаздың рухани қалыптасуына, қайраткерлік дәрежеге көтерілуіне, сөз жоқ, зор ықпал етті. Оның көрнекті ақын, талантты жазушы болып қалыптасуына да белгілі бір дәрежеде әсер етті.

Ыбырай қазақ ауылының үстіне төнген қара түнектің жиегі көтерілмей тұрған кезде өмір сүрді. Біріншіден, елді патша өкіметі қанады. Екіншіден, халықты патша өкіметіне сүйенген жергілікті әкімдер сүліктей сорды. Қайғысы мен қасіреті мол осындай кезеңде өмірге келген Ы.Алтынсариннің мақсаты мен міндеті елі үшін талмай еңбек етіп, халқына қызмет жасау болды. Ол үшін ағартушылық қызметке араласу керек болды. Соның бірі – мектеп ашу ісі. ХІХ ғасырдың орта шенінде қазақ даласында мектеп ашу ісі қиынның қиыны еді. Мектеп үйі, оқытушы, оқу құралдары т.б. нәрселер көшпелі қазақ санасына онша орнықпаған ұғым болатын. Бұл айтылғандармен қоса осындай игілікті іске қожа, молда, бай, болыстар мен патша чиновниктері барынша салқын қарады. Патша өкіметі отар халықтарды қараңғылықта ұстауды қолайлы санады.

Оған қоса оқудың, білімнің мәнісін түсінуге халық санасындағы ескі стереотиптік көзқарас та кесірін тигізді. Бірақ осы айтылғандардың бәрі Ы.Алтынсариннің таудай талабына бөгет бола алмады. «Мектеп - білім берудің басты құралы, халықтың келешегі тек осы мектептерде» - деп түсінген ұлы педагог Ы.Алтынсарин осы мақсатпен қысы-жазы ел-елді аралап, халықты өнер-білімге шақырып қана қоймай, мектеп ашуға қаржы жинау ісімен де айналысты. Бұқара халық Ыбырайдың игілікті ісін ықыласпен қолдап, біраз қаржы жинап берді. 1864 жылы қаңтарда Торғайда тұңғыш қазақ балалары үшін мектеп ашып, 14 баланы мектепке қабылдады.

Балалар интернатта жатып оқитын болды. Оның ағартушылық, педагогтік көзқарасы негізінен, орыс педаготарының ықпалымен қалыптасты және қазақ халқының ұлттық тәрбиесінің негізіне сүйеніп жүргізді. Ол елін надандыққа қамап отырған феодалдық-патриархалдық, рушылдық қоғамның кертартпа жақтары мен отаршылдық саясатты сынай отырып, туған халқының келешегіне зор сеніммен қарады. «Тастан сарай салғызған, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» деп алдыңғы қатарлы өнерлі жұрттардың ғылыми-техникалық табыстарын сөз ете келіп, «үміт еткен достарым, сіздерге бердім батамды»- деп жастарды өнер-білімді меңгеруге, оқуға үндейді. Ы.Алтынсарин өзі ашқан орыс-қазақ мектептерін миссионерлік бағыттағы жат пікірден де, шығыстың жаттамалы діни оқуынан да қорғап бақты. Жастарға шынайы білім беретін дүнияуи пәндерді (жаратылыстану, география, тарих, есеп, т.б ) оқытуды іске асырды. Ыбырайдың оқу-ағарту ісіндегі тағы бір жаңалығы қазақ жастарына кәсіби мамандық беру мәселесін қолға алуы болды. Ол Торғайда, Қарабұтақта қолөнер училищесін, Қостанайда ауылшаруашылығы училищесін ашып, қазақ жастарынан қажетті маман кадрлар даярлау ісіне зер салды. Қазақ қыздарына тұңғыш дүнияуи білім беру ісіне жол ашқан да Ы.Алтынсарин болды. Ол Ырғызда қазақ қыздарына арнап интернаты бар мектеп аштырды. Мұның өзі қазақ халқының өмірінде орасан зор маңызы бар тарихи уақиға еді. Ы. Алтынсарин патша әкімшілігінен Торғай облысының барлық уездерінде қыздар училищесін ашуды өтінді. Соның нәтижесінде Торғайда(1891), Қостанайда(1893), Ақтөбеде(1896) қыздар училищелері ашылды.

Ы.Алтынсарин 1862 жылдан бастап халықтың ауыз әдебиеті нұсқаларын жинау, зерттеумен шұғылданады. Сонымен бірге орыс әдебиетінің үздік үлгілерімен, орыстың әйгілі жазушыларының шығармаларымен түпнұсқада танысады. Оларды күнделікті ағарту, оқу саласында үнемі кәдеге жаратып, пайдаланып отырады. Мұның өзі Ы.Алтынсариннің қоғамдық, ағартушылық танымын қалыптастырып, дамытумен қатар жазушылықтың әдіс-тәсілін үйренуге ықпал жасады. Жалпы Ы.Алтынсариннің публицистикалық мақалаларын үш топқа бөлуге болады:

1. Хаттары

2. Этнографиялық тақырыпқа жазған очерктері

3. Экономикалық саяси-әлеуметтік мәселелерге арналған мақалалары

1870 жылы Ы.Алтынсариннің «Орынбор ведомствосы қазақтарының өлген адамды жерлеу және оған ас беру дәстүрінің очеркі», «Орынбор ведомствосы қазақтарының құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрлерінің очеркі» мақалалары жарық көреді.

Ы.Алтынсариннің философиялық көзқарасы оның ағартушылық, педагогикалық, экономиалық көзқарастарымен тығыз байланысты. Ағартушы ретінде ол туған халқының сауатын ашуға тырысты. Ол өзінің ағартушылық қызметінде қиындықтарға кездесе жүріп бұл мұратты жүзеге асыру үшін халықтың надандығымен ғана емес, оған үнемі кедергі келтіріп отыратын ресми саясаттың қарсылығын жеңу керек екендігін де жақсы түсінді. 1880 жылы «Орынбор листогі» газетінің редакциясына 1879-1880 жылдары Торғай қазақтарының басына түскен апаттар(«жұт қысы») туралы мақала жазып жібереді. 1880 жылдың 4 сәуірінде В.В.Катаринскийге былай деп жазады: «Жуырда мен «Орынбор листогына» Торғай қазақтарының басына түскен апаттары туралы мақала жазып жібердім. Осы мақаламда қазақ еліне орыс селендерін әкеліп орнатпақ болған пікірлерге қарсы екенімді білдірдім. Бұл пікір, меніңше, ешбір ақылға сыймайтын нәрсе сияқты. Егер істі дұрыс жүргізе білмесе, онда айттым да қойдым қазақтар, - келешегі жақсы деп үміт етіп отырған осы халық – тез құрып кетеді, содан кейін бұл істі ешқандай түзете алмайсың. Осындай ерсі жобаларды оқығанда және естігенде салың суға кетеді. Сондықтан, қолайсыздау істеп отырғанымды біле тұрсам да, өзімнің оған қарсы екенімді білдіруге бел байладым»[2;229] деп патшаның отарлау саясатына ашық қарсылығын білдіреді.

Ыбырай өзі ашқан мектептерге арнап оқулық жазуды қолға алады. 1876-1877 жылдар шамасында «Қазақ хрестоматиясын» жазуға кіріседі. 1879 жылы Орынборда «Қазақ хрестоматиясы» мен «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» жарық көреді. Ы.Алтынсарин 1879 жылдың бірінші қыркүйегінде Торғай облысының мектептері инспекторы болып тағайындалады. Ы.Алтынсарин өзі ашқан орыс-қазақ мектептерін Шығыстың жаттамалы діни оқуынан қорғап бақты. 1882 жылы ұлы Әбдіхамит(Абдолла) дүниеге келеді. Осы 1882 жылы Ы.Алтынсариннің «Шариғат-ул-ислам»(«Мұсылманшылық тұтқасы») еңбегі жазылып бітеді. Кітап екі жыл өткен соң 1884 жылы Қазан қаласында басылып шығады.

Ы.Алтынсарин жастарға шынайы білім беретін пәндерді(жаратылыстану, география, тарих, есеп т.б.) оқытуды іске асырды. Ағартушы ғалым қазақ жастарына кәсіби білім беру мәселесін қолға алды. 1882 жылы 22 ақпанда Орынбор оқу округінде Торғайдан ашылатын қолөнер мектебінің ұйымдық жобасын жасайды. 1883 жылы15 қарашада Торғай қаласында қолөнер мектебі ашылады. 10 сәуірде Орск қаласында қазақ даласындағы тұңғыш қазақ мұғалімдерін даярлайтын мектеп ашады. 1884 жылы екінші ұлы Әбдірахман дүниеге келеді. 1886 жылы қызы Шәрипа өмірге келеді. 1886 жылы «Қазақтың болыстық мектептері туралы записка» деген белгілі еңбегін жазады. 1887 жылы Торғай облысының әскери губернаторы А.П.Проценко болыстық мектептер ашуға ресми рұқсат береді. Алтынсарин ұйымдастыруымен 1887 жылы 15 қарашада Ырғыз қыздар училищесі ашылады. 1888 жылдың 28 қазанында училище интернаты құрылады.

Ы.Алтынсарин патша әкімшілігінен Торғай облысының барлық уездерінде қыздар училищесін ашуды өтінеді. Қыздар училищелері Ыбырай қайтыс болғаннан кейін Торғайда(1891), Қостанайда(1893), Ақтөбеде(1896) ашылады. 1889 жылдың ақпан, наурыз айларында Ақтөбе, Елек, Ырғыз уездеріндегі мектептерді аралау, үлкенді-кішілі кезек күттірмейтін мәселелерді шешу бұрын да ыңқыл-сыңқылмен жүрген Ыбырайдың денсаулығын одан әрі нашарлата түседі. Ы.Алтынсарин 1889 жылдың 17 шілдесінде 47 жастан асқан шағында қайтыс болады.

Енді осы ашылған оқу орындарына керек нәрсе, яғни балаларды тәрбиелеуде қажет нәрсе, ол - оқу құралы болды. Ы.Алтынсарин мектеп кітапханасын ұйымдастырып, оқулықтар алдырды, орыс тіліндегі құралдарды аударды, қазақ тілінде оқулық жазды. Балаға жастай дұрыс тәрбие беру бүкіл дүние жүзіндегі педагог-ғалымдардың ертеден бері үлкен көңіл аударып, айрықша көтерген мәселесінің бірі десек, ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ даласынан оларға үн қосушы бірінші қазақ педагогі Ыбырай Алтынсарин. Бұл мәселе жөнінде ол көптеген педагогтердің, әсіресе, орыстың алдыңғы саптағы ұлы педагог – ғалымдары К.Д.Ушинский, Л.Н.Толстой, Бунаковтармен пікірлес болды. Ол орыс-қазақ училищелерінде К.Д.Ушинскийдің «Балалар дүниесі», Л.Н.Толстойдың «Әліппе және оқу кітабын», Б.Ф.Бунаковтың «Әліппе мен оқу құралын», Тихомировтың «Грамматиканың элементарлық курсын» оқу құралы ретінде ұсынды. Ы.Алтынсарин орыс халқының ХІХ ғасырдағы классикалық мол әдебиеттерімен танысты. Өзінің педагогикалық идеясын іске асыру үшін алдымен балалар әдебиетін жасауға бет бұрды. Ол орыс классиктерінің балалар әдебиеті тақырыбына жазылған шығармаларын қазақ тіліне аударды. Оларды қазақ халқының ұғымына лайық етіп аударды және туған халқының әдет-ғұрып, психологиясына неғұрлым жақын шығармаларды ғана аударды. Кейін орыс ғалымдарының үлгісімен өзі де «Қазақ хрестоматиясы», «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» атты екі құралын бастырып шығарды. Оның үстіне Ыбырай сол кездегі қазақ жазбасында тұрақталып қалыптасқан араб жазуын емес, орыс алфавитін пайдаланды. Ыбырай Алтынсарин қазақ әліппесін ұлттық ерекшеліктерге сәйкес құрып, қалыптастыруды арман етті. Ол үшін ұстаз кирилица нұсқасын алып, оған қазақи дыбыстардың әріптерін белгілеп қосуды ойлады. Сөйтіп алғашқы хрестоматияны(«Қазақ хрестоматиясы» - Киргизская хрестоматия, 1979) шығарды. Өйткені мың жылдан астам қазақ жазуында қолданылып келе жатқан араб әліппесі қазақтың ұлттық фонемасына сәйкестендірілмеді, оның фонетикалық жағынан күрмеу бола бастағанын ұстаз бала оқыту кезінде байыптады. Бұл жайды белгілі ғалым(филолог-лингвист) Ахмет Байтұрсынов та кейіннен кеңінен зерттеп, төте оқу әліппесін түзген болатын. Қазақ мектептерінде 1940 жылдан қолданыла бастаған қазіргі әліппе арқылы қазақтың ұлттық жазуы дамып, қалыптасты. Сонымен қазақ балалар жазба әдебиеті ХІХ ғасырдың екінші жартысында қалыптасты да және оның қалыптасуы Ы.Алтынсарин есімімен тығыз байланысты болды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет