Балалар әдебиетінің ерекшеліктері. М.Горькийдің 1928 жылдан 1936 жылға дейін жазған «Тағы да сауаттылық туралы»(1928), «Құлағына мақта тығып алған адам»(1930), «Жауапсыз адамдар туралы»(1930), «Балаларға әдебиет»(1933), «Тақырып туралы»(1933), «Ертегілер туралы»(1935) деген көптеген еңбектері ғылымға және балалар әдебиеті жайында жазылған сын мәселелеріне енгізілген ірі мұра болып табылады. Аталған мақалалар балалар әдебиетінің теориясын дамытқан еңбектер болып саналады. М.Горькийдің айтуынша балалар әдебиетінің өзіндік өзгешелігі қайсы? Баланың талғамы, ойы, ықыласы, есі, қабілеті, тілінің даму мәдениеті, олардың өсу, есею жылдарына қарай әр түрлі ерекшеліктері болады. Жазушы тіл шеберлігін игерумен қатар, алдыңғы қатардағы білімді, мәдениетті азамат болумен қатар, бала тәрбиесіндегі мақсаты мен міндетін ұмытпауы керек. «Балалар әдебиетіне араласатын автор әр алуан жастағы оқушылардың барлық өзгешеліктерін ескеруге тиіс. Бұлай етпеген күнде оның кітабы балаға да, үлкенге де керексіз, иесі жоқ кітап болып шығады» - деп ескертеді М.Горький. Балалар әдебиетіне қойылатын критерий де осы. М.Горький балалар әдебиеті ең алдымен тәрбие құралы екенін айтқан еді. Балалар әдебиеті ғылыммен, тәрбиемен тығыз байланысты болуын талап етті. Әр қилы тақырыптарға жаза білу үшін жазушы алдымен білімді, талантты, тіл көркемдігін игерген шебер болуға тиіс. Тақырып жайында сөз ете келіп М.Горький «Телескоп, телевидение адамның көзбен көрушілігін ұзартты, микроскоп оны тереңдетті. Телефон, радио есітуді күшейтті. Жер бетінде сумен, ауамен сапар шегудің қазіргі кездегі жаңа амалдары аяқты ұзартты. Алыста тұрып басқару қолды ұзартты» - дейді. Мұндай тақырыптарға жазу баланың ой-өрісін дамытуға себепкер болар еді. Тақырып таба білу де балалар әдебиеті үшін үлкен жаңалық.
Балалардың оқуына қажетті кітаптарға шек қою, әлі де болса, балалардың жастық шақтағы қабілеттілігін ұға білмегендік болар еді. Үлкендерге арнап жазылған жақсы шығармалардың көпшілігі балалардың түсінуі мен олардың тәрбиесіне қайшы келмесе, қайта оларға қазіргі дәуірдегі жаңа адамды тәрбиелеудің ең үздік үлгілерін көрсетіп, өмір жолын танытарлық дәрежеде болса, ол сөзсіз балалардың оқуына да кең түрде ұсыныла береді. Өмір жолын танытып, саналы түрде тәрбиеге баулитын кітаптарды үлкен кісілердің араласуынсыз-ақ балалардың өздері де біріне-бірі ұсынып, көпшіліктің оқуына айналдырып жібереді. Бұл - өмір заңы, оған қайшы келуге болмайды. Мысалы, орыс жазушыларында Отан қорғау ісіне байланысты, әсіресе Отан соғысы тақырыбына байланысты жазылған шығармалардың көпшілігі балалардың оқуына лайықталып кетіп, соңынан балалар баспаханасы арқылы шығып жатқаны белгілі. Д.Фурмановтың «Чапаев», А.Фадеевтің «Жас гвардия», М.Шолоховтың «Адамның тағдыры» атты әңгімелері - осының айқын дәлелдері. Жоғарыда аты аталған жазушылардың бәрі де осы шығармаларын о баста балаларға арнап жазбағаны белгілі.
Сол сияқты Ұлы Отан соғысы тақырыбына арнап жазылған Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романы, С.Бақбергеновтің «Талғат» повесі мен М. Хакімжанованың «Мәншүк» атты поэмасы толығынан балалардың оқуына икемделіп кеткен шығармалар деп атаймыз. Кеңес Одағының Батыры атағын екі рет алған Талғаттың, Кеңес Одағының Батырлары Қайырғалидың, Мәншүктің, Әлияның ерлік образдары, әсіресе, жас өспірімдердің жүрегінен берік орын алған, ең сүйікті кейіпкерлері екені баршаға аян. Сонымен қатар Отанға деген қаһармандықтың, табандылықтың, анаға, табиғатқа деген сүйіспеншіліктің ең жоғарғы үлгілерін көрсететін осы сияқты көптеген таңдаулы шығармалар еліміздегі әрбір балаға мәлім. «Біздің ата - бабаларымыздың білген тар дүниесі қазір жетіжылдық бітірген баланың қалтасын да толтыра алмайды»,- деп Ғ.Мүсіреповтің өзі айтқандай, қазіргі кезде балаңдығы байқалған бұрынғы кездегі ұсақ-түйек уағыздарға балалар қанағат тұтпайды.
Ш.Ахметов «Қазақ балалар тарихының очеркі» кітабында балалар әдебиетінің алты ерекшелігін атайды. Біріншіден, балалардың психологиясына зерттеу жасағанда, олардың ойлау, түсіну қабілеті әңгімеленіп отырған оқиғаның, көркем образдың нақтылығын, дәлдігін, әсіресе кқрнектілігін, өз өмірінің айналасынан алынып отыруын қажет етеді; Екіншіден, әңгімеленіп отырған оқиғаның барысында лиризм болуы шарт. Баланың ішкі дүниесіне, ой-санасына бірен әсер ететін күшті де мағыналы сөздер айтылуы керек; Үшіншіден, балалар әдебиетінде оқиғаны және адам характерін суреттеу өзгешеліктері мен әдістерінің динамикасы ерекше болады. Психологияның дәлелдеуіне қарағанда, балалар алдымен оқиғадан оқиғаның туып отыруына, бұлардың тез өзгеруіне, шешіміне, кейіпкерлер мінездерінің әр жақты болуына қызығады. Одан соң оның неден шыққан себептерін іздестіре бастайды; Төртіншіден, балалар жаратылыстың көркем көрінісітерін, пейзажды шебер зейнеттеуді ұнатады, оған сүйсіне қарайды, соны өз айналасынан іздейді. Көркем әдебиеттегі жаратылыс суреттері олардың байқағыштық, талғампаздық қабілетін арттыра түсеі. Пейзаждық сурет – эстетикалық тәрбиенің бір көрінісі. Эстетикалық тәрбие көбіне ақыл тәрбиесімен тығыз байланысты болып отырады. Өйткені көркемдікке тәрбиелеу – баланың ақыл-есінің тез жетіліп, тез дамуына көмектесіп отырады. Эстетикалық тәрбие сондықтан да көркем өнердің барлық салаларында ұлы шеберелер жасаған көркем өнердің, көркем әдебиеттің аса құнды шығармаларын балалардың терең түсінуін, сол шығармалардан рахаттанып рухани ләззат алуын дамытады; Бесіншіден, балалар әдебиеті шығармаларының мазмұн мен идеясы олардың белсенділігін арттырып, өз өмірінің жарқын болашағын танытуға себепкер болуға тиісті. Оларды белгілі мамандыққа үйретіп, еңбексүйгіштікке әуестендіре білуі керек; Алтыншыдан, «Сөз - әдебиеттің негізгі материалы. Біздің барлық әсерімізді, ойымызды көркем түрге келтіретін – сол. Әдебиет – сөз арқылы сұлу суреттелетін өнер» - деген М.Горький. Әсіресе, балалар әдебиетіне қойылатын талаптар да дәл осындай. Балалар әдебиетінің тілі ойнақы, жеңіл, әрі көркем, әрі қысқа, әрі мейлінше түсінікті, айқын да дәл, әсерллі болып отыруға тиісті. Блалар әдебиетінің тілі олардың сөздік қорын байытуға жәрдемдесетін бірден бір құрал болып табылады.
Дәрісті қорытындылау: Балалар әдебиеті жайында түсінік беріп, балалар әдебиетінің ерекшелігіне кеңінен тоқталып, балалар әдебиетінң зерттелуіне талдау жасау.
Негізгі әдебиеттер
Ш.Ахметов. Қазақ балалар әдебиеті тарихының очеркі. А. 1965.
Қ.Ергөбек. Арыстар мен ағыстар. 1 том. А. Өркениет. 2003.
Қосымша әдебиеттер
С.Ерубаев. Мәңгілік өмір. А.Жазушы. 1994.
Б.Бұлқышев. Заман біздікі. А.Жалын. 1994.
Дет. литература. М. Просвещение. 1989. Под ред. Е.Е.Зубаревой.
Зарубежная детская литература. М. Просвещение. 1974. Под ред.
И.С.Чернявской.
Русская литература для детей. М. Изд. центр. Академия. 1998. Под
ред. Т.Д.Полозовой.
2 дәріс. Балалар фольклоры (Балалар ауыз әдебиеті)
«Балалар фольклоры» ұғымы
Балалар фольклорының жиналуы мен зерттелуі
Балалар фольклорының үлкендер фольклорынан айырмашылығы
Балаларға арналған халық өлеңдері
Мақсаты: Балалар әдебиетінде ауыз әдебиетінің алатын орыны. Фольклор туралы жалпы түсінік береу, теориялық негіздері туралы мағлұмат беру. Балалар әдебиетінің тарихи қалыптасу, даму жолдарын меңгерту. Әдістемелік мұра және оны талдау әдістері туралы түсінік беру
«Балалар фольклоры» ұғымы.
Көне мәдениетіміздің қай саласының болмасын қайнар көзі деп біз әрқашан да фольклорды танимыз. Дәстүрлі тәрбиенің де алтын тамырының сол фольклорда жатқандығы даусыз.
Бүгінде «фольклор» термині халықаралық көлемде өзінің бір кездегі «халық ауыз әдебиеті» деген ұғым шеңберін ұлғайтып, халық өнерінің музыка, қолданбалы өнер, халық ойындары сияқты салаларын толық қамтитын кең өріске ие болып отыр. Оның тәрбиелік ролін де осы кең мағынасында қарастырған жөн.
«Этнопедагогика – белгілі бір халықтың, тайпаның өзіне тән ерекшелігі бар дүниетанымдық, тәрбиелік, мәдени мұрасы. Этнопедагогика ғылымы екі саладан тұрады: халықтың ауыз әдебиеті мен салт-дәстүрлерінен құралған ауыз әдебиеті және ұлттық тәлім-тәрбиесінің жазу мәдениетіндегі көрінісі. Ғылымда жеке бір халықтың, тайпаның этностық(түп-тұқияндық) ерекшеліктерін айқындайтын ғылыми салаларына «этнос» түбірі қолданылады(этнография, этнопсихология, этнопедагогика т.б.). Қазақ этнопедагогикасының негізгі саласы – халық педагогикасында өрнекті ұғым - әдеп. Әдеп – эстетика ғылымының «этика» деп аталатын үлкен саласының ұлттық мәдениетке тән қисынды баламасы.
Әдебиет – тәрбие құралы. Әуелі жеке дарындардың дуалы ауыздарынан шығып, кейін оны халық қалап, қастерлеп, жаттап, жадында қалдырып, ғасырлар бойы өңдеп, өркендетіп, қадірлеп қалыптастырып, асылым деп ақыл-санасына сіңірген ауыз әдебиетінің үкілі үлгілері – мәдени мұрамыздың ең құнды қазынасы. Ол – ұрпақ тәрбиесінің күн сәулесіндей әсерлі нұрымен от алатын ой тамызығы болып, жанды жалындататын, қиялды қияндататын, ақыл-сананың айшықты көріністерін бейнелейтін қасиетті, киелі мұра.
Бесік жыры, тұсау кесу жыры, санамақ, жаңылтпаш, жұмбақ, мазақтама, тақпақ, жырлар мен ертегілер, аңыз әңгімелер бәрі де тілді, ойды дамытып, тәлім-тәрбие беріп, дүние танытатын этнопедагогикалық ғаламат туындылар. Бұл – халық педагогикасының үлкен бір саласы. Жалпы педагогика ғылымының негізі халық педагогикасында жатыр. Халық педагогикасының бұл саласын этнопедагогиканың және жалпы педагогиканың барлық салаларында ғылыми, іс-әрекеттік негізде пайдалануға болады. Ал, халықтың мақал-мәтелдері педагогикамен қатар, философиялық дәрістердің түсініктемелеріне арқау бола алады.
Халық мұрасының танымдық, тәрбиелік мәні шексіз, шектеусіз терең дүние. Оның ішінде тікелей бала тәрбиесіне бағытталған, сәбидің жан-дүниесінің қалыптасуына, рухани марқаюына негізгі ұйытқы болатын шығармалар өзінше арна түзеді. Мұны фольклор ішінде «балалар фольклоры» деп атау қалыптасқан.
Сәбилер дүниетанымы ес біле бастағаннан-ақ екі түрлі негізге сүйенеді. Оның алғашқысы – машықтық дағды, яғни көрген-білгенін тез қағып алып үйрене қайталау. Екіншіден, бала жан дүниесі сезімге ерекше бай, әсерленгіш келеді. Бұл, әсіресе, жеткіншектік жаста ерекше көрінеді. Баланың айналасын танып білудегі бұл ерекшелігін жетінші қарасөзінде ұлы Абай да тап басып көрсетеді. Сонымен, балалар фольклоры – балалар психологиясын, көркемдік талғамын, шығармашылық мүмкіндіктерін танытатын халықтың ғасырлар бойы жасаған асыл мұрасы. Ол өзінің бала қабілетіне лайықтылығымен, логикалық жүйелілігімен, тілінің нәрлілігімен, ақ пен қараның жігін айқын ажыратқан тәрбиелік маңыздылығымен бағалы.
«Балалар фольклоры» деген ұғымның ауқымы кең. Бұған ауыз әдебиеті үлгілерінің көптеген жанрлары мен жанрлық түрлері жатады. Олардың ішінде қара сөз түріндегі шығармалар да, үлкенді-кішілі түрлі мақсатпен айтылатын өлең-жырлар да бар. Бұған қоса ойынға байланысты және ертегі, аңыз-әңгімелерде жиі кездесетін ырғақты прозаның да балалар фольклорынан алатын орны ерекше. Дегенмен, ауыз әдебиеті үлгілерінің кез келгенін, мәселен, эпостық жырларды, мақал-мәтелдерді балаларға лайықты іріктеп, өңдеп жариялауға болғанымен, олардың барлығын “балалар фольклоры” деген ұғымға толығымен жатқызуға болмайады. Ауыз әдебиетінің кез келген жанрларынан балаларға үлгі боларлықтай, тәрбиелік маңызы зор шығармаларды көптеп кездестіреміз. Бірақ олар балалардың өзіне ғана арналған, болмаса балалардың өз творчествосының нәтижесінде пайда болған ауызша сөз өнерінің белгілерін сипаттай алмайды. Ал, ертегі, аңыз-әңгімелер, төрт түлік жырларының, жұмбақтардың үлкендерге де, балаларға да қатысы бар.
2. Балалар фольклорының жиналуы мен зерттелуі. Қазақ фольклоры алғашқы үлгілерінің жүйелі түрде жиналып зерттеле бастауы ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталады. Қазақ фольклорын жинаушылар ол кезеңде балалар фольклорына арнайы көңіл бөлген жоқ, халық мұрасының бір қыры ретінде бесік жыры, жұмбақтар, өтірік өлеңдер сияқты танымал жанрларды қағазға түсірді. Мысалы, Радловтың «Түркі тайпаларының халық әдебиеті үлгілері» еңбегінің қазақ фольклорына арналған үшінші томында өтірік өлең үлгісі кездеседі. Ы.Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясында»(1879) қазақ халық әдебиетінің озық үлгілерінен балаларға лайықталған тамаша үзінділер мол. Олар жас ұрпақты тәрбиелеу ісінде ауыз әдебиетінің де маңызды роль атқаратындығын жақсы түсінді.
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында бұл мәселе қауырт қолға алынып, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, Х.Досмұхамедов, Н.Құлжанова, М.Жолдыбаев, Б.Майлин, М.Әуезов сияқты қазақ оқығандарының педагогикалық еңбектерінде заңды жалғасын тапты. М.Дулатовтың «Қирағат» атты оқу құралында(1911) фольклорлық үлгілер аса мол қамтылған. 1926 жылы шыққан «Балаларға тарту» жинағында халық поэзиясының балаларға арналған үлгілері тұңғыш рет толығырақ топтастырылды. І.Жансүгіров құрастырған «Ел өтірігі» кітабы да (1927) осы жылдардағы бағалы жинақтардың бірі болды. Бұл кезеңде қазақ балалар фольклрының үлгілері жиналып, жарық көріп қана қойған жоқ, зерттеушілер назарына да іліне бастады. А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» еңбегінде( ) өтірік өлең, жұмбақ, жаңылтпаш, тақпақ, жарапазан, бесік жыры сияқты терминдер алғаш ғылыми айналысқа түсіп, мағыналық жағынан тиянақталады. Ғалым ауыз әдебиетінің жанрлық түрлерінің балалар репертуарынан алатын орнына да назар аударады. Х.Досмұхамедовтың «Қазақ халық әдебиеті»(1924) еңбегінде бала табиғаты мен тілінің дамуы жөніндегі мәселені анықтауға да мол сәуле түсіреді. Салмақты сілтеме ойларды М.Әуезовтің «Қазақ әдебиетінің тарихы»(1927), С.Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті»(1932) кітаптарынан да кездестіреміз. Кейінгі жылдары тұрпайы социологиялық саясаттың салқынынан күңгірт тартқанымен зерттеушілер еңбектерінде әр қырынан белгілі дәрежеде көрініс тауып келеді. Бұл орайда, Х.Арғынбаев, С.Қалиев, Қ.Жарықбаев, Н.Оршыбеков, А.Төлеубаев, Е.Сағындықов сияқты ғалымдардың халық педагогикасына қатысты еңбектерін атаған жөн.
М.Ғабдуллин «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» оқулығында ауыз әдебиеті үлгілерінің жанрлық түрлеріне сипаттама береді. Ш.Ахметов «балалар фольклоры» терминін өз еңбегінде алғаш қолданып, түсініктеме береді. Балалар фольклорының ішкі жанрлық түрлерін өзгеше саралайды. Б.Уахатов «Қазақтың халық өлеңдері» монографиясында балалар өлеңдеріне жеке бөлім арнаса, «Қазақтың тұрмыс-салт жырларының типологиясы» кітабында оның түркі тектес халықтар фольклорымен ортақ желілеріне тоқталады.
Балалар фольклорының үлкендер фольклорынан айырмашылығы.
Халқымыздың балалр фольклоры жанрлық құрамы жағынан сан-салалы, соған лайықты олардың атқаратын қызметі де түрліше. Зерттеу еңбектерінде дәстүр бойынша оларды шығу, орындау ерекшеліктеріне қарай үлкендердің балаларға арнап шығарған, бірақ, негізінен, балалардың репертуарында сақталған шығармалар және балалардың өздері таратқан өлең-жырлар деп екі салаға жіктеу қалыптасқан.
Қазақ балалар фольклорын саралап жіктейтін болсақ, олардың ішінде кейбір жанрлардың үлкендерге де, балаларға да ортақ екендігін көреміз. Олар: ертегілер, жұмбақтар, өтірік өлеңдер, төрт түлік жырлары т.б. Алайда осы жанрларға жататын көркем шіғармалардың мазмұны, түр-сипаты, әшкі табиғаты бірдей емес. Олардың ішінде балалар айтатын, өзеріне ғана лайықты өлең-жырлар бар. Қой баласы – қоңырым, Қойдан жуас момыным, Шопан ата түлігі – Қошақаным, қайдасың? Пұшайт, пұшайт! Төлді қалай шақыру, малдың баласын сүюі, бөбектің төрт түлікке айтқан тілегі, қой мен ешкінің айтысы, сондай-ақ шешілуі оңай, құрылысы қарапайым жұмбақтар, ұғымға жеңіл өтірік өлеңдер, бұлардың қай-қайсысы да балалар репертуарында молынан сақталған. Бұл жырларды алғашқы шығарушылары ересек адамдар болуы әбден ықтимал. Балалар фольклорын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, балдырғандарға үйретіп отыратын да негізінен үлкендер болса керек. Демек, үлкендер мен балалар творчествосының тығыз қарым-қатынаста болуы, ауыс-түйіс ортақ шығармалардың екеуінде де ұшырасуы заңды. Алайда ауызша коллективтік творчествоның ерекшелігі сонда, олар көпшіліктің талап-тілегіне лайықты ұзақ сүзгіден өтіп, өңделіп, түрлі сыннан өткен дәстүрлі қалыпқа түспейінше толық мағынасындағы фольклорлық шығарма бола алмайды.
Осы тұрғыдан келгенде балалар фольклоры да о баста кім шығарғанына, қалай пайда болғанына қарамастан балалар коллективінің өзіндік сүзгісінен өтеді. Өз ұғымдарына, түсініктеріне, тіл оралымына, іс-әрекеттеріне сәйкес емес туындылар көпшілік тарапынан қабылданбайды. Ал қабылданған жағдайда балалар творчествосының дәстүріне лайықты іс жүзінде өзгеріп, өңделеді. Оралымсыз тіркестер, ұғымға ауыр шумақтар ұмытылады.
Осы тұста бір ескеретін жағдай - балалар фольклорының кейбір үлгілерінде мазмұнға жеткілікті мән беріле бермейді. Ұйқасы оңай, ойнақы болса, әсіресе, түрлі іс-әрекеттерге айтылуы сәйкес келсе, ондай өлеңдер көбірек қолдау табады. Осындай өзгешелікті біз әсіресе ойын өлеңдерінен анық көреміз.
Балалар фольклорының тағы бір ерекшелігі, ауыз әдебиетінің басқа түрлеріне қарағанда коллективтік сипатының басым екендігі. Олардың дені көпшіліктің есінде жүреді. Көбін балалар жаттап алып, жиналған жерде кез-келгені жекелеп те, топталып та айта береді.
Бұған қоса балалар фольклорында поэзияның іс-әрекет, ойыннан, түрлі көне түсініктерден, ырым мен салттан, қарапайым әуендерден, жан-жануарлардың даусы мен қимылына еліктеуден қарасын үзіп толығымен ажырап кетпегендігін байқаймыз. Бұл, сөз жоқ, балалар поэзиясының көп қырлы, ертеректегі синкретті белгісін айғақтайтын құбылыс. Міне, осы айтылған өзгешеліктердің бәрі де жалпы аламзат фольклорының ерте дәуірдегі сәбилік шағына тән белгілер. Рас, балалар фольклоры түрлі тарихи дәуірлерді бастан кешірді, өзгерді, өркен жайды. Сөйте тұра ол осы айтылған дәстүрлі қалыптың аясында дамыған сияқты.
Балаларға арналған халық өлеңдері.
Жалпы дамыған елдер өміріне көз жіберсек, фольклорлық жанрлардың бірінен соң бірінің балалар репертуарына біртіндеп көшіп жатқандығын байқауға болады. Мәселен, кәдімгі ертегі. Шығу тегі жағына келсек, бұл ересектер фольклорының көнеден келе жатқан күрделі де, негізгі жанрларының бірі. Бірақ ол бүгін таза балалардың сүйіктісіне айналып кетті емес пе? Бүгінгі сәбидің ойлау жүйесі бір кездегі адамзаттың балаң кезіндегі ойлау жүйесімен көп жағдайда сәйкес шығып жатады. Міне, осы тұрғыдан келгенде балалар шығармашылығы мен ересектер мұрасының арасына қазіргі кезеңде шек қоюға тырысудың өзі шартты мәселе. Бұл шарттылық шынтуайтына келгенде кез келген ғылыми зерттеудің мүддесіне байлансты бой көтереді. Сонымен зерттеушілер балалар фольклорын саралау кезінде көп жағдайда шығармалардың авторы мен орындаушыларына мән беріп, оларды “балаларға арналған үлкендер шығармалары”, “үлкендер репертуарынан балалар аузына көшкен шығармалар”, “таза балалар шығармашылығы” деп үш топқа бөліп қарастырып келеді. Бұл негізінен генетикалық(шығу тегі) принципті басшылыққа алудың нәтижесінде пайда болған саралау еді. Оның олқылығы сонда, көптеген шығармалардың шығу тегін, кімдер орындайтындығын тап басып айту қиын еді. Оның үстіне тақырып, мазмұндық, функциялық, поэтикалық құрылым жағынан келгенде бұлайша жіліктеу ғылыми сараны қанағаттандыра алмайтын.
Кейінірек В.А.Василенко шығармаларды атқаратын міндетіне(функция) қарай жіктеп, “ойын әрекеттіріне байланысты шығармалар”, “ойын әрекеттерінен тыс шығармалар” деген топтау үлгісін көрсетті. Орыс балалар фольклорын көптен бері зерттеп жүрген белгілі ғалым М.Н.Мельников өзінің “Орыс балалар фольклоры” атты кітабында аталмыш мәселені зерделей келіп, балалар мұрасын “Әлпештеу поэзиясы”(пестования), “тұрмыстық(бытовой) фольклор”, “ермектік(потешный) фольклор”, “ойындық фольклор” деп төрт топқа бөлуді ұсынады.
Сол сияқты балалар фольклорын өзінше кіші әлем ретінде тұтастай бөліп алып, әдебиеттанудағы классикалық саралау үлгісімен “лирикалық, эпикалық, драмалық” деп жіктеушілер де бар. Бірқ мұнда да толық айқындалмаған, пікірталасқа қарай жетелейтін тұстар жетерлік. Тұтастай алғанда балалар фольклорын іштей топтап, жанрлық түрлерге саралауға біржолата қалыптасқан, айнымас ұстам әзірге орныға қойған жоқ. Бұл жалпы, бүлдіршіндер мұрасының өзіндік табиғатының аса күрделілігінен болса керек. Балалар фольклорын іштей саралауда назар аударып, есте ұстайтын шарттар мыналар болмақ. Оның алғашқысы - шығармаларды кім шығарып, кімдердің орындайтындығын және қалай орындайтындығы. Мәселен, бесік жырын ата-аналар шығарып, негізінен солар орындайды. Көптеген шығармалар балаға байланысты әдет-ғұрып, салттар негізінде болып келеді. Ал мазақтамаларды балалар өздері шығарып, өздері орындайды. Осыған орай бұл шығармалар түрлі топтарға жіктелмек. Екінші ескеретін мәселе шығармалардың атқаратын қызметі. Бұл шарт балалар фольклорын іштей саралауда маңызды міндет атқарады. Мәселен, бесік жырын да, алдарқату жырын да ересектер орындайды, бірақ екі шығарманың атқаратын міндеті екі басқа. Бірі -–баланы тыныштандырып, ұйықтатуды мақсат етсе, бірі алдандырып, көңілін сергітуді мұрат тұтады. Немесе, тақпақ пен драмалық ойындардың қай-қайсысын болмасын балалар өздері орындайды, бірақ шығармалардың міндеті әр түрлі. Сондай-ақ шығармаларды саралауда балалардың жас ерекшелігін де ескерген жөн. Мәселен, ата-аналар сәбилерге олардың табиғатына лайық шығармалар айтса, келе-келе бала әрбір жанрлық түрді жас ерекшелігіне қарай біртіндеп игереді. Төртінші ескеретін негізгі шарттың бірі - шығармалардың поэтикасы. Яғни шығарманың тақырыптық, мазмұндық, сюжеттік, композициялық құрылымы, сөз саптасы, тіл кестесі т.т. Фольклортанушы К.Ісләмжанұлы осы шарттар бойынша қазақ балалар фольклорын мынандай топтарға жіктеп, ішкі жанрлық түрлерге бөледі:
Әлпештеу поэзиясы(бесік жыры, сәбилік ғұрып жырлары, мәпелеу жырлары, уату-алдарқату жырлары)
Жеткіншектер поэзиясы(маусымдық жырлар, арнау-тілек өлеңдері,балалар өлеңдері:тақпақ, сұрамақ, қызықтама, өтірік өлең,мазақтама)
Ойындық фольклор(ойын өлеңдері: тәжікелесу, жаңылтпаш, жұмбақ, балалар айтысы,ойынға байланысты жырлар: ойынға шақыру, қаламақ, санамақ, драмалық ойындар).
Әлпештеу жырлары. Әлпештеу поэзиясына жатқызылатын жырларды шығарушылар да, орындаушылар да - ересектер. Ол жырлар сәбидің шыр етіп дүниеге келген күнінен бастап оны бағып-қағуға арналған түрлі салт-дәстүлерді сүйемелдейді. Ата-ананың, қалың жұртшылықтың сәбиге деген сүйіспеншілігі, арман-тілегі жыр тілімен өрнектеледі.
Бесік жыры. Бесік жырларын дәстүрлі бесік жырлары және суырып салма бесік жырлары деп екі топқа бөліп қарастырған жөн. Дәстүрлі бесік жырына ұзақ жылдар бойы айтылып әбден қалыпқа түскен жырлар жатады. Бұл жырлар тікелей балаларға арналған. Жырдың негізгі мазмұны баланы ұйықтатуға тыныштандыруға, оның жарқын болашағына ақ тілек білдіруге құрылады. Суырып салма бесік жырлары адамның жеке басындағы, тұрмыстағы, тарих пен қоғамдағы түрлі оқиғалардың әсерінен туып тарап отырған. Бала тербетіп отырған адам бесік жырының дәстүрлі нұсқасын пайдалана отырып, өз ой толқынысын, күйініш-сүйінішін сыртқа шығарады. Бесік жыры көбінесе тілек айту мәніне құралады да, жыр айтушы бөбектің келешегіне сенім артып, қуанышқа бөленеді. Үміт тілек: - Айыр қалпақ киісіп, Ақырып жауға тиісіп, Батыр болар ма екенсің? Бармақтарың майысып, Түрлі ою ойысып Ұста болар ма екенсің? Бата тілек(сенім арту): Ала биең құлындап, Алатауға сыймасын» Қара биең құлындап, Қара тауға сыймасын…Ақылыңмен батыл бол, ғайынмен тату бол. Бағаналы таудай бол, Шағалалы көлдей бол. Халық педагогикасының бұл саласы ғасырлар бойы бала тәрбиесіне өз өрнектерімен әсер етіп, қазіргі көркем әдебиет нұсқаларымен дамып келеді.
Сәбилік-ғұрып жырлары. Бөбек туғаннан кейін жеті-сегіз айдан соң, әуелі еңбектеп(еңбектеудің де әр түрлісі бар) содан кейінірек қаз-қаз тұрып, қаз басып жүре бастайды. Бала тәй-тәй басып жүре бастаған кезде, тұсау кесу рәсімі жасалып, тұсау кесу жыры айтылады. Сонымен баланың алғаш бесікке бөленуі, қырқынан шығуы, тіс жаруы, құйрық басып отыруы, тілінің шыға бастауы, қаз тұрып, тәй-тәй басуы т.б. сәттері түрлі ырым-жоралғылармен атап өтіледі. Осыларға орай тілектер айтылады. Мұндай тілек өлеңдерде халық түсінігінің түрлі көріністері, діни наным-сенімдерге байланысты салт-дәстүрлері бой көрсетеді. Солардың бірі – «Тұсау кесу» жыры баланың апыл-тапыл басқан алғашқы қадамына арналып айтылады. «Тұсау кесудің» ырғақты интонациясы мен сөзі баланың бір басып, екі басып барып жүрексініп қалатын аяқ алысына ыңғайланып жасалған. Тұсау кесу жырын балбөбекті күтушілер оның тұсауын кескенге дейін де айтып, оның тәй-тәй басып жүруіне қуаныш білдіріп, сүйеніш, жетекші іс-әрекет тәсілдерін қолданады.
Тұсау кесу жырының бұл түрі “тәй-тәй” деп аталады: Тәй-тәй, балам, тәй балғын, Жүре қойшы жай балғын, Қарыс сүйем Қаз бастың, Қадамыңнан айналдым Тәй-тәй-тәй! Жүре ғой жай! Қазақ балалар поэзиясында бірсыпыра ақындардың(Ж.Смақов, М.Әлімбаев т.б.) тұсау кесуге арналған жырлары бар. Мысалы, ақын Жақан Смақов Тәй-тәй бас, құлама, Құласаң жылама! деп баланы батылдыққа тәрбиелейді. Мәпелеу жырлары(пестушки). Мәпелеу жырлары халықтың баланы бағып-қағуға байланысты өмірлік тәжірибесінен туындаған. Сәби денесінің дұрыс жетілуіне қолайлы жағдай туғызу мақсатынан баланың аяқ-қолын созып, әр түрлі жаттығулар жасату – практикалық қажеттілік. Анасы бала құлағына жағымды сөзбен жаттығу әрекеттерін сүйемелдей өлеңдетеді. Өлеңнің ұйқасы мен ырғағы, көркемдік құрылысы дене жаттығуларын сүйемелдеуге ыңғайланған, сол әрекеттермен үндес шығып отырады. Мазмұны балаға жақсы тілектер тілеу сипатында болып келеді. Мәпелеу жырларына «Өс, өс, балам», «Сыламақ менен», «Ақ білек» және т.б. жатады
Достарыңызбен бөлісу: |