Ахметов Ш. Қазақ балалар әдебиеті тарихының очеркі. А., 1965
Б.Кенжебаев. ХХ ғасыр басындағы әдебиет. А.Білім. 1993.
20 ѓасыр басындаѓы ќазаќ єдебиеті. –А.,1994.
Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті. А. Білім. 1998.
Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. Астана. 2002.
3.ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті. А. Мектеп. 1983.
Кенжебаев Б. Ќазаќ єдебиеті тарихыныњ мєселелері –А,. 1973
Сәтбаева Ш.Қ. Шәкәрім Құдайбердиев.А. 1990.
Қирабаев С. Жүсіпбек Аймауытов. А. 1990.
Шәкәрім. Шығармалары. А. Жазушы. 1988.
С.Торайғыров. Сарыарқаның жаңбыры. А.Жазушы. 1987.
Байтұрсынов. Ақ жол. А. Жалын. 1991.
Байтұрсынов А. Жан сөзімді кім түсінер? Алматы. 1994.
11-ДӘРІС
1920-30 жылдардағы балалар әдебиеті
20-30 жылдардағы балалар әдебиеті(С.Сейфуллин, Б.Майлин)
І.Жансүгіров
М.Әуезов
1. 20-30-жылдардағы қазақ балалар әдебиетінің даму ерекшеліктері жөнінде. І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, Б.Майлиннің жаңа заманды суреттейтін, жаңа қоғамды құрушы жастарды, төңкеріс ерлерін бейнелейтін шығармалары бұл күндері 20-30 жылдардағы қазақ кеңес балалар әдебиетінің даму өзгешелігін, саяси-әлеуметтік нысанасы мен идеялық-көркемдік деңгейін танытатын кезеңдік шығармалар болып қалғанымен, ауыз әдебиеті дәстүрі мен үлгісінде жазылған бір бөлегінің бүгінгі балалар әдебиеті талабына жауап беретін сипаттары да бар.
Кеңес жазушыларының 1934 жылы өткен І съезіне Қазақстаннан Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин қатысты. Горький кеңес әдебиеті дамуының алдағы перспективасы жайындағы баяндамасында көркемсөз шеберлерімен қоса ғалымдар мен педагогтарды да балалар үшін көркем әдебиет жазуға шақырды. С.Маршактың баяндамасы кеңес балалар әдебиетінің жай-күйі мен алдағы міндеттеріне арналды. Съезд балаларға арналған кітаптарды көптеп шығарудың бағдарламасын жасауды міндеттейтін қаулы қабылдады. Сонымен жаңа қоғам жаңа балалар әдебиетін керек қылды. Социалистік құрылысты көрсететін әдебиет қажет болды. Жаңа балалар әдебиетінің алдында коммунистік идеологияны насихаттау міндеті тұрды. Бірақ міндет айқын бола тұра, жеткіншектер әдебиетіне бұрынғыша бейіл сақтала тұра(съезд делегаттарының елге оралысымен өз қаламдастарын балалар әдебиетін жасауға шақыра тұра) съезден кейінгі кезеңдерде қазақ балалар әдебиетіне олжа салатын көркем дүние туа қойған жоқ.
Бұның себептері мыналар: Біріншіден, балаларға арнап шығарма жазудың қиындығын мойындау жаңа қадамға тұсау салды деуге негіз бар. «Біз енді кустарлықтан шығып, не жазсақ та терең алып, тепшілеп, зерттеп, мәстірлеп жазып, дәуіріміздің керегіне жарайтын маңызды шығармалар беруіміз керек» - деген болатын[6,17] І.Жансүгіров Қазақстан жазушыларының І съезінде жасаған баяндамасында. Ал тепшілеп, зерттеп, мәстірлеп жазуды қажет ететін, әсіресе, балалар психологиясын алабөтен зерттеп барып «мәстірлеп» жазуға кірісуді тілейтін әдебиет – балалар әдебиеті. Және қазақ балалар әдебиетінің бұған дейінгі қалыптасқан дәстүрін заман талабына қарай икемдеу «социализмді жырлаудың әлемдік тәжірибесінің жоқтығынан»[3,55] оңайға түспеді. Екіншіден, бұрынғы жазған шығармаларға көңіл толмаушылық. Науқаншылдықтың өріс алуы, бала табиғатына ене алмаушылық, мінезсіз баяндауға бой алдыру, идеяны жалаң танытуға тырысушылық, диалогтардың нәрсіздігі, формалық ізденістердің мардымсыздығы - осының бәрі белгілі бір дәрежеде балалар әдебиеті дамуын тежеді. Үшіншіден, қаламгерлер өздерінің еркін жүзетін айдынына бет қойды. Бейімбет проза, публицистикаға ойысты да, ауыл өмірін, өндіріс саласын тереңірек зерттеуге кірісті. С.Сейфуллин де, І.Жансүгіров те талант тізгінін үлкен жанрларда ағытты. Дегенмен үлкендер әдебиетін өрістетуге ыңғай білдірген қаламгерлердің жүрек түкпірінде кішкентайлар әдебиетіне ерте ме, кеш пе бір соғармын деген ойдың болуы да ғажап емес. Бұған қыршын кеткен асыл ағалардың өмірі жетпегенін айтып жатудың өзі артық шығар. Сонымен 20-30 жылдар қазақ балалар әдебиеті кеңестендіру науқаны мен қолдан күштеу жолымен жасалған социализмнің алғашқы баспалдағындағы үстем болған танымдық көзқарас нәтижесінде дамыды да, көркемөнер тарихынан өзіне лайық орын алды.
С.Сейфуллин. Аға буынға тән әмбебаптықтың, қайталанбас өнімділіктің сыры неде? Осы сұраққа Ә.Тәжібаев былай деп жауап береді: «Бізге бәрін істеу керек , - дейтін Сәкен. Бұған Бейімбет, Сәбит, Ілиястар жақсы түсінетін. Олар да бәрін істейтін. Қазақстанға театр керек. Пьеса қайда? Сәкен мен Бейімбет отыра қалып, өлеңнен драмаға ауысады. Өйткені пьесасыз театр жоқ. Ілияс үлкен ақын, жақсы фельетоншы, өзіне салсаң өлеңді ғана қуар еді. Бірақ амал жоқ, журналист Ілиясқа жұрттың басқа қажетін де өтемеске мүмкін емес... Бейімбет «Мырқымбаймен» бірге ұзақ әңгімелерді де қоса бітіреді, атақты повесті тастай беріп, өлеңмен отыруға мүмкін емес. Онда «Шұғаның белгісін» кім жазбақ?» Роман жазу үшін Мұхтар қаршадайынан қазақ әдебиетінің ғылымына да айналады: үйде отырып әдебиет тарихын зерттейді, институтқа барып сабақ береді. Өйткені «бәрін істеу керек».(Ә.Тәжібаев. 5 томд.шығ. 4-том. А.1981. 9-10б.).
Аға буынның әмбебаптығының, тындырымдылығының сыры міне осында. Ал бұған қуатты қайдан алған ағалар? Аға буын сарқылмастай мол қуатты қос ғасыр тоғысында жасақталып, жиырмасыншы ғасыр көгінде жарық дүниеге келген жаңа қоғамнан алған. Жаңа қоғам жас ойшылдарды тез ержеткізіп, «қайыспас қатепті қара нар» көтерер ерекше жүк арқалатқан оларға. Сондай уақыт арқалатқан ауыр жүкті қайыспай көтерген қаламгер – С.Сейфуллин.
20-жылдары қазақ ауылында таптық күрестің шиеленіскен жағдайында әдебиет пен өнер өкілдерінің арасында белгілі дәрежеде толқушылық байқалса, 30- жылдары олардың барлығы дерлік партия саясатын қолдап шықты. Пролетариат жазушыларының ассоциациялары керексіз бола бастады. ҚазАПП сыны қазақтың көрнекті жазушыларының өткендегі қателіктерін қазбалаумен болды. Партия көркем әдебиетті басқару саласында түбірлі өзгерістер жасауды қолға алды. БКП(б) Орталық Комитетінің «Көркем әдебиет ұйымдарын қайта құру туралы» 1932 жылғы 23 сәуірдегі қаулысы қабылданды. 1934 жылдың тамыз айында КСРО жазушыларының бірінші съезі шақырылды. Съезді М.Горький ашып жүргізді. Онда қазақ жазушыларынан І.Жансүгіров пен С.Сейфуллин сөз сөйледі. Съезд күндерінде кеңес әдебиетінің идеялық бағыты мен даму беталысын айқындайтын шаралар жүргізілді. Әдебиет түгелдей партияның ықпалына көшті. Кеңес әдебиетінің творчестволық әдісі ретінде социалистік реализм белгіленді. Ендігі жерде Кеңес Одағын мекендейтін барлық халықтардың әдебиеті мен өнері осы режимнің шеңберінде ғана қызмет ететін болды.
С.Сейфуллиннің «Маузер», «Бандыны қуған Хамит», «Балалар», «Келіншектің бесік жыры», «Ананың хаты», «Анаға жауап», «Пионерлер», «Біз комсомол», «Совпарттағы қарындасыма» шығармалары кеңес кезеңінде балалар оқуына ұсынылды. Аталған шығармалар кеңес дәуіріндегі балалар әдебиетіне жаңа тақырып, жаңа мазмұн енгізді. Социалистік құрылыс идеясымен жандандырды. Революцияшыл, солшыл бағыттың топ бастаушысы С.Сейфуллин азаттық үшін күрестің от-жалынын кешкен болатын. Омбыда оқып, білім алды. Ондағы орыс революционерлерімен қарым-қатынас жасаған. 1917 жылы Ақмолада Кеңес үкіметін орнатуға қатысқан. 1918 жылғы көтеріліс кезінде ақ гвардияшыл атаман Анненковтың қолында, Колчактың Омбыдағы концлагерінде азап көрген. 1919 жылы қашып шығып, Оңтүстік Қазақстанға өткен. Орынборда Қазақ республикасының басшы қызметтерінде болған. Сол себепті де С.Сейфуллин ұлттық әдебиетте тұңғыш рет азаттық сүйгіш, күрескер қаһарманның бейнесін жасады.
Төңкеріс кезіндегі және кеңес өкіметі енді орнаған тұстағы оқиғаларды «Маузер», «Бандыны қуған Хамит» шығармалары арқылы суреттеді.«Маузер» өлеңі Сәкеннің революциялық көзқарасын танытатын шығарма болғандықтан уақытында өз бағасын алды. Балалар тәрбиесіне де оң әсерін тигізді. Өлеңде Отаны, елі, өз халқының азаттығы үшін қан майданда ауыр жараланған азамат өзінің ақтық сөзін анасына, жас жарына, баласына, майдандас достарына арнайды. Оның Отанға деген сүйіспеншілігі, қайсарлығы, жауға қаталдығы суреттеледі. Жас ұрпақтың алдына үлкен мақсат қояды, оларға сенім мен жауапкершілік арта сөйлейді.
Жаңа құрылыстың алғашқы даму кезеңдерін әңгіме ететін «Бандыны қуған Хамит» әңгімесі өкіметке қарсы іріткі салу саясатын жүргізген бандылардың саясатын әшкерелеуге арналған. Композициялық құрылысында ерекшелік бар. Оқиға желісі бірден басталып кетпейді. Автор алдымен айналамен, оқиға болатын жермен, шығармада суреттелетін кісілермен таныстырады. Банды бастығы мен оның ізіне түскен Хамиттің жүріс-тұріс, мінез, сырт тұлға ерекшеліктері салыстырыла суреттелгендей әсер береді. Хамит портретін суреттеу арқылы еңбекте, істе төселген азаматтың кейпі балаларға үлгі боларлық қалыпта суреттеледі. Әңгімеде күз айларының сұлулығына ерекше көңіл бөлінеді. Табиғаттың әсем көріністері әңгіменің арқауы болып отырған оқиғаларға байланысты алынған. Пейзаждық көріністер негізгі кейіпкерлердің мінезі мен типтік бейнесін әр жақты аша түсуге қызмет еткен. Әңгіме композициясының шебер құрылуы осы жағынан көрінеді. Оқиға өзінің шарықтау шегіне жеткенге дейін кейіпкердің сырт тұлға, мінез өзгешеліктерімен де, пейзаждық көрінісімен де оқушысын әр алуан ойға түсіреді, қызықтырып, еліктіреді. Сәкен түрлі бейнелі сөздерді, эпитеттерді, теңеулерді, метафораларды кеңінен пайдаланады. Аталған шығарма осы аталған ерекшеліктерімен де және тарихи жағдайлар, яғни өмірде болған оқиғалар жайында хабардар ету қасиетімен де бүгінгі уақыт кезеңінде құндылығын жоймақ емес.
Сәкеннің балаларға арналған өз кезіндегі өлеңдері баланың көз алдына болашақтың жарқын бейнесін, еркін өмір сәулесін елестті. «Балалар», «Келіншектің бесік жыры», «Ананың хаты», «Анаға жауап», «Пионерлер», «Біз комсомол», «Совпарттағы қарындасыма» өлеңдері осы тұрғыда жазылған. Алға қойған ізгі мақсаттар мен арманға жетуді көздеу керектігін жас жеткіншектердің есіне салып отырды. Жас ұрпаққа өнер-білімнің пайдалы жақтарын айтты. Аталған өлеңдері «болашақ тұтқасы – жас ұрпақ» деген ойды білдірді.
Б.Майлин. Қостанай облысының Таран ауданында туылған. «Б.Майлиннің тағы бір тамаша қыры – балалар қаламгері екендігі. Рас, Б.Майлиннің поэзиясы мен прозасы да, драмасы мен сатирасы да бір есептен, балалар еншісі. Өйткені олардың қай-қайсысы да жеткіншектерге түсінікті, жасөспірім қауымға өмір шындығын танытады, оларға өмір сабағын, тіршілік тәлімін дарытады, оларды көркем сөз сұлулығымен сусындатады. Алайда орталау және жоғары кластар оқушыларының рухани азығыга «Азамат Азаматыч» пен «Майдан», «Шұғаның белгісі» мен Дайрабайдың көк сиыры», «Кедейге» мен «Жаңартты қазір жырды ауыл» жарай бергенмен, бұлар төменгі класс шәкірттеріне, әсіресе балдырғандарға аса ұтымды емес. Егер бүгінгі азамат кешегі баладан өссе, «Раушан - коммунист» пен «Құлагерлер» бесік жырынан бастау алған жоқ па?» Демек, балалардың қамын ойлау - өсер елдің өрісті ғұрпы, балаларға арнап тікелей шығарма жазу үлкен қаламгерлердің тамаша дәстүрі. Лев Толстойдың «Әліппе» жасауында, «Азапты сапарда» эпопеясыныңу авторы А.Толстойдың «Алтын кілтті» жазуында, кеңес әдебиетінің көшбастары М.Горькийдің кеңес балалар әдебиетіне зор күш-жігер жұмсауында осындай мән жатыр. Сүйсінерлігі – осындай дәстүрге болашақ қамын күнілгері ойлаған қазақ кеңес әдебиетінің алыптары да ден қойыпты. Мұның мысалы – С.Сейфуллиннің де, І.Жансүгіровтің де, Б.Майлиннің де балаларға арнайы шығармалар жазуы(Б.Сарбалаев. Бейімбет Майлин.А. Мектеп. 1988. «Балалар қаламгері»53б.).
Б.Майлиннің балаларға бағышталған шығармалары баршылық. Сондықтан да оны балалар қаламгері деп таныған да орынды. «Өтірікке бәйге», «Кемпірдің ертегісі» секілді поэмаларын айтпағанда, Б.Майлиннің 1915 жылы жазған «Жазғы қалып», «Жазғы кеш», «Бұлтты күн» секілді өлеңдерінің өзі балаларға лайық. Рас, бұл кездерде Бейімбет саналы түрде балаларға арнап жазған жоқ. Алайда ақын жүректің тілегі мен балалар мұқтажы сәйкес келіп, өз-өзінен балалар өлеңдері туған еді. Бірақ 1921 жылдан кейін Бейімбет асыл мұрат, азаматтық кәмелеттік танытып, балаларға арнайы өлең жаза бастапты. Мұның бірі көрінісі – «Жаз келді» атты өлең. «Күн жылынып, қар да еріпдірілдеп, Сай-сайлардан сулар ағып, күрілдеп...».
Осылайша балаларға тікелей өлең арнай бастаған Бейімбет 1922 жылы «Өтірікке бәйге» атты ертегі-дастанын жазды. Бұл енді қазақ балалар әдебиетінің асыл қорына қосылатын шығарма(54б.). Дастанды ұстап тұрған арқау – асып-тасқан ханның ерігіп, өтірікке бәйге жариялауы. Сонымен хан «Уәзірлерін жиып алып, жұртқа бұйрық таратқан...». Мұны естіп білген жұрт қарап қала ма, істеп жатқан кәсіптерін жиып қойып, хан ауылына жиналады. Алтын алмақ, оп-оңай байып қалмақ. Содан олар хан алдында өтірік айтып жарысады. Таласқа түседі. Бірінен бірі асады. Бірақ хан «Бәрі рас, нанамын» деп, таудай талаптарын тұжыра береді. Сөйтіп барша өтірікшінің беті қайтып қалады. Сонда халық жеңіліп. Хан жеңіп кетпек пе? Жоқ. Үсті дал-дұл бір таз бала ханның алдына келеді. «Өтірігі өте жойқын, жас бала да нанғысыз. Алтын қимай «Рас» - дейді, Ұяты жоқ хан арсыз». Содан бала тағы бір өтірігін – соңғы өтірігін айтады(55б.). Ерні жалақ, жалаң аяқ, Қисық таяқ қолында. Ақсай басып, асып-сасып, Бұқаның жүр соңында... Тақсыр ханым! Білесіз бе, Сол жаман шал кім еді? «Жоқ, білмеймін, ал айта ғой!» Басқа ешнәрсе демеді». Таз бала «Бұл шал сіздің әкеңіз еді, рас па осыным?» - дейді. Хан шошынып, жеркенгендіктен еріксіз «өтірік» деп салады. Сөйтіп бала ханды жеңіп, бәйгені алады(56б.).
Бейімбеттің балаларға арналған екінші бір дастаны «Кемпірдің ертегісі» аталғанмен, ертегі емес. 1916 жылдың азаттық оқиғасынан бір көріністі алға тартады. Бірақ бұл оқиғаны тартымды жеткізу үшін Бейімбет бала Асылбекке әжесінің аузынан ертегі етіп айтқызады. Бала кейіпкер Асылбектің сөздері дастанға енгізер есік, кіріспе тәрізді. Содан әжесі Асылбекке әкесі, өзінің ұлы Қайранбайдың июнь жарлығына байланысты ел наразылығы қау еткен көтеріліс кезінде халықтың жауы, өзін он жыл қанаған болыстың басын алған батырлығын ертегі етіп шертеді. Шынында да Қайранбайлардың ерлігі ертегідей емес пе. Бейімбеттің поэзиядан басқа жанрларда тікелей балаларға, балдырғандарға арналған шығармалары көп емес. Бірақ, қаламгердің осы азғана асыл мұрасының өзінде кейінгі қазақ жазушыларынан үлкен үлгі, тартылған жол бар еді. Алыптар тобының атсалысуымен қаз тұрып, бой тіктеп алған қазақ кеңес әдебиеті содан кейін-ақ кең өріске шыққан болатын»(Б.Сарбалаев. Балалар қаламгері. 57б.).
Сонымен, көркем сөздің шебері Б.Майлин балалар әдебиетіне мол үлес қосты. Жазушының «Байшұбар»(1923), «Тәй, тәй, қақ, қаз»(1923), «Әлди – ана жыры»(1923), «Қағынғыр – ананың ашуы»(1926), «Қос жетім»(1933), «Кемпірдің ертегісі»(1927), «Өтірікке бәйге»(1922) деген өлеңдері мен әңгімелері балалар әдебиетінен елеулі орын алады. Бейімбет ең алдымен балаларға 1916 жылғы ұлт бостандық қозғалысы жөнінде әңгіме айтуды өзіне міндет етіп қояды. Поэма балалардың ерлік істерге деген құлшынысын оятады, отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, патриоттық рухын шыңдай түседі. Балалар үшін саяси тақырыпта жазылған шығармалардың тәрбиелік күші осында.
Бейімбеттің «Тәй, тәй, қаз, қаз»(1923), «Әлди – ана жыры»(1923) деген өлеңдерінде ана қамқорлығы мен бала тәрбиесі арасындағы типтік жайттар суреттеледі. Балалардың ой-қиялын шарықтатып, эстетикалық сезімдерін ұштай түсетін шығармалардың бірі – ауыз әдебиеті үлгілері болса, Б.Майлин де сол бай үлгі дәстүрін батыл жалғастырады. Тәй, тәй, тәй!.. Қаз, қаз, қаз!..Қарағым, апыл-тапыл басқанға мәз,Қосылып балалармен ойнауына,Жарқырап көкорайлы келді ғой жаз.дейді және келесі шумағында оның болашағынан үлкен үміт күтеді. Ана тілегі баланы алға қарай талпынтады. Өлеңі арқылы жөргектегі балаға жылы сөздің мейлінше қажет екендігін құптайды, балаларға арналған халық өлеңіндегі ойды дәлелдей түседі.
«Байшұбар»(1923), «Өтірікке бәйге»(1922) шығармаларында адамның ақыл-парасаты, тапқырлығы, ерлік мәселелері әңгіме болады. Байшұбар» өлеңінде ат екен деп жолбарыс үстіне мінген ұры өзінің амал-айласымен жолбарыстан да, маймылдан да оп-оңай құтылып кетеді. Балалар ықыласын өзіне баурап алатын өлең сюжетіндегі осындай драмалық тартыстар жасөспірімдерді үлкен ойға қалдырады, өздерінің көзқарасын, пікірін білдіруге және белгілі бір қорытындыға келуге үйретеді. Оқиға желісі шапшаң өріс алады. Тыңдаушысын бірден еліктіріп әкетеді. Өлең мазмұны әрі күлкілі. Екі қарақшы бірінен-бірі шошынады. Құдай-ау, атсыз жаяу өтсем дағы, Өмірге қайыр сұрап кетсем дағы, Не қылажолбарысқа кездестірдің, Мал бер деп аз-кем тілек етсем дағы.деп зар илейді ұры. Адал еңбекпен күн көрмеудің арты неге соқтырғанын түсінеді. Жолбарыс та ұрыдан қалай құтыларын білмей арпалысады. Мал үшін керуенге бардым қайдан, Шықпастан жатсам еді терең сайдан. Түспейді туласам да, талды белім,Тілеп пе ем бұл пәлені мен құдайдан? деп жолбарыс жанұшырады. Жазушы осы оқиғаға шешім шығаруды балалардың үлесіне қалдырады.
2. І.Жансүгіров. Қапал уезі, Ақсу болысының Қарағаш ауданында(қазіргі Талдықорғн облысы, Ақсу ауданы, Қызыл таң кеңшары) өмірге келген. І.Жансүгіров күш-жігерін балалар фольклорын жинауға да жұмсады. Ауыз әдебиеті үлгілерін жинақтап, оларды салыстыра сұрыптап, таңдаулыларын сала-салаға бөлді. «Балалар әдебиеті - әлі де жасалмаған әдебиет. Сондықтан менің бар ойым осы әдебиеттің жасалуына көмектесу еді. Бұл туралы «Балаларға тарту», «Балаларға базарлық», «Малта», «Жұмбақтар» деген біраз еңбектер жаздым» деп жазды ақын. «Өтірік» жинағы негізінен балаларға ыңғайланып дайындалды. «Ел өтірігі – үлкендерден гөрі балалардікі, балалар әдебиетіне жатады. Себебі, бізде балалар әдебиеті әлі жасалмай, жадағай жатыр, балалар жанына жағымды жаңа кітаптар жоққа тән. Жасалғанда да табан тасы, табалдырығы ауыз әдебиетінің үлгісінен өсуі тиіс. Осы оймен бұл кітапша балаларға бейім жазылды» - дейді автор.
І.Жансүгіровтың «Жұмбақтар» деп аталатын келесі еңбегі 1930 жылы Қызылорда қаласында «Балалар кітабы» сериясымен жарияланды. Ақын жұмбақтардың бала ойын дамытудағы қызметін жақсы түсінген. Жинаққа 67 жұмбақ енген. «Үй саймандары», «Жаратылыс құбылыстары», «Құрал-сайман» деген үш бөлімнен тұрады.
І.Жансүгіровтың жас жеткіншектерге, бөбектерге арналған өлеңдері де бар. Ақын өлеңдері ойнақылығымен, көркемдігімен бала жүрегіне жақын. «Бөбек бөлеу» өлеңінің ойы терең, өрнегі өзгеше. Анасы өз бөбегін халық ұғымындағы ең жақсы нәрселердің бәріне теңейді. Ананың сәбиіне деген ыстық сезімі, елжіреген жүрегі, шексіз махаббаты байқалады. Ақын ауыз әдебиетіндегі классикалық дәстүрді ары қарай дамытады. «Бөгелмей білім біл, бөбек, елге есті ер керек» деп өз заманының бөбектеріне тіл қатады.
Ақын «Жазғытұрым», «Жазғы шілде», «Күз», «Қыс» өлеңдерінде жылдың төрт мезгілін өзінше жырлайды. «Ой, балалар, балалар!» деп тікелей арнауға құрылып, ойнақы айтылады. Бала көңілін жылдың әр мезгілінің өзіндік сипаттарына аударады.
Ой, балалар, балалар!
Жылы-жылы жел соқты,
Қаңқыл-қаңқыл қаз кепті,
Жер қарайды – жаз кепті
- деп жырлайды. Табиғат құбылысын жылдың әр мезгіліндегі ел тіршілігімен байланыстыра береді. Бала назарын нақты өмір суреттеріне аударады. Өлеңдерінде ақын балаларды әр мезгілдің талабына сай еңбекке шақырады. «Жазғытұрым» атты өлеңінде жазғытұрым«ойналық та күлелік, қос басына мінелік» десе, шілдеде «ойналық та күлелік, үйретіп тай мінелік», күзде «ойналық та күлелік, енді оқуға кірелік» дегенді айтады.
Еңбек тақырыбы 1929 жылы Ташкентте, Алматыда басылып шыққан «Малта», «Шәркей» деген суретті кітапшаларынан да көрінеді. Ілияс бүлдіршіндердің психологиялық ерекшеліктеріне сай материалдарды дәл таба білген. Малта да, шәркей де еңбек жемісі екенін білдіреді. Малтаның да, шәркейдің де өзінен-өзі бірден жасала қоймайтынын айтады. Екі шығармада да бала өзі байқаған әрбір құбылыстың мән-жайын түсінгісі келеді, оның себептерін ұғып алуға тырысады. Ұйқасымы жеңіл, ырғағы жақсы «Малта» өлеңінің жатталуы оңай. Бүлдіршін бала өлеңдегі «өре», «саба», «піскек», «шүйке», «шуда» тәрізді қолданудан шығып бара жатқан сөздердің мән-мағынасымен танысады. «Шәркей» әңгімесінде бүлдіршін еңбек процесіне тікелей араласады. Жұмыстың тезірек бітуіне ынталанады. «Әңгіме қалай тартымды басталса, солай қызықты аяқталған. Жазушы баланы балаша сезіндіріп, балаша ойландыра білген. Сөзінде де, мінезі мен ісінде де жасандылық жоқ» - дейді әңгіме турасында С.Сейітов.(С.Сейітов. «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы. №1, 1958 ж. 39-бет).
І.Жансүгіров балаларға арнап пьеса да жазған. Қазақ балалар әдебиетіне пьеса жанрын ең бірінші болып енгізген еді. 1934 жылы жазылған «Мектеп» пьесасы балаларды оқуға, білімге, мектепке шақыру идеясына құрылған. Пьеса 1930-жылдардағы халықты сауаттандыру мәселесін көтеріп, жас жеткіншекке оқудың пайдасын түсіндіреді. І.Жансүгіровтың балаларға арналған шығармалары қазақ балалар әдебиетін тек тақырып, мазмұн, идея жағынан ғана байытып қойған жоқ, сонымен қатар жанр, түр және стиль жағынан да байытты. Балалардың тілін ұстартып, дүниетанымын кеңейтумен қатар оларды жалпы адамгершілік рухта тәрбиелеуде шығармаларының ерекше маңызы бар.
4. М.Әуезов. Мұхтар Әуезовтің балалар әдебиетінде де өзіндік орны бар. Осы орайда алдымен суреткердің балалар әдебиеті ерекшелігі хақында пікір айтқанын атап айту керек. Мәселен, «Ертегілер» еңбегінде халықтық шығармалардың қайсысы балалар әдебиетіне жақын екендігін айқындап береді. «Ұлы ұстаз ертегілердің тәрбиелік мәнін терең ашып, «Адамдағы кемдікті, мінді бадырайтып, ұлғайтып, жиренішті етіп көрсету үшін, хайуанның мінез-құлқын дәл адамның мінез-құлқындай етіп суреттеу әсерлі болады», - деп көрсетеді.
«Әр жылдар ойлары» кітабында жастар мен жасөспірімдердің оқитын кітаптары тобына жататын шығармаларға да назар аударады. «Қазақ халқының салт-дәстүрлері бойынша қайырымдылық пен мейірімділік ана сүтімен жұғысып, әрбір тұлғаның ұлттық белгісін көрсететінін дәлелдеп, халқының келешегін ойлап, тебіренген жазушы: «Ал қазақ мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзеймін десең, әйелдің халін түзе», - дейді.
М.Әуезов балалар әдебиетінің ғылыми тұрғыда зерттелуіне көңіл бөлумен қатар, өзі де балаларға арнап бірнеше шығарма(«Қорғансыздың күні», «Жетім», «Көксерек» әңгімелері, «Қараш-қараш оқиғасы» повесі) жазды. Тұңғыш әңгімесін 24 жасында жариялады. «Қорғансыздың күні» баяндалу әдісі жөнінен европалық әдебиет үлгісінде жазылған. Әңгіменің оқиға желісі жас қыз Ғазизаның тағдырына құрылған. «Жетім» әңгімесіндегі басты кейіпкер – жас бала Қасым. Шығармада он жастағы жас баланың қиын тағдыры, аянышты халі берілген. Бұл шығармасында қаламгер бала ұғымын, сезімін беруде өзінше ізденіс танытқан.
М.Әуезовтің балалар әдебиетінен негізгі орын алатын әңгімесі - «Көксерек». М.Әуезовтың 1928 жылы жазылған осы әңгімесі автор талантының айқын айғағы. Көп ізденістердің жемісі. Оны әлем әдебиетіндегі үздік классикалық шығармалармен салыстыруға болады. Әңгіме сюжеті Канада жазушысы Сетон-Томсеннің «Виннипег қасқырына» ұқсас. Есімі әлемге әйгілі жазушы Джек Лондонның «Қасқыр» шығармасы М.Әуезовтің аударуымен 1936 жылы жеке кітапша болып шыққандығын да айта кетуіміз керек. Әуезовтің «Көксерегі»- тұтас философиялық шығарма. Автор әңгімесін әр түрлі жабайы аңдардың мекен еткен жерлерін суреттеуден бастайды. Бұл тәсіл жыртқыш аңдар өмірі мен олардың күн көрісін айқындауға тірек болған. Әңгіменің композициясы мен сюжеті оқиғадан оқиға тудырып отырады. Жыртқыш аңдардың қомағайлығы жанды суреттер арқылы беріледі. Әңгімеде жыртқыш аңлар тірлігі мен қазақ жерінің сұлу табиғаты, ен байлығы сөз болады. Жазушы жаратылыстың көркем көріністерін әсерлі суреттейді. Қаламгер мақсаты – сол сұлулықты балаларға сезіндіру ғана емес, оны құрметтеу, байлығын қадірлеу жағына үйрету. Жазушы қасқыр күшігінің өсу, жетілу жайын суреттей келіп, соған байланысты оның мінез өзгешеліктерінің қалыптасу, өзгеру жолдарын да аңғартып отырады. Осы арқылы жыртқыш аңдарда болатын психологиялық өзгешеліктерді танытады. Көксеректің қолға үйренбеуі жас оқушыны ойға қалдырады. Оның асырауға көнбеу себебінің неге байланысты екені балалар үшін жұмбақ. Осының себебін білу – балалар үшін өмір танытарлық сабақ. Көксеректің қолға үйренбеу себебі оның жаратылысына байланысты екені бірте-бірте айқындала бастайды. Құрмаштың трагедиялық өлімі жас баланың көңілінде жақсылықтан басқаны ойламаған аяулы адал жанның бейнесін қалдырады. Әңгіме соңында кемпірдің қасқырды басқа тебуі – жай тебу емес. Бұл – шығарманың ширыққан, шешім тапқан тұсы.
М.Әуезовтің 20-30 жылдардағы ізденістері «Қараш-қараш оқиғасында» тиянақталған. Бұл повестің де балалар әдебиетінде орны бар. Алғашқы прозалық шығармалары – «Қорғансыздың күніндегі» Ғазизаның, «Жетімдегі» Қасымның құнын қуған ешкім жоқ. Бәрінде де зорлықшыл бар, күрескер жоқ. «Қараш-қараш оқиғасы» повесінде күрескер бар. Повеске Т.Рысқұловтың әкесінің басынан өткен оқиға арқау болған. М.Әуезов Ташкент қаласындағы Орта Азия университетінің дайындық курсында оқи жүре «Шолпан» журналында қызмет атқарады. Осы жылдары Т.Рысқұлов та Түркістан Республикасы Халық Комиссарлары Советінің Председателі қызметін атқара бастаған еді.М.Әуезов Рысқұлдың басынан кешкен оқиғаны Тұрардың өз аузынан талай рет құмарта тыңдаған. Ленинград университетінде оқыған студенттік жылдаында жазған «Қараш-Қараш оқиғасы» алғаш 1927 жылы «Жаңа мектеп» журналының(қазіргі «Қазақстан мектебі») бес нөмірінде басылады. 1969 жылы «Қырғызфильм» киностудиясы повестің негізінде режиссер Болат Шәмшиевтің қоюымен «Асуда атылған оқ» көркем фильмін жасап шығарды. Москвада өткен ҮІ халықаралық кинофестивальда(1969) бірінші орынға ие болды. Қалихан Ысқақов пен Әкім Таразм осы «Қараш-Қараш оқиғасы» негізінде «Таң қараңғысы» деген екі бөлімді драмалық пьеса жазды. Повестегі Бақтығұл - өмірдегі Рысқұл Жылқыайдарұлы. Бұл кісі қазіргі «Красная Звезда» колхозының Жданов атындағы бөлімшесінде(Шымкент уезінің Майлыкет болысы) туып-өскен. Жамбыл облысы, Талас ауданында нағашылары жақта 1907 жылдары ауырып дүниеден қайтады. Тектіғұл – Молдабек Жылқыайдарұлы, Жарасбай – Саймасай Үшкеміров, Сейіт – Т.Рысқұлов, Бәтима – Түйметай Рысқұлова, Қатша – Ізбәйшә Қорғанбайқызы, орыс досы - - Жиряков Николай, Апанас – Александр Бронников, Сары руы – Сәлік руы, Шалқар болысы – Талғар болысы, Қараш асуы – Қараш асуы, Талғар өзені – Талғар өзені. «Қорғансыздың күні», «Жетім», «Көксерек» әңгімелері, «Қараш-қараш оқиғасы» повесі алдымен үлкендерге арналып жазылғанын естен шығармау керек. Әйтсе де бұл шығармалардағы жазушының бала психологиясын беру шеберлігі – балалар өмірін игерудегі алғашқы баспалдақ екені даусыз.
Достарыңызбен бөлісу: |