«Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»



бет9/13
Дата23.10.2016
өлшемі2,54 Mb.
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13

Негізгі әдебиеттер:

1.Ахметов Ш. Ќазаќ совет балалар єдебиеті. –Алматы: Мектеп, 1976.

2.Ахметов Ш. Ќазаќ балалар єдебиеті тарихыныњ очерктері. –Алматы:

Мектеп,1965



Қосымша әдебиеттер:

  1. Ќирабаев С. Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері. –Алматы: Білім, 1995.

  2. Байменшин С. Майлының Бейімбеті. Алматы. Білім. 1994.

  3. Сарбалаев Б. Бейімбет Майлин. А.Мектеп. 1988.

  4. Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті. А. Білім. 1998.

  5. Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. Астана. 2002.

4 Модуль. Қазіргі балалар прозасы мен драматургиясы.
12-ДӘРІС

1940-50 жылдардағы (соғыс кезеңі мен онан кейінгі жылдардағы) балалар әдебиеті


1.1940-50 жылдардағы балалар әдебиетінің дамуы.

2. С.Бегалин

3. М.Иманжанов

  1. 1940-50 жылдардағы балалар әдебиетінің дамуы.

Қазақстан Кеңес Одағының құрамында 1941-1945 жылдары фашистік Германияға қарсы соғысқа қатысты. Бұл соғыс жалпы Одақ үшін де, оның қол астындағы халықтар үшін де ауыр кезең болды.

1. Кеңес Одағының Еуропалық бөлігінен көптеген зауыттар мен оқу

орындары, соғысқа жарамайтын халық Қазақстанға көшірілді;

2. Ер адамдар майданға кетіп, жұмыстың ауыртпалығын әйелдер

мен жас балалар және қарттар көтерді.

Әдебиет алдына төмендегідей міндеттер қойылды:

1. фашизмнің басқыншы саясаты мен жауыздығын әшкерелеу,

2. халықты кек алуға шақыру;

3. майдандағы ерлердің ұнамды бейнелерін жасау;

4. елдегі ерлердің ұнамды бейнелерін жасау;

5. майдандағы және тылдағы ерлерді көпке үлгі ету.

Бұл міндеттер әдебиеттің көркемдік бағытына бірсыпыра нұқсан келтірді. 1-шіден, қаламгерлер бұрыннан жазып жүрген, әбден зерттеп білген тақырыптарын тоқтатуға мәжбүр болды. 2-шіден, төтен тақырыпқа құлақ асуға мәжбүр болды.

1941 жылы маусым айында «Балалар әдебиеті» журналының соңғы саны шықты.

Қолдарына қару алып майданға аттанған қаламгерлер А.Гайдар, Л.Кассиль, С.Михалков, Л.Пантелеев, В.Катаев т.б. болды. 1941 жылдың күзінде А.Гайдар қаза тапты. Соғыс кезіндегі қазақ әдебиетін жасауға қазақ қаламгерлердің барлық ұрпағы қатысты. Бұл кезде елде С.Мұқанов, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ғ.Орманов, А.Тоқмағамбетов, Ә.Тәжібаев, Ш.Хұсайынов, Ә.Әбішев, М.Хакімжанова, М.Иманжанов еңбек етті. Т.Жароков, Ж.Саин, Ә.Сәрсенбаев, Д.Әбілов, А.Жұмағалиев, Қ.Аманжолов, Қ.Әбдіқадыров, Қ.Бекхожин, Б.Бұлқышев, Б.Момышұлы, С.Омаров, С.Мәленов, Х.Ерғалиев қолдарына қару алып, майданға аттанды.

Балалар үшін ең жақсы классикалық туындылар мен кеңестік дәуірдегі кітаптар, бірінші кезекте кеңестік Ресейдің өткені жөніндегі кітаптар бірнеше мәрте басылып шықты. Соғыс кезінде орыс аңыздары, Пушкиннің «Полтавасы», Лермонтовтың «Бородиносы», Гогольдің «Тарас Бульбасы», Л.Толстойдың «Севастополь әңгімелері», Фурмановтың «Чапаевы», Серафимовичтің «Железный поток», Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты?» және т.б. кітаптар жарық көрді.

Қиын-қыстау кезеңдегі халықтың күрделі қат-қабат өмірі әдебиеттің барлық жанрлық түрлерінде көрініс тапты: лирикалық өлеңдер, публицистикалық мақала, очерк, қысқа әңгімелер, поэма, баллада, повесть, ал кейіннен тіпті романдар пайда бола бастады. Бір жанр элементінің екіншісінен көрінуі, әр қилы әдеби жанрлардың өзара кірігуі байқалды. Лирика публицистикалық сипатта көрінсе, эпос лирикалық қасиетпен ерекшеленді. Отан қорғауға аттанған солдат туралы өлең, поэмалар 2 түрлі үлгіде жазылды: 1-шісі, жалпы жауынгерге тән сипаттарды біріктірген жиынтық бейне болса, 2-шісі, нақты аты белгілі қаһарманның ерлігін көрсетуге арналды. Соғыс кезінде ерекше көзге түскен майдан батырлары Б.Момышұлына, М.Ғабдуллинге, М.Мамыраевқа, Ә.Молдағұловаға, М.Мәметоваға, Т.Тоқтаровқа, Н.Әбдіровке т.б. арналған өлеңдер негізінен олардың ерлік жолының нақты фактісіне құрылады. Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз», Қ.Бекхожиннің «Жиырма сегіз», Д.Әбіловтің «Майданбек», М.Хакімжанованың «Мәншүк»(1945), Қ.Сатыбалдиннің «Әлия», І.Есенберлиннің «Сұлтан» поэмалары соғыс майданы шындығын нақты деректер шеңберінде жырлауға құрылды.

Балаларға арналған драматургия, фантастика, ғылыми-көпшілік әдебиет, жасы кіші балаларға арналған түрлі кітапшалар - осының бәрімен де балаларды балалар баспасы қамтамасыз етіп отырды. Соғыстан кейінгі жылдарда қазақ балалар драматургиясы жанданды. 1945 жылы Алматыда «Жасөспірімдер театры ұйымдасты. Театр 1946 жылы бірінші рет М.Ақынжановтың «Алтын сақа» пьесасымен ашылды. 1948 жылы М.Иманжановтың «Жас өмір» пьесасы қойылды. Жасөспірімдер таетрының репертуары М.Ақынжановтың «Ыбырай Алтынсарин», Ш.Хұсайыновтың «Көктем желі», «Алдар Көсе», «Есірткен ерке», «Біздің Ғани», Қ.Сатыбалдинның «Аягөз ару», Р.Райымқұлов пен Қ. Исабаевтың «Ашынған жандар» пьесаларымен толыға түсті.

Балалар мерзімді баспасөзі ел өміріндегі маңзды оқиғаларға ұйымшылдықпен үн қосып отырды, мектеп, пионер өмірі жайында хабарлаумен болды. «Пионер»(1925 жылдан «Пионер», кейін «Ақ желкен» балалар мен жасөспірімдердің республикалық журналы аталды), «Дружные ребята», «Мурзилка» журналдары шығып тұрды. Біраз үзілістен соң Ленинградтық «Костер» журналы шықты. Свердловскіде 1942 жылдан балаларға арналған «Боевые ребята» альманағы шыға бастады. 1958 жылдың шілдесінен бүлдіршіндер мен сәбилерге арналған «Балдырған» журналы жарық көре бастады.

Соғыс кезіндегі және соғыстан кейінгі кезеңдегі қазақ кеңес балалар әдебиетінің көтерген мәселесі –соғыс зардаптары салдарынан өздерінің балалық, жастық шағын жоғалтқан балалар, жастар тағдыры жайлы болды. Үш жүйеде өріс алды: біріншіден, жау тылында партизандармен бірге жүріп Отан үшін алысқан, ерлік көрсеткен, көп қасірет шеккен жасөспірімдер мен балалар ерлігі, олардың тағдыры сөз болды. Екіншіден, Ә.Молдағұлова, М.Мәметова, Б.Бұлқышев сияқты жастардың ерлігі жайлы туындылар өріс алды. Үшіншіден, майданды қарумен, жылы киіммен, азық-түлікпен қамтамасыз етіп тұрған тылдағы ата-аналар мен балаларға арналған еді. 1940-1960 жылдар аралығында әдебиет әлеміне келген дарындар көркемдігі жағынан еленуге тиісті шығармалар бергенін жоққа шығаруға болмайды.

Соғысқа қатысқан жас жазушы Б.Бұлқышев өзінің «Заман, жастар, біздікі», «Жауыздық пен махаббат», «Өмір мен өлім туралы», «Мен өмір сүргім келеді», «Шығыс ұлына хат» сияқты публицистикалық еңбектерінде майдандағы жас адамның жүрек тебіренісін әңгімеледі. Туған жерін сүйе білген азаматтың дұшпанға деген кегі де, замандасына арнаған өмір туралы сыры да осы мақалаларда қамтылған. Б.Бұлқышевтің «Жүріп келе жатырмын»(1941), «О, ерлер-ау, ерлер-ау»(1941) өлеңдеріндеггі Махамбет толғауларының сарынын бірнеше арнада қарастырамыз: 1-ші, Баубек пен Махамбет өлеңдеріндегі идея бірдейлігі тұрғысындағы үндестік. 2-ші, екі ақын жырларындағы кейбір сөз қолданыс ортақтығына байланысты ұқсастық, 3-ші, көтеріңкі пафостық, жігерлі үннің болуы. Екінші дүниежүзілік соғыс ХХ ғасырдың бел ортасындағы тарихи оқиға болса, сол тарихи жағдай Б.Бұлқышевтің көптеген шығармаларын, соның ішінде өлеңдерін де өмірге әкелген фактор деп айта аламыз. Қ.Әбдіқадыровтың «Жетім құлын», Ғ.Ормановтың «Бөбек жүрегі» деген өлеңдерінде майдан өмірінің аянышты суреттері бейнеленіп көрестіледі. Екі рет батыр атағын алған Т.Бигелдиновтың ерлік өмірінен жазылған С.Бақбергеновтың «Талғат», Жекен Жұмақановтың «Әлия Молдағұлова» повестері басылып шықты. Ә.Шәріповтың «Партизан қызы» повесі жарық көрді. С.Мұқановтың Мәншүк Мәметоваға арнап жазған «Батыр қыз» әңгімесі(1944) балаларды патриотизм рухында тәрбиелеуде елеулі роль атқарды. Жамбылдың балаларға арналған өлеңдерінің басты міндеті өз ұрпақтарының патриоттық рухын көтеру болды. Жамбылдың «Шәкірт балаларға», «Атаның әлдиі», «Ленинградтық өрендерім», «Балама хат», «Жеңіс жырын жырлаңдар», «Жаңа жыл сәлемі», «Жүз жасаған жүректен», «Өнердің өсуі», «Балаларға», «Жастық жыры», «Бесік жыры» т.б. өлеңдері балалар әдебиетінен өзіндік орынға ие болды.

Отан соғысы жылдары қазақ кеңес балалар әдебиетіндегі соны тақырып, ол – жау тылындағы партизандар қимылы туралы болды. Бұл тақырыпты әдебиетке енгізген екінші дүниежзілік соғыс жылдарында жау тылында, Украина жерінде басқыншыларға қарсы құрылған астыртын ұйымның жұмысына қатысып, кейіннен партизандар қатарында болған Қасым Қайсенов еді. Украина жерінде ол 1942 жылы Чапаев атындағы партизан құрамасының үшінші отрядын басқарады. Партизан отрядының сапында Украина, Молдавия, Чехословакия мен Румынияда фашистерге қарсы арпалысады. 1955 жылы «Илько Витряк», 1957 жылы «Переяслав партизандары» және 1959 жылы «Ажал аузында» деген очерктер жинағын шығарды. 1960 жылы «Жау тылындағы бала» атты көлемді повесть жазды. 1963 жылы «Днепрде» кітабы жарық көрді. Қ.Қайсеновтың жоғарыда аталған үш кітабындағы оқиғалар Украина, Чехословакия жерлерінде болған.

Партизандар жау тылының алыс түпкірлерінде жүріп, ірі шайқастар жасайды. Олар жаудың мүлде күтпеген жерінен тұтқиылдан шығады. Жауынгерлер фашизмге қарсы күресте олардың басым күштеріне үздіксіз тойтарыс беріп отырады. Партизандар оқ-дәрі мен қару-жарақтар тиеген эшелондарды қиратып, жаудың гарнизондарына шабуыл жасайды, әлденеше қоймаларын өртеп жібереді. Партизандардың үздіксіз шабуылдарының нәтижесінде неміс фашистерінің түрмелеріндегі, азап лагеріндегі тұтқында жатқан кеңес солдаттары мен офицерлері, бейбіт адамдар құтқарылады. Қ.Қайсенов шығармаларында соғыс күндерінің осындай қиян-кескі кезеңдері суреттеледі. Оқиғаның барлық желісі бастан-аяқ жазушының өз атынан баяндалады. Шығармалары кейіпкерлерінің мақсаты – фашизмнің күлін көкке ұшырып, бейбіт өмір орнату.

Ғ.Мүсіреповтың «Қазақ солдаты» романы - қазақ әдебиетіндегі әскери тақырыпқа жазылған алғашқы шығармалардың бірі. Шығарманың бас кейіпкері - өмірде болған адам. Ол – Керчь, Қырым майданындағы көзге түскен барлаушы, Қайрош Сарталиевтің прототипі Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұлов. Бастапқыда Қайырғали Смағұловтың ерлігін очерк желісі етті. Кейін бұл шағын повеске, одан романға айналды. 1945 жылы «Қазақ батыры» деген атпен «Майдан» альманағында повесть түрінде жарияланды. Ғ.Мүсіреповтің бұл повесі «Қазақ солдаты» романына дайындығы іспетті.

Бірнеше жыл өткеннен кейін жазушы орыс әдебиетіндегі Ұлы Отан соғысы тақырыбына жазылған туындылардың тәжірибесін үйреніп, кейіпкерлермен қайта кездесіп және жұртшылық сынын ескере отырып, бұл шығарманы түгелдей жазып шықты. Шығарманың толықтырылған жаңа нұсқасы 1949 жылы «Солдат из Казахстана» деген атпен орыс тілінде жарық көрді. Келесі жылы «Қазақ солдаты» деген атпен қазақ тілінде роман болып басылып шықты.

Ғ.Мүсірепов өмірдегі Қайырғалиды повеске, романға сол күйінде көшіре салмаған. Көркем шығарманың негізгі объектісі – адам. Көркем образ жасалмаған жерде шығарма құрғақ фактілер тізбегіне айналады. Ұлы Отан соғысы кезіндегі халық басындағы ауыртпалықты жеке кейіпкерлер тағдыры арқылы көрсету мақсатында жазушы әрбір оқиғаны жалаң баяндамай Қайроштың көкірек көзінен өткізуге, сол арқылы характерлердің арақатынасын ашуға ұмтылады. Автор романда Қайрошты типтеніріп, біртұтас тұлға жасауға көп көңіл бөлген.

Балалар әдебиетінің дербес әдеби жанр ретінде есеюі мен оның тұрақты маман кадрларының жиналуы Ұлы Отан соғысынан кейінгі мезгілге жатады. Балалар прозасының да, поэзиясының да профессионалды дәрежеге көтерілгені - осы кез. Соғыстан кейінгі жылдары балалар әдебиеті саласында ғылыми-зерттеу жұмысы кең қанат жайды. Кеңес балалар әдебиеті баспасы жанынан Балалар кітабы Үйі ашылды. Бұл лаборатория әдістемелік және библиографиялық құралдар шығаруды жүзеге асырды. 1952 жылдың сәуір айында балалар әдебиеті бойынша Бүкілодақтық мәжіліс(совещание) өткізілді. Кеңес балалар әдебиеті сыны дамуындағы жаңа кезең 50-жылдардың ортасынан басталды. 1953 жылдан бастап Балалар кітабы Үйі кеңес балалар жазушылары жайында сын-библиографиялық очерктер сериясын шығара бастады. 1966 жылы «Балалар әдебиеті» журналы өз жұмысын қайта жандандырды.

Бұл тұста Қ.Әбдіқадыровтың «Амантай», С.Бегалиннің «Көксегеннің көргендері», «Сәтжан», М.Иманжановтың “Алғашқы айлар” шығармалары пайда болды. Ө.Тұрманжановтың шығармалары жарық көрді. Соғыс тоқтасымен партия әдебиеттің алдындағы міндеттерін әлеуметтік істермен байланысты белгіледі. Соғыстың ауыртпалығын көтеріп келіп, бейбіт еңбекке араласқан адамның өмірі мен еңбегін көркемдікпен суреттеу талабы қойылды. Балалар әдебиетінің бұл жылдардағы қамтыған ең күрделі тақырыптары бала тәрбиелеудегі отбасы мен мектеп ролін көрсету болды. Балаларды еңбек тәрбиесіне баулу мақсаты көзделді, мектептің өмірмен байланысын нығайту мәселесі қойылды. Осындай талаптарға байланысты соғыстан кейінгі жылдарда жазылған шығармаларда кеңес мектебінің өмірі көп орын алып, оның ішкі мәні, идеялық-тәрбиелік процестік өзгешеліктері, мектептің өмірмен байланысы, мектептегі пионер, комсомол ұйымдарының жұмысы кеңінен суреттелді. С.Бегалиннің, Ө.Тұрманжановтың, М.Иманжановтың, С.Бақбергеновтың, С.Сарғасқаевтың, Б.Соқпақбаевтың, М.Гумеровтың шығармалары кеңінен қанат жайды.

С.Мұқанов «Балуан Шолақ»(1940-41), «Бақташының баласы»(1953) шығармаларын жазды. «Балуан Шолақ» - 20-шы ғасыр басында тіршілік кешкен, өзі көзімен көрген аяулы өнерпаз өмірінен жазылған шығарма. «Бақташының баласы» повесі «Қазаға ұшыраған құнан», «Қақпандағы қасқыр», «Аянышты лақ», «Жаралы құлын», «Бөлтіріктер», «Көк шолақ», «Аңды аң жеңеді» деген жеті бөлімнен тұрады. Повестің бас кейіпкері - он жасар Жандос. Бақташының баласы мал жайын, әр малдағы мінез өзгешеліктерін жақсы біледі. Жазушы бас кейіпкердің мінезін, батылдығы мен адамгершілігін қиын-қыстау қауіпті сәттерде сынайды. С.Мұқанов аударма саласында да еңбектенді. Навтедждің «Балалар»(1953), В.Осееваның «Васек Трубачев және оның жолдастары»(3-кітабы, 1955), шығармаларын қазақ тіліне аударды.

2. М.Иманжанов. Жазушы М.Иманжанов 1916 жылы 20 желтоқсанда қазіргі Желтоқсан облысы Жезді ауданында туған. Алматыдағы есеп-санақ техникумында(1935-38) оқыды. 1938-48 жылдары Республикалық радио хабарлар тарату комитетінде, 1942-49 жылдары «Социалистік Қазақстан»(қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қызметкер, бөлім мегерушісі, 1949-58 жылдары «Пионер»(қазіргі «Ақ желкен») журналында бөлім меңгерушісі қызметінде болды. Тұңғыш әңгімелер жинағы «Жастық» деп аталады(1948). «Алғашқы айлар»(1950), «Таныс қыз»(1952, 1972) әгімелері мен романы шықты. «Тыңдағылар»(1956) әңгіме және очерктер жинағы басылды. «Көк белес»(1960) романы, «Өркен»(1980) атты мақалалар, естеліктер кітабы жарық көрді. Балаларға арналған әңгімелері «Шаңғышылар» деген атпен шықты. Драматургия саласында да жемісті еңбек етті. «Жас өмір»(1948), «Менің махаббатым»(1954) повесі мен пьесалар жинағы жарық көрді. «Сөнген шам»(1957) сатиралық комедиясын жазды. 1958 жылы 18 наурызда қайтыс болды.

Шығармалары. Әдеби творчесвосын соғыстың қиын кезеңінде бастайды. Саналы өмірін баспасөз маңында өткізді. «Социалистік Қазақстан» газеті редакциясында әдеби қызметкер, кейін әдебиет бөлімінің меңгерушісі болды. Денсаулығына байланысты өзі сұранып «Пионер» журналы редакциясына бөлім басқаруға ауысады. М.Иманжановтың тәлім-тәрбиесін көрген балалар қаламгерлері: Б.Соқпақбаев, М.Әлімбаев, С.Сарғасқаев, Қ.Мырзалиев, Ә.Дүйсенбиев, Қ.Ыдырысов, С.Баязитов, Н.Сералиев т.б. Шығармашылығының ерекшеліктері:

1.М.Иманжанов туындыларына өмір сүйгіштік рух, пафос, сыршылдық тән. Бұл жағынан С.Ерубаев пен Б.Бұлқышевтің өмір сүйгіштігін, бақыт пен ерлікті жырлайтын романтизмін жалғастырды. Сол замандастары тәрізді Мұқан да өмір туралы, бақыт, ерлік жайында толғанды, көп жазды. Ол ерлікті жалаң патетика емес, адам бойындағы игі сезімдердің, намыстың, азаматтықтың көрінісі деп таныды. Оның шығармаларынан сезім байлығы мен романтикалық көңіл күйі қатар орын алады. Ол балаларға арналған шығармаларын Отан соғысы тақырыбынан бастады. “Шал”, “Ақша”, “Бала қаны”, “Даладағы от”, “Жыртық дәптер”(1945), “Адам туралы аңыз”(Қ.Жармағамбетовпен бірігіп жазған) әңгімелері 1942-1945 жылдары жазылған.

2. М.Иманжанов әңгімелерінің кейіпкерлері қарапайым жандар, тігінші, сауыншы, троллейбустың кондукторы, телеграфшы болып келеді. Олардың бәрі өз қызметінде қоғамдық пайдалы іске үлес қосады. Бүлдіршіндер үшін істелген және істеліп жатқан игі істер сөз болады, бөбектердің өмірі суреттеледі. “Жол үстінде”(1948), “Ораз бен Боря”(1948), “Кітап”(1949), “Жас шебер”(1950), “Талап”(1951), “Бөбек”(1951), “Кішкентай көрші”(1951), “Коммунизм мүйісі”(1951),“Кондуктор”(1952), “Қорқақ”(1954), “Бес”(1954) әңгімелері баланы оқуға, алдағы зор мақсаттарға ынталандыру, еңбекке, іске үйрету, олардың өрісті талабын шыңдай түсу мәселелеріне арналды. 1948-1952 жылдар аралығында жазған осы әңгімелерінде жазушы балалардың ішкі жан-дүниесіне еркін бойлайды. Шығарма кейіпкерлері - өмір қозғалысына сай қимыл жасайтын оптимист балалар. Олар өздерін үлкен өмірдің кішкентай кірпішіндей сезінеді.

3. М.Иманжанов өз шығармаларында мектеп жұмысын өндірістік оқумен, өмірмен тығыз байланыстыра жүргізу мәселесін көтереді. «Алғашқы айлар» повесінің(1950) әдебиет әлемінде принциптік жаңалығы болды. Шығарма бастапқыда «Ауыл мұғалімі» деген атпен «Пионер» журналында басылды. М.Иманжанов «Алғашқы айлар» повесінде ауыл мұғалімінің өмірі туралы жазды. Мектеп мұғалімерінің әр алуан мінезін бейнеледі. Жақыпбек мұғалімнің іскерлігін, табандылығын үлгі етеді. Жақыпбектің белсенді іс-әрекеті ауыл мәдениетін көтеруге, мектептегі оқу-тәрбие жұмысын жақсартуға жұмсалады. Ол мектеп пен өмірдің байланысын көтеру, балаларды еңбекке баулу ісіне бастамашы болды. Мектеп пен отбасы, мектеп пен колхоз арасындағы байланыс жайы әңгіме етіледі. Автор мектеп жұмысының өмірмен тығыз байланысты болуы оқушылардың білімін тиянақты, тұрақты ететінін және оларды іскер азамат етіп шығаруға баулитынын дәлелдеп берді. Оқу процесімен қатар балалық шақтың алуан түрлі сәттері, бала психологиясындағы ерекшеліктер шынайылықпен көрсетіледі.

4. М.Иманжанов өз шығармаларында адам деген ұлы атты ардақтауды, оның бай сезім күйін жазды. Жазушылық пафосы мен творчествосының өміршең рухы жағынан М.Иманжанов Саттар Ерубаев пен Баубек Бұлқышевке ұқсайтын еді.

3. С.Бегалин. Қазақ жазушысы, балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі С.Бегалин 1895 жылы 24 қарашада бұрынғы Семей облысы, Абай ауданы, Дегелең ауылында дүниеге келген. 1915 жылы Семей қаласындағы орыс-қазақ училищесін бітірген. 1916 жылы майданның қара жұмысына алынған. 1929-1935 жылдары Дегелең болыстық атқару комитетінің председателі, Қарқаралы уездік атқару комитетінің мүшесі, бөлім меңгерушісінің орынбасары, аудандық халық судьясы болған. 1935-1956 жылдары «Темір жолшы» газетінде, Қазақ Ғылым Академиясының тіл және әдебиет институтында, Қазақстан Жазушылар Одағында жұмыс істеген.

С.Бегалин әдеби шығармашылығын өлең жазудан бастаған. «Қазақ бозбалаларына» деген алғашқы өлеңі 1914 жылы «Айқап» журналында басылады. Қазақ халқының ауыз әдебиеті үлгілерін жинап бастыру саласында пайдалы еңбек етеді. Халық ақындарының өмірі мен шығармашылығын зерттейді. И.Байзақов, Д.Әлімбаев, Ш.Қошқарбаев, Қ.Терібаев, Т.Көлтіков сияқты халық ақындарының шығармаларын бастырады. 1946 жылы «Жамбылдың ата-тегі, өмірі» атты ғылыми монографиясы жарық көреді. Т.Шевченко, А.Пушкин, М.Лермонтов өлеңдерін, Д.Мамин-Сибиряк, Л.Соловьев әңгімелері мен повестерін қазақ тіліне аударады. С.Бегалиннің 50-ге жуық өлеңіне ән шығарылған. Жазушының әр жылдары жарық көрген кітаптары: «Қыран кегі»(1943), «Сәтжан»(1947, 1973,1978), «Көксегеннің көргендері»(1948), «Жас ұрпақ»(1953), «Цимлян теңізі»(1953), «Ермектің алмасы»(1955,1985), «Таңдамалы»(1956), «Жеткіншектер»(1960), «Мектеп түлектері»(1961), «Сыр қайнары»(1963), «Шоқан асулары»(1971, 1996), «Қыран туралы аңыз»(1976), «Екі томдық шығармалар»(1979) және т.б. 1975 жылы С.Бегалиннің «Заман белестері» атты романы жарық көреді. Романдағы оқиғалар нақтылы өмір шындығына негізделген. Мемуарлық туынды автордың 1910-1928 жылдар аралығында көзбен көріп, бастан кешкен оқиғаларын баяндайды. С.Бегалин 1983 жылы 5 сәуірде қайтыс болды.

С.Бегалиннің балаларға арналған әңгімелері мен повестерін тақырыбына қарай Ш.Ахметов бес топқа бөледі. Аңшылық, мал шаруашылығы, мичуриндік агробиология тақырыбындағы шығармалары, тәрбие мәселесін көтеретін және екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі тыл мен майдан өмірі туралы туындылары. «Сәтжан» повесі. Жазушы соғыс жылдары қызмет бабымен Аягөз ауданына барады. Сол жақта ителгі асырап, саятшылық жасайтын Сәтжан деген баламен танысады. Повесть осы кездесуден соң жазылады. Сәтжан бейнесі талапты баланың іс-әрекетін көрсетуге арналған. Мектеп оқушысы Сәтжан жазда колхоз бұзауын бағады. Аңшы атасы Серікбайға еліктеп, құсбегілікпен айналысады. Табиғат тағысы қыран құс ителгіні үйретеді. Тау қыранымен аң аулайды. Сәтжан туған өлкенің сыр-сипатымен танысады. «Таңбалы тастағы» әр алуан суреттер мен тастар Сәтжанды үлкен ойға қалдырады. Талапты бала аңшылықты өлкетану ісімен байланыстырады. Сәтжан алдында аңшылық өнерден жоғары мақсат пайда болады. Оны қиясына қыран, қыналы бетіне тарих ұялатқан зәулім жартастар құпиясы қызықтыра бастайды. Повесть балаларға арналған әдебиеттің Бүкілодақтық конкурсында жүлде алады. Орыс, армян, азербайжан, өзбек, корей т.б. тілдерге аударылады.

«Бала мерген» повесіндегі Уаш әке жолын қуып аңшы атанады. Әкесі соғысқа кеткенде үй іші тірлігін арқалап қалады. Повесть «Таныстыру», «Алғашқы елік», «Сілеусін», «Қалаумен барып қасқыр атқаны», «Аюмен жекпе-жек», «Таутеке жорығы» деп аталатын тараулардан тұрады. Шығарма кейіпкерлері – он төрт жасар Уаш, укесі Нұрқасым, шешесі Әймен, милиция бөлімшесінің бастығы Исаев, Ыбырайым қарт, Жанжігіт атай, Қалиев, Чугунов, Мұқан, Уаштың қарындасы Дариға. Повесте жер-су атаулары мол: Сарнлй өлкесі, Қырық құдық белдеуі, Алтай тауы, Сарымсақты өлкесі, Қоскемпір биігі, Тазқара биігі, Үлкен Нарын, Балтақалған тауы, Текше тауы, Шыбынды бұлақ, Сармойын құздары, Ақжар биігі т.б.

«Көксегеннің көргендері» повесіндегі Көксеген – маралшы бала. Ол дала сырын жақсы біледі. Оның далада көргендері – замандастары үшін таңғажайып хикая. Көксеген көп нәрсені көреді, ойға түйеді, көкірегіне байлайды. Көргендері мен түйгендерін жас оқырмандармен бөліседі. Повесте аңшылық кәсіп, жер, егін шаруашылығы өзара байланыста әңгімеленеді. Шөп шабуға шыққан балалар табиғат құбылыстарымен танысады, аңшылықтың қыр-сырын танытатын тосын оқиғаларды бастан кешіреді.

«Шопан даңқы, «Төлбасылар», «Сұрапылда», «Керкиік», «Будан», «Қозышы Нұрман», «Жылқышы» әңгімелерінің тақырыптары – мал шаруашылығы. Мектеп балалары оқуды мал бағумен тығыз байланыстыра жүріп, өмір таниды. Тәжірибелі шопандардың жұмысын балалардың алдына үлгі етеді.

«Жас бұтақ» әңгімесінде Жұмақан деген бала өзі өсірген апорт алмасын Артекте танысқан достарына жібереді. «Қант бұршақ» әңгімесіндегі Зуфар Артектегі достары арқылы қант бұршақ ұрығын алдырады, оны өсіреді. «Мектеп бағында» әңгімесінің кейіпкері Ерден ағаш отырғызумен айналысады. Аталған әңгімелерде жолдастық, достық, қоғамдық еңбек мәселелері көтеріледі.

С.Бегалиннің бірсыпыра әңгімелері ерке балалар қылықтарын әшкерелейді. «Сымбатты Сима» әңгімесіндегі Сима – еңбек етуге құлықсыз жан. Сабаққа да атүсті қарайды. Өзгені менсінбейтін тәкаппарлығы және бар. Әңгімеде баланың тәрбиесі ата-анаға тікелей байланысты деген ой айқын. «Жаңғалақ» повесінде тентек баланың түзу жолға түсуі, тәрбиеге көнуі оқиға желісіне алынған. Жаппарбек деген бала жаңғалақтығынан тосын оқиғаларға тап болып жатады. Содан Жаңғалақ атанады. Қаладағы қазыналық оқудан демалысқа Дойырбай келеді. Жаңғалақ Дойырбайға ілесіп қалаға кетеді. Жаңа мектепте жетістіктерге жетеді. Фабрика-заводтар үшін мамандар даярлайтын мектепке қабылданады. Қазақ баласының оқуға деген құштарлығын ояту, оқу-білімге шақыру және бұзықтық, тентектіктің өрге бастырмайтынын аңғарту – шығарма идеясы.

Соғыстан кейінгі жылдардағы балалар әдебиетінің негізгі тақырыптары тыл мен майдандағы ерлік істер жайында болды. Соғыс жылдарында 11-14 жастағы балалар ересек адамның барлық жұмысын атқарды. Арбамен астық, пішен тасыды, мақта терді, қызылша тазалады, бұзау бақты, жылқы қайырды, есепші болды. Бұл жастағы балалар майданда ерекше маңызы бар тапсырмалар орындайды. С.Бегалиннің тыл мен майдан өміріне арналған шығармалары нақтылы оқиғаларға құрылды.

Тарихта есімі қалған тұлғалар жайындағы биографиялық шығармалар да – балалар әдебиетінің мұрасы. Соғыстан кейінгі балалар әдебиетіндегі көрнекті қайраткерлер туралы шығармалардың қатарында С.Бегалинның «Шоқан асулары» повесі де бар. Алғаш 1964 жылы «Жазушы» баспасынан «Бала Шоқан» деген атпен жарық көрді. Толықтырылып 1971 жылы сол баспадан, 1976 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрді. Повесте Ш.Уәлихановтың балалық шағы, кадет корпусында оқыған жылдары, ғалым атанған кезі кеңінен қамтылған. Жазушы ғалым есімін Семейде оқып жүрген кезінде естиді. Кітапхана, архивтерден Шоқан жайында материал жинайды. Ғалымның туыстарымен әңгімелеседі. «Шоқан асулары» повесінде автор беймезгіл заманда туып, заманның қыспағына түскен, жарқын талантымен, алғырлығымен қараңғы түнекті жарып өтуге ұмтылған адамның өмірін, балалаық, жастық шағын нанымды әңгімелейді.




Уату-алдарқату жырлары(потешки).
Негізгі әдебиеттер:
Сөж тапсырмалары және сөж бойынша әдістемелік нұсқаулар

Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған
umkd -> 5 в 011700 : -«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу