БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНІҢ ҚАЛЫПТАСУ, ДАМУ ЖОЛДАРЫ
Фатулаева Ұ.М.
«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының студенті
Ғылыми жетекшісі, ғылым магистрі А.Ж. Байболова
Балалар әдебиеті - әдебиетіміздің өскелең бір саласы. Оның өзіндік өсу, өркендеу жолдары бар. Басында жалпы әдебиетпен бірге дамып, толысып келген балалар әдебиеті ХІХ ғасырда өз ерекшеліктерімен дербес күйге жетті. Балалар әдебиеті тәлім-тәрбие, білім беретін өмір оқулығына айналды. Балалар әдебиетінде оптимизм басым. Сары уайым, қайғы шер атымен кездеспейді. Бала біздің болашағымыз, өміріміздің жалғасы болғандықтан, олар егеменді ел құрылысына қажырлы күш жұмсайды. Балалар әдебиетіндегі басты қасиеттердің бірі оларды ер жүрек, өз отанының патриоты болуға жетелейтін, өнеге беретін батыр, адал адамдардың образын жасау.
ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін қазақта балалар әдебиеті деген ұғым бола қойған жоқ. Оған қарап, қазақта балаларға арналған рухани қазына жасалмаған екен деп ойлауға болмайды. Қазақтың бай ауыз әдебиеті, халық әдебиеті, жыраулар поэзиясы – тұнып тұрған балалар әдебиеті. Қазақ балалар әдебиетінің түп атасы – Ыбырай Алтынсарин. Негізі ХІХ ғасырда қаланған балалар әдебиеті ХХ ғасырда С.Дөнентаев, С.Көбеев, Б.Өтетілеуов, Т.Жомартбаев шығармалары арқылы дамып, өрістеді. Жиырмасыншы жылдардың аяғында І.Жансүгіров, С.Мұқанов, Ө.Тұрманжанов секілді қаламгерлердің тікелей балалар әдебиетімен шұғылдануы, өздерімен бірге қаламдастарын тартып, көптеген мәселелерді ортаға салып, ойласып шешуі - әдебиеттің бұл саласына ерте назар салына бастағанын аңғартады.
М.Әуезовтің “Көксерек” философиялық әңгімесі, Ө.Тұрманжановтың “Құмырсқалар, аралар – қиыспас дос, құдалар” мысал-поэмасы, Б.Соқпақбаевтың “Менің атым Қожа” повесі қазақ балалар әдебиетінің табысына айналды. Қазақ ақын-жазушылары аталған шығармаларымен әлемдік балалар әдебиетінің образдық галлереясын жаңалады, жанрлық байлығын толықтырды дей аламыз [1].
С.Мұқанов, Ө.Тұрманжанов, С.Бегалин, С.Омаров секілді аға буын шығармаларынан ХХ ғасыр басындағы, сол жылдардағы балалар тағдырын табамыз. Бертінде Б.Соқпақбаев, С.Бақбергенов, Н.Серәлиев, О.Сәрсенбаев, М.Мағауин, М.Қаназов Отан соғысы жылдарындағы балалар өмірін бейнеледі. Әдебиетке жаңа буын келді. Олар әдебиеттегі кейіпкерді жаңалады. Әрбір жаңа буын өз өмірбаянын әкеледі әдебиетке. Демек, біз қазақ әдебиетінің жас буын шығармашылығымен таныссақ – жаңа буын өмірбаянымен табысуға, сырласуға тиісті екенбіз. Егер ол шығармалар балалар әдебиеті туындысы болса, міндет екі есе ауырлайды деген сөз. Өйткені, авторлардың бала шақта түйсінген өмір сыры, талғамы басқа, көркемөнер жөнінде байламы бөлек, ғылыми-техникалық прогресс қойнауында тіршілік кешіп отырған бүгінгі бала оқырманды шығарма ретінде сүйсіндіруі, түйсіндіруі, шарапатымен қозғауы керек қой.
Өкінішке қарай, қазақ балалар әдебиетіне деген ынта-ықылас кейін келе түрлі себептермен бәсеңдеді де, көкейкесті көп проблемаларын ортаға салып шешу үрдісінен жаңылып қалды. Балалар әдебиетінің ендігі халі жекелеген таланттар еркінде қалған еді. Сондықтан, қазақ балалар әдебиеті әдебиетке жігерлі, білімді таланттар келген сәттерде ғана ілгерілеп, көп ретте іркілумен келді. Солай дей тұрсақ та, қазақ балалар әдебиетінің өзіндік қызықты тағдыры, сан алуан проблемалары бар. Қазіргі қазақ балалар әдебиеті - орыс тіліне, орыс тілі арқылы әлем халықтары тіліне жүйелі аударылып, жұрт назарын жете аударып жатпағанымен, өз тілінде едәуір ілгеріліп өскен әдебиет.
Қазақ балалар әдебиеті – қазақ қоғамымен бірге туып, біте қайнасып келе жатқан рухани іргелі сала. Жас балалар өздерінің алғашқы кішкентай ойындарынан бастап-ақ үлкен кісілердің істеріне еліктейді. Жас баланың ой-арманы асқақ келеді. Олар да ұшқыш болып аспанда шарықтасам, суда жүзсем, түрлі машиналар ойлап шығаратын ірі конструктор болсам, мұғалім, ғалым болсам, космонавтар қатарына қосылып, солардай жер жүзін таң-тамаша етсем деп қиялданады. Қалай да тез өсіп үлкендер қатарына қосылуды, даңқты адамдардың қатарында болуды аңсайды.
Жасөспірімді дұрыс бағытқа сілтеп, сол үшін атсалысар - балалар әдебиеті. Балалар әдебиеті - жас буынның сана-сезімін оятып, ақыл дамытатын, оларды адамгершілікке тәрбиелейтін өмір оқулығы. Оның мақсаты - мектеп жасына дейінгі үш жасар баладан бастап, он алты жасқа дейінгі оқушыларға көркем әдеби тілде жазылған жоғарғы идеялық қызықты шығармаларды беру. Осының барлығы жас буынды саналы өмір сүруге талпынтады. Оның келешегіне жол ашады, бағыт сілтейді. Өмірге жанасымды, икемді, төзімді күрескер етеді.
Жете үңіліп қарағанда, бүгінгі балалар әдебиеті уақыт талабына сай дамып келе жатыр. Балалар әдебиетінің ең басты себебі балалар әдебиетінің кәсіби талабынан, өзіндік ерекшелігінен туындайды. Соның көбісі қазіргі бала табиғатының күрделілігінен туындап отыр. Әрине, бала табиғатының күрделілігі – ұлы Л.Толстойдан бері сан рет қайталанып, айтылып, жазылып келеді. Әйтсе де, әр кезеңнің уақыт, қоғамға сай өзіндік күрделі сипаттары болған шығар-ау, ол бірақ, тап бүгінгі уақыт перзенттеріндей жұмбақ күйге айнала қоймаған. Зерттеуші Акимованың пікірімен айтсақ: “бүгінгі бала табиғатының күрделілігі сонша – ол ғылым үшін жаңа пәнге, өнер үшін бұрын-соңды болып көрмеген материалға айналып отыр” [2]. Бұл күрделілік уақыт күрделілігінен туындайды.
Ғалымдар зерттеуіне қарағанда, әр бір он жылдықта дүниеге келген сәби, бала психологиясы бір-бірінен көп алшақ жатады екен. Қазіргі таңда Халықаралық балалар әдебиетін зерттеу қоғамы құрылу сыры да осында жатса керек. Міне, осындай сәтте, адамзат болашағы үшін, ұрпақ тәрбиесі үшін еңбек ететін патриот болмаса, кімнің балалар жанын зерттеп, шығарма жазуға тәуекелі бара қойсын? Оның үстіне біздің балалар әдебиетіне назардың төмендігі, бар жұпарын балаларға арнайтын таланттардың еңбегі бағалана бермейтіні де әдебиеттің бұл саласының өркендеуіне кедергі болмай тұрмайды.
Балалар әдебиеті - әрбір ұлт мәдениетінің мықтап қаланған тас іргесі, халықтың рухани ахуалын балалар әдебиетінің дамуымен өлшеу керек, балалар әдебиеті жолға қойылмай тұрып, әдебиетіміз кемелдену үстінде деп мақтанушылық – үйдің ірге тасын қаламай тұрып, шатырын жабамын деген әурешілікпен бара-бар.
Қазақ балалар әдебиеті жайындағы зерттеулер - балалар әдебиетінің жіктелуі, салаланып дамуы, сараланып сөз бола бастауы ХХ ғасырдың 30-шы жылдарынан басталды. 1927 жылы “Өтірік” деген жинаққа жазған алғысөзінде І.Жансүгіров “Ел өтірігі үлкендерден гөрі балалардікі, балалар әдебиетіне жатады”- деп өтірік өлеңге бірінші рет анықтама береді. 1931 жылы жазған “Мен қалай жаздым?” мақаласында “Бізде балалар әдебиеті жасалмаған әдебиет. Сондықтан менің бір ойым осы әдебиеттің бізде жасалуына көмектесу еді” – деген. М.Әуезов “Әр жылдар ойлары”, “Ертегілер” деген еңбектерінде “Балалар әдебиетінің арғы төркіні халықтық шығармалардан туады” деп көрсетеді. С.Ерубаев “Балалар әдебиетін жасайық” деген мақаласында(1930) мектепте оқитын жүз мыңдаған оқушылардың балалар әдебиетіне шөліркеп отырғандығын айтады. Б.Бұлқышевтің Қазақстан Жазушыларының ІІ съезі қарсаңында жазылған “Балаларға жақсы кітаптар керек” мақаласында балалар әдебиетіне жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбей келе жатқандығы айтылады.
С.Ерубаев қазақ балалар әдебиеті жайында. Горькийдің 20-жылдардың аяғы мен 30-жылдардың басында жарыққа шыққан “Тағы да сауаттылық туралы”, “Балалар әдебиеті туралы”, “Балаларға -әдебиет”, “Тақырыптар туралы”, “Балалар кітаптары мен ойындары туралы жазбалар” мақалаларында да болашақ балалар жазушыларын тәрбиелеу мәселесі басты орынға қойылды. Саттар мақаласының нысанасы да осыған саяды: “… нақтылы міндеттемелер алыңыздар, балалар көркем әдебиетін жасауда өздеріңізді жауапты деп санаңыздар. Болайын деп отырған жазушылар съезінде мәселе көтеріңіздер. Өздерінің тілегендерінен қызғылықты, түсінікті кітап, әңгіме, өлеңдер жазып беріңдер, балалар өміріне жақын келіңдер. Балалар өмірінің өзгешелігімен танысыңыздар, балалардың өз тілімен өз өмірлерінен де жазып беріңдер”. Ендеше, қандай тақырыпта жазылмасын, балалар шығармаларының басты кейіпкері баланың өзі болуға тиіс. Балалар әдебиетінің осынау басты ерекшелігін Саттар ақын-жазушыларға “…балалардың өз тілімен өз өмірлерінен де жазып беріңдер” деу арқылы аңғартып өтеді. Сөйтіп, С.Ерубаевтың аталған мақаласынан балалар әдебиетін ересектер әдебиетінен дараландырып тұратын сипаттарға сол тұстағы қазақ қаламгерлерінің назарын аудармақ болған мақсатын байқағандаймыз.
Саттар хат иелері – кішкентай оқырмандар жөнінде былай дейді: “Бұл оқушылар – кітапқа, қызғылықты өмірге, күреске құмар оқушылар. Бұлардың бәрі де “қызғылықты кітап жоқ, ал болса аз” дейді” [3]. Бұл санамаланған қасиеттердің бала психологиясына тән екендігін және қызықты кітапқа деген зәруліктің қазақ балалар әдебиетінде әлі күнге орын алып отырғандығын ескерсек, Саттар ой-пікірі, ескертуінің сол кезең үшін ғана елеулі болып қоймай, қазір де үлкен мәнге ие екендігін айрықша атап айтамыз. “Лениншіл жас” газетінің 1934 жылғы 29 майда шыққан санында бұрынғы Әулиеата қаласының бір мектебі оқушыларының “Бізге көркем жазылған жақсы, қызық балалар кітабы мен ойын, өлең, әңгімелер керек” деген ашық хаты басылады. Саттардың жоғарыдағы “Осы уақытқа дейін біздің қазақ жазушылары балалармен сөйлесуді, өмірімен танысуды, балалардың пікірін білген емес. Бірақ қазақ пионерлері жазушылар бастамаса өздері бастады. Ендігі міндет – пионер қойған тілекті орындауда” деуі осы себепті.
Балалар хатына Ғ.Мүсірепов, Т.Жароков, Ә.Тәжібаев және тағы басқа ақын-жазушылар жауап береді. Мұқтар Жанғалин екеуі бірігіп жазған орта мектептің 10 сыныбына арналған оқу құралында “…жас жазушылардың қатарынан көрнекті жазушылардың қатарына еркін қосылған талантты жазушы” атанған Ғ.Мүсіреповке де және тағы басқа қазақтың көрнекті ақын-жазушыларына да өзінің “қоғамдық борышым” деп есептеген талап-тілегін інілік ізетпен жеткізе білуін өжет жастың ерлігі деп бағалауға болады [4].
Б.Бұлқышевтің 30-жылдар аяғында Қазақстан жазушыларының ІІ съезі қарсаңында “Жазушылардың ішінде балалар әдебиетіне ептеп көңіл аударған Қалмақан еді. Ол да соңғы рет балаларға өмір бойы азық қылыңдар деп “Тәтті қауынын” тарту етті де, соңғы уақытта балалардан ол да қол үзіп кетті” дегеніндегі өкпе-назға ұқсас сезім Саттар емеуірінімен 30-жылдардың басында жазушылардың І съезі қарсаңында-ақ “Қалмақанның колхозға жетуі” болып жеткен дей аламыз. Бұл жерде жазушыларды балалар әдебиетін жасауға шақырған Саттардың өзі жас оқырмандарға арнап арнайы шығарма жазды ма деген сауал туады. “Өз сөзіне лайық Саттар Ерубаев (1914-1937) “Терек пен гүл” дейтін әңгіме мен “Мәңгілік өмір туралы” жас ұрпақтың еліктеуіне тұратын өлмейтін де өшпейтін, әрқашан айтып жүретін жыр жазып берді” – делінген 1976 жылы жарық көрген “Қазақ кеңес балалар әдебиеті” оқу құралында. 1972 жылы өз алдына жеке суретті кітапша болып шықса да, бұл жырды балаларға тікелей арналып жазылды дей аламыз ба? Әрине, жоқ. Себебі, ересектер үшін жазылған шығармаларды да балалар оқуына ұсынуға болатынын өмірдің өзі дәлелдеді. Мәселен, Горькийдің өзі көзі тірісінде “Дауылпаз туралы жыр”, “Италия жайындағы ертегілер”, “Изергиль кемпір”, “Челкаш” және тағы басқа көптеген шығармаларын жас жеткіншектер назарына ұсынған болатын.
Саттардың балаларға арнайы шығарма жазбауының бір кілтипаны – кішкентайлар үшін шығарма жазудың қиындығын сезінуінде және бұл жауапты іске кірісуге өзінің даяр еместігін түйсінуінде деп топшылаймыз. “Ойлап, түпкі маңызына жете түсініп алмай, кешігіп қаламыз деп шалағай жазсақ, әрине, қарқын мен сапаны бір-біріне қарсы қойған боламыз. Құрылыстан қалмау үшін, құр қалмады деген атақ алам деп жылдам қосылу (бұл бәрібір қалғандық) жақсылыққа жеткізбейді, қарқынмен қабат мәселені жете түсініп, ойланып, маңызды қылып жазу керек”[5]. Міне, осындай ойлардың иесі жас Саттардың еш дайындықсыз сыншыл да сезімтал, талғампаз қауым – балаларға шығарма жазуға міндеттеме алуы мүмкін де емес еді. Денсаулығының дімкәстігіне қарамастан “көркем шығарма жазумен қатар, әлеумет тіршілігінің бәріне араласып, пікірін айтып отырған” Саттардың көрнекті ақын-жазушы ағаларына сыпайы тілмен “балалар әдебиетін жасайық!” деуі олардың даярлығына кәміл сенгендігі деп ұққанымыз жөн.
Б.Бұлқышев балалар әдебиеті жайында. Баубек сынына іліккен Қ.Әбдіқадыров 1930 жылдары балаларға арнап екі кітапша шығарған болатын. Қалмақанның “Тәтті қауын” әңгімесі 1933 жылы жазылып, 1936 жылы осы атпен аталған әңгімелер жинағына енгізілді. Ал Баубектің мақаласы 1939 жылы “Октябрь балаларының” 29 мамыр, №40-шы нөмірінде жарияланды. Қалмақанның балаларға арналған шығармаларынан қалам қабілеті қарымын таныған Баубек оның үш жыл бойы үнсіз жатқандығына қынжылады. Дегенмен басқа жазушылармен салыстырғанда оның бүлдіршінге ұсынылған дүниелері бар екендігіне шүкіршілік етеді. Демек, Баубекті қынжылтатын жайт – сыншылар сынайтын балалар әдебиетінің жоқ екендігі. “…біздің ақын-жазушыларымыз балалар әдебиетіне көңіл бөліп, балалардың тілегіне сай жақсы, қызықты шығармалар бере алмай келеді”- дейді [6]. Баубек. Әдебиетке, әсіресе балалар әдебиетіне қатысты жоқ-барды қанағат еткен дұрыс емес. Мәуелі ағаштан жылдан-жылға мол жеміс күту – қандай заңды болса, әдебиеттен де жақсы туынды талап ету сондай табиғи, қажетті, заңды.
Қазақ балалар әдебиетінің сараланып сөз бола бастауы ХХ ғасырдың 30-жылдарында басталса, Баубектің балалар әдебиеті мәселелеріне арнаған мақалалары сол тұстағы зерттеулер сапында балалар әдебиетінің даму ерекшелігінен қалың жұртшылықты хабардар етті. Сонымен Баубек ізденісі өткеннен бастау алған және өзге ел мәдениеті мен әдебиеті дәстүрінен үлгі алған сапада ғана емес, жаңашылдыққа бой алдырған сапада да жемісті болды [7].
Балалар әдебиеті жайында жазылған сын-мақалалар, әсіресе, Отан соғысы жылдарынан кейін кең қанат жайды. М.Ғабдуллин өзінің оқу құралында халық ауыз әдебиетінің кейбір жанрларында балалар фольклорына жататын мұралар барын атап өткен. Қазақ балалар әдебиетінің әр түрлі жанрлары жайында С.Қирабаевтың, Ә.Тәжібаевтың, А.Нұрқатовтың, С.Сейітовтің, Ә.Дербісәлиннің, С.Ордалиевтің, Б.Сахариевтің, Н.Ғабдуллиннің мақалалары баспасөз беттерінде жарияланды. Аталмыш салада ойлы пікір айтқан ғалымдар мен қаламгерлер қатарын кейінірек Б.Ысқақов, Қ.Мырзаәлі, Ә.Табылдиев, З.Серікқалиев, Е.Елубаев, С.Қалиев, Қ.Ергөбек, Б.Сарбалаев, Б.Ыбырайым, Ә.Бөпежанова және т.б. құрады. 60-70 жылдар аралығында Ш.Ахметовтің қазақ кеңес балалар әдебиетін зерттеген еңбектері жарық көрді.
С.Қирабаевтың «Қазақ совет балалар әдебиетінің кейбір мәселелері» (Әдебиет және искусство. 1954. №2.), Ә.Тәжібаевтың «Жас ұрпаққа жақсы әдебиет әдебиет жасайық»(Жұлдыз, 1961. №6), А.Нұрқатовтың «Балаларға арналған шығармалар туралы»(Халық мұғалімі, 1954. №2), С.Сейітовтің «Ілияс Жансүгіровтің балаларға арналған шығармалары» (Қазақ тілі мен әдебиеті, 1958. №1), Ә.Дербісәлиннің «Қазақ балалар әдебиеті жайында бірер сөз» (Қазақ тілі мен әдебиеті, 1959. №2), С.Ордалиевтің «Балалар драматургиясының кейбір мәселелері», Б.Сахариевтің «Балалар әдебиетінің тәрбиелік мәні»(Халық мұғалімі, 1950.№7), Н.Ғабдуллиннің «Орынсыз сөз ойландырар болар» (Қазақ әдебиеті, 1960.) деп аталатын мақалалары баспасөз беттерінде жарияланды.
Ақын Қ.Мырзаәлінің «Сөз сиқыры» сын кітабы, К.Матыжанның қазақ балалар фольклоры, Б.Ыбырайымның қазақ балалар әдебиеті жайында жазған еңбегі, Қ.Ергөбек құрастырған және жазған «Мейірім шуағы», «Сөзстан», «Қазақ совет балалар әдебиеті», «Арыстар мен ағыстар» (1-том) кітаптарын айтуға болады. Бұл саладағы айтулы еңбектер санының саусақпен санарлықтай аз болуы қазақ балалар әдебиетінің зер сала зерттейтін мәселелері әлі де болса жетерлік екендігін байқатады [8].
Балалар әдебиеті жайында балалар ақыны Қ.Баянбай былай дейді: “Балалар әдебиеті барша әдебиеттің бастауы болуы керек. Балалар әдебиетіне қатынаспаған жазушылар жақсы дүниелер тудыруы мүмкін. Бірақ балалар әдебиетін парақтамаған жазушының бір кемшілігі сезіліп тұрады. Горькийдің балалар жазушысы өзге жазушылардан да сапалы жазуы керек дейтін сөзі бар. Шынында әдебиеттің қайнар бастауы, әрі балаларды әдебиетке әкелетін шығармалардың сапасыз болуға хақысы жоқ” [9]. “Балалар әдебиеті меніңше, барлық әдеби, мәдени ой-санамыздың қалыптасуына тұңғыш ықпал ететін бастау дер едім. Әдебиеттің бастауы фольклор десек, осы фольклордың негізі бесік жырынан басталады. Тақпақ, санамақ, өтірік өлең, ертегі, жұмбақ, жаңылтпаш мұның бәрі үлкен әдебиетке жол салатын балалар әдебиетіне жатады.”
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Ахметов Ш. Қазақ балалар әдебиеті. 1 кітабы Алматы, 2003 ж.
2. Ахметов Ш. Қазақ балалар әдебиеті. 2 кітабы Алматы, 2004 ж.
3. Ахметов Ш. Қазақ балалар әдебиеті. 3 кітабы Алматы, 2005 ж.
4. Ахметов Ш. Қазақ совет балалар әдебиеті. Алматы, 2004 ж.
5. Әуезов М. Әдебиет тарихы. 1991 ж.
6. Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. Алматы, 2009 ж.
7. Қоңыратбаев Ә. Қазақ әдебиетінің тарихы. Алматы 1994 ж.
8. Сүйіншәлиев Х. ХІХ ғасыр әдебиеті. Алматы 1992 ж.
9. Қазақ әдебиетінің тарихы. Т.Ш. Алматы, 2008 ж.
Достарыңызбен бөлісу: |