Лекция Тақырыбы : Балалар әдебиетінің қалыптасу тарихы. Қазақ балалар әдебиетінің дамуы



бет1/18
Дата14.10.2022
өлшемі0,65 Mb.
#152952
түріЛекция
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18
Байланысты:
358648 2


1- лекция
Тақырыбы: Балалар әдебиетінің қалыптасу тарихы. Қазақ балалар әдебиетінің дамуы.
Жоспар: 1.Қазақ әдебиетінің даму кезеңдері.
2.Қазақ әдебиетінің білімділік, тәрбиелік маңызы Пайдаланған әдебиеттер:
1. Ахметов Ш. Өлең теориясы. A. 1973.
2. Қазақ балалар әдебиетінің кітапханасы. 1, 2-кітап Дауылпаз жылдар: Өлеңдер поэмалар. Құрастырған-Сәрсенбі Дәуітов. - Алматы., Жалын, 1987.
3. Ахметов Ш. Балалар әдебиетінің хрестоматиясы . - Алматы.

Қазақ балалар әдебиеті — ұлы әдебиетінің өскелең бір бұтағы. Ол әдебиеттің бір саласы ретінде өркендеп, дамып келеді. Оның да өсу, өркендеу жолдары бар. Басында жалпы әдебиеттік мұралармен бірге дамып келсе, соңынан өз алдына дараланып, өз ерекшеліктерімен таныла бастады. Балалардың жастық, білімділік ерекшеліктері еске алынды. Олардың психологиялық өсу процестері ескерілді. Балалар әдебиеті совет системасында балаларға тәлім-тәрбие, білім беретін өмір оқулығына айналды.


Қазақ балалар әдебиеті жылдан жылға сан жағынан да, идеялық сапасы жағынан да есіп келеді. Мұның ірі қоғамдық мәні бар. Өйткені, балалар әдебиеті — жас ұрпақтарға коммунистік тәрбие берудің қуатты құралы. Ол жастарды советтік патриотизм рухында тәрбиелейді. Озат идеялармен қаруландырады. Оларды қандай қиыншылықтарды болса да жеңуге ұмтылдырып, жігер – қайратын арттырады, Сондықтан да Коммунистік партия мен Совет Үкіметі жас ұрпақтың жақсы тәрбиеленіп, коммунистік қоғамның лайықты құрылысшысы болып өсуі үшін көптеген шараларды жүзеге асырып келеді. Осындай ұлы қамқорлықтың бейнесі XX съезінің тарихи қарарларынан тағы да айқын көрініп отыр.
2.Балалар әдебиетінің білімділік, тәрбиелік маңызы.
Осы идеяларды іске асыру үшін балалар әдебиетінің ұстаған жаңа методы — ол реализм методы болды. «Кеңес балалар әдебиеті әдебиет пен халық творчествосы жөнінде біздің ұлы халқымыздың жасаған ең жақсы, озат істеріміздің бәрін бойына сіңіре отырып, шындығымыздың негізінде жасалды және жетіле түсті»1.
Шынында да ұлы Октябрь революциясына дейінгі ұлы халкымыздың жасаған әдеби мұраларына зер салсақ, балаларды тәрбиелеу, өсіру, оларға ақыл сөздер айту, алдарына неше алуан тілек, мақсаттар қою жайында айтылған халық даналығы ұшан теңіз. Бірак, Ұлы Октябрь революциясына дейінгі қазақ балалар әдебиетіндегі мол мұра осы күнге дейін ғылми зерттеу тұрғысынан алынбаған, мүлде қалам тимеген, жинақталып реттелмеген, бір жүйеге түспеген, сондықтан да кезек күтіп тұрған күрделі де елеулі мәселелерінің бірі болып табылады.
Біздің бірқатар ғалымдарымыз бен әдебиет зерттеушілеріміз қазақта А. Гайдар сияқты балалар әдебиетінің ұлы тұлғалы дербес өкілдері болмаған соң, балалар әдебиеті жоқ деп те келді. Ол жалпы әдебиеттік мұрадан дараланып бөлінбеген, сонымен бірге жасасып келе жатқан жалпы мұра деп соғушылар да бар. Мұның бәрі де балалар әдебиетінің жалпы структурасына жете түсінбегендіктен жеңіл – желпі айтыла салған пікірлер. Керісінше қазақ балалар әдебиетінің де өсу, өркендеу, даму жолдарының болғандығы күмәнсіз.
Профессор Мұхтар, Омарқанұлы Әуезов өзінің ертегілер деген ғылми зерттеу еңбегінде халықтық шығармалар ішінде үлкендермен қатар балаларға тән, екеуіне бірдей қызмет ететін неше алуан қызықты материалдардың барлығын айтып, талдаулар берген. «Хайуанат жайындағы ертегілердің көбі балаларға арналған күлкі, жеңіл әңгіме болып та кетеді. Олар «Құйыршық», «Қотыр торғай», «Мақта қыз бен мысық», «Шудалы торғай», «Күшік пен мысық» сияқты көптеген ертегілер. Құйыршық ғажайып түрде ешкінің құйыршығынан біткен кішкентай бала болады. Ол қасқырды, жолаушыларды, үй иесін — бәрін алдап соғады. Ажалдан қалып, әке – шешесіне келеді. Бұл алуандас ертегілер орыста да бар»1 дейді. Халықтық шығармалар ішінде балалар әдебиеті мұрасына тән қызықты осындай әңгімелер тек ертегілерде ғана емес, сонымен қатар халық өлеңдерінде де, мақалдар мен мәтелдерден де, батырлар жырларынан да көп кездеседі.
Балалар әдебиетінің негізі — ауыз әдебиетінде. Сондықтан балалар әдебиетіне зерттеу жасағанда халықтық ауыз әдебиетін аттап өтуге болмайды. Өйткені, халықтың ауыз әдебиеті — балалар әдебиетінің алтын қоры.
Оқу жасына дейінгі балалар, бастауыш мектеп оқушылары, әсіресе, ертегілерді тыңдағанды жақсы көреді. Ертегілердегі ғажайып оқиғалар, қызықты тартыстар мен адуын егестер, тапқырлық пен айлакерліктер, зұлымдық әрекеттерге қарсы күрескен қажырлы адамдардың қиян – кескі батырлық істері оларды таң – тамаша етеді.
А. И. Герцен өзінің бір данышпандық сөзінде: «Кітап — бір ұрпақтың екінші ұрпакқа қалдырған жан сыры, өсиеті, өлмелі қарияның, өмір табалдырығынан жаңа аттаған жас буынға айтқан ақыл – кеңесі»2 деген. Халықтық шығармалар да дәл осы А. И. Герцен айтқандай, ұрпақтан ұрпаққа ұласып келе жатқан халық даналығы деп білеміз.
Октябрь революциясына дейінгі қазақ балалар әдебиетінің асыл мұралары: халық ауыз әдебиетінен басталады. XIX және XX ғасырдың бас кезінде өмір сүрген Ыбрай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Сәбит Дөнентаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Спандияр Көбеевтердің балалар әдебиетіне қосқан мұраларымен байыды. Өз алдына дербес үлесі бар, толық мәнді әдебиет болды. Бірақ, Октябрь революциясына дейінгі көркем шығармалардан балалар әдебиетінің жігін айырып, оның өзіндік ерекшеліктерін танытатын арнайы ғылми зерттеу еңбектер болмады. Ендігі жерде осындай бай мұраларды зерттеп, оның тәрбиелік, идеялық бағыттарын ашып, жас ұрпақтарға ұсынып, түсіндіріп отыру басты міндетіміз. М. И. Калинин: «Бізде социалистік қоғамның жаңа адамдары туып келеді, бұл жаңа адамға ең жақсы қасиеттерді сіңіре білу керек», деген. Октябрь революциясына дейінгі қазақ балалар әдебиетінің өсу жолдарын зерттегенде осы мақсатты көздейміз.
2.Балалар әдебиетінің білімділік, тәрбиелік маңызы.
Балалар әдебиетін зерттегенде, оның төмендегідей басты – басты алты түрлі ерекшеліктеріне тоқтауға болады.
Біріншіден, балалардың психологиясына зерттеу жасағанда, олардың ойлау, түсіну қабілеттілігі әңгімеленіп отырған оқиғаның, көркем образдың нақтылығын, дәл-дігін, әсіресе көрнектілігін, өз өмірінің айналасынан алынып отыруын қажет етеді.
Екіншіден, әңгімеленіп отырған оқиғаның барысында лиризм болуы шарт. Баланың ішкі дүниесіне, ой-санасына бірден әсер ететін күшті де, мағналы сөздер айтылуы керек. Чернышевскийдің сөзімен айтқанда: «ах, яе деген қорқынышты» немесе «қандай тамаша»» дел отыратындай болуы тиісті. Балаларды өмірдің жарқын болашағына қанаттандырып, шарықтатып отыру шарт.
Үшіншіден, балалар әдебиетінде оқиғаны және адам характерін суреттеу өзгешеліктері мен әдістерінің динамикасы ерекше болады. Психологияның дәлелдеуіне қарағанда, балалар алдымен оқиғаның туып отыруына, бұлардың тез өзгеруіне, шешіміне, кейіпкерлер мінездерінің әржақты болуына қызығады. Одан соң оның неден шыққан себептерін іздестіре бастайды.
Төртіншіден, балалар жаратылыстың көркем көріністерін — пейзажды шебер зейнеттеуді ұнатады, оған сүйсіне қарайды, соны өз айналасынан іздейді. Көркем әдебиеттегі жаратылыс суреттері олардың байқағыштық, талғампаздық қабілетін арттыра түседі. Пейзаждық сурет эстетикалық тәрбиенің бір көрінісі.
Бесіншіден, балалар әдебиеті шығармаларының мазмұны мен идеясы олардың белсенділігін арттырып, өз өмірінің жарқын болашағын танытуға себепкер болуға тиісті. Оларды белгілі мамандыққа, еңбек сүйгіштікке әуестендіре білуі керек.
Алтыншыдан, «Сөз — әдебиеттің негізгі материалы болып табылады. Біздің барлық әсерімізді, сезімімізді, ойымызды көркем түрге келтіретін сол. Әдебиет — сөз арқылы сұлу суреттелетін искусство»1 деген М. Горький.
Әсіресе, балалар әдебиетіне қойылатын талаптар да дәл осындай. Балалар әдебиетінің тілі ойнақы, жеңіл, әрі көркем, әрі қысқа, әрі мейлінше түсінікті, айқын да дәл, әсерлі болып отыруға тиісті. Балалар әдебиетінің тілі олардың сөздік қорын байытуға жәрдемдесетін бірден бір құрал болып табылады.
Қорыта айтқанда, балалар әдебиеті деген не? Онын мақсаты қандай? Балалар әдебиеті — жас буынның саңа – сезімін оятып, ақыл – есін дамытатын, оларды адамгершілік моральге тәрбиелейтін өмір оқулығы. Оның мақсаты — мектеп жасына дейінгі үш жасар баладан бастап, 16 жасқа дейінгі оқушыларға көркем әдеби тілде жазылған жоғарғы идеялық қызықты шығармаларды беруді көздейді. Осының барлығы жас буынды саналы өмір сүруге талпынтады. Оның келешегіне жол ашады, бағыт сілтейді. Өмірге жанасымды, икемді, төзімді күрескер етеді.
Бақылау сұрақтар:

1.Қазақ әдебиетінің даму кезеңдері


2.Қазақ әдебиетінің білімділік, тәрби
Тапсырмалар:
1.Шағын фольклоры жанры шығармаларын оқыту әдістемесі
2.Көркем сөз өнерінің мәні
3.Балалар әдебиетінің басқа ғылымдармен байланысы


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет