тақырыбы: ХІ-ХІІ ғасырдағы Қараханид түріктерінің тілінде жазылған әдеби мұралар. Жүсіп Баласағұн. Махмұт Қашқари, Ахмет Яссауи еңбектері.
ЖОСПАР:
Орта түркі дәуірінде де туған тіліміздің ерекшеліктері.
Жаңа түркі дәуірі.
V-VIII ғасырлардағы Талас өзенінің бойынан, Орхон-Енисей аймақтарынан табылып, тасқа жазылған жазба ескерткіштер көне түркі мәдениетінің жоғары деңгейде болғанын көрсетеді. Қазақ тілінің түркі тілдері тобына кіретінін ескерсек, бұл баға жетпес ескерткіштер біздің тіліміздің тарихи тамырына тікелей байланысты екенін байқаймыз.
Орта түркі дәуірінде де туған тіліміздің сол алтын тамыры үзілген жоқ. Қайта өзінің тарихи жалғасын тапты. Бұл дәуір үлкен екі кезеңнен тұрады. І) Қараханид кезеңі; ІІ) Алтын Орда кезеңі. Қараханид кезеңінде Жүсіп Баласағұнидің «Құдатғу білік » поэмасы, Махмұд Қашқаридің «Диуани луғат – ит-түрік» (Түрік сөзінің жинағы) сөздігі, Қожа Ахмет Йасауидің «Диуани хикмет» (Даналық кітабы) атты шығармалары жазылып, бұл шығармаларда сол тарихи кезеңнің саяси, әлеуметтік және тілдік бет-бейнесі көрінді.
Алтын Орда кезеңі де төл тіліміздің тарихында ерекше орын алды. Бұл кезеңде Хорезмидің «Мұхаббатнамесі», Құтба ақынның «Хұсрау – Шырын» поэмасы, Сайф Сарайидің «Гүлістан – бит түркиі» (түрік тіліндегі Гүлістан), Рабғузидің «Қиссасул әнбиясы», көне қыпшақ жазбасы «Кодекс куманикус» (Құман тілінің сөздігі) сияқты аса құнды тарихи шығармалар дүниеге келді. Бұл шығармалар да түркі тілінде жазылғанымен, ана тіліміздің лексика-грамматикалық ерекшеліктерін танып саралауда алатын орны үлкен. Қазір жоғарыда аталған шығармалар тіл ғылымының айналымында жан-жақты зерделеніп зерттелуде. Аталған туындылардың тарихи маңызын айтпағанның өзінде, олардың танымдық-тағылымдық және поэтикалық құндылығының салмағы қазіргі қазақ өркениетінің арғы бастауларының қаншалықты қуатты болғандығын көрсетеді.
Жаңа түркі дәуірі – ХV ғасырдан қазіргі кезге дейін жалғасуда. Бұл енді қазақ хандығының ту тігіп, бөлек, тәуелсіз, дербес мемлекеттігін құрған кезеңіне сәйкес келеді. Қазақ Ордасы кезеңінде ұлтымыздың данагөй жыраулары мен ақиық ақындары сол тарихи кезеңнің түрлі оқиғаларын суреттеген жырлар, дастандар жазды. Философиялық және дидактикалық мазмұны аса терең толғауларын бізге мұра етіп қалдырды. Олардың тіліндегі тұрақты сөз орамдары, шешендік кестелер, бейнелі тіркестері жаңа түркі дәуірінде қазақ жазба тілінің қалыптасуына негіз болды. Бұл кезеңдегі түрлі тайпалық одақтар мен рулық бірлестіктер алдымен халық, содан соң жеке ұлт болып қалыптаса бастады. Тарихшы, тілші ғалымдар қазақ халқының жеке ұлт болып қалыптасуын осы ХV ғасырдан бастағанда, ең алдымен осынау төлтума туындыларымызды, яғни байтақ жыраулық поэзиямыз бен тарихи дастандарымызды негізге ала отырып тұжырымдайды.
Жаңа түркі дәуірінде қазақ қоғамы араб және парсы жазуын қолданды. Бұл жазу ХV ғасырдан ХХ ғасырдың басына дейінгі аралықта күллі түркі халықтарына қызмет етті. Осы кезеңде Мырза Мұхамед Хайдар Дулатидің «Тарихи рашиди», «Жаһан наме», Қадырғали би Жалайыридің «Жамиғ – ат тауарихы», Әбілғазы Баhадүр ханның «Шежіре түрік» атты тарихи жылнамалары жазылды. Сонымен бірге Махамбет Өтемісұлының, Әбілхайыр ханның, Ш. Уәлихановтың хат қағаздарының тілі, Абайдың қарасөздеріндегі тілдік ерекшеліктерді осы кезеңнің мұрағатына жатқызамыз.
ХХ ғасырдың басында ұлтымыздың ұлы перзенті тілші-ғалым
Ахмет Байтұрсынұлы ескі қазақ жазба тілін бүкіл қазақ халқының игілігіне айналдыру жөнінде жаңа идея ұсынды. Басқаша айтқанда, жазба тілге реформа жасап, төте жазу үлгісін жасады. Дегенмен, бұл идеяның ғұмыры ұзаққа бармады. Кеңестер үкіметі төте жазуды 1929 жылы латын графикасына көшірді. 1940 жылдың 10 қарашасында «Қазақ жазбасын латын алфавитінен орыс графикасы негізінде жасалған жаңа алфавитке көшіру туралы заң» қабылданды. Бұл заңда «қазақ әліппесі 41 әріптен құралады» деп көрсетілді (Қордабаев Т. Қазақ тіл білімінің қалаптасу жолдары).
Осындай тарихи ұзақ жолдан өткен біздің ана тіліміз бүгінгі күні Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіліне айналды. Ғалым Н. Уәли: «Қазіргі қазақ тілі – небір күрделі ойды, аса нәзік мағыналық реңктерді дәлме-дәл бере алатындай құрылымы мен жүйесі дамыған, стильдік тармақтары сараланған, сөз байлығы аса мол ұлттық тіл деңгейіне көтерілген қазақ халқының ұлттық тілі, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі», - деп атап көрсетеді.
Бұл мақаладағы біздің басты мақсатымыз – ана тіліміздің тарихын зерделеу ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік тілді үйретуге байланысты еліміздегі ең іргелі оқу орнының бірі Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде мемлекеттік тілімізді оқыту жағдайына қатысты атқарылып жатқан жұмыстарды да атап көрсету. Университетте мемлекеттік тілді оқыту міндеті қазақ тілі кафедрасына жүктелген. Аталған кафедрада бүгінгі күні елуге жуық оқытушылар қызмет етеді. Олардың ішінде 1 ғылым докторы, профессор, 7 ғылым кандидаты, доценттер, аға оқытушылар мен оқытушылар бар. Оқытушылардың көпшілігі ұзақ жылдар бойы осы салада жемісті еңбек еткен, өз саласының білікті мамандары болып есептеледі.
Бүгінгі күні мемлекеттік тілді үйренушілерге арналған түрлі ғылыми-әдістемелік құралдар, оқулықтар, түрлі дәрежедегі сөздіктер көптеп басылып шығуда. Осы жауапкершілікті жұмысқа университет басшылығы да, кафедра ұжымы да өзінің бар күш-жігерін жұмсап отыр. Атап айтқанда, қазақ тілі кафедрасының материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 3 лингафон кабинеті, 2 мультимедиялық кабинет және көптеген оқу аудиториялары бөлініп, олар қажетті жаңа техникалық құралдармен, жиһаздармен жабдықталды.
Қазақ тілінің қолданыс аясы күннен-күнге артқан сайын оған деген ғылыми қажеттіліктер де өсіп келеді. Қазақ тілін техникалық салада қолдану мен дамытуға, университет түлектерінің мемлекеттік тілді өз мамандығына сәйкес меңгеріп шығуына біздің университетте толық жағдай бар. Кафедра ұжымы университетте берілетін мамандықтың түрлеріне сәйкес оқу бағдарламалары мен оқу-әдістемелік кешендерін даярлап шықты. Бұл жұмыс жыл сайын толықтырылып, қазіргі жағдайға сәйкес қайта жазылуда. Оқу-материалдық базамен қатар студенттерді, магистранттарды оқулықтармен, оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етуде жемісті жұмыстар жасалуда. Атап айтқанда, кафедра оқытушылары «Қазақ тіліне арналған жаттығулар» атты оқулық, «Қазақ тіліне арналған мәтіндік тапсырмалар», «Қазақша-орысша мақал-мәтелдер» атты оқу-әдістемелік құралдар, т.б. әдістемелік көмекші оқу құралдарын, бағдарламаларды әр мамандыққа арнап жарыққа шығарды. Сонымен қатар кафедра мүшелері мемлекеттік тілге байланысты өткізілетін ғылыми теориялық конференцияларға да белсене қатысып, өздерінің осы саладағы жинақтаған тәжірибелерін әріптестерімен бөлісіп отырады. Мысалы, Қазақ-Британ техникалық университетінде өткен ғылыми-практикалық конференцияда кафедра меңгерушісі мен аға оқытушы Г. Зауырбекова «Кәсіби тілді инновациялық технологияларда қолдану арқылы меңгерту жолдары» атты ғылыми баяндама жасап, өз тәжірибелерін әріптестеріне таратты.
Ана тілі – ұлттық құндылықтарымыздың алтын тұғыры. Заманымыздың заңғар жазушысы М. Әуезов ұлттық құндылықтарымызды түгендей келіп: «Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адамды толық мәнді интеллигент деуге болмайды», - деп көрсетсе, бұл күнде осы ойды көрнекті ақын Қ. Мырзалиев былай жалғастырады: «Ұлт болудың бір емес, бірнеше шарты бар. Сонын ең басты және негізгі шарты – ұлттық тіл. Дінді айырбастауға болады. Тілді айырбастау мүмкін емес. Дұрысы тілді де айырбастауға болады, бірақ онда ұлтыңнан, ұлттығыңнан толық айырыласың». Демек, тәуелсіздігімізді нығайтып, ұлттық құндылықтарымызды түгендеп жатқан бүгінгі күні мемлекеттік мәртебе алғанына 20 жыл толып отырған ана тіліміз туралы ой-толғамымыздың, пікір-байламдарымыздың тоғысар арнасы біреу. Ол – қазақ елі мәңгілік болсын десек, алдымен, ана тілінің мәңгілік болуына, оның ғасырлар көгінде көмескіленіп қалмай, қайта барлық күш-қуатымен, сән-салтанатымен ұлтына қызмет жасауына жол ашуымыз қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |