Балалардың сүйікті жыршысы (М.Әлімбаевтың шығармашылығына арналған әдістемелік құрал)



бет3/4
Дата04.11.2016
өлшемі0,7 Mb.
1   2   3   4

Поэзия патшалығында


Әдеби-музыкалық поэзия кеші
Халайыққа хат”-менің

Ғұмырлық жыр дәптерім:

Қат-қабат болып

қатталған,

Сырым менің ақтарған.

Ақталмаған, ақталған

Кілең арман, тәтті арман…
Залдың безендірілуі: Әдеби-суретті көрме. Оқушылар шығармашылығы бұрышы: М.Әлімбай шығармашылығы бойынша жазылған көркем шығарма, рефераттар, суреттер, өлеңдер, буклеттер.
(С.Тұрысбековтың “Көңіл толқыны” күйі әуенімен)

Ақын:

Тумайды жұртын ақын жылатуға,

Туады жүректерді нұрлатуға,

Өлеңін орамал ғып өтеді олар

Көз жасын адамзаттың құрғатуға.

Айнымас ол - әділдік баласы да,

Қыңбайды күншілдердің табасына

Жүрегін көпір етіп төсейді ақын:

“Жетсін, - деп, - жұртым бақыт жағасына!”

Шығандап шың басына шығады өнер.

Шын ақын екі туып, бір-ақ өлер.

Алдында әр заманның, әр ұрпақтың

Құламай тіккен туы тұра берер. ( «Ақын» өлеңінен)

Жүргізуші (1): Қош келіпсіздер, өлең сүйер, өнер сүйер қауым! “Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысы”,-дейді көркем ойдың кемеңгері Абай ажарлы сөз, асыл өлең жөнінде. Жан - дүние құбылысы… іші алтын, сырты күміс өлең сөз тіршілігі… Ақындық қасиет, ақындық парасат алаңсыз, албырт, алқынбай, аптықпай, өз тірлігін, өз тынысын жалғай береді екен-ау. Өлең - ақыл суаты мен сезім қуатының тоғысқан жері…
Жүргізуші (2): Бүгін біздер, өткен ғасырдың сонау қырқыншы жылдары Ертіс жағалауынан арман-қиялы ақ қарды Алатау жаққа шарқ ұрған, ал бүгінде Алатаудан да асқақ мұзарт шыңдарға қарай қанаты талмастан биіктен-биікке самғаумен келе жатқан мұздыбалақ атақыран ақынымыз Мұзафар Әлімбай әлемі хақында ой бөлісеміз.

Ақын: Жалаң аяқ, жалаң бас балалық шақ!

Балғын жылдар! Сағынып жаям құшақ.

Ақ шыбықты ат қылып шапқылаған

Анау бала кетті ғой маған ұқсап...



Аға тұтып, еркелеп, жанайсың да,

Ақ шашымды сипайсың, аяйсың ба?!

«Осы қалай төзген,-деп,-талай сынға!,

қырық беске қызғана қарайсың ба?!

Кел, «Волгаға» міне ғой... асығалық!

Мойнына апамның кеп асылалық.



(«Бала жылдармен сырласу»)
Жүргізуші(2): …Сегіз жасында әкеден, он үш жасында шешеден айырылды. Әке қайымына кенеле алмады, ана мейіріміне қанбай қалды. Әке мен шеше жақсылықтары жайында өзіндей аз жазған жазушы жоқтай көрінетін. Жетімдік -қиын тағдыр. Бірақ, Мұзафар қанша қиындық көрсе де мойымаған. Тағдыр тәлкегіне төзу үшін тек өзіңнің халіңді ғана емес, өзгелер жайын да ойлай білу керек екенін түсінді. Дүниеге жаратушы жақсыларын тірісінде піріндей көрмейтін кей ұл-қыздың астам парықсыздығына, ұлылардың ұрпақтарының ата-ана өнегесінен өндіре сөйлеп - жазуға құлықсыз - қабілетсіз келетініне қатты күйінеді.
Ақын : Жеңбейді сенен өзге ұйқы кімді?

Түн бақтың, күзетші етіп кірпігіңді.

Балбырап бесігімде уілдесем,

Күлімдеп, қабағыңа күлкі кірді.



Емізіп ізгі құнар ақ сүтіңді,

О баста ойлағандай мақсұтыңды,

Құйдың мол құлағыма қазақ жырын,

Жырлар деп жан тебіренте жақсы күнді.
Ойға алсам өкінемін дүркін-дүркін.

Көрмедің, көрмедің-ау, әттең шіркін,

Санатқа қосылғанын сары ұлыңның

Өзі-өз боп еңбекақы әкеп бір күн. («Ана»)
Жүргізуші (2): Ауыл мектебінен соң педагогикалық училище қабырғасында мұғалімдік мұратын жани бастағанда соғыс өрті лап етті. Он сегіздегі өрім жас өз қалауымен сұранып майданға аттанды.

Ақын: Жеңіл ойды ауырлатты қатал күн.

Жас болса да, тебіренбей жатар кім?

Жас иыққа бар тағдыры Отанның

Түсті келіп, мен де солдат атандым.


...Туған еді бізді анамыз балғын қып,

Жорықтарда өкшемізді алдырдық.

Төзбегенде шар болат, біз шыдадық

Өзіміздің күшті сонда сынадық! («Менің жастық жылдарым»)



Жүргізуші(1): Соғыста қаза тапқан досын жырлау арқылы майдан ақиқатын да өлеңге айналдырды.
Ақын:

Екеуміз түйдей құрдас ек,

Екеуміз сырлас, мұңдас ек.

Жұлдызды туған бала еді,

Ақындай албырт жан еді,

Жаңа өмір сүйген жары еді,

Отаны – адал ары еді…

Құрдасым неге кешікті?

Қаға ма біреу есікті?

Қақпайды енді есікті,

Қақпайды енді есікті,

Мәңгілік досым кешікті.


Жүргізуші (1) : Сегіз жылға жуық уақыт әскер сапынан босай алмады. Әдеби талабының, ақындық талантының арқасында ғана Қазақстан өкіметінің шақыртуымен 1948 жылы елге оралады. Демек, Мұзафар - өрттен шыққан ақын. Сондықтан болар, ол жалындап жанып тұрады: сөзі оқтың тіліндей шолақ, ойын шорт үзіп келте қайыратын ақын.

Шығармашылық толғану, толассыз іздену арқасында соғыстан кейінгі жылдары Мұзафар жас ақындарымыздың алдыңғы буынына келіп қосылады. Нақтылық, ойлылық, жинақылық - Мұзафар өлеңдерінің ең басты қасиеттерінің бірі.


Соғыстан соңғы ән” орындалады. Әні: Ә.Бейсеуовтікі.

Сөзі: М.Әлімбаевтікі.
Жүргізуші (2): 1948-1956 жылдар аралығында “Пионер” журналының поэзия бөлімін басқарып, өлеңсүйгіш жасөспірімдердің талап-тұлпарын қамшылап, қамқорлады. 1956-1958 жылдарда “Қазақ әдебиеті” газетінде басшылық бедерін қалдырады.

Жүргізуші (1): Ұстаздыққа бейім әрі балажанды мінез қазақтың жас жеткіншектерінің тілін сындырып-ұстартатын, туған тілімізге деген құрмет-құштарлығын арттыратын тәрбиелік бір басылым - құрал керегі туралы іштей ойлап, толғанып жүретін. Арманына 1958 жылы қолы жетті, шуақты шілдеде дүниеге келген «Балдырған» балалар журналы республика бүлдіршіндерінің – бірнеше буын ұрпақ өкілдері балалық шағының базары мен ажарына, киелі сөз өнері бастауларына баулитын байыпты - ұқыпты бағбанына, адамдық әліппесінің ережелеріне үйрететін үлкен мектепке айналды. «Балдырған» басылымының өзгелерге ойыншықтай оңай көрінетін ауыр жүгін жазушы Мұзафар Әлімбай ширек ғасырдан астам уақыт арқалады. 1958-1986 жылдар аралығында журналға тапжылмастан редакторлық етті.
Жүргізуші (2): Соғыстан кешігіп келген солдат әдебиеттің бейбіт майданына да кешігіп кірді. Алғашқы кітабы 29 жасында жарық көрді, құралыптас-құрдастарының бірқатары баяғыда-ақ бірді-екілі кітаптардың авторы болып үлгерген-ді. Алайда аз ұйықтап, азапты көбірек шексең, қалам сыбағасын толтыруға әбден болады екен. Бүгінде әдебиеттің әр түрлі жанрындағы (поэзия, әдеби зерттеу, фолклортану, халық тағылымы, эссе, очерк, естелік, ән өлеңдері) 50 төл туындының авторы. Абай атындағы мемлекеттік сыйлығын 1984 жылы «Аспандағы әпке» атты балалар жинағы үшін алды.

Жүргізуші (1): М.Әлімбайдың “Ана” деген тұңғыш өлеңі 1939 жылы облыстық “Қызыл ту” газетінде басылды. Ал алғашқы кітабы “Қарағанды жырлары” деген атпен 1952 жылы жарық көрді. Одан кейінгі лирикалық және азаматтық әуенге жазылған "Құрбыма” (1954), “Лирика”, “Жолдар жырлар”, “Жүрек лүпілі”, “Өшпес от” жинақтары шықты. “Менің Қазақстаным”, “Құрбымның күнделігі”, “Естай - Қорлан” лиро-эпикалық поэмалары – осы жанрды дамытуға қосылған елеулі туынды.

Мұзафар Әлімбай поэтикасының үш тағанды тірегі іспетті «Естай-Хорлан» ғашықнамасы, «Ту тіккен» және «Құрыш қазақ» ерлік – қаһармандық дастандары дүниеге келген тұсында қазақ поэзиясының ортақ жаңалық-жеңісі болды.


Естай-Хорлан” поэмасының «Уәде» бөлімінен үзінді оқу үшін қыз бен ұл бала ортаға шығады

Автор: Міне үнсіз Хорланы тұр оң жағында,

Құрысын бүйтіп ақын болғаны да!

Жақ ашпай жапырақтай қалтырайды,

Тәңірім тілін байлап, қорлады ма?


«Жақындасам қорқамын, жанам ба? – деп,

Аллама жалбарынам күні-түні,

Ұмсынсам, оң сапарым болар ма?» - деп...
Бірі жоқ әлгі сөздің жаттағанның,

Білмеді алға қарай аттағанын.


Естай: Өзіңе көрімдігім – «Бірмысқалым»,

Ағаңның кешір басқа таппағанын.


Хорлан: Тыныш ем, тымық көлдей толқып кеттім,

Сабырлы ем, өзегімді өрт қып кеттің.

Ескексіз қайық мінген жас балаша,

Есітіп өлеңіңді қорқып кеттім...


Автор: Серінің кеудесіне басын сүйеп,

«Құдайым менің қашан жасымды иед? –

Дегендей өксіп-өксіп егілді қыз,-

Қай күні ғашық жүрек ашық сүйед?!»


Өрт құшақ... бастан кешкен өзіміздің,

Бұндайда қауқары не сөзіңіздің?!

Ақынның сипап тауып ат жоқ қолын,

Кигізді алтын жүзік өзі қыздың.


Шыдатар жалын жастық буы нағып?

Отты ағын бойды қулап шымырланып.

Хорланы құшағында Естай сері

Кетер ме балауыздай бүгін ағып!


Жалғыз түн – жазылған түн маңдайына,

Бұйырды тілдің балы таңдайына.

Тырп етпес, төнсе қылыш төбесінен,

Қарамас келер күннің қандайына.


Естай: Қол қысқа...тосыламын...неғылайын!...

Уәде – келер жылғы мамыр айы!


Хорлан: Ақ тілеу. Алла оңғарсын жолымызды!

Мен – дағы осы арадан табылайын.


Автор: Жабысып көк шалғынға боз жамаудай.

Жатқанын бір жауырын қозғала алмай...

Қыз-жігіт шала аңдады... алаңдады

Көркіне бір-бірінің көз қана алмай.


Көңіл мас, көз жұмулы бұл шағынан

Айырған әзезілге ұқсады таң.

Айрылған аспанынан ай сияқты

Сытылып Хорлан шықты құшағынан...


Жүргізуші (2): Қараңыздар, “Елдіктің еңсесі” дастаны -Абылайды, ғашықтық дастаны - “Естай-Хорланды” толғаса, бұлар арқылы ақын әлгі айтқанымыздай, Отан тарихына саяхат жасаса, “Құрбымның күнделігі”, “Құрыш қазақ”, “Ту тіккен”, т.б, лирикалық, философиялық поэмалары арқылы Отанының бүгініне қайтып оралып, өз замандастарының еңбегі мен ерлігі, сол еңбек пен ерліктің жемісі мен жеңісін жырға қосады. Отан образын осылай жан-жақты ашады. Халқымыздың ой-өрісін, мәдениетін көтеруге қосқан бұл үлес сөз жоқ елеулі еңбек.
Біздің Қазақстан” әні орындалады:Әні: Ғ.Тамендаровтікі.

Өлеңі: М.Әлімбаевтікі
Жүргізуші (2): Бар болмысын, күллі қалам қасиетін салған “Менің Қазақстаным” атты лирикалық-философиялық поэманы айрықша бөліп атар едік. Мұның өзі - туған ел туралы толғау. Жұрттың “Мұзаға мұзарты” деп жүргендері де осы толғау шығар. Оның барлық ақындық қуатын аямай сарқа жұмсаған бұл шалқыма - Әлімбай поэзиясының мәңгілік тақырыбы, алтын қазығы, тіпті мұзарт биігі екені де рас.

Мұзафар өлең арнасы ел өмірі өзенінен тартылатынын жақсы біледі.


Ақын: Қадірлі Қазақстан, Отан-ана,

Есімім сенен бөлек атала ма?

Алдыңда парызымды өтеп келем,

Өтсем де қарыздар боп ата-анама.

Көгінен күн аумайтын Қазақстан!

Сен жайлы өмір бойы жазам дастан.

Сырлаймын әр сөзімді өле-өлгенше,

Соғамын сәнді сарай асыл тастан.


Жүргізуші (2): Ақиық ақын Мұқағали: “Мұзафар - ойдың ақыны. Шығыршықтың ішін шыр айналған тұтқындағы ақ тиін іспеттес ойнақы сөздің емес, сезгені, түйгені мол ойдың ақыны. …Ізденгіш те тапқыш, көп оқитын, көп түйіп, көп ойланатын бейнетқор да еңбекқор ақын Мұзафар Әлімбай…”деп сүйсінеді. Оның осындай алуан қасиет-қырларын қаһарман Бауыржан Момышұлының, ел ағасы Димаш Ахметұлының, көркемсөз алыптары Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің, алдындағы ақын ағалары Қалижан Бекхожин, Әбу Сәрсенбаев, Әбділдә Тәжібаев, Дихан Әбілевтердің, көптеген өзі тұрғылас таланттардың пікірлері асыра айқындай түседі.
Жүргізуші (1): М.Әлімбайдың сан алуан тақырыптағы барлық өлеңдері де, барлық поэмалары да, яки күллі лирикасы мен эпикасы, бәрі-бәрі бір ұлы арнаға сарқып құйылып жатады. “Абайды қайталап оқығанда” деген атпен жиі жүгіндірген ақындық атасы - Абайдың бір ғана қарасөздерінің құдіретіне 54 мәрте мақала-зерттеме арнапты. Әлімбай Абайдың ауылы туралы жазса да, туған жер туралы тебіренсе де, қыз бен жігіт арасындағы махаббатты жырласа да, алыста қалған ауыр күндердің сұрапыл суреттерін салса да - барлығында да өзінің сыршыл ақын екендігін көрсетеді.
Жүргізуші (2):

Кейде шыным, бала болғым келеді,

Бала болғым келеді.

Бала болып қала бергім келеді,

Қала бергім келеді.

Қаламгердің өлеңдерін жаттап өспеген қазақ баласы, сірә, сирек болар. Мұзафар Әлімбай - азамат ақын ғана емес, әрі ұстаз ақын. Әлімбай поэзиясының өзгеше бай, шұрайлы саласы - балалар әдебиетінің меншігінде. Қазақ балалар әдебиетінде Мұзафар Әлімбайдың шоқтығы биік тұрады. Әсіресе, балалар поэзиясында көлемі, тақырыбы және жанрдың байтақ байлығы жөнінен Мұзафар атаның алдына түсер ешкім жоқ.


Жүргізуші (1): Балажүректілік, болмыс атаулыны балаша қабылдап, балаша сүю немесе балаша ұнатпау сияқты балалар жазушысының басты бағалы қасиеттерін меңгерген М.Әлімбай өмір бойы балаларды үйретіп қана емес, балалардан үйреніп келеді. Оған «Көңіл күнделігіндегі» кішкентай достары туралы «Балалардың ақындық қиялы ұшқыр», «Бала біткен шетінен туасы талант» жолдары куә. Мұнда ол балалар поэзиясына тән қасиеттердің қандай болуы керектігі туралы 16 ережені жаңғақша шағып, тізіп, түсіндіріп береді.
Жүргізуші (1): «Үйлену оңай, үй болу қиын», «Төркіні жақын тулағыш», тағы басқа ел арасына тарап кеткен Мұзафар мәтелдері күн сайын жаңарып толығу үстінде:

  • Қазақтың дәмін татқан бар, қазақтың дәмі атқан бар

  • Жамандамаса, жаудың іші кебеді

  • Кемпарық жарытпайды ел танып

  • Алаш баласының аянкес болуға хақысы жоқ

  • Ұмыту өткен тарихты, болашақ үшін қауіпті

  • Тастанды – ертеңгі қастанды

  • Қымбатты құртпа, кітапты жыртпа

  • Кітаптан аяған пұл құтаймайды

тағы басқа мұндай афоризмдердің ұзын-саны қазір үш мыңнан асып кетті.
Жүргізуші (2): Мұзафар Әлімбай - сан қырлы талант. Ол көркем шығарма жазумен ғана шектелмей, зерттеу, ізденіс жұмыстарымен де беріле айналысады. М.Әлімбайдың зерттеушілік еңбектері де әр алуан болып келеді. Өзіне дейінгі, өзі қатарлы және өзінен кейінгі қаламгерлердің шығармашылық шеберлігіне тереңдеп үңілу, ол туралы ойларын ортаға салу, халық ауыз әдебиетіндегі, классиктер туындыларындағы сөз шеберлігі мен шешендік өнерді, нақыл сөздерді, мақал мен мәтелдерді жан-жақты талдау, өзгелерге өнеге ету, туысқан немесе шет жұрттағы халықтардың нәрлі сөз оралымдарын қазақша сөйлету - осының бәрі Мұзағамыздың ұзақ жылдардағы тынымсыз тер төге білгенінің куәсі болып табылады.
Жүргізуші (1): М.Әлімбай естелік, эсселері арқылы өз оқырманымен бірге ұлы Мұхтар Әуезовпен бірге Жетісу аймағын аралайды, әйгілі Сәбит Мұқановпен Солтүстік Қазақстанда болады, Мәскеуге сапар шегеді. Соның барлығында да көп жағдайда халық жазушыларының күнделікті өмірлерінен хабардар болып, өз бойына дарытарлық талай әрекеттеріне сүйсініп отырады. Мұзатаң естелігі арқылы халқымыздың еркесі Бауыржан Момышұлының, дарынды ақын Қасым Аманжоловтың, алыптар тобындағы Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафиннің даналықтарымен қоса, адамгершілік қасиеттерінің тағы бір қырларымен танысамыз. Жұбан Молдағалиев пен Әзілхан Нұршайықов хақында сөз қозғаған сәттерде де Мұзағаң әр қаламгердің шығармашылық та, адами даралықтарын айқын саралап отырады. Ақын ағамыз құрбылары мен өкшелестері жайлы да жүрек жылуымен жазады. Ізтай Мәмбетов, Ғафу Қайырбеков, Тұманбай Молдағалиев туралы ойлары да ақиқаттың ауылынан табылып отырады. Мұнда да Ізтай мен Тұманбайдың нәзік лириктігі, Ғафудың суырып салмалығы сияқты дәл де айқын пікір қозғалады. Сахна саңлақтары Қалибек, Шәкен, ән мен сөздің еркесі Естай, Иса, тағы басқа көптеген естеліктерінде, мақалалары мен эсселерінде қаншама құнды деректер, мәліметтер, ойлы пікірлер бар.
Арманым” әні орындалады. Әні: Ш.Қалдаяқовтікі. Өлеңі: М.Әлімбаевтікі
Ақын: Саған шексіз сый-құрметін көрсетіп,

Мені халқым аттандырды елші етіп

Ал елшілер келеді ғой Тіріге

Тауыспаған өмір жолын өлшетіп.

Ұлылардың алды деген оңай ма?!

Кішілерді санатына санай ма?

Келгендеймін кемел Пушкин тауына

Өз атымнан емес, өзге орайда.

Оған әсте шамданар да ойым жоқ,

Келгендеймін атқосшы боп Абайға.

Теңін айтсам, Тебіреніп Пушкин де

Маған мойнын бұратындай қалайда. («Пушкинге»)



Жүргізуші (2): Мұзафар Әлімбай 85 шақты ақынның туындысын қазақ тіліне аударған екен. Олардың ішінде Пушкин, Петефи, Лермонтов, Сағди, Фирдоуси, Райнис, Руставели, Тоқтоғұл, Зелили, Маяковский, Мицкевич, Орбелиани тағы басқалар бар. Егер әр халықта бір-бір классик ақын десек, сөйтіп мақал-мәтелдерін аударып жүрген жетпіс жұртты қоссақ, онда қазақ оқырмандарына таныстырған ақындар саны 150-ге жетеді екен. Аударманы әрі өнер, әрі ғылым санайтын қаламгердің “666 нақылдан” бастап “Маржан сөзге” дейінгі аудармалық еңбектер шоғырының өзі - бөлек тараулы әңгіме.
Жүргізуші (1): Ақындығына зерттеушілігі, бұған аудармашылығы эссе, очерк жазушылығы, балалар жанын зерек түсінушілігі, парасаттылығы ұштасып тоғысқан тарлан талантқа мерейтой үстінде одан әрі құлашын кеңге жазып, ойдың кенін қазып, сөз миуасын теріп, елі-жұртын поэзияның кәусар бұлағымен сусындата берсін демекпіз.
Ақсұңқарым” әні орындалады.

Әні: Ш.Қалдаяқовтікі. Өлеңі: М.Әлімбаевтікі
Жүргізуші (2): Тұлымшақты қыз күнінен білетін Шапау Сүлейменқызымен жарты ғасыр отасқан аяулы жар Мұзафар - өнегелі әке тәрбиесін ұлдары Арнұр, Жаннұр, Баламерге, ақылман ата тағылымын немерелері Ая, Әсел, Бақтияр, Әсет, Жәнібек, Балнұрға сіңіріп, көпке шашқан шапағатты сәулесінің шалқыған нұрына өз шаңырағы мен енші бөлген отауларын бөлеп келеді.
Ақын: О, тоба, қайттым астам райымнан,

Тілеймін мейір-шабхат құдайымнан...

Деуші еді ақсақалдар (рас екен),

Ақындар арылмайды уайымнан»

Біреудің шаттығынан мұңым қымбат,

Жатса да жүрегімнің түбін тырнап,

Менің мұңым туады Ел қамынан

Көремін бірінен де бірін қымбат.



(«Ақындар арылмайды уайымнан»)
Жүргізуші: Бұл жүрегіндегі жылы сезімдері көңілдегі ойларға ұласып, тілінен тәтті сөздер болып төгілген ақынның ойшыл, уайымшыл табиғатын растайтын бір ғана шумақ.
Жүргізуші (1): Мұзафар Әлімбайдың қазіргі қазақ поэзиясының құнарлы топырағына қаққан қазығы нық, нығыз. Сондықтан оның діңі ғұмырда үзілмейтін, Ғали ағамыздың:

«Қабаққа біткен қарағай

Қарасам, көкке тірелген .

Қалай тұр десем құламай,

Тамырын терең жіберген»-

дегені секілді биік шығармашылық тұлға.


Жүргізуші (2): Өйткені, Мұзафар Әлімбай - тұйыққа тірер таяз ойдың емес, тұңғиыққа жетелер терең ойдың, нақыштап айта білгенін айшықтап жаза алатын кемел ойдың кемеңгері!
Жүргізуші (1) : Мұзафар Әлімбай - айлар өткен сайын ойлары көктей түсетін, жылдар озған сайын жырлары тозбайтын тарландар тобынан!
Ақын: Жұлдыздай ел аспанға көптеп ілген,

Ағалар қайдасыңдар көп көрінген,

Сан жылдар қия шетке ұзап кетіп,

Оралдым ортаңызға дос көңілмен.


Кешегі қарай қалсам бұла күнге,

Табайын кінә тағып, шүбә кімге,

Сексенге жылдам кіріп барасыңдар,

Мұзата! Тым асығыс, бұларың не!?


Мұзата! Кетермісің айға да ұшып,

Барасың жылдан жылға қайрат қысып.

Қасына шақырғандай “Ақмаңдайлың”,

Бір бәйгең тағы да тұр сайда пісіп.


Балқаштай сарқылмайтын ілесі бар,

Жігітсің көш-керуен үлесі бар,

Батырсың аш бөрілер ауыз салмас,

Ақынсың уәлі сөз киесі бар. (Кәкімбек Салықов)




Балдәурен, шіркін балалық

Тапқырлар мен көңілділердің жарыс-ойыны
Ойынның барысы: Балалар екі топқа бөлінеді. Әр топ өзіне ат қоюы керек. Ұстаздар мен кітапхана қызметкерлерінен әділқазылар алқасы құрылады.Өз топтарын таныстыру үшін 2 минут уақыт беріледі. Ойыншылардың мақсаты татулық пен тапқырлық танытып көп ұпай жинап жеңіске жету.

Өткізілгелі отырған шара мемлекеттік әнұран әуенімен басталады.
Жүргізуші бала: Сәлеметсіңдер ме, балалар! Осы әнұранның өлеңін кімдер жазғанын білесіңдер ме?

Балалар жауап береді.
Жүргізуші қыз: Бүгін біз әнұранның авторы Мұзафар Әлімбаевтың шығармашылығы бойынша жарыс-ойынымызды бастаймыз. Мұзафар Әлімбай аталарың сонау қырқыншы жылдардан осы қазірге дейін дамыл таппай, құмырсқадай тынымсыз еңбек етіп, бал татыған шырын шығармаларымен бүлдіршіндерді сусындатып келе жатқан ақын. Өздерің сияқты талай жас ұрпақты өз өлең, ертектерімен сусындатқан сарқылмайтын бастау. Ендеше, бүгін біз де осы бастаудан мейіріміз қанғанша сусындайық.

Бесік жыры” әні орындалады. Әнін жазған: И.Жақанов.



Өлеңі: М.Әлімбаевтікі
Жүргізуші бала: Балалар, «Балдәурен, шіркін балалық» атты ақын атамыздың шығармашылығына арналған жарыс-ойынымызды бастайық!

Жарыс-ойынымыздың бірінші кезегін «Көркем сөз» сайысына берсек.



Балалар өз еріктеріне қарай ақынның кез-келген төрт өлеңін жатқа оқиды.
Жүргізуші қыз: Енді Мұзафар атамыздың нақыл сөздеріне байланысты сайысымызды бастайық.Әрбір бала өз тобына көп ұпай жинау үшін менің сұрақтарыма ойланып, дұрыс жауап беруге тырысады.

Бірінші топ атамыздың аңдарға байланысты нақыл сөздерін , екінші топ құстарға байланысты нақыл сөздерін жатқа айтады.


Құстар:

  • Қазым, қазым, қаңқылда,

Суда жүзіп, салқында.


  • Балық ілгіш шағала,

Көк теңізді жағала.


  • Жарғақ қанат жарғанат,

Қалбалақ та қаңғалақ.


Сол хаттарды ел алсын!


  • Түйе құсты кем көрме,

Аттан озар желгенде.
Аңдар:

  • Аю-туа бал құмар,

Тәттіні іздеп қаңғырар.


  • Ұрланып кеп Шибөрі,

Өлексені сүйреді.


  • Май басқан Борсық-

Қампиған торсық.


  • Бұлан –орман тұрғыны,

Қораңа келер бір күні.
Нақыл сөздер жарысы осылай жалғаса береді.

ІІ. Мақал-мәтелдер.

Жүргізуші бала: Қазақ халқы үлгі-өнегеге бай салт-дәстүрі өте көп. Олар халқымыздың ғасырлар бойғы тұрмыс-тіршілігін бойында сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп келеді. М.Әлімбай аталарың халық аузынан жинаған және тәрбие туралы ой елегінен өткізіп түйіндеген төл мәтелдері дерлік туындылары мақал-мәтелдері өте көп. Балалар, мен сондай мақал-мәтелдердің бірнешеуінің алғашқы бір жұбын ғана айтамын, ал сендер оны ары қарай жалғастырып, екінші жұбын тауып айтасыңдар. Ал, қане, кім тапқыр екен?

Ақынның төл мақал-мәтелдерінен:



  • Түзу болса өз ісің-

Қисықтардың тезісің.


  • Көп сөйлеген мылжың емес,

Көкіп сөйлеген-мылжың.


  • Елдікті баяндау,

Ерлікке даярлау.


  • Тәтті жеміс бұтақта,

Құттың құты кітапта.


  • Отауың тар болса да,

Отаның кең болсын.


  • Жалқау аға, жасық іні.

Жасытады асылыңды.

ІІІ. Жұмбақ сайысы.

Жүргізуші бала: Жарайсыңдар, балалар! Бұл жолы да тапқыр, білімді екендеріңді көрсеттіңдер. Ал енді мен сендермен жұмбақ жарысын өткіземін. Ендігі кезек жұмбақтардыкі. Барлығың дайынсыңдар ма?
Балалар: Дайынбыз.
Жүргізуші қыз:

Су ішінде өскен тау,

Су бетінде көшкен тау. (Айсберг)
Түйістіреді көзіңді көзіңе,

Жолықтырады өзіңді-өзіңе. (Айна)


Ешкім ілмеген шымылдық,

Көкжиекте көлбейді.

Бүктеуіңе көнбейді,

Сипауға да келмейді. (Сағым)


Төңкерілмейтін күбі,

Көтерілмейтін күбі.

Шүпілдеп-ақ тұрса да,

Көрінеді түбі. (Құдық)


Тұрады көтеріп

Жеңілі ауырды…

Ғұмыры өтеді

Қарық қып қауымды (Ошақ пен қазан)


Жауып алсам қақпамды,

Орнатамын ақпанды.

Ашық қойсам қақпамды,

Дей бер шілде боп қалды. (Тоңазытқыш)


Ұзын-ұзын, ұзын жіп,

Ұшына шыққан жан бар ма?

Ілби басқан ыбылжып,

Ұшына шықпас жалғанда. (Жол)


Жұмбақтар шешіледі

ІV. Жаңылтпаштар сайысы.

Жүргізуші бала: Ендігі кезекті жаңылтпаштар айтысына берейік. Кәнекей, кім шешен екен! Мықты болсаңдар, жаңылмай қайталай қойыңдар!

Жаңылтпаштар жарысы:

Сең сел емес,

Сел сең емес,

Мен сен емес,

Сен мен емес.


Шағай

Ағай,


Жанат ағайға:

Келгенің жай ма?-десе,

Жанат ағай

Шағай ағайға:

“Анау жаңа Ай ма?”-депті.
Ұшы үшкір ұшқыр үш жебе алдым

Үшеуі де үшкір, ұшқыр деп алдым.


Шұңғыл шұңқыр,

Шұңқыр шұңғыл.


Іске тіл ілесе алады,

Тілге іс ілесе алмайды.

Дән-дәулет,

Дәулет-дән,

Сән-сәулет,

Сәулет-сән.

Сауын бие ұстаған саба ыстайды,

Саба ыстаған сары қымызды

Бабында ұстайды.
Жүргізуші бала: Балалар, өздеріңе аты мәлім ағаларың Т.Байқадамовтың әніне жазылған, ақын атамыздың “Кел, билейік ” әнін қабыл алыңдар.

М. Әлімбаевтың «Кел билейік» өлеңіне жазылған, Т.Байқадамовтың әні орындалады.
V. Ойын.

Жүргізуші қыз: Достар, кезекті ойынға берейік. Сендердің қайсыларың епті, тапқыр әрі жылдам екенсіңдер. Енді соны сынап көрейік. Ендеше, “Ойыншылар” жарысын бастаймыз!
Ойын басталады
Ұшты, ұшты (Халық ойыны ізімен)

Ұшты, ұшты:

Ұзақ ұшты,

Ұшты, ұшты:

Тұзақ ұшты.
Ұшты, ұшты:

Шіркей ұшты.

Ұшты, ұшты:

Шәркей ұшты.


Ұшты, ұшты:

Бұлбұл ұшты.

Ұшты, ұшты:

Шылбыр ұшты.


Ұшты, ұшты:

Мылтық ұшты.

Ұшты, ұшты:

Бүркіт ұшты.


Ұшты, ұшты:

Шымшық ұшты.

Ұшты, ұшты:

Ұршық ұшты.



Ойынды ақын атамыздың ойын-өлеңі бойынша осылайша жалғастыра беруге болады.

VІ. Қарама-қарсы сөздер.

Жүргізуші: Балалар, сендер өте көп біледі екенсіңдер. Дұрыс жауап бергендеріңе рахмет. Ендігі кезек мағынасы қарама-қарсы қызық сөздердікі.
Ыстықта туып та,

Шыдаймыз суыққа.


Ащы терім ақты,

Жеміс өсті тәтті.


Халқың үшін жаның сал:

Қарғыс алма, алғыс ал!


Ақылсыздар ұқпайды:

Аққа қара жұқпайды.


Құштар жандар өмірге

Бас имейді өлімге.


Еңбекшіл болсаң ерінбе,

Ауырдың өзін жеңіл де.


Қорқақты батырға санама,

Жаманды жақынға санама.


VІІ. Логогриф-шарадалар сайысы.

Жүргізуші қыз: Логогриф - шараданың бір түрі. Көбінесе өлеңмен жазылады. Әуелі жұмбақтаған сөзді табу қажет, содан соң әлгі табылған сөзді бір не екі әріп қосып немесе алып тастау арқылы жаңа сөздер құрауға болады. Логогриф ерте заманнан белгілі. Оны құрастырушылар қатарында Цицерон мен Апулей де болған. Мысалы,

Бойыңдағы нәріңмін,

Анық айтсаң-жаныңмын.

Бұның шешімі “Қан”. Одан әрі :

Қоссаң дауыссыз дыбыспын,

Дастарханнан табылдым- деп жұмбақтайды. Балалар, өте қызық емес пе? Ендеше, шешеміз бе?

Балалар: Шешеміз

Мені жұтсаң,

Қуанып,

Тыныс алып тұрасың.



Қоссаң алдан бір әріп,

Маған суды құясың,

Малдарыңды суарып. (Ауа-Науа)
Құясың оған әрқашан

Қымызды мейір қанатын…

Дауыссыз дыбыс жалғасаң,

Сыныпта оқу сағаты (Саба-сабақ)


Өнеге жайын толғасаң,

Сол сөзді еске аласың,

Бір әріп қосып, ойласаң

Сүртінер затты табасың. (Үлгі-сүлгі)


Бастаушы: Осымен Мұзафар атамыздың шығармашылығына арналған сайысымыз аяқталуға жақын.
Кітапханашы: Ал, қымбатты ұландар! Өздеріңмен қоштасатын сәт туды. Бәрің шеттеріңнен алғыр, білімпаз екенсіңдер. Өздеріңе айтарым, ақын-жазушы аталарымыздың өздеріңе арналған кітаптарын көп-көп оқыңдар. Сендердің еліміздің ақылды ұл–қыздары болып өсетіндеріңе сенімдіміз!

М.Әлімбайдың әндері бойынша өткізілетін ән кешінің үлгісі
Ән кешін өткізу үшін үлкен дайындық жасаған жөн. Ең алдымен мәдениет үйі қызметкерлерімен кеңесе отырып, кештің ұйымдастыру барысын анықтап алу қажет. Кітапханашы өз оқырмандары арасынан әнсүйер талантты балаларды осы шараға қатысуларын ұйымдастырады. Сонымен қатар фонетекаңыздағы Мұзафар Әлімбайдың сөзіне жазылған әндердің күйтабағы, немесе таспаға (кассетаға) жазылған әндері болса іріктеп алыңыз.

Осы ән кешін өткізу арқылы жасөспірім оқырмандарымызды М.Әлімбай шығармашылығының жаңа қырымен таныстырып, ақын поэзиясына деген құштарлығын оятады мүмкін. Бұл жерде,әрине, кітапханашының тапқырлығы, ой-қиялының мәуелі жемісі өз міндетін атқармақ.



Ойындар

Түлкі мен қаздар

(Қырғыз ақыны Алықұл Османовтан)



Түлкі:

Қаңқ, қаңқ, қалың қаз!

Қашсаң, пана табылмас!
Қаздар:

Қулықты қой, қу түлкі,

Аузыңды жап, әрі қаш!
Түлкі:

Қаңқ, қаңқ, қалың қаз!

Ұстап жеймін, қарным аш!
Қаздар:

Атай көрме, аш түлкі,

Балапандар арық, аш.

Түлкі:


Мамыр, мамыр, мамыр қаз!

Мамырламай, бері бас!

Қаздар:

Қой, қой, түлкі, сұм түлкі,



Балапандар әлі жас!
Түлкі:

Тыңдамаймын сөзіңді,

Ұстап жеймін, кәне қаш!
Қаздар қашады, түлкі қуалайды. Осы сәтте күшік шыға келеді.
Күшік:

Әуп-әуп, әуп,әуп, аш түлкі,

Қазды күшік алдырмас!

Түлкі:

Арс,арс, арсылдақ,

Қайдан шықтың, арсылдап?!
Күшік:

Қутың-қутың қусың-ақ!

Қуып шығам, қу шұнақ!

Түлкі:


Маған бұлай үруге

Сенің әлі басың жас!


Күшік:

Әуп, әуп, әуп, әуп, аш түлкі,

Күшті болсаң, кел сынас!

Енді түлкі қашады, күшік қуалайды.
Қаздар:

Қаңқ, қаңқ, қалың қаз

Енді саған алдырмас,

Арам ниет аш түлкі,

Бас сауғалап, қаш, түлкі!

(Түлкі қашып құтылады, күшік қаздарды қайтарып алаңға қайта келеді)



Баспалдақ (ойын)

Бізде қызық ойын бар,

Ал, ықылас қойыңдар.

Кәне, тәртіп сақтайық,

Баспалдақтан аттайық.

Қайырмасы:

Баспалдақты басқанда,

Батыл атта, жасқанба!

Ең әуелі балалар тәрбиешіге қосылып, бұл әнді енді екі рет қайталап айтып шығады. Содан кейін ортаға бір бала шығып, екі орындықтың ортасына қойылған баспалдақтың текпішегіне аттап, ән ырғағымен жүріп өтеді. (Баспалдақтың ұзындығы екі метр, көлденеңі 38 сантиметр, текпішектердің арасы 20-25 сантиметр болу керек. Текпішектерді ағаштан жұмырлап жасаған жөн).

Қос аяқтап, қос қолдап,

Біз басайық баспалдақ.

Қызық ойын білеміз,

Паровоз боп жүреміз.


Қайырмасы:

Баспалдақты басқанда,

Батыл атта, жасқанба!

Бір бала басқыштың екі жақ қарғашасына екі аяғын қойып, текпішектерден қолымен ұстап, төрт тағандап, паровоз болып жүріп өтеді.

Өрт сөндіргіш ағадай

Тосқауылға қарамай.

Мұнараның басына

Тез шығамыз асыға.



Қайырмасы:

Баспалдақты басқанда,

Батыл атта, жасқанба!

Көлбеу мұнараның басына балалар басқышпен шығады.

Ойынды қайталап ойнауға болады.



Бұл ойынды М.Әлімбай Ж.Смақовпен бірге жазған.


Театрландырылған қойылымдар
Түлкінің құйрығы неге ұзын?
Қатысушылар: Ертекші, түлкі, қоян

Ертекші:Таңданар нәрсе көп екен:

Бұрында, бұрын, бұрында

Түлкіде құйрық жоқ екен,

Жалған сөз деп те ұғынба.


Құйрықтың мұң боп жоқтығы,

Жылаумен өткен көп күні.

Қашанда, қайда барса да,

Аттаса болды қаншама,

Іздері жерде қалыпты,

Сол үшін түлкі налыпты…


…Жап-жасыл ойпаң-ояңда

Жолыққан түлкі қоянға.

Ұп-ұзын құйрық шұбалған.

Қашқанда қасқыр, жыланнан,

Аяққа болып оралғы,

Бөгейді-ақ екен қоянды…

Қырсық деп хақтың сыйлығын

Қарғайды екен құйрығын.

Қапыда бұта ішінен

Қоянды қолға түсірген.



Сахнаға аңдардың маскасын киген екі бала шығады.

Түлкі тасада тығылып тұрып қоянға тап береді.
Түлкі: (қоянды алқымынан қысып, ашуланып)

Менде жоқ құйрық сенде бар,

Сен кімсің сонша?! Өл де қал!

Жексұрын мына сыңайың:

Құртып-ақ сені тынайын!
Қоян: (жалына)

Қалдыр, жалғыз жанымды!

Сіз-ақ ал осы құйрықты.

(Қоян құйрығын жұлып түлкіге береді. Зорлықшыл түлкі ойланбастан өзіне жалғап алады)

Ертекші:

Қалыпты қоян сымпиып,

Құйрықтың түбі құнтиып.

Айлакер, жауыз, қу бөтен

Сол күннен бастап түлкі екен,

Болыпты ұзын құйрықты,

Болыпты қызыл құйрықты.


Түлкі мен қоян
Қатысушылар: Ертекші, түлкі, қоян
Ертекші:

Тау мен таста жол жүріп,

Аз ғана емес, мол жүріп,

Талма түсте Түлкекең

Келе жатты болдырып.

Жортып жүрген қоянды

Көре сала бұрыштан,

Қулық сезім оянды:

Жата қалды зымыстан.

Бір уыс боп бүрісті,

Түлкі жиі ыңқылдап…

Қоян сырттай жылысты,

Құлақ түре, тың тыңдап.

Түлкі: (ыңырсып)

Қоянжан-ау, қоянжан!

Қашқалақтай жортасың?

Дерт қысқан соң омалған

Менен несін қорқасың?
Қоянжан-ау, қоянжан!

Бала жастан бірге өскен,

Көрші емес пе ек, тоғайдан

Тапқан дәмді бір жескен!!!

Мүшкіл халім!-көрсеңші,

Жатырмын ғой ауырып.

Жақынырақ келсеңші,

Қоштасайық,бауырым!


Қоян: (қулана)

Екі құлақ сөзіңде,

Екі көзім өзіңде.

Деп сұр қоян үн қатты,-

Сұрамап ем кезінде.
Елдің іші ызы-шу:

“Ессіз жүріп, ұшынба,

Түлкі,-дейді,-қызылшыл!…”

Айтшы осы сөз шын ба?


Түлкі: (момақансып)

Үйреншікті жасымнан,

Ғадетімді жасырман:

Ет жемесем екі күн,

Мұң айықпас басымнан…
Қоян: (екі қолын жайып)

Міне, осының жаман ғой!


Түлкі: (жаны ашып)

Біздің тұқым адал ғой,

Жаман мінез үшін де

Қынжылып-ақ жатырмын.

Бір қораның ішінде

Оп-оңай-ақ шатылдым.


Иісі келіп мұрныма

Жас ет пенен жас қанның,

(Қайдан шықты құрғыр,ә!)

Бір тауықты бас салдым.

“Неге ғана жедім деп”,-деп,

Құсқа жаным ашыды.

Еңіредім енді кеп,

Төктім ыстық жасымды…


Қоян:

Жемес бұрын, досым-ай,

Ойласаң ғой осылай!
Түлкі: (ойланғансып)

Тартпадым ба затыма,

Бұл не деген шірікпін:

Дәл сол жерін, қапыда

Ойлауды да ұмыттым…

Қоян:

Ұмытшақ жаман ғой,

Мен де содан қорқамын.

Сақтық керек заман ғой,-

Сол себепті жортамын…

Қалмау үшін күлкіге,

Жоламаймын түлкіге!…

Ертекші:

Алдап соғып “бүлікті”,

Қоян жымға кіріпті

Мұзафар Әлімбаев туралы қанатты сөздер..

Бірнеше буын ақындардың аттарын атасақ, олар: Тоқмағамбетов, Орманов, Тәжібаев… Молдағалиев, Шаңғытбаев, Әлімбаев, Жармағамбетов, Сейітов, Мәмбетов сияқты келісті, талантты ақындарымыз бар. Бұлар–қазақ совет поэзиясының көп ізденіп, өнерленіп өсіп келе жатқан тобы.

Қазақ поэзиясының табыскер талаптылары - осылар.

Мұхтар Әуезов

…Сіздің жалпы поэзияңыздан аңғарылатыны: онда халықтың ізгілігіне суарылған жалынды қуат-күш бар. Сіз халықтың тарихын, тілін де,нақыл сөздерін де жақсы білесіз, дәріптеп жинайсыз, зейініңізге тұтасыз. Мұндай заттың кездейсоқ еместігі әркімге мәлім.

Сіз әлі арыны басылмаған шабыстағы ақынсыз. Бергендеріңізге ризашылық білдіріп, келешегіңізге әлі де көп-көп үміт артамыз. Сіз ақырғы сөзіңізді әлі айтқан жоқсыз. Оны өзіңіз де орынды айтқан секілдісіз:

Ең жақсы өлеңімді,

Мен әлі жазған жоқпын…

Іздеймін керегімді,

Ішінде маздап оттың.

(Ілияс Омаровтың М.Әлімбаевқа жазған хатынан 21 қаңтар, 1973 ж.)


Каталог: userdata -> uploads -> u21
u21 -> Абайтанушы Қайым Мұхаметханұлы
u21 -> Әлия Молдағұлова
u21 -> Ән жанрлары мен мектептері
u21 -> Әуенімен әйгілі әбілқайыр әулеті
u21 -> КӨкбай жанатайұлы (1861-1925)
u21 -> Өтен айгүл жақсылықҚызы кенен Әзірбаевтың әдеби шығармашылығы
u21 -> Ахмет Жұбанов Ахмет Қуанұлы Жұбанов
u21 -> 1. Eр Төстік жер бетіне шыққан соң күресетін жауыздың иесін белгілеңіз
u21 -> Абай Құнанбаевтың педагогикалық көзқарасы (1845-1904) Абай Құнанбаев
u21 -> Мұңайтпасұлы, Қажымұқан


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу