31.10.22.
Дәріс
БАЛАНЫҢ ЖЕКЕ ТҰЛҒАСЫ ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫНДАҒЫ ОБЪЕКТ ЖӘНЕ СУБЪЕКТ РЕТІНДЕ
Мақсаты: Баланың әлуметтік тәжірбиесіндегі қажетті білім, бірлік, дағды. «Мен» тұжырымдамасын ұғынуы.
Жоспары:
1. Білім беру жүйесіндегі жеке тұлғаға бағытталған оқыту технологиясы
2. Білім беру үрдісіндегі объект және субъект ұғымдары
3.Баланың жеке тұлғасы объект және субъект ретінде
Қазіргі үдемелі, индустриялы, жаһандану заманында білім беру жүйесінің мақсат-міндеттері, мазмұны және жас ұрпаққа білім беру мен тәрбиелеудің мазмұны түбегейлі өзгерді. Жаһандану заманындағы барлық қоғамдық жүйенің өзгеруі орай, оның басты нысаны «адам» болғандықтан, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени салалардың басты бағдары мен құндылықтарының өзгеруі, жаңа ғасырда білім беру жүйесінде демократия мен ізгілік ұстанымдарының қалыптасуына ықпал етуде.
Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңында білім беру жүйесінің басты міндеті – «ұлттық және жалпы азаматтық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіптік шыңдауға бағытталған сапалы білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау» екендігі атап көрсетіліп, онда білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттері көзделеді. Интеллектуалды ұлт болу үшін тұлғаның ғылыми, кәсіби, мәдени ақпаратына, білімі және біліктілігіне, психологиялық, моралдық ерекшеліктері мен әлеуметтік ұжымда өзін-өзі ұйымдастыра, басқара алуына баса назар аудару қажеттігі туындап отыр.
Қазіргі кезеңде білім беру жүйесінің міндеттерінің өзгеруіне орай, білім берудің үш тұжырымдамалық үлгісі анықталды. Олар:
пәнге бағытталған білім беру үлгісі;
тұлғаға бағдарланған оқыту үлгісі;
пәндік және тұлғаға бағдарланған оқыту үлгілерінің кіріктірілген түрі–ынтымақтасу үлгісі.
Білім беру парадигмасының өзгеруіне орай, жеке тұлғалық парадигмаға көшу қазіргі білімнің басты тенденцияларының бірі болып саналады. Бұл – технократтық қоғамның дағдарысынан туындаған адам жайлы ойлаудың тереңдігінің көрінісі. Тұлғалық парадигма білімнің мөлшерінің өсуі, ондағы бірсарындылық сияқты құбылыстарды мойындамайды, керісінше ол оқу үдерісіндегі ішкі ізгілікке негізделеді. Осы бағыттағы білім беру жүйесіне дәстүрлі оқыту әдіснамасының сәйкес келмейтіні түсінікті. Өйткені дәстүрлі оқыту негізінен білімдік парадигмаға негізделгендіктен, онда белгілі пәнді оқыту аясындағы әрекеттер арқылы білім алушы түсініктерді, тәжірибелерді меңгеруге тиіс болды. Әрине, бұл жағдайда тұлғаның табиғатына әсер ету мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан оның дербестігі, қайталанбастығы, субъектілігі іске асатын ізгіліктілік әдіснамасының қажеттілігі артады.
Қай ғылым саласын алып қарасақта (педагогика, психология, әлеуметтану, қоғамтану, мәдениеттану т.б.) тұлға мен оның дамуын зерттеуде белгілі бағыттар қалыптасқан. Жеке тұлғаны зерттеудегі мәдени-тарихи бағыттың негізін қалаушы ғалым Л.С.Выготский бірінші болып мінез-құлықты зерделеу кезінде мәдени белгілер жүйесіне бет бұрды. Басқа психологтардың төңіректеп жүрген «сана – мінез-құлық» диадасының орнына ол «сана – мәдениет – мінез-құлық» триадасы бойынша ізденіске зейін қояды. Ғалым күрделі психикалық үдерістерді түсіну үшін олардың тарихын зерттеу керек деп есептеді. Оның пайымдауынша жеке бастық ақыл-ой ретінде, ал әлеуметтік әрекет ретінде көрініс береді.
Белгілі ғалым С.Л.Рубинштейннің айтуынша: «Адамның мінезі оны әрекет субъекті ретінде анықтайтындығын, соның негізінде көптеген шарттарға, тіпті адам өмір сүретін қоғамдық ортаның әдет-ғұрпы мен сол ортада адамның алып отырған қоғамдық орнына да тәуелді темперамент жатқандығына тоқталады да тұлға – жай ғана адам емес, даралық сапалары, нышандары, қабілеттері дамыған, ізденгіш, ойлап табу үшін белсенді ізденуші адам деп тек ұзақ уақытқа созылған өзін-өзі дамыту арқылы қалыптасқан жеке адам ғана осылайша аталуға құқық алады», - деп көрсетеді.
Ал, академик Т.Тәжібаевтың пікірінше: «Тұлға - әлеуметтік қатынастар мен саналы іс-әрекетті жүзеге асырушы, нақты қоғам мүшесі, өзін басқалардан ажырата білетін, өзінің кім екенін түсінетін, есі кірген ересек кісі деген сипаттамаға лайық» деген.
Белгілі психолог Қ.Б.Жарықбаевтың пікірінше: «Тұлға - өзіне де, айналасындағыларға да өзгеріс жасай алатын адамдар».
С.И.Ожегов сөздігінде: «жеке тұлға – адам қандай да бір қасиет, қабілет тасушы» ретінде қарастырылады.
Жеке тұлға атауы екі негізгі бағытта қолданылады: 1) кез келген саналы адам; 2) өзінің психикалық даму үдерісін және мінез-құлық, жүріс-тұрысын басқара алатын қабілетіне сай деңгейдегі психикасы бар адам.
Ал, М.Н.Дьяченко, Л.А.Кандыбовичтің еңбектерінде: «Жеке тұлға – саналы, сөйлеу, шығармашылық қабілеттері бар қоғамдағы табиғи тірі организм - адам» ретінде сипатталады.
Сонымен, жеке тұлғаға бағытталған оқыту технологиясының тірек ұғымы «тұлға» болып табылады. Тұлға - әлеуметтік тіршілік ету әдісі жағынан дара болады, оның мәні индивидтің өзіндік ерекшелігінде, оның өзіндік дүниесін, ерекше өмір жолын белгілейді. Тұлғаның негізгі қызметтерінің бірі - үздіксіз ізденіс, өз өмірлік әрекетінің мәнін негіздеу, оған өзіндік тексеріс жасап тұру.
Сонымен «тұлға болу» феномені – адамның әлеуметтік тұрмысының ерекше түрі, оның әлеуметке бағыттылығы, адамның тіршіліктің ерекше жағдайларына бейімделе алушылығы. Тұлға болуға деген қажеттілік индивидтің әлеуметтік байланыстар жүйесіне белсене араласуын, сонымен қатар оның детерминант болуын туындатады. Тұлға болу феномені адамның әлеуметтік тұрмысының айрықша түрін, оның әлеуметтегі бағдарлануын, адамның өмірлік әрекетінің ерекше жағдайларына өзіндік «бейімделу» реакциясын көрсетеді. Әр кезеңдегі осындай көзқарастар жүйесі мен теориялардан педагогикадағы тұлғалық парадигманың, тұлғаға бағдарланған білім беру идеясының дамуына жол ашылды.
Қазіргі педагогика теориясы мен практикасында бұл саланың дамуына Е.Н.Бондаревская, В.В.Давыдов, М.В.Кларин, А.П.Тряпицина, В.В.Сериков, Г.А.Цукерман, т.б. өз үлестерін қосты. Түрлі зерттеулердің нәтижесіндегі мәселеге білім мен тәрбие беруге тұлғалық амал тұрғысынан келу қалыптасты. Атап айтар болсақ: Білімдегі тұлғалық амал күнделікті, жалпы педагогикалық санада оқытушы мен білім алушының қарым-қатынасының этикалық-гуманистік ұстанымға сәйкестігі ретінде қарастырылады. Гумандылыққа немесе білім алушымен қарым-қатынастағы ізгілікке педагогика ілімінің классиктері – Ж.Ж.Руссо, Л.В.Толстой, М.Монтессори, Ы.Алтынсарин т.б. үндеген болса, қазіргі белгілі педагог-ғалымдар, жаңашыл ұстаздар бұған ынтымақтастық педагогикасы деген атпен ерекше ден қоюда.
Жаңа тұлғалық парадигмаға көшу – қазіргі заманғы білім беру және жалпы қоғамның ХХ ғасырдың аяғындағы педагогикалық сана-сезімінің жетекші беталысы. Көптеген ғасырлар бойы білім беруде үстемдік еткен білімдік-ағартушылық парадигма өз мүмкіндіктерін сарқыды деп есептеудің негізі бар.
Біріншіден, білім көлеміне онда тіпті ең жалпылай бағдар жасау үшін сана жетпейтін болды.
Екіншіден, білім беру қызметінің адамды білімге қанықтыра, толыққанды жүзеге асыра алмайтыны анықталды.
Өмірлік практика танымның кеңдігі мен энциклопедиялылығы адамның өз адами қырындағы білімінің жетіспеушілігімен жеңіл сыйысып отыратынын әлденеше рет көрсетті. Әңгіме, әрине, білімнің «зияны» туралы емес, білімдік парадигманың ойлау стилі ретінде шектеулілігі туралы болып отыр. Білімнің өзі – білім берудің жан-жақты өлшемі екені даусыз, себебі адамның жеке тұлғалық тәжірибесі және оның рефлексиясының басқа да өнімдері ақыр аяғында мүмкін, аздаған басқаша қасиетке ие білім түрінде болатыны белгілі.
Еліміздегі кәсіптік-техникалық оқу орындарының оқытушылары білім беру мен тәрбие үдерісінің көп қырлы мақсаттарын көздей отырып, осындай мемлекеттік құжаттар аясында мұғалім кадрларын әзірлейді. Осы орайда, оқытушылар мен студенттердің тұлғааралық қарым-қатынастарын оқыту үдерісінде қалыптасуын зерттеу әлеуметтік-экономикалық және мәдени дағдарыс жағдайында бірегей көтеріліп отырған өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Жеке тұлғалық парадигмаға көшу – адамның білім алу мен ой-санасының дамуының заңды нәтижесі: дүниені саяз-пәндік игеруді адамның космогенез субъекті ретінде дүние құрылымын терең-мәндік ұғынуының алмастыруы. Жеке тұлғаға бағдарлану – біздің кезіміздегі барлық білім беру жобаларының ортақ белгісі, алайда бұл жеке тұлғаға бағдарлап білім берудің әр түрлі: жеке тұлғалық қатынасты этикалық-гуманистикалық ұстаным (тәрбиеленушіге деген құрмет) ретінде үйреншікті түсінуден «жеке тұлға саласындағы білім берудің» неше түрлі нұсқаларына дейінгі тұжырымдамалары мен модельдерінің болуына кедергілік жасамайды.
Колледжде жеке тұлғаға бағытталған оқыту технологиясы негізінде білім берудің міндеттері:
- білім алушының рухани-адамгершілік, жоғары адами қасиеттерін дамыту;
- жеке тұлға ретінде дамуына қолайлы жағдай жасау;
- білім алушының жеке өзіне тән қасиеттерін ашу, дамыту;
- білім алушының тереңдете білім алуына жағдай жасау, әлемтану, ғылым тану, білімнің әр саласынан хабардар болуына ыңғайлы орта құру;
- білім сапасын арттыру.
Жеке тұлғаға бағытталған білім беруді жүйесі келесі жағдаяттардан тұрады:
1.Жеке тұлға педагогикалық санат ретінде білім беру мен адамның дамуының ерекше саласын бейнелейді және осы мағынада оның ерекше мақсаты ретінде көрініс береді.
2. Адам білім беру үдерісінде білімін қолдану тәжірибесін, танымдық және практикалық есептерді шешу тәсілдерін, шығармашылық тәжірибені меңгеретіні сияқты, ол «жеке тұлға болу», яғни, ерекше жеке тұлғалық қызметтерді таңдай алу, рефлексия жасау, мағынаны анықтау, өзін - өзі өмірде жүзеге асыру, әлеуметтік жауапкершілік, т.б. орындау тәжірибесін де меңгеруі керек. Адамның бұл жеке тұлғалық «әрекет етуі» қандай да бір нақты әрекет болып табылмайды, қайта адамның кез келген басқа әрекетінің өзгеше бір ішкі жоспары сияқты қайсы бір мета әрекет ретінде көрінеді.
Тұлғааралық қарым-қатынас – білім мен тәрбиенің нәтижесі болып қана қоймай, бүгінгі күннің өте маңызды әрі күрделі де ұзақ мерзімді қажет ететін көкейкесті мәселелерінің бірі. Қарым-қатынасқа түспей тұрып жеке адамды толық түсіну, оның адами қасиеттері мен дамып-жетілуін талдау мүмкін емес. Педагогика ғылымының кез келген мәселесі адамдардың жан дүниесімен, қоғам мен әлеуметтік өмірдің сан алуан сырларымен тығыз байланысты.
Мұғалім мен оқушылардың тұлғааралық қарым-қатынастарын оқыту үдерісінде қалыптастыру қажеттілігі мұғалімнің өз пәнін оқыту барысында жеке басының үлгісімен, сонымен қатар пәнді меңгертуде жеке тұлға ретінде өз мүмкіндіктерінің жаңа қырларын танытуға қызықтыру арқылы студенттерге зор ықпал ете алуымен байланысты. Осыған орай, студент оқыту үдерісіндегі басты субъект болғандықтан назардың барлығы оның тұлға ретінде қалыптасып, дамуына аударылады. Осындай сабақтастық қатынасқа қол жеткізу үшін оқытушы мен студенттің тұлғааралық қарым-қатынастарын оқыту үдерісінде қалыптастыруымыз қажет[3;47].
Педагогикалық теория мен іс-тәжірибе оқу үдерісінде мұғалім мен оқушының, оқытушы мен студенттерің арасында белсенді байланыс болуы керек. Мұндай қарым-қатынас оқыту үдерісіне белсенді ұжымдық оқу түрі мен тұлға аралық өзара әсер ету формаларын алып келді. Біржақты, тек мұғалімнің белсенділігін ғана талап ететін «білімді беру, хабарлау» түрінде жүргізіліп келген бұрынғы оқыту түрін үйренушіні өзекті мәселелер жөнінде өз бетімен зерттеу, іздену әрекетіне итермелейтін, белсенді сабақ түріне ауыстыру талап етілді. Ғалымдар оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру мен басқарудың қатаң талаптарынан гөрі дамыта оқыту, белсендіру, проблемалы оқыту, ойындар ұйымдастыру, жеделдетіп оқыту түрлеріне көшудің жолдарын іздестіре бастады. Бұл мәселелер жалпы педагогика мен психологияда, оқыту әдістемесінде, оның ішінде жеке тұлғаға бағытталған оқыту технологиясында өз көрінісін тапты[4;69].
Сонымен, білім беру жүйесіндегі қайта құрудың негізгі бағыты – жеке тұлғаның дамуы. Жеке тұлғаға бағдарланған білім беру – адамның «әлеуметпен» ғана емес, қоршаған ортадағы барлық объективті шындықпен байланысын қалыптастыратын білім беру.
Білім беру саласында жеке тұлғаның коммуникативтік мәдениетін, тұлғааралық қарым-қатынасын қалыптастыру маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Қазіргі қоғамның қарқынды дамуы әлеуметтік, экономикалық құндылықтарды, оның ішінде қарым-қатынас және адам мәдениетінің деңгейін түбегейлі жетілдіруді керек етіп отыр. Әсіресе, әлемдік деңгейде қарым-қатынас мәселелерінің шиеленісіп отырған шағында тұлғааралық қарым-қатынасты ізгілендіру, оны жоғары мәдениеттіліктің деңгейіне көтеру қажеттігі айқындала түсуде.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1. Гин А. «Приемы педагогической техники» М.-2001г.-200с.
2. Кусаинова М.А Личностно-ориентированное обучение: история, теория, технология. – М.: МГУ, 2004.
3. Төрениязова С.М. Жеке тұлғаға бағытталған оқыту жағдайын жүзеге асыру жолдары. Вестник Казахского национального педагогического университета им. Абая, серия «Психологическая». -2010,- №2(23).- 84-88 5. Зимняя И.А. Педагогическая психология: Учеб. пособие. - Ростов н/Д: Изд-во «Феникс», 1997. - 480 с
Достарыңызбен бөлісу: |